🕥 33-minute read

Қан мен тер - 1 - Ымырт - 14

Total number of words is 4349
Total number of unique words is 2183
36.2 of words are in the 2000 most common words
52.8 of words are in the 5000 most common words
61.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  − Не дейді? Қайным - ау, жұдырықтай байталдың несін бөлеміз, Өзім дербес алам, - деп Қарақатын қасында тұрған кісілердің бәрінен қызғанғандай, ала көзімен ата бастады.
  * * *
  − Мөңке аға, енді аттанамыз.
  − Сапарларың оң, болсын, қарақтарым. Құдайым жандарыңа жамандық бермесін.
  − Әумин! - деп Еламан бетін сипады.
  Әзір тұрған жігіттер аттарына мінді. Сойыл - шоқпарларын тақымына басты. Атсыз қалған жігіт те бір кісінің артына мінгесіп ұлы дүрмектің ішінде кетіп бара жатты.
  * * *
  Еламан төбе басында жалғыз отыр. Әлгінде үш жүздей жігітпен осы қоңыр төбенің етегіне кеп тоқтаған-ды. Жорыққа шыққалы бәрі құрсақтанып жүрген жігіттер әлгінде тоқтаған бойда апақ-сапақ ас қамына кіріскен еді, бұл шапанын иығына желең сан төбе басына көтеріліп еді.
  Қазір қас қараяды. Жел тынады. Күндізгі ала шабыр бұлт көк жүзіне қанат жайып тұтасып келеді. Бірақ бұ жолы да жаумай тарқайтын сыңай бар. Еламан өзі отырған төбе басынан төңірекке көз салды. Көп ұзамай күн батты. Қас қарайды. Әр жерден жарқылдап от тұтады. Қараңдаған кісілер. Дабырлаған дауыс. Бастас қатар жігіттер бір жерде әлденеге күлісіп, мәз боп жатса, екінші жерде домбыра тартып, ән салып мәре-сәре. Қайсыбіреу қараңғыда көз жазып қалған жолдасын іздеп:
  − Ербоз!.. Ер - боз! Жігіттер, Ербоз көздеріңе түспеді ме? - деп еді, оған біреу:
  − Көзіме түсті десең, кел, көзімді аш, қара, - деді. Еламан езу тартты: «Ербоз?.. Бізде ондай жігіт бар ма еді? Әлде... кейін қосылған жігіттердің бірі ме? » Көп кісі түңгі оттың төңірегіне жиналыпты. Бір от әлсіреп сөніп бара жатса, басқа жерде басқа бір оттар лапылдап, қызыл жалын қараңғы түннің етегін түріп, төңірек жап-жарық боп кетеді. Сол кезде Еламан от маңында қараңдаған кісілердің тұлғасын көріп, кейбірін түстеп танып қап отыр. Бір рет солардың арасынан Кәленді көрді. Жұрттың бәрінен жотасы асып, айдыны мен айбаты алыстан көзге түседі. Ертеңгі екі талай күн ешқайсысының ойына кіріп шығатын емес. Тоқта, мыналар кім?
  Еламан қараңғыға көз тікті. Бір қора кісі аттарын ақырын бастырып келді де, түңгі отқа мінбелеп тоқтады. Теңіз жағасынан шыққалы төңіректегі ауылдардан талай жігіттер топ-тобымен кеп қосылып жатқан-ды. Еламан мыналардың келген сәтте бірден апақ-сапақ араласып кетпей, ат үстінде тұрып сөйлескен түріне қарап алыстан келген кісілер екенін топшылады. Дабырлаған дауыс арасынан « Ұлықұм» деген сөзді құлағы шалды. «Е - е, Тілеу - Қабақтың жігіттері болды ғой».
  Еламан аттанбай жатып атының дабырайып алысқа кетіп қалғанына таң қалады. Түбі қайтерін кім білсін, алғашқы қадамы әзір сәтті. Ояздан шыққан әскердің Ұлықұм бойын жайлаған жалпақ елдің наразылығын баса алмай, әлі күнге жары жолда шырмалып жатқаны да жақсылық. Сосын бұ да асықпады. Болыс аулына жеткенше қол салмағын әлде де қомақтандыра түскісі келді де, әдейі кедей ауылдардың үстін басып, ақырын жылжып келе жатқан-ды.
  Кәленмен ақылдасып жігіттерді жүздікке бөлді. Әр жүздікке бір- бір кісі белгілеп, ұрыс кезінде басқаруға ыңғайлап алды. Тек, әттең, қару тапшы. Шоқпар, сойылдан басқа кешеден бері қосылған жігіттерде шиті мылтық, шашақты найза, айбалта бар. Кеше бір қарт ұста бұған өзі соққан қылыш сыйлады:
  − Кекке суарылған. Қаратаз түгіл қаратасты шапсақ та қақ айырады, - деп қарт ұста қылышты Еламанның беліне өз қолымен байлап еді.
  Осы күндері Еламан өз басындағы қасіретті де ұмытып кетті. Бұның ықтияр - еркінен тыс басталған осы бір істің ақыры немен тынары белгісіз. Осынша қол жиғасын алда бір шайқастың болары анық, Сонда, бәтір - ау, бұта түбін паналаған торғайдай жер аяғы қияннан кеп жатқан мына сорлылардың ертеңгі күні не болмақ? Құр сойылмен зеңбірекке қалай қарсы шабады?
