Latin Common Turkic

Оцеола — Семинолдар Көсемі - 15

Total number of words is 4170
Total number of unique words is 2203
35.6 of words are in the 2000 most common words
51.6 of words are in the 5000 most common words
58.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Осындай ойларға жиі шоматын болдым жəне одан құтыла алмай-ақ
қойдым. Жанға бататын ауыр ойлар еді.
Айналамдағы қалың оқиғалардан шығар жол таппай, дал болып, көп
күдіктен əбден шатасып біттім. Бірақ дəл осы кезде отбасымыздың
өмірінде өзінің құпиялығы жағынан бұрынғылардың бəрінен де асып
түсетін бір оқиға тап болды. Шындығына келсек, оқиға деуге
болмайды, отбасымыздың тарихындағы жаңа тарау деген дұрыстау
секілді. Маған бір тосын сыбыс жетті. Егер ол шын бола қалса, онда
өзге долбардың бəрін жиып қою керек.
Қарындасымның Аренс Ринггольдке ғашық екендігін, дəл солай
бола қоймаған күннің өзінде, кет əрі емес екендігін естідім.
LVII тарау
МАҒАН ҚҰПИЯНЫ АШҚАН КІМ?
Осының бəрін өзіме шексіз берілген Қара Джектен естідім. Басқа
біреу айтса сенбес едім, бірақ оның сөздерінде жалғандық болған емес.
Қара Джек өте аңғарымпаз еді əрі нақты дəлелдерге ғана сүйеніп
айтатын.
Ойланарлықтай тұжырымдары бар екен, бəрін де айтып берді.
Мəселе былай болды. Бір жолы көл жағасында, кітап оқып
отырғанмын. Кенет Джектің даусы естілді:
─ Джордж мырза!
─ Не боп қалды? - деп сұрадым мен, кітаптан көз алмастан.
─ Джордж мырза, таң атқалы сізбен оңаша кездесе алмай жүрмін.
Өзіңізге айтар сөзім бар, Джордж мырза!
Джектің мұны тебіреніспен айтқаны көңілімді аударды. Жалмажан
кітабымды жауып, Джекке қарадым, өңі де даусындай өзгеріп кеткен
екен.
─ Сөзім бар деймісің, Джек?
─ Иə, Джордж мырза, егер бос болсаңыз...
─ Боспын, Джек. Айта бер, тыңдайын. "Байғұс, - деп ойладым, мұның да өз қайғысы өз басына жетіп жатыр. Тəрізі, Виола жөнінде
шағынайын деп келген ғой. Басын əлекке салып болды-ау қатыгез қыз.
Бірақ менен қандай көмек бола қойсын? Зорлықпен сүйдіре алмаймын
ғой ол қызды. Жоқ! Жылқыны суатқа бір адам жетелеп келгенмен,
қырық адам зорласа да оған су ішкізе алмайды! Тəлпіш боп өскен қыз
ойына келгенін істейді. Оған ешкімнің де уағызы жүрмейді..."
─ Сонымен не айтпақсың, Джек?
─ Отбасы мəселесіне араласқым келмейтінін өзіңіз де білесіз ғой,
Джордж мырза. Бірақ мынау қиын іс боп тұр...
─ Қай жағынан?
─ Əлгі біздің бойжеткен.. жас леди... "Джектің Виоланы "біздің
бойжеткен!" деуі қандай əдептілік" деп ойладым мен.
─ Немене, ол сені алдап жүр деп ойлайсың ба?
─ Жалғыз мені ғана емес, Джордж мырза.
─ Қарай гөр мына жаман қызды! Қой, Джек, бəлкім, саған солай
көрінген шығар? Оның опасыздығына дəлелің бар ма? Сөз салып
жүрген біреулер бар ма еді?
─ Иə, сөз салушылар қазір бұрынғыдан да көп.
─ Ақ нəсілді жігіт пе?
─ Түу, құдайым-ай! - деді Джек. ─ Сіз де қызық екенсіз! Əрине, ақ
нəсілді жігіт! Жас ледиге сөз айтуға ақ нəсілдіден басқа кімнің батылы
барушы еді!
"Шамасы Джек сұлуға өз тайпасының жігіттері сөз сала алмайды деп
ойлайды-ау" деген ой келіп, күліп жібере жаздадым. Виолоға сөз сала
алатын бірден-бір зəңгі өзі ғана екенін айтып, бірде мақтанғаны да бар.
"Иə, - деп ойладым мен, ─ демек, мұны сорлатқалы жүрген ақ нəсілді
жігіт болды-ау!"
─ Ол қай жігіт, Джек? - деп сұрадым.
─ Əй, мырзам-ай, əлгі көксоққан, Аренс Ринггольдті айтамын!
─ Немене? Аренс Ринггольд Виолаға сөз салып жүр ме?
─ Қайдағы Виола? Құдайым-ау, Джордж мырза! - деп, зəңгі көзі
шарасынан шыға таң қалды. ─ Виола туралы сөз қозғау ойымда да
болған жоқ!
─ Онда кімді айтып тұрсың?
─ Ойбай-ау, естіген жоқсыз ба, "біздің бойжеткен" дедім ғой? Біздің
бойжеткенді, жас ледиді, мисс Виргинияны айтып тұрмын.
─ Қарындасым туралы ма? Қой, Джек, ол жөнсіз əңгіме. Аренс
Ринггольдтің қарындасыма сөз салғанына неше жыл болды. Бірақ ол
оны сүймейді. Ол жөнінде қам жемеуіңе болады, достым. Виргиния
оған шықпайды. Жұрттың бəрі жек көргендей, ол да Ринггольдті
ұнатпайды, Джек, тіпті ол қарындасыма ұнай қалған күннің өзінде,
ондай некеге жол бермеймін. Бұған кəміл сенуіңе болады.
