Latin Common Turkic

Оцеола — Семинолдар Көсемі - 22

Total number of words is 4159
Total number of unique words is 2263
35.4 of words are in the 2000 most common words
48.9 of words are in the 5000 most common words
57.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
шалқамыздан тастап, жерге қағылған қазықтарға мықтап тұрып керіп
қойды.
Мұндай жағдайда қосты да, ағаштарды да, тіпті өзіміз жатқан жерді
де көре алмайтынымыз өзінен-өзі түсінікті.
Мұндай қинау қандай жағдайда болмасын азапты етер еді. Жаралы
қолым жаныма қатты батты. Төңірегімізге қосынның барлық
тұрғындары жиналды. Еркектер алдымыздан ертерек шыққан, енді
керулі жатқан біздің маңайымызға əйелдер де топтаса бастады.
Олардың ішінде үндіс əйелдері де кездесіп қалады, бірақ бір таң
қалғаным, əйелдердің көпшілігі Африкада туып-өскен мулат, самбо
жəне зəңгілер еді.
Олар жан-жағымыздан қоршап, бізді келемеж етіп, ойларына
келгенін істеді. Кейбіреулері тіпті азаптай бастады: бетімізге түкірді,
шашымызды жұлып, етімізге тікен сұққылады. Мұны олар өздерінше
масаттана, қуана шыңғырып жүріп атқарды. Испан тілі мен ямасси
тілінің қойыртпағы секілді көрінген белгісіз бір жаргонда тынымсыз
оттай береді. Джекке де оң көздерімен қараған жоқ. Өңдерінің бір
түстілігі салпы етекті сайтандардың аяушылығын туғыза қоймаған
тəрізді. Қара да, ақ та алапат ашу-кектің тең құрбаны болады.
Қойыртпақ сөздердің бірсыпырасын түсінген секілдімін. Испан тілін
білетіндігімнің арқасында ақыры, бізге не істегелі тұрғандарын
ұққандай болдым.
Қуанатындай ештеңе жоқ: бізді бұл қосқа азаптау үшін əкеліпті.
Тəрізі,
осы
уақытқа
дейін
көрген
қорлығымыз
оларды
қанағаттандырмаса керек. Енді алда одан да ауыр азаптар күтіп тұр.
Бізді мынау ашулы топтың алдында масқаралап өлтірмек, ал əлгі
мыстандар біз тартар азаптан лəззат алмақшы. Табанда өлтіріп
тастамай, тұтқынға алған себептері де сол.
Сонда біз кімнің қанды шеңгеліне түстік екен? Шынымен ол да
адамзат пендесі ме екен? Шынымен-ақ үндіс болғаны ма? Бұған дейін
өз тұтқындарын қинап көрмеген семинолдар ма осы?
Менің сұрақтарыма жауап бергілері келгендей, айналамыздағы
жабайылар шулап қоя берді. Барлық дауыс бір арнаға тоғысып, бір
сөзді ғана қайталайды:
─ Мулатто-мико! Мулатто-мико! Мулатто-мико жасасын!
Ат тұяқтарының дүбірі салт атты жасақтың келгенін əйгіледі.
Жақында ғана шайқасқа қатысқан, өзімізді жеңіп, тұтқынға алғандар
осылар. Түнгі жорықта бізбен бірге күзеттің бірнеше адамдары ғана
болды да, қосқа бізді солар алып келген-ді. Жаңа келген адамдар қолға
түскен қару-жарақтарды жинап, өлген жауларды тонап алу үшін ұрыс
алаңында кешеуілдеп қалған бас отрядтың жауынгерлері болып
шықты.
Жап-жақын жерде тұрса да мен олардың жүзін көре алмадым. Əлгі
бір көп мағыналы сөзді естіп жата бердім.
─ Мулато-мико! Мулатто-мико жасасын!
"Мулатто-мико" деген лақап есім маған жақсы таныс болатын,
сондықтан бұл айқайды тітіркеніп, жиіркенішпен қабылдадым. Енді
менің қаупім шыңына жетті.Тағдырдың сұмдығы күтіп тұр. Егер қазір
қасыма нағыз жаналғыштың өзі келіп тұрғанмен, дəл мұндай шоши
қоймаған болар едім.
Тұтқын серігім де осыдан қауіптеніп жатқан-ды. Біз қатар
жатқандықтан, тілдесуге мүмкіндігіміз болды. Болжамымызды
салыстыра келіп, оның толық сəйкес келетіндігін аңғардық.
Ұзамай бұған ешқандай күдігіміз қалған жоқ. Құлақ түбінен бұйрық
берген дөрекі, өктем дауыс естілді. Сол дауыстан əйелдер жан-жаққа
бытырай қашты. Арт жақтан біреудің ауыр аяқ алысы естіліп, əлгі адам
тура алдыма келіп тоқтады. Келесі сəтте оның көлеңкесі бетіме түсті.
Қарсы алдымда Сары Джектің тап өзі тұрғанын көрдім!
Шын сықпытын жасырып тұрған бетінің бояуына, маржан қадаған
жейдесі мен белбеуіне, оюлаған шалбарына, басында ырғалып тұрған
үш қара қауырсынға қарамастан, мулатты бірден таныдым.
ХСІІ тарау
ТІРІДЕЙ КӨМІП, ТІРІДЕЙ ӨРТЕУ
Екеуміз де онымен кездесуге əзір болатынбыз. "Мулатто-мико" деп
жамыраған айғайлар мен өзіміз естіген дөрекі дауыс бұл кездесудің
болатындығын ескерткендей еді. Оған көзім түскенде-ақ жаным
түршігіп кетер деп ойлап едім, бірақ керісінше болып шықты. Мүлдем
сескенген жоқпын, қайта, тұнжыраған қабағының үстінде ырғатылған
үш қара қауырсынды көргенде қуанғандай белгісіз бір сезімге
бөлендім.
