Latin Common Turkic

Өлгендер қайтып келмейді - 10

Total number of words is 4256
Total number of unique words is 2350
34.9 of words are in the 2000 most common words
49.4 of words are in the 5000 most common words
57.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Не? Не боп қалды?
— Ішім ойбай.,.
— Хватит притворяться, вставай!
Менде тұратындай хал жоқ.
Мені қулық істеп жатыр деп ойласа керек. Өңезе неме, жаңағы сөзін
қайталап, жаман аяқтарымен құйрығыма теппек болады. Ой, мұндай ыза
болмаспын.
Орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де білмей қалдым. Отделение
командирінің кеңірдегінен ала түсуге дайын едім. Дір-дір етем.
Шаң-шұңға жұрт елең етіп қарасты. Не, не боп қалды деп, взод
командирі келді.
— Мынау өтірік ауырып тұрғысы келмейді.
— Əкеңнің басы!
Фельдшер келді сумкасын салақтатып. Ыстығымды өлшеді. Термометр
айналайын денем от екенін көздеріне шұқып, көрсетіп берді.
Отделение командирінің үні өшті.
Жазықсыз жапа көргендіктен қаным қайнап, басылатын емеспін.
Отделение командиріне азуымды шықырлатып:
— Тоқтап тұр! Мен саған көрсетемін!—дедім.
Қос ат жегілген салдырлақ көк арба ыңқ-ыңқ еткен мені Алматыға
полкке жеткізді. Санчаста рентгенге салып көрді де, өкпеңе суық тиген деп
тапты. Ыстық күнде тершіп, қызып тұрған денемен сыз жерге жабысып
жата қалуым ақымақшылық болған екен. Өкпенің екеуі бірдей қабынып
шыға келген.
Ленин көшесінің бойы, тау етегіндегі госпитальға əкеліп салды. Қалың
бақтың іші, таза ауа.
Госпитальда күзге дейін жаттым. Адам əбден жүдеп-жадағанда денедегі
бар ауру түгел бас көтеретін тəрізді. Өкпем түзелгенмен басқа кесел
жамалды. Оң жақ мойнымның өндіршегінің безі қабынып, оңай
жазылмайтын, түрі жаман жараға айналды. Жараның үңірейген аузы
дəрігер не ем істесе де бітпей тұрып алды.
Күндер өтіп жатты. Жарада жазылатын ниет жоқ.
Ақыры болмаған соң, дəрігерлік комиссияға салды. Комиссия алты айға
ескеріп кызметтен босатты. Берген кенесі ауылыңа таза ауаға бар. Күшті.
тамақтар іш. Көп ұйықта. Таза ауада көп жүр, сөйтіп, оңал.
Жол азығымды бұлтитып арқама таңып алдым да, елге қайттым.
Қызыл Армияға фашизммен менсіз соғысуына тура келді.
Əскерден келе жатқанда ел бетіне жарқын жүзбен қарайсың. Жолшыбай
кездескен машиналарға қолыңды айбаттана көтеріп, қонар үйдің есігін
батыл - батыл қағасың.
Бұл кезде əскерде адамы жоқ жан жоқ. Біреудің ұлы, біреудің бауыры,
енді біреудің сүйген жары саған ұқсап солдат киімін киіп, отан қорғау
жолында қызмет атқарып жүр. Қар кешіп, соғысып жүр.
Əсіресе, майданнан жараланып қайтқандарға ел бейілі бөлек. Оларды
сыйламайтын, құрмет етіп қарамайтын жан сирек. Қызыл оттың ішінен
шыбын жанын шүберекке түйіп аман алып шыққан нағыз бақыттыдай
көреді. Бар бейілдерімен қызмет етуге дайын тұрады.
Өте-мөте елжіреп, төнін түсетіндер жақсылық, жамандықты көп көрген
қарттар:
— Қалқам, соғыстан келемісің? Майданның қай жерінде болдың?
Госпитальда қайда жаттың? Қай жеріңнен жарадар болдың?—деп, сұрақты
жаудыра жөнеледі.
— Жоқ, соғысқа барған жоқпын. Əскерден ауру болған себепті
қайттым,.— деуге мұндайда тіл келмей қалады. Алғашқы бірінші сұраққа
«иə» деп қап, сосын шегіне алмайық. Өтірікке белшемнен бата берем. «Қай
жеріңнен жарадар болдың?» десе, міне деп, мойнымдағы аурудан болған
жараны көрсетем.
Ешкім де шүбə келтірмейді, сенеді. Əскерден қайтқанның бəрі - ақ
жараланып қайтқандар деп ойлайды.
Төсекті қалың етіп салып, ең тəуір деген тамақтарын беріп, сыйлап
жібереді.
Бүкіл кеш бойына соғыс жайынан əңгіме сұрап, қадалып отырып
алатындар бар. Анау қалай? Мынау қалай?.. Соғысқа бармақ түгіл, əлі бір
оқ атып кермесем де,. майданда «басымнан кешкендерімді» майын
тамызып айтып берем. Оның көбі əскерде соғысқа барып келген басқа
жұрттың аузынан естігендерім. Ал кейбірі өзімнің соғысқа барсам өйтер
едім, бүйтер едім деген, қиялымнан туған.
Майданнан келе жатқан жарадар солдат болып, аз күнде есен-аман
еліме жеттім.
Miнe тағы да Тұйықтамын. Тұйық менің дүниенің қай бұрышына
кетсем де, қайта айналып табатын алтын ұям. Былқ етпес түп қазығым.
