Latin Common Turkic

Оцеола — Семинолдар Көсемі - 10

Total number of words is 4200
Total number of unique words is 2257
34.8 of words are in the 2000 most common words
49.9 of words are in the 5000 most common words
57.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Мұның бəрін Ринггольд қабырғасымен кеңесіп тұрғандай қып
айтты.
─ Сайтан-ай! - деп айқайлады ол өкініштен, ─ енді мұндай қолайлы
сəт кездеспейді.
─ Қорықпаңыз, мистер Аренс, - деп жұбатты оны Уильямс. ─
Қорықпаңыз. Жақында соғыс басталады, мұндай қолайлы сəт те
кездесер əлі-ақ.
─ Біз ондай сəтті табуға тырысамыз! - деп кесіп айтты Спенс,
əңгімеге алғаш рет араласып.
─ Бірақ шешуші рольді Джек атқаратын болсын, мырзалар! Біздің
бұл іске араласуымызға болмайды. Мəлім бола қалса, жағдайымыз
қиындайды. Ал Джекке ешқандай қауіп жоқ. Ол өлген адам ғой ─
заңыңды не қылсын!.. Солай ғой, Джек, сары балақайым!
─ Иə, сеньор! Қам жемеңіз, Аренс мырза! Қолайлы сəтті кешікпей
өзім табамын. Джек оның көзін құртады, сіздер ол туралы енді қайтып
естімейтін боласыздар. Мен оны алдап торға түсіремін. Кеше мүлт
кеттім. Мылтығың нашар, Аренс мырза. Мұндай мылтықпен аңға
шығуға болмайды.
─ Фортқа қайта оралған жоқ, оны білемін, - деп өз-өзінен міңгірледі
Ринггольд. ─ Ендеше, қостың бір жерінде жүр. Бірақ үйіне, əйтеуір, бір
қайтуы керек қой! Бəлкім, ай батқаннан кейін келер. Қараңғыда бой
тасалап үйіне қайтар... Естідің бе, Джек, не айтып тұрғанымды?
─ Иə, сеньор! Джек естіді.
─ Мүмкіндікті пайдаланып қалу керек.
─ Иə, сеньор! Джек түсінеді.
─ Онда бопты! Енді біз жүре берейік. Мұқият тыңдап ал, Джек...
Егер...
Осы сəт Ринггольд сыбырға көшті де, тек кейбір сөздерін ғана
құлағым шалып қалды. Қарындасым мен квартерон Виоланың есімдері
жиі аталып жатты. Құлағыма үзік-үзік сөздер жетті: "Жолымызда
көлденең тұрған адам осы ғана", "шешесін көндіру қиын емес",
"олардың плантациясына қожа болып алған соң", "саған екі жүз доллар
төлеймін..."
Мына секілді сөздерден бұл екі малғұнның мені өлтіруге бұрыннанақ сөз байласып қойғандығын түсіндім. Мына əңгімелер сол жексұрын
ымыраласуды пысықтау ғана болатын. Олар менің өмірімді саудаға
салып жатты. Шып-шып суық тер шығып, маңдайымды айғыздай
бастағанына таңдануға болмас. Ағаш басында жапырақтай қалтырап
кеткеніме де таңданбағайсыз. Жанымнан түңілгендіктен ғана емес,
мынадай естіп-көрмеген қастандыққа деген жиіркеніш пен
шошынудан қалтырадым. Көкірегімде қайнаған ызаға əрең деп шыдап
қалдым.
Тырп етпей отыра бердім. Оным ақыл болды: егер сол сəтте шыдай
алмай, сездіріп алсам, үйге аман жетпейтін едім. Оны жақсы түсіндім.
Сондықтан сездіріп алмау үшін, тым-тырыс қалдым.
Адам өлтіру жөнінде алаңсыз əңгіме соғып тұрған əлгі төртеудің
сөздерін тыңдау қандай жиіркенішті еді десеңізші! Сауда-саттықты сөз
етіп тұрғандай беттері бүлк етпейді. Алдағы саудадан əрқайсысы
қанша пайда табатынын ойлап, жандары шығып бара жатыр.
Ашу ма, қорқыныш па, ─ көкірегімді кернеген сұрапыл сезімнің
қайсысы күшті екенін білмедім. Жаулар болса төртеу, бəрі де қарулы.
Менің семсерім мен тапаншам бар еді, бірақ ол мынадай төрт
жексұрынға қарсы шығуға аздық етеді. Егер олар екеу ─ мəселен,
мулат пен Ринггольд қана болса ─ онда өзімді-өзім тежемей-ақ, бетпебет шайқастан тайсалмас едім, əрі қарай не болса о болсын! Өзімді-өзім
тежеп, əлгілер кетіп қалғанша орнымнан қозғалмай отыра бердім.
Ринггольд пен оның сыбайластарының фортқа, ал мулаттың үндістер
қосына қарай кеткенін байқап қалдым.
XXXV тарау
ТҮНЕКТЕН СОҢҒЫ СƏУЛЕ
Олар кеткеннен кейін қозғалмай ұзақ отырдым. Шым-шытырық
ойлар мен абыржудан арыла алмадым. Не істеп, не қоярымды білмей,
ағашқа шегелеп тастағандай отырып қалдым. Ақыры естіген,
көргендерімнің бəрін сабырмен ойластыра бастадым. Мені қорқыту
үшін жасаған сайқымазақтары ма? Жоқ, төртеуінің ешқайсысы
сайқымазақ кейіпкерге ұқсамайтын адамдар. Ал Сары Джектің о
дүниеден қайта оралуы мүлдем жат, ақылға сыйымсыз, суық жаңалық
еді. Комедия эпизодына еш ұқсамайды.