  Күн өтті ме, қалай? Қос самайдағы көк тамырлар кенет лүпілдеп қатты соғып кетті. Басын ұстап еді, алақан астынан мұздай тер білінді. Күн өтті ме? Тоқта... Әлде ылдида лапылдаған көп оттың қызғылт сәулесіне қадалғасын көзі талды ма екен? Не де болса, әйтеуір, жанарына шоқ түскендей көзі ме, әлде дүниенің өзі ме, қызыл сәуле лыпылдап кетті.
  Еламан есін жиғанша, ту сыртынан ат пысқырды. Іле-шала бір топ аттылы қараңғыда дабырлап сөйлеп кеп, төбе басында жалғыз отырған Еламанға қатарласты.
  − Кімсіңдер?
  − Сүйеу ауылынанбыз...
  Еламан туғалы көрмеген тірі жетім баласын ойлауды да ұмытып кеткен еді, есіне түсті де, әлде реніш, әлде ыза тілін байлағандай, төмен қарап отырып қалды.
  − Сүйеу ауылда ма?
  − Ауылда.
  − Қанша жер?
  − Онша қашық емес. Еламанның сарбаздары...
  − Иә, осы.
  Әлгілер атын ақырын бастырып ұзай берді. Еламан да шекпенінің шалғайын қағып орнынан түрегелді. Еңсе басқан ойдан әлі айыққан жоқ. Ертеңгі күн екіталай. Ертең бұл не болыстың басын алады, не болыс бұның басын алады. Соның алдында, тым құрыса сорлы жетімегін бір көрсе. Бір рет те болса әке құшағына тас қып қысып, мауқын басқысы кеп кетті.
  * * *
  Теңіз жағасындағы бұл оқиға болыс аулына да жеткен-ді. Онсыз да патшаға жігіт бермейміз деген ауылдардың ер - азаматтары атқа мініп, қаруланып жер - жерде ереуілдеп жатқанынан хабардар еді. Бірақ соның бәрінен мыналардың беті қатты екенін жас мырза білді. Басқалардың наразылығы ашу - ызадан артыққа аспайтын. Көбі жаумайтын бұлттай тектен - тек шоғырланып, қалың дүрмекке құр ілесіп жүр. Ат үстінің желігіне елірген қайсы біреулер солдатқа кететінін желеу қып, түн болса айттырып қойған қалыңдығының төсегінің тұсына кеп түйе боп сүйкеніп, жұртты ұйқтатпады. Ал мыналардың беті қатты. Болыс аулының жылқысын қуып әкетті. Бұлар, керек десе, жау алған жылқы соңынан қуғыншы аттандыра алмай шырмалып жатқанда, мыналар, әне, бас-аяғын жиып, бар тобымен түйіліп келеді. Кімнің жетегіне ерерін білмей, елеңдеп отырған елдер жағадан аттанған қолдың осылай қарай келе жатқан хабарына қуанып, әлден дуылдасып жатыр. Жайлаудағы жалпақ елге ертең оның өзі келгенде не болмақ? Бұлардың абызындағы ел ертең іргесін жалаңаштап кетпей ме? Кеше орыс байына қол көтерген Еламан бұлардан айылын жия ма?.. Және бұларға деген бұрынғы кектің үстіне енді Ақбаланың ызасы қосылып, иесіне түсетін бүркіттей қанына қарайып келе жатпасына кім кепіл? «Иесіне түсетін бүркіт...» деді жас мырза ішінен. Аңшылық қыла жүргенде, ол әлі күнге иесіне түскен бүркітті көрген жоқ-ты. Бірақ тас төбеден сегіз найзаны кезеп, суылдап келе жатқан ызалы қыран көз алдына келгенде қол-аяғы мұздап кетті. Есіне алмайын десе де, әлгіден кейін ызалы қыран көз алдынан кетпей қойды. Ояздан шыққан әскер қашан жетеді? Үлгіре ме? Олар жеткенше, теңіз жағасынан шүйлігіп келе жатқан ызалы қыран қанды шеңгелімен бүріп кетпесе не қылсын? Айналасындағы арқа сүйерлерінің сиқы мынау. Апырай, болыс... болыс ағасы не ойлайды? Өздігінен түк әрекет істемей, өлімтігін оязға артып жатып алғаны несі?.. Өткел аузындағы түйедей ілгері баспай, кегежектеп кейін тарта береді.
  Жас мырза бұндайда жұрт көзіне түспеу жағын ойлайтын да, өзіне жаманат келтірмей, пәленің бәрін ағасына ысырып тастап отыратын. Бұл жолы өзі араласпаса болыс ағасынан қайран жоғын білді де, тез іске кірісті. Күндіз-түні үй көрмей шапқылап, біреуді айбарымен ықтырса, біреуге бетінің ажарын салып, әп-сәтте жүз қаралы жігіт жиып алды. Жас мырза бұнан кейін де байыз таппай, тапа тал түсте бәйге күреңді қан сорпа ғып болыс ағасының аулына шауып келді.
  − Ал, не бітірдің? - деді Құдайменде.
  Ағасымен оңаша сөйлескісі келген мырза есік алдында отырған малайға иек қақты.
  − Бар, атты суарып кел!
