🕥 33-minute read
Қан мен тер - 1 - Ымырт - 07
Total number of words is 4273
Total number of unique words is 2321
35.1 of words are in the 2000 most common words
50.1 of words are in the 5000 most common words
58.6 of words are in the 8000 most common words
Сәске түс еді, қаладан қайтқан кірешілерге ілесіп Рай келді. Әбден жүдепті. Үсті - басы ебіл - себіл. Мойнына қиып салған қылмысы болмағасын біраз ұстапты да, қамаудан босатыпты. Анада мұзға ыққанда екі бетінің ұшы суыққа шалдығып үсіген еді. Түрмеде емдемей, беті қара қотырланып, ұсқыны қашып кеткен екен. Қарт әже оны даусынан таныды.
─ Қоңыр қозым, ботам, келші! Келші бермен!- деді құшағын ашып.
Рай шайдан кейін Ақбалаға барды. Жеңгесі баладан кейін өзіне - өзі келе алмапты. Бұрын үйде де, түзде де бойын сәндеп күтіп жүретін әйелдің үстіндегі киімдері де иініне қалай болса солай, олпы - солпы іліне салыпты. От жанбай, ызғып тұрған үй көңілсіз екен. Ақбала орнынан ақырын тұрды, ақырын қозғалып төрге төсек салды.
─ Аман - есен оралдың ба?
─ Шүкір...
─ Ағаң аман ба? Бізге... не айтты?
Рай өзін ұстайын десе де, көзінде мөлтілдеген жастан қысылып, сырт айнала берді. Жым -жырт үй ішінен екеуінің дірілдеген демі ғана естіліп тұр. Райдан көрі қайта Ақбала өзін тез биледі. Сызылған сабырлы қалпы қазанға ет салды. Онан самауырға шай қойды да, Кәлен, Мөңкеге, Досқа бала жүгіртті. Жасы үлкен кісілер алып - жұлып бара жатқан шаруа болмаса, басқа уақытта ер - азаматы жоқ үйге өз бетімен кеп бас сұға қоймайтын. Райдың түрмеден босанып келген сылтауымен Ақбала осы ауылдың ендігі бас көтерерлерінің басын қосып, қонақ қып жібермек болған-ды.
Ақбала жоқ - жітік жайын тілінің ұшына алмады. «Жағдайың қалай?»- деп Рай да сұрамады. Онсыз да жеңгесінің жұпыны, жүдеу өмірін көріп отыр. Ақбала шай демдегенше бұл пеш түбінде құндақтаулы жатқан баланы қолына алды. Құрақ көрпе арасынан шарананың бір шөкім бетін шаққа тапты.
─ Мырзамыздың түрі осы,- деді Ақбала. Тағы да түк дей алмаған Рай бауырындағы балаға бетін басты да, құрдан құр ернін тістелей берді. Ағасын Сібірге айдарда аяғындағы темір кісенді шылдыратып сыртқа шығарды. Екеуі түрменің ауласында тұрған ат арбаның жанында тұрып қоштасты. Бұл сонда да дәл қазіргідей жас жуған бетін ағасының иығына салып, дыбысын шығармай дірілдеп жабысып алғанда, екі солдат бұларды әзер айырған еді. Ат арба ақырын қозғалды. Ағасы құп - қу. Бетінде қан, көзінде жас жоқ Аяғындағы ауыр кісен шылдыр етіп, бір басып, екі басып жүріп кетті. Артына жалтақтап қарап бара жатып: «Сорлы жетімегімнің сенен басқа кімі бар, көз қырыңды сала жүр»,- деп еді. Сол мынау. Жұмыртқасын жарып шыққан ұядағы құс балапанындай, тыңқитып ораған құрақ көрпе арасынан бір шөкім беті әзер көрінеді. Дем алған тынысы да естіліп тұрған жоқ.
Рай көзіндегі жасты құрақ көрпеге үйкеді де, түу болмағандай жадырап:
─ Мына күшік қайтеді, әй? Үйіне қонақ келсе де ұйықтай бере ме? Әй, тұр! Тұр енді!- деп Рай құндақта жатқан баланың танауын шымшылады. Бала көзін ашпады. Кішкентай аузымен әлдене іздегендей, қаймаңдап ернін қозғады.- Жеңеше, домбыра қайда? Мен мұны, ендеше, әнмен оятайын,- деп Рай күле түсті де, бір қолымен баланы бауырына қысып отырып, домбыраға даусын қосып ақырын ыңырсыды. Ішке Кәлен, Мөңке, Дос кірді. Төрге шыққан бойда Мөңке мен Дос Ақбалаға тіл қатып:
─ Келін қарағым, қалайсың?