Ызалы күлкісін де естіген жоқпын, ашулы көзқарасын да
байқамадым. Мен тек түйеқұс қауырсындарынан көз алмадым. Бүкіл
ақыл-ойымның темірқазығы солар тана сынды. Қауырсындардың
король-мулат басында ырғалуы көп құпияның сырын ашып берді.
Көкірегімдегі жалған күдік лезде тайып болды. Өзім мақтан тұтатын
батыр жəне құтқарушым сатқын болмай шықты. Оцеола опасыз емес!
Соны ойлаған кезде, төніп тұрған қатерді де ұмытып кеттім десем
болады. Бірақ мулаттың даусы ойымды бөліп жіберді.
─ Сайтан алғырлар! - деп айқайлады ол. Үнінен ызалы кекесін
білінеді. ─ Ақыры кек қайтаратын болдым-ау! Екеуіңнен бірдей, қара
өңдіден де, ақ нəсілдіден де, қожайыннан да, құлдан да,
азаптаушымнан да, бақталасымнан да кек алатын болдым! Ха-ха-ха!
Бұлар мені ағашқа байлап қорлады ғой, - деді ол қырылдай күліп, ─
өртеп жібермек, тірідей өртемек болған! Енді кезек сендерге келді! Бұл
маңда ағаш көп. Жо-жоқ, менің жоспарым басқаша. Иə, сайтан алғыр!
Тамаша жоспар. Тұтқындардың кейде өртер жерден қашып кететіні
болады. Ха-ха-ха! Жоқ, өртемес бұрын алдымен сендерге бірсыпыра
қызықты көрсетіп аламыз. Əй, жігіттер! - деп айғайлады ол өз
адамдарына. ─ Мыналардың қолдарын шешіңдер, екеуінің де бастарын
көтеріп, қосқа қаратып отырғызыңдар... Жетеді, жетеді, міне, енді
дұрыс болды. Ал ақ ит пен қара ит, қараңдар! Анау жақтан не
көрдіңдер?
Оның бұйрығы бойынша бірнеше адам жерге қағылған қазықтарды
суырып алып, қолдарымызды шешкен соң, басымызды көтеріп, қосқа
қаратып отырғызып қойды.
Аппақ таң атып, күн жарқырап тұрған. Біз бүкіл қос маңын,
шатырларды, аттарды жəне түрлі-түсті киім киген қалың жұртты анық
көрдік.
Бірақ біздің назарымыз ол жақта емес еді. Бар назарымыз тек екі
адамға ауды: ол қарындасым мен Виола болатын. Олар əнеу күні түнде
көрінген қалпында көз алдыма қайта келіп, тұра қалды. Басын төмен
салған Виола, оның тізесіне басын сүйеп Виргиния отыр.
Екеуінің де шаштары қобырап, сүмбіл қара шаш алтын түстес
бұрыммен қосылып кетіпті. Айнала күзетшілер тұр. Қыздар, тəрізі,
біздің мұнда екенімізді білмейтін сияқты.
Кешікпей Сары Джек біздің осында екенімізді тұтқын қыздарға
хабарлау үшін қызметшілерінің біреуін жұмсады. Жіберген адам
қастарына барғанда, қыздардың селк ете қалғанын көзімізбен көрдік.
Олардың жанарлары біз жаққа қадалды. Шыңғырған қатты дауыс
естілді: олар бізді таныған еді.
Екі қыз қосарлана шыңғырды. Қарындасым атымды атап
айқайлады. Мен де үн қаттым. Ол ұшып тұрып, жандəрмен алақанын
соғып, маған қарай тұра жүгірмек болды. Бірақ күзетшілер бас салып,
оны басқа жаққа сүйреп əкетті. О, тоба, бұдан өткен сұмдық көрініс
болмас! Бəлкім, бұдан өліп кеткенім жеңілдеу болар!
Одан əрі қарауға мұрша бермеді. Бізді қайтадан шалқамыздан
жатқызып, қазықтарға таңып тастады. Мулат үстімізге төніп, небір
былапыт сөздерді жаудырды-ай. Бəрінен жаманы, қарындасым мен
Виоланың арына тиер сөздер айтуда. Соның бəрін естіп жату не деген
қорлық еді! Егер құлағымызға қорғасын ерітіп құйған болса, тап
осындай қиналмаған болар едік.
Оның үні өшкен кезде, едəуір жеңілдеп қалғандай болдық.
Бізді өлтіруге дайындық басталды. Жатқан жерімізге қолдарына
күрек, қайла ұстаған бірнеше адам келді. Бұлар зəңгілер ─
плантацияның байырғы баптаушылары болатын: күрек ұстауды
жақсы біледі. Зəңгілер жанымызға келіп, ор қаза бастады. О тоба,
шынымен тірідей көмейін дегендері ме? Басымызға ең алдымен
осындай ой келді. Сұмдық өлім, бірақ қателесіппіз. Сұмырай бізді
өлтірудің одан да қорқынышты түрін ойлап тапқан көрінеді.
Зəңгілер кəнігі қабіршідей үн-түнсіз, сұсты қабақпен өз жұмыстарын
жалғастыруда. Мулат қастарында нұсқау беріп тұр. Ол шексіз қуаныш
құшағында, біресе біздің намысымызға тисе, біресе жендет міндетінде
қандай тапқырлық көрсететіндігін айтып мақтанумен болды. Жағалай
тұрған əйелдер мен жауынгерлер оның тауып айтқан сөздеріне мəз
болып, кейде сол сөз тапқырлыққа өздері де үлес қосуға талпынады.
