🕥 31-minute read

Қатерлі өткел - 14

Total number of words is 3997
Total number of unique words is 2128
38.2 of words are in the 2000 most common words
53.4 of words are in the 5000 most common words
61.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  оңай соқпайды екен...
  Ханшайым Бүркіттің əлі де жылына қоймағанын байқап, шəйнектен
  қалайы күрешкеге толтыра қайнаған қара су құйып берді де:
  — Ішіп көріңізші, бойыңыз жылынар ма екен?..— деп күлімсіреді.—
  Алматыдан бүгін қант-шай əкеледі деп күтіп едік, əлгі шофер машинасына
  бензин тиеп келіпті ғой...— Ол енді сəл дауысын шығарып күлді.— Оқасы
  жоқ, қазір бізге қант-шайдан гөрі бензин керектеу...
  Ханшайым орнынан түрегеліп сыртқа шығып кетті де, қайта оралды.
  Қайдан алғаны белгісіз, алақандай қара нанды ұсынып:
  — Ас пісірушілер жұмысшылардың кешкі тамағын таратуға көпірге
  кеткен екен, қарыныңыз ашқан шығар, күн суық қой,— деді, бөтен еш
  тағам тауып бере алмағанына тағы да қысыла.— Қоректеніңіз.
  Ол бір кез совет халқының алғашқы бесжылдықты торт жылда
  орындамақ болып, өндіріске жалпылай бет бұрған Магнитка, Днепрогэс,
  Беломор каналдары салынып жатқан кез еді. Əлі бірлестік күшке көшпеген
  жеке меншікті ауыл шаруашылығы өндіріске келген миллиондаған жаңа
  жұмысшы тобын азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, жетіспестік əр
  салада да біліне бастаған уақыт. Сондықтан да Бүркіт Ханшайым əкелген
  қара нанға риза болып қалды. Шынында да, кешеден бері нəр татпай, қарны
  əбден ашқан еді. Қайнаған сумен қара нанды жеп болғаннан кейін,
  бағанағыдай емес, бойы да жылына бастады.
  Аздан кейін бұлар жұмыс істеліп жатқан көпір маңына қарай беттеді.Бұл
  кезде жел саябырлап, ай шыққан. Түнгі шытымыр аязбен бірге құлазыған
  тыныштық та келген. Ай сəулесі түскен қыземшек сүйір басты төбелер қара
  көлеңкеленіп алыстан көрінеді. Бүркіт пен Ханшайым қатар келе жатыр.
  Жұмысшылар жататын ағаш барактар мен березент шатырлардан өтіп
  барады. Бұлардың ішінде қыбырлаған бірде-бір жан көзге түспеді.
  Жұрттық бəрі жұмыс басында тəрізді. Бұған таң қалған Бүркіт:
  — Жұмысты түнде де істейсіздер ме?—деп сұрады.
  Ханшайым байсалды жауап қайырды:
  — Қар түспей жоспарды орындауымыз керек. Халық жұмысты күндізтүні істейді. Тамақты да сол арада ішеді, шаршағаны сол жерде ұйықтайды.
  Баракқа келмейді...
  — Бұндай қиындыққа жұрт шыдай ала ма? Астың түрі болса белгілі...
  Ханшайымның дауысы кенет жігерлі шықты.
  — Шыдамасқа амал жоқ, шыдауға тиістіміз. Қарын тоймаса, белбеуді
  бекем буынуымыз керек.
  Бүркіт Ханшайымға жалт бұрылып қарады. Байдың кешегі жалғыз ерке
  қызынан бүгін халық ісіне арналған мұндай жігерлі сөз шыққанына ол таң
  қалғандай. Расында да Бүркіт таңдануда еді. Оған Түрксиб секілді үлкен
  құрылыста жастарды басқаратын Ханшайым тəрізді жаңа заман тудырған
  жаңа адамдардың қалғаны да зор қуаныш... Қазақ жерінде, осындай алып
  құрылыстың болуы да үлкен бақыт!.. Осыны көре тұрып, жаңа өмірге
  құлаш жайған кешегі бай қызын көре тұрып, өзінің осы уақытқа дейін жол
  таба алмай жүргеніне аң-таң. Бұған қандай себеп? Тап жауларының
  əрекеттері ме? Жоқ, жоқ, жаңа жолға біржолата түсем деп жігерлене күресе
  алмаған өзінде де айып бар, өзі де кінəлі.
  Бұлар көп кешікпей жұмыс істеліп жатқан жерге келді. Бүркіт кілт
  тоқтады. Ай сəулесі құйыла түскен ылдида екі-екіден зембіл көтерген,
  жүгіре тəшке айдаған, құмырсқадай қыбырлаған адам. Көк тас пен құмды
  топырақты қажаған шақыр-шұқыр күрек, қайла дауысы. Əр жерде шоқ-шоқ
  боп шашырай жағылған оттар. Əрбір оттың басында жұмыстан əбден
  шаршап келіп құлаған он-он бестен жұмысшы. Бұлар бір-екі сағат
  көздерінің шырымын алып, қайта тұрмақ. Олардың орнына кезектесіп,
  ұйқысы келген басқа жұмысшылар жатады. Осылай үзілмей жұмыс
  істеледі. Тоймаған қарын, ойылған алақан еске алынар емес. Бəрін ғажайып
  еңбек музыкасы билегендей. Бұл — көнетоз, жаман тымақ қалың топтың
  еңбек ерлігі. Бұларды билеген енбек романтикасы. Осы романтика сол бір
  өткен қаһарлы күндерде қалың бұқараны жеңіске шақырған. Кейде аш,
  кейде жалаңаш жүрсе де сол бұқара халық Магнитогорскіні, Днепрогэсті,
  Челябі трактор заводын, Қарағанды, Донбастарды тұрғызған!