─ Бөпең өсіп келе ме?- деп амандық - саулық сұрасты. Кәленнің көз қиығы Райда. Ағасының үйіне келгесін жас жігіттің есіне әр нәрсе түсіп, көңілі бұзылып отырған үстінен шығам ба деп ойлап еді; оның орнына жас жігіттің жарқын жүзін көргенде Кәленнің өзі де жадырап сала берді. Төрге шыққасын иығына жамылып келген шидем күпіні шынтағымен бір серіпті де, бойын жеңілдеп алды:
─ Бала, бері әкел,- деп, Райдың қолынан домбыраны алды. Әуелі тиегін дұрыстады. Сосын құлағын келтірді. Сонан соң ол домбыраны құшырланып, қаттырақ қағып - қағып жіберді де, салған жерден Сарының әнін шырқай жөнелді. Кәлен жігіт кезінде қасына қыз -бозбала ертіп біраз серілік құрған-ды. Бұл өңір сол кезден оның әніне құштар. Күні кешеге дейін ол қатысқан ойын-сауыққа аяқ жетер жердегі халық іздеп баратын. Өзі көңілденгенде ешкім қолқалап сұрамаса да, кісі басы құралған алқалы жиында арқасы ұстап кететін. Ондайда бұл жазбастан Батақтың Сарысын шырқайтын. Иегі түбіттенген бозбала күннен Сары ел ішінде ылғи да құдіреттілермен жұлдызы қарсы болды да, сонан қашан қыршыннан қырқылғанша өмірі ат үстінде өтті. Серілік пен бөрілікті діттеген қыршын жас тарлан атпен Арал, Каспий арасындағы қара жонда талай жортқан-ды. Кәлен осы жолы да Райдың қолынан домбыраны ала сала көйлектің омырауын жалаңаштап ашып тастады да, құрықтай мойнының өндіршегін бұлт еткізіп тамағын кенеп алды. Сосын қалт етіп тына қалған үй ішіндегілердің ешқайсысына назар салып қарамай, көзін әуелетіп үйдің алысырақ бұрышына қалды да, әне бір серілік қып жүрген жас кезде айдалада ат үстінде cap желіп келе жатып ән салғандай, асқақ зор дауыспен шырқай жөнелді. Ол ән салғанда көршілер үйлерінде отыра алмай, көтеріле сыртқа шықты. Шамалыдан кейін Ақбаланың үйі лық толды. Кәлен жазбастан Сарының әнін шырқады. Басқа жұрт қайғырса да, Сары өз бойын сергек ұстап, әніне де, өлеңіне де әзілін араластырып, көңіл күйін қырық құбылтып отыратын өр жан еді.
«Басына шықтым шауып Айырықтың,
Даусымнан құйқылжыған айырылыппын.
Он екі ай қыз көрмеген сорлы басым,
Қатынға тезек терген, әәә - о, әй, қайырылыппын».
Мынау Жармола түрмесінен босанып шығып, енді ағайын - тумаға, сұлу жары Қыз Қосанға асығып келе жатқан Сары емес, осы мына үй толы жұртты бір өзіне табындырып қойған Кәленнің дәл өзі сияқты. Балықшылар қыбыр етпеді. Кемпірлер құлағын кимешектен шығарып ұйып қапты. Кәлен бір кез Батақтың Сарысының әдеттегі шырқау әндерін сабасына түсіріп, жұрттың өңменінен өте жаздайтын шүңейт көздің зәрін сындырып үй толы кісілерге жымың етті. Енді баяу қоңыр дауысқа сап, жабырқау, мұңды әндерді айтты.
«Кезінде көл шайқаған Әлима едім,
Қор болдым Қоңыраттың шабағына»,-
деп әлдебір заманда осы ел, осы жерде туып - өскен әнші, ақын қыздың сонау «ат жетпейтін, атан жетпейтін » Қарақалпақ еліне көз асып кетіп бара жатқандағы зарын айтқанда әйелдер жағы көз жасы кілкілдеп, мұңайып қалды. Кезінде көл шайқаған қайран қыз ендігі өмірінің бас билігін алыс жұрттан ат сабылтып келген әлдебіреудің қолына беріп, елсіз, сусыз үстіртте қараңғы түнді жамылып кетіп бара жатқандай. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Сарылған ұзақ жол жеткізбейді. Қай жерден басталып, қайда барып бітетіні белгісіз. Балықшылар түн ортасы таяу болса да үйлеріне қайтар емес. Ертең таң қараңғысынан тұрып, мұз үстіне шығатыны естен шығып кеткен. Ақбала астан кейін қайта - қайта шай демдеді. Рай мен Кәлен кезектесіп ән айтқанда шаруаға қолы бармай, үй толы кісілердің шет жағына кеп тізесін құшақтап отыра қалады. Рай көз қиығын жеңгесінен айырмады. Қыз кезде өзі сүйетін әнді айтқанда Ақбала дауыс қосып, Кәлен мен Райға қосылып кетіп отыр.