Мені оған арқандап байлап қойған, жай көзге көрінбейтін, үзілмес керемет
берік жіп бар. Ол жіп үзілсе, мен мен емеспін, басқамын.
Ендігі міндет дəрігер айтқан кеңестерді мүлт жібермей орындау. Сөйтіп
оңалу. Денсаулықты түзеп ап, даңқты Қызыл Армияның қатарына қайта
оралу. Фашизмді талқандап, жоқ етуге халқымның азаматы ретінде өзімнің
үлесімді қосу.
Ауылыңа таза ауаға бар деген еді дəрігер. Міне келдім. «Көп ұйықта»
өзім де жасымнан ұйқышыл жанның бірімін. Ұйқының сазайын бере
бастайтыныма дау жоқ.
Дəрігердің жəне бір айтқаны «күшті тамақтар іш» еді ғой. Бұны да
ұмыта қойған мен жоқпын. Бірақ мүлтіксіз орындауға келгенде, ұқыпты
болар түрім жоқ. Бар болса ішесің күшті тамақтарды, жоқ болса, неңді
ішесің?
Дəрігердің кеңесін қазанға салып қайнатқанмен сорпа болып
шықпайды. Қазанға тамақтан өтетіндей басқа бірдеңе салып қайнатқан
жөн.
Ол оңайлықпен табылатын кез емес.
Ауызды ауыртып ет, майды айтпағанда, нан жеудің өзін Тұйықтың
халқы баяғыда ұмытыпты. Соның бірі біздің үй. Сонау жылдары таршылық
кезде қазанға жалындатып арпа қуырып, тоңқаңдап келі түйіп жатушы еді
ғой. Осы күні сол кəсіпке кайта оралыпты.
Күнбе-күн ет, май, нан жейтіндер Нұрəлі, Жүніс, тəрізді бірлі-жарым
қазан құлағын ұстағандар.
Мен келіп түскен күні шешем байғұс қалбалақтап ауылды кезе жөнеліп,
əлдекімнен, əлде неге саудаласып, бір серке əкеп сойған болатын. Оның еті
екі-үш күнде сап болды. Сап болмай кайтсын. Жейтін ауыз тек өзіміз ғана
емеспіз. Маған амандаса келген ауыл адамдары қашан қазан оттан
түсірілмейінше түкіріктерін жұтып, төр алдында жарбиып, отырып
алатұғын əдеттері.
Көк серкенің еті түгіл үй сыртына күресінге лақтырылып тасталған
сүйек-саяғынан да түк қалған жоқ. Ауылдың талайдан сүйек кемірмеген аш
иттері бір бірімен ырылдасын, таласып, тиген - тигенінше талап əкетті.
Енді ет те жоқ. Қолда пышаққа ілігіп, ет болатын ұсақ мал да жоқ. Бүкіл
бір үйді жан бақтырып отырған жалғыз қызыл сиыр бар. Есуас болмасаң
оны жарын тастай алмайсың.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал барып сəлем береді».
Менің əскерден оралғанымды естіп, біздің үйге бас сұғып шықпаған жан
Тұйықта жоқ - ақ. Тек Нұрəлі келмеді. Біздің үймен, біздің тұқыммен
бітіспес жау болып алғаным ол жəне бір рет осылайша айқын көрсетті.
Дүниенің қоры болып кетсем де, оның алдына төменшіктеп баруға мен
де жоқпын. Колхоз председателі түгіл, маған десе, құдай болып кетсін.
Ал не істеймін енді? Алты ай бойы жамбастап жатып алам ба? Қой,
болмас. Онсыз да жандарын əрең бағып отырған екі əйелге (шешем мен
жеңгеме) масыл боп, жата беруім жарамас. Өзіме бір жұмыс тауып алайын.
Қайдан табам? Кім болам?
Нұрəліге жұмыс сұрап баратұғын мен жоқпын.
Менің ойым ауданда.
«Өмірбаян жаз». «Анкета толтыр» дегенді ойласам, тула бойым дір ете
қалатын əдет пайда болған. Мекеменің бəрінде де сол тəртіп. Қолыңнан
қандай жұмыс келетінін сұрамайды. Ен əуелі толтыр мынаны деп, алдыңа
тоқымдай етіп, кадрлар есебінің листогін жайып тастайды.
Листок емес, сұрақшы. Ол сенен қадалып, сұрақ ала бастайды:
сотталдың ба?Не үшін сотталдың?
Сотталмадым деп, өтірік айта алмаймын. Ал сотталдым деп жазсам,
мекеме басшысының менен дəл бір оба ауруы бар адамдай ат-тонын ала
қашатынын жəне білем.
Осыны осылай деп, түгел жазып беруді листок қаламайды. Тек бір ғана
сөзбен не иə, не жоқ деп жазғаныңды қалайды.
Шіркін, не сотқа, не прокурорға хатшы болсам. Нұрəлінің көзі атыздай
болар еді-ау! Өйткені, ол жүрген жер лас қой. Екі қолы, аяғы бəрі лас. Заң
мекемелерінің аты аталса, лас кісі қалтырап тұрады. Сот, прокурорға хатшы
болу маған міне осы үшін — жауым Нұрəліні азды-көпті қалтырату үшін
керек.
Бірақ, мен тəрізді заңмен істес болған адамды заң мекемелеріне
кызметке алмайтыны белгілі.
***
Ойлап - ойлап, мұғалім болайын дедім. Өзге қызметтердің ішінен
көңілім қалайтыны мұғалімдік.
Аудандық оқу бөлімінің кеңсесінде тұрмын. Мұнда да сол бір тəртіп:
өмірбаян жаз, анкета толтыр.