Сондайда бəрі де жынданғандай жыртыла күледі. Тозақ қақпасында,
еңкейіп, тұп-тура бетімізге қарап жыртақтап, азап шегуімізден өздері
ерекше лəззат алғандай масайраған, бет-ауыздары сан құбылған жынперілердің ортасында тұрғанымызды оп-оңай елестеткендейміз.
Олардың арасында семинолдардың тым аз екендігін аңғардық.
Мұнда қап-қара дерлік үндістер бар болатын. Олар бір кезде
семинолдар жаулап алған, кейін солардың ішіне сіңіп кеткен ямасси
тайпасының адамдары. Көпшілігі зəңгі, самбо, мулаттар ─ испан
марондарының66 ұрпақтары, сондай-ақ америка плантацияларынан
қашып келген құлдар болатын. Соңғылар коп болса керек, өйткені аратұра ағылшын сөздері естіліп қалады. Осы бір қырық құрақ тобырдың
арасында біздің құлдардың да бар екені сөзсіз, бірақ олар бізге
жақындаған жоқ. Ал мен тек бетіме төнгендерді ғана көре аламын.
Жарты сағатқа жетпей көр қазушылар өз жұмыстарын бітірді.
Жерге ағаш бағаналар қағылып өртеу үшін бізді сол жерге сүйреп ала
жөнелді.
Бұрылуға мұршам келген кезде, қарындасым мен Виоланы көрген
жаққа қарадым. Бірақ олар енді көрінбеді. Оларды шатырдың ішіне
немесе қалың бұта арасына алып кеткен секілді. Қыздарға аяушылық
жасапты олар мына сұмдықты көрмейтін болды. Əйтсе де мына жауыз
қос мұңлықты бұл сұмдықты көрсетпеу үшін ғана əкетті деп
жорамалдау да қиын еді.
Алдымызда үңірейген екі шұңқыр дайын жатыр. Бірақ бұл қабір
еместұғын. Мола бола қалған күнде де, бізді тік тұрғызып жерлемек.
Қабірдің ұсқын-нобайы қандай жұмбақ болса, оларды қазушылардың
көздеген мақсаттары да сондай жұмбақ болатын. Ұзамай бəрі де
түсінікті болды.
Бізді моланың шетіне алып келіп, иығымыздан қапсыра ұстаған
бойы шұңқырға түсірді. Шұңқырдың тереңдігі тұп-тура кеңірдектен
келеді екен. Зəңгілер шұңқырды топырақпен қайта жауып, аяқтарымен
таптады. Енді жер бетінде қылтиып басымыз ғана қалды.
Жағдай, шынында да, кісі күлерліктей болатын. Егер тірідей көрге
түскенімізді білмесек, өзіміз де күліп жіберер едік.
Жабайы тобыр анда-санда қарқылдай күліп, бізді қызықтырумен
болды.
Бұдан əрі не болар екен? Тартқан азабымыз осымен тынар ма?
Осылай біртіндеп, қиналып өлу үшін енді жайымызға қалдырмақ па
екен?
Аштық пен шөл ұзамай өз шаруасын бітіруге тиіс. Бірақ, құдайым-ау,
сонда бұл жан азабы қанша сағатқа созылар екен? Кеудемізде тірліктің
соңғы оты сөнгенше мынадай сұмдық азапты əлі қанша күн тартар
екенбіз? Үрей мен жанталас күндері қанша болмақ? Жо-жоқ, жауларға
бұл азап та аз көрінсе керек.
Біз күткен өлім оларға əлі тым жеңіл боп көрініпті. Осы азапты
ойлап тапқан зұлымның кегі қайта қоймапты ─ оның бізге сақтаған
басқа, бұдан да гөрі сорақы азабы бар екен.
─ Тамаша! ─ деп айқайлады мулат, өз тапқырлығына қуанып. ─ Бұл
ағашқа таңып тастағаннан əлдеқайда тəуір. Тамаша ой ғой, о? Бұдан
қашып құтыла алмайды, сайтан алғырлар! Отты əкеліңдер!
От! Демек, енді бізді отпен қинамақ! Жүректі мұздататын осындай
сұмдық сөз естідік. Тағдыр бізге отқа оранып өлуді жазған екен!
Енді біздің қорқынышымыз шегіне жетті. Бау-бау отын алып келіп,
жан-жағымызға үйіп, сонан соң жанып тұрған шаланы отынға тигізді.
Жалын барған сайын алаулай қыза түсіп, тірі пенде төзгісіз ыстық
басыңды шала бастағаннан жаман жан түршігерлік қинау болар ма...
Сəлден соң бас сүйегімізге дейін дым қалмай өртеніп, мына жанып
біткен бұтақ секілді қара көмірге айналады.
Жоқ, бұдан əрі төзуге дəрмен жоқ! Енді тек өлім керек. Бізді жан
төзгісіз қинаудан сол ғана құтқарады. Қостың қарама-қарсы жағынан
естілген шыңғырған дауыс бұл азапты күшейте түсті. Осындай сұмдық
сəттің өзінде де Виргиния мен Виоланың дауыстарын таныдық. Біздің
қалай өлгенімізді көрсету үшін рақымсыз жексұрын оларды осында
алдырған екен. Біз оларды көре алмадық, бірақ жалынышты, ащы
дауыстарынан қыздардың бəрін көріп тұрғандарын сездік.
От барған сайын қыза түсті. Жалын жақындаған үстіне жақындап,
енді бет-аузымызды шарпи бастады. Шашым дуылдап үйітілуге
айналды.
