🕥 33-minute read
Қан мен тер - 1 - Ымырт - 02
Total number of words is 4311
Total number of unique words is 2350
33.9 of words are in the 2000 most common words
49.6 of words are in the 5000 most common words
57.1 of words are in the 8000 most common words
Еламан ішке қайта кіргенде Ақбала шамды сөндіріп, жатып қалған екен. Еламан иығындағы тонды іргеге тастай салды да, сыртын беріп теріс қарап жатқан Ақбаланың жанына қисайды. Көзіне ұйқы оралмады. Есіне бәйгі күрең түсті. Арысы Түрікпен, берісі Адай, Табыннан келген сүйегі асыл жануар! Кәлен ұрымен қос болғалы Құдайменде мен Тәңірбергеннің жылқысында осындай қыл құйрық жүйріктер көріне бастады. Әкесі пақыр аты нашар боп сорлады, әйтпесе, бірме-бір шайқаста Абыралыға алдырмас еді. Араларында кикілжіңі бар екі ауыл бір жолы Ақмарқаға қатар қонды. Малды-жанды ауылдың әпер - бақан жігіттері қоңсылас отырған кедей ауылмен қырғи - қабаң. Көбіне-көп жер жетпей, жайылым үшін қырқысатын, кейін ауыз суға іштарлық қып, құдық басына барған қатын - баланы сабап жіберетін болды. Сол күні де бай ауылдың сотқар жігіттері бұлардың азғантай малын суартпай, құдық басында екі жақ кеуде тіресіп тұрып алды. Келісімге келе алмағасын, ақыры екі жақ атқа қонды. Абыралы найзагер. Атқа да тақымы мықты. Науан әп-сәтте бай ауылдың екі жігітін ұрып жығып, енді жер түбінен зығыры қайнап жүрген жауы - Абыралының өзіне тап берді. Қолындағы қару бұзау тіс қамшы; осындай төбелеске лайықтап, өзегіне қорғасын құйған. Бірме-бір ұрыста бұ да көк сүңгіден кем түспейтін қару. Ол тек әлгі алас-қапаста белді ат қолға түспей, белдеуде тұрған мінезсіз, үркек байталға жайдақ міне шапқанды. Екі жау айқаса кеткенде желқуық байтал нақ бір табан тірескен жағаласта жалт берін басын ала қашты. Осы сәтті күткендей, анау да астындағы атын бұның ізіне салып жіберді. Ө дегенше алымды ат сыпыртып жетіп барды. Абырлы аттың басын ірікпей, көк сүңгіні қатарласа бере Науанға қос қолдап салған бойы ағызып өте шықты; бірақ ат үстінен аударып түсіре алмай, найзаның ұңғысы омырылып, бір тұтам мұздай темір Науанның сегіз көзінде кетті. Науан ат басын бұруға шамасы келді. Есік алдында еңіреп құшақтай алған жас келіншегінің қолына құлап түсті. Қан шаптырған бүйірін қос қолымен басып мықшиып отырып, кішкентай Еламанын бауырына қысып: «Сорлы жетімегім!.. Ендігі күнің не болар?..» деп еді, сонан артыққа шамасы келмей, жаны шыққан дене сылқ етіп құлай кетті. Жас ана жесір қалды. Өздерінің абызынан шығарғысы келмеген ағайын-тума жесір әйелді тасқұлақ, керең шалға берді. Бір жыл өтпей, анасы қайтыс болды да, жетім бала бай ауылдың қозы-лағын бақты. Ер жеткесін жеті жыл Құдайменденің жылқысын бақты. Бір жолы кешкісін жылқыны серігіне тапсырып, Көлқора табанында отырған Сүйеу қарттың ауылына қонып келуге кеткен-ді. Әкесі көзі тіріде Сүйеудің бесіктегі қызын кішкентай Еламанға атастырып қойған екен. Еламан Сүйеу қарттың өзін бөтен көрмейтінін байқағасын орайы келгенде, қалыңдығына із суытпай барып тұратын-ды. Бұның сорына сол күні түнде жылқыға қасқыр шауып, Құдайменденің Аяққұмдағы құдасынан алған жүйрік атын жарын кеткен-ді. Хабар тиген бойда Құдайменде бір топ жігітпен жылқышы қосына сау ете қалды. Еламан оған «Ассалаумағалейкум» деп қос қолын соза беріп еді, Құдайменде:
─ Әй, ит! Сен үйірге салатын айғырым ба едің? Сен менің жылқышым бола - туң, - деп ақырып, Еламанды қамшымен қақ бастан тартып жіберді.
Еламан атына қарғып мінді. О да атын омыраулатып, тебініп келіп қалғанда, Құдайменденің қасындағы жігіттер жібермей, жолын кес-кестеп тұра қалды.
─ Әй, Құдайменде!.. Жылқың әне! Мен кеттім. Дүние кезек. Күнім туса көрермін,- деді де, Еламан ат басын бұрып, құйындатып ала жөнелді. Теңіз жағасынан промсол ашып жатқан бай орысқа жалданды. Қазақ арасында бірде Шодыр, бірде Тентек Шодыр атанған Оралскі байы зәті қатты кісі еді; әсіресе, қарауындағыларға атал. Орыс - герман соғысы басталғалы балықтың бағасы күрт көтерілді де, орыс байы бұларды бір күн бел шешіп отырғызбай, күн-түн теңізге қуалап әбден ақ иық боп жүрген-ді. Тек мұз қатар алдындағы осынау аз ғана күн абыржыда Тентек Шодырдың амалы құрып, бұларға үндей алмады. Бұлар да абыржының аз ғана күнін дәтке қуат қып, ұлы теңізге ілгерілеп бармай, жағалаудың кілегей көкше мұзына бір тартым, жарым тартым ау салып, үй ішінің күнделік нәпақасын айырып жүрген-ді...
