Latin Common Turkic

Өлгендер қайтып келмейді - 06

Total number of words is 4284
Total number of unique words is 2376
33.4 of words are in the 2000 most common words
48.3 of words are in the 5000 most common words
55.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Бұдан да соғыста төрт мүшемнен бірдей айырылып, домаланған
мүгедек болып оралсам, сол артық еді. Мына түр, мына сиқыммен елжұртқа қалай көрінем, Ғалияға қалай көрінем дегенді ойлағанда, жігерім
құм болады.
Түрмеден келе жатырмын деп, арын - ашып сансырап қалай барам
дегенде, жүзім ерт болып жанып кете жаздайды.
Бір заманда өзім теңдес балалардың алды едім. Ұстаздарым адам
болатын бала деп, үміт күткеннің бірі едім. Сол үмітті ақтаған түрім осы
ма?
Əлде тіпті ел бетіне көрінбей, қаңғырып жоғалсам ба екен? Бармасам ба
екен?
Сонда қайда барам? Қалай күн көрем? Осы тəрізді ащы ойлар жанымды
жегідей жеп маза таптырмайды.
Алматыға жақындаған сайын күйзеліп, қорлануым асқына түседі. Ерді
намыс өлтіреді деген рас сөз. Ауыр тұрмыс адамның тауын шағып,
мұқатады екен. Тіпті ез ете бастайды екен. Бұрынғыдай басымнан сөз
асырмас өжеттігім, əділдік жолында құрбан боп, жанып кетуге дайын
тұратындығым қазір жоқ. Айналамдағы өмірге, тым селқос - салқын
қарайтын болғанмын.
Қорқақ болып тумасам да, қорқақ бола бастағандаймын. Жалтақ болып
тумасам да жалтақ бола бастағандаймын. Жаза өтеп келе жатырмын деген
бір ауыз сөздің өзі-ақ еңсемді көтертпейді.
Поезд Алматыға күндіз сəскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да
күн жаздыгүнгідей маужырап тұр. Жұрт жеңіл киіммен жүр.
Вокзал алаңында қаптаған есек арбалар. Ат арбалар азырақ. Жүгі ауыр
жолаушылар есек арбаларды жалдап кетіп жатыр.
Менде не жүк болсын. Қолтығыма қысып алған кенеп дорбам ғана. Көк
базарға қалай баруға болатынын сұрап алдым да, жаяулап тартып
жөнелдім.
Маған бес күнге деп жол азық берген. Баратын жерімнің алыстығын,
қаладан шалғай екенін ескеріп, екі жүз сом ақша берген. Оның бəрі
таусылды.
Базарға келе жату себебім біздің ауданнан қалаға сауда - саттық істеп,
адамдар жиі келіп жатады. Олар, көбінесе, көк базарда болады. Солардың
біреу міреуісі кездесіп қалар деген ой.
Мүмкін біздің ауылдан келгендер бар шығар. Мынау, міне, сол баяғы
халық құмырсқадай құжынаған көк базар. Енді бұрынғыдай адасып
кетермін деп жүрексінбеймін. Олай да, былай да кезіп өтіп, бірде-бір ел
адамын кере алмадым. Жеміс атаулының піскен, базарға қаптап түскен кезі,
Алма, ерік, жүзім, қауын-қарбыз, былтырғы əлгі бырш етіп, бетіме
шашырайтын дəмі жаман помидор... т.т. көздің жауын алады. Айран, сүт,
қымыз деген нəрселер жəне көп. Ақшам болса, сатып ап, ішкім келеді,
жегім келеді. Оған бірақ ақша жоқ. Берген екі жүз сомның басына жолдағы
станцияларда су құйғам.
Қалай етем? Ақшаны қайдан табам?
Ақша табудың мен үшін екі жолы бар. Бірі — қалтаға түсу, ұрлау.
Екіншісі — үстімдегі киімімнің жарамды біреусін сату.
Ұрлау ол менің қолымнан келмейді, оған кезім анық жеткен. Неше рет
ұры-қарыға жем болып, өзім ұрландым. Ал бірақ біреудің бір сабақ жібін
жымқырып, бойыма сіңіріп көрген емеспін.
Сонда, қалып отырғаны екінші жол.
Бірдеңемді сату.
Немді сатсам екен? Іске татыр, жұрт жаратып алар нем бар? Жағалы
шолақ пальтомды сатар едім. Бірақ оны бекер берсем ешкім алар ма? Бір
жылдың ішінде бүл пальто менің пе керегіме жарамады, киім де болды,
жамылғы, төсеніш те болды. Бұл пальтоны киіп, аунамаған жерім қалды
ма?
Тас көмірдің үстіне де аунадым.
Батпаққа да аунадым.
ІІІаңға да аунадым.
Қазіргі кезде бұл пальтоның пальто деген аты ғана. Бұны сатып алса,
адамдар соғыс кезінде осындай да киімдер киіп еді деп, тарих үшін музей
ғана сатып алуы мүмкін.
Басымда қара матадан тігілген сұрсыз малақай. Аяғымда ағаш табан
ескі бəтіңке. Бұл екеуінің де құны шамалы.
Бұлардан басқа, іске татыр деген киімдерім сырт жейдем мен
шалбарым, Сатсам екеуінің бірін сатуға тиіспін.
Шалбарды сатуға болмайды. Ұзын балақ кір-кір дамбалмен содан соң,
қалай жүрем? Бала-шаға болсам екен, онда бір сəрі. Мұрт шыға бастаған
соқталдай жігітпін.
Одан да жейдені сатқаным дұрыс. Ішінде жағасы үңірейген кір-кір іш
жейдем бар, сонымен жүрермін.