  Қазір, адымдайтын экскаватор, жүздеген тонналарды қуыршақтай
  көрмейтін ғажайып жүк көтергіш крандар бар кезде бұл табыстар
  ойыншық көрінуі мүмкін. Ал ол кезде, бұл өнердің бірінің де жоқ кезінде,
  бəрін істеген, алып өндіріс ошақтарын құрған — сом балға мен сом
  білектің күші, халық ерлігі.
  Бүркіт сол түні кезін ілмей шықты. Түн ортасы бола, суық бараққа келіп,
  таң атқанша жұмыс істеді. Таң ата соққан ызғырықтан саусақтары қалам
  ұстауға келмей, екі қолын кезек-кезек қолтығына тығып жылытып,
  қайтадан қағазына үңілді. Ол сол түні, артынан езіне атақ берген, көптен
  бері ойлап жүрген «Темір тұлпар мінген қазақ» деген Түрксиб
  жұмысшыларына арналған жалынды дастанының беттерін жаза бастады...
  Бұл оның жаңа заманды түсінуге ең алғашқы талпынуы еді.
  Бүркіт өлеңін жазып болып, далаға шыққанында күн ұясынан көтеріліп
  қалған екен. Ол контор алдында тұрған Ханшайымды көрді. Жанында
  ерттеулі атын жетектеген бір қарт адам бар. Бүркіт конторға қарай аяңдады.
  Ханшайым амандасып болғаннан кейін, жанындағы ақсақалды көрсетіп:
  — Мына кісі баламды алып кетемін дейді,— деді ол жылармандай
  болып.— Бізге əрбір адамның қазір аса керекті екенін айтсам да
  тыңдамайды. «Баламды босат та босат» деп қоймайды. Слесарь жұмысына
  үйреніп жүр. Мамандық та алып қалды.
  Шал Бүркітті бастық көрді білем, жанына таяй түсті.
  — Шырағым, баламды босатып бер, биыл қалыңдығын алатын жылы
  еді, құдаларым қызымыз бұзылмай тұрғанда алып кетсін деп маза бермей
  жүр...
  Бүркіт шалмен ұзақ сөйлесіп, баласын əкетпейтін етіп көндірдің.
  Ханшайымның: «Бізге əрбір адам керек» деген сөзі себеп болды ма, əлде
  бүкіл жұрт жұмыла жұмыс істеп жатқанда өзінің өлең жазып отыруын ерсі
  көрді ме, шал кеткеннен кейін, ол Ханшайымға:
  — Ханшайым, қалқам,— деді күбірлеп сөйлеп,— кісі жетпей жатса, мен
  де қолыма күрек алып, сапқа тұрайын...
  Ханшайым жалт қарады.
  — О не дегенін.із?!..
  Бүркіт ойлана жауап берді.
  — Менің жұрттан нем артық?.. Сенен нем артық?— Бүркіт түнде
  Ханшайымның да қолына күрек алып, жұмыс істегенін көрген.— Бүкіл
  халық білегін сыбанып еңбек етіп жатқанда, кезге шыққан сүйелдей, менің
  селтиіп бос жүруім ұят секілді.
  — Өлең жазу еңбек емес пе?— Ханшайым оған аяй қарады.— Жоқ,
  Бүркіт аға, сіз құрылысшыларды күрекпен емес, қаламмен қуантыңыз...
  — Күректің қасиетін білмей, қалам жүретін емес. Жаңа поэзия оның
  жаңа тынысын түсінуді талап ететін тəрізді... Мен өмірдің тек сыртқы
  қуанышын түсінген ғана жанмын, бұдан былай қарай оның енбектен
  туатын да қуанышын түсінуге тиістімін. Онысыз, менің поэзияма қанат
  бітпейтініне көзім жетеді...
  Ханшайым қанша айтса да, Бүркіт көнбеді, ақырында барып Ханшайым:
  — Жақсы, жүктің салмақты екенін қары ауырған білер дегендей, бір
  реттен бұныңыз да дұрыс болар, жұмысқа түсіңіз, түсіңіз,— деді.
  Сол күні Бүркіт жұмысқа түсті. Оны қуақы мінезді жас прораб бір
  қарулы жігітпен зембіл көтеруге қойды. Бұнысы оның мүмкін нəзік ойлы
  ақ саусақ ақынды ауыр жұмыста сынағысы келгені болар, Бүркіт қарсылық
  етпеді, өзгелердің күлімсірей қарағанына мəн бермей, серігіне:
  — Қане, жігітім, қимылда,— деп күле зембілдің бір басын ұстады.
  Бірақ өмірінде екі шелек су көтеріп көрмеген қол екі күннен кейін қос
  қары қозғалтпай, алақандары үлбіреп шыға келді. Бір ғажабы, денесі делсал болып шаршағанмен, көңілі көтеріле түсті. Ақырғы жылдары түні бойы
  маза бермейтін уайым ойдан əбден қашқан ұйқысы қайта оралды.