Еламан бұл түнді ұйқысыз атырды. Ақбала да теріс қарап жатқан күйінен тырп еткен жоқ, түнімен көз ілмеген Еламан тек таң алдында талықсып кеткен-ді, жел тұрыпты. Көзін ашқанда жағалаудың әдеттегі жынды желі шырт ұйқыда жатқан ауылдың үстінен аса соғып әупіріп тұр екен. Жапқысы жоқ бір мойын пештің көмейі гүрілдеп, үй іші ызғып кетіпті. Әлгінде сыртын беріп ары қарап жатқан Ақбала тоңғасын бұған бұрылып, бар денесімен бауырына кіріп жабысып алған екен. Қолы, аяғы мұздай. Еламан құшақтай алды. Түндегінің бәрі есінен тарс шығып кетті. Бұлар қазір күнде осылай төсекте табысатын боп жүр. Еламан бойына бала біткелі денесі толыға бастаған Ақбаланың күн санап екеуара жатқан төсектің көбін оның ала бастағанына қуанады. «Босануға қанша қалды екен?»- деп ойлады. Ақбаладан сұрауға бата алмады. Қазір ана жатырындағы баланың бойында бар мүшесі түгел. Құдай қаласа, енді екі айдың о жақ, бұ жағында... «Ары жат, қысып тастадың»- деп, құдды ашу білдіргендей, әлде бір бітімсіз дене бұның дәл Ақбала жақ бүйірінен бүлк-бүлк етті. Еламан шапшаң серпіліп, ары ысырылып жатқанын сезбей қалды. Ет - бауыры соншалық елжіреп кетті. Бұрын - соң татпаған, мүлде беймәлім ыстық сезімнен жүрегі шым етті. Көрмейсің бе, әлден тірілігін танытып, тыпыршып жатқан мына кішкентай немені бауырына қысқысы кеп кетті. Қарап тұрып жылады. Соған өзі қысылып, күліп басын шайқады. Тез киінді. Есіктен шығар жерде соңыра үйге асымдық балықты салып әкелетін қапты еңкейіп ала бергенде,отын үстінде жатқан ақ тушадай қоянға көзі түсті.
* * *
Балықшы ауылға қадірлі қария - Есбол келді. Кезінде ел арасының сөзін ұстаған кісі. Рай мен Еламанға жақын туыс болған себепті баласы жоқ, жетім шал бұл екеуін сағалайды. Жылда осы кезде бір соғып, Райдың үйіндегі бастас жеңгесіне сыбаға әкелетін-ді. Осы жолы үйткен қой келді. Рай қарт әжесіне тұтас қойды бұзып, жары етін қазанға салды да, көршілерді шақырды.
Ой, несін айтасың, балықшылар көңілді! Ет иісімен қуана демалып, үйді басына көтере қауқылдасып жатыр. Қыс - аязда, жаз - ыстықта, өмір бойы бір ыстық бір суықта жүріп шыныққан, шетінен сіңір қара шойдым. Күлсе де, сөйлесе де, құдды қу қайық секектеген көк долы теңізде жүргендей, ауыз тола тіс ақсиып, бірнешеуі бірден самбырлап жарыса сөйлеп кетеді. Осы қазірде мұз үстінде балық бөлісіп жатқандай гу-гу, ду-ду... Олар мына жақта осылай дуылдасып, ана жақта бұрқ-сарқ қайнаған қазан маңында қатындар пыш -пыш... шу-шу... Ақ жаулықтар екеу-екеу, үшеу - үшеуден түйіседі. Кейде үш, төрт ақ жаулық түйісіп, сыбыр - сыбыр, пыш - пыш.
─ Ақбала қайда, пыш - пыш? Бетім - ау, оған не болған, пыш, пыш... шу - шу...
─ Қойшы әрі! Қайтесің ол бейшараны...
─ Иә, ол байғұста не сын бар, тұңғыш көтерген баласы. Күні толғасын аяғы ауырлай береді ғой.
─ Адыра қалсын! Кеше емес не еді, сері жігіт келгенде желдей есіп, аяғы аяғына тимей кеткені? Бір үйден кесе, бір үйден дастархан, бір үйден табақ жиып, есімізді алып біткен жоқ па еді? О, жүзіқара! О, қарабет!..
Мосқалдау бір әйел Қарақатынды түртіп қалды. Дереу Еламанды ымдап, ернін тістеп «қой» дегендей ишара етті. Еламан ана жақта әңгімеге араласпай, тұйық отыр. Қалғандары сол гу-гу... ду-ду!..
─ Биыл мұз кеш қатуға қарады - ау,- деді біреу.
─ Иә, ашқа тартқан кешке тартады,- деді екінші біреу.
─ Қайта, басат - басат ұстасып, абыройыңды жауып тұр ғой.