Киім базары ол кезде қазіргі көк базармен жалғас. Екеуінің дəл
шекарасында, əрлі-берлі шұбалған қалың елдің арасында тұрып, сырт
жейдемді шешіп алдым. Сілкіп-сілкіп, саудалай бастадым. Бір жақсысы,
əйтеуір битім жоқ. Қапаста бұл жағына қатал. Кір жумағанмен, айына екі
рет міндетті түрде моншаға түсіріп, киім-кешекті дизенфекция жасайды.
Өзім тəрізді түр-түсі мүсəпір біреулер жейдемді қанша деп сұраған
болады. Бірақ салтақ-салтақ кір екенін көреді де, алмайды.
Рубашка! Кому рубашка! Не дорого отдам!—деп айғайлап қоям.
Жұрт алдымнан да, артымнан да сапырылысып əрлі-берлі өтуде.
Бір кезде тап алдыма бір топ ауыл қазағы келіп қалғанын көрдім. Бір
əйел, үш еркек. Əлгілер менің жейдемді саудалағысы келгендей бөгеліп,
маған ошарылып қарап қалыпты. Тағы да:
—...не дорого — деп, айғайлай беріп, сөзімді аяқтамай қалт тоқтадым.
Төрт адамның төртеуі де маған таныс еді. Өз аулымның адамдары.
— Əкем-ау, мынау Еркін ғой!—деп, даусы жарқын шығып кеткен əйел
Зейнекүл еді.
Басқалары Нұрəлі, Жүніс бухгалтер жəне Оқас дейтін қойшы.
Мұндай да масқара кездесу болады екен.
Жүрегім ұялып қорланудан алай-дүлей болып кетті. Бұдан да өлгенім,
жеті қат жердің астына түсіп кеткенім артық еді: қолымдағы жейдені не
істерімді, қайда тығарымды білмеймін, Зейнекүл мен Оқас:
— Еркін, қайдан жүрсің?
— Не боп кеткенсің?— деп, жөн сұрап жатыр. Қысқашалап жөнімді
айттым.
Нұрəлі бедірейіп үнсіз тұр, Ақ түскен көзінің үстіндегі қабағы əрге
қарай тартылып дір-дір етеді.
Базарда Нұрəлі кезігіп қалар деген ой үш ұйықтасам түсіме енген бе.
Бұл да болса тағдырдың мені аямағаны, дұшпанымның алдында
масқаралап, мерт етіп бергені шығар. Адам өлмеген соң, бəріне көнеді
екен.
Енді міне күшік құсап ілесіп, Нұрəлі тобының соңында келе жатырмын.
Нұрəлі маған бір ауыз сөз айтқан жоқ.
Ілеспеске лажым бар ма? Қалтамда бір тиын ақшам жоқ, бір түйір
азығым жоқ. Аштан өлемін ғой.
Зейнекүл мен Оқас маған жандары ашығандық көрсетіп келеді. Екеуі де
қарапайым қайырымды жандар.
Зейнекүлді Нұрəлі Алматыға тегін əкелмегенін, тегін ертіп жүрмегенін
мен сеземін. Екеуі құдды ерлі-зайыпты адамдар тəрізді.
Əлде, мүмкін, қосылып та алған шығар?
Сəуле не болды екен?
Біздің үймен Нұрəлінің неге араз болғанын Зейнекүл біле ме?
Білгенде не істейді.
Нұрəлі қара күреңденіп тырсиып жаман қатты семіріпті. Кішкентай
жыртық көздерін май басып, қарын дегенің сабадай болып кеткен.
Адамның аяғы да семіреді екен. Нұрəлінің балтырлары шелектей
бопты. Хром етіктің қонышын кернеп, енді-енді жарып жібергелі тұр.
Нұреке, Нұреке деп бəйек қаққан Жүніс бухгалтер біздің ауылға басқа
жақтан келген. Мен оны былай ғана танимын. Екі бетіне пышақ
жанығандай сұп-сұр жылпос адам.
Нұрəлі тобы базарды ұзақ аралады. Көптеген киім-кешек, заттар сатып
алды: самауыр, етік, пальто, үн елейтін елеуіш, қайыс белбеу т. т. Жуан да
тəпелтек Оқас қойшыны бұлар əдейі жүкшілікке əкелген тəрізді. Сатып
алған заттардың бəрін саудыратып соған артады.
Зейнекүлдің қолында оқушы балалар ұстайтын жуан қара портфель.
Соның іші толған ақша екен. Кіл жүз сомдық, елу сомдықтар. Нұрəлі мен
Жүніс не сатып алса да ақша сол портфельден төленуде.
Нұрəлі өзіне бір ғаламат былғары пальто сатып алды. Əдемілігіне тіл
жетпейді. Алмалы-салмалы күзен астаршасы бар. Белбеуі бар. Сəніне
қарасаң, қарап тұрғың келеді. Екі қатар етіп қадаған түймелерінің езі
ғажап. Алтын ба, жақұт па, əйтеуір жарқылдап көз ұялтады.
Пальтоны сатушы адам балдақ ұстаған мүгедек екен.
Пальтоның бағасына шаш жетпейді. Қанша деп жұрт сұрап алады да,
естерінен танып қала жаздайды.
— Нұреке, бұндай пальто ешуақытта табылмайды. Бұны қалай да
аламыз,— деп, жылмақай Жүніс пальто сатушы адаммен бір сағаттай
саудаласты. Нұрəліге бірнеше кигізіп, шешкізді. «Əкел қолыңды, тұрған
жерім мынау! Осыдан бір тиын артық берсем шошқа болайын» деп, мал
иесінің алақанына алақанын бірнеше рет соқты.
