Latin Common Turkic

Өлгендер қайтып келмейді - 02

Total number of words is 4182
Total number of unique words is 2363
34.5 of words are in the 2000 most common words
49.4 of words are in the 5000 most common words
56.5 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
бері қам жасап жүр. Балжан хат жазған сайын шақырады. «Қаныша,
демалысқа шыққан соң келіңдер, қонақ болып қайтыңдар. Келмесеңдер
өкпелейміз» деп жазады.
Аға, жеңгеме ілесіп менің де барғым келеді-ау! Əрине, қонақ болу,
демалу үшін емес. Біраз күн Ғалиямен бірге болу үшін.
Шынымды айтсам, мен Ғалияны ғажап сағынып жүрмін...
Бұл менің өзім ғана білетін жан сырым. Ешкімге, аға, жеңгеме де
білгізбеуге тырысам. Мен оларға Ғалиямен хат жазысып тұратынымды да
айтпаймын.
Оқу бітті, үйге келдім. Біздің үйдің есігінің алдында бір аттық бір,
жаңалау арба тұр. Үстіне жас талдан иіп қабанжон етіп қаз-қатар уықшалар
орнатып қойған. Сыртынан брезент жапса, əп-əдемі үйшік болып шығады.
Ағамнан:
— Бұл неғылған арба!— деп сұрадым.
- Аға, жеңгең Бөгенге осы арбамен жүреміз дейді. Сені ат айдауға ала
кетеміз дейді.
Менің қуанышымда шек болған жоқ. Ішімнен: нағыз бақытты жан
екенмін деп ойладым.
Сəрсебекте қызық - ау.
— Көшір боп ат айдап баруға намыстанбайсың ба? Намыстансаң басқа
бір адам табайық, — дейді.
Көшір болмақ түгіл, арбаның артынан жаяу жүгіріп отырасың десе мен
«ағатай, құлдық» демекпін ғой. Тек Ғалияға барсам, жетсем болды емес пе!
Біраз күн Ғалияшыммен бірге болсам, Хат бетіне түсіре алмай қор болған
сөздерімді ебін тауып айтсам. Ұғыныссам...
Жоқ, мен шынында да бақыттымын!
Сонымен біз жолға шықтық.
Бұл арадан Бөген ауданының орталығына дейін сексен шақырымдай.
Одан əрі Балжандар тұратын «Ақжол» колхозы тағы он бес шақырым,
үлкен жолдан бұрыс. Асықпай-саспай, араға бір қонып, жетіп барамыз
деген есеппен шығып келеміз. Жаздың балбыраған əсем кезі. Жер-дүние
көкпеңбек. Кез келген жерге тоқтауға, демалып, рақаттануға болады.
Асығатын не бар?
Бұл аға, жеңгемнің ойы.
Менің ойым бұдан гөрі басқашалау: «Ғалияшыма бара жатып
асықпағанда, қашан асықпақшымын?» Арбаға жегілген екі атты
қосаяқтатып шаптырып отырғам, «Ақжол» колхозына дəл осы бүгін жетіп
барғым келеді. Бірақ ерік менде емес.
— Күн ыссы, аттарды қуаламай, жай жүргіз,— деп, ағайым əлсін-əлсін
ескерту жасай береді.
Даланың тас төселмеген жұмсақ қара жолы арбаға жайлы - ақ. Делбені
сілкіп қойсам, күйлі аттар арындап алып жөнеледі, Дүние бүгін ерекше
əсем, сыршыл. Арба дөңгелегінің салдырына дейін маған күмбірлеген күй
болып естіледі.
Арбаның үсті ып-ықшам əдемі үй. Күн түспейді, жауын - шашын
тимейді. Аға, жеңгем үйшік ойнаған балаларша астарына текемет, көрпе
төсеп, кəдімгі үйде отырғандай жайғасып отыр. Екеуі біреуіне біреуі
жарастықпен сүйеніп, өте көңілді, рақатқа батып келеді.
Жол азығымыз бапты, ет пісіріп, меске қымыз құйып алғанбыз.
