Latin Common Turkic

Оцеола — Семинолдар Көсемі - 05

Total number of words is 4060
Total number of unique words is 2271
32.8 of words are in the 2000 most common words
45.1 of words are in the 5000 most common words
53.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
мұнымызды ата-аналарымыз мақұлдай қоймайтынын біз іштей
сезетінбіз. Əйтпесе оны құпия сақтауға тырысар ма едік?
Сонымен, біздің алаңсыз сəттерімізді шексіз жалғаса беруге
жазбаған екен, күтпеген жерден үзілді.
Бірде төртеуіміз де аралда жүргенбіз. Аңшылықтан соң Пауэлл
екеуміз қарындастарымыздың қастарына кеп, əңгіме соқтық. Көзбен де
сөйлесіп, тілсіз ұғысып отырғанбыз. Маюмидің жанарынан өзге
төңіректе не боп жатқанын мен сезген жоқпын. Қарындасым мен жас
үндіс те мен секілді көзбен ғана тілдесіп отырғанын байқамадым. Сол
сəтте мен үшін Маюмидің күлкісінен өзге дүние бос еді...
Бірақ бізді сырттай бақылап, қас қақпай қадағалап жүрген көздер
бар боп шықты. Иттер аяқ астынан тұра-тұра келіп, ырылдап, қалыңға
қойып кетті. Бұтақтардың сыбдырынан жақын жерде адамдар жүргені
байқалды. Иттер де ырылдағандарын доғарып, құйрықтарын
бұлғаңдата кері қайтты. Демек, олар таныс жандар, достар болғаны
ғой... Кім болды екен?
Ағаш арасынан əкем мен шешем шыға келді. Оларды көргенде
Виргиния екеуміз қорыққаннан атып тұрдық. Бір сұмдықты ішіміз сезе
қойды. Дұрыс істемегенімізді, сөз жоқ, сезіп тұрмыз. Əкем де, шешем
де ─ екеуі де түнеріп кеткен, ашулы көрінді.
Бізге алдымен шешем жақындады, жақтырмай, еріндерін жымырып
алыпты. Ол өзінің шыққан тегін Рэндольфтар əулетінен де бетер
мақтан тұтатын.
─ Бұл немене? - деді жекіріп. - Менің балаларым үндістер
ортасында!
Пауэлл орнынан тұрды, бірақ ештеңе деген жоқ. Көзқарасынан бəрі
сезіліп түр. Шешемнің неге мегзеп тұрғанын ол қапысыз ұқты.
Ата-анама тəкаппарлана қарап, қарындасына соңымнан ер дегендей
иек қақты, сонан соң екеуі де ұзай берді.
Виргиния екеуміз тілден айырылғандай, достарымызбен қоштасуға
да батылымыз жетпеді. Ата-анамыздың соңынан еріп келеміз.
Қайықта ескекші зəңгілерден басқа əкелі-балалы Ринггольдтер отыр
екен.
Виргиния əке-шешеммен бірге кетті. Мен өз қайығыммен жалғыз
оралдым. Метистің қайығы кішкене өзеннің сағасына жете бергенде
бұрылып қарап едім, үндіс те, қарындасы да маған қарап бара жатыр
екен. Олар менен көз алған жоқ. Енді ұзақ уақыт, бəлкім... біржола
көріспейтінімізді сезгендей, жүрегім сыздап бара жатқанмен, қол
бұлғап қоштасуға батылым бармады.
Əттең! Түйсігім алдамаған екен. Үш күннен кейін алыс солтүстікке,
Уэст-Пойнттегі əскери училищеге аттандым. Ал Виргинияны
Солтүстік штаттардың əр қаласында дерлік кездесе беретін əйелдер
мектептерінің біріне жіберді.
Туып-өскен таңғажайып Гүлдер елін қайта көргенше, көп, көп уақыт
өтті...
XVII тарау
УЭСТ-ПОЙНТ
Уэст-Пойнттегі əскери училище ─ Құрама Штаттардағы таңдаулы
оқу орындарының бірі. Мемлекет басшылары да, шіркеудегі əулие
аталар да оған билік ете алмайды. Ол нағыз білім ордасы, егер игере
алмасаң, қуылуың оңай. Оны тамамдап шыққан адам, өлген көне
тілдерде ділмəрлығын, өлең түрлерінің бар ырғағы мен көлемін
білетін, қияли шумақтарды ойсыз тотыдай құр қайталайтын. Оксфорд
немесе Кембридж түлектеріндей емес, салауатты адам боп шығады.
Иə, Уэст-Пойнтті тамамдаған кісі шет тілдерді шын мəнінде игереді.
Білім көздерінен сусындай отырып, ол өнерден де мақұрым қалмайды,
сонымен бірге ол ─ ботаник, сызушы, геолог, астроном, инженер,
солдат ─ қаласаңыз бəрін де меңгереді! Қысқасы, мемлекеттік жоғары
қызметке де лайық, басқару мен үкім жүргізу де қолынан келер,
сондай-ақ өзі де мойынсұна білетін, тапсырылған істі тыңғылықты
тындыруға қабілетті жан.
Ғылымға бейімділігім бола қоймаған күннің өзінде, бұл училищеде
мен бойкүйездікке салына алмас едім. Уэст-Пойнтте үлгермеушілер
мен "кещелер" болмайды жəне де зиялы жанның немесе байдың
баласы деп еш жеңілдік жасалған емес. Үлгерімі төмен болса,
президенттің ұлы да училищеден қуылған болар еді. Оқудан шығып,
масқара боламын ба деген қауіп пен қорқыныштан жақсы оқуға
ұмтылып, бірте-бірте үздік кадеттердің қатарына қосылдым.