Кәлен қолына көптен домбыра ұстамаған-ды. Шаршап қалғанын сыртқа шыққасын сезді. Бүгінгі кешке ырза. Еламан ел азаматы еді. Аз ғана уақыт бірге болғанда балықшы ауыл атанған көп тобырға оның өз көкірегінде құрттай да алалық болған жоқ-ты. Қосы басқа балықшылар кейде қазан қайнататын балық ұстай алмай, салы судан шығып қайтқанда, Еламан оларды шақырып алып, қолдағы барын бөліп беретін. Іші тар кісілер реніш білдіре қалса, Еламан:
─ Қой әрі. Онсыз да ат төбеліндей азғантай қазақты алалап, бірін жат, бірін жақын тұта алмаспын. Маған балықшылар аулының бәрі туыс. Біз ру, туыс қуалап табысқан жоқпыз. Бізді тағдыр табыстырды. Ал, тағдыры бірдің - қазаны бір,- деп үнемі бүтіндікке, бірлікке шақыратын. Балықшы ауылдың басын қосатын ұйытқысындай еді. «Қайран, Еламан!» Ол бүгін Еламанның үйінде болып, қатын - баласының хал - жайын білгеніне қуанды. Көптен көңілінде жүрген бір шаруасы тынғандай болды. Көзі үйінің алдына түйесін шөгеріп жатқан қатынға түсті. «Бұл кім болды екен? »- деп ойлап, тезірек басып келсе... әйелі екен, қуанып кетті. Қараңғыда қалауыш арасын тінтіп, балаларын тауып алып жатып:
─ Мына әтеңе нәлеттер қайда тығылып қалған?!- деп күлді де, екі баласын екі қолтығына қысып ішке кірді. Кіші баласы көзін ашпады. Кәлен оны ұйықтап жатыр екен деп ойлап, маңдайынан иіскеп сүйе берген еді. Ернін шоқ қарып алғандай, баланың денесі лапылдап жанып жатыр екен. Шошып қалды. Үлкен баласы әлдекімнен көрген зәбір - жапасын шаққысы келгендей, иегі кемсеңдеп қалды.
─ Мыналарға не болған?
─ Кешір... балаларыңды ауыртып алдым.
─ Не дейді?..- Жамал жаулығының шетімен аузын басып, жасын жұтып отыр еді. Кәлен шыдамай:
─ Не болды? деді ақырып.
─ Сен кеткесін Қаратаздың жігіттері қайта айналып соқты ғой. Балаларды дірдектетіп далаға айдап шықты. Қора - қопсыға Көлқора табанында отырған халықтан салыққа жиып алған малдарды қамады.
Кәлен бұл түнді көзінен атырды. Таң ағарып атқанша әл үстінде жатқан балалардың жанында тырп етпей, күзетіп шықты. Таң алдында үлкен баланың маңдайынан мұздай тер шықты. Сол шипа болды ма, тыныс - демі біраз кеңіп, қалжыраған тән бір сәт рахат тауып ұйқтап кетті. Ал, өзі үйде болғанда күнде жатарда ыңырсып ән айтып ұйқтататын кіші баласы көзін ашқан жоқ. Қайта жылы үйге кіргесін көкірегі сырылдап, екі иінінен ентігіп ауыр дем ала бастады. «О, қаныпезер... оқ атсаң - өзім бар емес пе едім. Балада нең бар еді?»
Таң алдында киімшең бойымен қисайған Жамал көзі ілініп кеткен екен. Іле-шала шошып оянды. Неге оянғанын өзі де білмеді. Апалақтап ашқан көзі қара кеугім үйде Кәленнің қарауытқан ірі тұлғасына түсті. Ауру бала жатқан төсектің бас жағында басы иіліп отырған күйеуіне: «Шаршаған шығарсың, азырақ көзіңді іліндіріп, мызғып алсайшы»,-дегісі келген-ді. Кенет күйеуінің екі иығының басы дір-дір етіп, өксіп қалғанын көргенде, иманы ұшып кетті. Атып құрды. Ауру балаға құдды қапырық үйдің ауасы жетпей, тұншығып бара жатқандай, кіп-кішкентай аузы әнтек ашылып, кішкентай қылқанақ тістер ақсиып жатыр екен. Жамал өкіріп баланың үстіне құлап түсті.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
─ Уу - у! Қандай суық?!- деді, үсті - басы аппақ қар Курнос Иван үйге аюдай қорбаңдап, сөлекеттеу кіріп келе жатып.
Ызғырық жел есіктің қарсы алдынан соғып тұрған. Курнос Иван есікті жабам дегенше ар жақтан ақтүтек айқай боран ішке лап беріп, үй іші әп-сәтте уілдеп ұлып, әсіресе, ауызғы бөлме ызғыды да кетті. Иван үстінің қарын есіктің алдында тұрып қақты да, ұлтанына сіреу қар қатқан етігін сықырлата басып төрге өтті.
─ Шура, асың әзір ме?
Шура терезе алдында сыртқа көз салып отыр еді. Орнынан созалаңдап ақырын түрегелді. Иван сырт киімін ас ішерде де шешпеді. Тұла бойынан сырттың суығы мен шикі балықтың иісі шығады. Суық шалған бет қара қошқылданып, қабарып кетіпті. Соған қарамастан көңілді. Қолын уқалап - уқалап жіберді де, асқа отырды. Жылы үйге кіргесін қасы - қабағындағы қырау еріді. Танауының іші қарауытып түктене бастады. Бір түйір тамшы жалғыз қыл ұшына ілініп тұрған-ды. Балықты қарбытып асай бергенде, о да мөлт етіп, омырауына үзіліп түсті.
─ Балық көп шықты. Бес мың пұттан асады,- деді Иван, кешеден бері сан рет айтқан сөзін тағы қайталап.