  Жұмыстан қайтып, келе жастыққа басы тиісімен, пыс етіп ұйықтап кететін
  болды. Таңертең тұрғанында құр ғана денесі емес, басы да əбден дем алып
  қалатынына шаттанып, Бүркіттің көңілі күннен-күнге жадырады. Көңілінің
  қайғыдан айрылуы оған шын қуаныш, шын шаттық еді. Енді Бүркітке күн
  де жас кездегідей бұлтсыз ашық тəрізді көрінді, өмір де ауыр зілсіз қуаныш
  үшін жаралған секілденді. Өзгерген жүректе поэзияға деген бір жаңа
  толқын, таңғажайып бір жаңа сезім пайда бола бастады. Оның сөздерінде
  де жаңа теңеулер, өлеңге деген жаңа ұйқастар жиі кездесетін болды.
  Бүркіт осындай халде жүргенінде, бір күні Алматыдан жұмысшылар
  арасында əңгіме, ойын-сауық өткізуге бір топ мəдениет қызметкерлері
  келді. Бүркіт бұл күндерде зембілді тастап, күрек жұмысына түскен.
  Астана уəкілдері қазылып жатқан жыраны аралап жүріп келеді.
  Жандарында: жас прораб, Ханшайым... Олар Бүркіт жұмыс істеп жатқан
  жерге таяғанда бұрылып бөтен жаққа беттеді. Тек біреуі ғана Бүркітке
  туралап жақындады да, тоқтай қалды. Бұл топты басқарып келген Қаражан
  еді. Бүркіт оны көптен бері көрмеген, сол бұрынғы қалпында, үстінде қыры
  сынбаған қара костюм, кіршіксіз, ақ жібек көйлек. Түрі де бұрынғысындай
  тəкəппар, зілді.
  — Жаңа келісіпсің!— деді ол үстіндегі киімі бұл кезде тоза бастаған
  Бүркітке кекете көз тастай.— Өлеңнен күрекке ауысқансың ба?
  — Асықпа, Қаражан,— деді Бүркіт оған тесіле қарап,.— əлі өлеңімді де
  естірсің!..
  Қаражан кілт бұрылып жүріп кетті. Жауының сөзі Бүркітке қанжардай
  қадалды. Сол күні ол кешке таман, үзіліп қалған «Темір тұлпар мінген
  қазақ» деп аталатын дастанына қайта кірісті. Халқына деген махаббаты, өз
  көзімен көрген, өзі үлес қосқан оның сонау қайратты еңбегі поэзиясына
  қорған болғандай, жауына деген ыза, ашу жүрегіне от жаққандай, Бүркітті
  бір жаңа алуан күш биледі. Өн бойында көптен бері үндемей жатып: «Сен
  бұл табысыңды нықтай түс»,— дегеннің қаһарлы дауысын қайтадан
  шығарды...
  Бүркіт қыс бойы осы құрылыс ауданында болып, жазғытұрым
  Ханшайыммен бірге астанаға қайтқанында өзінің осы жаңа дастанының
  алғашқы бөлімін бітіріп ала келді. Бұл оның алғашқы табысы еді. Досының
  еңбегіне Хасен ете қуанып қалды. Оқып шығысымен, өзі басқарып отырған
  баспасөз редакциясына басуға ұсынды. Сөйткенше жаз да шықты. Кітап
  жарық көрмей жатып: «Сен бұл табысыңды нықтай түс»,— деп Хасен
  Бүркітті ертіп, жазғы демалысында өздерінің туған жері — Шығыс
  өлкесіне жүріп кетті.
  Қазір олар кеше поезбен келіп түскен Ақшатыр қаласынан шығып,
  Қоңырайғыр көлінің жағасында отырған елге қарай беттеп келеді. Күн
  түстен ауып кетсе де, шыжыған ыстық. Өткен жылдағыдай емес, биыл
  көктем жауынды-шашынды, жер бетін қалың көгал жапқан. Жұпар иісі
  мұрынды жарады. Көптен бері елге шықпай даланы аңсап қалған Бүркіт
  пен Хасеннің екі көзі жан-жағында.
  Ауатком берген лəшеңке арбада бұлар үш адам. Үшіншісі — үстінде ескі
  шинелі бар, мосқал орыс жігіті. Жеккендері арықтау келген қара мəстек.
  Жүрер алдында берген жемнің күші ме, əлде жаратылысынан мықты
  жылқы ма, жүрісінен бір танбайды, бүлкілдеп желеді де отырады.
  Кең далаға шығысымен-ақ Бүркіттің көңілі көтеріле бастаған. Ал
  қаланың қарасы үзіліп, бетегелі тау қойнауына кірген кезде ол ыңырси өлең
  айтуға да кіріскен. Ат айдаушы «неменеңе жетісіп өлең айтасың» дегендей
  артына бұрылып қарап, жақтырмағандай пішін аңғартты. Бұны байқап
  қалған Хасен, жай отырғанша əңгімемен жол қысқарсын деген оймен:
  — Ағай, атыңыз кім?—деді.
  — Петр... Петр Максимович Дьяков,—деп ат айдаушы күңк ете қалды.
  — Осы жердікісіз бе?
  — Покровкаданмын.