─ Есеп бар ма?! Мен бүгін қаяз ұстадым. Бұйырған деген, аудың жалғыз көзіне сақалынан ілініп тұр екен.
─ Ау, ол неменің асау болатыны қайда?
─ Жазда ғой, қыста, тәйірі, балықта қауқар қала ма?! Жалғыз көңгеге ілінсе тырп етпейді.
─ Балықтың ішінде, жарықтың, бекіре ғой жуас. Қойға мінетін көбең тұғырдай қолға тұра береді.
Ертеден бері үнсіз отырған Мөңке осы арада басын көтеріп алды.
─ Қой әрі! Аузы төмен қарағасын қасқайып жүр. Өйтпесе, аузына түссе аяйын деп жүрген ол жоқ. Ақылсыз, әумесер неме ғой.
Есбол шиқ-шиқ күлді. Ол Мөңкені баяғы бала кезден біледі. Ел қыдырып жүріп, бір жолы біраз адам түстеніп отырғанда бұлардың үстіне аласа, бірақ шойыннан құйғандай сом тұлғалы қара бала кіріп сәлем береді. Сонда оған жұрттан бұрын Есбол назар аударып: «Өй, мынау қай бала? Бадамшасын - ай өзінің.
Көлдің тоқпақ бас қара мөңкесіндей екен»,- деп жұртты ду күлдіріп еді. Аузы дуалы қарияның сол айтқаны елдің есінде қап, Рәбіл баланың атын жұрт әр саққа шаптырып: «Қара Мөңке», « Тоқпақ бас Мөңке », «Балықшы Мөңке» деп, ақырында Мөңкеге тоқтап еді.
Мөңке ерте үйленді. Қара тырыспай жылы жастай өлген ағасының үлбіреп отырған уыздай келіншегін ағайындары зорлап бұған алып беріп еді. Жеңгелей алған әйелден он бала көрді. Тек қолы құтаймады. Соның көбі аяғы шығар - шықпаста бірі қызылша шығып, бірі өкпесіне салқын тиіп, Әлиза көтерген тоғыз құрсаң қазір түгелдей қара жердің астында. Ата - ананың қолында қалған соңғы алданыш - оныншы бала бір айдан бері ауру. Есбол қария қара жұмысқа болдырмайтын қайратты жігіттің кәдімгідей қажыры қайтып, моқап қалған сынық жүзіне аянышпен көз салып отырып: «Пұсырдан қалған жалғыз із, соңғы зурият! Ойдәйт десейші!..»- деп, басын изеп - изеп қойды.
Мөңке асқа қарамады.
─ Қара білек, мықты жігіт!
─ Шынында да, кейде осы имансызда жан жоқ па деп қалам. Ертеден қара кешке мұз ойғанда, бұл заңғар бір терлемейді - ау.
─ Тесік өкпе ғой! Өзін тек бала мұқатып жүр. Жылына бір баласы өледі.
Ет асқан тайқазан сарқылдап қайнап жатыр. Қазан маңында жүрген бір әйел Райдың қарт әжесіне тұзын көр деп, зереңге сорпа құйып берді. Сорпа ішінде тіске жұмсақ бір жапырақ ет бар екен, кәрі әже соны қызыл иегімен қажап, қос ұрты бүлкілдеп жұта алмай отыр.
Осы кезде біреу:
─ Ассалаумағалейкүм!- деп кіріп келді. Онымен бірге ішке лап берген мұздай желден есік жақта тұрған соқыр шам сөніп, үй іші тастай қараңғы болды.
─ Уа, бұл қайсың?
─ Өзіміз. Ауылдан тайлақ іздеп шығып едім...- Балықшылар ду күлді.
─ Е, дегендей. Тайлағыңды тайқазанға былқытып асып жатырмыз.
─ Өй, шам жақсаңдаршы!
Шам жанып, жұрттың бәрі әлгі ішке кірген кісіге қарап еді. Ақ сенсең тымақ астынан тұздай көк көз, сары сақал, сары кісі ылжырап күліп тұр екен. Үстінде ақ тері тон. Белін кендір арқанмен көкірек тұсынан шарт буып алған. Қаратаздың есігінде жүрген жалшы Жалмұрат. Ел іші оны реңінің сарылығына қарап «Орыс Жалмұрат» деп атайтын.
Балықшылардың алдына ет келді. Жаңа ғана қауқылдасып жатқан жұрт демде үні өшіп, үй іші тына қалды. Тек Рай: «Жалеке, бұйырған малға тіс тисін, кәне, кел, тайлағыңның етіне тойып ал»,- деді күліп. Астан кейін балықшылар Жалмұраттан: «Аулыңда келді - кетті не бар?»- деп сұрап еді, Жалмұрат кірпігі жыпылықтап:
─ Бай, бәйбішеден басқа... олардан басқа кісі көзіме түспеді,- деді де, іле-шала,- бай... үйінің тайлағы... сол жамалдатқыр, күнде мал қоралар кезде жоқ боп шығады...
─ Судыр Ахметтен сұрауың ғой. Ол байғұс сені талай ізге салар еді ғой!
─ Әй, қысыр әңгімені қайтесіңдер?! Жалмұрат қарағым, аулыңда қандай жаңалық бар? Болыс кім болды?
─ Жаңалық... жаңалық білмедім... Сары тайлақ жоғалып... Өзім басым қатып...