Тегі, құрбандыққа шалынар адамның рөлін өзім ойнайтын
трагедияның тек прологын ғана естісем керек. Əлгілер, шынында да,
өміріме қастандық əзірлеп жүр. Өздері төртеу жəне ешқайсысының
пəлендей көңілдерін қалдырып көрген емен. Төртеуінің де мені жек
көретінін білетінмін.
Тіпті əлдеқашан ұмыт болған баяғыдағы балалық жанжалдан басқа
Спенс мен Уильямстің маған ренжитін жөндері де жоқ. Бірақ олар
Ринггольдтің ықпалымен жүреді. Ал мулаттың жөні басқа, оның маған
деген дұшпандығы ─ өліспей бітіспейтін жаулық.
Бəрінен Аренс Ринггольдті айтсаңшы! Осы қастандықтың
ұйымдастырушысы, мені өлтіргісі кеп жүрген де сол екені анық.
Қоғамда орны өзіммен тең, білімді адам, джентльмен!
Ұнатпай жүретінін білетін ем, ал соңғы кездерде мені мүлдем
суқаны сүймейтін болған. Себебін де білемін. Қарындасыммен
некелесуіне кедергі болар мен ғана. Əйтеуір, оның ойынша солай.
Онысы рас та: əкем қайтыс болғаннан бері отбасы мəселесіне
əлдеқайда көп араласатын болғанмын. Мен тұрғанда Ринггольд
ешқашан күйеу болмайтынын ашық мəлімдегенмін. Оның ыза болып
жүргенін білгенмен, бірақ ашу адамды мынадай сойқан қастандыққа
итермелейді деп ойлаған жоқ едім.
"Жолымызда көлденең тұрған адам", "шешесін көндіру қиын емес",
"олардың плантациясына қожа болып алған соң" деген сөздер,
қастандық жасаушылардың менен құтылғылары келетіндігін, тасадан
өлтіруге бел байлағандарын əйгіледі.
─ Хо! Хо! Жас көсем енді ағаштан түссе де болады, - деген дауыс
шықты кенеттен. ─ Жаман адамдар кетіп қалды. Өте жақсы. Тезірек
төменге түс, əдемі көсем, тезірек!
Жалма-жан айтқанын орындап, есі ауысқан ханшаның алдына кеп
тұра қалдым.
─ Жас көсем, Хадж-Еваның сөзіне енді сендің бе? Жауларыңның бар
екенін, бір емес, төрт дұшпаның бар екенін, өмірің қыл үстінде
тұрғанын көрдің бе?
─ Сен мені аман алып қалдың, Хадж-Ева! Мұныңды немен қайтарсам
екен?
─ Тек соған адал бол, адал бол, адал бол…
─ Кімге?
─ Ұлы Аруақ! Ол қызды ұмытқан екен! Алдамшы жас көсем! Опасыз
ақ нəсілді! Неге құтқардым сені? Қаныңның судай төгілуіне неге жол
бере салмадым екен?
─ Ева!
─ Жаман! Жаман! Орманның бейшара құсы! Құс атаулының сұлуы!
Жүрегі қансырап өледі-ау сорлы, жынданып кетер!
─ Ева, не деп тұрсың, түсіндірші!
─ Жаман! Оны тастағанша, мұның өзі өлсін! Хо! Хо! Опасыз ақ
нəсілді, Ева сорлының жүрегін сыздатқанша, өлсе еді одан да! Онда Ева
тек жүрегін ғана жоғалтар еді. Ал басы, басы - ол одан да жаман! Хо, хо,
хо!
Балдай тəтті сөзге неге ұйыдым,
Жас жүрекке неге у боп құйылдың?
─ Ева! - деп айқайладым мен жан ұшыра, ол сонда ғана ақымақтық
əнін тыя қойды. -Сөйлеші, кімді айтып тұрсың?
─ Ұлы Аруақ, естідің бе, айтып тұрған сөзін! Кім дейді! Кім дейді-ау!
Кім деген сөз аздық етер. Хо, хо, хо! Татыр ма екен ол сөзің, адал дос
ұмыт бопты-ау. Ева енді не бетін айтады? Қалай қиыстырып айта
алады? Бейшара қыз! Хо, хо, хо! Хадж-Ева екеу болатын болды,
микосоктардың есі ауысқан ханшалары екеу болады енді!
─ Садағаң кетейін, жанымды жемеші енді! Аяулы, мейірімді Ева,
кімді айтып тұрсың, айтшы? Апыр-ай, сен...
Аяулы есім көмейіме келіп-ақ қалып еді, бірақ айтуға батылым
жетпеді.
Сұрақ беруден, сұрағыма теріс жауап алудан қорықтым. Бірақ
ойлануға мұршам болмады: тым тереңдеп кеткен адамға шегіну жоқ,
жүрегім онсыз да сағыныштан сыздап болған Одан əрі күтуге дəтім
шыдамады. Ева менің күдігімді сейілтуі мүмкін ғой, сондықтан сұрап
қалуға бекіндім.
─ Сен Маюмиді айтып тұрған жоқсың ба?
Есуас əйел маған біраз уақыт үнсіз қарап қалды.
Көзіндегі құпия сырын түсіне алмадым: соңғы бес минутта кінəлау
мен жек көрушілік ызғары жалт-жұлт етіп тұрған-ды. Əлгі сөздерімнен
кейін, жүзінде таң-тамаша қалғандық байқалды. Сонан соң ойымды
білгісі келген адамша, тесіліп қарады да қалды.
─ Егер Маюми туралы болса, - дедім лып ете қалған сезімге қайта
берілген мен жауабын күтпестен, ─ онда біліп қой, мен оны сүйемін,
Маюмиді сүйемін!