  — Ауаткомде көп болды ма жұмыс істегеніңізге?
  — Былтыр кірдім.
  — Бұрын қандай жұмыста болып едіңіз?
  — Əр түрлі жұмыста... Арбакеш те болдым, кооперативте сауда да
  істедім... Көп жылым əскери қызметте өтіп еді.
  — Одан неге кеттіңіз?
  — Кет деген соң — кеттім...
  Хасен үндемей қалды. Сөзге енді Бүркіт кірісті.
  — Ғафу етіңіз... Егер сұрағанымды айып көрмесеңіз...
  — Неге кет деп айтты демексіз ғой, оны сұрағанның қанша айыбы бар?
  —Ат айдаушы жігіттерге бетін бұра қырын отырды.— Жазығым болған соң
  айтты ғой...
  — Əрине, жазықсыз адамды жұмыстан босатпайтын шығар.
  — Сіз расымен солай ойлайсыз ба?— Ат айдаушы мысқылдай күлді.—
  Ал мен жазықсыздан-жазықсыз босандым-ау деймін...
  — Сөзіңізге түсінбедік...
  — Қазір түсіндірейік,— ат айдаушы божыны бір қолына ұстап, өзі
  бұларға қырып қарап отырды,— бұдан алты жыл бұрын мен ОГПУ-де
  күзет қызметінде солдат болып істейтінмін... Əрине бізге де форма беретін,
  біз де əскери адам болып саналатынбыз. 1 Май мейрамы болады деген күні
  Сережка Кедрин дейтін жолдасымыз екеуміз түнде қойманы күзеттік те,
  ертеңіне демалыс алдық... Екеуміздің де семьямыз Покровкада, бірақ
  жұрттың бəрі тойлап жатқанда, кім бізді онда апарсын. Еш көлік
  табылмады. Ал қолымыз бос, бөтен істейтін шаруамыз жоқ... Күзеттен
  келіп көзіміздің шырымын алғанша, парад та бітіп қалыпты. Не керек,
  уақыт өткізуге Сережка екеуміз ойлап-ойлап, жаңағы өзіміз шыққан қалада
  тұратын сауда жұмысындағы жерлесіміз Толя Зиминдікіне бармақшы
  болдық... Ол бізге бір рет үйін сыртынан көрсеткен, тек пəтер нөмірін
  ұмытып қалыппыз. Қай пəтер екенін сұрастырып тауып алармыз деп,
  гимнастеркемізге ақ жаға тағып, аяғымыздағы етіктерімізді мейлінше
  жылтыратып алып, əлгі үйге келдік... Үшінші қабатқа көтеріліп, бір-екі
  пəтердің есігін тықылдатып көріп едік, ешкім жауап қатпады... Үй нелері
  мейрамдап кеткен тəрізді. Енді не істерімізді білмей тұрғанымызда, бір
  пəтердің есігінен саңылау көрінді. Есікті қағып едік, ешкім шыға қоймады,
  амал жоқ үйге кірдік, жан жоқ ауыз үйі бос тұр. Тағы да «Кім бар?» деп
  дауыстадық, тағы жауап болмады... Сосын «Бұл қалай?» деп тор үйдің
  есігін аша беріп едік. Өзімен кетсін, дəл сізге ұқсаған, тек сəл сізден
  биіктеу, ұзын шашты, өте келбетті бір қазақ жігіті бізді көрді де, ашық
  тұрған терезеге секіріп мінді. «Осы үйді тонауға келген ұры екен» деп,
  екеуміз бірдей «Тоқта!» деп ұмтыла түскенімізде, əлгі жігіт терезеден
  төмен қарай қарғи жөнелді.
  — Иə, иə, сосын?—деді Бүркіт демін əзер алып.
  — ...Сосын не болсын. Үшінші қабаттан құлаған адамның несі қалсын...
  Біз жүгіріп далаға шыққанша, бейшара жан тапсырып та үлгіріпті.— Ат
  айдаушы ақырын күрсінді.— Артынан барып білдік, əлгі адам қазақтың сол
  кездегі белгілі ақыны Ақан деген кісі екен...
  Бүркіт пен Хасенде үн жоқ. Хасен көзінің астымен Бүркітке қарады.
  Ананың қабағы қарс жабылып, басы төмен салбырап кеткен. Ойын да,
  бойын да, бір ауыр қайғы билеп, төмен қарап мықшия түскен. Шынында да
  Бүркіт іштей алай-түлей ауыр жағдайда еді. Өткен күннің қатесінен туған
  өкініш жүрек-бауырын оттай жалап күйдіріп əкетіп барады. Кенет оның көз
  алдына сол күнгі сурет теп-тегіс елестей жөнелді... Ерсілі-қарсылы үйді
  кезіп сұп-сұр болып жүрген Ақан... Мызғымас құлпытастай дөңкиіп
  отырған Əкпар... Қиялында пайда болған ардақты ақынның жанын алуға
  келген ажал — қара құзғын. Бүркіт, əрі қарай ойламаймын деп көзін жұмып
  еді, оның құлағына сол күні қоштасар алдындағы Ақанның «Ал сендер
  болсаңдар жаңа қанаттанған жас түлексіңдер. Шығатын биіктерің басқа. Ол
  үшін қандай жолға түсесіңдер, өздерің ойлаңдар» деген сөзі естілді. Беу,
  Ақан! Өзіңнің қате жолда болып келгеніңді əбден түсінген екенсің ғой.