Балықшылар тағы да ду күлді. Айрықша, Рай мәз, ішегі үзілгенше күлгені сонша әлі күнге Еламанға балаша еркелейтін жігіт қасында отырған ағасының иығына асыла кетті:
─ Сендер қызықсыңдар. Жәлекеңнен әңгіме сұрап қайтесіңдер?! Онан да сары тайлақты сұрасаңдар, әлқисса ғып жырлап берер еді ғой.
Бүгін болыс сайлайтын күн болғасын бұл жақтағы жұрт құлақ түріп отырған-ды. Жалмұрат кеткесін балықшылар қайта қауқылдады. Бірі - осы сайлауда Құдайменде болыс болады деді. Екіншісі Торжымбай руының жуаны Ожар Оспан шаппай бер деді. Ояз алдында Құдаймендеден көрі соның абыройы басым көрінеді десті. Оған аналар көнбей, үй іші даурыға бастап еді. Кәрі әже құлағын басып:
─ Өй, өңшең шуылдақ! Кім болыс болғанда сендерге ауыр - жеңілі не?! Бір ел жақсысы болар,- деп еді, ертеден бері үнсіз отырған Еламан басын көтерді:
─Әй, әже - ай! Баяғы ескі көңілмен ел жақсысы дей бересің! Елде жақсы қалды ма? Қазір жаманның бағы өрлеп тұрған жоқ па?! Бір жақсының бағы артып бара жатса, бәрі соған жабылады. Су түбіне батырғанша асығады. Үйтпей қайтсін, жақсының қасында жүрсе, жұрт оның жамандығын күнде көрер еді ғой.
Есбол қария кеудесіне түскен басын изеді:
─ Иә, ел жақсыларында пиғыл бұзылған. Жаман тымағын миқитып киеді. Жаман тұғырға жарбиып мінеді. Қосшы-қолаңын ертіп, жемтік аулаған құзғындай шығады ел жағалап. Оу, осыдан басқа көсіп қылмаған жақсыда қасиет қала ма?! Қатын - баланың қамын жемей, әлі жеткендер аузындағы асын тартып алып жүр ғой, түге. Ойдай, заман-ай! Сорлы елге содыр басшы тап келіп, титықтап тұрмыз ғой, қалай да.
Төңкерген кесенің түбіне май құйған сығыр шам иістеніп, түтеп жанып, аласа жерқазбаны алакөлеңкелеуге ғана жарап тұр. Үй іші лық толы. Төрде қонақ шал. Басында қара сырмақ тақия. Ақ жаға көйлектің сыртынан қара зәгінен бешпет киген. Біреуге тіктеліп тіл қатқанда болмаса, қалған уақытта дәл бір тас басына қонған көрі күшіген тәрізденіп тобы кішірейіп, аққұйқа басы кеудесіне түсіп мүлгіп отырғаны. Рай атасының мұншалықты қартайып қалғанын бұрын неғып байқамағанына таң қалды. Еламан шолақ сары тонын киіп, тымағын алып тұрды да жүре берді.
Балықшылар қыбыр етпеді. Рай да үнсіз. Осы ағасы біртүрлі: әншейінде, ауыл - үйдің әңгімесінен бойын аулақ ұстап, түкпен ісі жоқ адамдай ештеңеге араласпай өзімен өзі жүреді. Жуас. Соның арқасында жұртта есесі кетіп, ең ар жағы кеше бай ауылдың жас мырзасына, қойнында жатқан қатынына дейін басына шығарып алғандай көреді. Еламан кеткесін қалғандар да кідірмей, бір- бірлеп тарай бастады. Есбол үй оңашарғасын бастасына бұрылды. Кемпір оның арғы жағында өзіне оңашалап айтқысы келген бір әңгіме барын аңғарды да, кимешек астынан құлағын шығарып, бастасына қарай ысырылып отырды.
─ Мырзаңды үйлендірмейсің бе? - деді Есбол. Кемпірдің түсі кіріп қоя берді.
─ Осы күнгі жас ойындағысын ойласпай істейді ғой. Сүйтсе де байқаймын... баланың көңілі ауып жүрген бір сайқал бар.
─ Қатын ба?
─ Жоқ, қыз. Бірақ, бала - ау, анау-мынау қатынға бергісіз.
─ Не дейді?
─ Шошыма! - деп кемпір жүзіне жылы нұр теуіп жымыңдап алды,- ол қызды сен де білесің. Мөңкенің әйелі - Әлизаның туған сіңлісі бар емес пе?
─ Ay, оның Әлібидің кіші қызы болды ғой?
─ Иә, сол! Ұлы болмағасын, Әліби осы қызын еркекшора ғып киіндіріп жүрген.
─ Ә-ә!..
─ Сол айналайын, қызбын деп ызылып жатпайды. Оты бетіне шығып, жарқылдап тұрған бала.
Осы арада ерке қыздың бір мінезі есіне түсіп, кемпір күліп жіберді. Сүйтіп отырып көзіне жас кеп, кимешегінің шалғайын іздеді:
─ Осында жиі келеді. Домбыра тартады. Ән салады. Кейде мойнымнан тас қып құшақтап, құлағыма сыбырлап: «Әже!.. Әжеке, саған келін болайын? Мені жібермеші»,- деп қиылады. Енді қайтейін?!