Шура үндемеді. Жағын бастыра бір тартқан ақ шыт орамал жүдеу бетін бүрістіріп, шүңқитіп жіберген. Курнос Иван өз қуанышына өзі мәз...
─ Осы жасқа дейін қуғаным байлық еді. Қолыма бүгін түсті. Шура, слышешь... енді маған мұрагер керек. Өзіңе жібек көйлек әперем.
Шура Орал қаласындағы бір кішілеу шіркеудің звонарының қызы еді; ауру шешесі төсектен тұрмай ыңырсып жататын да қоятын. Өмірінің ақырғы шағында ішкілікке салынған әке ақыры бір күні удай мас қалпымен қоңырау қағатын мұнараға тәлтіректеп көтеріліп бара жатқанда құлап, екі күн ессіз жатты да, үшінші күні жан тапсырған-ды. Кішкентай қыз кейде әкесіне еріп шіркеуге баратын. Әсіресе, кәделі мерекелерді жақсы көретін. Сондай күндері әкесі сонау биік мұнараның басына шығып, әлемді күмбірлетіп қоңырау соққанда, мына жақта құдды айт, тойға жиналғандай қызыл ала киінген ығы-жығы халық екі бетін айқара ашып тастаған абажадай есікке шұбап кіріп жатады. Сол маңда қол жайған қайыршы көп. Қанша күннен бері нәр татпаған кішкентай қыз қысыла -қысыла шіркеуге барды. Баруы барса да, бірақ екі беті дуылдап бір жанға назар тіктеп қарай алмады. Кісі - қара жоқта қолын созса да, қасына біреу жақындаса шидей саусақтар дірілдеп қолын бауырына тартып ала қоятын. Кішкентай қызға өзінен кәрі сәл-пәл естиярлау қайыршы бала күн көрсетпей қойды. Шіркеуге барса әлгі кіп-кішкентай қылжақбас сап етіп алдынан шығады. Аузы-басын қисаңдатып мазақ қылады; бір күні бала соңынан қуып жетті. Онан қандай да бір сорақы қылың күткен Шура сасып қап еді; жоқ, бұл жолы мыж-мыж кепкада шылдыраған тиын-тебенді қыздың сумкасына ақтара салды. Онан бұны күтпеген қыз аузын ашам дегенше, бала: «Қайыр сұрағанша, бикеш, күйеуге шықпайсың ба?!»- деді де жүгіре жөнелді. Сотқар баланы сонан қайтып көрген жоқ. Ай өтті. Жыл өтті. Бір күні, шамасы түс кезі. Күн ыстық, қайнап тұрған. Зілдей бақырлар Шураның алақанын шоқтай қарып жатқанды. Біреудің күректей қолы қыздың ілгері созған қолын алақанында жатқан бақырлармен қоса уысына қысып алды. Қыз дір етіп, басын көтерсе... қира сары сақал, шүңірек көз еңгезердей біреу қарсы алдында бұған күлімсірей қарап тұр екен. «Жүр, кеттік »,- деді. Қыз дір-дір етіп тартыншақтай берді. «Қорықпа! Жүр. Қарның тоқ болады»,- деді көпес. Соның аяғы... Соның аяғы, бұның дәм-тұзы көтеріліп Арал теңізінен бір- ақ шықты. Көзі тірісінде, обалы не керек, Федоров бұны алақанына салып бақты - қақты. Ол тек бір- ақ рет көңілін қалдырды. Аралға келгесін бір жылдан кейін бала көтерді. Шура бойына біткен баланы сақтағысы кеп жалынып та, жылап та көрді. Федоров жібімеді. Қыстың көзі қырауда Шалқарға апарып, таныс дәрігер арқылы бойындағы баланы түсіріп тастап еді. Өлген адамды кінәлап соңынан өкпе-наз артқысы келмесе де, қаныпезер жанның қаталдығын ұмыта алмай-ақ қойды. Федоровтың көзі тірісінде лажсыз ішінен тынып жүрген Курнос Иван ол өлген күні ертеңіне бұның үстіне удай мас боп, баса-көктеп кіріп келді де «сенің Құдай қосқан қосағың мен... мына менмін»,- деп, ай-шай жоқ Шураға тарпа бас салды. Сонан бері Шураны талай сабады. Бір рет жығып сап, өлтірем деп жатқанда көршілер үстінен шығып арашалап алды. Дүние қадірін білмейтін дала суан неме аз уақыт ішінде екі бетінен қан тамған уыздай жас келіншекті ұйпалақтап тастады. Соңғы кезде Курнос Иван тағы бір мінез шығарды. «Жақында байимын. Соңыра өзім өлгенде малыма ие болатын мұрагер тап... Бедеу қатын маған қажет емес»,- деп, Шураға қыңқылдап жүр.
Курнос Иван асын жеп болғасын аузын сүртті. Қос өңірі ас ішкен баланың омырауындай бір қылқан, бір балық.
─ Шура!- деді ол тұрып жатып. Орнынан қозғала қоймаған әйелді иығынан сығымдап ұстады да, ожар қимылымен өзіне қарай жұлқып қалды. Әйелінің көзіндегі жасты көріп,-немене, Федоровты азалап отырсың ба? Қой енді! Ну!..- деп жекірді.- Шура, мен бүгін кеш қайтармын. Бәлкім, келе алмаспын. Маған тамақ жеткізіп бер. Ұқтың ба?