Қөңіліміз қалаған жерде, көгалды су бойларына тоқтап, тамақтанамыз.
Шіркін, далада жеген тамақ қандай дəмді.
Қандай сіңімді.
Сарқыраған өзен бойында отырып, қара суға нан батырып жесең,
таңдайыңа балдай татымай ма!
Ерлі-зайыпты болғандарына жылға жуық уақыт өтсе де, Қаныша мен
Сəрсебек дəл кеше қосылғандай. Ыстық - суықтары əлі басылмаған. Кейін,
үлкейгенде, Ғалияшыма үйленер заман болса, осылардай тату-тəтті тұруды
арман етем.
Өмір бойы қабақ шытыспай өтетініме сенімім кəміл.
Ат айдаушының орны қай арада болатыны белгілі — жарты денем
үйшіктің артында, жарты денем сыртында, екі аяғым салбырап түсіп
кеткен.Көшір үшін бұл деген ең бір жайлы отырыс.
Мен өзім, жалпы, əнге жоқ адаммын. Солай да болса, осы келе
жатқанда аспандата əн шырқағым, өлең айтқым келеді, Əттең шіркін,
арбада бір өзім болар ма едім. Қасымдағы аға, жеңгемнен ұялам.
Əнді ішкі көмейімнен салып келемін.
Келесі күні қонаға Балжан ауылына соқтырып келіп те қалдық.
Қыстақтың тұрған орны тау баурайы, көгал, əдемі жер. Арық - арықта
мөлдіреп мұздай салқын су ағып жатыр. Үйлері біздің Тұйықтың үйлеріне
ұқсайды — жайпақ төбелі, бəкене там үйлер. Шатырлап жапқан бір-екі үй
байқалады. Колхоздың кеңсесі, мектеп болуға керек.
Ауылдан шығар алдында аға, жеңгем Балжандарға телефон арқылы
хабар берген. Олар біздің келе жатқанымызды біледі. Балалардан сыртта
қарауыл қойып, күтініп, тосып отыр екен. Біздің қарамыз көрінісімен
бірнеше кішкене бала үндің үстінен жау көргендей шапқыласып түсіп,
хабар берісіп жатты.
Арба үйге жақындап қалған.
Жасы жеті-сегіз шамасында, қызғылт жүзді, жалақ ерін тығыншықтай
бір бала қасындағы өзге балалардан жырылып шығып, бізге қарай салып
келеді. Арбаның тоқтар -тоқтамасына қарамастан алдыңғы жақтан келді де
жармасты, Мені қаға-соға ыршып мініп алды. «Əпке!» деп, Қанышаның
мойнынан құшақтап, бас салды.
Бұл Балжанның ұлы екен, аты Қали. Былтыр біздікіне келе алмай,
үйінде қалған, Қарауыл қарап, жол тосып жүргендердің атаманы осы
көрінеді.
Үйден бізді қарсы алуға төрт-бес адам шықты, Əуелгі шашы желбең
етіп, атып шыққан қыз бала Ғалия еді.
Соңындағылар Балжан жəне біреулер.
Ғалия кіммен қалай амандасарын білмей, сасқалақтап Қаныша. қалды,
Сосын Қанышаның мойнына асылып, бетінен сүйіп
Мені де сөйтер ме еді.
Мынау дөңкиген ақ сары адам, сірə, Балжанның күйеуі болар. Бұрын
көрмесем де, Қаныша жеңгемнің айтуынан білем. Аты Ысқақ, колхозда
жылқы бағады. «Жездем еңбекқор, жақсы адам. Тек байқұстың құлағы
мүкіс естиді» дейтін Қаныша.
Ысқақ бəрімізбен қол беріп амандасты. Екі қолын бірдей ұсынады, əр
қолы күректің басындай.
Бұл адамның киім киісі де болбиған денесіне лайықты үстінде етегін
шалбарланбай, сыртқа салып қоя берген, бір жеңіне бір адам сыйып
кеткендей дабы жейде. Аяғында басы бұзаудың басындай ауыр жұмысшы
етік. Омырау түймелері салынбаған, алпамсадай төсі жүн-жүн.