Есбол дыбысын шығармай, шиқ-шиқ күлді.
─ Қой, сен де бұзылайын деген екенсің.
Есбол іргеде жатқан шидем күпісін алып түрегелді. Кемпір онан қалмай, есікке дейін еріп барды:
─ Жыныстасың ғой! О баланың Еламан екеуіңнен басқа кімі бар?.. Ақылыңды айт! Құлағына құйып кет менің арманымды. Не ойлап жүргені бар екен?
Есбол қария қоламтада тұрған құманды алып тысқа шықты.
* * *
Ауру бала әл үстінде. Бүгін түс ауа қол-аяғы мұздады. Құр қаңқасы қалған кішкентай кеудеде тыныс сарқылып, әке-шеше үмітін үзіп барады. Талай баланы қара жерге беріп, заразат боп жүрегі шайлығып қалған анада зәре жоқ. Дауыс салуға Мөңкеден қаймығып, баланың бас жағында үнсіз егіліп отыр.
─ Әлиза, мықты едің ғой... Шыда!
Әлиза бұрын да тоғыз баласын жерлеген әйел: алты ұл, үш қызы ауыл сыртындағы қара молада. Енді, міне, бұлардың соңғы алданышы... қырықтан асқанда көтерген сүт кенжесі... Соңғы шырағы сөніп барады. Ішке Әліби кірді. Онсыз да өзін шаққа ұстап отырған Әлиза әкесін көргенде аңырап, құшақтай алды.
─ Құдай-ай!.. Не пиғылымнан таптым?
─ Балам, шаршаған шығарсың... Демал.
Әліби қызын сүйеп апарып, төсегіне жатқызды. Жанынан үлкен ақ шыт орамал алып, көзін сүртті.
─ Балам, бекем бол!.. Құдайдың салғанын көрерсің,- деп қызын жұбатпақ боп отырып, көңілшек шал қосыла жылады. Сосын өзінің осалдығын жуып-шаятын сылтау іздегендей,-біздің үйдің тентегі ере келмек боп еді...- деді.
Бұл үй таң атқанша кісіден құр болмады. Ел жата Есбол, Еламан, Рай келді. Кейінірек Дос келді. Өзге балықшылар да кезектесіп келіп қара көрсетіп жүр. Олар кешелі-бүгін Мөңкені ауру бала қасында қалдырып, ауын қарап қайтқылары кеп еді. Оған Еламан көнбеді. Ауру жанында езіліп отыра бергеннен оның қайта бір мезгіл мұз үстіне шығып қайтқанын жөн көрді. Осыған пәтуа басқан соң, Еламан таң біліне Мөңкені алып теңізге шықты. Қасында Рай, Дос, Құлтума бар. Құлтума Қабақ руынан. Оның ішінде Уақ деген іргелес отырған аз ағайын. Күнкөріс қиындап бара жатқасын ол биыл кәсіп іздеп, қатын-баласын ата қоныста қалдырып, салт басы сыбай келді. Қол жұмысына қабілетсіз болса да, айтқанды қайт етпейтін елгезек, үлкен-кіші алдында елпілдеп тұратын кішкентай, қағілез жігіт. Ептеп әңгілеу. Өлең айт десе іркілмейді. Домбыра орнына көзгелдек сұрап алып, аузын желпіп жіңішке даусы безілдеп, бебеулей жөнеледі. Сондағы айтатыны:
Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең,
Шоқытып көк есекпен желіп келем.
Ой қасқа, қасқа, қасқа, қасқа, қасқа...
Басында көк есектің кендір ноқта.
Көк есек барың болса, ырғалақта,
Ой, қасқа, қасқа, қасқа, қасқа, қасқа...
Балықшылар мұз үстінде қолы қалт еткенде оған «ой, қасқаны» айтқызып, күліп мәз болатын. Бүгін онан тыйылды. Бәрінің бағатыны - Мөңкенің қабағы. Оның күні бойы қолы жұмысқа бармай, қайғыға уланып жүргені бұлардың жанына батады. Мөңке олардың алдында сыр бермегенсіп, тістеніп шыдап бағады. Тек анда-санда күпті көңілге суық үрей шауып, басын көтеріп ауыл жаққа қарайды.
Бүгін ауға балық тәуір түсіпті. Асымдықтан ауысқан бес-он қадақты гірге өткізгісі келген балықшылар күн кештете бір- бір ит шана сүйретіп промсолға тартты. Орталарында Мөңке. Қарын үрлеп тастаған көкше мұзды тайғанақтап басып қауқылдап келеді:
─ Байқадыңдар ма, балық бүгін де аудың тайыз басына түсіпті.
─ Апыр-ай!.. Не қылса да кешелі-бүгін балық тайыздан соғып тұр-ау?!
─ Қыстағы балықта мәлім жоқ. Қашан арқасын мұз, бауырын қайыр қаққанша жосып тарта беретін әдеті ғой.