Кетіп қалып, қайта оралып келіп жəне саудаласты. Генерал пальто солай
сатып алынды.
Қара портфельдің жуан қарны қабысып, босап қалды — бар ақшаны
генерал пальто жұтты.
Жүніс, Зейнекүл, Оқас үшеулері Нұрəліні үш жақтан құттықтап жатыр:
— Игілігіңізге киіңіз!
— Құтты болсын! Ғажап пальто!
— Пальтоңыз тозғақ, жасыңыз ұзақ болсын!
Оқас пальтоның былғарысын уқалап көріп:
— Бір он жыл киіс берер - ау, — деп еді. Жүніс оған жəбірлене қарап:
— Мына он жылды айтамысың? Жиырма жылға қылау түспей бармаса,
мен мұрнымды кесіп берейін, деген сөз айтты.
Біреумен бірдеңеге сəл егессе - ақ Жүніс антқа жүгінеді екен. Шошқа
болайын, мұрнымды кесіп берейін, ит болайын деп жатқаны.
Көшкен
цыгандар
тəрізденіп
артынып-тартынып,
ұбап-шұбап
Нұрəлілер жатқан пəтерге келе жатырмыз.
Бұл үй сол маңайдан онша қашық емес екен. Көк базармен қанаттас,
Алматы көшесінде. Өз алдына оңаша қорасы бар, бір қабат ескі ағаш үй.
Мен ауыл үйлерінің біреуіне келгендей эсер алдым. Қақпадан кірген
жерден бастап шашылған шөп, қойдың құмалағы. Біздің бет алдымызда
түкпірде он шақты қой байлаулы тұр. Кілең құйрықты, нəн қойлар. Қала
жұрты қой өсірмейді. Бұл қойлар Тұйықтан жолаушылап келген қойлар
екенін мен бірден білдім.
Біз əйнектелген шағын верандаға кіріп келеміз. Елден əкелінген, еденде
жайрап жатқам əр алуан пісілі - күйікті тағамдардан аяқ басар жер жоқ.
Мес - мес қатық, қойдың кесілген бас-сирақтары, тегеш - тегеш іш май,
құйрық май, əр қилы ыдыстарға салынған үйеме -үйеме бауырсақ, құрт,
тандырдың тоқаш нандары...
Бірнеше қап ұн.
Бұның бəрі қазіргі кезде жұрт көзінен бұлбұл ұшқан қаны жерге тамбас
дүниелер.
Түннің бір уақытына дейін ду-ду арақ ішіс болды, Бұл гeнерал
пальтоны «жуу» еді.
Нұрəлілер қалаға кеше келген екен. Əлі біраз күн болатын түрлері бар.
Қалта қалың, уайым-қайғы жоқ, болмағанда неге асығады.
Зейнекүл сылқым қасында.
Бұларға кездесудегі бір қуанышым Зейнекүлден үй-ішінің амандығын
естідім. Шешем де, жеңгем де аман көрінеді. Сəрсебектен хат-хабар жоқ
əлі.
— Қаныша колхозда істеп жүр,— денді Зейнекүл,
— Не істейді?
— Арба айдайды...
Мына хабарды естігенде қолқа жүрегім солқ етіп, үзіліп түскендей
болды.
Таңертеңгі шайдан кейін мен Зейнекүлге кетем дедім.
— Тосып, бізбен бірге кетпейсің бе?
— Машина іздеп көрем. Табылса, кетем.
Басқалардан жасырып, оңашалап Зейнекүл маған біраз ақша берді —
машинаға төлерсің деді. Дорбама екі-үш күнге жетерлік азық салып берді.
Мен тек Зейнекүлмен қоштасып, тайып отырдым.
Алматыдан Қарасазға дейін үш жүз елу шақырымдай. Тіке жүретін
машина табылса, бір күнде жетіп барады. Ал, бірақ қазір машина
оңайлықпен табылмайды.
Қала шетінде машина тосып сарғайған жұрт.
Күн жаздыгүнгідей маужырап тұр.
Менің машина тосқым келмеді.
Қайда асығамын? Неге асығамын? Үй-ішімнің амандығын естідім. Хал
- тұрмыстары қандай екенін білдім. Мына албастыдай түріммен елге
тезірек көрініп, мазақ болуға асығам ба?
Үлкен жолдың бойымен мен енді жаяу жүре бермекпін. Мынау
жарқыраған əдемі дүниеде өзіммен өзім боп, ес жиып, сергіп жүре тұруды
рақат көрдім. Ауыл енді ешқайда қашпас, барармын. Апа - жеңгемді
көрермін. Жылап - сықтасармыз.
Ел-жұртқа көрінбей, бір жаққа қалғып жоғалғаным артық еді. Бірақ,
оған енді кеш. Көретін жұрттың біразы көрді. Нұрəлі жауым менің бейшара
болған халімді көріп, масайрады.
Осыдан елге бармай жоғалсам ол одан əрмен масайрап жетіседі. Қаңғып
ит өліммен өлген болар демей ме?
Барсам да азап ауылға, бармасам жəне азап. Азап үшін туған бір
жанмын.
Үлкен жолдың бойындағы соқпақ жолмен жаяу келе жатырмын.
Жолшыбай кездескен машиналар тоқтап, кел отыр, үйіңе тегін жеткізейін
десе де, отыруға құлқым жоқ.
Үйге баруға құлқым жоқ. Бармауға жəне болмайды. Сонымен əйтеуір
мəңгіріп келе жатырмын. Тек уақыт өтсе болды деген бір жанмын.