Көз алдымдағының бəрі бұлдырап, дөңгелеп жүре берді, ағаштар
солқылдап, теңселді. Бүкіл жер беті көз ілеспес шапшаңдықпен шыр
айналды.
Басымның ауырғаны сонша, енді-енді жарылып кеткелі тұр. Миым
кеуіп қалған секілді... Естен тандым...
ХСІІІ тарау
ЖЫН БА, ƏЛДЕ ПЕРІШТЕ ME?
Шынымен өліп, енді о дүниедегі тозақты көріп жатырмын ба?
Шынымен-ақ айыздары қанған жын-перілер миықтарынан күліп, шыр
айналып жүр ме?
Ал мыналары қалай? Олар кенет тым-тырақай қашты. Біз жаққа
біреу келіп, бəріне бұйрық беріп тұр. Плутонның67 өзі болғаны ма?
Жоқ, əйел секілді. Əйел қайдан жүр мұнда?! Əлде бұл Прозерпина68 ма?
Егер бұл əйел болса, мені аяуға тиіс.
Құр үміт ─ тозақта аяушылық деген болмайды! О, қуат бере гөр
санама! Не деген сұмдық!
Мына екі əйелдің көзқарастары да мейірімді көрінеді. Періштелер
шығар. Бəлкім, мейірбандық періштелері болар? Иə, солар екен. Міне,
біреуі отқа жетіп келіп, жанып жатқан шалаларды жалма-жан лақтыра
бастады. Бұл əйел кім болды екен?
Егер тірі болсам, оны Хадж-Ева деп атар едім. Бірақ мен өліп қалдым
ғой, ал мынау соның рухы болу керек.
Қасында тағы да бір əйел тұр ─ жастау əрі сұлу. Егер періштелердің
бар екені рас болса, мынау аспандағы хор қыздарының ішіндегі ең
көріктісі болар. Маюмидің рухы болмасын?
Мынадай жын-сайтандардың жиналған жеріне қайдан келіп жүр?
Бұл ол жүретін жер емес қой. Тозаққа айдайтындай еш қылмыс
жасағам жоқ.
Осы мен қайдамын? Түсім емес пе екен? Əлгінде ғана от ішінде
сияқты едім, енді тек миым ғана солқылдайды.
Өн бойыма салқын леп тараған секілді. Қайда жатырмын?
Үстіме еңкейіп, жанымды сая таптырған қай жансың? Ақылынан
адасқан ханым, Хадж-Ева, сенбісің шынымен?
Самайымды сипап өткен мына бір сүйріктей жұмсақ саусақтар
кімдікі болды екен? Тиер-тимес сипағаны жанымды жай таптырдыау!.. Жүзіңе анықтап қарап, бар алғысымды айтайын, еңкейе түсші тағы
да... Маюми! Маюми!
***
Мен өлмеппін. Тірі екенмін. Аман қалыппын. Басыма салқын су
құйып тұрған Хадж-Еваның рухы емес, нақ өзі. Жалт-жұлт еткен
сүйкімді көздерін қадап тұрған Маюмидің өзі екен. Бұл əйелдерді
періште ме деп қалғаным тегін болмады.
─ Антұрғандар! ─ Жын тигендей тарғыл дауыс естілді. ─ Əкетіңдер
мына əйелдерді! Отты қайта жағыңдар!.. Жынданған ханым, жоғал бұл
жерден! Өз тайпаңа кет. Бұлар менің тұтқындарым! Сенің көсеміңнің
хақысы жоқ... Жоғал! Менің шаруама араласушы болма!.. Жағыңдар
отты!
─ Ямассилер! ─ деп дауыстады, Хадж-Ева үндістерге қарап. ─
Тыңдамаңдар мұны! Əйтпесе Уикомэнің қаһарына ұшырайсыңдар!
Оның рухы назаланса, жазаларыңды тартқызады. Жердің жарығына
кірсеңдер де читта-микодан құтыла алмайсыңдар! Оның құйрығының
сылдыры құлақтарыңнан кетпей қояды! Орманға тығылсаңдар
өкшелеріңді шағады... Жыландардың патшасы, осы сөзім шын ба?
Соны айтып, Хадж-Ева сылдырмақты жыланды жұрттың бəрі
көретіндей етіп жоғары көтерді. Жылан ысылдап, құйрығын
сылдырлатып, "скирр" деген дыбыс шығарды.
Мұның мақұлдаған жауап екендігіне кім күмəнданбақ? Басқалар
күмəнданғанмен, əйтеуір, ямассилер күмəнданбайды. Жыланнан
шошып, арбаушы əйелдің қадалған жанарынан қорыққан олар,
орындарында сілейіп тұрып қалды.
─ Ал, сендер, құдайдан безген əрі Уикомэден сескенбейтін қара
қашқындар мен опасыздар, осыдан тек отты жатып көріңдер! Отқа тек
біртал шыбық тастап көріңдер, тұтқындардың орнына өздерің
көмілесіңдер! Қазір бұл жерге сендердің сары сұмырайларыңнан гөрі
қаһарлы адам – нағыз көсемдерің келеді!.. Əне, Арайлы Күн! Өзі келе
жатыр! Жақындап қалды!
Ол сөзін аяқтады. Дəл сол сəтте орман жақтан ат тұяғының дүбірі
естілді. Жүздеген дауыс ұласып:
─ Оцеола! Оцеола! ─ деп айқайлады.