Ұстаған қолын мыжып, күйретіп алмайын дегендей. Ысқақ еппен алып
амандасады.
Үйге кірдік. Есіктен төрге қызыл ала текемет төсеп тастаған.
Қазақшалап биік жиналған жүк.
Тұрмыстары тəуір көрінеді.
Ғалия былтырғысынан өсіп толыса түскен. Кəдімгі бойжеткен салиқалы
қыз бола бастаған. Денесінің көз тартар мүшелері айқындалып, көзінде
біртүрлі құбылтып, төңкеріп қарайтын болған.
Шай ішілді, одан соң қымыз келді. Əдейі бізге бола сақталған қымыз.
Əйтпесе, қазіргідей беймезгіл кезде қымыз тұра ма.
Екі кесе қымызды жеделдеп төңкеріп салып, бой жазған болып сыртқа
шықтым. Ғалиямен екеуден-екеу шүйіркелесе кеткенше тақат қылмаймын.
Өзге жұрт қымыздың желігімен кеукілдесіп, əлі бірқауым отырады.
Міне Ғалия да шықты. Бірден қасыма келді. Сағынысып табысқан
ғашықтар тəріздіміз. Екеуден-екеу оңаша кездескенге іштей қуаныштымыз.
Бірақ жөппелдемеде сөзді неден бастарға білмейміз.
Ғалия ауылдан қашан шыққанымызды, қай жолмен келгенімізді
сұрайды. Кеше шықтық анау тауды асып келдік деймін. Осы кезде
қасымызға əлденеден құр қалғандай арсалаңдап Қали жетіп келді. Өзі
біртүрлі ашулы. Келді де, қаға - соға Ғалия екеуміздің арамызға кіріп алды,
— Əй, бұның не?—десем:
— Не?— дейді
— Біз сөйлесіп тұрмыз ғой.
— Сөйлеспе.
— Heгe?
— Сол.
— Мынау қызық қой өзі?— деп, Ғалияға қарадым,
— Сөйлеспе, сен жаман сөз айтасың.
— Қандай жаман сөз?
— Білем.
— Нені білесің?
— Білем, сол. Ары тұр, əйтпесе, апама айтам.
— Нені айтасың?
— Айтам.
— Нені?
— Сол, айтам...
Қалидың жауыз бала екенін мен бірден білдім. Қолымнан келсе, шайнап
жеп қояр едім. «Қап, сені ме!»
Күрмелген тіл одан бетер күрмеліп, Ғалияға ештеңе айта алған жоқпын.
— Соғыс!
— Соғыс басталыпты!
Германия бізге соғыс ашыпты!
Жаманат хабар төбеден жай түскендей шатыр ете қалды.
Көпшілік шалғай колхоздар тəрізді мұнда да радио жоқ, газет бірнеше
күн кешігіп келеді. Соғыстың дəл қалай, қайтып басталғанын əлі ешкім
жөндеп біле қоймайды. Қазіргі келіп жеткені ауданнан телефонмен беріліп,
мұндағы жаяу почта таратқан əлгіндей шолақ хабар.
Жұрттың жүзі суық, үрпиісіп қалды.
Ауданнан арнайы адам — өкіл келген екен, түстен кейін митинг болды.
Соғыстың анық-қанық жайлары сонда айтылды.
— Жау талқандалады! Күлі көкке ұшады. Жауды неғұрлым тез
талқандау үшін жұмысты жақсы істеуіміз керек!— деген тəрізді қызу
сөздер сөйленіп жатыр.
Митинг жабылды. Жұрттың біреулерінің еңселері түсіп, енді біреулер
қарқ-қарқ күліп, тарап барады.
Екі-үш күн өткенде бір құшақ боп бірнеше күннің газеті бір-ақ келіп
жетті. Ішінде соғыс хабарын басқан газеттер бар. Жұрт шоғыр - шоғыр
болып, дауыстап оқысып жатты.
Біреу оқып болған соң жəне біреу алып оқиды. Өз көзімен оқымаса,
сенбейтін тəрізді.
