🕥 31-minute read
Қызыл жебе-2 - 12
Total number of words is 4033
Total number of unique words is 2251
34.0 of words are in the 2000 most common words
48.0 of words are in the 5000 most common words
55.0 of words are in the 8000 most common words
– Танығанда қандай, Аркаша, мен сені Ташкенттен бірге шыққанда, жол үстінде танығанмын. Білесің бе, қалай? «Айда!» деген айқайыңнан таныдым.
– А-а...
– Жас кезінде-ақ есірік едің, иығыңдағы пагон саған ақыл қоса қоймаса керек. Ал сен мені күйме үстінде танымадың, Аркаша.
Жанында бөтен адамдар, приставтың орынбасары, солдаттар тұрғанда тұтқынның өзімен мұнша рабайсыз сөйлескеніне шамданып, өз мундирінің намысын қорғап, Аркадий Приходько енді сұстана қалды.
– Күйме үстінде танымасам, арада аз күн көрер жарық сәулең бар екен. Енді соңғы сағатың соқты. Сені ана жабайы қандастарың сияқты сұраусыз атып тастай салсам, менің арым таза. Өйткені соғыс жағдайы. Білесің бе сенің қарақшы бауырларыңның қаншасы қолға түскенін? Жүз елу қаралы. Тұтқынға алмай далада атып кете беру керек еді. Бірақ киргиздар енді құтырмас үшін оларды жұрт көретін жерге апарып атамыз. Ал, сені әскери трибунал соттайды. Трибунал басыңнан сипамас. Ату жазасы емес, асу жазасына бұйырады. Мерке базарында, қалың халық алдында асыласың. Оған дейін сенен бізге бір дерек керек. Сенің кәрі серігің, әлгі аты кім еді?
– Ақкөз Қосанов, – деп өлген приставтың орынбасары Теляшкин жалбақтай жауап қатты.
– Иә, сол бізден құтылып кетті. Ол қайда барып паналауы мүмкін? Соны айт! Жақын жолдастары кім? Қай ауыл, қай болыстан? Соны айт! Азап көргің келмесе, айтасың. Айтпасаң, біздің қалай айтқызатынымызды сезетін шығарсың. Ақкөздің мекені қайда? Қай жерді барып паналайды?
– Оны мен қайдан білейін. Оның мекені – кең дала. Осы жердің тау-тасы, әрбір түп қамысы мен қоғасы, әрбір бұтасы – бәрі пана. Жоғары мәртебелі генерал-губернатор Куропаткин мырза Петербургтегі соғыс министріне «Дәл қазір Түркістанға атты әскерлер көп керек... Жаяу әскерді өзім-ақ жасақтап алар едім. Бірақ шексіз далада киргиздармен атты әскерсіз айқасу өте қиын...» деп телеграмма бергенін сен білмеуші ме едің? Қазаққа кең даланың бәрі пана екенін генерал-губернатор біліп отырғанда, оның сеніп жіберген адамы – сен неге білмейсің? Енді бұл далада Ақкөзді іздеу – бір мая шөптің ішінен ине іздеуден де қиын. Сондықтан мені мұндай сұрақ қойып қинама.
Тұрар мына топтың ортасында өзінің беделін қайта-қайта түсіре бергеніне тұлданған офицер ақырып жіберді:
– Сен шпионсың. Генерал-губернатордың депешаларын сен қайдан білесің? Демек, Ташкентте, өлкелік өкіметте сенін сыбайласың отыр. Сенің әрбір тарамысыңды жеке-жеке суырып отырып, сол сырыңды да ашу керек. Жетті әзірге. Әкетіңдер! Мықтап қарауыл қойындар! – деп бұйырды ротмистр өз адамдарына.
– Аркаша, бір сұрағым бар? – Тәкаппарлықпен аттай беріп қолдары қоса шандулы денесімен тұтас бұрылды Тұрар.
Ротмистр тыжырынып қолын бір-ақ сермеді. Айдауылдар Тұрарды итермелей бастады.
– Наташа қайда?
Мұндай сұрақ күтпеген ротмистр көзі ежірейіп, мынау мені мазақ қыла бастады-ау деп жобалап, жынданып кете жаздады. Өзінің жауы мұның туған қарындасының бейнесін кеудесінде жылдар бойы сақтап жүргенін қайдан білсін, басқаша жорыды.
– Сандалма! Топас сұраққа мен жауап бермеймін. Әкетіңдер! – деп жерді бір теуіп қалды.
IV
Меркенің әкімдері ротмистр Приходько мен Тұрардың бұрыннан таныс болып шыққанына түсінісе алмай, дал болыңқырады. Соны байқаған офицер Мерке басшыларының алдында өзінің әлгі құлдыраған беделін қайтадан қалпына келтірмек болып, күпіне сөйлеп кетті.
– Бұл оңай жау емес. Мұның әкесі де оңай жау емес еді. Верныйдан білемін. Әкесі каторгаға кеткен. Біліп қойындар, бұл каторжниктің баласы.
– Так это Киргизбаев! – деп Теляшкин өзінің білімпаздығын көрсетіп қалғысы келді. – Осында бір либерал тергеуші Семашко деген болған. Соның писарі болып жүрген. Бір құрметті болыстың тойында бүлікші Ақкөзге жақтасқан. Да-да! Енді есіме түсе бастады. Міне, күшік! Азуы шыға бастаған.