Жаздым. Толтырдым. Жүрегім қалтырап, бастықтық үкімін күтудемін.
Мұғалім бола алмайсың демесе неғылсын.
Бастық алтын адам екен. Мен толтырған қағаздардың ол бетіне де
қарамастан столының тартпасына тығып жатып:
— Ал, жігітім, қай мектепке барғың келеді? — дегені.
Мен қуанғаннан:
— Қайда жіберсеңіз де барам, — дедім.
— Сарыбелге барасың ба? Əрі мектеп меңгерушісі боласың. Əрі өзің
бір класты оқытасың.
— Барайын.
***
Міне Сарыбелдемін.
Бұл араның көке аты Сарыбел болғанмен колхозының аты Карл Маркс.
Біздің Қарасаз ауданында аты құтаймайтын колхоздар бар, Соның бірі
Сарыбелдегі осы артель. Əуелде, тұңғыш рет колхоз бен біріккенде, атып
атам заманғы жер аты бойынша Сарыбел деп қойған. Бұл, əрине, табиғи
дұрыс еді.
Кейінірек жұрт коммунизм идеясының түп атасы Карл Маркстің өз
атына бір-ақ жармасады.
Бұндағы колхоз аты содан бері «Карл Маркс». Ал Сарыбел деп атауын
жуық маңда қоятын емес,
Соған біз де еріп кетіп отырмыз.
***
Сарыбел аудандағы ірі поселктің бірі. Орыс, қазақ аралас. Мектеп үйі
екі жерде: бірінде орыс кластары, екіншісінде қазақ кластары оқиды.
Менен бұрын мұнда үш мұғалім бар екен. Үшеуі де нəзік жыныстың
өкілдері. Мен міне төртіншімін.
Əуелгі кездескен екі жас келіншек мұғалімдер ілтипатпен иіліп:
— Саламатсыз ба, жолдас директор. Келуіңізбен, — деп қолдарын
сызыла ұсынып жатыр.
Мырс етіп, күліп жібере жаздадым. Неге «директор?» «Жолдас мектеп
меңгерушісі» деп, дұрысын неге айтпайды? Əлде менің тым лас екенімді
көріп, тəлкек еткендері ме? Болмаса, маған жағыну үшін қызмет лауазымымды əдейі қампитып атағандары ма?»
«Мектеп меңгерушісі» дегеннен гөрі «директор» деу, шынында да, əрі
ықшам, əрі дардай.
Екі мектеп үйінде үй сыпыратын екі əйел бар. Олар да күні бұрын
ақылдасып қойғандай:
— Жолдас директор, амансыз ба?—дейді.
Əуелде оғаш боп естілген «директор» деген сөзге құлағым бара-бара
үйренейін деді.
Осында, Сарыбелде, шешеме төркін боп келетін Құдайберді деген адам
тұрады. Өзі кəзір əскерде. Əйелі Нұрила оқымаған, сауатсыз. Колхозда жай
қара жұмыс істейді. Бала көтермеген, жалғыз бас. Мен осы Нұрила
жеңгейдің үйіндемін. Мінезі жұмсақ, бауырмал жақсы кісі. Аудандық оқу
бөлімі Сарыбелге барасың ба дегенде, менің ойламай, бірден келісім
беруіме бұл да себеп болған. Пəтер іздеп əуре болмаймын, Нұрила
жеңгейдің үйінде жүретін шығармын деп ойлағам.
Төр алдында Нұрила жеңгейдің қалшылдап салып берген жер төсегінде
міне бір түнеп шықтым. Таңертеңгі уақыт. Ұйқым əбден жақсы қанып
қалған. Ойым да, бойым да сергек. Адам бұндай кезде оянып aп, мынадай
рақат халді қимай, керіліп, жата түсетін əдеті. Əр түрлі ойлар басқа келеді.
Кенет мойнымдағы жарам есіме түсті. Лағнет келгір, осы жара - ақ
көңілімді кірбің етіп бітті - ау! Ел көзінше ұялып, көйлегімнің жағасын да
ағыта алмаймын. Ыстықта да, суықта да қорынып, қымтап алып жүргенім.
О, ғажап! Сенем бе, сенбеймін бе? Саусағымның үшімен мойнымды
сипап көрсем, жара жоқ. Жазылған. Желімдеп таңып қойған шүберегі түсіп
қалыпты.
Жараның орны жым-жылас.
Ой, мұндай қуанбаспын! Орнымнан атып тұрып, айнаға жүгірдім. Жара
жоқ. Жараның аузы қара қотырланып бітіп қалған. Жарадан құтылғанмын!
Ой, ғажап - ай Бұндай да ғажап уақиға болады екен-ау! Дəрігер не ем
істесе де бой бермеген жара еді. Ешқандай ем - домсыз өзінен-өзі
жазылған.
Госпитальдан шыққалы мен бұл жараға ешқандай да ем істеген
жоқпын. Ем істеуге жағдай да болған емес. Тек екі-үш рет кірлеп кеткен
шүберегін ауыстырдым.
Мен енді білдім: мойнымдағы жараның шипасы дəрі емес екен. Туған
жердің ауасы екен. Жараны сол емдеп жазған. Тек сол.
Қасиетіңнен айналайын, туған жер!
Сабақ екі мектепте де екі сменамен оқытылады. Мен түстен кейін
екінші, төртінші кластарды катар қосып оқытам. Мектеп үйінің екеуі де
нашар. Осы үшін əдейі арнап салынбаған. Бір кезде адам тұрған, осындағы
көп үйлердің біреуіндей бəкене, қораш там. ІІІатырсыз.