Мен көресіні Қалидан көрдім. Жексұрын бала жыныма əбден тиіп бітті.
Ғалия екеуміз ретін тауып, сəл оңашалана қалсақ қайдан жетіп келетінін
білмейсің, жерден шыққандай боп, сопаң етіп, қасымызға жетіп келеді. Бір
жаққа бармақ болсақ, күшік құсап қалмай, ілесіп алады. Қысқасы, не
күндіз, не түнде біздің бір минут оңаша жырылып шығуымызға еш
мүмкіндік бермейді.
Бəлем, өзіңді сабап алар ма еді деп, зығырданым қайнап - ақ жүрмін.
Бір күні біз ауыл балаларына ілесіп, тауға рауғаш теруге бармақ болдық.
Мен де барам деп, Қали қоса ілесті. Мен оны қалай да тастап кетудің
амалын қарайластырдым. Былай таман барған соң:
— Тау алыс, сен жете алмайсың. Одан да қал. Біз саған мол етіп
қымыздық, рауғаш əкеп береміз,— дедім.
Қали «мм!» деп, кеудесін бұраң еткізді. Онысы қалмаймын дегені.
Алдарқатқанға көнбеген соң мен енді ашық саудаға көштім:
— Қалсаң, мына бəкімді берем.
— Керегі жоқ.
— Мына қарындашымды да қоса берейін.
— Керегі жоқ, соңынан өзің қайтып алып аласың.
— Алмаймын. Алсам, неғыл дейсің. Мə, екеуін де ал. Егер өйтіп
қорықсаң апар да, мен білмейтін бір жерге тығып қой, Соңынан біз кеткен
соң алып, иемденесің.
Бұл айтқаным Қалиға қисындылау көрінді білем, босаңси бастады.
Менің кішкентай ақ бəкіме де, бір жағы көк, бір жағы қызыл алты қырлы
бояу қарындашыма да ол қызығады. Бұдан бұрын аттай қалап, атандай
сұрап, ала алмай қойған нəрселері.
Дүниесі құрғырдың жүзі ыстық қой. Ақыры Қали көнді, менің берген
нəрселерімді алды да, үйге қайтты. Қызыл көз жабысқақ пəледен
құтылғанымызға біз қуаныштымыз.
Басқа балаларды қойшы, олар өздерімен өздері. Керек болса, былай
таман барған соң олардан жырылып, бөлек кетуімізге болады.
Қалидың қарасы өшті ме екен деп, бір кезде артыма бұрылып қарадым.
Сөйтсем, қарасы өшкен былай тұрсын, ол бізге қарай салып ұрып, қайтадан
жүгіріп келеді. «Не болды? дөп сұрасам, айнып қапты. Мə, нəрселеріңді
өзің ал, қалмаймын дейді. Бала емес, балшыққа батқыр.
Қали тауға бізбен ілесіп барды.
Бұнымен тынса, жақсы ғой. Кешке үйге келген соң шешеciнe жұрттың
көзінше көңірсітіп айта бастады:
- Апа, білесің бе, бағана тауға барарда Еркін маған бəкісін, қарындашын
беріп, алдап тастап кетпек болды. Содан соң таудан келе жатып, анау
Жағаталдағы судан өтерде, Ғалияны құшақтап, көтеріп алды...
Мен не дерімді білмей, ұялып, өліп барам.
Балжан Данышпан адам ғой.
— Жə, не болса соны сөйлемей отыр. Оларға ілесіп, саған не бар? Ана
өзің теңдес балалармен неге ойнамайсың!—деп, Қалиға жазғырып, ұрсып
тастады.
Балжан ауылында бір жетідей қонақтап, елге қайттық.
Риза болып қайттық.
Күніне бір үй қонаққа шақырады. Бір бағланның басы кесіледі. Балжан
мен Ысқақтың туған-туысқандар арасында беделді адамдар екенін осыдан
да білуге болатындай.
Бұл екеуі, шынында да, бейілдеріне құрық бойламайтын абзал жандар.