– Пристав мырза! Қайдағы Киргизбаев? Ол – Рысқұлов. Өзіңіздің иегіңіздің астында өскен большевик. Жалпы, бұл бүліктің Әулие-Ата уезі бойынша әсіресе Меркеде белең алып кеткеніне не себеп? Осыны ойланып көрдіңіз бе, құрметті пристав? Жо-жоқ, орынбасар... Бұған сіз қандай жауап айтар едіңіз? Большевиктер, социал-демократтар ұя салып алып жүрген жоқ па сіздің участокке? Соларға тиімді де, жайлырақ мекен ғой деймін Мерке? Бұған не дер едіңіз? Ертең жоғарғы жақ сізге осындай сауалдар қойып жүрсе, немен түсіндіресіз? Ашықауыздықтың нышандары жоқ па?
Мына жас офицердің өзін тықсыртып бара жатқанына шамданған приставтың орынбасары сол көзі ырбыңдап, мұрты жыбырлап, мойны кительдің жағасына сыймай долырып бара жатты.
– Мәртебелі ротмистр мырза! Мен егде тартқан адаммын. Таяуда бандиттердің қолынан қаза болған Сокольский мырзамен бірге Меркеде он жылдан астам уақыт қызмет істедім. Бірақ бұл уақыт ішінде мен жоғарғы шен тарапынан ешқандай сөгіс естіген емеспін. Сіздің мына күдігіңіз мені қатты жәбірлеп тұр, кешіріңіз, әрине...
– Ендеше шайтан алсын, қатаңырақ болыңыз, ы-ы...
– Теляшкин!
– Теляшкин мырза! Ана қолға түскен киргиздарды дереу жазалаңыз. Бірі қалмасын. Қандай түрде жазалайсыз – өз еркіңіз. Тек өлім!
– Құп болады, ротмистр мырза! Мен таптым. Бұл бандиттер телеграф бағандарын қиратқан. Жолда көрдіңіз ғой. Біздің есебімізше, Меркенің шығысы мен батысында жүзден аса баған құлатылған. Әр бағанға – бір киргиздан құрбандық шаламыз. Жол бойында жатқаны жақсы. Әлгіде өзіңіз айттыңыз ғой, көпшілік көретін жерде жазалансын деп. Ең дұрысы осы. Бұған қалай қарайсыз.
– Ол да дұрыс. Те... Теляшкин. Орындаңыз. Ал бағандар қалпына келтірілсін. Телеграф жұмыс істейтін болсын. Ал ана главарьді қалың базарда дарға асамыз. Ешқандай әскери трибунал жоқ. Трибунал – мына мен! Алдымен одан біршама деректер аламыз. Одан соң...
* * *
Қырғын шалған қыркүйек таңы ызғарлы еді. Тау баурайының түні шілдеде де, тамызда да салқын болады. Ала-көбең, құланиек шағында кешегі майдан даласын мұнар басып, қуарған жүзін мұң кіреукелеп, жаралы алып ыңырсып жатқандай көрінеді. Алатаудың асқарынан не пайда, бауырындағы қанды оқиғаның қаңқиған тілсіз куәсі болып, тырс етпейді. Қазан ұрмай, қар жаумай, жапырағы ерте сарғайған тал-дарақ өрт шалғандай сидаң. Бұл өңірдегі биылғы қуаңшылық – жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқандай, еңсені езіп барады. Қуаң-құрғақшылықта тас шегіртке көп шырылдайды. Құдайдың тірі жәндігі – ол да ашығатын шығар. Қарғалардың қанаты сирек, кешелер жаңбырша жауған оқ бейнебір олардың да қауырсындарын жұлып-жұлып әкеткендей, селдір-селкеу. Бірақ енді қарғалар тойынатын шығар...
Қырғын шалған қыркүйектің таңында Теляшкин тұтқындарды Мерке сыртына алып шықты. Сонан соң оларды екіге бөліп, бір тобын Меркенің батысына, бір тобын шығысына айдатты. Атты әскерлер, урядниктер тұтқындарды сарт-сұрт сабалап, екі жарылып жүріп те кетті.
Бір сұмдықтың болатынын сезген көтерілісшілер екі ұдай бөлінуге ықтиярлы болмай, қайтадан бір-біріне қосылмақ болып анталап көріп еді, тарс-тұрс мылтық атылды да, табан астында екі жақтан да бірнеше адам оққа ұшып құлап түсті.
* * *
Ротмистр Приходько Меркенің шығыс жағына шығуға ұйғарды. Оған бәрібір еді. Екі жақта да «тамаша» бірдей болды. Әйтеуір шығысқа басы ауды.
Ол аз солдаттардың ортасында қалың топтан кейінірек келе жатты. Міне, бірінші құлаған баған. Алдағы қалың топ бұл бірінші бағанның жанына томпайтып қана бір адамды тастап кетіпті. Құлатылған қу қарағай өзінің құны бір азамат екенін сезер емес. Қуанышы да жоқ, реніші де жоқ.
Ротмистрдің астындағы ат құлағы кенет тікшиіп, көзі оқшаң ете қалды да, қорс етіп, жалт берді. Ротмистр өзіне оқ тигендей ұшып түсті. Жанындағы солдаттар үркек атты қарыс ұзатпай ұстап алып, көк мәуіті мундирін топырақ тұтқан офицерді қолтықтап, үсті-басын қағып, қолпаштап, қайтадан ерге қондырды.