─ Сен Маюмиді сүйесің бе? Əлі де сүйесің бе оны? - деп тез-тез
сұрады Хадж-Ева.
─ Өміріммен ант етейін..
─ Жоқ! Жоқ! Ант етпе! Ол да өстіп ант еткен. Ақыры алдап кетті!
Тағы да айтшы, жас көсем, шын айтып тұрмын деші, бірақ ант-су ішпе...
─ Рас айтып тұрмын, бар шыным!
─ Жақсы! - есуас əйел қуанып кетті. ─ Көсем шын айтып тұр. Ақ
нəсілді көсем шыншыл адам, сұлудың бақыты бар екен...
Балауса махаббат күндерден сыр ашып
Тұрмыз біз пальмалар астында...
Құсыңа көгершін тағы бір қарашы,
Жабайы құсыңа қарашы,
Нəп-нəзік құсыңа қарашы!
Досымен саялап ол ағаш арасын,
Сыбырлап ашады сезімнің арнасын.
Бір жан жоқ маңайда, қасында!!!
─ Тыныш, читта-мико! - деп жекіді ол сылдырмақты жыланға қарап.
─ Сен де тыныштал, окола-читта43. Екеуің де тынышталыңдар. Бұл
жау емес. Тыныш, əйтпесе бастарыңды мыж-мыж етем...
─ Мейірімді Ева!
─ Сен мені мейірімді Ева дедің-ау! Мүмкін күндердің күнінде
рақымсыз дерсің. ─ Сосын даусын көтеріңкіреп, қатулана: ─ Тыңдап ал,
Джордж Рэндольф! Күндердің күнінде сен де оңбаған боп шықсаң,
менің жігітім құсап алдап кетіп жүрсең, онда біліп қой, Хадж-Ева жауың
боп шығады, ал читта-мико көзіңді құртады!.. Осыны орындайсың ғой
жыландар патшасы, солай ма? Хо, хо, хо!
Жылан сөзге түсінген секілді. Ол кенет басын көтеріп, моншақтай
көздерін от шашқандай жылт-жылт еткізді жəне екі айыр тілін
сумаңдатып, теңгелі шығыршықтарын сылдырлатып, "ски-ррр"
дегенге ұқсас дыбыс шығарды.
─ Тыныш, тыныш! - деді Ева, жыланға басу айтқандай. Ол епті
саусақтарымен жыланды оралып жатуға мəжбүр етті. ─ Бұл ол кісі
емес, читта, ол емес! Естіп тұрмысың, жыландардың патшасы! Тыныш
деймін мен саған!
─ Мені несіне қорқытасың, Ева? Оған себеп жоқ қой...
─ Жақсы! Мен саған сенемін, сүйкімді көсем, ер жүрек көсем!
─ Бірақ, мейірімді Ева, түсіндірші маған, айтшы...
─ Жоқ! Қазір емес, бүгін кеште емес. Қазір уақыт жоқ. Былай,
батысқа қарашы! Нетле-хассе44 ұйқыға кетіп барады. Кетіп қалғаның
жақсы. Саған қараңғыда қаңғуға болмайды. Ай батпай тұрып, кейін
қайтып, фортқа жетіп алғаның абзал. Бар, бар, бар!
─ Шаруамды бітірмей қайта алмаймын деп айттым ғой саған...
─ Мұның қауіпті екен... Қандай шаруа еді? Ə! Түсінікті. Əне, сен күтіп
тұрған адамдар келе жатыр.
─ Иə, солар болуы керек, - деп сыбырладым мен.
Көлдің қарама-қарсы жағасынан қос көсемнің бойшаң көлеңкелері
көрінді.
─ Онда тездетіп шаруаңды бітір. Уақытты өткізбе! - деп асықтырды
мені Хадж-Ева. ─ Қараңғылық саған қауіпті. Хадж-Еваның кететін
уақыты болды. Қайырлы түн, жас көсем, қайырлы түн!
Мен де оған қайырлы түн тілеп, жақындап қалған көсемдерге қарай
бұрылдым. Сол арада жұмбақ сырласым көзден ғайып болды.
Үндістер кешікпей жағаға келді де, генералға беретін жауаптарын
айтты.
Холато-мико шатырларын жиып, көшіп кеткен боп шықты.
Екі сатқын сұмырайдың маған мерездей көрінгені сонша,
араларында бір минут те тұрғым келмеді. Қажетті мəліметті
алысымен, табанда олардан құтылуға тырыстым.
Хадж-Еваның сақтандыруы мен Аренс Ринггольдтің айтқан сөздерін
ескере отырып, уақытты өткізбестен фортқа бет алдым. Ай əлі
көкжиектен жоғары түр еді, оның аппақ сүттей жарығы мені тосын
шабуылдан сақтайтыны анық болатын.
Сақтықта қорлық жоқ дегендей, қастандық жасайтын адам
жасырынып тұруы мүмкін-ау деген тасалардан аулағырақ болуға
тырысып, ашық жерлермен тез жүріп келемін.
Жолда, форт маңында да мен ешкімді кездестірмедім. Бірақ
қақпаның дəл жанында, маркитант дүкеніне таяу маңда қатарлап
жиналған бөренелердің тасасында жасырынып тұрған адамды көзім
шалып қалды. Маған мулат секілді боп көрінді.
Оның шаруасын бітіргім кеп, тұра ұмтыла жаздадым. Ал менің
дабыл көтеруіме болмайтын еді. Оған басты себеп ─ əскери құпияны
сақтау жөніндегі өзіме берілген бұйрық. "О дүниеден қайтып келген"
малғұн қол бостау кезде тағы да бір кездесер, сол кезде өзімен де,
сыбайластарымен де есеп айырысуыма оңай да, қолайлырақ болар деп
ойладым. Осындай ойлармен қақпаға кіріп, баяндау үшін генералдың
штабына тарттым.