Шура басын изеді. Курнос Иван далаға шыққанда сырт әлі ақ түтек екен. Қар көктен жауып, жерден борап тұр. Промсолдан екі дауыстай жерде, ақтүтек мұз үстінде мол балық үйіліп мұнартып көрінеді.
Осы өңірді қыстайтын төрт-бес ауылдың адам - қаралары балық басына жиналған. Аттысы, жаяуы бар, бас-аяғы жүзге тартады. Иттер де көп. Әр иттің аузында бір балық. Көк жүзі қарғадан көрінбейді. Курнос Иван жақындай бергенде бір пәле бастарына төнгендей, қарғалар оқыс дүрлігіп, қарқылдап ұша жөнелді.
─ Бұрын маған бір жан жуымайтын. Енді, ана қарашы!.. Байлыққа қалай үймелейді. Көздері жеп барады. Қара қарғаларға дейін менің байлығымды бір- бір шұқып қалмақ.
Курнос Иван қарақұрым жиыннан бөлініп оқшаулау шығып тұрған бір топ кісіні көрді. Қалың киімді шетінен өңшең балпанақтай жуан. Аттары да семіз. Өзге малдардай ық іздеп тықыршымай, қаптай соққан желде құйрық, жалы суылдап, ыққа қарай күлтеленіп желп-желп етеді. Курнос Иван тани кетті.
─ Әй, болыс, аман-сау барсыз ба?- деп ол Құдаймендеден бастап шіреніп тұрған осы елдің байлары, билерімен амандасып шықты. Курнос Иванның тақырайған танауына қар кіріп тығындап тастаған еді. Ол судан шыққан балықтай, көбіне аузымен дем алып,- бұрын байдың қосын жегетін едім, енді өзім баймын. Қарқалләзи боп жатырмын. Сыралғы қонақ болдыңдар. Ал, кәне, сыралғы алыңдар!- деді саңқылдап. Қиын сөзге де мүдірмей, дәл бір қазақтың өзіндей тақпақтап сөйледі. Аналар үндемеді. Бірақ тегін олжаны бөтен көрмей тұрғанын біліп, Курнос Иван майлық аузында үйіліп жатқан балыққа қарай беттеді. Аналар да соңынан еріп, аттарын тізгіннен жетелеп келеді. Құдайменде өзімен қатар келе жатқан семіз сары кісіге - өзі бай, өзі би - Рамбердіге мойнын бұрып:
─ Ыссы тары көженің де буы бола - туң. Ал, байлықтың буы тіпті әлемет - ау! Мына кәржік мұрын қара орыс қалай паңқып тұр, ә?!- деп күліп еді, Рамберді Курнос Иван естіп қалды ма деп қауіптеніп, Құдайменденің осындай жердегі келеңсіз әңгілігін жаратпайтын әдетпен кіржің етті. Сұйық сары мұртын сипап, өзінің әншейіндегі әрі маймақ әккілігіне бағып:
─ Мұн - дай- да үндемеген о – за - ды,- деп ыңырсыды да,- ауызға түсейін деп тұрған несібеңді аяғыңмен теппе, бала,- деп, сөзінің аяғын мұрнымен созып, ыңылдап бітірді. Онан ол Кәленді ымдап:
─ Досыңды көрдің бе?- деді.
─ Ой, енесін...
Кәлен оларды көрсе де, көрмеген сыңай танытты. Курнос Иван майлың аузында бірнеше жерде жал боп үйіліп жатқан балыққа келді. Тоң балықты аяғымен қақ жарып, мыналарға беретін сыралғыны бір шетке қарай бөліп келе жатқан-ды. Рамберді осы арада шегіншектеп, жұрттан жырылып кейіндеу қала берді. Ол жан - жаққа қарап алды да, ана жақта қалып бара жатқан көп балықтың ірілеуін аяғымен қағып, сыралғыға қарай сырғыта бастады. Курнос Иван оны байқап қап:
─ Қақ! Қақ, Рамберді! Қағатын сапарың бұл! - деп күлді. Осы арада Кәлен сап ете қалды. Ол Курнос Иванға:
─ Алудың есебін үйретпей - ақ қой. Халық үстіндегі адам қағып та, соғып та жей береді,-деді.
Құдайменде тіс жарып түк айтпай, бұрылып жүре берді. Рамберді де атына қарай аяңдап бара жатып әлденені міңгірлеп, түсініксіздеу ыңылдады. Курнос Иван сасқалақтап:
─ Ay, байеке,- деп, жүгіріп барып Құдайменденің шалғайына оратылып еді, ашулы болыс қолын қағып жіберді:
─ Кет әрі!
Рамберді былай шыққасын Құдаймендеге қатарласты.
─ Ұры досың қырғидай тиді ме, қалай?
Олардың қарасы ұзағасын Курнос Иван Кәленге тап берді:
─ Есің дұрыс па? Болыспен ұстасып өле алмай жүрсің бе?