Жолдың асты-үстінде қойшылардың қараша киіз үйлері мен жаппалары
жиі ұшырайды. Қарным ашып, шаршай бастағанда соның біреуіне
бұрылып келем. Жай-жағдайымды айтам.
Залалсыз бейшара жан екенімді түрімнің өзі-ақ айтып тұр.
Оның үстіне осы кезде ешкімнің ат - лауы аман емес, біреудің бірдеңесі
əскерде, біреудікі жұмысшы батальонында. Жұрттың қай-қайсының да
көңілдері жарым. Менің аянышты халіме жүректері елжіреп тұрады.
Барларын беріп, сыйлап жібереді.
Бары дегенде, қойшының үйінде айран мен сүттен өзге не болсын. Дəн
жағы қайсысында да тапшы. Нан кей үйде бар, кей үйде жоқ. Əйтеуір аққа
тойғызып жібереді.
Өзге сый маған қажет те емес.
Қонам десем, қондырады. Қонақпын деген пендеге казак айналайын
ары жүр деп айтпайды.
Қонған үйімнен ұйқымды қандырып, тамаққа тойып алып бір-ақ
қозғалам. Шаршағанда жол бойындағы күнес жердің біріне қылжиып
жатып немесе отырып дем алам.
Күн кешке ауған кезде алдыңғы жақтан жəне бір малшының үйі
шошайып көрінетінің білемін. Бері кел, қон. Айран - сүтке тоясың,
тынығасың деп, қол бұлғап шақырып тұрғандай болады.
Сапарымның осы түрі өзіме ұнай бастағандай. Қарасазға асықпай бір ай
жүріп барсам да, өкінетін емеспін.
Жүз жиырма бес шақырым жердегі Шелекке бір жеті жүріп жеттім.
Бұл кешкі уақыт, көз байланып қалған.
Шеткі кедейлеу, қараша там үйдің терезесін қақтым. (Тəуір үйлерге
жоламаймын.) Орамалы селтиген қара əйел иықты, ұңғыр екен. Мен жайжағдайымды айтып, қондыруын өтіндім.
Əйел біраз ойланып тұрды да:
— Мен сізден үй аямаймын. Бірақ беретін тамағым жоқ — деді.
— Тамақ өзімде де бар. Тек қондырсаңыз болды.
Əйел «кіріңіз» деді.
О баста екі бұлың естіліп соғылған үйдің алдыңғы бөлмесі жабылмаған.
Кісі тұратыны тек төргі бір ғана бөлме. Жиһаз - мүлік дегеннен дым жоқ.
Тіпті төсек те жоқ. Төр алдында ескі кебеже сандық. Соның үстіне біраз
бəстек бірдеңелерді жинап қойған. Еденде құрым киіз.
Босағада ұйғыр дағдысы бойынша жерден қазып орнатқан қара қазан.
Төнкерген келінің үстінде сығыранып жанған бөтелке шам.
Кебеженің бергі алдында көздері бақырайған, жіңішке арық мойындары
менің мойным құсап қылқиған үш қара сирақ кішкене балалар отыр. Үшеуі
де маған адам көрмегендей тесіліп қарап қалған. Бұл үйдегілер сірə, бөгде
біреу келіп, есіктен қарауды баяғыда-ақ ұмытқан болулары керек.
Балалардың əкелері армияда екен. Əскерге алынардың алдында ол мына
үйді азаптанып сала бастаған. Тер үйді жауып үлгірген, ауыз үйді жауып
үлгермеген, Қу соғыс оған мұршасын келтірмеген.
Талайдан бері хат жоқ.
Өлі ме, тірі ме?
Тірі болса, келер. Алдыңғы үйді де жауып, жұрт қатарлы бірдеңе етіп
күн көрер.
Ал өлсе ше? Онда, мына үш баланың күні не болады?
Шелектеп тағы да жаяу шығып келем. Аяғымдағы ағаш табан бəтіңкем
жүруге қолайсыз, илікпейді. Тез шаршатады. Оның үстіне біреуінің
табанының өкше тұсы тесіліп сынған, Содан қиыршық тас, құм кіріп,
жүргенде табаныма батып, əлек қылады.
Елсіз жерде бəтіңкемді шешіп, иығыма салып аламын.
Бəйсейіттен ары қарай ел мекені сирейді. Бөген ауданының орталығына
дейін, жүз шақырым шамасында, бірде-бір поселк кездеспейді. Үш тау
кездеседі, үш таудың аралығында Сөгеті жəне Көртоғай деп аталатын ұзақұзақ екі шөлейт жазық бар. Суы болмағандықтан егін егілмейді, ел мекен
етпейді. Жан - жағын адыр-адыр тау қоршаған, ұзын тұрқы сонау көз
ұшына созылатын теп-тегіс кер жазықтар жазы-қысы қаңырап бос жатады.
Бір кезде бұл жазықтарда қара құйрық көп болған. Қоралы қойдай мыңмыңдап өріп жүргем. Жердің тақтайдай жазықтығын пайдаланып кейбір
елірме шоферлар машинамен қуатын болған. Сол көп қарақұйрықтың
қалдығы əлі де кездеседі.
Бөген ауданының орталығына жеткенге дейін мен əлгі айтылған үш
таудан асуым, екі жазықтан өтуім керек. Бəрі дерлік елсіз. Таудағы асуларда
ғана аз үйлік жол қараушылар, бекетшілер болады, жалпы жұрт болмайды.