XXXVI тарау
СЕНІМДІ ДОС КЕРЕК
Өзіңді атып тастауға дайын тұрған адаммен бір шаңырақтың
астында түнеп шығу аса жайлы деп айта қою қиып шығар. Тынығу
туралы ойлаудың қажеті жоқ. Өте аз ұйықтадым, оның өзінде қайтақайта шошып оянумен болдым.
Ринггольдтерді көрмедім ─ əкесін де, баласын да. Рас мен екеуінің
де фортта екенін білетінмін, өйткені тағы бір-екі күн қонақ болғысы
кеп жүрген. Олар мен келгенше не ұйықтап қалған, немесе бір таныс
офицердікінде көңіл көтеріп отырған болуы керек.
Сондай-ақ не Спенсті, не Уильямсті көре алмадым. Олар осы фортта
қалған күннің өзінде де солдаттармен бірге жатқан болар, сондықтан
іздегенім жоқ.
Жұмбақ жайларды, яғни, дұрысырақ айтсақ, өзімнің қанқұйлы
жауларыммен қалай кездескенімді ойлаумен түннің көбін ұйқысыз
өткіздім. Не істеу керектігін ойлап, түнімен басым қатты.
Сонымен таңғы сəуле терезеден қылаң берген кезде, əлі ешқандай
шешімге келген жоқ едім.
Алғаш басыма келген ой штабта бəрін айтып, тергеу жүргізіп,
қылмыскерлерді жазалауды талап ету болды. Бірақ ақылға сала келіп
бұл жоспарларымның түкке тұрмайтынын білдім. Мұндай ауыр айып
тағуға менің қандай дəлелім бар? Ешбір дəлел жоқ, тіпті сене қоюдың
өзі қиындау көрінетін өз пайымдауларым ғана ғой. Мұндай құлақ
естімеген зұлымдыққа кім сенеді? Басқаны емес, тап мені өлтіргілері
келгенінде күмəн жоқ. Бірақ дəлелдей алмас ем, өйткені менің атым
аталған жоқ қой. Өзімді күлкі қылар, немесе одан да жаман бірдеңеге
ұшыраймын. Ринггольдтер құдіретті адамдар ─ генерал мен үкімет
уəкілінің жақын достары. Олардың құпия, астыртын əрекеттерін
жұрттың бəрі білетініне қарамай, олар джентльмен боп есептеледі.
Аренс Ринггольдті қастандық жасады деп айыптау үшін бұдан гөрі
бұлтартпайтын дəлел қажет. Мен осыған байланысты көп
қиындықтардың болатынын білдім де, əзірге құпия сақтауды жөн
көрдім.
Екінші жоспарым əлдеқайда дұрыстау көрінді: ашықтан-ашық,
көптің көзінше, айыбын Ринггольдтің бетіне айтып салып, жекпежекке шақырсам. Бұл, тым болмағанда, менің айып тағуымның дұрыс
екендігін көрсетер еді.
Бірақ заң жекпе-жекке тыйым салған. Менің сайысқа шығатыным
бастықтарға белгілі боп қалса, тұтқындады дей бер, онда барлық
жоспарымның адыра қалғаны. Аренс Ринггольд туралы менің өз
пікірім бартұғын. Бұл адамның жүректілігі шамалы екенін білетін ем.
Қорқып кетуі мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, айыптау мен жекпежекке шақырудың өзі оны əшкерелеуге жетіп жатыр.
Мен осы екінші жолды таңдадым, бірақ бір тоқтамға келіп
болғанымша, таң да атып қалды. Осы сəтте маған ең қатты батқаны
достың жоқтығы болды. Жай секундант емес (оны гарнизон
офицерлерінің ішінен-ақ тауып алар едім), көптен білетін, бəрін ашып
айта алатын жəне ақылымен көмек бере алатын, сенімді дос керек еді.
Қырсық болғанда, маған форттағы офицерлердің ешбірі таныс емес.
Тек Ринггольдтерді ғана бұрыннан біледі екенмін.
Жағдайым қиындау еді, осы кезде өзіме пайдалы кеңес бере алатын
бір адам есіме түсе кетті. Мен көне көз досым Қара Джекпен
ақылдасуға бел байладым.
Таңертең оны шақырып алдым да, болған жайды бастан-аяқ айтып
бердім. Джек түк те таң қалған жоқ. Өзінің ойына да кейбір күдіктер
келіп, таң ата менімен пікірлеспек болған екен. Сары Джектің пайда
болуына ол мүлдем таң қалмады. Зəңгі оның қалай ғайыптан аман
қалғанын түсіндіріп берді. Бəрі де оп-оңай боп шықты. Аллигатор
мулатты шап берген сəтте, анау оның көзіне ептілікпен пышақ салып
үлгеріп, аллигатор өз жемтігін қоя берген Сары Джек жас үндістің
ерлігін қайталаған, тіпті қолындағы сол қару болатын. Осының бəрі
судың астында болды, ал мулат ғаламат сүңгігіш еді. Аллигатор аяғын
тістеп, судың беті қаннан қызарған, бірақ жарақаты жүзуге кедергі
жасарлықтай қауіпті болмаса керек. Ол жағаға жеткенше көзге
түспеуге тырысып, біраз уақыт судың астымен жүзген, сонан кейін
жағаға жеткен соң, қалың жапырақты еменнің басына өрмелеп шығып,
қуғыншылардан жасырынып қалған. Өзі тыр жалаңаш десе де
болғандай еді, сондықтан да із кескен аңшыларға киімнің
жыртындылары жолықпауы заңды да. Ал судың бетіне шыққан қан
оған пайдасын тигізді ─ аллигатордың аузында кеткендігіне əбден
көздері жеткен соң, қуғыншылар іздеуді қойған Қара Джектің əңгімесі
осындай еді. Ол мұны кеше кеште форттағы бір дос ниетті үндістен
естіпті, ал əлгі үндіс мулаттың өз аузынан естідім деп ант-су ішіпті.