  Малай ата жөнелді. Оңаша үйде өздері қалғасын жас мырза әңгімесін енді бастағалы оқтала бергенде сыртта жүрген қатын-қалаш у-шу болды да қалды. Сүйткенше Арал маңының әдеттегі алаяқ құйыны лап беріп, үй ішін әп-сәтте ұйқы-тұйқы қылды. Бұлардың қасында ойнап отырған кішкентай қыз бала шар етті.
  − Әй, кім бар? - деді Құдайменде сыртқа дауыстап. - Алып кетіңдер мына заржақты.
  Ішке Ақбала кірді. Басқадан бұрын көзі әуелі күйеуіне түсті. Бірақ үлкен алдында әдеп сақтап, онан көзін тайдыра берді. Ішке аттап кіре бере сұлу бойын сәл иіп, болыс қайнағасына сәлем етті де, баланың жанына тізе бүкті.
  − Көзіңе құм түсті ме?
  − И-ие...
  − Сен жылама. Жақсы балалар жыламайды, - деп жас баланы алдарқатып отырды да, аппақ таза орамалдың шетімен көзіне түскен топырақты қағып тастады.
  Ақбала балаларға онша иліге қоймайтын. Осы ауылға келін боп түскелі Тәңірберген де оның әлі күнге бір балаға иіліп, маңдайынан сипағанын көрген емес-ті. Сол келіншектің енді жылаған баланы соншалық бір аналық мейіріммен бауырына қысып отырып, теп-тез жұбатып ала қойғанына қайран. «Әлде өзінің баласы есіне түсті ме екен? Солай шығар -ау?» Үйішіндегі бір жанға көз салмай сызыла басып сыртқа шығып бара жатқан келіншегін бұл жаңа көргендей, аңыра қарап қалған-ды. Соны байқаған Құдайменде жақтырмай, інісіне көз қиығын қырыстана тастады. «Осы ит, қатынжанды болатын ба, қалай?» - деп ойлады да, наразы дауыспен дүңк етті.
  − Кәне, не бітіріп қайттың?
  − Осы... Сүйеу қарттың аулы... мына келе жатқандардың жолында емес пе?
  − Ие, жолында... Ал, болса қайте - туң?
  − Аз ғана бұрулау емес пе еді?
  − Ие, бұрулау... - Тәңірберген шұғыл жадырады:
  − Е, сүйтіп, теңіз жағасынан шыққан көкжал қанды ауыз қақпанның дәл үстінен туралап келеді де...
  − Пай - пай, сенің осы бір жұмбағың бітпей - ақ қойды - ау. Сонда не қыла - туң?
  Тәңірберген көңілденіп, орнынан күлімсірей түрегелді.
  − Болыс аға, ол ғой Сүйеу қарттың қолындағы баласын туғалы көрген жоқ.
  − Ал, сонда не бола - туң?
  − Құдай біледі, осы жолы ол баласына қалай да соғады.
  − Ал, соқсын... Сонда не бола - туң?
  − Ағасы, біз алдын ала Сүйеу қарттың аулына кісі жібереміз. Енді түсіндің бе?
  − Қой, жарқыным, самсаған сары қолмен келе жатқан жоқ па? Сенің кісілерің оған бұйым боп па? Қырады да тастайды.
  − Жоқ, ағасы. Бір бұру жатқан Сүйеудің аулына ол барса, екі не үш кісімен барады. Бүкіл қолды ертіп қайтсін?!
  − Апыр - ай, ә?! Міне, бұның жаны бар. Ал, кімді жібересің?
  Тәңірберген о жағын да ойластырып қойған екен. Дереу Ебейсінді шақырып алды. Ептеп қоқжия бастаған Ебейсін қазір Тәңірбергеннің тілін бірде алса, бірде болмашы сылтаумен бұлдана қалатын боп жүрген-ді. Тәңірберген мына іске басқа кісіден гөрі Ебейсінді дұрыс көрді. Ел ішінен жүн-жұрқа жиған кісі боп, елеусіз жүре алады. Оның келген-кеткенінен ешкім сезіктене қоймайтын болғасын, осы араға Ебейсінді салды. Әйелінің ағасы тізімге іліккелі Ебейсін осы күндері болысқа күні түсіп жүрген-ді.
  − Жарайды, мырза, өтінішіңді орындайын. Өзің де менің өтінішімді... - дей бергенде Тәңірберген:
  − Мақұл! Уәде осы болсын, - деп алақанын алақанына шарт еткізіп соғып қалды.
  Ебейсін қасына екі кісі алды. Екеуі де күреске түсіп жүрген палуан. Ебейсін атқа мініп, ана екеуі қант, шай, өрік, мейіз артқан түйеге мінгесіп, тайрақтатып желіп отырып, күн барында Сүйеу қарттың аулына жетті.
  Сүйеу қарттың аулы оты, суы мол шұқырда отыр екен. Ер-азаматы Еламанға қосылып, ауылда тек бала-шаға, кемпір-шал қапты. Бұнда келгесін Ебейсін өзінің дағдылы кәсібіне кірісіп, жұрттың тері-терсегін шай - шекерге айырбастай бастады. Ауылдағы қатын-қалашты қақпай - соқпайлап безбеннен ұтып жүріп көз қиығын Сүйеудің үйінен айырмады. Кешке қарай, кісі аяғы басылғасын Ебейсін өздері түскен үйдің ірге жағын түргізіп қойды. Сыртқа кіріп-шыға бергеннен гөрі іште отырып іргеден бақылаған дұрыс.