Елді үркіту үшін жасалған өлімнен әуелі ротмистрдің астындағы ат шошып еді. Офицердің үсті-басын қанша қаққыласа да, мундирдің бір жауырыны қара дақтанып қалды.
Ат үркіткен өлік беті аспанға қарап, көзі міз бақпай ашық жатыр екен. Аспаннан әлдене іздегендей кірпік қақпай қалған. Екі қолы екі жаққа жайылып кетіпті. Шамасы келсе, сол екі қолды аспанға, көк тәңірге қарай созғысы келетін сияқты. Айта алмай қалған әлдеқандай арызы бар, аузы да әнтек ашық қалыпты. Ол сірә, айқайлап та жатқан шығар, бірақ тірілер оның дауысын естімейтін болар. Аяқтары шұлғаушаң жатыр. Соған қарағанда етігі жарамды болар. Атқандар оның етігін шешіп әкетіпті. Кенет өліктің мұрты жыбырлағандай көрінді ротмистрге. «Мынаны шала өлтіріп кеткен той», – деп қалған офицер жанындағы солдатқа:
– Бар, байқашы, өлген бе, тірі ме? – деді.
Солдат аттан түсіп, жанына бір-бір басып абайлап барды. Жатқан адам ұшып тұрып өзімен алыса кететіндей сескенеді. Ары-бері жұлмалап, аударып көріп:
– Мәртебелі мырза! Қатесі жоқ, мүлт кетірмеген. Дәл жүректен тиген екен, – деді.
Өлік енді бір қырындап, бір қолы астына қайырылып, бір қолымен жерді құшақтап жатты. Тірілер оның аспанға айтатын арызын да аяқтатпай, жүзін төмен қаратып тастады. Енді таңғы самал оның мұртын сипалай алмас. Осыдан бұл бейшара көмілусіз көп күн жатады. Үлпілдек мұрты жидіп түскенше жатады. Елді үркіту, үрейлендіру үшін жатады.
Келесі бағанға жете бергенде, аузы күйген үрлеп ішеді, ротмистр аттың тізгінін қысқарта ұстап, ер үстінде сақ отырды. Баған түбінде етпетінен жатқан адамды көргенде ротмистрдің аты тағы да оқшаң ете қалды. Бірақ солдаттар үркуге шамасын келтірмей жан-жақтан тізгін тұтысты.
Бұл етпетінен түскенің де мына жарық дүниеде бітіре алмай кеткен бір тығыз шаруасы бардай, бір діттеген жеріне қалай да жетуге талпынғандай, екі қолымен топырақ тырмалап, жер бауырлап жылжуға жанталасып жатқан сияқты. Әйтеуір, тырнағы ілінсе, жауын жамбасына ала жығылғысы келгендей ұлы арманның айтылмаған азынауық сарыны бар.
Үшінші бағананың жанындағы көрініс бұрынғы екеуінен өзгешелеу екен. Алдыңғы атылған екеуді көріп, үшінші құрбандық тірілей қарсылық көрсеткен сиқы бар. Өйткені мұның басы денесінен бөлек жатыр екен. Талша мойнынан қылышпен шауып түсіріпті. Киімінің бой-бой болып жыртылып жатқанына қарағанда көп алысқан. Қылыш солдаттарда бола бермейді, оны салақтатып асынып жүретін Теляшкиннің өзі де. Бұл сірә, соның қолтаңбасы. Денесінен бөлінген бас әрірек домалап барып, бетімен өз денесіне қарап түсіпті. Өз денесіне өзі ызаланғандай, жағаласқанда жауға әлі жетпегенін сөгіп тұрғандай, бассыз жатқан тұлғаға қарап, тістеніп қатып қалыпты. Дене мен бастың арасын қайта жалғастырғысы келгендей екі ортаға қарауытып қан атыпты. Алты ай жазға ындыны құрып жатқан топырақ ашқарақтық жасап, жылы қанды лезде жұтып жіберіп, көберсіп те үлгеріпті.
Ротмистр тістенген басқа көп қарап тұруға дәті шыдамай, атты тебініп кеп қалды. Ендігі жолда ол баған бас сайын тоқтағанды қойып, шоқытып ала жөнелді. Бағандар жаққа қарамауға тырысты. Келесі бөрененің тұсынан өтіп бара жатқанын ол астындағы аттың құлағы тікірейе қалғанын сезіп, асау ақалтекеге «но-но!» деп сабыр айтып келеді. Офицердің тілін ала бермейтін үркек айуан кезекті бағанның тұсына жете бергенде оқыс жалт берді де, қанша сақ отырса да Приходько ұшып түсе жаздады. Жанындағы бір солдат оған ат ауыстырып мінейік деп ұсыныс айтты. Айбындырақ көріну үшін ақалтеке лайық еді, бірақ ұдайы қашан тастап кетеді деп қорқып отырғаннан гөрі, қарабайыр болса да, солдаттың атына ауысып мінуді жөн көрді.
Теляшкин тобы ошарылып қалған екен.
– Не тұрыс? – деді мәстек аттан аяғы салаңдаған ротмистр.
Теляшкин ротмистрдің есек мінгендей сықпытын ерсі көрсе де, сыр білдірмей:
– Мәртебелі мырза, құлаған бағандар таусылды. Бұл топтағы жетпіс бес тұтқынның бесеуіне баған жетпей қалды. Не істеу керек? – деді.