Кадеттер өмірінің егжей-тегжейі онша қызық емес. Əскери
борыштың күн сайынғы бір сарынды міндеттерін атқару ғана. УэстПойнттегі тəртіп қатал. Кəдуілгі солдаттың құлдық өмірінен мұның
айырмашылығы аз. Əскери қызметте əлім-ұлыққа жетпекке ұмтылған
мен жоқ. Бұл бəсеке, үлгермеушілердің қатарында болғым келмеуінен
еді. Рас, бүл тірліктің қапас, үйде бой үйренген еркіндіктен соң ауыр
секілді көрінетін шақтары да бар. Ормандар мен саванналарды одан да
гөрі кейінде қалған достарымды қатты сағынамын.
Маюмиге деген іңкəрлік кеудемде əлі де тұнып тұр, айырылысу оны
сөндіре алмады. Айырылысудан туған жан жүректің құлазуын ештеңе
толтыра алмас деп ойлайтынмын. Жүрегімдегі балалық махаббатты
еш қызық алмастыра алмайды, санамнан мүлдем өшірер күш жоқ. Ару
қыздың елесі көз алдымда күндіз-түні тұрады да қояды: күндіз - арман,
түнде - түс. Ұзақ уақыт осылай боп келді ─ мəңгі солай болар деп
ойлаушы едім. Енді мені ешқандай қуаныш рақатқа бөлей алмайды.
Тіпті Лета12 да оған шипа болмақ емес. Тəңірінің қанатты хабаршысы
кеп айтса да мен бұған сенбеймін, сене алмас едім.
Алайда мен адам табиғатын біле бермейді екенмін. Бұл жағынан
алғанда менің басқа жұрттан айырмашылығым жоқ. Өмірінің белгілі
бір кезеңінде жұрттың көпшілігі-ақ осындай қателік жібереді. Ащы да
болса шындық! Уақыт пен айырылысу көбіне махаббат отын сөндіреді.
Махаббат бір ғана естелікпен ұзақ өмір сүре алмайды. Пенде
тұрақсыздығының белгісі ─ қиялдағы ғажайып бейнені арман ете
тұрып-ақ, көбіне қолдағыны қанағат тұтуында. Дүниеде сұлу əйел көп
те емес, бірақ солардың бəрінен де сұлулығы жағынан асып түсер əйел
тағы жоқ. Сымбаты жағынан барлық еркектен асып түсетін еркек те
жоқ. Бірақ екі əдемі суреттің дəл сол заматта қайсысына қарап тұрсаң,
сонысы əсемдеу көрінеді. Ғашықтардың айрылысудан қатты
қорқатыны тегін емес.
Геометриялық сызықтар, бұрыштар, бастиондар мен амбразуралар
ғана сөз болатын оқулықтардан ба, күні бойы бір тынбайтын əскери
жаттығудан ба, жамбасқа батар темір төсектен бе, түнгі азапты
күзеттен бе - жоқ əлде осылардың бəрінен бе, кім білсін, Маюми жайлы
ойларыма бөгде қиялдар араласып, келе-келе оны санамнан шеттете
берді. Əлде бұл Уэст-Пойнтке ара-тұра арнайы сапармен келетін,
Саратога мен Бальстоун бикештерінің сүйкімді жүздері ме екен... əлде
ең жақын қоңсыластарымыз ─ офицерлердің бізге жиі келетін; əрбір
тыңдаушыдан болашақ батырды, я генерал бейнесін көретін ақ құба
қыздары болды ма екен. Мүмкін Маюмидің бейнесін менің есімнен
ығыстырған солардың бірі шығар? Гəп кім екенінде емес ─ солай боп
шыққанында. Сүйіктімнің бейнесі көңілімде көмескі тарта берді. Əбден
бұлыңғыр елеске айналғанға дейін, ол күн санап көмескілене берді,
көмескілене берді.
Шіркін, Маюми! Шынымды айтсам, бұлай болғанға дейін талай
уақыт өтті. Əрдайым күлімдеп тұратын көңілді жүзің көпке дейін көз
алдымнан көлеңдеп кетпей қойды. Өзімді азғырушы күштің əуенімен
ұзақ уақыт арпалыстым, бірақ мен де жұмыр басты пенде екенмін,
тəтті лəззат иіріміне шым батып кеттім.
Алғашқы махаббаттың оты біржола сөніп қалды демеймін: ол тек
суынып қалды, өшкен жоқ. Қол босаған шақтағы зиялы қауымның
думандарына қарамастан, ол ара-тұра ойыма оралатын. Үйімді, əсіресе
Маюмиді мен түнгі күзетте, мүлгіген тыныштықта отырғанда жиі
ойлайтынмын. Оған деген құштарлығым мұз бол қатып қалды, бірақ
құрыған жоқ. Маюми осында болған болса іңкəр көңілдің лап етіп қайта
тұтанатынына сенімдімін. Тіпті егер Маюми мені ұмытып, жүрегін
бөтен жан жаулап алса да, балалық махаббатымның дəл бұрынғыдай
қайта лаулайтынына сенімдімін. Жүрегіңді тербеткен бір əуен өзге
əуенге ауысар, бірақ Солтүстіктің тамаша қыздары Оңтүстік сұлуының
қара торы сүйкімді бейнесін жүрегімнен біржола өшіре алмады.
Ал мен Маюмиді көру былай тұрсын, училищеде жүрген кезімде ол
туралы бірде-бір хабар естіген емеспін.