  Ел орынға отырған кезде екі-үш аттылы дыбыс шығармай, ақырын кеп, Сүйеу қарттың үйіне түсті. Аттарын белдеуге байлап, жан-жағына көз тастап шықты да сып етіп ішке кірді.
  − Дайындалыңдар, - деді Ебейсін.
  Еңгезердей екі жігіт мылтығын ұстай түрегелді. «Қарсыласса атыңдар», - деген Тәңірбергеннен пәрмен болған-ды.
  Еламан шам жақпай, от жарығының сәулесімен отырған үйге сәлем беріп кіріп келгенде Сүйеу қарт ақ кірпігін серпіп қалды:
  − Ә!.. Ә, келдің бе?
  − Жасаған Ием - ау... мынау Еламан ба?.. Алда, қарағым - ай!..
  Кемпір қалбалақтап сасып, көзіне жас алып жүріп төрге төсек жайды. Сүйеу қарт қасына тақымдаса отырған жігітке көзінің қиығын тастады да, тез тартып алды.
  − Е - е, естіп жатырмыз. Бұрын қара борбай балықшы едің, енді қол бастап келе жатырған көрінесің. Дабылың бізге де жетіп жатыр. Біз де естіп жатырмыз.
  − Әй, ата - ай, қайбір қарық болғаннан істеді дейсің?.. Ел басына күн туғасын үйде жата алмадық.
  − Жә!.. Жә, Құдай беттеріңнен жарылқасын! - Еламан үй ішіне шыдамсыздана көз тастады. Сүйеу қарт оны байқаса да сыр бермей, шыдаммен сыздап бақты.
  − Сорлы бала... науқастан шықпайды, - деді кемпір. Өзін әзер ұстап отырған Еламан қалай атып тұрғанын байқамады. Жер төсекте жатқан балаға жетіп барса да, жерден көтеріп алатындай қолын созып ұмтыла түсті де, іркіліп тұрып қалды.
  − Жаңа ғана көзі ілініп еді, - деді кемпір оятпағанын тәуір көріп.
  Қатал шал да үй ішін қыбырсыз бағып қапты. Оның алдында осалдығын көрсеткісі келмеген Еламан баланы қолына алуға бата алмай, жер төсектің жанында жүрелеп отыр. Көрпе астында кішкентай кеудесі көтеріліп - басылып, өкпесі сыр - сыр етеді... «Құлыным... сорлы балам...» Есіттіріп айтты ма, әлде ішінен айтты ма, оны білген жоқ. Демі жетпей бара жатқасын ерні дірілдеп, тоқтап қалды. Бірақ осыдан артық өзін ұстай алмай, баланы құшақтай алды. Жас сорғалаған бетін баланың алаулаған ыстық денесіне басып, бауырына қысты. Бала көзін ашты да, қайта жұмды. Еламан күйіп - жанып жатқан баланы қалай тастап кетерін білмеді. Тым құрыса сорлы баланың титтей жанын шырқыратқан ауыр дертті бөліп көтере алмағанына қиналып тұрғанда әлденеге үй алдында ұйқы-тұйқы бір қимыл болды. Еламан ес жиям дегенше ішке баса-көктеп біреу кірді де, соңындағы еңгезердей екі жігітке:
  − Байлаңдар! - деді.
  Екі жігіт тап берем дегенше кемпір жүгіріп барып, Еламанның қолынан баланы алды. Еламан есін жиям дегенше болмай, Ебейсін мен әлгі еңгезердей екеу оны орнынан тұрғызбай, отырған жерінде бас салып, қолын қайырып артына байлады да, сыртқа сүйреп ала жөнелді. Сүйеу жүгіріп барып, есіктің алдына қолын керіп тұра қалды.
  − Уа, қара бет!.. Қара бет!.. Менің өлігімнің үстінен... - Ебейсін қалш-қалш етіп жолын бөгеп тұрып алған шалды бір түйіп құлатты да, үстінен аттап өтті.
  * * *
  Болыс үйі лық толы. Құдайменде төрде. Осы елдің игі жақсылары оның оңы мен солын ала, қаң жарыла отырыпты. Жиын ішінде Тәңірберген мен Таңқы Мұрын Торшолақ бала бар. Ішке сәлем беріп кірген Ебейсінге елден бұрын Тәңірберген жалт қарады. Көзінде шыдамсыз сұрақ. Бірақ Ебейсін оны аңғармаған кісідей, көзін төмен салып сылбыр басып жас мырзаның жанына отырды.
  − Иә?
  − Ұстадым.
  − Қайда?
  − Сыртта.
  − Қашып кетпесін.
  Ебейсіннің көнмен қаптағандай тобарсыған бетіне күлкі тепсінді.
  − Ішке кіргізейін бе?