  Сондықтан да бізге өз жолдарыңды тап деген екенсің ғой. Қалай өсиетіңді
  есіме алмай келгенмін? Жігер осы күнге дейін тірі болғаныңда, екеулеп
  дұрыс жолымызды табады екенбіз ғой! Əттең! Əттең! Совет үкіметінің
  адал ойын дер кезінде дұрыс түсінбегендіктен, қаншама қайғыға, азапқа
  душар болдым. Сен болсаң өліп кеттің. Ал мен, əлі күнге дейін өз орнымды
  өзім таба алмай келемін... Егер Хасен мен Гаврилов болмағанда, мен де
  сенің жолыңды құшар ма едім, қайтер едім. Тек солар құтқарды ғой мені
  ажалдан. Ал сені құтқарар ешкім болмады. Саған ақыл берер жан
  табылмады... Ақырында ол кезде басыңа бəлендей қауіп төнбесе де,
  халқыңа істеген қиянатыңнан қорқып, сен өзіңді-өзің өлтірдің. Иə, ол кезде
  түсінбеген екенмін, енді ұқтым. Сендердің жолың шын қиянат жолы екен.
  Сенің ажалыңды да Совет өкіметінен көрдім Степанович: «Ақанның
  өліміне біз айыпты емеспіз»,— дегеннің өзінде де мен сенбей қойдым ғой.
  Қалай осыншама уақыт ақымақ болып келгенмін!»
  Бүркіттің қалың ойға шомып кеткенін көрген Хасен:
  — Ақан өлімі үшін сіздерді жұмыстан шығарды ма?..— деді ат
  айдаушыға.— Жазықтарыңның жоқтығын дəлелдей алмадыңдар ма?
  — Кісі қаза болып жатқанда ақталу оңайға түспеді ғой.— Ат айдаушы
  шырт түкіріп қойды.— Оның үстіне... «Ақанды өлтірген — Совет өкіметі»
  деген қауесет жаланың жұртшылыққа қате екенін көрсеткісі келді ме,
  əйтеуір тікелей жазығымыз болмаса да, ажалға бізді себепкер деп тауып,
  босатып жіберді.— Енді ол ақырын күрсінді.— Міне көрдіңіз бе, жазықсыз
  адам да кейде жазықты болады, азамат... Адам тағдыры саясаттың
  ойыншығына айналған сəтте оп-оңай жұмыстан да қуыласың, сотталып та
  кетесің...
  — Ал бұл жайды білмеген Ақан өмірмен мүлдем қоштасты,— деді
  Бүркіт ақырын күрсініп.
  — Оған біз айыптымыз ба?
  — Жоқ, сіздер айыпты емессіздер,— деді Бүркіт қамыға сөйлеп,—
  жазығын ақтар жол таба алмаған, берер жауаптан тек өлім арқылы құтылам
  деген ақынның өзі айыпты. Мен бұны бүгін ғана жақсы ұқтым...
  Бұдан кейін бұлар тіл қатыспай ұзақ отырды. Əлден уақытта Бүркіт
  басын көтеріп, жан-жағына көз жіберді. Күн де еңкейіп қалған екен.
  Белесті жазық дала, бағанағыдай емес шатқал, бұйратты өңірге айнала
  бастапты. Батып бара жатқан күн сəулесі жартас басында ойнайды. Бұйрат,
  құздың басыңдағы қатпар-қатпар қызғылт шақпақ тастар алыстан күн түсіп
  қан Қызыл болып көрінеді. Ойда жоқта кенет шын басына шыға келген
  еліктің көлеңкесі ұзара барып, жоқ болады.
  Күн ыстығы басылып, аңызақ жел де тынып, əлем тып-тыныш. Шөп
  басы қимылдамайды. Келе жатқан жолаушылардың да көңілдері дəл осы
  кешкі əлемдей тынышталған тəрізді. Тек Бүркіттің жаны əлі бұлқан-талқан,
  бір ұзақ сарын уайымға шомылып кеткені, кіртие қалған қабағынан,
  тұманданып кеткен көз жанарынан байқалады.
  Жолдасынын мұндай халін көрген Хасен енді оның көңілін сергіткісі
  келді.
  — Дүниеде ен қиын бөгет — ол өз жолыңды таба алмау,— деді анаған
  бұрыла қарап.— Ақан расында үлкен ақын еді, егер халқымен бірге
  болғанда, артына талай-талай өлмес шығарма қалдырар еді. Ал бүгін... Тек
  Ақан деген атты сенімен мен ғана білеміз. Ол тарихта өшкен құл. Бұны
  түсіндің бе, Бүркіт?
  Ойға шомған Бүркіт тағы да үндемей қалды. Бұл кезде қас қарайып,
  ымырт та үйіріле бастады. Жол таудың бір бөктерінен бұрыла бергенде,
  алдарынан кенет ақ айдын Қоңыр айғыр көлі көрінді. Арғы қамысты
  жағасынан шара табақтай боп қызара ай шығып келе жатыр... Ай сəулесі
  көл бетін алыстан жарқыратып тұр.
  — Бері қара, Бүркіт,— деді Хасен оның жеңінен тартып.