Қарындасым екеуміз үйден жырақ бес жыл жүрдік. Ауық-ауық əкешешеміз келіп тұрады. Олар жыл сайын жазда саяжайға,
тынығушылар көп жиналатын солтүстік курорттар ─ Бальстоун, Спа,
Саратога немесе Нью-портқа барып тұрады. Каникул кезінде бізді де
сонда ала кетеді, бірақ жазды үйде өткізейік деп қанша өтінсек те, атааналарымыз иілмеді. Шешем болаттай, ал əкем - қара тас!
Мен олардың неге қарсы болатынын іштей сеземін. Тəкаппар əкешешеміз теңсіз некеден қорқады: олар, аралдағы көріністі ұмытқан
емес.
Курортта біз Ринггольдтермен кездестік. Аренс бұрынғыдай,
Виргинияны төңіректейді. Ақшаны оңды-солды шашатын нағыз əулекі
боп алды. Ол жағынан алғанда бір кездегі алыпсатар əрі делдал, қазір
Нью-Йорк
пайдакүнемдерінің
"бірінші
ондығына"
кіретін
алпауыттардан қалыса қоймайды. Бұрынғыдай, оған жүрегім
жылымай қойды, бірақ шешемнің ықыласы оның жағында еді.
Виргинияның оған қалай қарайтынын білмедім. Қарындасым зиялы
қауымның нағыз сұлуы, сезімін құпия сақтай білетін, өзін қалай
ұстауды шебер игерген бойжеткен боп өсті. Бұл біздің кезімізде жақсы
мəнер белгісі деп есептелетін еді. Кейде өте көңілденіп кетеді, онысы
маған жасандылау көрінетін жəне тез басылып қалатын. Кей кездерде
ойшыл боп кетеді, тіпті кісіге салқын, менменси қарайды. Сырттай
сұлу болғанмен, адам бойындағы ең асыл қасиет - мейірім мен ізгі
жүректіліктен айырылып қалған жоқ па екен деп қорқатынмын.
Бəлкім, менікі дұрыс та емес шығар.
Көп нəрсені сұрағым келеді, бірақ баяғы бала күнгі сенгіштік жоқ, ал
ізеттілігім оның жүрегінің шаруасына дөрекі түрде қол сұғуыма жол
бермеді. Өткен күндер туралы, яғни орманда сайрандаған еркін заман,
қайықпен қыдыратынымыз, аралдағы пальма көлеңкесінде өткен
кездесулер туралы ешқашан айтпайтынбыз.
Кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын: қарындасым өткен күндерді еске
ала ма, мен бастан кешкен күйді ол да тартып жүр ме екен? Бұған көзім
жетпей-ақ қойды. Кісіге сенімсіздікпен қараумен қоса, ептеген
сезімталдық тəн болғанмен, аңқау күзетші əрі ашық ауыз қамқоршы
боп шықтым.
Əрине, топшылауым дұрыс боп шықты, əйтпесе екеумізді де
рақатқа бөлеген нəрсе туралы неге үндемейді? Көптеу болса да, атаана алдындағы айыбын түсінгені ауыз аштырмай жүрген шығар. Əлде
зиялы қауымның лəззат құйынында басы айналып, балалық шақтағы
қарапайым достарын жиіркене еске ала ма екен?
Жалпы, оның жүрегінде сүйіспеншілік болды ма деген сұрақ ойыма
жиі келеді. Егер болған болса, осы уақытқа дейін сақталып қалды ма?
Біржолата көзім жетпеген жайт осы болатын. Өзара сыр шертісетін
уақыт қайтпасқа кеткен еді.
"Жас үндіске деген нəзік сезім, əуелде болған күнде де, сақталуы
мүмкін емес, - деп ойладым мен. ─ Оның бəрі көмескі тартты,
жүрегінен өшті. Мүмкін ұмытып та кеткен болар. Жаңа достары сағат
сайын марапаттайтын, кербезсінген, əтір иісі аңқыған жігіттердің
ортасында жүріп оны ұмытпауы мүмкін емес. Ол менен бұрынырақ
ұмытқан болар. Мен ұмытқан жоқпын ба?"
Біз төртеу едік, бірақ тек өз махаббатымды ғана білумен
шектеліппін. Жас үндіс қарындасыма қиыла қарады ма, қарындасым
оған дəл солай жауап берді ме, ─ мен ол жағын байқамаппын. Ол тек
менің долбарым, күдігім, сезіктенуім ғана.
Ал бəрінен де таң қалатыным, мені сарсаңға салған жүректе қандай
сезім бұғып жатқанын білмей-ақ кеттім.
Рас, қиялға қанат біткен шақта, ұнаймын-ау деп ойлайтынмын.
Сөзбен білдірген емес, жалт еткен өткінші бір көзқарасы мен
қимылына, болмашы қылықтарына қарап, жүрегімде тəтті үміт ұя
салған... Сондай-ақ күдік те ойыма жиі енетін. Сайып келгенде, Маюми
мені, бəлкім, ешқашан сүймеген де шығар!
Осы бір ащы ойлар мені аз азаптаған жоқ. Бірақ, таң қалатыным, тап
сол азапты ойлар Маюмиді еске түсіріп, махаббат оты бұрынғыдай
лаулап сала беретін.
Сезімтал өзімшілдік! Ол да махаббаттың өзіндей құдіретті. Махаббат
азабындай ауыр жара салатын да нақ сол.