  Тәңірберген басын изеді. Бірақ Ебейсін орнынан тұрып, сылбыр басып есікке бара бергенде, осы ісінің қате болғанын ойлады. Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылудың осы арада өзіне лайықсыздау болғанын кештеу ұқты. Жұрт су сепкендей тына қап, жаңа Ебейсін шығып кеткен есіктің қайта ашылғанын күтіп қыбыр етпей отырған-ды. Сүйткенше болмай, ішке екі жігіт Еламанды екі жағынан итеріп кіргізді. Есікке көлденеңін беріп бір қырын отырған мырза үстіне кірген тұтқынға тура қарамай, көзінің қиығын ғана тастады. Тұтқынның қолын қайырып, қыл арқанмен байлапты. Басы да жарылған ба, қалай, оң жақ шекесінің тұсынан бөрік астынан жосылып аққан қан самайына жете бере қара түйірленіп ұйып қалған екен. Бет-аузы қан. Теңіз жағасынан көп қолды бастап келе жатқан әлгі бір иесіне түсетін ызалы қыран... Тәңірберген мырс етті.
  − Алып кет!
  Екі жігіт Еламанды екі жағынан тырп еткізбей, сығып ұстап тұрған-ды. Мырзадан әмір болған бойда олар тағы да тұтқынның бетін сыртына қарай күшпен бұрып, сүйрей жөнелді. Осыған дейін қару қылмаған Еламан есікке барған жерде табан тіреп тұра қалды. Екі аяғын шіреніп басып тұрып, төрде отырғандардың ішінен көзін тек Тәңірбергенге қадады:
  − Әй, түлкі... - деді ақырып, қатты дауыстап, - осы жолы қолыңнан келгеніңді аяма, істеп қал. Айтып қояйын, дүние кезек. Соңыра менің қолыма сен түссең, теріңді соймай сыпырып алам, - деп соңғы сөзін айқайлап, сыртқа шығып бара жатқанда айтты. Үй толы кісілер бір- біріне көз салмай, төмен қарап қапты. Жалғыз жас мырза өзінің бағанағы бір қырын отырған күйінде нығыз қалпын сақтап қозғалмады.
  − Мына кісілер сусап кеткен болар. Қымыз әкеліңдер! - Малай жігіт жүгіре жөнеліп еді, Тәңірберген соңынан іле дауыстады:
  − Осы үйдің қатындары қайда? Қымыз құйып бермей ме?!
  Бәйбіше көрші ауылға қонаққа кеткен-ді. Малай жігіт үлкен үйге іргесін тақап тіккен жас отауға жүгіріп барды. Сүріне-қабына табалдырықтан аттады да, бірақ үй ортасында қос қолын көкірегіне қысып, құп-қу боп тұрған Ақбаланы көргенде ақырып қалды.
  − Жжееңеш...
  Өз даусын өзі әзер естіді. Ақбала қыбыр етпеді. Жас жігіттің жасқаншақтап шыққан даусы түгіл, үйде кім бар, кім жоғын да сезбейтін сияқты. Жаңа малай жігіт келердің алдында осы күндері есінен шықпай қойған әке - шеше қолындағы баласын ойлап, өзінен-өзі жүдеп отыр еді. Құдайменде мен Тәңірбергенге күн демей, түн демей, ат ізін құрғатпай ағылып жататын кісі - қара осы қазір де қауқылдасып жатқан үлкен үйден кенет әлдекімнің аңырған даусы шыққанда Ақбала дір еткен-ді. Неге бүйткенін білген жоқ-ты. Бар білгені, кім де болса, мынау өзіне өте-мөте таныс дауыс. Және... Және, Құдай-ау, мынау ызалы жанның даусы ғой. Не дегенін есіткен жоқ. Тек ар жағынан зығыры қайнап шыққан жалғыз ауыз сөзді құлағы шалғанда орнынан қалай атып тұрғанын білмей қалды. Түлкі. бүйдеп бұл өңірде мырзаны тек бір адам... бір- ақ адам айтатын! Және оны басқа емес, жалғыз сол ғана айтатыны есіне түскенде Ақбала қараптан - қарап қол - аяғы мұздап кетті. Дәл соның үстіне малай бала келіп еді.
  − Жжееңеше, сізді ммы - ы...
  Ақбала мынаның не деп тұрғанын аңғармай, оған сұрақты кескінде үнсіз бұрылды.
  − Мырза шақырып жатыр.
  Мынаның не деп тұрғаны Ақбаланың санасына енді жетті. Ақбала өзінің қырсық шалдың қызы екенін әрқашан осындайда сезінетін. Құдды әкесі сияқты бұның да бір сәтте ызалы мысқыл бетіне шауып, сыртына шығармай ішінен мырс етті. Сосын аяғының басына түскен ақ көйлектің етегін алдыңғы жағынан көтеріп, сыртқа ұмтылды. Желегі басынан түспеген жас келіннің кім көрінгенге иіліп - бүгілетін әдеттегі ибалылықты жиып қойды да, үлкен үйдегілердің үстіне ақ жібек көйлектің етегі дүркіреп кіріп келді. Тізесін бүгіп сәлем еткен жоқ. Кірген бойда есік алдына тұра қап төр жаққа көз тастап еді. Бірақ үй толы кісілердің арасынан әлгінде мыналарға ақырған ызалы жанды көре алмай сәл ыңғайсызданып қалды.
  Екі көзін әйелінен айырмай отырған Тәңірберген: «Мына атаңа нәлетке не көрінген? Есі дұрыс па? » - деп ойлады да, назарын басқа жаққа аударды.
  − Ебейсін жігіт екен. Енді жаңағы кәпірдің кезін тезірек құрту керек, - деді Құдайменде. Тәңірберген ағасының сөзін жақтырмай, «осының келеңсіздігінен - ақ өліп болдым - ау», -деді ішінен.