  Бүркіт Хасен көрсеткен жаққа бұрылды да, аң-таң боп ілгері қарай
  ұмтыла түсті. Бұлар осы кезде басқа бір биік асуға көтеріліп те үлгірген еді.
  Сол жақтарында, дəл аяқтарының астарында, көл жағасындағы зəулім
  құздар мен жартастардың арасында быжынаған кішкентай шоқтар көрінеді.
  Нағыз бір аспандағы қалың жұлдыздар жерге қулап, бүкіл ылдиды алып
  кеткендей. Алыстан жерде жатқан шоқ секілді болып жылт-жылт етеді...
  — Бұл не? — деді тандана Бүркіт.
  Ат айдаушы жайбарақат жауап берді.
  — Қоңырайғыр руднигі.
  Кенет Бүркіттің көз алдына тағы да сонау бір өтіп кеткен кезен елестей
  қалды. Бұдан алты жыл бұрын болып еді ғой сол уақиға. Əдейілеп
  шақырған соң, Бүркіт Қарымсақ байдың еліне келе жатқан еді ғой. Түнде
  Тəкежан қарттың ауылына қонып шыққан емес пе еді. Таңертең, қыр
  басында тұрғанда, осы жақтан бір жан түршігерлік гүрсіл естіген. Сол бір
  гүрсілді Бүркіт өзіне əдейілеп атқан мылтықтың гүрсілінен кем көрген жоқтын. Астында Қарымсақ байдың көк жорғасы, соңында Əрін деген бай
  үйіне жақын жүрер пысық жігіт, салып ұрып осы қазіргі рудник тұрған
  жерге келген. Мұнда оны Алексей Владимирович деген орыс кен
  зерттеушісі мен инженерлік оқуда жүрген Нұрлан деген жас жігіт
  құшақтарын жайып қарсы алған... Бірақ Бүркіт бұлардан аулақ қашқан... Ал
  енді сол жерде қазір мына рудник тұр. Қорғасын қорытатын завод та
  салынбақ. Бүркіт кенет арбадан секіріп түсіп, жаяу жүрді. Ойын мыңдаған
  сұрақтар басып кетті. Бұл сұрақтар нағыз бір жан-жағынан шулай үріп
  қапқалы келе жатқан топ ит тəрізді, жүрегін дүрсілдетіп, көңілін елеңдете
  жөнелді. «Қайда екен сондағы байға тілектес пысық жігіт Əрін?..
  Қарымсақпен Қытайға өтіп кетті деп еді ғой, қандай күйде жүр екен
  адасқан сорлы?.. Сондағы кен зерттеушілер лагерінде кездескен Нұрлан
  мен сонау бір кішіпейіл орыс инженерлері қазір не істеп жүр екен?.. Тағы
  да кен іздеуде шығар. Нұрлан сол инженерлікпен кеткен тəрізді еді ғой...
  Оның ешбір өлеңін оқыған емеспін. Жас кезінде қай қазақ өлең жазбайды,
  өз жолын тапқан болар... Ал мынау аяғымның астында жатқан сондағы мен
  қорыққан рудник, завод қой». Осындай ойға шомған Бүркіт ылдидағы
  рудниктің дəл төбесінде тұрған дөңнің үстіне қалай шығып кеткендерін
  білмей қалды.
  — Отырыңыз, қазір поселкеге жетеміз,— деді ат айдаушы.
  Бүркіт арбаға мінді. Дегенмен, булар тұрған дөң жантая бітеді екен,
  женіл лəшəңке арба төмен қарай ала жөнелген жоқ, көшір атының басын
  темен қарай тартып, сар желіспен жүріп келеді. Бірінен-бірі темен екі
  белесті өткен кезде, жолаушылар рудник поселкесіне де жетті.
  Тау етегін қуалай, жазық кең аланда көше етіп салынған елуге таяу
  кірпіш барақтар тұр. Бұларды қоршай тігілген көп киіз үйлер, кенеп
  шатырлар. Бірақ бұлар да қазақ ауылындай алқа-қотан емес, жаңағы
  поселкенің көшесімен қатарласа, ұзыннан-ұзақ тігілген. Төменгі
  жақтарында тағы да жыбырлаған электр оттары көрінеді. Бүркіттер кең
  көшені қақ жарып, сонау ылдидағы рудник конторына келе жатыр. Көшені
  бойлап дабырласқан жұрт. Əр жерде жанған от, ошақ үстінде қайнаған
  қазан. Кейбір үйлердің жанына жерге алаша не киіз төсеп тастаған...
  Үстінде жантая жатқан жігіт, не болмаса бес-алтаудан бас қосып
  əңгімелесіп отырған шал, кемпір... Құр поселке деген аты, əйтпесе нағыз
  кешке таманғы қазақ ауылы. Тек иттері аз. жəне үй-үйдің терезелерінен
  жарқыраған электр жарығы көрінеді.