Менің сөздерім, тəрізі, зəңгіні қанағаттандырмаған болуы керек. Ол
бірдеңе айтқысы келгендей, желкесін қасыған күйі тұра берді. Мен де
оның сөзін күттім.
─ Джордж мырза, қатты айтсам кешіріңіз, бірақ сіз қателесесіз. Рас,
сұр жыланға мисс Виргинияның қарамай кеткен кезі болған. Бірақ
қазіргі жағдай басқаша: бау кеспе, суық қол кəрі əкесі өлген соң, жас
жігіт əбден байып алды. Ол енді үлкен жер иесі, қарақшылардың
ішіндегі ең дəулеттісі. Сондықтан қарт леди оның Виргинияға сөз
салуына қарсы емес жəне жиі қонаққа шақырып отырады.
─ Оны білемін, Джек. Шешем əрдайым олардың некелесуін тілеумен
келеді, бірақ одан түк те шықпайды: қарындасым ─ бірбеткей өскен
қыз, міндетті түрде өз дегенін істейді. Аренс Ринггольдке тұрмысқа
шығуға ешқашан келісе қоймас.
─ Кешіріңіз, бірақ сіз қателесесіз. Келісім жасалған.
─ Сүйікті досым, мұны сенің миыңа кім сіңіріп қойды екен?
─ Квартерон қыз - Виола. Ол маған бəрін де айтып берді.
─ Демек, Виоламен қайтадан достасып жүрсің ғой?
─ Иə, Джордж мырза, қазір достасып жүрміз. Айып менен болатын.
Ендігəрі оны қызғанбаймын. Ол жақсы қыз, оған сенуге болады. Ендігі
жерде оған еш күдіксіз сенемін
─ Қуанышты хабар екен. Ал енді сөйле, Аренс Ринггольд пен
қарындасым туралы ол не айтты?
─ Виола маған мисс Виргиния онымен күнде кездеседі деді.
─ Күнде! Аренс Ринггольдтің біздікіне келмегеніне көп болды ғой.
─ Міне, тағы да қателесесіз, Джордж мырза. Аренс мырза күн сайын
келіп тұрады десе де болады. Бірақ сіз Галлахер мырзамен бірге аңға
кеткенде немесе еріктілерді үйретіп жүрген кезде келеді...
─ Мынауың қызық екен, Джек!
─ Ол ─ ол ма, мырза? Виола айтады, мисс Виргиния мүлдем өзгеріп
кетті дейді. Қарындасыңыз енді оған ашуланбай, қайта анау сөйлеген
кезде зейін қойып тыңдайтын көрінеді. Виоланың ойынша Виргиния
оған тұрмысқа шығуға келісетін секілді. Бұл сұмдық! Ғаламат сұмдық!
─ Былай болсын, Джек, - дедім, ─ мен кеткен кезде үйде қалып,
келген-кеткеннің бəрін бақылап отыр. Ринггольд келген бойда тура
маған қарай шап.
─ Мақұл, Джордж мырза. Қам жемеңіз, оқтай ұшып жетемін!
Найзағайдай атылармын!
Осындай уəде беріп, зəңгі жөніне кетті.
***
Кісіге сенбейтініме қарамастан, зəңгінің хабарын елеусіз қалдыра
алмадым. Онда, сөз жоқ, шындық дəні бар. Зəңгі сенімді қызметші,
алдай қоюы мүмкін емес. Өтe сұңғыла, сондықтан өзі де алдана
қоймайды.
Отбасымыздағы болып жатқан жағдайдың бəрін бақылап отыруға
Виоланың мүмкіндігі бар еді. Мұндай əңгімені ойдан шығаратындай
жанына не зор келіпті? Ринггольдті біздің үйден Джектің өзі де көріпті,
ал бұл туралы маған ешкім ештеңе айтқан жоқ. Не істеу керек? Енді
Виргинияның жігіті бірден үшеу боп шыға келді: үндістер көсемі,
Галлахер жəне Аренс Ринггольд! Сонда талғамай бəріне де қылымси
бергені ме? Шынымен Ринггольдті ұнатқаны ма? Жоқ, ол мүмкін емес!
Жауынгерді сүйсе бір жөн, арман қуып, ер жүрек, сымбатты көсемге
қызықса, ол да жөн, бірақ байлығынан басқа қасиеті жоқ, шіңкілдек,
дүрдиген сноб53 Аренс Ринггольдке көңіл аударады дегенге кім сенеді
─ мүмкін бе өзі? Əрине, анамның ықпалы болғаны анық. Бірақ
Виргиния көне қояды деген ой басыма кіріп-шыққан емес. Ал егер
Виоланың айтқаны рас болса, онда Виргинияның көнгені немесе
көнгелі жүр! "Əй, шешем-ай, шешем-ай! Кімді үйіңе кіргізіп, кімді туған
ұлыңмен бірдей көргелі жүргеніңді білсең еді-ау!"
LVIII тарау
ХИКМЭН ҚАРТ
Келесі күні таңертең мен əдеттегідей еріктілер қосына аттандым.
Бұл жолы Галлахер бірге жүрді. Өйткені жасақтан ант алу54 керек
болғандықтан, біз міндетті түрде қатысуға тиіс едік.