Жолдың ендігі қалған бөлегі міне осындай — мен тəрізді арық əлсіз адамға
жаяу жүріп өтуге əрі қиын, əрі қатерлі. Жолшыбай машина, көлік кездесіп,
ала кетіп құтқармаса, бір жерде қаңырығым түтеп, тырайып, арам қатып
жатуым əбден мүмкін.
Мал бағып отырғандар сусыз шөлде ұшыраспайды.
Бұл күні мен Бəйсейіттен өтіп барып, колхоздың тауық фермасына
қондым. Жолдан оншалық қашық емес, əудем жер, Жалғыз там үй,
маңайында кеп тауық жайылып жүргенін көріп келген едім. Шал мен
кемпір ғана екен. Жұмыртқа асып беріп, жылы қабылдап сыйлады.
Таңертең жүрерімде мынаны жолда же деп, дорбама кішкене кесемен бір
кесе талқан жəне піскен үш жұмыртқа салып берді.
Күні бойы жүргенім төрт-бес шақырымдай, Қарға адым жер қозғалып,
бір дем алам. Бұған жүріс өне ме? Екі етекті беліме түріп алып, аршындап
тарта беруге əл жоқ.
Бір жүрем, бір отырам. Жол шетінде талықсьш жатқанды білем.
Жатсам, жата бергім келеді. Тұрғым келмейді.
Жату сондай тəтті.
Қазір күн кеш боп қалған. Жатырмын. Сонау биік көкте, менің дəл
төбемде қыру - қыру əн салып, əдемі үшкілдене тізіліп тырналар ұшып
барады. Miнe, рақат осылардікі, қанатын бір-бір толғаса, зу-зу етеді. Жетем
деген жеріне қиналмай жетеді.
Тырналардай қанатым болуын арман етем.
Қарным аш, тамақты арман етем.
Əнеугі Алматыда Нұрəлілер түскен үйдің верандасында көрген мес мес қатық, табақ-табақ бауырсақ, құрт, тандырдың аппақ ақ тоқаштары,
қарын-қарын сары майлар көз алдыма келеді.
Иə, соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс. Жол шетінде талмаурап
əлсіреп жатып, қойшылардың Шелек пен Алматының екі аралығында жол
бойында жиі кездесетін жаппаларын киіз үйлерін арман етем. Енді соларға
да зармын. Əлсіреген кезімде бұрылып, бара қоятын едім. Қойшы өз үйінде
болсын, болмасын, əйелі болады. Қара сирақ балалары болады. Олар мені
жатсынбайды. Айранға, сүтке тойғызады.
Қою айранға тойып алып, үйдің күнгей жақ босағасында тон төсеніп, ер
жастанып жатып, пыр-пыр ұйықтайтын заман-ай.
Қойшыларға қонақтай жүріп менің бір байқағаным, көпшілік
қойшылардың өздері кəрі болғанмен əйелдері жас. Беттерінен нұры тамып,
уылжып тұр. Қаба сақал қойшының əйелі деуден гөрі бой жеткен қызы
десең, сол лайық.
Бұл да соғыстың істегені. Шалдардың балаларын əкетіп, орнына
алданыш етіп жас қатын берген.
Мен əлі жатырмын. Күн болса салқын тартып, батайын деп барады.
Қой, тұрайын, қозғалайын. Тым құрса, мына белге шығып, ар жақта не
бар екенін көрейін.
Кенет арт жағымда арбаның салдырлаған дауысы естілді. Басымды
көтеріп алып қарасам, екі ат жеккен жүксіз бос арба. Айдаушысы əйел.
Тастақ жолды таңқылдатып соқтырып келе жатыр. Мен орнымнан
түрегелдім де, арбаның алдын тосқауылдап, жолға қарай жүрдім. Арба кеп
қалды. Қатарласа беріп, арбакеші тығыншықтай қызыл келіншек, аттардың
делбесін шірене тартып тоқтатты. Көзінен от ұшқындап тұр, мінезі өжет,
ымқуырлы жан екені бірден байқалғандай.
— Қайда барасың?
Былай қарай,— деп, мен алдыңғы жақты нұсқадым.
— Отыр. Қайдан келе жатырсың? Жас басыңнан қамалып ие көрінді?
Иə, қанша отырдың? Е, бір жыл деген ештеңе емес. Үйін, қайда?
Қарасаздың өзінде ме? М-м... естуім бар. Meн сені Көкпекке дейін жеткізіп
тастайын, одан əрі бармаймын. Сол маңайдан қойшының үйін көшіруге
бара жатырмын.
Көкпек алдымызда көрінген таудың аты. Бірақ жұрт «Көкпекке дейін»
немесе «Көкпектен келе жатырмын» дегенде, тауды жалпы айтпайды.
Таудың осы біз келе жатқан жол кесіп өтетін сайының арғы шыға беріс
аузында үш-төрт үй бекетшілер — жол қараушылар бар. Соны меңзеп
айтады.
Оған жетсем, біраз жерге жетіп қалатын болдым деген оймен ішінен
қуанып қалдым.
Бұл кезде күн жарым - жартылап бата бастаған. Дəл бет алдымыздан
салқын жел шығып, таудың ішін қалбиған қара көлеңке басып, кеш
жақындап келеді. Бекетке, мүмкін болғанша, ертерек жетуге тырысып
келіншек аттарға қамшыны баса түседі. Екі аттың екеуі де көн тулақ арық
аттар, жазы - қысы мойындарынан қамыт түспейтін бейшаралар.
Қарындары тоқ, болса, қашан болдырғанша жортып жүре беруге бұлар да
көндіккен.