Əсіресе, қазақ кластары оқитын мектеп ұсқынсыз. Өз алдына оңаша
жеке де емес. Əлде кімнің тəйпиған там үйінің жалғасы.
Бергі, көше жақтағы екі бөлме мектеп болғанда, арғы, қора жақтағы
басқа екі бөлмеде Сегізбай дейтін, қас-қабағы түксиген, тұлғасы аю
тəріздес шалдау адамның семьясы тұрады.
Мектеп пен Сегізбай үйінің есіктері бөлек.
Сегізбай живсырьеның осы төңіректегі бірнеше колхозды қамтитын
агент қабылдаушысы. Киімді қатып киінеді. Үстінде жаңа фуфайка,
шалбар, аяғында сықырлаған хром етік. Баста базар қалпақ. Алғашқыда
мен бұл адамды онша ұнатпай жүрдім. Кісіге сүзетін бұқа тəрізденіп, иегін
алқымына тығып алып, ежірейе қарап тұрғаны. Амандассаң жөнді
амандаспайтын тəкаппар. Ернін болар-болмас жыбыр еткізеді де қояды.
Соңғы кезде осы үшін мен де онымен жөнді амандаспайтын болғам.
Мектептің дəл қасында, бет алдында, Сегізбай қожалық ететін бір қора
шаруашылық бар. Үлкен шарбақ қоршау. Ол қоршаудың ішінде жабық
төбенің астында шоқы - шоқы үйілген жүн, тері-терсек. Есігіне шомбал
қара құлыптар салынған əр түрлі қойма -складтар.Шикізат өткізген
жұртпен Сегізбайдың сауда саттық жасайтын арнайы дүкені бар. Ол да
осында.
Дүкен, дүкен деген соң мен бір жолы кіріп едім. Көзім атыздай болды.
Сарыбелдің халқы Сегізбайды көргенде алдын қия кесіп өтпей, неге Секе,
Секе деп, кішірейіп, құрмет етіп тұратынын, Сегізбайдың тəкаппар
болуының сырын енді білдім. Сенсеңіз əлгі жаман дүкенде жоқ нəрсе жоқ.
Халық көп тұтынатын: əр түрлі іштік - тыстық кездеме, пима, галош,
айна, сабын, былғары, шай қант бəрі тұр. Осының қай-қайсы да осы кезде
қапы жерге тамбайтын зəру заттар.
Бұл неге булай екенін сұрастырсам, соғыстың кесірінен саудадағы
тəртіп те өзгеріпті. Əлгі аталған халық көп тұтынатын қат бұйымдар
живсырье арқылы да сатылатын бопты. Бірақ жай ақшаға сатылмайды.
Жүн, қыл, тері-терсек өткізгендерге, онда да, сол өткізген шикі зат
құнының белгілі бір процентіне ғана беріледі.
Жай ақшаға сатылса, бұның бəрі бүйтіп жарқырап тұрмайтыны белгілі.
***
Бір күні түске таман күндегі əдетім бойынша мектепке сабағыма келдім.
Алғашқы қар жауып, күн кайта жарқырап ашылған. Əлі сабақ бастауға
ертелеу. Класқа кірмей, биылғы тұңғыш қарды тамашалап, сыртта өзіммен
өзім болып тұрмын.
Кенет, арт жағымнан:
— Бала, неғып тұрсың? — деген дауыс естілді. Жалт қарасам, Сегізбай.
— Бері кел!
Сегізбай өз есігінің алдында тұр.
Ішімнен мырс еткендей болдым — «бала». Жұрт қампитып, «директор»
десе, бұл «бала» дейді. Тым құрса, «мұғалім» деп те атамайды.
Ішімнен қырсауланып, бұл не айтар екен деп, қасына жақындап келдім .
— Жүр, шай ішейік.
Сегізбай осыны айтып, кетіп барады. Болды, ілес соңымнан дегені
тəрізді. Мен əлгі арада бір сəтке қалшиып қалып қойдым.
Сегізбай артына бұрылып қарайтын да емес.
Менің жыным келді. Мына шал жынды ма ей? Жүр дегенге, мені
соңынан томпаңдап жөнелетін күшік тəрізді көре ме? Адамша неге жөндеп
шақырмайды? Қатарласып, бірге неге жүрмейді?
Сықырлауық кішкене есіктен үлкен денесімен екі бүктеліп, кіріп жатып,
Сегізбай артына енді ғана бурылды. Жүрмей тұрып қалған мені көрді:
— Жүр, неғып тұрсың?
Тағы езі бұйырып сөйлейді.
Мен əрі қырсығып, əрі таңырқаймын: өзінің дөрекі мінезі осы ма?
Болмаса, мені жөнді кісі деп, санамағаны ма?
Қалай да, Сегізбайдың нысы жеңді. Міне ол кірген аласа есіктен мен де
кіріп келе жатырмын. Бұрын бұл үйге бас сұққан жан емеспін.
Шағын ауыз үй. Едені жер. Бірақ таза. Төр үйдің көкшіл сырмен
сырланған есігі қақ жарылып, ашық тұр. Ар жақтан еденіне
табалдырықтың түбіне дейін жеткізін, бірінің үстіне бірін қабаттап төсеп
тастаған қызылды-жасылды алаша - текеметтер, екі кісілік ақ польский
кереует, жібек шымылдық, қабырғаға ұстаған үлкен де, əсем кілем көрінеді.