Сыртқы бейнелерінен гөрі қарамы жағынан айбарлы көрінген
жасаққа көп-көрім жұрт жиналған екен. Бұл атты əскер болатын. Бірақ
əркім өз бетінде жарақтанғандықтан, қарулары мен мінген аттары əр
түрлі. Бəрінде дерлік винтовка бар, бірақ кейбіреулерінде американ
революциясы кезіндегі соғыста атадан қалған ескерткіш ретінде ескі
мушкеттер сақталыпты. Кейбіреулер қос ұңғылы жай ғана аңшы
мылтығымен қаруланған. Бытырамен оқталатын ол мылтықтар,
əрине, айқаста қаһарлы қару бола алмайды. Тапаншаның да барлық
түрлері ─ мыс қаптаған ауыр тапаншалардан бастап, қалтаға сыйып
кететін жалғыз жəне қос оқпанды кішкенелеріне дейін бар болатын.
Револьвер ешкімде жоқ екен. Атақты кольттар55 шекарадағы
аудандарға əлі жете қоймаған-ды.
Еріктілердің бəрінде қасапшылардың пышағындай, жалпақ жүзді,
үлкен пышақ бар.
Кейбіреулер көне өрнектер салынған қанжарлар тағып алған.
Көпшілігінде үндістердің томатавкілеріне ұқсас, белбеуге қыстырып
алған кішілеу айбалталары бар. Бұл айбалталар иесіне екі жағдайда:
орманда ағаш кесіп, жол салған кезде жəне жаудың басын қақ
айыратын кезде қажет болады.
Қару-жараққа қоса оқ-дəрі салған дорбалары, оқшантайлары
болатын. Қысқасы, бұл шекараға жақын тұратын адамдардың немесе
бұғы аулайтын əуесқой аңшының бəрінде кездесетін көр жерлер еді.
Қару-жарақтары мен көр-жерлері сияқты аттары да алуан түрлі
болатын-ды.
Мұнда сүйегі шодырайған қыршаңқы жабылар да, алыс жолға
төзімді жатаған мініс атты, биік əрі төзімді келетін андалуз тұқымдас56
жабайы жылқы, үсті-басы жұлым-жұлым əлдеқандай скваттер мініп
алған ыңыршағы айналған көтерем бие, сайыпқыран жастар,
плантатор ұлдары мініп алып, мақтанышпен сес көрсетіп жүретін,
араптың жауға шабатын жүйріктері де бар еді. Қашыр мінгендер де
көп. Ерге үйренген американ жəне испан қашырлары шабуыл кезінде
атпен тең түсе алмағанмен, жорыққа жарап жатыр.
Сор батпақта немесе құлаған ағаштар мен дауылдан сынған
бұтақтар жəне бір-бірімен жарыса, матаса өскен шырмауық басқан
жыныс ормандарда, ат жүре алмай, сүріншектеп, батпаққа бата беретін
жерлерде қашырлар, қашан да жол табады. Тəжірибелі аңшылардың
көбі аңның соңынан түскен кездерде араб жылқысынан гөрі қашыр
мінгенді тəуір көреді.
Жасақшылардың киген киімдері де ала-құла. Офицерлер толық
немесе жартылай əскери форма, ал солдаттар жағы ондай емес:
жүннен тоқылған, қызыл, көк, жасыл түсті кеудешелер, қылшық жүнді
сұрғылт, қоңыр тоқымалар; қызыл мата жейделер; қоңыр, ақ, сары
кенеп бешпет киген.
Аспан түстес көгілдір бешпет кигендер де бар! Бұғы терісінен
тігілген аңшы кеудешелері, дəл сондай мокасиндер мен шұлықтар,
жылқы немесе аллигатор терісінен тігілген қоныштары ұзындықысқалы етіктер ─ қысқасы Құрама Штаттардағы киімдердің барлық
түрін кездестіруге болатын еді. Бас киімдері де əр алуан, шымшытырық. Биік дулығалар мен кепилер кездесе қоймайды. Оның
есесіне жүн мен киізден жасалған фуражкалар мен қалпақтарды,
сондай-ақ, сабан мен пальма жапырақтарынан тоқылған, əбден
жұмарланған, етегіне ел қонғандай қалпақтарды көздеріне түсіре киіп
алыпты. Кейбіреулерінің басында көк мауытыдан тігілген, формаға
сай фуражкалар жүр. Əлгілерді əскери адамға тек фуражка ғана ұқсас
ететін секілді.
Бірақ бұл жасақтың еріктілеріне ортақ бір нəрсе бар ─ ол
дұшпанмен тезірек шайқасуға деген тежеу бермес құштарлық, бүкіл
елге осынша ойран салған жексұрын жабайылармен күш сынасқанша
асығу. "Біз қашан шайқасамыз?" ─ міне, еріктілердің аузынан шығатын
жалғыз ғана сұрақ осы.
Хикмэн қарт іскер адам боп шықты. Сайлау кезінде жасы мен мол
тəжірибесін ескере отырып, бір ауыздан сержант атағын берген.
Бірнеше рет онымен сөйлесудің де реті келді. Аллигатор аулаушы
маған баяғыдай сенімді дос боп қала берді жəне біздің отбасымызға
шексіз берілген адам еді. Сол күні өзінің адалдығын тағы да дəлелдеді.
Күтпеген жерден ойда жоқ сөзді бастады:
─ Үндістер менің бас терімді сыпырса да турасын айтайын,
лейтенант, - деді ол, ─ əлгі есек сіздің қарындасыңызға үйленеді
дегенге өліп кетсем сенбеймін.
─ Кім үйленеді? - деп сұрадым мен таң қалып, Галлахерді айтып
отыр ма деген оймен.
─ Əлгі сіздердікіне барғыштай беретін сұмырайды айтамын. Аренс
Ринггольд - қарғыс атқан адам, нағыз малғұн!
─ Ə, кімді айтып тұр десем! Ол жөнінде сөз тарап жүр ме?
─ Бүкіл аймақтың аузындағы сөз тек сол туралы. Егер мұндай іске
жол берген болсам, мені сайтан алсын, Джордж Рэндольф!