Арбаменен жүргенге, шіркін, даланың қара жолы болса. Cоның өз
алдында күн себелеп өтіп, жолдың май тозаңын басып тастаса. Міне содан
кейін аттарды көсілтіп айдап, зымыратып келе жатсаң. Бір түйір шаңтозаңсыз таза ауа, артқа қарай дөңгелене сырғып қалып бара жатқан көгал
дала, шөлдер, егістіктер. Құлағында тек жел ғана ызыңдайды.
Ал мына тас төселген жол ондай емес, арба үшін жайсыз - ақ. Неғұрлым
қатты жүрсең, солғұрлым таңқылдап, зірк-зірк етіп, іші - бауыр, қолқа
жүрегіңді үзіп жібере жаздайды.
Міне біз тау ішімен келе жатырмыз. Келіншек сөзқұмар адам, маған
неше алуан қалжың сөздер айтады. Түп мінезім қалжыңға кет əрі
болмағанмен тап қазір зауқым жоқ. Қалжыңдасар халім де, көңілім де жоқ.
Аузын буған өгіз тəріздімін.
Біртін-біртін көз байланып келеді. Арбаның сыңғырлаған дауысы тау
арасында одан бетер жаңғырығып, зорайып шығады. Бұл араның жолы
тіптен нашар. Төсенді жолдың əр-əр жерін оңдырмай жауынның селі
шайып, жайпап бұзып кеткен. Жайылып жатқан добалдай - добалдай
шомбал тастар арба дөңгелегіне шақ-шақ соғылады.
Бір кезде кенет арбаның артқы дөңгелегінің біреуі қиралаң етіп,
шоңқиды да қалды. Əлсіз аттар бірден кілт тоқтады. Не болғанын біле
қойдық. Түсіп қарасақ, бір дөңгелектің. шабағы күл - талқан болған.
Күлдіреуіші қирап түсіп жатыр.
Өзі бұрыннан да ескі, бірнеше жерінен құрсау салынып, əзер жүрген
дөңгелек екен. Дүниені кезіп - кезіп келіпті де, дəл осы араға жеткенде, жан
тапсырыпты.
Келіншек балғадай тегеуірінді аяғымен қираған дөңгелекті одан бетер
қирата ызалана тебеді:
— Қап, қараң қалғырдың мүлкі. Не анда, не мұнда жоқ, жер ортасы көк
төбеде қалдырды -ау.
Енді не істейміз?
Арба ол машина емес, артық дөңгелек алып жүрмейді.
Бізден басқа тырс еткен жан жоқ елсіз тау іші. Бекетке дейін əлі
бірқауым жер.
Көз байланып қалған.
Келіншек те, мен де мелшиіп тұрмыз. Арбаның сынғанымен аттардың
шаруасы жоқ. Сəл кідірісті пайдаланып олар өздерінің тіршілік қамымен
əлек — бастарын жерден алмай, ауыздарына іліккен шөп болса, жалмап,
өліп барады.
— Бала, жолың ауыр бала екенсің. Сен болмағанда, арбам сынбайтын
еді. Əлгінде өзіңді бекер отырғызған екем,— деп, келіншек қалжыңбас
мінезінен сонда да танатын емес.
— Түн боп кетті, арбаны тастап, қайда барамыз, қонамыз осы араға.
Таңертең бір амалы болар, оған қалай қарайсың?
— Өзіңіз біліңіз.
— Менімен бірге қонудан қорықпайсың ба?
— Неге қорқам?
— Қорықпасаң бопты.
Арбаны жолдан бұрып, былай таман əкелдік. Қалбиған бір түп бұтаның
ық жақ қалқасына доғарып жатырмыз. Аттарды тұсап қоя бердік. Аш аттар
ешқайда да кетпейді, осы төңіректі шиырлап жайылады да жүреді.
Келіншек пысық - ақ осы жұмыстың бəрін дерлік өзі тындырды жəне
тез тындырды. Жол азыққа алған наны бар екен, екеуміз содан жеп, əлденіп
алдық. Маңайда су жоқ.
— Ал бала, енді не істейміз, жатамыз ба? Қалай жатып ұйықтаймыз?
Жер сыз, тоңамыз. Арбаның үстіне жатамыз ғой деймін.
— Өзіңіз біліңіз.
Келіншек қираған дөңгелектің астына тас қойып, биіктеп, қыңырайған
арбаны түзеді. Қамыт, оны-мұныны басымызға жастады. Киіз бірдеңелері
бар екен, оларды астымызға төседі. Сонымен науа тəрізденген ып-ықшам
төсек дайын болды.
Жамылғы жоқ, жамылғы əр қайсымыздың өзіміздің үстіміздегі
киімдеріміз.
— Қойындасып жатамыз, əйтпесе, тоңамыз,— деді келіншек.
— Мейліңіз.
Сырт киімдерімізді ортақ жамылып, жаттық қойындасып.
Арбаның үсті екі адамға тарлау. Шалқамыздан жатып сыйыса алатын
емеспіз.
— Ту, арығыңды - ай, қу сүйексің ғой,— деп қояды.
Оның тығыншықтай денесі жанып тұрған от.
Мен үндемеймін.
— Бұдан бұрын əйелдермен қойындасып жатып көріп пе едің?—дейді
келіншек.
Мен əрең ғана:
— Жоқ,— деймін. Ғалиямен қойындасып жата жаздағаным есімс
түседі.
— Еркек емес екенсің ғой,— дейді келіншек.
Еркек болсам керек деп ой лап жатырмын.
Түс ауғанша Көкпекте бекет басында болдым. Бөгенге қарай жүретін
машина, арба тостым. Сөгетінің шөл дала жазығы дəл осы арадан
басталады. Содан Көртоғайға жеткенше, қырық шақырым шамасында, ел
де жоқ, су да жоқ.