Шамдалдағы шырағдандар сəулесі көмескі тарта берді, шыр
айналған би құйынында көз алдымнан өтіп жатқан сүйкімді жүздер
сұрқай тартты... Менің қиялым тағы да Гүлжазира еліне, көлге, аралға,
Маюмиге қарай самғады.
***
Бес жыл өтті, Уэст-Пойнт училищесіндегі мерзімді оқу уақыты бітті.
Соңғы қиын емтихандардан сүрінбей өтіп, жоғары бағаларға жəне
сонымен бірге үздік дипломға ие болдым. Бұл менің алдағы əскери
қызметте қару таңдап алуыма мүмкіндік берді. Винтовканы артық
бағалаушы ем, жаяу əскер, артиллерия, атты əскер жəне инженерлік
əскерлердің қай-қайсысын да тандап алуға мүмкіндігім бола
тұрғанмен, ─ жаяу əскерді тандап алдым да, атқыштар полкіне
қабылдандым. Газеттерде маған лейтенант атағы берілгендігі туралы
хабарлама басылды. Кешікпей туғандарымды көріп қайту үшін
демалыс алдым.
Қарындасым да əйелдер мектебіндегі курсты үздік бітірді. Үйге
бірге қайттық.
Əкеміздің дəм-тұзы таусылып, жесір қалған шешеміз ғана көз
жасымен қарсы алды.
XVIII тарау
СЕМИНОЛДАР
Флоридаға қайтып келген кезде, отанымда қатер бұлты қоюлана
бастаған еді. Алғашқы əскери сынақ туған шаңырағымды қорғаудан
басталды. Ептеген дайындығым да бар болатын. Əскери училище
қабырғасында соғыс ─ ең қызықты тақырып, сондықтан болашақ
соғыстың мүмкіндіктері мен перспективаларын егжей-тегжейлі
қарастырып шығатынбыз.
Құрама Штаттар өзге елдермен он жыл бойы тату тұрды. "Хикори
қарттың"13 темірдей қолдары шекарадағы үндістердің зəре-құтын
алумен болды. Олардың кек қайтаруды қойғанына он жылдан асқан,
бəрі де тып-тыныш, алаңсыз еді. Бірақ ақыр аяғында "статус кво"14 сақталған жағдай ұзаққа бармады.
Үндістер өз құқықтарын қорғауға тағы да көтерілді жəне ол
күтпеген тұстан, алыстағы Батыс шекарада емес, Гүлжазира елінің тап
ортасынан басталды. Иə, Флорида бұдан былай жаңа əскери драманың
сахнасына айналған еді.
Бұл повесть дəлме-дəл тарихи фактілер негізінде жазылғандықтан,
Флориданың өткендегісі туралы бірер сөз айта кету керек.
1821 жылдан бастап испан жалауы əулие Августин жəне əулие Марк
форттарының бастиондарында желбіремейтін болды. Испания осы бір
тамаша өлкеге ─ Америкадағы ең соңғы иеліктерінің біріне көз
алартудан бас тартты. Рас, испандардың Флоридада тартысып бермей
отырған ұлтарақтай ғана жері бар болатын. Үндістер испандарды
біртіндеп ұланғайыр елдің жалпақ даласынан бекіністерге қарай
ығыстырып тастады. Испандардың ірі мекенжайларының қираған
орындары ғана қалды. Жылқылар мен сиырлар тағыланып, саваннада
бетімен
жайылып
жүрді;
бір
кездегі
құлпырып
тұрған
плантацияларды арам шөп басты. Испандар жүз жыл бойы елге
үстемдік жүргізіп келді жəне осы уақыт ішінде талай тамаша үйлер
салды. Олардың орнын басқан англосаксондар салған үйлерден
əлдеқайда зор құжыралардың қалдықтары Испанияның бір кездегі
даңқы мен қуатының куəсіндей боп, əлі де жатыр.
Бірақ қайтарып алған жерлерінде үндістер ұзақ иелік ете алмады.
Күші мен жүректілігі жағынан өздерімен тең түсетін ақ адамдардың
басқа тайпасы солтүстіктен тықсыра бастады. Қызыл өңділер ерте ме,
кеш пе, өз иеліктерінен айырылатындарын білді.
Қазір президент тағына ие боп отырған қатал солдаттың
басшылығымен алға ұмтылған ақ басқыншылармен бір рет бетпе-бет
келгендері бар. Олар сол жолы жеңіліс тауып, оңтүстікке, жарты
аралдың ортасына қарай шегінуге мəжбүр болғанды. Дегенмен, осы
жерде үндістердің қауіпсіздігі келісім бойынша қамтамасыз етілді.
Салтанатты жағдайда қол қойылып, ант берісу арқылы бекітілген
келісім, олардың жерге иелік етуіне кепілдік берді де, семинолдар
мұны қанағат тұтты.
Əттең! Мықтылар мен əлсіздер арасындағы келісім-шартты нəрсе
жəне ол күштілердің қалауы бойынша бұзыла береді. Бұл жолы да
шарт арсыздықпен бұзылды.
Шытырман оқиға іздеушілер үндіс шекарасына таяу маңға
қоныстанып алды. Олар үндіс жерін таптап, бекер сандалып жүрген
жоқ, жаңа қоныс іздеді жəне жердің құнарлы екенін, оған күріш пен
мақта, қант құрағы мен индиго, оливка мен апельсин өсіруге
болатынын көрді. Қалай да осы жерге не болсақ деген құмарлықтары
күшейді. Ол - ол ма: олар осы жерге қожа болуға берік бел байлады.