Қарындасыңыз ─ əдемі қыз, осы өлкедегі айтулы сұлудың нақ өзі. Оны
анадай оңбаған жексұрынға беру деген!.. Бұл əңгімені естігім де
келмейді, долларымен қоса құрысын! Осы сөзімді ұмытпаңыз, Джордж:
бейшара қызды өмір бойы бақытсыз етеді. Оған еш күмəн жоқ, ол
нағыз құдай атқанның өзі!
─ Ақыл қосқаныңызға көптен-көп рақмет айтамын, Хикмэн! Бірақ,
менің ойымша, қауіптенетін ештеңе жоқ. Онысынан ештеңе шықпайды.
─ Онда мына жұрттың сандалып жүргені не сөз? Егер əкеңіздің көз
көргені болмасам, бұлайша еркін сөйлемес едім. Бірақ мен оның досы
болатынмын, енді сіздің досыңызбын, сізбен сөйлескім келгені
сондықтан. Біз мұнда "үндістер ұры" деп ұран сала айқайлаймыз. Ал,
шын мəнінде, бүкіл Флоридадағы үндістердің ішінен дəл
Ринггольдтердей алаяқ, қарақшыларды іздеп таба алмайсың! Əкесі
сондай еді, ұлы да оңбады! Бүкіл зəузатымен қарғыс атқан адамдар.
Шал бір кетуін кеткен, бірақ қайда кеткені белгісіз.
Бəлкім, албастының қолына түскен шығар, жер бетінде жасаған
барлық қиянаттары үшін əлі ұзақ уақыт тозақтан шыға алмас. Өзеннің
арғы бетіндегі метистерге жасаған зорлық-зомбылығы үшін-ақ жүз есе
жазасын тартады.
─ Пауэллдер отбасын айтасыз ба?
─ Иə, ол əлемдегі ең шектен шыққан əділетсіздік болды. Өз өмірімде
ондай сұмдықты естіген емеспін. Сайтан атымен ант берейін.
─ Демек, болған жайды біледі екенсіз ғой?
─ Əрине, мен олардың қандай оңбағандық жасағандарын түгел
білемін. Бұл ─ адамның, оның үстіне, өзін джентльмен санайтын, ақ
нəсілді адам істеген зұлымдықтың ішіндегі бұрын-соңды болмаған
пасықтық. Шайтан атымен ант берейін, тап соның өзі!
Менің өтінішім бойынша Хикмэн бақытсыз отбасының қалай
тоналғанын бастан-аяқ айтып берді. Пауэллдердің өз плантацияларын
тіпті де өз еріктерімен тастамағандарын білдім. Керісінше, бейшара
жесірге басқа жерге қоныс аудару өміріндегі ең ауыр соққы боп тисе
керек. Əңгіме бұл үй-жайдың бүкіл аймақтағы ең жақсы мекен ретінде
жоғары бағаланғандығында ғана емес, аяулы азамат ─ күйеуімен бірге
өткізген бақытты күндер жөніндегі қимас естеліктер де осы жерге
байланысты еді... Тек сойыл ұстаған шериф кейпіндегі рақымсыз заң
ғана жесірді туған жерінен кетуге мəжбүр етті.
Туған жерден айырылу кезіндегі қасіретті көрініске Хикмэн куə
бопты. Ол оны қарапайым əрі сұңғыла сөздермен суреттеп берді. Бүкіл
отбасының өз үйімен қиналып, қимай қоштасқандарын айтты.
Ұлының зорлыққа шыдай алмай айтқан сөздерін естіп, шешесі мен
қызының көз жастары көл болып, жалынып-жалбарынғандарын өз
көзімен көріпті. Бақытсыз жесірдің қолында қалған бар мүлкін ─
марқұм күйеуі сыйлаған қымбат заттарын ұсынғанын, тек əлгі
оңбағандардан, осынша бақытты жылдарын өткізген қасиетті қара
шаңырақтарында қалдырып, рақым етулерін өтінгенін естіпті. Бірақ
ананың көз жасына қараған ешкім болмады. Аяусыз қуғыншылар
қасіретті түсінбеді, жесірді өз үйінен қуып шықты.
Кəрі аңшы осының бəрін қамыта отырып баяндады. Ол сырт пішіні
келісімсіз, сөздері қарабайыр болғанмен, əділетсіздікке төзбейтін,
жарқын жанды, ақжүрек кісі, содан да қылмысты іске қатысқандардың
бəрінен жиіркеніп, ал Ринггольдтерді бар жүрегімен жек көріп кетті.
Оцеоланың отбасы ұшыраған апат туралы аңшының əңгімесін
естігенде, осыншама айуандық пен қаталдыққа жаным қатты күйзелді.
Күдік жеңіп, көмескі тарта бастаған Оцеолаға деген көңілім
бұрынғыдай жылып сала берді.
LIX тарау
АСЫҚҚАН ЖАУШЫ
Хикмэн екеуміз емін-еркін сөйлесу үшін аулағырақ шықтық.
Қызынып алған қарт аңшы ашығынан сөйлей бастады. Ол маған қызық
хабар айтар деп күттім. Біздің отбасымызға берілгендігіне, өз басымды
қатты сыйлайтындығына сенгендіктен, мен де біржола ағымнан
жарылып, өз сəтсіздіктерімді айтуға бекінгенмін. Хикмэн қарапайым
адам, бірақ өмірден түйгені көп, сондықтан одан артық маған кім ақыл
бере алады?
Өмірін тек аллигаторлардың арасында өткізіп жүрген жоқ қой.
Керісінше, ғұмырында көрмеген қиыншылығы жоқ. Оның достығына
алаңсыз сүйенуіме болатын жəне тəжірибесі мен даналығына кəміл
сенетінмін.