  Қымыз ішіліп болғасын жас мырза әйеліне кете бер деді. Әңгіме тұтамай, үлкендер жағы бір-бірінің қас-қабағын бағып күрмеле түсті. Құдайменде көптен көңілсіз. Ел ішінде наразылық етек алып барады. Байлар баласын бермеді. Басында бақ, бетінде ажары бар кісілер болыс аулын басып жатыр. Ағайын-тумалар, жекжаттар, ертеректе қыз алып, қыз беріскен ілік-шатыстар көбейіп, «қара орманымды алсаң да, жалғыз балама тие көрме», -деп қолқа салушылар жүргізбей қойды. Қабырға болысына түскен жігіт саны толмай, бір жағынан ана жақта ояз жанын алып барады. Жақында ояздан Таңқы Мұрын Торшолақ; бала келді. Онсыз да терісі тарылып жүрген кісіге кешеден бері о да таскенедей жабысып, дігерлеп бітті.
  − Еламанды мықты күзетпен дереу қалаға жөнелту керек, - деді Таңқы Мұрын Торшолақ бала. Бұл болса Еламанды бір кісінің санағына іліктіріп, солдаттыққа жіберетін боп өз ішінен байлам жасап қойған-ды. Құдайменде біраз үнсіз отырды да: «Бұған сен қалай қарайсың?» - дегендей көзінің астымен інісіне қарап еді, Тәңірберген мақұлдап басын изеді. Торшолақ бала өзеуреп шыға келді:
  − Мырза, оның жөні жоқ. Кісі өлтірген қылмысты адамды Сібірге... - дей бергенде, Тәңірберген қолын бір сілтеді.
  − Сібірді қой. Сібірің әлгі бір байы сабап қуып жіберген қатындардың төркін жұртына тұрақтамай қайтып келе беретініндей бірдеңе ғой.
  Төрде отырған екі кісі - екеуі де осы елдің жуаны еді, жымың етіп, бірін-бірі түртіп қалды. Үй ішіндегілердің ықыласы өзіне ауғанын байқаған мырза енді еркін сөйледі.
  − Оны солдаттыққа айдаған дұрыс. Ажалдың аузына түсіп көрсін, аман қайтқанын көрейін.
  − Мырза, ол заңға жатпайды. Ертең ояз начальнигі біліп қалса...
  − Қой әрі! Қазақтың ішінде не боп жатқанын орыс қайдан білсін?!
  Торшолақ бала мырс етті. Сосын арт жақтан бір жастықты өзіне тартып, жұмарлап қолтығына басып алды да, тер алдына көлбеп қисая кетті. Тәңірберген бұл тұста да өзінің дегені болатынын білгесін жылтыр қара мұртын сипап отыр. Ертеден бері үй иесінің ыңғайын бағып, үнсіз отырған кісілер осыдан кейін жадырап сала берді. Үй іші енді райлана бастағанда аузы жеңіл біреу желпініп сөзге кіріспек болғанда, мырза жекіріп тыйып тастады:
  − Желігетін ештеңе жоқ. Ауыл әлі қатерде. Менің тілімді алсаң, болыс аға, жау басшысыз қалды. Енді қолда бар жігіттерді қаруландырып, қапысын тап та бұйқұт соқ!
  Құдайменде бұған орай тіс ашып түк демей, қасындағы кісілерді бастап тысқа шықты.
  * * *
  Бала әлсіреді. Соны байқаса да Сүйеу қарт қақшиып алған қалпынан қозғалмай, жүзін сыртқа беріп отыр. Кемпір оған жасқаншақтай көз тастады:
  − Ay, иманын үйірмейсің бе?
  − Иман? Анасында иман жоқ, бұнда қайдан иман болады?
  − Астафиралла... Жазықсыз сәбиге...
  − Тәйт!.. Тәйт әрі! - деп Сүйеу ақ көйлектің жеңін ашумен сілікті де, тысқа шығып кетті.
  Көптен бері үй іргесінде күнсіп жатқан ер-тоқымын арқалап, қалталақтап басып, түнде тұсап жіберген атына барды. Қызының анада Тәңірбергенге қатын үстіне шыққанын есіткенде, бұл қатты ширығып: «Шіріген жұмыртқа! Ана жатырынан ұшынып туған қыз. Сайқал!» - деген еді де, тыйылған еді. Сонан бері бір жанға тіс жарып тіл қатпай, өз күйігіне өзі өртеніп қалған-ды. Ол үйден неге шыққанын білген жоқ. Қайда баратынын да ойламады. Бір қырдың астында жайылып жүрген атын ерттеп міне сала тебініп шаба жөнелді. Бір-екі қырдан асқасын ат басын тартты.
  Сүйеу аз қыдыратын. Үй жағалап жүріп, ет жеген кісілерге жыны түсіп, сыртынан боқтап отыратын. Осы жолы ол жаз жайлауда отырған қырдағы ауылдың біріне қонып, біріне түстеніп, ел жағалап жүріп қалды. Бұрын да аз сөзді қария бұ жолы, тіпті, тұйық. Сөзге зауықсыз. Қонған, түстенген жерінде тамақ ішіп те жарыған жоқ. Сүйтіп қаңғалақтап жүріп, бір күні ол Ожар Оспанның үйіне түсті. Оспанның Шалқар шаһарынан келіп отырған беті екен. Ана жолы қыз үшін қырғын салып, балықшы ауылдың бір жігіті қаза тапқаннан бері бұның басына бұлт үйіріліп, қалада түрмеде жатқан-ды. Істің түбі насырға шауып бара жатқасын ұлықты паралап, әке-көкелеп әзер босанып шыққан беті екен. Мықтап жүдепті. Тар қапастың тауқыметін тартса да, бірақ әлі сағы сынбаған. Аман-есен аулына кеп, өзін әлдеқандай көретін ағайын-тумасына қауышқасын кешегі кіріптар күні есінен тарс шығып кеткен. Алакөз алаң - құлаң, есіріп екі иығын жұлып жеп отыр.