Бұлардың ілгергі жағынан, биік қар шоқалақтарды баурайлай салған ашпақ үш үй көрінді. Балық тапсыратын промсол осы. Олардан сәл берігіректе шомдап буған қамыстан іргесін тұрғызып, қара балшықты әншейін қара қотырлап ұра - ұра салған алқа бел ұзын сарай: бұл - балық тапсыратын мұзқала. Іші көлдария. Сырттан кірген кісіге шикі балықтың шырыш иісі лап береді. Қыс түгіл алты ай жазда да мұзқаланың сонау күн түспей, қара кеугімденіп тұратын түп жағынан кісі тәні түршіккендей ызғар айықпайды. Сол жақтан балық сойып жатқан әйелдердің жаулығы ағараңдады. Сырттан дабырлап сөйлей кірген балықшылардың даусын есіткен бойда мұзқаланың түкпірінен еңгезердей біреу шықты. Бұл - Федоровтың бедіретшігі Курнос Иван. Федоровтай емес, бұл өзі балықшыларға іш тартқансып, жылы шырай беріп алдынан күліп шығады. Ол осы жолы да:
─ А, Еламан!.. Еламанушка,- деп анадайдан арсалаңдап күліп келе жатқан-ды.
─ Мынаны байқайсың ба, екі өкпесін қолына алып келеді ғой,- деді Рай.
─ Осыны қойшы! Не бауыры бітіп барады дейсің?.. Дорбаңдағы бес - он қадақ балығың да көңілін босатып келе жатқан,- деді Еламан. Ішке кіргесін де ол әлдекімді іздегендей алақтап жан - жағына қарады.- Сары бала қайда?
─ Андрей ме? Осында, керегі бар ма еді?
─ Мына балықты қабылдамай ма?
─ Мен қабылдаймын ғой. Кәне, бері жүріңдер! Еламанға мынаның жалақтаған түрі ұнамады.
Өздерінің жазу - сызуға шорқақтығын пайдаланып, балықты ылғи кем жазады. Еламан оған қайырылмады. Мұзқаланың түп жағындағы үлкен есікке кіріп кетті де, іле-шала шашы жалбыраған ұзын бойлы сары жігіт екеуі күліп шықты. Бұл - осы промсолда қара жұмысшы. Қыста мұзқалаға мұз үйеді. Балық қабылдайды. Жазда балықты ыстайтын да, тұздайтын да осы.
Қазіргідей теңіз әлі қата қоймаған аласапыран абыржыда жұмыс аз. Көбіне қол бос. Сондайда осы сары бала салып ұрып қазақ аулына барады. Оның қарапайымдылығын ұнататын қазақтар көрген жерде «сары бала» деп оған кәдімгідей іш тартып тұратын. Андрей де балықшыларды көрсе үйіріле кететін бауырмал. Қазір де жайраңдап күліп, балықшылардың мұздай қолын бір- бір қысты. Еламанды оңашалап шетке алып шығып «Мөңкенің, бәрәшүгі қалай?»- деп сұрады.
Бұлар азын-аулақ балықты тапсырып, сыртқа шыққанда, анадай жерде бір топ қара киімділер тұр екен. Ішінде промсол ұстайтын бай орыс. Қаталдығына қарап, бұл өңір оны «Тентек Шодыр» дейді. Биыл күз жел - құзды болды да, мұз қатпай, абыржының аяғы ұзаққа созылып, Тентек Шодыр ұрынарға қара таппай жүрген-ді. Бұндайда Еламан оның көзіне түспеуге тырысатын. Көріп тұрып соқпай кетудің тағы да ретін таппады да, амалсыздан қорқа-қорқа барып еді:
─ Ну... балық қалай?- деді Тентек Шодыр.
─ Қырсыққанда, мұз...
─ Немене, балық жоқ па?
─ Аз.
─ Аз?
─ Ие, аз. Кісі басына қырық - отыз қадақтан тапсырдың.- Федоров сөніп қалған трубканы күректей шеңгелімен сығымдап ұстап, ұзын қоныш етік киген аяғын әр кездегідей шіреніп, қара жерді нығарлай басып тұр.
─ Көріп тұрмын, азғантай балықтың жарым - жартысын өздерің әкетіп бара жатырсыңдар...
─ Тақсыр, асымдық...
─ Бұл жаққа мен иман іздеп келгенім жоқ. Ендігі жерде менен ұлықсатсыз бір шабақ алмайсыңдар.
─ Тақсыр... бұл қалай?
─ Солай! Қашан көп балыққа кенелгенше, жалғыз шабақ... есіттің бе, сыңар шабақ алмайсыңдар. Үйлеріңе алып бара жатқан ана балықты тапсырыңдар!
Еламан осы орыстан қорқатын. Оған кездескенде назарын тіктемей, кезін төмен сала беретін. Осы жолы әдеттегі именшектігін ұмытып, орыс байының алдында безеріп алды.
─ Жарайды, тақсыр.
Сүйдеді де, бұрылып жүре берді. Анадай жерде өзін тосып тұрған балықшыларға бара сала Мөңкеден басқаның балығын түгелдей лабазға апарып төге салды.
─ Еламан қарағым - ау, мұның не?
─ Бала-шағамыз аш жата ма?
─ Менде не тұр?.. Ана сары сайтанға айт.
Орыс байының анадай жерге ұзап кеткенін көрген Құлтума күшке мініп, едіреңдеп шыға келді.
─ Әй! Әй, мені жаратқан жалғыз Құдай қарашекпеннің байы емес еді ғой. Бұл қай қорлағаны? Жібер қолымды!
─ Өшір үніңді. Жүр - р!- деді де, Еламан кішкентай қағілез жігітті дедектетіп сүйрей жөнелді.