─ Әй, неге әкіреңдейсің? Болысың өзіңе...
─ Кет! Қараңды батыр!
─ Мен жалғыз кетпеймін. Өзіммен бірге мына кісілерді ала кетем.
─ Жарайт...- деді Курнос Иван міңгірлеп.
Кешегі торгта ол промсолды сатып алған татар байының алдын орап, бұл араның тәжірибелі, талапкер балықшыларын таңдап алған-ды. Осы деректі татар байымен екеуінің арасында аздаған кикілжің де бар еді. Кәлен өлген - тірілгенін білмей, балық сүзіп апыр-жапыр боп жатқан кісілерге келді. '
─ Аналарың немене... жер бетінің жемтігін тауысып, енді теңіз түбін тіміскілеуге шыққан ба?
─ Әй, соларды қойшы! Қанды ауыз қасқыр емес пе? Қызылға келіп жатқан да. Әйтпесе, мұз үстінен иман іздеп жүр деп пе едің?!. Маған бер сүзгіңді.
* * *
Болыс аулына белгілі бай - Темірке келді. Ол қазір осындағы промсолдың қожасы. Анада Федоровтың промсолын сатып ала алмағанына Тәңірберген әлі өкінеді. Ағалары тап бір тәуекелге бел буатын жерде тізгін еркін бұған бермей, тартыншақтады да, тегін байлықты татар байы аузынан қағып әкеткендей көреді. Көп нәрсені көңілі танығанмен де, бұның өзі де жеме-жемге келгенде кем талап, бұнан бұрын да талай сыбағадан қағылды. Ақша өнетін жерде кісі, асылы, мына Ебейсіндей бетіне көн қаптап алғандай, ештеңеден жүзі шімірікпейтін имансыз болу керек пе, қалай? Тіпті, осы Теміркелердің өзі көк дүкенге кіргенде қазан - аяқ ұстаған қатындай, прилавканың ар жағына тұра қап, кір, ластан жиіркенбей, көк нілге дейін оймақтап сата жөнеледі. Осындай шаруаға араласса бұл құдды бір жерін ластап алатындай, бойын аулақ салып, басқа біреудің қолымен пай да таппақ болады. Осы ниетпен ол Ебейсінді саудаға шығарып еді. Ол қазір Қабырға болысының жүн-жұрқасын жиятын жалдап. Қалаға қатынаған сайын Тәңірбергенге соқпай кетпейді. Мырзаның базарға салатын малдарын үйір - үйірімен айдап апарып, ақшаға айналдырып қайтып жүр. Бай ауылдың кездемесі мен шай - шекері де соның мойнында.
Татар байы бүгінде Ебейсінмен әмпей. Оны шынымен жақсы көре ме, әлде қазір іш тартқансып, кейін осының бәрін оның ар жаң пиғылын анықтап біліп алғысы кеп істей ме, жас мырзаға бұл арасы әзір дүдәмал. Бірақ бір анық білетіні - татар байының бір тұста Ебейсіннен жүрегі шайлыққан жері бар. Сонан бері Ебейсін әңгіме бола қалса, татар байының түсі қашып, тақия киген басын шайқап: «И- и, ул әпендені қой! Ул, ул бик қиын жігіт»,- деп күбірлеп отырғаны.
Тәңірберген болыс ағасы мен татар байын безбеннің екі басына қойып, үнемі іштей салыстырып жүреді. Ағасы қазір төрт құбыласы түгел, өрісі малға толды. Басына бақ қонып болыс боп, ел билігі қолына тисе де, шынтуайтқа келгенде әлі де болса мына ілмиген қалқан құлақ татар байының қойнына кіріп кетуге әзір.
─ Курнос Иван сыралғы екен. Есіткен шығарсың, тағы да майлатып салды,- деді Тәңірберген.
─ Күп мә?
─ Бес мың пұттан асады деседі.
Аңдаусызда үстіне мұздай су құйып жібергендей, Темірке қол
- аяғын бауырына жиып, бүрісе қалды. Тәңірберген оған көз қиығын тастап, жымия қарап:
─ Сенің промсолыңа жұмыс табылды. Бес мың пұт балықты қабылдау саған да оңай болмас. Тек, қайдам, тұзың жетсе...- деп еді.
─ Иоқ, иоқ!- деді Темірке қолын сілкілеп.- Мен Иваннан бір қадақ та балық алмаймын. Шуші күні өз балығымды солит итәргә дә тұзым иоқ, вит.
─ Сонда, ол сорлы қайтеді?
─ Онда менің шаруам қанша?! Маған десе балығын суға ағызсын.
Тәңірбергеннің Курнос Иванда ала алмай жүрген өші жоқ. Болыс ағасына берген сыралғы балықты бұл кеше екі түйе қып, Шалқарға жөнелтіп жіберген-ді.
Үй іші үнсіз. Темірке әлі де болса күйген терідей бүріскен күйі. Құдайменде болса -болмаса да көмейінде тұрған сөзді қалай бастаудың ретін таба алмай күрмеліп отыр.
─ Болыс ағамның көптен бері сізге айтқысы кеп жүрген бір шаруасы бар еді,- деді Тәңірберген.