  Кеш тым қапырық, ыстық болғандықтан, жұрт əдеті бойынша далаға
  шығып отырған секілді. Жəне бəрі де қазақ. Бүркіт жан-жағына алма-кезек
  қарап келе жатыр... Əне, ана бір топтың дені жастар, үкілі тақиялы, кестелі
  шəлілі қыз бен келіншектің жандарында жігіттер... Бойжеткеннің əлденені
  айтып сыңғырлай күлгені естіледі. Мына бір шай ішіп отырған топ, сірə,
  бір семья тəрізді, үйме-жүйме болып ынтымақтаса қалған... Анда-санда
  кейбір жарық терезеден орыс адамдарының да бейнесі байқалады. Бірақ
  бұлар аз, бірен-саран. Мынау күбір-күбір сөйлескен сөз, əлдеқалай
  қаттырақ шыққан дауыс, бəрі қазақтікі. Жəне шетінен көңілді, бəрі де осы
  бір кешкі өмірге риза секілді. Əлсін-əлсін жастар күлкісі, не болмаса
  сырнай, домбыра үндері шығады. Бүркіттер конторға таяй бергенде,
  ұзынша келген барактың жанынан бір топ жастың қосылып салған əні
  естілді.
  Тынық кеште, сырнайға қосылып шырқатқан əн қандай тамаша!
  Жолаушылар бар ынталарын салып тыңдай қалды. Сəкеннің «Жас қазақ
  марсельезасы» екен. Бүркіт сонау бір адасып жүрген кездерінде мұндай
  өлеңдерге маңыз бермейтін. Тіпті кейде оларды жат, қазақ жастарын бұрыс
  жолға шақыратын өлең деп түсінетін. Сол өлеңдер қазір қазақ, арасына мол
  тараған. Бұны тек қаладағы оқыған, сана-сезімі өсіп қалған жастар ғана
  емес, ауылдағы қойшы-қолаң, өндіріс орындарындағы жас жұмысшылар да
  айтады.
  Əн ырғағы тағы да көңілді алыстағы бір жарық сəулелі арманға ала
  жөнелді. Ол тағы да жан-жағына қарады.
  Жаңа ауыл, жаңа əн! Бүркіт күлім-күлім етеді. «Расымен-ақ мен
  қателескенмін бе? Мынау əн, мынау өнер қуып келген жұрт, бұл кешегі өз
  баласын өзі малға сатқан бейшара қазақ емес, бұлар бөтен жандар. Мен əлі
  сырын аша алмаған жаңа жандар».
  Көше ұзын екен, өйткенмен көп кешікпей жолаушылар конторға да келіп
  жетті. Арбадан түсіп, үстеріндегі шаңдарын қағып үлгіргендерінше болған
  жоқ, тас баспалдақты контор есігінен бір жастау жігіт жүгіре түсті.
  — Амансыздар ма, Бүркіт аға, Хасен аға,— деп ол жолаушылардың
  қолын алып, шаттана амандаса бастады,— сіз де амансыз ба, Петр
  Максимович,—ат қосшының. да қолын қысып жатыр,—Телеграмма
  ауаткомнан бағана келді, сіздер кешіккенге бөтен жаққа бұрылып кеткен
  шығар деп ойлап қалып едім.
  Жігіттің дауысы Бүркітке таныс секілді, бірақ кім екенін қараңғыда
  айыра алмай тұр.
  — Бері, бері жүріңіздер,— деді ол жолаушылар жайғасып болғаннан
  кейін.— Біздің үй де осында...
  Бұлар үйге таман жүріп, шамның жарығы түсіп тұрған жерге жеткенде
  ғана Бүркіт өздерін ертіп келе жатқан жігіттің баяғы жас кен зерттеуші
  Нұрлан екенін білді. Ұзын бойлы əп-əдемі жігіт болып қалыпты. Өзін-өзі
  ұстаған түрі де, аяқ басысы да сап-салмақты. Бүркіт қуанып кетті.
  — Ау, мынау өзіміздің Нұрлан ғой!—деді не дерін білмей.
  — Иə, Нұрлан... Əлі сен естіген жоқ па едің, осы рудниктің директоры...
  — Хасен Бүркітке таңдана қарады,— мен біледі екен десем...
  Нұрланның үйі контордың бір жағында екен. Жұпыны мүлікті, шағын
  келген үш бөлме. Бір бөлмесінде өзінің кəрі əке-шешесі тұрады екен. Өзі
  əйелі екеуі бір бөлмеде. Үшінші бөлмесін қонақтарға, келер-кетер кісіге
  əдейі дайындап қойған сияқты. Бүркіттер осы бөлмеге кірісімен,
  Нұрланның əке-шешесі, əйелі келіп амандасты. Əйелі жап-жас, қара торы
  арықтау келген келіншек, есіктің алдында сəл тұрды да, шығып кетті.
  Қазақтың үйіне қонақ келсе, көңілінің бір көтеріліп қалатын əдеті емес
  пе, Нұрланның əкесі қоңырқай өңді, үлкен денелі қара шал төрге төселген
  ақ киіздің шетіне отырып, жайдары жүзбен қонақтарына қарады.
  — Ат-көліктерің аман ба, шырақтарым? Танымадым, қай ауылдың
  балаларысыңдар?
  — Алыстан келеміз, отағасы. Алматыданбыз.— Хасен күлімсіреп жауап
  берді.— Түбіміз осы араның Айдаболы боламыз.
  — Ə, өзіміздің ауылдың балалары екенсіңдер ғой. Алматыдан
  шыққандарыңа көп болды ма? Ол жақтағы ел-жұрт аман ба?
  Хасен де шалмен сөйлескісі келгенін білдіріп, ыңғайланып отырды.