Осы оқиғаның ұзын бойында шындыққа жанаспайтын ештеңе жоқ.
Ойымнан кетпей қойған құпия сыр осылайша ашылып сала берді.
Бұған қоса менің адал зəңгім басқа да қызықты мəліметтерді жеткізді.
Қашқын мулат Амазура өзенінің сағасындағы батпақты жерлерді
мекендейтін жартылай зəңгілер тайпасының бірінен пана тауыпты.
Оның біртіндеп зəңгілерге аты шығып, ықпалды адамға айналған. Олар
мұны көсем етіп сайлап, енді оны "Мулатто-мико" деп атайтын бопты.
Бір ғана нəрсе белгісіз: ол Аренс Ринггольдпен мəмілеге қалай келді
екен?
Əйтсе де мұнда да пəлендей құпия жоқ. Плантатордың қашқын
мулатты жек көрерліктей еш негізі болған емес. Сары Джекті жазалау
кезіндегі Ринггольдтің іске құлшына кірісуі көз алдау үшін жасалған
айла боп шықты. Ренжісе мулаттың ренжитін жөні бар. Бірақ мұндай
адамдар өз басының қамына келгенде ұнату, ұнатпау дегеннің бəрін
ысырып тастайды. Сезім дегеніңізді кез келген уақытта алтынға
айырбастай салады. Ақ нəсілді жексұрынның мулатты əр қилы
қылмыстарға пайдаланып, өзі де оған қол ұшын беріп жүргендігі сөзсіз
еді. Қалай болғанда да, "томагавкілерін топыраққа көміп" екеуінің
қазіргі кезде ауыз жаласып жүргендері анық.
─ Қалай ойлайсың, Джек, - деп сұрадым мен. ─ Аренс Ринггольдті
жекпе-жекке шақырсам қайтеді?
─ Шақырсам деймісіз? Оны шақырудың қажеті не, онсыз да көшеде
сандалып босқа жүр. Тəрізі, ұяттан ұйқысы қашқан болар.
─ Менің айтып тұрғаным мүлдем басқа нəрсе.
─ Мырзам не айтпақ еді?
─ Жекпе-жек сайысуға мəжбүр етсем?..
─ Вуф! Джордж мырза дуэльге шақырмақшы... тапаншамен бе,
семсермен бе?
─ Семсер ме, тапанша ма, винтовка ма, мен үшін қарудың бəрібір.
─ Рақымы күшті құдайым! Мұндай қорқынышты нəрсені аузыңызға
алмаңыз, Джордж мырза. Анаңыз, қарындасыңыз бар... Құдайым-ау!
Абайсызда оққа ұшсаңыз қайтесіз? Кейде қасапшыны бұқа өлтіретіні
болады. Виргинияны, Виоланы зұлымдардан кім қорғайды? Жоқ,
мырзам, қойыңыз оны! Шақырудың қажеті жоқ!
Сол сəтте менің өзімді шақырып кетті. Далада керней мен барабан
үні естілді. Кеңеске шақыру белгісі. Джекпен сөз таластырып жатуға
уақытым болмады. Өз парызымды атқару үшін шақырған жаққа
асықтым.
XXXVII тарау
АҚЫРҒЫ КЕҢЕС
Кешегі көрініс көз алдымызға қайта келді: бір жақта көк мундирлі,
қарулары жарқ-жұрқ еткен, бір-біріне иық тіресе сап түзеген қалың
əскер: эполеттері көздің жауын алатын офицерлер мұздай киінген,
ортада ─ генералдың төңірегіне топтасқан штаб офицерлері, əскери
формаларының барлық түймелерін салып алған: екінші жақта ─
жартылай шеңбер бойынша қатар түзеген үндіс көсемдері. Олардың
артында бастарына қауырсындар қадап, бет-ауыздарын бояп, үстібастарын əшекейлеп тастаған жауынгерлер тобы. Олардың маңында
ерттеулі аттар күмбір-күмбір кісінейді, қазыққа байлап қойған
кейбіреулері оттап тұр. Салпы етек киім киген əйелдер де осы арада
қыдырыстап жүр.
Жас өспірімдер мен сəбилер көк майсада асыр салуда.
Солдаттардың, қызыл өңді көсемдер мен жауынгерлердің үстінде
жалаулар, тулар, вымпелдер желбірейді. Барабандар қағылып,
кернейлер сарнайды. Бүл бір жарқырап-жайнаған, көз тартарлық сурет
еді!
Алайда осындай кереметтігіне қарамастан, бұл көрініс дəл
кешегідей ұланғайыр жиынға ұқсамайтын: көптеген көсемдердің
келмегендігі бірден көзге түседі: шамамен барлық жауынгерлердің
жартысына жуығы жоқ. Кешегі толассыз топтай емес, бұл тек көп
адамдардың жиыны ғана. Енді жұрттың бəрі кеңеске қатысушыларға
қарай жақындай түсуге мүмкіндік алыпты.
Онопа жоқ еді. Кеше ғана тап ортада жарқырап тұрған, корольдік
биліктің символы ─ Британияның жез тəжі бүгін көрінбейді. Холатамико да жоқ. Бірсыпыра кіші көсемдер де кетіп қалыпты.
Жауынгерлердің сиреңкіреп қалған қатарлары, көсемдердің өз
тайпаластарын ала кеткендіктерін көрсететін еді.