Қырық шақырымға мен баяу жүріп, жете алмаймын.
Алматыға қарай екі машина өтті. Ал Бөгенге қарай жым - жылас.
Азығым біткен, ашпын.
Бекет басының тұрғындары қойшылардай кең пейіл халық емес. Арыбері өткен жүргіншіден ығыр болып біткендіктен бе, ас беріп сыйламақ
түгілі, есіктерінен қаратпайды. Өлгелі жатсаң аузыңа, сірə да су тамызбас.
Олардың осы түрін көріп, мен бұл арадан кеткенше асықпын.
Сол араның бір тұрғыны тамақ бермегенмен ақыл берді:
— Сен бала, мына түріңмен Көртоғайға қарай жаяу жүрме. Машина
кездессе жақсы, ал кездеспесе қайтесің? Бір жерде қаңырығың түтеп, арам
өлесің ғой. Одан да былай ет. Ана бір жатқан соқпақ жолды көрдің бе? Сол
жол мына тұрған Торы айғырдың тауына алып барады. Əне анау көрінген
сайға барып кіреді. Бүл екі ара, мықтағанда, он шақырым. Сайдың бергі
аузында қойшылар отыр. Бүгін соларға еркін жетіп қонасың да, ертең ары
асасың. Арғы өңірдің бəрі малшы, бəрі ел. Күнде ертенді-кеш маслопромға
сүт тасиды, солармен селбесіп, Жалаңашқа жетесің. Содан əрі Бөгенге,
Бөгеннен əрі Қарасазға жетуің қиынға түспейді. Машина да, арба да
табылады, үзбей қатынап жатыр.
Торыайғырдың тауы дейтін тау осы тұрғанда менің оңтүстік бет
алдымда, шынында да жап-жақын боп көрінеді. Əлгі айтқан соқпақ жол
үш-төрт тарам болып, тауға қарай қасқайып тартып жатыр. Жүрем десең
жүр, мен сені қазір-ақ алып барам дегендей, еліктіріп шақырғандай болады.
Біраз ойлап тұрдым. Осы ақыл дұрыс ақыл тəрізді. Тəуекел деп, тартып
жөнелдім.
Əлгінде жап-жақын болып көрінген тауға жете алсамшы. Тіпті жете
алатын емеспін. Мен жақындай түскен сайын, тау ары қарай қашықтай түсе
ме, қалай?
Бұл менің жүрісімнің өнімсіздігінен еді. Əрі ашпын, əрі көтереммін.
Жүз-жүз елу метрдей жүрем де, дем алам.
Уақыт менің халіммен санаспайды, зымырап етіп барады. Тағы да күн
батуға жақын қалды.
Денемде, əсіресе, екі аяғымда қозғаларға қуат жоқ. Бірақ ақыл-есім
оларға зорлық жасайды, күштеп қозғалтады.
Бет алдымнан көзге ілігер қарайған бір нəрсені өзіме белгі етіп
ұстаймын. Соған жетпей отырмауды мақсат етіп қоям. Ант байлаймын.
Өйтпесем тауға жете алатын түрім жоқ.
Өлдім-талдым дегенде, күн бата тау етегіне іліктім. Ешқандай малшы
үйінің қарасы көрінбейді. Жуырда ғана көшіп кеткен бір-екі үйдің жас
жұрты жатыр. Əлгі маған ақыл беруші адамның айтқаны, мүмкін, осы
көшіп кеткен үйлер болар?
Сайды өрлеп тағы біраз жүрдім. Еш сыбыс білінбейді. Ел болса, тым
құрса, үрген иттің дауысы естілер еді. Керең болған құлақтай тым-тырыс.
Əлсіздік пен аштыққа енді үрей араласты, малшылар кезектеспесе
күнім не болмақ? Есіз тауда далада түнемекпін бе? Мұнда қасқыр болуы да
əбден мүмкін.
Қорқыныш адамға əл беретін тəрізді. Əлгінде титықтап, ақыр-тақыр
біттім деген адам, биікке қарай аяғымды аршындай басам.
Бір жерде алдымнан сыбдырап аққан бұлақ суы кезікті. Тілім аузыма
сыймай, қаңсып, өліп келе жатыр едім. Жата қалып ішіп жатырмын.
Қара су шөл қандырғанмен тамақ болмасы белгілі.
Жас кезімде аштық жайы сөз болғанда естігенім бар еді— лай су
адамды көз көрім жерге апарады дейтін. Сол есіме келді. Сіміріп ішіп
жатқан бұлақтың бас жағынан қолыммен былғап - былғап; лайлап,
жеркенішті болса да, содан ішіп жатырмын.
Қоймалжың лай су тамақтан жүрмейді екен.
Міне асудың қыр арқасында тұрмын. Көз байланып кеткен. Бет алдым
ылди, жазық дала. Жақын маңда ешқандай ел қарасы байқалмайды.
Құлазыған елсіздік. Сонау əріде тау бөктерінде қарауытқан поселк
байқалады, Үйлердің оттары жылтылдап көрінеді. Ол, сірə Жалаңаш болуға
керек. Бөген ауданының соғыстан бұрынғы орталығы.
Батыс жақтан ызғырық суық жел соғады, дəл бір қыстыгүнгі жел
тəрізді, беті-қолымды қарып өңменімнен өтіп барады. Енді не істеймін?