Салтанатқа малынған тап-таза көңілді бөлме. Есік алдына аяқ сүрту үшін
тасталған шүберекке кайта оралып, аяғымды барынша ықтияттап сүртіп,
сырт киімімді шешіп, содан кейін ғана тер үйге еппен басып кірдім.
Сыртынан қарағанда тым қораш жаман тамның іші дəл мұндай жайнап
тұруы мүмкін-ау деп, ешқашан ойлаған емес едім.
Сегізбайдың үйіне кіріп кермесем де, семьясын керіп жүрмін, білем.
Жауықазын дейтін кемпір боп қалған қатпа қара əйелі, төртіншіде—менің
класымда оқитын Жібек атты пысық та, өжет қызы бар. Міне солар бəріміз
аласа дөңгелек столда шай ішіп отырмыз. Кесек-кесек опырып турай
салған оппақ тапа пан, табақшаға шеңгелдеп үйіп салған қарынның сүр
иісті сары майы, қант.
Сүт қатып, баптап құйған қызыл шай.
Бұндай дастарқан бүл күнде кім көрінгеннің үйінен табылмайды.
Ыстық шайды сыпайыгершілік сақтап еппен ұрттап отырмын, басым ой
дегенге əңкі -тəңкі. Бұл қалай бай тұрады? Үйінің іші анау, ішіп-жемі
мынау. Менің дəл арт Жағымдағы үлкен қабырға толы биік етіп жинаған
сəнді жүк. Құрығанда он жастық, жиырма көрпе бар шығар - ау. Бұның
бəрін бұл қайдан алды? Соғыстан бұрын жинағандары ма?
Біз ор қайсымыз əдейі адам отыруға арнап істеген бір-бір жұмсақ,
дөңгелек құрақ көрпешенің үстінде отырмыз.
Дəл мұндай тұрмысы бар адам бұл кезде ел ішінде сирек. Сирек түгіл,
кездеспейді. Тым құрыса, колхоз председателі немесе аупартком секретары
болса екен-ау. Живсырьеның жай ғана агент - қабылдаушысы. Бұрын
мұндайларды жұрт көзге ілетін бе еді!
Сегізбай сөзшең адам емес. Тек анда-санда маған «іш» деп қояды.
Бет аузын сай - сай əжім басқан, тарбиған сүйек қолдарының көк
тамырлары бадырайып шығып кеткен Жауқазын тіптен жуас. Өздігінен жан
ашым сөйлейтін түрі байқалмайды. Тек шай құйып бергенді ғана біледі.
Шай соңынан Сегізбай:
— Бала, карта ойнауды білуші ме ең?—деді.
— Ептеп білем.
— Білсең, кешке сабағың біткен соң кел, карта ойнаймыз. Жиырма бір
дейтін ойынды білетін бе ең? Қалтаңа ақша сала кел, соны ойнаймыз.
Сегізбаймен менің жақындасуым, міне, осылай басталған.
Кейде күн ара, кейде екі күнде бір рет осында жиналып, карта
ойнаймыз. Қартадан өзге көңіл көтеріп, ермек етер нəрсе мұнда шамалы.
Кино келмейді, радио жоқ. Той - томалақ болмайды. Бола қалса, тым сирек.
Кəдімгі жиырма бірдің өзін ойнаймыз.
Бұл күнде ақшадан күш кеткен заман. Соғыс оны жай қағазға
айналдырып жіберген. Уыс-уыс көкала қағаз кімнің де қалтасынан
табылады. Базары жоқ ауылда ол бəтшағар карта ойнағаннан өзге түкке де
жарамайды.
Басқа үйге жиналмай, Сегізбай үйіне жиналатын себебіміз мұнда
көңілді отыруға толық жағдай бар. Үй жылы, əрі таза. Жарқыраған əйнекті
ондық шам. Соғыс шамды да, оның əйнегін де жоқ еткен. Көп үй осы кезде
сығырайған білте шаммен отыр.
Сырт көзге түксиіп, жұғымсыз көрінгенмен Сегізбай, жалпы, жаман
адам емес. Əсіресе, жора-жолдасына бейілі кең.
Карта ойнауға жиналған серіктерін ол, тым құрығанда, шай беріп
сыйламай жібермейді. Біз төр үйде дуылдасып, қарта ойнап отырғанда,
ауыз үйде ақ самауыр қашан ішсеңдер мен дайын деп, екі иығынан демін
алып, əндетіп дайын тұрады.
***
Секең бізді ылғи да құр шаймен қайтармайды. Кейде одан да гөрі
мəндірек бірдеңелер сопақ ете қалады. Секең биыл соғымға семіз ту бие
сойған. Соның еті ауыз үйде, плитаның үстінде, көк кастрюльде бүлк - бүлк
етіп, дауысы бізге естіліп, қайнап жататын да кездер болады.
Ет түсіріліп, алдымызға келген кезде:
— Əй қатын, əлгіңнен бірдеңе бар ма? — дейді Секең.
Біз көздеріміз қуана жайнап, бірімізге біріміз қараймыз.
Жауқазын жоқ деп айтпайды. Лып етіп, ауыз үйге шығын кетеді де,
жарты бөтелкедей спирт алып келеді. Су қосылмаған. Су қосқанда, бір
бөтелке болады. Секең оны қырлы стақандарға өз қолымен бөліп, құя
бастайды.
Отырыс бұдан кейін тіпті көңілді бола түседі.
Қайдан алатынын қайдам, əйтеуір, Сегізбай үйінен спирт үзілмеуші еді.
Жауқазын əрі момын, əрі көнбіс, жайлы адам. Таң атқанша отырып,
карта ойнасақ та, қабақ шытып, быржиып-тыржиғанды білмейді. Аяғының
ұшымен жүріп, кызмет етеді.