Кей нəрсені біледі-ау деген күдік болмағанда, жүрегімде зілзала боп
жатқан құпияны шет жағалап ашар да едім. Сары Джектің тіріліп
келгенін Хикмэннің білетіндігіне сенімім зор. Мулаттың өліміне
сенбейтінін бұрын да емеурінмен сездірген. Бірақ мені мулат емес,
Аренс Ринггольдтің əзірлеп жүрген зымияндығы ойландырады.
Бəлкім, Хикмэн ол туралы бірдеңе білетін шығар? Спенс жəне
Уильямстің аттарымен қоса мулаттың да есімі аталған кезде, қарт
аңшының əлгі жексұрындар жайлы бірдеңе айтқысы келгендей, көп
сырлы көз тастағанын байқаған болатынмын.
Хикмэнге өз құпиямды ашуға енді оқтала бергенімде, ат дүбірі
естілді.
Өзен бойлап, бейнебір бəйгеге шапқандай, құстай ұшып келе жатқан
салт аттыны көріп қалдым. Аты қылаң түсті, өзі қара кісі: Джек екенін
бірден ұқтым.
Аулақтағы шіркеуге қарай шаба жөнелмесін деген оймен ағаштар
тасасынан ашық жерге шығып, Джек жақындай бергенде, оны
дауыстап шақырдым. Ол даусымды естіп, атының басын кілт бұрып,
бізге қарай беттеді. Тəрізі, Джек тапсырмамен келген болуы керек,
бірақ Хикмэннің көзінше айтуға именіп, құлағыма сыбырлады. Менің
күткенім: "Аренс Ринггольд келді!" деген сөз еді.
Ол маған: "Джордж мырза, əлгі қара сайтан сап етіп келе қалды", деді. Құлағыма сөзбе-сөз айтқаны осы.
Бұл хабарды естіген соң, барынша сабырлы болуға тырыстым.
Хикмэн біздің үйде оғаш бірдеңе болып қалған екен деп сезіктеніп
жүрмесін дегенмін. Зəңгіні үйге қайырып, аңшымен бірге еріктілерге
қайта оралдым. Сонан соң байқатпай Хикмэннен қалып кетіп, қалың
топқа сіңісіп кетуге тырыстым.
Көп ұзамай атымды шешіп алған бойы, ешкімге, тіпті Галлахерге де
тіл қатпастан ерге қарғып мініп, асығыс тартып отырдым. Біздің
плантацияға апаратын төте жолмен жүрмей, шіркеуге тиіп тұрған
орман арқылы шамалы бұрылыс жасауға бекіндім. Мұны Хикмэн
қартты жəне жаушының келгенін көздері шалып қалған басқа да
кісілер болса шатастыру үшін əдейі істедім. Егер Джекпен бірге кеткен
болсам, үйде бірдеңе боп қалғанын сезіп қояр еді. Сезікті кісілер мені
үйге қарай емес, мүлдем басқа бағытқа кетті деген ойда қалсын деп,
жасаққа да көз қылу үшін ғана барғанмын. Бұталардың арасынан өткен
соң, өзенді жағалап жүретін басты жолға шықтым. Сонан кейін, өмір
мен өлім мəселесі сынға түскендей, атымды тебініп, құйғыта жөнелдім.
Сонша қатты шапқан себебім, құпия қонақ ─ шешем мен
қарындасымның сағына күткен мейманы ─ қоштасып кетіп қалмай
тұрғанда жетіп үлгеруім керек.
Ринггольдті жек көруге жеткілікті себептерім бар болғанмен, бірақ
ешқандай қара ниет ойым жоқ. Сұмырайдан құтылудың ең əділ жəне
дұрыс жолы оны тек өлтіру екенін біле тұра, ондай пиғыл түйген
емеспін. Ринггольдтің қаталдығы туралы Хикмэн қарттан естіген
əңгімеден қаным қайнап тұрған осы минутта еш жасқанбастан, арожданыма дақ түседі-ау деп ойланбастан-ақ өлтіре салған болар ем.
Алайда ашудан қанша қаным қайнағанмен, əзірге жындана, ақылдан
адаса
қойғаным
жоқ.
Сақтана
білудің
қарапайым
түйсігі─саналылықтан алыстай қонған емес. Сондықтан Самсонның57
өмірі туралы трагедияның соңғы актісін ойнауға тіпті де асыққан
жоқпын. Ойға алған əрекеттерім əлдеқайда қолайлы көрінді.
Мүмкіндігінше үйге сездірмей жетіп, қонақ отырған бөлмеге
күтпеген жерден кіріп барып, мейманды да, үйдегілерді де қапелімде
қолға түсірсем, сосын үшеуінен де түсініктеме талап етіп, сонымен
отбасы жағдайындағы құпияларды біржолата шешпекпін. Шешем,
қарындасым жəне олардың қонағымен де көзбе-көз сөйлесіп, үшеуіне
де шындықты мойындатуым керек.
"Солай!" деймін өзімнен-өзім, атымды аямай тебіне түсіп. Иə, олар
бəрін де мойындауға тиіс! Əрқайсысы өзінше ме, əлде бəрі бірге ме,
болмаса..."
Шешем мен қарындасыма не шара қолданарымды білмедім. Əйтсе
де аналық жəне бауырлық махаббаттың сөнуге айналған күлінен
тұтана бастаған бықсық ойлар жүрегіме қонақтап та қалған еді.
Егер Ринггольд шындықты айтудан бас тартатын болса, онда
қамшының астына алып, үйден қуып шығамын да, бұдан былай біздің
үйге қайтып келмейтін етемін. Əдеп сақтауға келетін болсақ, ол
жөнінде сөз болуы мүмкін емес. Қазір оны ойлауға мұршам жоқ. Өзіңді
өлтіргісі келген адамға не істесең де дауа.