– Теляшкин! Соны да менен сұрау керек пе? – деп ротмистр Приходько реніш кейіп танытты. – Не көп – баған көп. Осыдан Пішпекке дейін, Пішпектен Верныйға дейін тізілген баған. Киргиздарды түгел қырсаң да баған табылады. Бесеуі қалса, бесеуін де салбыратып іл де қой! Соны да сөз деп...
Әңгіме осымен тәмәм дегендей ротмистр назары басқа жаққа, сонадайдан көрінген күмбез жаққа ауды.
– Анау не? – деп сұрады ол жанындағылардан.
– Ол Сыпатай дегеннің мавзолейі, мәртебелі мырза. Мерке, Ботбай киргиздардың сондай көсемі болған екен.
– Қалай? Қалай? Спат... Спатаймен... Спартак...
– Сыпатай, мәртебелі мырза, – Теляшкин ротмистр мас емес пе деп бұрынғыдан бетер күдіктене түсті.
– А-а, Спатай, Спатай... Оны мен қайдан есіттім? Ах, шайтан алсын! Кеше де, алдыңғы күні де мына жабайы киргиздар бізге ұдайы «Спатай! Спатай!» – деп ұрандап, тиіскен жоқ па? Әне, мәселе қайда жатыр! Киргиздарды қырамыз, ал ұраны қада береді. Ертең тағы шығады ғой: «Спатай! Спатай!» – деп шиебөріше шуылдап. Айда, солдаттар! Ер соңымнан! – деп ротмистр мәстек атты бүйірінен торс-торс тебініп қалды.
Ұлы жолдың бойында тұрған күмбез жанына келгенде едәуір биік екен. Төрт құлақ күмбез аса сәулетті де емес, бірақ күйген қыштан соққан мазар ашық аспан астында тұрғанына жарты ғасыр өтсе де әлі жап-жаңа сияқты. Жан-жағына отырғызылған тырбық қара ағаштардың бұталарында әлеміш: ақ шүберек, көк шүберек, қызыл, жасыл, сары шүберек – жер дүние халықтарының желбіреген туларындай тербеліп тұр. Жол жаққа қараған жалғыз есіктің ар жағы қап-қараңғы.
Ротмистр Приходько Мысырдағы Сфинкстің алдына келіп тұрған Осман сұлтаны яки Наполеон сияқты. Өзін солай сезінеді. Наполеонға еліктеп, соның әрекетін қайталамақ болды.
– Солдаттар! – деді ол мәстек аттың үстінде шірене түсіп, оң қолын көтеріп,– Күмбезге қарай үш дүркін залп беріп атыңдар!
– Зеңбірекпен атпаса мылтықпен атқан не болады, мәртебелі мырза? – деп қалды жанындағы біреу.
– Шайтан алсын! Сонау Меркеден зеңбірек тартып, әуре болар кез емес, үш дүркін залп беріп көріңдер!
Отыз мылтық істіктері күнге шағылысып, күмбезге қарай шаншыла-шаншыла қалды.
– Ат!
Отыз өңеш бірдей өкіргенде Аспара тауы теңселгендей, қара жер болар-болмас дір-дір етті. Күмбез қыштарының жаңқасы жан-жаққа шашырап барып, бармақтай, бармақтай шұбар іздер қалыпты. Жол жаққа үңірейіп тұрған қараңғы есіктен кенет бір дәу мақұлық қалбаң етіп шыға келгенде, солдаттардың аттары жапырыла, осқырына, пысқырына, шыңғыра жалт беріп талайлары жол үстінде құлап түсті. Тіпті ең жуас деген мәстектің өзі Приходьконы тастап кетті. Ротмистр бағана биік ақалтекеден құлағаннан гөрі бұл жолғысы қаттырақ болды. Есектен құлағаннан гөрі аттан құлаған артық. Есек мініп көрмеген офицер мұны білмесе керек. Оң жақ шекесін киыршық, тастақ жол оңдырмай осып жіберіпті, бетін қан жауып жүре берді.
Жеңімпаздар енді-енді үсті-басын қағып, бет-ауыздарын сипалап жатқанда, біреуі:
– Өзі де жын-перідей екен, – деп күлді.
Үрейленген жұрт оның күлгеніне таң қалып:
– Нені айтасың? – десті.
– Әлгі үкіні айтам.
– Шыннан үкі ме? Мен аруақ па, албасты ма деп қалып ем.
– Мен Сыпатайдың өзі шығар деп ойладым, құдай ақы...
– Осы ойынды қойсақ қайтеді, ротмистр мырза? Қанша дегенмен, өлген адам... Біз өлгендермен соғыспаймыз ғой.
– Ақымақ! Қорқып қалдың ба? – деп ротмистр ақ орамалмен шекесін сүртіп тұрып, жерге бір түкірді. – Бұл Спа... Спатай дегенің өліп жатқанның өзінде тірі киргиздардың талайына татиды. Бұл – ұран ғой! Жауды жеңу үшін, оның жалауын жығып, ұранын жою керек! Жә, мен зеңбірекпен қираттырам. Ал енді кері қайтайық.
* * *
Наполеоннан кейін басы адам, денесі арыстан пішінді Сфинкстің мұрны түсіп, сәңкиіп қалған. Ротмистр Аркадий Приходькодан кейін Сыпатай күмбезінің төбесі қара шешек шалғандай, шұрқ-шұрқ тесік, шұбар ала болып қалды.