Рас, арада келісім бар. Бірақ олар келісімді қайтсін! Оңай пайда
іздеген "қас батырлар", Джорджия мен Каролинаның ашкөз
плантаторлары, Оңтүстік штаттардың түкпір-түкпірінен жиналған
зəңгі сатушылар ─ олар үшін, əсіресе қызыл өңділермен жасалған
келісім деген немене? Келісім бұзылуға тиіс! Одан құтылу керек!
Қытымырлығы олардан асып түсетін "Ұлы əкей"15 бұл жоспарды
бекітті.
"Иə, - деді ол, - бұл ғажайып жоспар! Семинолдардың жерін тартып
алу керек. Олар басқа қонысқа кетуге тиіс. Біз оларға Батыстан, шексіз
жазықтардан жаңа мекен тауып береміз. Олардың аң аулауына ондаған
ұланғайыр өлке молынан жетеді. Ол жерлерге мəңгі бақи не болып
қалады".
"Жоқ, - деп жауап берді семинолдар, - біздің көшкіміз келмейді. Бізге
өз жеріміз ұнайды, өз отанымызды сүйеміз жəне одан айырылғымыз
келмейді. Біз кетпейміз!"
"Демек, өз еріктеріңмен кеткілерің келмейді ғой? Солай-ақ болсын!
Бірақ біз мықтымыз, сендер əлсізсіңдер. Біз сендерді күштеп
кетіреміз!"
Джексонның семинолдарға қайтарған сөзбе-сөз жауабы осы бола
қоймағанмен, əңгіменің төркіні осындай еді.
Бірақ өмірде қоғамдық пікір деген бар ғой, ол қанағаттандыруға
тиіс. Тіпті тирандардың өздері де келісімді ашықтан ашық бұзуды
ұнатпайды. Мына жағдайда дүниежүзілік қоғамдық пікірден гөрі, саяси
партияның мүдделері зор роль атқарды. Бұл партияның əрекеттерін
заңға сəйкес ету керек еді.
Үндістер қарсыласумен болды ─ олар туған жерін сүйетін-ді. Олар
өз жерлерінен кетуден бас тартты ─ оған таң қалатын не бар?
Үндістерді өз елдерінен ығыстырып тастау үшін сылтау табу керек
болды.
Үндістер жатып ішер жалқау аңшылар ғана, олар өз жерлерін өңдей
білмейді деген бұрынғы сылтау ендігі жерде жарамайтын еді. Жобаға
енбес нағыз өтіріктің өзі болмақ. Семинолдар аңшы ғана емес,
егіншілікпен де айналысатын. Олардың жер өңдеу əдістері қарапайым,
дөрекі болуы мүмкін, бірақ бұл оларды қуғынға салуға жетерлік ілік
бола ала ма?
Бүл ілік жарамады, бірақ оның есесіне басқа себептер табылды.
Үндістер арасына "Ұлы Əкей" жіберген айлалы уəкіл кешікпей түрлі
қулық ойлап тапты. Ол "тұнық суды лайлауды" əбден меңгерген
айлакерлердің бірі еді жəне онысын керемет пайдалана білді.
Көп ұзамай үндістердің бас бұзарлығы жөнінде қауесет тарап кетті:
ірі қара, жылқы ұрлануда, плантацияларды талқандап, жолаушыларды
тонап, өлтіріп кеткен - осылардың бəрі "жабайы семинолдардың"
жұмысы-мыс.
Жұрттың ашу-ызасын қоздыруға əрқашан дайын тұратын
шекаралық сатқын баспасөз мұндай сəтті құр жібермейді, өсектің өңін
айналдырып, құбылта түсуді өзіне борыш көреді. Қарсы жақтан, яғни,
үндістер тарапынан жасалып жатқан арандату мен кекшілдік,
əділетсіздік пен қаталдық туралы газеттерге жазушылар кім? Осы бір
қара жүрек адамдар бір жерлерде көрінбей, бұғып жатыр.
Кешікпей бүкіл елде семинолдарға деген дұшпандық сезім өршіді.
"Тағыларды құрту керек!.. Қудалау керек!?.. Елден аластау керек!
Батысқа қарай қуып тастау керек!" ─ Өшпенділік осындай сөздер
арқылы білінді, бар жерде осылай деп айғай салысты.
Құрама Штаттар азаматтарының əлдеқандай тілегі, үкімет ұстаған
бағытпен сəйкес бола қалса-ақ, тез орындалады. Бұл жолы да солай
болды. Бұл іске үкіметтің өзі кірісіп кетті.
Бəріне көпшілік қалауын ─ үндістерді жерге иелік ету құқынан
айырып қудалап, сөйтіп оларды аластап тастауды жүзеге асыру ─
онша қиып секілді көрінбеген. Бірақ келісім бар ғой. Күллі əлемнің
назары Америкаға ауды. Оған қоса, ақылға сала білетін азшылық топ та
бар. Əлгіндей айқай-ұйқайға қарсы олармен, қалай санаспайсың. Тапатал түсте, жұрттың көзі алдында келісімді бұзуға болмайды ғой! Сонда
бұл шарттан қалай құтылуға болады?
Былай істеу керек! Тайпа ақсақалдарын жинап алыңыз да, оларды
келісімді бұзуға көндіруге тырысыңыз. Тайпа көсемдері де ─ жұмыр
басты пенделер, өздері кедей, кейбіреулері ішімдікке жақындау
тұрады. Бұл жерде пара беру, ал бəрінен де "отты су" көмектеседі.