LX тарау
МАХАББАТ СЫЙЫ
Үйге сездірмей кіргім келгенін айттым білем. Сондықтан сақтық
жасап, плантацияға жете бергенде жолдан бұрылып, көл мен апельсин
тоғайын жағалай жүретін соқпаққа түстім. Үйге артқы жағынан
келсем, ешкім байқамас деп ойладым. Егіспен келе жатқанымды
қоршаудың ішінде жұмыс істеп жатқан құлдардың көріп қалуы мүмкін,
бірақ олар дала жұмыскерлері болатын.
Бəрінен бұрын үй қызметшілерінің бірі көріп қалмаса екен деп
қауіптендім.
Қара Джек үйге барған жоқ: уəделі жерде күт деп бұйырғанмын, сол
жерден таптым да. Соңымнан ер деп бұйырып, əрі қарай шаба
жөнелдім. Егістіктен өткен соң орманға жетіп, аттан түстік. Одан əрі
қарай жалғыз кеттім.
Аң аулаған аңшы немесе ұйқыдағы жауына бұқпантайлап бас салар
жабайы адам қалай бой тасаласа, мен де үйге, өз үйіме, əкемнің, шешем
мен қарындасымның шаңырағына солай жасырынып бардым.
Аяғым дірілдеп, тізем бүгіле берді. Қобалжу мен ашу-ызадан кеудем
көріктей көтеріледі. Аз ғана сəтке кідірдім. Өзім қатысқалы тұрған
жағымсыз, лайықсыз көрініс ап-анық көз алдыма келді. Бір минуттай
дағдарып қалдым. Өз ниетімді осынша оспадарлықпен жүзеге асырмау
үшін, бəлкім, қайтып кетіп, басқа бір қолайлы сəтті күтуім де мүмкін
болатын. Бірақ дəл сол сəтте құлағыма жеткен дауыстар батылдана
түсуіме себеп болды. Қарындасымның сыңғырлаған ашық күлкісі мен..
əлдекімнің даусын естідім. Үздігіп жүрген сұмырайдың шиқылдақ
жіңішке үнін бірден тани кеттім. Бұл дауыстар мені шатып алғандай,
қанымды
қайнатты.
Олар
мені
келемеж
ететін
секілді.
Қарындасымның бұл қай қылығы? Тұңғиық күдіктен ет жүрегім езіліп
тұрғанда күлгені несі?
Басқаша, кісілікке лайық жолмен əрекет ету жайындағы ойларым
осы арада зым-зия болды. Өз жоспарымды орындауға бекіндім. Бірақ
алдымен не айтатындарын біліп алу керек.
Жақындап келіп, құлағымды тостым. Олар үйде емес, апельсин
тоғайындағы алаңқайда серуендеп жүр екен. Мысықша басып,
бұталарды жайлап қана ысыра, бірде еңкейіп, бірде бой жазып олардан
алты-ақ қадам жерден шықтым. Жапырақтардың арасынан
қарындасымның көйлегі анық көрінеді жəне сөздері жақсы естілуде.
Əңгімелерінің ең шешімді тұсы екендігіне ұзамай-ақ көзім жетті.
Ринггольд қарындасыма тұңғыш рет ресми түрде ұсыныс жасаса
керек, əлгі күлкі содан туған секілді.
─ Иə, демек, мені шынымен жар еткіңіз келеді ғой? Осыны шын
айтып тұрсыз ба?
─ Иə, мисс Рэндольф. Күлмеңіз маған! Қанша жылдан бері күйіпжанып жүргенімді білесіз ғой.
─ Жоқ, білмеймін Оны қайдан білмекпін?
─ Өзім айтып едім ғой. Жүз рет қайталаған жоқ па едім?
─ Бос сөз! Мұндай мəселеде сөзге онша көп мəн бере бермеймін. Бұл
сөзді мен ондаған еркектің аузынан естігенмін, бірақ солардың бəрі
бірдей маған қызыға қоймаған болар деп ойлаймын. Тілде сүйек жоқ,
Аренс мырза!
─ Бірақ сізге деген сезімімнің шынайы екендігі қарымқатынасымнан көрініп жүр ғой. Мен сізге қолыммен қоса бүкіл
байлығымды ұсынып отырмын. Шын берілгендігіме осының өзі-ақ
дəлел болмай ма?
─ Əрине, болмайды. Ақымақ екенсіз ғой! Егер мен сізге тұрмысқа
шыға қалсам, бар байлығыңыз бəрібір өзіңізде қалады. Оған қоса,
өзімнің де аздаған байлығым бар, ол да сіздің қарауыңызға көшкен
болар еді. Міне, көрдіңіз бе, сөз жоқ, бəрі сіздің пайдаңызға шешілгелі
түр.
Қарындасым тағы да сықылықтап күлді.
─ Жоқ, мисс Рэндольф, ол не дегеніңіз! Сіздің байлығыңызға қол
тигізу деген ойыма да келмейді. Егер менің қолымды алсаңыз...
─ Қолымды дейсіз бе, сэр! Əйелдің келісімін алуға ұмтылған адам
қол емес, жүрегін ұсынар болар! Иə, жүрегін ұсынады!
─ Несі бар, жүрегімнің де сіздікі екенін əлдеқашаннан білесіз. Оны
зиялы қауымның бəрі біледі.
─ Ə, демек, сіз оны жұрттың бəріне жария еткен екенсіз ғой? Міне,
мұныңыз маған тіпті ұнамайды!
─ Сіз маған тым қаталсыз! Менің көптен беріле сүйетіндігіме көзіңіз
жететін уақыт болды. Сізге деген көңілімді баяғыда-ақ білдіріп, маған
əйел болуға ұсыныс жасаған болар едім, егер... ─ Ол осы арада күмілжіп
қалды.