Бұл дауыстар менің құлағыма майдай жатып барады. Аман
қалғанымды сезген сəтте, енді бұл кідіріс, өлім алдындағы аз уақыт
қана тыныс алу болмаса жарар еді деп қауіптенгенмін. Біздің өлімнен
құтылуымыз түбегейлі шешілмеген мəселе еді. Қорғаушыларымыз
əлсіз əйелдер ғана болатын. Аяу білмес серіктестерін ертіп алған мулат
əйелдердің талабын тыңдай қояр ма? Олардың қоқан-лоққылары мен
өтініштеріне құлақ аспаған да болар еді ─ отты қайта жағып, о дүниеге
жөнелтпей тынбас еді. Егер Оцеола дер кезінде жетіп үлгермегенде
солай боп шығатыны сөзсіз болатын.
Оның пайда болуы жəне таныс дауыстың естілуі мені бірден сергітіп
жіберді. "Оцеола тұрғанда енді бізге ешқандай
Құтқарушымыз келді-ау", - деп қуандым іштей.
қауіп
жоқ.
Кешікпей оның пейілі анық болды. Ол тура қарсы алдымызға
тоқтап, ер-əбзелі əбден безендірілген, есік пен төрдей қара атынан
түсіп, қарсы кездескен жауынгерге тізгінді тастай сап, қасыма келді.
Дене бітімі қоладан құйғандай, безендірілген киімдері көз тартады.
Қиялымды сан-саққа жүгіртіп, талай рет алдаған, тап қазір тəкаппар
басына қона кеткендей жарасып тұрған түйеқұстың үш қауырсынына
көзім тағы да түсті.
Оцеола бізге жақындап, бетімізге үңіле қарады. Біздің мынадай
сықпытымызды көргенде, күліп жібере ме деп едім, бірақ жүзінен
жеңілтектіктің ізі де байқалмады. Керсінше, тым қатулы, көзінен
өзімізбен қоса қиналғандығы сезіліп тұр. Маған, тіпті қамығып
тұрғандай көрінді.
Ол бірнеше минут қозғалмастан жəне тіл қатпастан тұрды.
Екеуміздің түр-түсімізді ажыратқысы келгендей, менен көзін ала бере
жолдасыма қарады. Бізді айыру оңай еместұғын, түтін, тер, жəне
күлден екеуміз бір-бірімізден аумай қалғанбыз. Бізді тани қою қиын.
Осы сəтте Маюми Оцеолаға ақырын ғана жақындап барып, құлағына
бірдеңе деп сыбыр ете қалды. Сонан соң қайта келіп, тізерлеп отыра
қалған күйі нəзік саусақтарымен самайымнан сипады.
Маюмидің сөзін жас көсемнен басқа ешкім естіген жоқ. Ол сөздер
Оцеолата кереметтей əсер етті. Табанда өзгеріп сала берді. Ашудан көзі
жайнап, мұңлы жанарында қаталдық пайда болды. Сары көсемге
бұрылып тұрып, бір-ақ сөз айтты:
─ Сайтан!
Сонан соң көз жанарымен өртеп, күл қып жібергісі келгендей,
мулатқа бірнеше секунд тура қадала қарады. Мулат мына тесірейген
жанардан көзін тайдырып əкетуге тырысып, жапырақтай қалтырады,
бірақ үндемеді.
─ Сұмырай, сайтан! - деді Оцеола тағы. Даусын да, тұрысын да
өзгерткен жоқ. ─ Менің бұйрығымды осылай орындаған екенсің ғой?
Мен саған осы кісілерді тұтқынға ал деп пе едім? Оңбаған сатқын, құл!
Отпен қинауға саған кім рұқсат етті? Кім үйретті мұны? Əрине,
семинолдар емес шығар. Сен жəне сенің сілімтіктерің олардың атын
жамылып əрекет еттіңдер. Сен семинолдардың атын былғадың!
Уикомэ аруағы куə, мына қинаған адамдардың орнына өзіңді қойып,
күлің ғана қалатындай етіп өртеп жіберуім керек еді! Бірақ мен
ешқашан жəне ешкімді қинамауға өзіме ант бергенмін. Көзіме көрінбе,
кет! Əйтсе де жоқ, тоқта! Мүмкін əлі керек боп қаларсың...
Күтпеген шешіммен сөзін аяқтаған жас көсем, тағы да маған қарай
бұрылды.
Мулат тіс жарған жоқ, бірақ көзінен кек алуға деген құштарлық
ұшқыны сезіліп тұр. Маған ол ызалы серіктерін қарсылық көрсетуге
шақырғандай, соларға қадалатын секілденді. Бірақ олар Оцеоланың
жалғыз келмегенін білетін: орман жақтан аттардың дүбірі естілді.
Онда, жақын маңда Оцеоланың жауынгерлері тұрғаны анық. Ол "Ио-хоэхи!" деп айқайласа болғаны, дауыстан бұрын жауынгерлердің өздері
жетіп үлгереді.
Осының бəрін есепке алған сары көсем үндемей қалды. Осы сəтте
оқыс айтылған бір сөздің өзі мұның түбіне жетуі мүмкін еді.
Тұнжырап, түксиген күйі үнсіз тұр.
─ Босатыңдар! - деп бұйырды Оцеола бұрынғы көр қазушыларға. ─
Тек байқаңдар, күрекпен абайлап қазыңдар! Сəл болмағанда кешігетін
екенмін!.. Тым қашықта едім, Рэндольф! ─ деді ол маған, ─ бірақ мəнжайды ести сала құстай ұшып жеттім. Жарақатыңыз ауыр ма?
Алғыс айтып, жарақатымның қауіпті емес екендігін білдірмек
болып едім, бірақ əлсіреп, даусымның бітіп қалғаны сонша, естілерестілмес бірдеңе десем керек. Біреудің қамқор қолы сусын ұсынды.
Ішіме нəр барғандай болып, ентігімді басқан соң, ептеп сөйлеуге
шамам келді.
Бізді тез қазып алды. Ақыры қайтадан бостандыққа шытып, жер
басып тұрдық-ау!