Қонақ күтімдері керемет. Колхоз биені тауда байлайды екен. ЬІсқақ түнімен
сол тауда жылқы бағады да, таңертең бізге арнап бір мес қымыз алып,
жетіп келеді. Ет пен қымыз бұл үйде ағыл-тегіл.
Ысқақты тəңірім қара еңбекке барынша бейімдеп жаратқан. Долбиған
зор денесінде өгіздің күшіндей күш бар. Ет жеп болғаннан кейін кəдімгі
үлкен дөнен қойдың жілігін екі басынан екі қолымен ұстайды да, ағаш
сындырғандай бырт еткізіп сындырады.
Ысқақтың күштілігі жайында мен бұл ауылда нелер қызық əңгімелер
естідім. Жігіт кезінде ол біреумен бəстесіпті. Біреудің бір семіз өгізшесі бар
екен. Соны Ысқақ соғым етіп соймақ болады да, сат дейді.
— Егер сен осы өгізшені иығыңа салып, үйіңе дейін көтеpiп əкетер
болсаң, онда мен сатпай-ақ тегін берейін,— дейді мал иесі.
— Бересің бе?
— Берем.
Жұрт көзінше екеуі бəстеседі.
Ысқақ өгізшені лак тəріздендіріп иығына салып, көтеріп əкетеді. Үйіне
апарады да, сойып алады.
Мал иесі үн-түнсіз қала береді.
Ысқақ жайында мұндай əңгімелер кеп.
Ысқақтың қымыз ішуі ғажап. Жұрт құсап ыдыстың шетінен сіміре
жұтып ішпейді. Кесе толы қымызды қолына алады болды, өңешіне сылқ
еткізіп, қотарып құя салады. Алақанымен ұйпалап аузын сүртіп жатқанын
бір-ақ көресің.
Кетер - кеткенше мен Ысқақтың бұл енеріне таңырқап, ғажап қалумен
болдым.
Құлағының сараң еститіндігінен қорына ма, қайдам, ол өздігінен тіпті
аз сөйлейді. Жұртқа онша көп жоламайды. Тозған сыпырғы тəрізді азғантай
шоқша сақалын тұтамдап ұстап, өзімен өзі болып, ойға шомып отырады.
Сонысына қарамастан Ысқақ керемет кəрі құлақ адам, естіген - түйгені
көп. Дүниеде не болып, не қойып жатқанынан түгел хабардар.
Бір күні Ысқақтың көмекші жылқышысы ауырып қалған екен. Оның
орнына жылқыға мен ілесіп бардым. Екеуміз оңаша тауда, қарағайдың
түбінде қисайып, демалып жатып, əңгімелескеніміз бар. Ысқақтың кəрі
құлақ сезімтал жан екенін сонда көргем.
Оның бойындағы жəне бір əдет біреумен сөйлескенде əріптесіне ылғи
да екінші жақпен сенің анауың, сенін, мынауың деп сөйлейді.
— Еркін, əңгіме айт, кəзит - журналың не жазады?— деп бастады
Ысқақ əңгімені.
— Газеттер соғысты жазып жатыр ғой.
— Сөйтіп, Керман итің соғысты бастап кетті, ə? Соғыспаймыз дегені,
шарт жасауы бəрі алдау екен ғой.
Иə, солай болып шықты.
— Ал əлгі Жапоның не ойлайды? Керманның ол досы емес не? Досына
болысар ма екен, жоқ əлде өзіме де жан керек дер ме екен?
— Жапонның қолынан не келуші еді. Хасан көлінің маңында біз оның
əкесін танытпадық па!
Ысқақ «мм», деп менің сөзімді өзінше қортындылайды да, жаңадан
тағы сұрақ береді:
— Əлгі бұрнағы жылы бізбен үш ай соғысатын кішкентайыңның аты
кім еді? Пін бе еді?
— Финляндия.
— Ойпырмай, кішкентай болып алып, өзі бір шақар неме көрінеді ғой.
Əйелдеріне дейін соғысыпты дейді сонда, рас па?