Мұнда қалғандардың көпшілігі Оматла, Қара Топырақ жəне
Охаланың жақтастары болатын. Олардың ішінен мен өз
жауынгерлерімен бірге жүрген Хойтл-мэтти, Арпиуки, зəңгі Абрам
жəне Ергежейлі Пошалланы да көрдім. Бірақ бұлар, əрине, шартқа қол
қою үшін қалған емес.
Көз жүгіртіп Оцеоланы іздедім. Табу қиын болған жоқ: тұлға түсі
жағынан ол басқаларға қарағанда оқшау. Оцеола айнала жартылай
қоршаған шағын топтың сол жағында, шеткері тұрған: бəлкім,
кішіпейілдігі шығар ─ бұл қасиетін ел бір ауыздан мойындайтын.
Шындығында, ол көсемдердің ішінде жас жағынан ең кішілердің бірі
жəне басқалармен құқы тең емес еді. Бірақ саптың ең соңында
тұрғанымен, кескініне қарап: бəрін осы басқаруға тиіс-ау деген ойға
еріксіз тірелесің.
Кешегідегідей, бүгін де ол ешбір оқшау мінез көрсеткен жоқ. Өзін
еркін ұстағанмен, бітім-тұлғасынан бір ұлылық сезіліп тұрғандай еді.
Оцеола екі қолын алдына айқастырып, демалып тұрған секілді.
Жүзінен сабырлылық, кейде тіпті жұмсақтық пен мейірімділік есіп
тұрады. Ол үлкен салтанаттың басталуын көрермен ретінде ғана күтіп
тұрған тəрбиелі адамға ұқсайды. Əзірге оған қозғау саларлықтай
ештеңе болған жоқ, ойын оятатын сөздер айтылған жоқ.
Бірақ бұл сабырлылық ұзаққа бармайды. Кешікпей, жұмсақ жымиыс
ащы мысқылға айналады. Жүзіне қарап тұрып, сондай құбылу қолынан
келеді деп те ойламайсың. Алайда кəнігі көз оны байқар еді. Жас көсем
нажағай алдындағы бейбіт аспанға, дауылды толқын көтерілер
алдындағы мұхитқа, түртіп қалсаң, аңырып шыға келетін ұйқыдағы
арыстанға ұқсайды.
Кеңес басталар алдындағы соңғы минуттарда мен жас көсемнен көз
алмадым. Оған жалғыз мен ғана емес, көз біткеннің бəрі қадалатын
сияқты. Бірақ мен өзім оған ерекше қызыға қарадым.
Оцеола маған таныдым дегендей қандай да бір белгі берер ме деген
үмітпен қараймын. Бірақ олай болмады: ол маған бас изеген де, көз
қиығын салған да жоқ. Жанары бір-екі рет немқұрайдылықпен жанап
өткен секілді болды, бірақ сол сəтте-ақ басқа біреулерге ауып кете
берді. Бейне мен оның ақ нəсілді жауларының бірі секілдімін. Ол тəрізі,
мені ұмытқан болуы керек. Немесе, терең ойға түсіп кетіп, басқа
ештеңеге назары аумаған болар.
Шатырлар тігілген кең жазыққа көз жібердім. Шатыр маңында
əйелдер еш мақсатсыз босқа сенделіп жүр. Оларға байыптап қарап
алдым. Бір топ əйелдің ортасында Хадж-Ева тұрған секілді көрінді
маған. Өзі қызғыштай қорғаған қыз да сол маңда шығар деп ойлап едім,
бірақ қателесіппін. Ол жоқ екен!
Егер мүлдем өзгеріп кетпесе... мен оның сүйкімді бейнесін қандай
киім ішсе де таныр едім.
Егер... Осы болжамның сіздерді қызықтыруы табиғи нəрсе. Ол неге
өзгеруге тиіс? - деп сұрауларыңыз мүмкін. Ол қыз өсіп, бой жетті,
толысқан əйелге айналды. Оңтүстік елдерде қыздардың ерте
жетілетіні рас қой.
Сонда мен неден қорықтым, оған қандай себептер бар? Бəлкім, ол
науқастан, арып-азудан немесе қайғы-қасіреттен өзгерген болар? Жоқ,
мүлдем олай емес.
Кездейсоқ əңгіменің нəтижесінде туып кеткенмен, жанымды
жегідей жеген күдігімді айтып жеткізу қиын-ақ. Ақымақ, мылжың
офицердің өз "жеңісі" туралы лепірме сөздері жүрегіме у құйғандай
болды. Жо-жоқ, Маюми болуы мүмкін емес! Ол сүттен ақ, күнəдан пəк
еді ғой. Онда жүрегім неге алып ұшады? Махаббат - қылмыс емес қой!
Ал егер соның бəрі шындық болса ше... егер ол.. Жоқ, бəрібір ол
айыпты емес! Осының бəріне тек офицер кінəлі!
Күні бойы өзімді-өзім жазғырумен болдым. Бөгде адамның
əңгімесіне құлақ түргенім үшін кінəладым өзімді. Осы əңгіме келесі
күні кешке дейін азап шегуіме себеп болды. Мен көп естіп, аз білетін
адамның кейпіне түстім.
Хадж-Евамен кездескеннен кейін көңілім көтеріліп, оның сөздері
көкейімдегі күдікті сейілтіп, үмітімді қайта оятқанына таңдануға
болмас. Рас, есі ауысқан əйел қашан өзім айтқанша оның атын атамай
қойды. Бірақ "орманның ерке құсы", "жүрегі қансырап" деген сөздері
соған арналмағанда, кімге арналсын?
Арайлы Күн туралы айтты - онысы Оцеола. Бірақ ол айтқан перизат
- Маюми емей кім болсын?