  Шалдар жағы:
  − Оспан қарағым, ояздың да алдында болыпсың ғой? - деп еді.
  Оспан:
  − Ой, ояздың енесін с...! Болса қайтеді, о да өзіміздей адам емес пе?! - деп екіленіп, көтеріле түсті де, тағы бір көпшікті тақымының астына басып алды. - Ау, қайығым желге өрлеп тұрғанда, тәйірі, неден тайынайын?! Тартынбадым. Өзекті жанға бір өлім. Көзді тарс жұмдым да ояздың қаһарына өзімнің ақ көздігімді қарсы алып, періп кеп кетейін.
  − Е, бәсе! Тусаң ту - ай! Ой, ер - ай!
  − Ал, қызық. Сонан не болды?
  − Не болсын? Ұлық ақ жал арыстан болса, мен енді соның алдында бота тірсектеніп маймақтап тұрар деп пе едің? Ұлықтың ашуына атаң қазақтың ақ кәздігін салып, тура ұмтылсаң, не ез басың қалады, не оның басын аласың. Екінің бірі...
  − Паһ! Паһ!.. Әй, жаса! Тусаң ту!
  Сүйеу қарт шайға қарамай, тұрды да жүре берді. Есік алдында самауыр қайнатып жатқан қараторы келіншекке қатарласа берді де, қалт етіп тұра қалды. Келіншек от тұтамай, түтін бықсыған самауырдың тасасына бетін көлегейлеп ақырын амандасты.
  − Е! Е - е! - деп Сүйеу аяғаны, әлде кекеткені белгісіз, аққұйқа басын изеп-изеп қойды.-Райға да құрық түсті. Құрығы ұзын ғой бұлардың! Құрығы ұзын! Құрығы ұзын!
  Келіншектің иілген басы жерге тиюге аз-ақ тұр. Көзін жапқан кірпік арасынан бір түйір жас үзіліп кетті. Сүйеу қарт ұзағасын да «е - е» деп бірдеңені міңгірлеп кетіп бара жатты. Ожар Оспаннан кейін араға тағы да бір күн салып түске салым үйге жетті. Терең сайды іргелей орналасқан аз ғана ауылдың сырт жағындағы жапырық қара төбе басында көне қорым бар еді. Сүйеу қарт ат басын әуелі соған бұрды. Жетер - жетпесте аттан түсті де, құбыла бетке тізе бүкті. Құран оқыды. Сосын қол таянып орнынан тұрды. Моланы аралап шықты. Әлденені іздегендей, жан-жағына жалтақ - жұлтақ қараса да, бірақ жас қабір көзіне түсе қоймады.
  − Е, бақ! Е- е, бақ!
  Қол-аяғы дірілдеп барады. «Е, бақ! Е, бақ!» Атына мінер жерде үзеңгіге аяғын сұға алмай, біраз әбігер болды. Сонан кейін де өмірде істемеген әдетін істеп, үйге жеткенше шыдамай, арық атты борбайлап, дүсірлетіп шауып келді. Кемпір сыртқа жүгіріп шықты.
  − Ақырын. Есің дұрыс па?.. Оятасың ғой. Көзі жаңа ғана ілініп еді.
  Сүйеу қарт кемпіріне көз салған жоқ. Ішке кіргесін де үй ішіне рай бермей, сыртын суытып, қақ төрге қазықтай шаншылып отырып алды. Бала жатқан жаққа қасақана назар салмай, бармағындағы кек бұйра насыбайды екі танауына кезек апарып, көзі жасаурап, беті жыбырлап, ашық күнде ашу шақырып, өзінің әдеттегі ажарын қайта тауыпты. Шалының жайына сырмінез кемпір миығынан күлді де, қара мосы мен қара шәйнекті алып сыртқа шығып кетті. Кемпір есіктен шыққан бойда Сүйеу қарт лып етіп орнынан тұрып, кереуетке созылды. Қос шекедегі кек тамырлар білеуленіп, бүлк-бүлк соғып жатқан әлжуаз балаға еміреніп:
  − Ой, күшік! Ой, жаман неме! Жанының сірісін. Күшік!.. - деді. Бірақ сырттан тықыр шыққасын босаңсып бара жатқан бет өңін бір лезде билеп алды.
  * * *
  Жазғы таң сары қабақтан сыз беріп, алыс-жақын енді-енді бедерін бере бастаған шақ еді. Кеше ақ пен қызыл арасында Еламанның жасағы тоқтаған боз төбенің баурайына салт атты біреу тасырлатып шауып келді. Қара тер аттан қарғып түсті. Қатты дауыстап Кәленді сұрады. Түні бойы әне-міне келіп қалар деп Еламанды күткен Кәлен таң алдында ғана мызғып кеткен-ді. «Бұл кім болды екен? » - деп ойлап, қолына ұстай түрегелген шекпеннің жеңін асығыс кие берді.