Алғашқы қимылым қарындасыма қарай тұра ұмтылу еді. Бірақ таң
қалдырғанда Оцеола тежеп қалды.
─ Шыдаңыз! - деді ол. ─ Шамалы шыдаңыз. Сіздің қауіп-қатерден
аман қалғандығыңызды Маюми барып хабарлайды... Əне, өзі де естісе
керек.. Маюми, мисс Рэндольфке барып, атасына енді ешқандай қауіп
төнбейтіндігін айтып келші. Қазір өзі де барады. Енді бір минуттай
күте тұрсын... Бара той, қарындасым, жұбатып кел! ─ Сонан соң ол
маған бұрылып, құлағыма сыбырлады: ─ Қарындасыңызды ол жерге
əдейі отырғызып қойған. Жүріңіз, мен сізге бірдеңе көрсетейін: таңтамаша қаласыз. Бір минутты босқа жібермейік! Барлаушыларымның
белгісін естіп тұрмын. Енді бір сəт кідірсек ─ кеш боп қалады. Жүріңіз
тез! Жүріңіз!
Қарсы болмай, орманға тез бет алған көсемнің соңынан ердім.
Ол орманға кіріп, бірақ одан əрі жүрген жоқ. Əлгінде ғана өзіміз
тұрған алаңға бетін бұрып, қалың бұтақтардың арасына жасырынды.
XCIV тарау
АРЕНС РИНГГОЛЬДТІҢ ӨЛІМІ
Көсемнің не ойлағаны бар екенінен де, өзімді алда қандай қызық
күтіп тұрғанынан да бейхабар едім.
Шыдамым жетпей, мəн-жайды өзінен сұрадым.
─ Сүйгеніне қол жеткізудің жаңа жолы табылған көрінеді, - деп
жауап берді ол жымиып.
─ Сонда сүйген жігіт кім? Жігіт жүрегіне от тастаған ару кім?
─ Сəл шыдаңыз, Рэндольф, бəрін де көресіз. О, бұл бір қызық көрініс,
əбден шатысқан өте қызықты, ерсі оқиға?.. Егер қайғы араласпаса, бұл
нағыз күлкілі оқиға болар еді. Қазір бəрін де көресіз. Мұны мен сенімді
досымның арқасында ғана білдім, енді, міне, өз көзіммен көргелі
тұрмын. Осында тұрғаным, өзіңізді құтқарып қалғаным (оған енді
күмəн жоқ!), ол ─ ол ма, қарындасыңыздың ары аяққа тапталмағаны
үшін де сіз Хадж-Еваның алдында қарыздарсыз!
─ Мейірбан жан!
─ Тсс! Жақындап қалды. Аттардың дүбірі естілді. Біреу, екеу, үшеу...
Иə, солар болуға керек. Анау жаққа қараңызшы!
Нұсқаған жағына қарадым. Салт атты шағын топ орманнан шыға
келіп, алаңға қарай құйғытып шаба жөнелді. Аттарын тебініп қалып,
ұран сала айқайлап, олар қостың қақ ортасына қарай лап қойды. Бет
алған жерлеріне шауып барысымен, айқайлай жүріп, тапаншаларын
аспанға атып-атып жіберді де, алаңның қарама-қарсы жағына қарай
құйғыта жөнелісті.
Бір қызығы бұлар ақ нəсілділер еді. Бірақ оларды танитындығыма
одан бетер таңдандым. Əйтеуір, жүздері таныс... Бұлар ─ біздің
поселкенің шетке шығарлары еді. Алайда басшыларына анықтап
қараған кезде, мен үшінші жұмбаққа тап болдым. Басшылары өте
жақсы танитын адамым: Аренс Ринггольдтің нақ өзі болатын.
Үшінші кездейсоқтықтан есімді жия алмай тұрғанда, төртіншісіне
кез болдым. Мынадай тосын шабуылдан шошып кеткен зəңгілер мен
ямасси үндістері бытырай қашып, бұталарға жасырынып қалды.
Шыңғырып, қашып бара жатып, олар да пистолеттерінен аспанға оқ
атумен болды.
Бір құпиядан соң бір құпия. Бұдан не түсінуге болады?
Досыма қайтадан сұрақ қоюға ыңғайлана беріп едім, бірақ оның
қолы бос емесін, алаңдатпау қажет екенін байқадым. Ол мылтығының
қарауылын тексерген адамша айналдыра қарап тұрған-ды.
Алаңға қайта көз салып, Ринггольдтің қарындасымның жанына
барып тоқтағанын көрдім. Қыздың атын атап, жүрекке жылы тиетін
бірнеше сөз айтқанын құлағым шалды. Ол аттан түсуге ыңғайлана
берді, жолдастары болса аланда алақұйын боп шапқылап, аспанға оқ
атумен жүр.
─ Мұның соңғы сағаты соқты, ─ Оцеола соны айтып, жолбарысша
басып алға ұмтылды. ─ Əлдеқашан сазайын тартатын адам еді, ақыры
өзінің түбіне өзі жетіп тынды.
Соны айтып, ол ашық жерге шықты.
Мылтығын кезене бергенін көріп тұрмын. Ұңғысы тұп-тура
Ринггольдке бағытталды. Ендігі бір қас қағымда мылтық гүрс етті.
Оцеола "Ка-ха-куине" деп ащы дауыспен айқайлап жіберді.
Ринггольдтің астындағы ат жалт беріп, ер-тұрманын бауырына ала,
ойнақтап шыға келді. Ал шөп үстіне ұшып түскен өзі болса, ақтық демі
бітпей, тыпырлап жатыр.