Ал екінші жағынан, əлдеқашан өтіп кеткен күндердің сəулесі,
ауысқан ақылдың əлі де сөне қоймаған елестері болуы да мүмкін ХаджЕва бізді бала кезден білетін, орманда серуендеп жүргенімізде талай
рет кездестіріп, тіпті аралда да бірге болған. Есуас ханша тамаша есе
білетін, қайықпен жүзгенде, асау атқа мініп ап құйғытқанда шебер-ақ
еді -бармайтын, баспайтын жері жоқ. Сол бір бақытты күндер есіне
түсіп кеткендіктен ғана сөйлескен шығар менімен Оның күңгірт
тартқан санасында өткендегілер мен қазіргі араласып, уақыт туралы
түсінік шатасып біткен ғой. Көкте құдай жар болсын бейшараға!
Бұл ой көңілімді құлазытып жібергенмен, бірақ ұзаққа бармады.
Жүрегімдегі тəтті үміттен əлі күдер үзген жоқ едім. Өміріме қастандық
жасалатынын білген кезде бойымды билеп кете жаздаған
қорқынышқа қарсы Хадж-Еваның балдай тəтті сөздері ем бола кетті.
Бір кездерде Маюмидің өзімді сүйгенін жəне əлі де сүйетінін білген
соң, мен бұдан жүз есе қатерлі қауіп болса да тайсалмай қарсы шығуға
бар едім. Махаббат жолында ерлік көрсетпейтіндер - тек бозөкпе ездер
ғана. Тіпті сүйген қызының күлкісіне мас болған қорқақтың өзі
таңғажайып ерлік көрсетуі ғажап емес.
Аренс Ринггольд менімен қатар тұрған. Біз көптің ішінде кездесіп
қалып, бір-екі ауыз тілге де келдік.
Ол менімен сыпайылық көрсету былай тұрсын, тіпті дос адамдарша
сөйлесті. Сөздерінен əдеттегі қыршаңқылық байқалмайды, бірақ бетіне
қадалып қарасам болғаны, көзі ойнақшып, төмен қарай береді.
Жоспарымның бəрін біледі-ау деген ой Ринггольдтің қаперінде жоқ,
мені өлтірмек боп мəз боп жүр!
XXXVIII тарау
КӨСЕМДЕРДІ ОРЫҢДАРЫНАН ТҮСІРУ
Бұл күні уəкіл батыл қимылдады. Жеңіп шығатындығына кəміл
сеніп, тəуекелге бел буған көсемдердің бағынышты адамдарға
айналатынын алдын ала білгендей, өктем қарады.
Анда-санда Оцеолаға ерекше көз тоқтатады. Уəкілдің жанарында
іштей масайрау бар. Бұл көзқараста не сыр жатқанын жəне жас көсем
үшін оның жақсылыққа апармайтынын білдім. Егер дəл қазір Оцеолаға
байқаусыз жақындай алсам, құлағына өзін сақтандыратын бірнеше сөз
сыбырлар едім.
Мұны ертерек ойламағаныма өкіндім. Хадж-Ева кеше түнде-ақ
жеткізер еді ғой менің хатымды. Неге жазып жібермедім? Өз басыммен
қайты боп жүргенде, досыма төніп келе жатқан қауіпті ойламаппын.
Пауэллді мен əлі де дос санайтынмын.
Уəкілдің құлағым шалған сөздерінен не мақсат қойып отырғанын
іштей сезгенмен, түпкі пиғылын анық біле алмадым. Əйтеуір, бір
сылтаумен Оцеола тұтқындалуға тиіс!
Бірақ ол заңды өрескел бұзу болар еді. ЬІңғайлы себеп таппай оны
жүзеге асыруға болмайды. Алды-артына қарамайтын уəкілдің өзі де
мұндай тəуекелге бара алмас ─ жеткілікті негізсіз қолдағы билікті
пайдаланып, асыра сілтеуге болмайды. Қандай сылтау тапса екен?
Оматла мен "ниеттес" көсемдер қалып отырған кезде, Онопа мен
"жауыққан" көсемдердің кетіп қалуы ─ уəкіл үшін қолайлы жағдай
туғызды. Тұтқынға алуға сылтауды Оцеоланың өзі тауып беруге тиіс
деп қорытты.
Досымның құлағына ең болмаса бір ауыз сөз сыбырлай алсам-ау!
Бірақ кеш қалдым. Тор жаюлы, қақпан құрулы, дала тағысы енді-енді
қолға түседі. Жоқ, сақтандыратын сəт өтіп кетті. Ендігі қолдан келер іс
үндістердің заңды құқтарын өрескел бұзатын əділетсіздікке үнсіз куə
болу ғана.
Генерал мен оның штабы тұрған жердегі үстелге ену сауыт пен
қауырсын қаламдар қойылды. Уəкіл кейіндеу тұр. Үстел үстіне
бірнеше бүктелген үлкен пергамент жайылды. Оклаваха шарты осы
болатын.
─ Кеше, - деп кіріспесіз бастап кетті уəкіл, ─ біз тек тілімізді
безеумен болдық. Бүгін сөзден іске көшетін уақыт туды. Мынау, ─ деді
ол пергамент көрсетіп. ─ Пэйн жоспары бойынша жасалған қоныс
аудару жөніндегі шарт. Менің кешегі ұсынысымды мұқият
ойластырсаңдар, енді шартқа қол қоярсыңдар деп сенемін.
─ Иə, біз ақылдастық, - деді Оматла өзі үшін де, өзінің тобы үшін де
жауап беріп, ─ қол қоюға əзірміз.
─ Онопа бас көсем, - деді уəкіл, - алдымен сол қол қойсын... Өзі
қайда? - деді зымиян, түк білмеген адамша жан-жағына қарап.