Сонан соң екі ұшты мағынадағы жаңа келісім жасаңыз, қараңғы
тағылар оның байыбына барып, мəн-жайын түсіне бермейді. Енді тек
қолдарын қойдырып алу ғана қалады ─ сонымен шаруа бітті!
Президенттің айлакер өкілі, зымиян жоспарды жасаған сенсің, ендеше,
жүзеге асыратын да өзіңсің!
Солай боп шықты да. 1832 жылдың 9 мамырында Оклаваха өзенінің
жағасында семинолдар көсемдері түгел жиналып, кеңес құрды да, атабаба жерін беріп тынды!
Газеттер күллі əлемге осылай деп жар салды. Бірақ бұл өтірік еді. Ол
көсемдердің толық жиналған кеңесі емес, пара алған сатқындар мен екі
жүзділердің жиыны, қорқып қалған немесе өтірік мақтауға сеніп қалған
əлсіздердің бас қосуы еді. Семинолдардың жасырып жасалған бүл
келісімді мойындаудан бас тартулары тегін емес. Онда қойылған
шарттарды мойындамауларына да таңдануға болмайды. Халық
қалауын еркін əлі толық айқындау үшін тағы да бір кеңес шақыру
керек еді.
Көп
ұзамай
семинолдардың
басым
көпшілігі
келісімді
қабылдамағаны анық болды. Көсемдердің көпшілігі оған қол
қоймағандарын айтты. Келісімді бас көсем Онопа да теріске шығарды.
Кейбір көсемдер актіге басқа көсемдердің ықпалымен қол
қойғандарын мойындады. Тайпалардың ең құдіретті басшылары
ағайынды Оматла, Қара Топырақ жəне Үлкен Жауынгер ғана бұл
құжатқа қол қойғандарын ашық айтты.
Сенімсіздікпен қараған барлық тайпалар оларды сатқындар деп
санады, олары əділ де еді. Бұл көсемдердің өмірлері қауіп-қатерде
болатын: олардың істеген істерін тіпті қолпаштап жүрген
жандайшаптары да құптаған жоқ.
Істің мəнін түсіну үшін, семинолдардың саяси құрылысы туралы
бірер сөз айта кеткен жөн. Оларда таза республикалық, нағыз
демократиялық басқару болатын.
Бəлкім, əлемдегі бірде-бір мемлекетте еркін қоғам құруға мұндай
негіз жоқ болар. Мен бұған: бақытты қоғам құруға ─ дегенді қосар едім,
өйткені бақыт ─ еркіндіктің табиғи нəтижесі.
Семинолдардың саяси құрылысын шотландықтардың тау
кландарымен ғана салыстыруға болады. Бұл сəйкестік тек бір мəселе
жағынан дұрыс. Гэлдер - шотландықтар сияқты, семинолдардың да
біртұтас мемлекеттік ұйымдары жоқ-ты. Олар жеке-жеке тайпа боп,
бір-бірінен қашықта, саяси жақтан көршілерінен тəуелсіз жағдайда
тұратын. Тайпалар арасы тату тұрғанымен дегенін істете алатын
ортақ билік оларда болған емес. Семинолдарда "бас көсем" деген бар,
бірақ оны король деуге болмайды. Өйткені "мико" ─ үндістердің
қойған аты ─ "король" деген атаққа мүлдем сай келмейді.
Семинолдардың тəкаппар рухы мұндай кемсітуге көне қоймас еді.
Олар адамның табиғи құқынан бас тарта қоймаған-ды. Ал құқық
жөніндегі түсініктің өңін айналдырып, адамзат қорлыққа көнгеннен
кейін ғана, "монархия" идеясы халыққа үстемдік ете бастады.
Семинолдар басшысы ─ "мико" тек басшы боп қана саналады. Оның
билігі сөз жүзінде ғана, ол семинолдар өміріне немесе дүние-мүлкіне
өктемдік жүргізе алмайды. Кейде көсем бай адамдардан емес,
керісінше, кедейлер ортасынан шығатын. Халықтың талап-тілегіне
басқалардан гөрі сергек қарайтын ол, елге емес, жеке өз басына тиесілі
дəулетті жомарт қолымен бөліп беріп отыруға дайын тұрады.
Сондықтан оның байып кетуі сирек. Шұбырып жүретін нөкері де, асыптасып жатқан сəн-салтанаты да жоқ, шығыстың раджаларының немесе
одан да төгіп-шашпа Батыстың тəж киген билеушілерінің сарайын
төңіректеген мансапқорлар мен жағымпаздардан да ада. Керісінше,
оның киімі жарқырап көзге түспейтін, көбіне өзін қоршаған
адамдардың киімдерінен нашар болады. Көсемге қарағанда көптеген
қарапайым жауынгерлер əлдеқайда салтанатты киінеді.
Жеке тайпа көсемдерінің жағдайы да осындай еді. Олар өз
қарамағындағылардың өмірі мен мал-мүлікке билік ете алмайтын,
жазаға тартуға да қақы жоқ болатын. Ондай істермен тек сот
айналысатын.
Осынау жандардың, қылмыскерге қолданар жазасы, цивилизациялы
қоғамдағы жоғарғы сот орындарының шығаратын үкімдерінен гөрі
əділ болатын деп батыл айта аламын.
Бұл тұп-тура республикалық бостандық системасына пара-пар,
бірақ жалпыға бірдей тендік идеясы жоқ болатын Тек сіңірген зор
еңбек қана құрмет пен беделге ие етеді. Кей жағдайда еңбек ортақ
болғанмен, жеке меншік ортақ боп есептелмейтін. Бірақ еңбек
ортақтығының өзі де өзара келісімге байланысты. Отбасы дəнекері
жер бетіндегінің бəрінен қасиетті жəне мызғымас берік болуға тиіс деп
саналатын.