Темірке кенет қан иісін сезген кәрі жыртқыштай дүр сілкініп, басын көтеріп алды. Осыған дейін бір ашып, бір жұмып отырған шүңірек көздің жанарына шоқ түскендей жарқырап кетті.
Ол алақанымен құлағын қалқалап, бар бойымен Құдаймендеге созылды.
─ Иә, бай?..- Құдайменде ырғалып қойды.
─ Біз... ертең жайлауға көшеміз...
Інісі итермелеген әңгімені құлықсыз бастады. «Кәленді құртқаннан іс бітпейді, сәті түсіп, орайы кеп тұрғанда онан да мына іргеңде күнде лақ сап отырған балықшылар аулына тізе батырып алайың?»- деп күнде - күнде қыңқылдап, құлағының құртын жеп болды. Бұның өзіне салса, алдымен Көленді құртпақ. Майлың басында болған кешегі оқиғадан кейін Кәленге әсіресе қаны қатып өшігіп алған-ды. Құдайменде қазір қастасқан кісіні шетінен қол-аяғын кісендеп Сібірге айдатқысы келеді де тұрады.
─ Біз ертең жайлауға көшеміз,- деп болыс құлықсыз бастаған әлгі әңгімеге қайта оралды.-Сонан қашан күз түсіп, жерге кірбік қар жауғанша жағаға келмейміз. Мойын алысқа түскесін ел тізгінін ұстаған кісі басқа жаққа бұрыла алмай кете - туң.
─ Әлбетте! Ие, бай?..
─ Көңіліңе келмесін, сендердің балықшыларың түктің мәнісін білмей - туң. Бәрі де анадан туғалы түйе баққан қыр қазағы... Өздері қыр құсы сияқты, тіпті тобығы бататын судан қорқа - туң.
Темірке көйлек жағасынан қылқиып шыққан қылдырықтай мойнын Құдаймендеге құлықтана созып, қалқиған құлағын оның дәл аузына тосты:
─ Ие, ие, бай?
─ Ана, жар басындағы балықшыларды білесің ғой?
─ Әлбетте, әлбетте, бай...
─ Білсең, олар анадан туғалы теңіз кешіп, тор сүйретіп жүрген кәсіпшіл кісілер. Теңіздің астын өз отының басындай біле - туң.
Тәңірберген шынтақтап жастықты ысырып, Теміркенің дәл қасына тақымдаса отырды.
─ Сырт кісі көреген келеді. Мен де байқап жүрем: балығы көп жерге олар ау - торын жайып, сенің кісілеріңді қақпайлап шетке ысыра береді.
─ Мырза бик... бик дұрыс айтып отыр,- деді Темірке.
─ Асылы, сен балығы көп жерлерді болыстың қағазымен өз меншігіңе қаратып ал,- деп, епті жігіт бұлардың басына келмей отырған бір ойды көземелдей қойды.
Құдайменде шошып кетті:
─ Әй, қайдам... қиянаттың да шегі бар. Ол дұрыс болар ма екен?
─ Болады. Әбден болады. Бұл, бик ғажап ақыл. Жас мырза, матур. Бик матур жігіт,- деп татар байы Тәңірбергенді арқасынан қағып - қағып қойды да, сосын Құдаймендеге бұрылды,- Ендігі жерде біз балығы көп жерлерді запретная зона істейміз.
─ Қазірет дейсің бе?- деді Құдайменде.
─ Жоқ, запрет... запретная зона. Ондай жерге болыстың ұлықсатынсыз ешкім өз бетімен барып балық аулай алмайды. Заң, бит. Матур заң.
─ Әсіресе, ана Кәлен, Мөңке, Рай, Дос сияқтылардың аяғын қия бастырмау керек.
─ Иә, иә, мырза дұрыс айтады. Запрет жерлерге олар ау салса...
─ Ауын сыпырып ал! Қайтарып берме.
─ Матур жігітсің, бик, бик матурсың... Ауын қайтарып бермейміз.- Тәңірберген рахаттана күлді.
─ Байдың бұнысы асық ойнағанда әлмендірек баланың: «Бүк түссе де менікі, шік түссе де менікі»,- дегеніндей болды ғой.
Темірке жас мырзаның өзінен сыбаға дәмететін сыңайын байқады да, қылқиған құрықтай мойнын ішіне тартып, бір уыс бола қалды:
─ Сенің еңбегіңді, мырза, іншалла ұмытпаспын.
* * *
Жұмыс істеп, кішкене жаны қиналса, үй ішінен жанжал шығаратын сылтау іздейтін Қарақатын бір арқа отынды есік алдына жыға салып: «Уһ, қара байланғырдың арқаны иығымды қиып кетті ғой»,- деді. Ақкемпір үндемеді. Ал, Қарақатынның дәл аузынан түскендей, астыңғы ерні үстіңгі ернінен бір сүйем сүйриіп озып, сөз тілеп тұратын бойжеткен қыз - Балкүміс төр алдында тізесін құшақтап отыр еді. Қызының бет - аузын долылық буып сазара қалған мекерлігін жаратпаған Қарақатын:
─ Ой, бетің тіліңгірі Ақбала құсап бедіреюін қараш!- деп еді:
─ Өзіңнің бетің оқып тұрған шығар!- деді қыз.