Малшы үйін табудан күдерімді біржолата үздім. Бүкіл жаным-тəнім осы
араға қисайып жата кетуді, тынығуды қалайды. Одан əрі не боларын
ойламайды. Қолайлы жер іздеп, төңірегіме қараймын. Жолдың дəл шеті
жауын суы орудан пайда болған жыраша жар. Табаны құп-құрғақ қиыршық
тас. Жырашаның ішіне түстім де, тіземді бауырыма алып, бір жамбастап,
бүк түсіп жата кеттім. Үстімдегі пальтомның бір жақ өңірі төсеніш, бір жақ
өңірі жамылғы. Ойдым -ойдым болып қырқылған жүн жағасының жарым
шеті жастық, жарым шеті бетіме бүркеніш.
Қабырғама батқан тас болса, ырғап - ырғап жайлырақ етіп қоям.
Лезде қатып, ұйықтап кетіппін.
— Əй! Əй-һай!
— Əй!
— Тірі адамбысың, кімсің — деп, қатаң шыққан дауыстан оянып кеттім.
Көзімді ашып алсам, жарқыраған күндізгі уақыт. Күн сəске болып көтеріліп
қалыпты. Түсіне алмаймын, өңім бе, жоқ түсім бе? Осы араға əлгінде ғана
жатқан секілдімін. Ол кезде түн болатын. Енді қазір күндіз, жарқырап күн
шығып тұр. Бұл қалай?
Дауыстары қайталанды.
Басымды көтеріп алып қарадым. Анадай жерде жол үстінде астында
төңкиген қоржыны бар, салт атты адам. Аты құлағын тікірейтіп, танауы
пыс-пыс етіп, осқырынып қарайды. Сірə, үркіп, ілгері баспай тұрғанға
ұқсайды.
Түрегеп, үстімді қаққан болып жатырмын. Ұйқым қанып, тыңайып
қалған екем. Бірақ аштықтан өзегім талып, басым айналады. Жаңа білдім,
кешегі құлағаннан бүкіл түнге өлі адамдай тұяқ серіппей ұйықтаған екем.
Салт атты жолаушының дауыстауынан енді оянып отырмын.
Ол оятпаса, тағы қанша ұйықтарым белгісіз.
Салт аттыға жақынырақ келдім.
— Неғып далада жатқан адамсың? Кімсің? Қайдан келесің?— деп жөн
сұрай бастады.
Мен қысқашалап жөнімді айттым. Əлсіздіктен теңселіп əзер тұрмын.
Салт атты адам ой жақтан келе жатыр. Ол артына бір қырындай
бұрылып, қамшысымен нұсқап:
— Анау арада ойпатта малды ауыл отыр. Біраз жүрсек барасың. Тезірек
соларға жет,— деді.
— Ағатай, жейтін бірдемеңіз бар ма?
— Қап, қарағым - ай, жейтін ештеңе де жоқ еді.
Ол нұсқаған ойпатқа келіп те қалдым.
Бұл өзі жолға көлденең жатқан кең аңғар өзек екен. Дəл жағасына
келгенде болмаса, өзектің ішіндегі малшылардың үйлері алыстан
көрінбейді. Кеше менің бұл үйлерді байқамауым содан екен.
Бер таман жолға жақынырақ, қатар қонған екі киіз үй. Мен өңмендеп
соған қарай келе жатырмын. Жетсем де, жығылсам деймін. Бойымдағы əлқуатым тек соған жетуге жарайды.
Бергі үйдің сыртында белдеуде ер - тоқымды ат байлаулы тұр.
Ит қауып ала ма деп, секем ойлап келем.
Осы кезде үйден жаулық киген, көйлектерінің етегі шұбалып
аяқтарының басына түскен екі əйел шықты. Біреуінің қолында қамшы.
Қамшысыз əйел қамшылы əйелді аттандыра шығыпты. Белдеудегі аттың
тізгінін шешіп, қолтығынан сүйеп, мінгізіп жатыр. Мен аяғымды жеделдете
бастым. Атқа мінген əйел жөнеліп кете барды. Ана əйел мені байқар емес,
үйіне кіргелі барады. Əлімнің келгенінше дауыстап:
— Итіңіз қабады, — дедім.
Əйел естіп, жалт бұрылып қарады, мені жаңа көрді. Бұ кім дегендей
тоқтап, күтіп тұр. Мен келген бойда, іс - міс жоқ, үйге қарай өтіп кете
бардым. Табалдырықты аттап кірдім де босағаға, өзімнің малшыларға
келгенде отыратын үйреншікті орныма, сылқ етіп, құлай кеттім.
Берілетін сұрақ белгілі:
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Өлгендер қайтып келмейді - 07
  • Parts
  • Өлгендер қайтып келмейді - 01
    Total number of words is 4172
    Total number of unique words is 2294
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 02
    Total number of words is 4182
    Total number of unique words is 2363
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 03
    Total number of words is 4196
    Total number of unique words is 2306
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2373
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 05
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2424
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 06
    Total number of words is 4284
    Total number of unique words is 2376
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 07
    Total number of words is 4305
    Total number of unique words is 2349
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 08
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2343
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 09
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2374
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 10
    Total number of words is 4256
    Total number of unique words is 2350
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 11
    Total number of words is 4294
    Total number of unique words is 2313
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 12
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2276
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 13
    Total number of words is 4230
    Total number of unique words is 2243
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 14
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2331
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 15
    Total number of words is 4185
    Total number of unique words is 2370
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 16
    Total number of words is 4145
    Total number of unique words is 2253
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 17
    Total number of words is 4279
    Total number of unique words is 2393
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 18
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2359
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 19
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2345
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 20
    Total number of words is 3089
    Total number of unique words is 1872
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.