Кейде карта ойнауға Секең екеумізден басқа адам болмай қалады .Екі
қол жиырма бірге аздық етеді. Сосын, отырып аламыз да, беті қалар
ойнаймыз. Аңдысып, есептесіп ойнаса, бұл да қызық. Түп ортасы қалай
ауып кеткенін байқамай да қаламыз.
Біздің үй көшенің басы, бірқауым жер.
— Енді жеті түнде қайда барасың? Нұриланы ұйқысынан оятып
жүремісің? Осында - ақ жата кет,— дейді Секең.
Осылайша, мен əр кезде бұл үйге қонып қалатын да əдет таптым. Көрпе
- жастық мұнда жеткілікті. Асты-үстім жаңа көрпелерге қопсып, өз үйімде
жатқандай рақаттанып -ұйықтаймын.
***
Бір кезде Сегізбайды ұнатпайтын болсам, енді оның жақын достарының
біріне айналдым.
— Иə, Секең өмір сүре білетін жан. Өзінің ішкі есебіне берік. Кім
көрінгенге омырауын айқара ашып тұрмайды. Əуелі алыстан байқап,
барлап алып, содан соң жақындасады,
Кейбіреулер қу дейді Сегізбайды. Мүмкін, қу да шығар, Бірақ ақылды
қу.
Сарыбелде бұл күнде Сегізбайға ісі түспейтін жан кем де кем. Қап - қап
жүн, сойған малдарының тері-терсегін арқалай жұрт, қашан көрсет,
Сегізбайдың соңынан шұбап, ереді де жүреді. Секең біледі олармен қалай
сөйлесуді. Əкелген шикі затты бірден қабылдап ала салмайды. Оны-мұны
сылтаумен бір - екі рет қайтарып жібереді. Ұнатпаған кісілерін, сөйтіп,
əуреге салып қояды.
Тері-терсек алып келетіндердің көпшілігі кемпір - шал, бала - шаға.
Ештеңенің ығы -жөнін онша біле қоймайды. Сегізбай не айтса, соған
көнеді. Тек əйтеуір қабылдап алғанына, тегін алмай, азды - көпті бірдеңе
бергеніне мəз болады. Бірінші сорттың терісін екінші сортпен, екінші
сорттікін үшіншімен қабылдап алып жатқанында шаруалары жоқ.
Көп түкірсе, кел деген. Бір басына жетерлік берекені Секен. міне
осылай жасайтын тəрізді. Бірді екі, екіні үш ете біледі.
Мен мектепте сабақ оқытып тұрып, Сегізбайдың əлдекімдерді
жазғырып, ұрсып жатқан даусын естимін. «Мынауың жүн емес, қиқым сиқым бірдеңе ғой! Əкет ары. Алмаймын. Керек болса, жуып əкел!»
«Жеті атаң қазақ бола тұрып, мал союды білмейтін неғылған жансың?
Өстіп те мал сойып, тері сыпыра ма екен?»
Бір де бір адам Сегізбайға қарсы сөйлеп, дауласпайды.
Сегізбайдың қолында қазынаның елден шикі зат жинау үшін берілген
пілдей екі мықты аты, арба шанасы бар. Оның бəрін ол өзінің жеке
меншігіндей емін - еркін пайдаланады. Барам деген жағына барады қалаған
уақытында. Тындыратын ісі болса тындырады. Отын-судан, жем-шөптен
тарыққанды білмейді.
Иə, соғыс біреуге соғыс болғанмен біреуге ырыс. Сегізбай үшін ол
ырыс болып тұр.
Қыс түскелі қашан. Аяғыма галошсыз пима киіп жүрмін. Күн жылымық
кезде көшедегі қар жіпсіп, еріп жатады да,табанымнан су өтіп кетеді.
Былғаныш су аяқпен өзіңді жұрттың қоры сезініп бітесін.
Галош тек Сегізбайдан табылады. Онда да жүн, тері өткізсең.
Бір күні Секең менің аяғымдағы шекесіне дейін су жұтып, көксоқта
болған пималарға көзін қиғаштай тастап, сəл тұрды да:
— Мөлшері нешінші галош киетін едің, — деп сұрады.
Айттым.
— Жүрші.
Осылай деп, Сегізбай бұрылып кете барды. Мен соңынан қуана еріп
жөнелдім.
Секен, қоршаудың ішіндегі дүкеніне ертіп келді. Төргі қараңғы
бөлмесіне кіріп кетіп, бір пар жаңа галош ұстап шықты.
— Киіп көрші.
— Шақ екен,— дедім галошты су пимаға нығарлап киіп алып.
—Шақ болса ки.
Рақметті өзінше бөлек жаудырып, сосын:
— Ал енді менің сізге еткізетін тері-терсегім жоқ. Қуанып ақшалай
төлемесем?— дедім.
— Керегі жоқ.
Сөз осымен бітті.
Арада біраз күн өтіп кеткен.
Бір күні Секен, есігінің алдында екеуден екеу тұрып:
— Бала, — деді.
Мен оның бетіне қарадым.
— Сен біздің кемпірді мектебіңе үй сыпырушы етіп, қызметке алсаң
қалай болады? Өзі сыпырар. Отын кесіп, жаруына Жібек көмектесер. Қарап
отырғанда не бітіреді? Дəн жағы осы күні қиындап кетті. Азын-аулақ
тиесілі норма бидайы ішіп - жемге сеп болсын.