─ Е, менің бетімнің несі бар? Көп болса бетім отын арқалап, жаным қиналғасын қарайса қарайған шығар.
─ Ие, басқа кезде аппақ деген...- Қарақатын қызына оқты көзімен ата қарады:
─ Мөңкенің қатыны құсап, балпылда да отыр солай.
─ Өзің балпылдамайтын шығарсың?..
─ Тұтақ! Сен мендей де бола алмайсың. Ана Судыр Ахметтің қатыны құсап, соңыра байың күнде - күнде шашыңнан сүйреп, таяқ астында жүрерсің - ау, сен бейбақ.
Басынан сөз асырып алғанына күйінген қыз ызадан іші өртене жаздап, жылап жіберді. Қызының бетін қайтарғанына көңілі көншіген Қарақатын әлгідей емес, енді көңілденіп, қызыл тілді безеп, сөз таластырған салғыласта алдына жан салмайтын ділмарлығына ырза болғаны сонша, ол енді өзінің де ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырғаны есіне түсіп:
─ Сен жақсы болсын деп айтам,- деді бықсып жанбай жатқан отты үрлеп,- соңыра барған жеріңде абысын - ажындарың «айтса да өнегелі, көргенді ананың қолынан өсіп - өнген қыз ғой»,- десе, өзіңе де, бізге де жақсы. Көрінгеннің аузында сөз болатын сен әлдекімнің қызы емессің. Құдайға шүкір, анаңды ел біледі. Осы елдің бас - аяғы... Әй, мына жау жегір отқа не болды? Неге тұтамайды?
Қарақатын ошақ алдына тізерлеп отыра қап, еңкейіп әрі - бері үрлеп еді, отын бәрібір тұтамады, көк түтін көзіне кіріп, қақалып - шашалып әпі-шәпі боп жатқанда, қастан шықпағыр Ақкемпір, сыртқа апарып көрпе - төсекті қағып, ішке бір кіріп, бір шығып жынына тигені:
─ Осы үйді ұстап отырған сен бе едің?! Осы үйі құрғырда төсек қағатын кісі бар емес пе?!
Үй ішінің тыныштығын ойлайтын кемпір үн - түнсіз пеш түбіндегі өзінің дағдылы орнына барып отырды.
─ Отты жағып қойсаң қайтеді? Қолыңа жұғатын ба еді?
─ Үйде отын болмады ғой.
Қарақатынның көктен тілегені жерден табылды. Қайыс қара бетке қапелімде мысқыл ойнап, кеудесі қайқаңдап, қос бүйірін таянып шыға келді:
─ Отын жоқ болса, отынға барсаң қағынды келетін бе еді саған? Ac ішіп, аяқ босатқанда бәрімізден артықсың.
─ Ей, жарқыным, асың өзіңе. Тыныштығымды берсең болады.
─ Тыныштың па саған?!.
Ақкемпір келініне қарап еді, төсегінен шұбар ала жылан шыққандай, тұла бойы тітіркеп кетті. Арық әйелдің қан - сөлсіз бетінде рахымның ізі жоқ екен. «Қазинесі кең Құдай - ай, бұл пәлені жалғызымның маңдайына қайдан тап қылдың? »
Қарақатын балаларын тамақтандырғасын, күйеуінің келуін күтпей, сығыраң шамның білтесін басып жатып қалды.
Дос бүл күні де түн ортасы ауа келді. Үсті - басы малмандай су. Аяғын басқан сайын су шұлғау селіккен байпақты етік қорқ - қорқ етеді. Киімшең бойымен қисайған кемпір орнынан тұрып баласының сырт киімін шешіндірді. Шұлғауын сығып алды.
─ Мынау не көрім?! Таңның бір уағында кетіп, түннің бір уағында келдің. Жаурап өліпсің ғой, сорлы балам.
Келіні тұрам дегенше, Ақкемпір от жақты. Ошақ алдына көрпе жайды. Қазан астында маздаған қызыл шоқты бері тартып, баласының арқасына жылы киім жапты. Соның өзінде Дос тұла бойы жылымай, дірілдеп ұшып бара жатты.
─ Балықтарың не болды? Өткізе алдыңдар ма?- деді кемпір.
─ Құрыды. Ит пен құстың аузында кетті.
─ Не дейді? Ана Темірке шіркін ақыры алмады ма?
─ Жоқ.
─ Қайырымсыз, қатыгез екен, шіркін неме.
Таң алдында бір сағат ғана мызғыған Дос ояна салысымен анасы әзірлеп қойған асты апыл - ғұпыл ішті де, сыртқа шықты. Дала тастай тұман. Теңіз жағасына жақындаған сайын ақсүт тұман дүниені басып тұрды. Дымқыл сыз ауа да тынысты ауырлатып, Дос дем арасында алқынып қалды.

You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қан мен тер - 1 - Ымырт - 08
- Parts
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 01
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 02
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 03
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 04
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 05
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 06
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 07
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 08
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 09
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 10
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 11
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 12
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 13
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 14
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 15
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 16
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 17