Шошып қалған жолдастарының арасында айқай естілді. Не
өздерінің жаралы басшыларына, не оны атқан адамға лəм-мим
деместен, қас пен көздің арасында қалың бұтаға кіріп жоқ болды.
─ Мүлт жіберіппін, - деді Оцеола салқын ғана, - ол əлі тірі. Осы
оңбағанның кесірінен менің көрмегенім жоқ, əлі де болса кешірер едім,
бірақ өлтіруге берген антым бар. Антымды орындауға тиіспін. Ол
өлуге тиіс. ─ Осыны айтып, əлі де болса өмірден үміт еткендей,
бұталардың арасына тығылмақ болып, енді-енді кеудесін көтере
еңбектеуге талпынған Ринггольдке қарай тұра ұмтылды. Қаһарлы кек
алушының келіп қалғанын көргенде, əлгі сұмырайдың қорыққаннан
жан даусы шықты. Оның даусын соңғы рет естуім еді.
Оцеола оған бірнеше аттағанда-ақ жетіп барды. Ұзын пышақ əлеуеті
қолда бір жалт етіп, көз ілеспес шапшаңдықпен төмен шаншылды.
Ринггольдтің тілерсегі майысып, Оцеола қуып жеткен жерде сылқ
етіп құлап түсті, өлі дене бүріскен қалпында қала берді.
─ Бұл жауымның төртіншісі жəне ең соңғысы болатын, - деді көсем,
қасыма қайтып келген соң. - Өлтіремін деп ант бергендерімнің ең
соңғысы.
─ Ал Скотт ше? - деп сұрадым.
─ Ол үшіншісі болатын, оны да кеше өз қолыммен өлтірдім... Осы
уақытқа дейін, - деп сөзін сабақтай түсті Оцеола бір минут үнсіздіктен
кейін, ─ мен тек кек алу үшін шайқасқанмын жəне ойым орындалды.
Кегім қайтты, ал енді... ─ Ол ұзақ кідіріп қалды.
─ Ал енді ше? - деп қайта сұрадым.
─ Енді мені қашан өлтірсе де бəрібір.
Осы сөздерді айтып Оцеола алақанымен бетін баса құлаған ағаш
үстіне отыра кетті. Оның жүзінен дауласудың қажет емес екенін
ұқтым.
Оцеоланың даусынан жүрегінің түкпірінде бейнебір тарқамас терең
қайғы жатқандай торығушылық байқалды. Қара сөзбен жеңілдете
алмас, зілзала қайғы болатын. Мұны мен көптен байқап жүретінмін.
Мұндай кезде оны тек жеке қалдырған жөн, сондықтан мен үн-түнсіз
шеткері кеттім.
Бірнеше секунд өтпей-ақ қарындасым мойныма орала кетті. Таяу
маңда Қара Джек те Виоланы кеудесіне қысып, жұбатумен болды.
Оның байырғы бəсекелесі еш жерден көрінбеді. Əлгіндегі жалған
шабуыл кезінде қарауылдағы адамдармен бірте Сары Джек те орманға
қашып кеткен-ді, енді жұрттың көпшілігі өз қостарына қайтып
келгенмен, сары көсем із-түзсіз жоғалды.
Оның жоғалғаны Оцеоланың күдігін күшейтті. Алымды күш-қуат
бойына қайта оралды. Ол жауынгерлерін шақырып бірнешеуін
мулатты іздеуге аттандырды. Бірақ олар əлгіні еш жерден таба алмай,
қайтып оралды. Жауынгерлердің бірі істің мəн-жайын былай ұқтырды:
Ринггольдтің қасында бес серігі болған. Ал жолды мұқият барлап
қараған кезде, үндіс алты аттың ізін шалған.
Бұл хабар, тəрізі, Оцеолаға онша жақсы əсер етпеген болуы керек. Ол
жауынгерлерін қуғынға қайта жіберіп, қалай болғанда да, мулатты
алдына не тірі, не өлідей жеткізуді бұйырды.
Бұйрықтың қатаң берілуі, Сары Джектің адалдығына Оцеоланың
күмəн келтіре бастағанын білдіретін еді. Көсемнің күдігіне
жауынгерлер де қосылатын секілді.
Соңғы кезде көп қиыншылықты бастан кешірген отаншылдар
партиясы едəуір əлсіреп қалған еді. Соғыстан титықтаған жəне
аштықтан əбден ашынған бірнеше шағын тайпалар Оматла
тайпасының үлгісімен қарсыласуды доғарды. Бұған дейін үндістер
шайқастардың бəрінде жеңіске жетіп келген-ді. Бірақ олар ақтардың
күш жағынан басымдықтары бар екендігін жəне ерте ме, кеш пе
шешуші жеңіс солар жағында болатынын түсінетін. Ұзақ жылдарға
созылған əділетсіздік пен езгіден туған кек, ашу-ыза алғашқыда
үндістердің рухын көтергенмен, бірақ кектері қайтқан соң олар соны
қанағат етті. Отанды сүю, ата-баба топырағына деген құрмет,
патриоттық сезім - осының бəрін таразының бір басына салғанда,
екінші басына сөзсіз жəне толық құрып кетудің қаупі тұра қалған-ды.
Амал не, екінші жағы басым түсті.
Тежеу бермес арын біртіндеп басыла берді. Бітімге келу жөнінде
келіссөз жүргізіле бастады. Үндістер қаруларын тастап, басқа жерге
қоныс аударуға келісім беруге мəжбүр болды. Өз халқына Оцеола да не
бола алмаған болар еді: семинолдар бітім шартын лажсыз
қабылдайды. Көсемнің де оларды тежей қоюы неғайбыл Болашақты
алыстан болжаған асқан дарын иесі өз жауларының ерекшеліктері мен
күш-қуатын жақсы білетін. Ол өзінің тайпаластары мен отанының
басына төнген қауіп-қатерді алдын ала білді. Шегінерлік жер жоқ-тын.