─ Егер не болмағанда?
─ Шынымды айтсам, əкем тірі тұрғанда, өзіме-өзім қожа бола алған
жоқпын.
─ Ə, солай деңіз?
─ Енді өзіме-өзім бимін жəне егер, қымбатты мисс Рэндольф,
қолымды қақпайтын болсаңыз...
─ Тағы да қол! Айтпақшы, əлгі ұсына беретін қолыңыз онша жомарт
емес деседі. Ұсынысыңызды қабыл алған күннің өзінде де, мен шаш
қыстырғыш, түйреуіш дегендей, -анау-мынауға жұмсайтын тиынтебен де ала алмайды екем, ха-ха-ха!
─ Ол өсекші дұшпандардың сөзі ғой, мисс Рэндольф. Бірақ ант
етейін, бұл жағынан мен сізге ешқашан таршылық жасамаймын.
─ Ант ішкеніңізге қарамастан, бұған мен онша сенімді емеспін.
Тойға дейін берілген уəде, көп жағдайда ұмытылып кетеді. Сізге сене
алмаймын, қадірменді дос, жоқ, жоқ!
─ Ант ішейін, сенуіңізге болады!
─ Қарғанбаңыз! Жомарттығыңызға сенетіндей менің ешқандай
дəлелім жоқ. Бері қараңызшы, мистер Ринггольд, сіз маған өміріңізде
əлі бір рет сый жасаған жоқсыз.
Осы арада ол тағы да сақылдап күлді.
─ О, егер қабылдайтыныңызды білсем ғой! Сізден барымды аямас
едім!
─ Ал жақсы. Сынап көрелік. Сіз маған сый тартыңыз.
─ Қалауыңызды айтсаңыз болды, тілегіңіз табанда орындалады!
─ Сізден ат, күшік, немесе жылтырауық əшекей секілді анаумынауды сұрайды деп тұрсыз ба? Шын сөзім, оның бірі де емес.
─ Маған бəрібір ─ онсыз да бар байлығымды ұсынып отырмын ғой.
Ал бір бөлігін сөз етуге де тұрмайды. Сіз тек тілегіңізді айтсаңыз
болды, сөзсіз орындалады.
─ Əй, сақылық-ай! Ал жарайды. Сізде мені өте, өте қызықтырып
жүрген бір дүние бар! Қалай десем екен, тіпті сіз соны маған сатсаңыз
дегенді айтқалы жүргенмін.
─ Ол қандай дүние, мисс Рэндольф?
─ Плантация.
─ Плантация?..
─ Дұп-дұрыс айтасыз. Бірақ сіздікі емес, өзіңіз иеленіп отырған
плантациялардың бірі. Оны бір кезде Тупело-Крикте тұратын
метистер отбасы иеленген еді. Ұмытпасам, сіздің əкеңіз сатып алды-ау
деймін.
Виргинияның "сатып алды" деген сөздерді баса айтқанына назарым
ауды. Қарындасыма жауап берген кезде Аренстің қысылып тұрғанын
да байқадым.
─ Иə, иə... Ол рас. Бірақ таңданып тұрмын, мисс Рэндольф. Ол
плантация сізге қазір неге керек бола қалды? Менің бүкіл байлығыма
онсыз да қожа болмайсыз ба?
─ Ол өз шаруам. Солай істегім келеді. Оған ерекше себептерім бар.
Сол жерді ұнатамын... Өте көрікті жер, сонда барып, жиі серуендеп
қайтамын. Біздің ескі үйдің ағатайыма қалатынын ұмытпаңыз. Өмір
бойы сұрбойдақ боп өтпес! Ал мамам тек өз үйінде тұрғысы келеді...
Бірақ сізге бəрін айтып жатпаймын. Сый жасайсыз ба, жасамайсыз ба ─
өзіңіз біліңіз.
─ Жарайды. Егер сол плантацияны сізге сыйласам, сіз маған...
─ Өйтіп шарт қоймаңыз, білдіңіз бе? Əйтпесе, тізерлеп тұрып
өтінсеңіз де, ешқандай сыйлығыңызды алмай қоямын.
Соны айтып тағы да күліп алды.
─ Олай болса, мен сізге ешқандай шарт қоймаймын. Плантацияны
алуға келіссеңіз болғаны. Ол сіздікі!
─ Əңгіме мұнымен біткен жоқ, мистер Аренс. Сіз оны маған қалай
оңай бере салсаңыз, солай оп-оңай қайтарып аласыз ғой. Оны
істемейтіндігіңізге қалай сенімді бола аламын? Маған ресми құжаттар
керек.
─ Оны да аласыз.
─ Қашан?
─ Қалаған уақытыңызда. Керек болса, бір сағаттан кейін.
─ Иə, иə, тездетіңіз. Барыңыз да, алып келе қойыңыз. Бірақ есіңізде
болсын, мен ешқандай шартты мойындамаймын.. Мұны ұмытпаңыз!
─ О, шарт қойғалы тұрғаным жоқ! - деп қуанып кетті Ринггольд. ─
Қорқатын не бар? Тек өзіңізге сенемін. Бір сағаттан кейін құжаттар
қолыңызда болады. Cay болыңыз!
Соны айтып, ол ұзай берді.
Мына əңгіменің, əсіресе, оның соңғы жағының естен тандырғаны
сонша, тастай қатып қалыппын. Ринггольд ұзап кеткеннен кейін ғана
ес жидым. Енді не істерімді білмей, бұрынғыдан да дал болдым:
Рннггольдті қуып жеткенім жөн бе, əлде жазасыз қоя бергенім жөн бе?