  − Бүл қайсысың?
  − Сүйекең жіберді.
  − Жайшылық па?
  − Еламаннан айырылып қалдық.
  − Не дейді?
  − Тәңірбергеннің жігіттері ұстап әкетті. - Кәлен есін тез жиды.
  − Аттан!
  Сергек жатқан жігіттер атып-атып тұрды. Бәрі де бір пәле күткендей, шылбырдың бір ұшын қолында ұстап жатқан-ды. Бір лезде апыр-жапыр атқа қонып, сойыл-шоқпарын өңгеріп әзір тұр. Кәлен олардың бас-аяғына асығыс көз тастады, тақым астында тыныш тұрған торы атты тебініп қалды. Сіңірлі мықты ат салған жерден соңында мың сан тұяқ дүбірлеген қалың дүрмектің оң бойы алдына түсіп алды да, бауырын керіп сыдырып отырды. Ертеңгі салқынмен біраз жер өндіріп тастаса да, шілде айының ыстық күні лезде қайнап кетті. Түнгі салқында қырдың көк жусанына керелеп алған тоң аттар әрі - берідесін барлығып қалған еді.
  Болыс аулы біраз жер. Кәлен айқас алдында аттардың терін басып, тынықтырып алу керек екенін білсе де, бір жерге аялдап тоқтаған жоқ. Ат үстінің желігін бәсеңсітпегені дұрыс. Қайта, осылай жас жігіттердің күш-жігері бойында тұрғанда болыс аулына аңға түскен қырандай, қапылыста бұйқұт тигенді оң көріп еді. Сиыр сәскеде бұлардың алдынан дүрлігіп көгпіп келе жатқан ауыл кездесті. Қалың қол Қаражалға шыға-шыға келгенде, көш бойындағы қатын, бала у-шу болды. Кәлен ат басын іркіп тұрып қалды. У- шу боп жатқан көштің соңында, сонау көз жетпейтін кең жазықта қара құрым қаптаған мал. Сол жақтан қапсағай бойлы ұзын қара жігіт бастаған алпыс шақты кісі құйындатып шауып келді.
  − Кәлен аға, ассалаумалейкум!
  Кәлен бір көрген кісісін ұмытпайтын. «Ағалап» жатқан мына жігітті қанша ойласа да есіне түсіре алмады. Қапсағай бойлы жігіт салған жерден салдырлап сөйлей бастады: биыл жаз басында көгі қалың кең жазыққа қатар қонған үш ауыл малын өріске бірге шығарып, қыз-бозбала бірге күліп-ойнап, қаннен-қаперсіз отырғанда ел басына келген мына нәубет бұлардың да шырқын бұзыпты. Үш ауылдың ақсақалдары әрі-бері ақылдасқасын патшаға жігіт бермейміз деп, өзара ауыз біріктіріп, тас- түйін боп отыр екен. Бүгін азанда бұларға оқшау хабар жеткен бойда үш ауыл аяқ астынан дүрлігіпті. Мынау олардың үйлерін асығыс жығып үркіп көшіп келе жатқан беті екен.
  − Жолдарың болсын! - деді Кәлен.
  − Әлей болсын! - деді қапсағай қара. - Панаңды бер, Кәлен аға. Ендігі жерде не көрсек те сендермен бірге көреміз.
  Кәлен адам - қараның басы қосылғанын жөн көрсе де, бірақ мыналардың соңына ерген қатын - баланың аяққа оралғы боларын ойлады. Кәлен қапсағай қарамен ақылдасты да, екі жақ боп байлау жасап, бала-шағалы, ию - қию көш әзірше теңіз жағасын сағалай тұрсын деген пәтуамен ілгері жөнелтіп жіберді.
  Кәлен оң бойы алда. Желсіз ауа бүгін тіпті қапырық. Тас төбеге кеп шақырайып тұрып алған күн жер-дүниенің апшысын қуырып барады. Суыт жүрген қалың көпірдің тұяғынан ұшқан шаң әрі - берідесін жүрісті ауырлатып, аттар жиі - жиі пысқыра бастады. Соған қарамастан бұлар ұзақ жолды суыт жүріспен өндіріп алғысы келді де, қара жусанды қатқыл даланы дүбірлетіп сыдырды да отырды.
  − Құдық алыс па? - деді Кәлен.
  − Енді қашық емес, - деді қапсағай қара.
  Қара бұжыр Кәленнің бетіндегі түктер дала шаңдағымен бозғылданып ұзара түскен.
  − Қаратаз аулы отырған жердің бергі жағында терең сай болушы еді ғой? - деді ол.
  − Иә, бар, бар.
  Деуін десе де, бірақ Кәленнің ар жақ ойын аңғара алмай, атын тебініп Кәленнің атымен қатарласа бере оған көлденеңнен көз тастады:
  − Кәлен аға, қолыңа тізгінімізбен бірге тірлігімізді де беріп отырмыз. Сен бастасаң, осы жігіттер отқа түсуге әзір. Тек не істесең де алдын ала бізге айтып... бұрынғылар айтқан ғой, ақылдасып пішкен тон...
  − Тон? Ол қай тон?
  
You have read 1 text from Kazakh literature.