Дүние қызық қой. Сол Наполеон топан судың ортасында, Әулие Елена аралында айдауда жүріп өлді. Асқазан рагінен азаппен өлер алдында мүмкін оның көзінің алдында мұрны түсіп, сәңкиген үрейлі Сфинкс жаналғыштай болып тұрған шығар, кім біледі. Наполеонның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал сәңкі пұшық Сфинкс әлі тұр Мысыр шаһарында...
Ротмистр Аркадий Приходько қайтар жолда мұны ойлады ма, ойламады ма – белгісіз. Бірақ жол бойы жақ ашып, тіл қатқан жоқ, әкесі Приходько өлгендей мәстек аттың үстінде түнерді де отырды.
Ол жұрт топырлап тұрған жерде тана басын көтеріп алды. Теляшкин тобы соңғы тұтқынды жайғастырып болып, бұларды күтіп тұр екен. Соңғы тұтқын екі қолы артына байлаулы, екі аяғы да қосақталып таңылған, қарағай бағанның темір құлағына өзінің қам қайыс белдігіне мойнынан ілініп салаңдап қалыпты. Қарағай бағанға асылған адам аса ірі көрінді. Адам өлгеннен кейін бойы ұзарып кетеді деседі, мүмкін рас та шығар, әйтеуір мына тұтқынның аяғы жерге тиер-тимес салбырайды.
Ротмистр салбыраған денеге таяп барып, әлгінің бетіне ұзақ қарады. Тұтқын басы ротмистрге жоғарыдан төніп тұр. Екі ұртын басқан шалғы мұрттың ұшына тұрып қалғандай бір-бір тамшы жылтырайды. Жантәсілім алдында көзінен жас шыққан шығар. Зор денесінде жыртық-жыртық бөз көйлектің сілемі ғана бар. Басы құлаған төсінен тұмар сияқты бірдеңе көрінеді. Ротмистр аласа аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп тұрып, ерден құйрығын көтеріп, әлгі тұмарға үңілді. Алақандай ағаш тұмар ала жіппен әлгі адамның мойнына тағылған екен. Орысша жазуды көріп, ротмистр бұрынғыдан бетер құмарлық қысып, әлгіні оқи бастады. Ағаш тақтаның бетіне сия қаламмен қисық-қисық жазылған сөз:
«Туркестанский край, Аулие-Атинский уезд, Меркенский участок, аул Манрак, Тайлак» деп тұр.
– Маңырақ қайсы? Өртеніп кеткен ауыл емес пе? – деп сұрады ротмистр Теляшкиннен.
– Дәл солай, мәртебелі мырза.
– Ауылда жүріп адасып кетем деп ойлады ма, мұны неге тағып алған?
– Надан киргиз ғой, мәртебелі мырза. Бұл киргиз да солдатқа қара жұмысқа алынатын болған. Егер солдатқа кетсем, керек шығар дегендегісі ғой, сірә. Бұлардың көбісі сөйтеді. Осындағы орыстарға жаздырып алады.
Ротмистр ойланып қалды.
– Демек, бұл солдатқа баруға бір мезгіл пейілді де болған. Бірақ бүлікшілдердің дүрмегіне қосылып кеткен. Кешірім етуге де болатын екен. Бекер дарға асып жібергенсіңдер, Теляшкин!
– Дәл солай, мәртебелі мырза! Бұл өзі осындағы құрметті Кузьмин байдың жалшысы еді. Мұны азғырған сол Кузьминнің екінші жалшысы Пахом Петров деген орыс, майданнан мүгедек болып қайтқан. Соның арбауына түсіп қалды.
– Соны біле тұра, неге өлтірдің иттің баласы?!
– Өзіңіздің әміріңіз бойынша мәртебелі мырза. Бұлардың ақ-қарасын тексеріп жататын сот болған жоқ қой.
– Қысқарт!
– Ал Пахом ит болатын болса, киргиз бүлікшілеріне қосылып кетіп, кеше бізбен соғысты ғой.
– Ол қайда қазір?
– Оққа ұшып өлді, мәртебелі мырза. Мен өзім көрдім. Алғашқы шайқаста. Маңырақ маңында.
– Атама сол қарғыс атқан ауылдың атын!
Ротмистр әлдеқайда, батыс жаққа көз қадап, басын әнтек шайқап, мырс етті.
– Герман соғысында ерлікпен өлудің орнына, елге оралып, бүлікшілерге қосылып, өз қандастарының қолынан оққа ұшу... неткен масқара!
Әйтеуір мырзаға жағымды бірдеңе істесем деген ниетпен Теляшкин ептеп қана:
– Мәртебелі мырза, онда бұл киргизді адам сияқты жерлесек қайтеді? – деп сипақтады, бағанды нұсқап.
– Қажеті жоқ, болары – болды. Тұра берсін.
Осыны айтып ротмистр мәстек аттың тоқ бүйірін торс-торс тебініп қалды.
Жапқан көзден бастап көрген-білгенін айтқан кезде – о дүниеліктердің бәрі-бәрі Тәңірінің өзі бастап, күллі періштелер, әзірейіл, жәбірейілдер селт етпестен ұйып тыңдап, үнсіз тебіреніп, күйзеліп, күңіреніп кетті. Тіпті Тәңірінің де қызыл жиек кәрі көздерінен сора-сора жас парлап, ұзын ақ сақалын жуып ағып жатты.