Құқтарынан айырып, үйлерінен, атамекендерінен қуып шығуға,
тамаша өлкеден ─ тағы, қуаң далаға айдап жіберуге, қуғындап,
жыртқыш аңдарша қырып салуға тырысқан қызыл өңді жабайылар,
шын мəнінде, осындай жұрт еді!
Жыртқыш аңдардай деуімде қате жоқ ─ өйткені оларды қуғындап,
ізіне түскендер топ-топ аңшы иттерін ерткен болатын.
XIX тарау
ҮНДІС БАТЫРЫ
Бірсыпыра жағдайларға байланысты Оклаваха өзенінің жағасында
жасалған келісім семинолдар үшін міндетті бола алмады. Біріншіден,
онда көсемдердің көбісінің қолы қойылмаған; оған үлкенді-кішілі тек
он алты-ақ көсем қол қойған. Жалпы тайпаларда олардың саны бес есе
көп болатын.
Екіншіден, шынтуайтқа келгенде, бұл келісім емес, шартты
контракт қана болатын. Оның шарттылығы мынада: Батыстан
бөлінген жерлерге (Уайт Риверге) семинолдар арасынан делегация
аттанып, аралап көреді. Қайтып оралған соң халық алдында есеп
береді.
Жаңа мекенді қарап шыққанға дейін, семинолдардың қоныс
аударуы жөніндегі келісімнің өз күшіне енуі мүмкін емес екендігі,
шарттың бағдарынан-ақ байқалады.
Сонымен, зерттеу басталды. Үкімет уəкілі бастаған жеті көсем
алыстағы Батысқа жаңа жерлерді қарап шығу үшін аттанды.
Уəкілдің қулығын қараңыз. Жеті көсемнің жетеуі де семинолдардың
қоныс аударуын қолдағандардың қатарынан таңдап алынды. Олардың
ішінде ағайынды Оматла жəне Қара Топырақ бар еді. Рас, олардың
ішінде патриоттар арасынан шыққан Хойтл-мэтти де (Секіргіш)
болды, бірақ бұл ер жүрек жауынгердің мойнында талай үндістің
қарғысы бар -ол "отты суды" тəуір көруші еді. Оның бұл осалдығын
өздерін бастап жүрген уəкіл Фэгэн өте жақсы білетін.
Бұл қулық терең ойластырылып, жүзеге асырылды. Сайланып
келгендерді Арканзас өзенінің бойындағы Гибсон фортында
қонақжайлылықпен қарсы алып, жақсылап сыйлады. Хойтл-мэтти
көңілді болатын. Қоныс аудару жөніндегі келісімді жеті көсемнің
алдына жайып тастады. Оған бəрі де қол қойды. Жылпостық жол
тауып кетті!
Бірақ осының өзінде де, Оклаваха жағалауында жасалған келісім
күшіне енді деген ұғым туа қоймайтын. Делегация қайтып келген соң
есеп беріп, халықтың қалауын білуге тиіс. Халық өз пікірін айтуы үшін
көсемдер мен жауынгерлерді тағы да бір рет жинау керек еді. Əрине,
бұл тек жеңіл жұбату ғана, өйткені айдауға жүргіш бүл жетеуді халық
құптай да, қолдай да қоймайтынын жұрттың бəрі жақсы білетін. Қоныс
аудару деген халықтың қаперінде де болған жоқ.
Күн сайын шарттың басқа тармақтары да бұзылып жатқан шақта
бұл жайт айқындала түсті. Мəселен, Оклаваха келісіміне қол қойған
көсемдердің, қашқын құлдарды қожайындарына қайтаруға уəде
бергендіктері жөніндегі тармақты алайық. Енді семинолдар оларды ақ
адамдарға қайтаруды доғарды. Керісінше, зəңгілер үндістер тарапынан
сенімді пана табатын болып алды. Уəкіл мұның бəрін білетін. Түк
шықпайтынын біле тұра, ол жаңа кеңес шақырды. Бəлкім, келісімге қол
қою керектігіне үндістердің көзін жеткізер, егер олай болмаған
жағдайда, оларды ақ найзаның көмегімен қорқытып, көндіруге мəжбүр
етпек болды. Ол тап солай деп мəлімдеді. Бұл кезде үкімет əскерлері
жан-жақтан уəкіл тұратын жерге - форт Кингке16 шоғырлана бастады,
ал өзге көмекші күштер Тампа шығанағына күн сайын келіп жатты.
Үкімет шара қолданып, қажет болған жағдайда күш көрсетуге шешім
қабылдады.
Мəн-жайды жақсы білетінмін. Менің жолдастарым, əскери
училищедегі кадеттер, үндіс мəселесін жете білуші еді. Бұл мəселе
бəріміздің, əсіресе училище қабырғасынан тезірек кеткісі келіп
жүргендердің ықыласын қатты аударатын. Батыста жуырда ғана
тоқтаған "Қара Қыранның соғысы"17, шайқастарда көп адамдардың
көзге түсуіне мүмкіндік беріп үлгергенді. Сондықтан да ерлікті аңсаған
жігіттердің назарлары Флоридаға ауған болатын.
Алайда осындай соғыста даңққа не болам деп ойлау бəрімізге дерлік
күлкі секілді көрінетін. "Бұл соғыста жеңіске тым оңай жетеміз: онша
көңіл аударарлықтай қарсыластар жоқ, ─ десті көпшілік. Үркердей
ғана жабайы тобырдың бір рота солдатқа да қарсы тұра қоюы екіталай.