Аз мүдіріп, ойландым да:
— Жарайды, — дедім.
Үй сыпырушы екі əйелдің біреуі науқасшаң. Жұмысқа салақ. Орнына
басқа адам алғым келіп жүргенін Сегізбай білетін.
Норма бидай деп отырғаны қызметкер, жұмысшыларға ай сайын сельпо
арқылы нормамен бидай беріліп тұрады. Колхоз мүшелеріне, қызмет
істемейтіндерге берілмейді.
Жауқазынды осылайша мектепке үй сыпырушы етіп қабылдадым.
Мекеме бастығы болып, өмірімде тұңғыш рет қол қойып, бұйрық жаздым.
Секең екеуміздің арамыз бұдан кейін тіпті жақын болып кетті.
Əр айдың аяғында ауданға баруым керек. Мұғалімдердің жалақысын
жəне оқытушылар мен мектеп қызметкерлеріне ай сайын осындағы сельпо
арқылы беріліп туратын норма астықтың нарядын əкелуім керек.
Жалақыны аудандық оқу бөлімі, нарядты аудандық тұтыну қоғамы береді.
Бұл үшін мектеп меңгерушісі өзі баруы шарт.
Мектептің өз көлігі жоқ. Жолшыбай əлдекімдермен селбесіп, онда
барып, қайтарда Тұйыққа үйге соғып, бірер күн шешем мен жеңгемнің
қасында болып, отын-суына жəрдемдесіп, одан Сарыбелге қайта оралып
жеткенше, арада бір жетідей уақыт өтіп те кетті.
Miнe Сарыбелдемін. Күн аяз. Жұқалтаң солдат шинельмен жолдан
қалтырап тоңып келіп, Нұрила жеңгейдің жеделдете қайнатқан ыстық
шайына жаңа бас қойған бетім.
Бір кесе шайды қолыма ұстатып жатып, миығынан күлімсіреп:
— Сегізбай досың жас қатын əкеп, той жасап жатқан көрінеді. Барып
құтты болсын айтпайсың ба? — дейді.
Бұл мен үшін күтпеген жаңалық еді. Жеңгейдің жүзіне ежірейе
қарадым. Қалжыңы ма, жоқ шыны ма?
Нұрила жеңгей менімен қалжыңдаспайды.
— Сегізбайдың əйелі бар емес пе?
Нұрила жеңгейдің үстіңгі қасқа тісінің біреуі сыртқа қарай
шығыңқырап біткен. Сəл жымиса - ақ, жарқырап шыға келеді. Сонысы
ақсиып, мысқылмен күлімсірей отырып сөйледі:
— Шал дегендер бұл күнде құтырды емес пе? Əйелдерін ажырастым ат
қылып, бөлек шығарып қояды да, бұрынғыша жас тоқал алады. Сегізбай
досын, да сөйтсе керек. Жауқазынды қызымен бөлек шығарған көрінеді.
Менің таңырқауымда шек жоқ. Япырай ə, Секен бүйтеді деп, кім
ойлаған? Аралас-құралас жүріп, оның мұндай ойы бар екенін бұған дейін
мен қалайша сезбегенмін? Ол тек менің ауданға кетуімді күтіп қана тұрған
ба?
Қалай тез алып үлгерген?
—Кімді алыпты? Осы Сарыбелдің адамы ма?
— Жоқ бұл аранікі емес, Көмірші жақтан əкелсе керек. Күйеуі соғыста
өлген жас келіншек көрінеді.
Көмірші дейтін шағын қыстақ осы арадан көрініп тұр, жап - жақын.
Секең шанасын жегіп алып, тері - терсек жинауға ал кеттім деп, ылғи да
солай қарай тартып отыратын еді. Нені жинап жүргені енді белгілі болды.
Ой, қу - ай! Қашан қақшып түскенше, сездірмеуін қарашы!
Мұндағы негізгі кеше ұзыннан ұзақ созылған біреу. Мектеп пен Секең
үйінің тұрған орны поселкенің орта тұсы. Нұрила жеңгей айтқан
жаңалықты өз кезіммен көріп білгенше тақат қылмай, осылай қарай аяңдап
келе жатырмын.
Анадайдан байқағаным: Секең үйінің есігінің алды əйел, бала - шағаға
толып кеткен. Біреу кіріп, біреу шығып, абыр - сабыр. Енді менде ешқандай
да күдік қалмады.
Ой, пəле - ай! Секең пəле екен. Оның бұндай ойы бар деп, кім ойлаған?
Бəсе, Жауқазын бейшараның қабағы бір ашылмайтын еді - ау. Күйеуінің
көңіліне желік кіріп жүргенін сезеді екен ғой.
— Ассалоумағалейком! — деп, төр үйдегі шай ішіп отырған бір топ
адамның үстіне кіріп келдім.
Ауыл дағдысы бойынша қақ төрде кəриялар. Олардан төменірек кəрия
болуға дайындалып жүргендер. Одан да төмен жігіттер мен келіншектер
аралас. Осы соңғы топ: «Кел! Кел, мұғалім», десіп, араларын ашып, орын
босатысты.
Секең нардай болын, кеудесін тік ұстап төрде, кəриялардың қатарында
отыр.
— Секе, ниет қабыл болсын, — дедім.
Секеңнің аузы жыбыр етті де, басылды.
Ыстық шай алдыма келіп те қалды.
Менің есіл - дертім шайда емес, Секен алып отырған жас тоқалда. Ол
қайда? Қандай адам? Мына топтың ішінде не істеп, қалай отыр?