* * *
Күн екіндіге тақау еді. Салт атты біреу Бел - Аранның кезіне ілікті. Өкше ізі Көлқора. Астындағы қара білек мықты торы ат қатты терлеген. Омырауын қырау шалып, тықыр түгі тегіс қылаңданып бусанып алған. Сонда да жүріске берік. Бел - Аранның кезіне ентікпей сыдыртып шықты. Осы арада ат үріккендей қос құлағын тігіп, өкпе тұста қалып бара жатқан оба тасқа осқырына қарады.
Шидем күпілі, сеңсең тымақты, бұжыр қара кісі ат.үріккен жаққа жылан көзін жылдам тастады да, тізгінін тежеді. Бел - Аранның кезіне шыққанда бар өңір көз алдына жайылып сала берді. Айрықша, Бел - Аранның ығында отырған төрт-бес ауыл түп-түгел көз алдына келді: иек астында Пірмән, Шірмән. Онан әрегіректе, биік жар кемердің ұшар басында балықшылар аулы. Ал, олардан да гөрі әрегіректе, теңіз жағалауындағы ығы мол нар шоқалақ арасында Әліби қыстауы. Судыр Ахметтің қыстауы да сол маңда.
Ал, теңізден былай, қырға қарай шықсаң - шағыл құм - Ақбауыр жатыр сұлап. Құм арасында құдық көп, шөбі де шүйгін болғасын Абыралыға қараған бай ауыл қыстауын осы құмның іргесіне тақап салған-ды. Кешкі тымықта бай ауылдың түтіні аспанға тік шаншылып, суыт келе жатқан жолаушыға көш жердей «мен мұндалап» тұрғандай. Осы жақтан үрген иттің даусы естіледі. Қораға қамаған қойлар маңырап, сиырлар мөңіреп, түйе боздап, малды - жанды ауылдың дағдылы әбігерін танытты. Әне, тай мінген бір бала төбе басына шауып шықты. Тайдың басын тежеп, айнала өңірге көз жіберді. Іздеген жоғын көрді ме, кенет бала тайдың басын бұрып, құнжыңдап тебініп қалды да, теңіз беттегі бұйратқа құйғытып шаба жөнелді.
Жолаушы атының басын Ақбауырға бұрды. Өзі аса ірі. Екі тізесі аттың екі құлағын қаққандай. Күпінің ұзын жеңінен қамшы ұстаған қолы көрінбейді. Шидем күпілі сом дене ерге құйын тастағандай. Сонан күн бата бергенде салт атты жолаушы биік ақ шоқалақтың ық бетіне арқасын тірей отырған бай ауылдың шетіне ілікті. Бір атадан тараған бұл ауылда асыранды итте есеп жоқ. Үй басына бес-алты маң төбет, дорбауыз қайық қаптал мен қасқыр алатын дегдар тазыны аталас жігіттер бір- бірінен асырғысы кеп, бәсекелесіп асырайтын. Осы ауылдың итінен қорыққан көршілес ағайынның қатын-баласы аяқ баспайды. Ер жүрек жігіт те бұл ауылдың қызын оятам деп дәме қылған емес.
Жолаушының қарасы көрінгенде шеткі үйден саққұлақ, ақ қаншық шәу етті. Сол сол-ақ екен, әр үйден он - ондаған ит шығып, арсылдап аттылы кісіге ұмтылды. Бірақ мынау айылын жияр емес. Кең күпінің мол шалғайын қымтап, тақымына басып алды. Сосын дойыр қамшыны оң қолына қымқыра ұстады да, бұлаң құйрық бүлкекпен ел шетіне кіре берді.
Ат басын туралаған еңсесі биік үйдің есік жақтағы екі терезесінен от жылт етті. «Ә, Алдекең ауыз ашуға отырған екен»,- деп ойлағанша болмай шұнақ құлақ, күж қара төбет аттың мінер жағынан арс етті. Жолаушы бұрылған жоқ. Әншейін жасқай салғандай, қамшысын сілтеп еді, қара төбет оған қайтпады. Кісіге шапқандағы машықпен алдыңғы аяғын аттың сауырына тіреп, жолаушының сырт жағынан арс етіп шапши бергенді. Жолаушы бұл жолы әлгіден кәрі қамшыны қаттырақ сілтеп қағып жіберді. Қамшы иттің қақ тұмсығына тиіп, қара төбет тымақтай ұшып түсті. Бірақ тайдай қызыл қайың қаптал оған қараған жоқ, бұ да осындайдағы жаужүректігіне басып, сояудай - сояудай тістерін ақсита ұмтылып еді, жолаушы оны да бір қағып, ұшырып түсірді де, жөніне тарта берді. Сосын қой қораны сыртынан айналып өтіп, әлгіде екі терезесінен от жылт еткен үлкен үйдің алдына атын байлады.
─ Кеш жарық!
─ Уа, қай баласың?.. Ә, Кәленбісің?! Көзім көрмей жатыр. Сені сирағыңнан танимын ғой. Құста көкқұтан, адамда сен сирақтысың ғой,- деп бурыл сақалды, бұғақты семіз қара шал кеңкілдеп күлді де, сыртында жатқан жастыққа шалқалап құлай кетті.