─ Көсемдердің көсемі бұл жерде жоқ.
─ Неге жоқ? Ол осында болуға тиіс еді. Неге келмеген?
─ Науқастанып қалды. Кеңеске қатыса алмайды, - деді көсемнің
күйеу баласы Хойтл-мэтти.
─ Бұл өтірік, Секіргіш! Онопа өтірік ауырып жатыр. Оны өздерің де
жақсы білесіңдер.
Мынадай қорлаудан кейін Хойтл-мэттидің тұнжыраған өңі
бұрынғыдан бетер күреңітіп, ашудан қалш-қалш етті. Əйтсе де көсем
ашуға жол бермей, жиіркене айқайлап жіберіп, қолын алдына
айқастырды да бұрынғы салмақты қалпына қайта көшті.
─ Абрам, сен Онопаның кеңесшісісің, оның не ойы барын білуге
тиіссің. Бүгін неге келмеді?
─ Ой, генерал мырза-ай, - деді зəңгі шала-пұла ағылшын тілінде
сұрақ қоюшыға пəлендей жалпақтамастан, ─ Король Онопаның не ойы
бар екенін қартайған Эйб қайдан білсін? Қайда жəне не шаруамен
кеткенін маған айтпайды. Ол ұлы көсем əрі жоспарын ешкімге
жарияламайды.
─ Ал шартқа қол қоя ма? Жауап бер: не "иə", не "жоқ" де!
─ Жоқ! - деп нық жауап берді зəңгі, осы шаруа өзіне
тапсырылғандай-ақ. ─ Оны жақсы білемін. Ол шартқа қол қоймайды.
Қол қоймайды. Жоқ!
─ Жетер! - деп айқай салды уəкіл. ─ Доғар! Семинолдардың
көсемдері мен жауынгерлері, онда мені тыңдаңдар! Мені сендерге
бəріміздің көсеміміз боп табылатын Құрама Штаттардың президенті,
өздеріңнің Ұлы Əкелерің сенім артып жіберіп отыр. Бұл өкілдік
бойынша мен ырыққа көнбегендер мен опасыздық жасағандарды
жазалауға тиіспін. Мен қазір оны Онопаға қолданамын. Бұдан былай ол
семинолдарға көсем емес!
Мұндай күтпеген мəлімдеу жұрттың бəрін жай түскендей
тітіркендірді. Көсемдер мен жауынгерлер уəкілге қадала қарап,
орындарынан дүркірей тұрды. Кейбіреулер кектене, кейбіреулер
таңдана қарасты. Əлдебіреулердің қыбы қанған секілді, бірақ жұрттың
көбі бұл хабарға сенімсіздікпен қарағаны анық.
Əрине, уəкіл қалжыңдап тұр. Əйтпесе семинолдар көсемін орнынан
түсіруге оның қандай хақысы бар? Семинолдар ─ еркін халық, олар
керек десеңіз ақ өңділерге алым-салық та төлемейді, ешқандай саяси
міндеттемелері де жоқ. Бас көсемді сайлайтын да, орнынан алатын да
семинолдар.
Жо-жоқ! Уəкілдің шын сөзі екеніне кешікпей бəрінің көзі жете
бастады. Король Онопаны орнынан алу қанша қисынсыз болғанмен,
уəкіл оны қалай да орындауға тырысты. Осындай мəлімдеме ауыздан
шығып қалған екен, енді уақытты өткізбей, іске кірісу керек еді. Ол
Оматлаға қарап сөйледі.
─ Оматла! Сен берген сөзің мен ар-ожданына адал болдың. Ер жүрек
халықтың билеушісі болуға лайықтысың. Бұдан былай семинолдар
королі сен боласың! Сені Ұлы əкең мен Құрама Штаттардың күллі
халқы құттықтайды жəне басқа ешкімді мойындамақ емес! Сонымен
шартқа қол қоюға кіріселік!
Уəкілдің белгі беруі бойынша Оматла алға шығып, үстелге
жақындап, қалам алды да, пергаментке өз атын жазды.
Жұрт сілтідей тынып қалды. Кенет оны ашумен, алқына шыққан бір
сөз бұзып жіберді. Ол: "Сатқын!" деген сөз еді.
Кім айтты екен деп жалт қарағанда, Оцеоланың еріндері əлі
жымырылып үлгермегенін байқап қалдым, ал көздері Оматлаға адам
айтқысыз жек көрушілікпен қадалып қапты.
Оматладан кейін қаламды Қара Топырақ алып, шартқа өз қолын
қойды. Қоныс аударуды жақтаушылар ─ Охала, Итолассе жəне басқа да
көсемдер бірінен соң бірі қол қоя бастады.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оцеола — Семинолдар Көсемі - 11
  • Parts
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 01
    Total number of words is 4183
    Total number of unique words is 2301
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 02
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2170
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 03
    Total number of words is 4203
    Total number of unique words is 2259
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 04
    Total number of words is 4201
    Total number of unique words is 2279
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 05
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2271
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 06
    Total number of words is 4205
    Total number of unique words is 2302
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 07
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2308
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 08
    Total number of words is 4118
    Total number of unique words is 2321
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 09
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2197
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 10
    Total number of words is 4200
    Total number of unique words is 2257
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 11
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2253
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 12
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2274
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 13
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2345
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 14
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2214
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 15
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2203
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 16
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2269
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 17
    Total number of words is 4101
    Total number of unique words is 2162
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 18
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2265
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 19
    Total number of words is 4197
    Total number of unique words is 2152
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 20
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2232
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 21
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2209
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 22
    Total number of words is 4159
    Total number of unique words is 2263
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 23
    Total number of words is 2123
    Total number of unique words is 1352
    41.5 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.