Əйелдер негізінен, самауырын маңынан орын тепкен. Екі жас келіншек
қонақтарға шай құйып отыр. Соның бірі бұрын мен көрмеген бейтаныс,
үріп ауызға салғандай, көздері жайқалғандай, толықша ақсары келіншек.
Қасындағы басқа əйелдерден бөлекше, үлде мен бүлдеге бөленіп,
салтанатты киінген. Басында шашағы омырауына төгілген аппақ жібек
шəлі. Сүп-сүйкімді, қызғылттау нұрға толы жүзін төмен салып, өте бір иба
сақтап, əлденеден қысылған тəрізденіп отыр. Ешкім айтып, таныстырмаса
да, Секен, қондырған тотықұс осы екенін мен бірден білдім. Əдемі! Көркі
де, сүйкімділігі де келіскен. Жас шамасы жиырманың бес - алтауында.
Шынымды айтсам, əлгіні Секеңе қиғым келмей барады...
Он, пəле - ай, торына қалай түсірді екен?
Жас тоқалдан көзімді ала алмайтын тəріздімін.
Аузының салымдысын қарай гөр деп, ішімде қызғаныштың оты
тұтанғандай боп, төрдегі Секеңді де барлап қарап қоям. Ол бүгін ерекше
ширақ, көңілді. Жемтігін бүріп түсіп, тояттаған қырандай бабында. Кішірек
қоңыр көздерінде жалтылдаған от бар. Екі беті нұрлы, қасындағы
мыжырайып - тыжырайған шал - шабырға қарағанда, əлі де жігіттей.
Жас тоқалдың сырға толы ап-айқын сиқыр көздері бірнеше рет менің
көздеріммен тоқайласып қалған кездер болды.
***
Менің бір таң қалған нəрсем Жауқазын да осында. Сыртта от жағып,
отын жарып, қызмет қылып жүргендердің біреуі сол. Бұнысы қалай? Байым
жас қатын алды, төсек жаңғыртты деп, қуанғаны ма?
Қайдан қуансын. Басқадай амал - айласы болмаған соп, бейшара,
лажсыз көнгені де.
Қайда барады көнбей? Құлынды бие тəрізденіп, соңынан қызын
шұбалтып кеткенмен қайда барып сыяды?
Жауқазын мен Жібекті Сегізбай көшенің арғы бетінде басқа үйге
шығарыпты. Бұнда жас тоқалы екеуі қалыпты. Бұл тек заңға томпақ келмес
үшін сөз жүзінде бөлектену. Ал іс жүзінде олай емес. Сендер əлі де болса
менің қанатымның астындасыңдар. Мен тұрғанда аштан өліп, көштен
қалмайсыңдар. Мен сендерді назарымнан тыс тастамаймын дегені бұл
шарасыз екі бишара жанға.
Сол үшін де Жауқазын оның айтқанына көніп, айдауына жүреді.
Құтырған қақпас, алатын жас қатыныңды ала бер. Тек бізді көзімізді
бозартып, айдалаға қуып жібермесең болғаны деп қарайды.
Дəрменсіздің қолынан басқа не келеді?
***
Секең сөйтіп, бір үй еді, екі үй болды. Осылайша заңға қайшы
келтірмей, жолын тауып, екі үй болып жатқандар осы күні ел ішінде аз
кездеспейді. Əсіресе, малшылардың арасында көп.
Соғыс жігіт атаулыны сыпырып əкетті. Аяқ-қолы балғадай жас
келіншектерді байсыз қалдырды. Олар енді қу тізелерін құшақтап, қашанғы
жалғыз сарғайып жатады? Күйеулерінен қара қағаз алып, үміті біржолата
өшкендері шал да болса, жоғынан бары дейді де, көз жұмбайға басып,
табылған еркек иістіге тиіп - тиіп алады. Соның бірі Алтын, Секеннің жас
тоқалы.
Атын өзіне лайық тауып қойған.
Бəйбіше, тоқал бір бірімен араласып, бірінің үйіне бірі кіріп-шығып
жүреді. Ол түгіл, тамақты көбінесе, Алтын отырған үйде бəрі бірге ішеді.
Ек үйдің арасы көшенің арғы беті мен бергі беті, жап-жақын.
Жауқазын Алтын үйінің қызметшісі тəрізді. Отын жару, су əкелу секілді
үйдің ішкі-тысқы жұмыстарын, көбіне-көп сол атқарады. Ол болмаса,
Жібек атқарады. Ақ саусақ мырза тоқал Алтын, негізінен, бойын күтіп,
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Өлгендер қайтып келмейді - 11
  • Parts
  • Өлгендер қайтып келмейді - 01
    Total number of words is 4172
    Total number of unique words is 2294
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 02
    Total number of words is 4182
    Total number of unique words is 2363
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 03
    Total number of words is 4196
    Total number of unique words is 2306
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2373
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 05
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2424
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 06
    Total number of words is 4284
    Total number of unique words is 2376
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 07
    Total number of words is 4305
    Total number of unique words is 2349
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 08
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2343
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 09
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2374
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 10
    Total number of words is 4256
    Total number of unique words is 2350
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 11
    Total number of words is 4294
    Total number of unique words is 2313
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 12
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2276
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 13
    Total number of words is 4230
    Total number of unique words is 2243
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 14
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2331
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 15
    Total number of words is 4185
    Total number of unique words is 2370
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 16
    Total number of words is 4145
    Total number of unique words is 2253
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 17
    Total number of words is 4279
    Total number of unique words is 2393
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 18
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2359
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 19
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2345
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 20
    Total number of words is 3089
    Total number of unique words is 1872
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.