– Апырай-ай, біздің мұндағы тамұғымыз – жарық дүниедегі сұмдықтарға қарағанда жұмақ екен ғой! – деп тіл қатты бас Әзірейіл.
– Е, бейшара пендем, көрген азап-тозағың басындағы шашыңнан да көп екен. Сен күнәдан пәк, нағыз періштесің, – деді Тәңірі кеуілжірігі жібіп кеткен дәу мұрнын бір тартып қойып. – Қаласаң, осындағы періштелердің бастығы етіп қояйын. Қаласаң, сені тірілтіп, жарық дүниеге қайта жіберейін. Таңдағаныңды ал.
– Жо-жоқ, қайтпаймын! – деп Тайлақ шар-шар етті.
– Сонда қалай? – деп Тәңірі сарсаң, екі қолын екі жаққа жайып жіберді,– «Уа, Тәңірі, тірі қыла гөр, өлтіре көрме!» – деп жарық дүниеден келіп жатқан арыздардан менің құлағым керең болып қалды. Ал сен ғой, қайта тірілгің келмейді.
– Ей, Тәңірі! Жақсылық қылсаң – мен жарық дүниеде жүргенде қайда қалдың! Мен саған сонда жалынбады дейсің бе?! – деп Тайлақ ашына айқайлап жіберді.
Тәңірі қызыл жиек, ақ шел көзін тайқытып, төмен қарады. Аппақ періштелер ұялғаннан қып-қызыл болып кетті. Әзірейіл, Жәбірейілдер өз бастарын өздері тоқпақтап, беттеріне тырнақ салды...
* * *
Мерке приставының тарбиған, жалғыз қабат үлкен қызыл үйі көшенің тау жақ бетінде еді де, түрме соның қарама-қарсысында болатын. Аралары жақын-ақ. Сол түрмеден пристав кеңсесіне қарай келе жатқан үшеуге ары-бері өткен халық қалт тұрып қарай қалысты. Үшеудің алдынғысының қолдары артына байлаулы. Еңсесін биік, басын тік ұстап сұсты келе жатқанына қарағанда ана соңғы екеудің қожайыны екен деп те қаласың. Бірақ сәлден соң оның қолы байлаулы, артындағылардың мылтықтары кезенулі екенін көріп, біріншінің тұтқын екенін, соңғылардың айдауыл екенін аңғарасың. Айдауылдардың бірі – урядник пұшық Обровты Меркенің итіне дейін таниды.
Поштаның торлы терезесінен көшеге қарап тұрған Қабылбек Тұрарды бірден таныды.
– «Атуға алып бара жатпасын!» – деп қорқып қалды.
«Не істеу керек? Тез Ковальге айту керек. Бір тапса, амалын сол табады. Жігіттерге хабарлау қажет. Тұрдалы осында, Мақсұт пен Төребек те осында. Олардың бәрін аралап шығуға жарты күн кетеді. Жұмысты қайтеді? Пошта бастық рұқсат берер ме екен? – Тұрар үшін қорқа тұрса да, оның соншалықты тәкаппар, сабырлы түрін көріп, Қабылбек бір жағынан сүйсініп те қалды. Өзімен бірге оқыған балаларға Тұрар: «Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды» дегенді жиі айтушы еді. «Рас, – деді Қабылбек ішінен қызыққандай болып. – Бұл қаршадайынан түрмеде екен. Біз мұның көргенінің оннан бірін көрдік пе екен... Бірақ батырдың өзі бір оқтық...».
Көше бойы кәдімгідей қараң-құраң көбейіп, күбір-сыбыр әңгіме шыға бастады:
– Мынау Тұрар ғой!
– Кешегі соғысты бастаған осы дейді ғой.
– Жоқ, Ақкөз!
– Осы да бар. Әйтпесе, айдауға ала ма?
– Рас болса, мұның әкесі кәдімгі Рысқұл да қатысты дейді кешегі соғысқа.
– Бекер. Ол қайда, Сібірге айдалып кеткен.
– Ойбай, қашып шығыпты дейді.
– Ақкөздің қолына қосылып, соғысқа қатысыпты.
– Әй, неде болса, әкелі-балалы – екеуі де нағыз ерлер екен. Әкімдердің құйрығын бір бүлк еткізді ғой.
– Ері бар болсын, ел қырғынға ұшырады. Ана үлкен жолдың бойы түгел өлік дейді. Бүлік қой бұл! Өстіп тұрғанда бәлеге қалмайық, қой тарайық...
– Ай, өзі де қасқыр екен, қасқайып бара жатқанын қарашы!
Үркек қауым осылай деп сыбыр-сыбыр сөйлесіп, қипақтап қала берді де, Тұрарды айдауылдар пристав кеңсесіне алып кіріп кетті.