Сөйткенше Виргиния жайымен үйге қарай аяңдады. Оған
Ринггольдке ашуланғаннан да жаман ренжідім. Сондықтан оның кете
беруіне бөгет болмай, дереу қарындасыммен сөйлескім келді.
Айтыстың көкесі енді басталды. Қарындасым мен шешем қонақ
бөлмеде отыр екен, турасынан, бет-жүздеріне қарамай, ешбір
сөздеріне құлақ салмай, жаңа ғана біздің үйден шыққан, мені өлтіргелі
жүрген адамның бар сықпыт-пиғылын суреттеп бердім.
─ Виргиния қарындасым, осыдан кейін де сен соған тұрмысқа
шығуға келісім бересің бе?
─ Ешқашан, Джордж! Оған шығу ойымда да болған жоқ. Ешқашан! деді ол алқынған күйі, сосын диванға сылқ етіп отыра кетіп, екі
алақанымен бетін басты.
Алайда шешем маған сене қойған жоқ. Өзімнің ақтығымды
дəлелдейтін басқа да жайларды айтуға оқтала бергенімде сырттан
біреу қатты дауыстап шақырды. Дəлізге жүгіріп шықтым. Көк
мундирлі, сары қайырма жағалы салт атты келіп тұр екен. Форттан
келген жаушы боп шықты. Үсті-басы шаң, аты ақ көбік болған. Ұзақ
уақыт суыт жүргені көрініп тұр. Солдат бір парақ қағазды ұсына берді.
Галлахер екеуміздің атымызға асығыс сүйкей салған бұйрық екен.
Қағаздың бүктеуін жазып, оқып шықтым.
"Адамдарыңызды дереу форт Кингке қарай алып жүріңіздер.
Аттарды аямай барынша жедел жетіңіздер. Қаптаған жау қоршап
келеді. Біз үшін əр винтовка қымбат. Бір минут кідіруші болмаңыздар!
Клинч"
LXІ тарау
ЖОРЫҚ
Бұйрықты дереу орындауға тиіс едік. Сəтін салғанда, атым ерттеулі
тұрған, бес минут өтпей еріктілер қосына қарай шаба жөнелдім. Ерлік
көрсетуге құлшынып жүрген жауынгерлер жорық туралы хабарға
жамырай қуанып, "уралап" қарсы алды. Тəртіптің кем-кетігін
ынталылық толтырып, бас-аяғы жарты сағатқа жетер-жетпес уақыт
ішінде жасақ əскери сап түзеп, жорыққа əзір болды. Жолымыздан
бөгейтіндей ештеңе болған жоқ. "Қозғал" деген бұйрық беріліп,
кернейлер сарнап, сəл ретсіздеу болса да, екі-екіден сап түзеген
еріктілер форт Кингке қарай шұбырып шықты.
Шешем жəне қарындасыммен қоштасып шығу үшін кері қарай шаба
жөнелдім. Қоштасуға уақыт тығыз болды, бірақ үйден көңілім біраз
орнығып шықтым. Қарындасым бəрін біледі, енді Ринггольдке көне
қояр деп қорықпауға да болады.
Бұйрық əкелген драгун бізбен бірге жүрді. Жолай форттағы
жаңалықты түгел естідік. Көп оқиғалар болыпты. Үндістер бала-шаға,
мал-мүліктерін алып, өз тұрақтарынан кетіп қалған көрінеді. Бірнеше
қоныстарын өздері өртеп жіберсе керек. Сондықтан ол жерлерде ақ
жүзділер өртейтін де ештеңе қалмаған. Бұл олардың соғысқа мықтап
бел байлағандарын көрсететін. Қайда кеткендерін біздің жансыздар да
анықтай алмапты. Кейбіреулер жарты аралдың түкпіріне, оңтүстікке
қарай ауған болар десті. Басқалары, Амазура өзенін өрлей көптеген
мильге созылып жатқан "Уитлакутчи батпағы" деп аталатын ми
батпаққа қарай ойысты деген долбар айтты.
Соңғы долбар шындыққа жуық секілді. Бірақ қоныс аударғанда
үндістердің із жасыра білетіндіктері сонша, тіпті қылаудай белгі
қалдырмайды. Бізге жақтас үндістердің жансыздары ─ солардың
ішіндегі ең сұңғылалары да ─ олардың шегінген жолдарын тап басып
айта алмады. Жұрттың көпшілігі үндістер қорғаныспен ғана
шектеледі, Америка əскерлері жоқ елді мекендерге ғана шабуыл жасап,
сонан соң олжаларын алып, қалың батпаққа сіңіп кетеді деген болжам
айтады. Негізі бар əңгіме болуы мүмкін. Олай болса, соғыс оңай біте
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оцеола — Семинолдар Көсемі - 16
  • Parts
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 01
    Total number of words is 4183
    Total number of unique words is 2301
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 02
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2170
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 03
    Total number of words is 4203
    Total number of unique words is 2259
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 04
    Total number of words is 4201
    Total number of unique words is 2279
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 05
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2271
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 06
    Total number of words is 4205
    Total number of unique words is 2302
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 07
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2308
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 08
    Total number of words is 4118
    Total number of unique words is 2321
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 09
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2197
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 10
    Total number of words is 4200
    Total number of unique words is 2257
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 11
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2253
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 12
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2274
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 13
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2345
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 14
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2214
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 15
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2203
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 16
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2269
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 17
    Total number of words is 4101
    Total number of unique words is 2162
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 18
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2265
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 19
    Total number of words is 4197
    Total number of unique words is 2152
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 20
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2232
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 21
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2209
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 22
    Total number of words is 4159
    Total number of unique words is 2263
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 23
    Total number of words is 2123
    Total number of unique words is 1352
    41.5 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.