  — Шүкіршілік. Алматы астана болғалы құлпырып кетті ғой. Аптасына
  бір үй салынады десек, өтірікші болмаспыз. Ондағы ағайын-туғанның бəрі
  аман. Білекті сыбанып, жұмыс істеп жатқан жұрт... Ал өзіңіз бұл араға
  келгелі көп болды ма? — Жылдан асып кетті ғой деймін,— деді шал, есікке
  таяу отырған ашаң жүзді, ақ сары кемпіріне қарап.— Біз мына Шұбартау
  жағының қазағы боламыз. Мына жалғыз баламыз Нұрлан оқуын бітіріп,
  осында діректр болып сайланысымен, қолына көшіп келдік...
  — Діректр емес, көке, директор...— Нұрлан əкесіне еркелей қарады,—
  жəне мен болыс емеспін ғой, мені ешкім де сайлаған жоқ, үкімет пен
  партия бекітті бұл жұмысқа...
  — Мен де солай деп отырған жоқпын ба? Баяғыда Төлебай байдың
  партиясы жеңіп, ол болыс болған. Енді сенің партияң жеңіп, сен діректр
  болып отырған жоқсың ба?!— Шал қуақылана күлді, енді ол өзінің
  алғашқы ойына қайта кірісті,— Иə, қартайғанда жалғыз баладан бөлек
  тұрып, не қызық көреміз дедік мына Алтынай екеуміз... Сосын көшіп
  келдік. Көшіп келгеніміз сондай дұрыс болған екен. Талай бейшара бұл
  Қоңырайғыр қорғасынының игілігін көрді ғой...
  — Қандай игілігін айтасыз, отағасы?
  — Өткен жылы жұрт осында жаман жоқшылыққа ұрына жаздаған жоқ
  па?..
  — Қалайша?..
  — Надан қазақ қандай өсектен қорықпаған? Алдыңғы жылы жалпылама
  колхоздастыру басталғанда, əлгі «асыра сілтеу болмасын, айыр тұяқ
  қалмасын» дейтін тап дұспандары жұртты не деп қорқытпады? «Колхоз бар
  малыңды, қатын-қызыңды ортаға салады екен. Бір көрпенің астында
  жатып, бір ожаудан ас ішеді екенсің» деп лақап таратқан жоқ па... Біреулері
  білмей сөйлесе, біреулерінікі қастық болып шыққан жоқ па... Мал десе
  жанын қиятын қазақ, боса да өзімнен кетеді екен деп, колхоз болмай
  жатып, ең аяғы жалғыз сиырына дейін қыстыгүні сойып алды ғой. Өзге
  жақты білмеймін, дəл осы өңірде солай болды. Айналайын үкімет қолдан
  келген жақсылығын аяды ма, тайлы-таяқсыз қалған кілең қызыл шақа
  кедейді қыс бойы колхоз етіп ұйымдастырып, жаз бола тұқым беріп, егінге
  шығарды емес пе... Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады дегендей
  жазда бір тамшы жауып болсайшы... Осы өңір бойының қазағы жаман
  састы ғой. Кім біледі, апатқа да ұшырар ма еді, қайтер еді, егер осы Қоңыр
  айғыр қорғасыны ашылмағанда. Уа, елімнің нелер азаматы бар екен-ау,
  Нілді, Екібастұздан келген орыс жұмысшыларынан кейбіреулері бірде-бір
  кем соқпады ғой. Сом балғаны алып, темір қашауды көк тасқа тіреп қойып
  ұрғанда айызы қанады! Тіпті көбі шаршау дегеннің не екенін білмейді!
  Əкесінің сөзін қоштай, Нұрлан осы рудник ашылғаннан бергі екі
  жылдың ішінде қазақтың жүздеген жас жігіттерінің алдыңғы қатарлы
  шахтер болып алғанын, электр тогымен темір кесу, слесарь, токарь
  мамандығын игеріп те үлгірген жастардың да аз емес екенін айта келіп,
  мақтанышты үнмен: «Кешегі қолынан қой бағу ғана келген ауыл
  жігіттерінің бүгін жаңа өнерді меңгере бастағанының өзі бір ғанибет іс
  емес пе»,— деді.
  Бағанадан бері үндемей отырған Бүркіт енді өзінің көптеген ойын ортаға
  салды.
  — Егер колхоз ісінде «асыра сілтеу» болмаса, осыншама өндіріске келер
  ме еді?—деді ол томсара,— халықты бұл араға өнерден гөрі, өмір қуалап
  əкелген тəрізді ғой...
  — Жоқ, Бүркіт аға, олай емес.— Нұрлан қабағын сəл шыта ойлана
  сөйледі.— Көкем айтса, бұл жердің еткен қысылтаяң кезде біраз жұртқа
  пана болған жақсылығын айтып отыр ғой... Ал біздің рудник
  колхоздастырудан жарты жылдай бұрын ашылды. Соның өзінде-ақ жанжақтағы ауылдың жастары қаптап жұмысқа түскен-ді... Жұрттың еңбек
  құмарлығы соншалық тіпті кейде тан қаласың. Əліпті таяқ деп білмейтін
  қазақтың алты айдың ішінде мотор жөндеуді бес саусағындай үйренгендері
  аз емес... Ондай жігіттерді өз көзіңізбен көресіз. Бөтен өндіріс
  
You have read 1 text from Kazakh literature.