Генерал-губернатор жандармериясының ротмистрі Аркадий Приходько ендігі Тұрардың жүні жығылған шығар деп күткен. Қанша қайсар болсаң да, өлім алдында қобалжымас адам жоқ. Өмірге келген екенсің, анаңның құрсағынан шыр етіп түскен шақтан бастап, барар жолыңның ақыры бір өлім. Оны тірі жанның бәрі біледі және мойындайды. Бірақ сол қаһарлы сәтпен бетпе-бет кездесер шақ, әсіресе, жас азамат үшін аянышты шығар. Ал бірақ табиғат заңын жақсы білетін ақылды адамдар өлімнен қорықпайды деседі. Өйткені олар бұл зауалдың ақиқат екеніне көздері жетеді. Сократқа біреу: «Сізді отыз озбыр өлім жазасына бұйырды», – депті. Сонда Сократ саспастан: «Ал оларды өлімге табиғаттың өзі бұйырып қойған», – деп жауап беріпті. Ажалдың азу тісінде тұрғанның өзінде өлім туралы ойламаудан абзалы жоқ.
Өлген пристав Сокольскийдің креслосында Тұрардың келуін күтіп, шалқайыңқырап, өзін-өзі дүрдитіп отырған ротмистр тұтқын кіріп келгенде еріксіз қопаңдап, орнынан көтеріле берді...
Тұрар ротмистрге қарама-қарсы бір жайдақ табуреткеге отырды. Екеуінің арасын көк мәуіті үлкен шомбал үстел бөліп тұрды. Айдауылдар әрірек шегініп, босаға жақта қатып қалды.
– Ал, енді еркін сөйлесейікші. Біз көріспегелі он жыл болыпты ғой, – деп сөз бастады қайтадан шалқақтаған ротмистр папирос тұтатып, аузын қисайта түтін шығарып болып. – Он жыл ішінде мен гимназия бітірдім, Ташкенттегі кадет корпусын бітірдім. Сонда қызметте қалдым. Ал сен... Егер сол жолы қашып кетпей, біздің үйде жүре бергенінде, мүмкін сен де офицер болып шығар ма едің...
– Жоқ, Аркаша, сенің сүйікті әкең мені діни оқуға дайындаған. Мен мұсылмандарды христиан дініне уағыздайтын миссионер болуым керек еді. Орысша айтқанда оны: «шило – на мыло» дейді.
Аркадий Приходько басын шайқап, қолын ербеңдетіп, түтінді қуалады.
– О да жаман болмас еді. Білесің бе, қазір Ресейде патшадан кейінгі ең мықты адам кім?
– Білемін, – деді Тұрар жұлып алғандай. – Гришка Распутин. Сібірден шыққан поп сымақ. Бірақ сол патшаның өзінен де мықты ма деп қорқамын. Өйткені государь өзі соның айтқанына көніп, айдауында жүретін көрінеді.
– Но-но! Тарта сөйле! Государь сенің ойыншығың емес! – деп Аркадий Приходько лезде өзгере қалды. – Жарайды, ескі достарша біраз әңгімелестік. Енді негізгі мәселеге көшейік. Бірақ ескертемін. Мен бұрынғы «Аркаша» сен бұрынғы «Турарка» емеспіз. Ұлы империяның адал сақшысы мен оның жауы, қарама-қарсы отырғандар. Сондықтан тек ресми сөйлесеміз. Мен сұраймын, ал сен түзу жауап беруге тырыс. Ал сонымен жолдасың Ақ... Ақкөз қайда жасырынып жүруі мүмкін?
– Оны бұрын айтқанмын, қосып-аларым жоқ.
– Так. Қасарысасың. Бірақ біз тіліңді шығара аламыз. Бала емессің, түсінесің ғой.
– Айтарымды – айттым.
Сұрақ қатая, жауап қасарыса түскен сайын босағадағы айдауылдар да ширыға бастаған сияқты.
«Қап!» – десе, «арс!» ете түскелі тұр.
Ротмистр креслодан тұрып, терезе жаққа барып, омырауына қолдарын айқастыра ұстап, біраз тұрды.
Сыртта телеграф сымына қарлығаштар қаз-қатар тізіліп, күн шуақтап отыр екен.
– Сен білесің бе, қолға түскендерді біз қалай жазалағанымызды? – деді ротмистр өкшесімен қалт бұрылып, хром етігінің сірісін сықырлатып.
– Сеземін, – деп Тұрар сазарып қалды.
– Ә, сезесің. Сенін сыбағаң басқаша. Олар қиналмай, оңай опат болды. Бекер сазарма. Ақкөз қайда? Соны айт. Бір. Ташкентте кімдермен байланысың бар? Екі. Осы екі сұраққа қанағаттанарлық жауап берсең – мүмкін, жазаң жеңілденер. Білесің бе, мен сені бала күннен-ақ жек көретінмін. Несін жасырайын. Бірақ табандылығыңа іштей табынатынмын. Табанды болудың да орны бар. Ал табан тірер жерің қалмаған кезде, жазадан құтылудың жолын табу да ақылдылық. Фанатик болу – надандық. Ал сенің көзің ашық қой. Мүмкін, менің сенімен былай бейбіт сөйлесуімнің өзі де сол себепті шығар. Басқа біреу болса...
Офицер өз кеңірдегін ұстап тұрып, үйдің төбесін көрсетті.
– Ұқтың ба? Шыдамның да шегі бар. Сенің сарбаздарыңның біразы баған басында салбырап та қалды. Сарбаздарың тұрмақ, ұраныңа дейін жазаланды.
Тұрар түсінбей, жалт қарады.
– Сарбаздарың шулап айқайлайтын ұран ше? «Спатай! Спатай!» Солдаттар оның күмбезін атқылады.
Тұрар мырс етіп күліп жіберді.