Бұл Құдайменде мен Тәңірбергеннің ағасы - Алдаберген. Кеше осы елдің тері-терсегі мен жүн - жұрқасын жиып сауда-саттық істеген кісі. Қалтасы қалыңдаған бір кезде болыстыққа таласып, қыруар малды желге шашып, ақырында жер соғып қалды. Сонан бері тәубаға кеп, дүниеуи әңгімеден тыйылып жүр.
─ Ay, шалғайың жыртылмапты ғой! Әлде ауыл адамының біріне ілесіп келдің бе?
─ Жоқ, өзім келдім.
─ Апыр-ау,нанайын ба, жоқ па? Ана үйлердің иті болса бір сәрі... бұл ауылға келген кісіні біздің үйдің Аламойнақтары шаужайдан бір алып қалатын еді ғой. Аузы бір іліксе Аламойнақтар арыстан ғой! Онсын аузында кісінің саны кетеді, не шалғайын әкетеді, ха-ха-ха!
Кәлен мырс етті. Аулына келген кісіге баласынан бұрын итін мақтайтын бұл әулеттің әдеті.
─ Шыныңды айтшы. Тек жасырма!.. Аламойнақтың тісі қай жеріңе тиді?
─ Әй, Алдеке - ай, күшігінен қолда өсіргесін дәріптей бересің ғой. Әйтпесе, Аламойнақ дегенің де ала күшік емес пе? Күшік кісі қауып не қиратсын?!
─ Тәубе!.. Сұбыхан Алла! Саған дауа болмас.
Кәлен сараң шалдың жоғары шық, дәм тат деп айтпасын біліп, есік жақтан кеткісі келді де, самауыр құйып отырған жас келіншек - Алдаберген софының былтыр үйленген, ел арасына «Ақ туша» атанған үшінші әйелінің жанында жатқан тері тулаққа тізе бүкті. Аяғында бітеу бас етік. Үстінде шидем күпі. Бұл өңірдің үлгісінен бөлек тігілген жалпақ төбе, елтірі қара тымақтың құлағын шарт байлап алған екен. Тымақтың жалбыр жүнінен Кәленнің бұжыр қара беті жарылып көрінеді. Бауырсақ шайнағанда қалың тымақ астында шықшыт сүйегі бүлкілдеп, қасы, қабағы қозғалып, бір сондай қатты ынтымақ, қауырт қимылды танытқандай. Алдаберген оның осы түріне шошына қарады. «Оңаша жерде кездессе, мынау ма... мына ұры кімді де аямас».
Кәлен бұл үйде айналмай, тез шықты да, тура Құдаймендеге барды. Алдабергендей емес, Құдайменде қонақасыға мырза. Әсіресе, пейілі түскен кісіге ағыл - тегіл. Күні бойы аттан түспей, қарны ашып келген Кәлен осы үйден асқа тоятынын біліп келген-ді. Құдайменде сәлемін салқын алды. Және бұған сыртын беріп, теріс қарап отырып ысылдап, пысылдап етігін кие бастады.
─ Бір жаққа жүргелі жатырсың ба?
─ Шаруа бар. Ал, кәне, маған не айтасың?
─ Әңгіме көп. Тек, көңіліңді аулап сөйлейін бе, әлде ащы да болса ел арасынан көріп келген шындықты айтайын ба?..
Құдайменде бір етікті аяғына киіп, екінші етікті енді кигелі қолына ұстай берген-ді. Ту сыртында отырған Кәленге ол бар денесімен біржолата бұрылды.
─ Сенің нағашың ел жайлауға көшкенде құсаған, бақырауық түйесіне жаман жаппасын артып, жұрттың соңында қалатын, әлгі, ана, Қарабас Кәрібай еді ғой. Соған тартпасаң қайтсін?! О да барған аулының итін сабайтын-ды.
─ Е, итті сабаса қайтеді? Қатын мен итті қазақтың қай еркегі сабамап еді?!
─ Қой әрі! Иттерді сабап, ауыл үстіне қамшы үйіріп, бізге істеген бұл қай қырың?- деп Құдайменде бұған енді түйіле қарады.- Сен бір әңгімені бықсытып, шетін шығарып отырсың. Сыртымнан мен жөнінде бірдеңе дейтін көрінесің?.. Соны өз аузыңнан есітейін. Ер болсаң, қане, өзіме айтшы!
Е, енді белгілі болды: бұның неге қырысы тарқамай, қыржиып отырған себебін енді білді. Осыдан үш-төрт күн шамасында Құдайменденің «алып кел», «барып келінде» жүрген бір жігіті Кәленнің үйінен түстік жеген-ді. Дастархан басында біраз кісі - қара отырған. Оңнан, солдан жиналған кісілердің алдында әлгі Ебейсін имансыз Құдаймендені жер-көкке сыйғызбай мақтап ала жөнелсін. Кәлен басқа бір әңгімеге бұрғысы кеп еді, оған Ебейсін көнбеді. Көнбегені былай тұрсын, әлгі әлгі ме, енді оны тіпті көкке көтеріп:
─ Несін айтасың, бұл өңірде Құдекеме тең келетін жігіт туған жоқ,- деп жынына тигені. Кәлен шыдамай:

You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қан мен тер - 1 - Ымырт - 03
- Parts
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 01
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 02
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 03
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 04
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 05
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 06
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 07
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 08
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 09
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 10
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 11
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 12
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 13
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 14
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 15
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 16
- Қан мен тер - 1 - Ымырт - 17