Үндістер алғашқы айқастың өзінде-ақ қырғынға ұшырайды немесе
тұтқынға түседі ─ ұзақ уақыт қарсылық көрсетуге титтей де
мүмкіндіктері жоқ. Сорларына қарай, бұған еш мүмкіндіктері жоқ!
Училищедегі жолдастарымның топшылаулары осындай болатын жəне
сол кездегі бүкіл елдің пікірі де осыған саятын Əскердегілер де осы
көзқараста болды.
Мəселен, бір офицер, қасыма жалғыз капралды ертіп ап, бүкіл үндіс
жерлерін қақ жарып өте аламын деп мақтанды. Енді біреу, үкімет өз
есебімнен соғыс жүргізуіме рұқсат етсе екен деген тілек білдірді. Ол
соғысты он мың долларға жетер-жетпес қана шығынмен аяқтамақ
болды.
Сол кездегі көңіл-күй осындай еді. Үндістер бізбен ұзақ соғыса
қояды дегенге ешкім сенбеді. Жалпы қарсылық көрсетуі мүмкін-ау
деушілердің өзі некен-саяқ. Үндістер өздеріне тиімді жағдай туғызу
үшін ғана саудаласып отыр, мəселе қарулы қақтығысқа жетісімен-ақ
олар жол беріп шыға келеді десті.
Өзіме келетін болсам, басқа пікірде едім. Сырттай тон пішушілерге
қарағанда, мен семинолдарды, олардың елін жақсы білетінмін жəне
күштің бірдей еместігіне, күрестің үмітсіздігіне қарамастан, олардың
масқара шартқа келіспейтінін сездім, ал күшпен алу онша оңай емес
еді. Дегенмен бұл өз топшылауым ғана - қателесуім де ғажап емес.
Тəрізі, жолдастарыммен дауласам деп, олардың күлкісіне ұшырауым
орынды болса керек.
Мəселенің егжей-тегжейін біз газеттен біліп отырдық. Сондай-ақ,
Уэст-Пойнтті тамамдап, қазіргі кезде Флоридада қызмет етіп жүрген
жолдастарымыздан да үзбей хат алып тұратынбыз. Біздің
назарымыздан еш нəрсе сырт қалған емес, көптеген үндіс көсемдерінің
аттарын, тайпалардың ішкі саясаттарын да біліп отырдық.
Байқауымызша, олардың арасында алауыздық бар. Ағайынды
Оматланың бірі бастаған партия, үкімет талабына мойынсұнуды
жақтады. Бүл опасыздар партиясы еді жəне олар азшылық болатын
Патриоттар едəуір көптеу. Олардың қатарында бас "миконың" өзі жəне
құдіретті көсемдер ─ Холата, Коа-Хаджо жəне зəңгі Абрам бартұғын.
Патриоттардың ішінде сол кезде аты ауыздан-ауызға тез тараған
жəне есімі баспасөз беттері мен достарымыздың хаттарында күн санап
жиі атала бастаған біреу бар. Ол соңғы кезде оз тайпасына күшті ықпал
етіп келе жатқан жас жауынгер, кіші көсемдердің бірі болатын.
Сондай-ақ, ол көп ұзамай өз соңынан құдіретті, көне көз көсемдерді
ерте жүріп, қарсыласу партиясының жан жүрегіне айналды.
Біздер, Уэст-Пойнттің кадеттері, осы бір жас жігітке қайран қалдық.
Батырға тəн қасиеттің бəрін соның басына үйіп-төктік ─ игі, батыл,
сымбатты, ақылды... Оның күш-қайраты мен ақыл-парасаты жөнінде
де мақтау сөздердің көптігі сонша, соның бəрі асыра дəріптеу секілді
көрінетін. Тұлға бітімі Аполлондай, сұлулығы Адонистей18 немесе
Эндимиондай19 десіп жүрді. Ол барлық жағынан да бірінші; атқанын
түсіретін мерген, ең тəжірибелі жүзгіш, ең жақсы шабандоз жəне аяғы
аяғына жұқпайтын желаяқ, ең олжалы аңшы. Ол бейбіт кезде де, соғыс
уақытында да аса көрнекті адам - қысқасы, Кирден20 бір кем емес.
Жəне оның даңқын асыра түсуге тырысқан Ксенофонттар21 да аз
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оцеола — Семинолдар Көсемі - 06
  • Parts
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 01
    Total number of words is 4183
    Total number of unique words is 2301
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 02
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2170
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 03
    Total number of words is 4203
    Total number of unique words is 2259
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 04
    Total number of words is 4201
    Total number of unique words is 2279
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 05
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2271
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 06
    Total number of words is 4205
    Total number of unique words is 2302
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 07
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2308
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 08
    Total number of words is 4118
    Total number of unique words is 2321
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 09
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2197
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 10
    Total number of words is 4200
    Total number of unique words is 2257
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 11
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2253
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 12
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2274
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 13
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2345
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 14
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2214
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 15
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2203
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 16
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2269
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 17
    Total number of words is 4101
    Total number of unique words is 2162
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 18
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2265
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 19
    Total number of words is 4197
    Total number of unique words is 2152
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 20
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2232
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 21
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2209
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 22
    Total number of words is 4159
    Total number of unique words is 2263
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оцеола — Семинолдар Көсемі - 23
    Total number of words is 2123
    Total number of unique words is 1352
    41.5 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.