– Өлгендерге де оқ аттық де. Жарайсың, ротмистр. Ал сен білесің бе оның кім екенін? Сенің бұл масқараңды естісе, ұлы мәртебелі государьдың өзі ашулануы мүмкін. Неменеге ақшия қалдың? Жә, ол өткен тасырдың орта шенінде Ресейге осы өлкенің өз еркімен қосылуын жақтап, патшаға хат жазған адам. Ол Черняев отрядымен қол ұстасып, Қоқанға қарсы соғысқан адам. Жеке өзі емес, қалың қол бастап шайқасқан. Кадет корпусын бітірдім, генерал-губернатордың оң қолымын дейсің, ал тарихты білмейсің. Сыпатай күмбезін атқызғанын шатақ болған екен, саған жаным ашиды. Мұныңды білсе...
– Жә-жә, қорқытпа, – деп келімдәрі жегендей ротмистр тыжырынып қалды. – Ол Черняев заманы. Ол кездегі Спатай рөлі дұрыс та шығар. Ал қазір бүлікшілердің ұранына айналған Спатай – патшаның жауы. Мені білім жағынан ақсатпақ болғанша, алдымен логиканы түсініп ал. Сен өзің институт әлі аяқтаған да жоқ көрінесің ғой. Айтпақшы, Ташкентте сені қалай кездестірмегем?
– Кездеспегеніміз жақсы болған. Верныйда көрсеткен қорлығың әлі естен шыққан жоқ.
– Сен кекшілсің, ә? Кекшілдік – ақылдылығының белгісі емес. Бірақ сенен не ақыл күтуге болады. Өлетін бала молаға қарай жүгіреді дегендей, қасарысып отырғаның мынау. Сенерің, сүйенерің жоқ. Дәл осы жерде осы тәлкегің! – Кенет ротмистрдің көзі шыны сияқтанып шақшиып кетті де, Тұрардың астындағы табуретканы теуіп кеп жіберді. Тұрар шалқалай құлап түсті. Айдауылдар айтақ күткен төбеттердей дүрдиісе қалды.
Тұрар артына қайырылып байланған қолдарының шынтағына сүйеніп, ұмтылып-ұмтылып барып, орнынан қайта тұра берген кезде кеңсенің есігі кең ашылды да, сол есікке әрең сыйып Атамырза кіріп келді.
– А-а, Айбаров мырза, мархабат. Таныдыңыз ба, қателеспесем, сіздің «ескі досыңыз» ғой мына тұрған? – деп Аркадий Приходько мысқылдаған болып, Атамырзаға сынай көз тастады. Тұрармен туасы бітіспес жау екенін дәлелдейтін кез осы екенін Атамырза жылдам сезді де:
– Иә, «ескі дос» екеніміз рас, ротмистр мырза, – деп Тұрардың, қасына таяп келіп, кенет шықшыты бұлтылдап, дүрдік еріндері бульдог иттің езуіндей салбырап, ұртынан көбік көрініп, бітіктеу көздері тұнжырап кетті де, құлаштап тұрып, тұтқынның бетін ала періп кеп жіберді. Тұрар тәлтіректеп барып, жуан үстелге тіреліп барып тоқтады. Атамырза тағы ұмтыла бергенде, ротмистр:
– Айбаров! Тым қызбаланбаңыз. Жұдырық жұмсау сіз бен біздің ісіміз емес. Аналар да жетеді, – деп босағада тұрған еңгезердей екі солдатты иегімен нұсқады.
– Жәй, ескі есебім бар, – деді Атамырза алғашқы райынан қайтса да, қалшылдаңқырап тұрып. – Есінде ме, Тұрар, мектептің коридорында мұрнымды қанатқаның?
Тұрар жәй езу тартып күлді де қойды. Жымиған езуінен жылжып қан ата бастаған. Сүртіп тастауға қолы қайырулы. «Жылама, аузым қанады деме, шие жедім де!» – деген қаһарлы үн құлағына тағы келді.
– Ұпай бұлай теңеспейді ғой, Атамырза. Кегіңді сегіз жыл бойы сақтаған екенсің. Бірақ қайтара алмадың. Менің аузым қанаған жоқ. Атамырза, аяймын сені. Ұялмайсың ба, бала кездегі жеген жұдырықты енді ротмистр мырзаға шағынып айтуға!
Атамырза сөзден тосылып, енді тағы да қолын ала ұмтылайын десе, Приходьконың ескертуінен сескеніп, офицерден көмек күткендей жалына қарап еді, ротмистр оның көмейіне тығылып тұрған тілекті ұқты да, солдаттарға иек қағып, белгі берді.
Тамұқ басталды.

You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қызыл жебе-2 - 13
- Parts
- Қызыл жебе-2 - 01
- Қызыл жебе-2 - 02
- Қызыл жебе-2 - 03
- Қызыл жебе-2 - 04
- Қызыл жебе-2 - 05
- Қызыл жебе-2 - 06
- Қызыл жебе-2 - 07
- Қызыл жебе-2 - 08
- Қызыл жебе-2 - 09
- Қызыл жебе-2 - 10
- Қызыл жебе-2 - 11
- Қызыл жебе-2 - 12
- Қызыл жебе-2 - 13
- Қызыл жебе-2 - 14
- Қызыл жебе-2 - 15
- Қызыл жебе-2 - 16
- Қызыл жебе-2 - 17
- Қызыл жебе-2 - 18