Осынша қамығуының басты себебі де қиын-қыстау заманның төніп
келе жатқандығын күні бұрын сезгендігінде болуы керек. Бұл оның
барлық іс-əрекетінен, сөйлеген сөздерінен білініп тұрды... Бəлкім,
бұған жеке басының қайғы-қасіреті де ─ ешқашан өзіне жар ете
алмайтын қызға деген азапты əрі үмітсіз іңкəрлігі де қосылған болар.
Жас көсем қарындасыма таяп келген кезде қатты абыржыдым. Тіпті
қазірдің өзінде де жүйкемді жегідей жеген күдік шырмауынан арыла
алмай, оларды көз жазбай бақылап тұрмын.
Бірақ күдігім бекер боп шықты. Не Оцеола, не қарындасым күдік
тудырарлық қалып сездірмеді. Жас көсем өзін кішіпейіл əрі əдепті
ұстады. Ал қарындасымның көзқарасынан тек шексіз алғыс сезімін
ғана ұққандай болдым.
─ Мисс Рэндольф, өзіңіз куə болған қолайсыз жағдай үшін сізден
кешірім сұрауға тиіспін. Бірақ ол адамды аман жіберуге болмайтын еді.
Бикеш, бұл сіздің ғана емес, біздің де ата жауымыз болатын. Сізді əйел
етуге көндіремін бе деген үмітпен, ол мулаттың көмегімен ─ əлгіндей
жалған шабуыл ұйымдастырды. Бірақ одан ештеңе шықпаса, ол бет
пердесін сыпырып тастап, тұп-тура.. Онда сізге не істейтінін айтып
жатқым келмейді... Дер кезінде жеткенім мұндай жақсы болар ма!
─ Азамат екенсіз, Оцеола! - деді Виргиния. ─ Сіз бауырым екеумізді
екі мəрте ажалдан алып қалдыңыз. Бұл жақсылығыңызды қалай
қайырар екенбіз? Оған тіпті тіл де жетер емес... Сізге деген ақ
ниетіміздің белгісі ретінде тек мынаны ғана ұсына аламын.
Ол осыны айтқан соң, көсемге жақын келіп, омырауында тығулы
жүрген бүктеме қағазды ұсына берді.
Оцеола бұл құжатты бірден таныды: бұл əкеден қалған жерге
қожалық етуге құқық беретін шарт еді.
─ Рақмет! - деді ол мұңая күліп. ─ Бұл, шынында да, риясыз
достықтың куəсіндей екен. Əттең, амал не? Осы бір қымбат қағазды
дүниедегінің бəрінен де артық көрген, өзінің сүйікті мекеніне жетуге
соншалық ынтық болған адам енді бұ дүниеде жоқ. Анам қайтыс
болды. Кеше ол мəңгіге көз жұмды...
Бұл Маюми үшін де тосын хабар еді. Қайғыдан қабырғасы қайысып,
көз жасын тыя алмай, қарындасымның мойнына асыла кетті. Екеуі бірбірімен көрісіп, көз жастары араласып ағуда. Орнай қалған
тыныштықты тек қыздардың өксігі ғана бұзып тұрды. Кейде басу
айтқан Виргинияның сыбырлаған сөздері естіледі. Оцеоланың
тебіренгені сонша, бір ауыз тіл қата алмады.
Бірақ бірнеше минуттан кейін ол өз-өзіне келгендей болды.
─ Құлақ салыңыз, Рэндольф! - деді ол. ─ Өткенді еске алумен
уақытты босқа өткізбейік, алдымыз ─ тұңғиық, не күтіп тұрғанын
білмейміз. Сіз кері қайтып, жаңа үй тұрғызып алудың қамына кірісуге
тиіссіз. Үй-жайыңыз өртенгенмен, ал берекелі жеріңіз өз орнында.
Зəңгілеріңізді қайтарып береді ─ ол жатынан қам жемеңіз. Ендігі олар
жол үстінде де шығар. Бұл қыз бала кідіретін жер емес, - ол
Виргинияны нұсқады, ─ өзіңіздің де бөгелмегеніңіз жөн болар. Аттар
дайын Шекараға дейін өзім шығарып саламын, ар жағында сіздер
қорқатындай ешқандай жау жоқ.
Бұл сөздерді айтқан кезде ол көп мағыналы пішінмен алаңда жатқан
Ринггольдке қарап қойды. Мен онысына түсінсем де, тіс жарып ештеңе
демедім.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оцеола — Семинолдар Көсемі - 23
  • Parts
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 01
    Total number of words is 4183
    Total number of unique words is 2301
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 02
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2170
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 03
    Total number of words is 4203
    Total number of unique words is 2259
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 04
    Total number of words is 4201
    Total number of unique words is 2279
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 05
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2271
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 06
    Total number of words is 4205
    Total number of unique words is 2302
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 07
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2308
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 08
    Total number of words is 4118
    Total number of unique words is 2321
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 09
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2197
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 10
    Total number of words is 4200
    Total number of unique words is 2257
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 11
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2253
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 12
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2274
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 13
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2345
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 14
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2214
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 15
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2203
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 16
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2269
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 17
    Total number of words is 4101
    Total number of unique words is 2162
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 18
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2265
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 19
    Total number of words is 4197
    Total number of unique words is 2152
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 20
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2232
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 21
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2209
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 22
    Total number of words is 4159
    Total number of unique words is 2263
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 23
    Total number of words is 2123
    Total number of unique words is 1352
    41.5 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.