— Рас. Оларда арнаулы əйелдер батальоны дейтін болған.
ЬІсқақ əріптесінің сөзін ерекше ыждағатпен тыңдайды.
Құлағына құйып алатын, бір естігенін ұмытпайтын болуға керек.
Жол-жөнекей елдің бəрі əбігер. Барлығының аузында бір сөз — соғыс!
Үкімет жаппай мобилизация жариялаған. Армияға топырлатып ала
бастаған.
Соғысқа жіберуді сұранып арыз берушілер қаншама! Тұйықта да əбігер,
үрей.
Үрейленбейтін тек балалар болса керек. Олар үшін соғыстың жан
түршігерлік сұмдықтарын бастан кешпегендіктен, соғыс жайындағы
түсініктің біржақтылығынан болар.
Сол бір тұста, соғыстың алдындағы кезеңде, соғыс тақырыбына
арналған кинофильмдер көбейген. Ондай фильмдерді біз құр жібермейміз.
Тіпті бірнеше қайталап көреміз. Қызыл Армия ештеңеден сескенуді
білмейтін батыр болып көрсетіледі.
Киноның соңын біз қарамай жатып білеміз: жаудың күлі көкке ұшып,
талқандалады. Қызыл Армия жеңеді.
«Ура!» «Ура!» болып аяқталады.
Біз өмірдегі соғыс та сол кинодағы секілді оп-оңай, «ура мен!» біте
қалады деп ойлаймыз.
Соғыс болса, жанадан батырлар, шығады, неше алуан ерлік істер
дүниеге мəлім болады. Бізді, балаларды, көптен қызықтыратыны, міне,
осы. Əттең, соғысқа бізді де алар ма еді деп, құлшынамыз.
Соғысқа барсақ, батыр болып қайтатынымызға сеніміміз кəміл.
Осы тəрізді арман менде де бар.
Бұрынғы еткен соғыстардың тұсында тумай қор болсам, ендігі
соғыстардың тұсында өсе алмай қор болып жүрмін.
Жасым қазір он алтыға қарай кетіп барады. Армияға шақырылуға
толмайды. Толса, бір күн де аялдамас едім. Мен де соғысқа өзім сұранып
кетер едім.
Танытар едім өзімді!
Соғыста өлем - ау немесе жараланып, өмір бойы қор болып, кемтар
болып қалам - ау деген ой онша күйзелтпейді. Өлетіндер өздерінің
нашарлығымен, ебетейсіздігінен өліп жататын тəрізді.
Жалпы, бала кезде адам «мен де өлуім мүмкін-ау» деп, ойламайды ғой.
Өлетіндер ылғи да басқалар секілденіп тұрады.
Ажал саған əбден қартайғанда бір-ақ келетін тəрізді. Оған дейін не
істегің келсе, секем алмай істей бер. Соғыста атыңды шығару керек болса,
шығара бер.
Қабағы салбырап күз келді. Мен Қарасазда тоғызыншы оқимын.
Сол əлгі былтыр жүрген үйімдемін.
Соғыс шындығы күннен күнге қатаңдап барады. Жігіттер топ-тобымен
жүргізілуде. Немістер пəлен қаланы басып алды, түлен қаланы басып алды
деген үрейлі хабар будақ-будақ жетеді. Газеттер уақытша қалдыра тұрдық,
тактикалық мақсатпен тастадық деп, жазады.
Менің патриоттық сезімім бұған жəбірленеді, ыза болам. Тастамау
керек еді, бір адым да шегінбеу керек еді. Мен командир болсам,сөйтер
едім.
Жау тырнағы бірер айдын ішінде еліміздің көң етіне батып-ақ кетті.
Белоруссияны түгелдей, Украинаны түгелге жуық басып алып қойды.
Ленинград қоршауда. Қанды көз тажал бұл күнде жалақтап Москва мен
Кавказға төніп келеді.
Жағдай қиын!
Бəрі майдан үшін!
Бəрі жауды жеңу үшін!
Қайда барсаң, оқитының да, еститінің де осы ұран.
Майдандағы армияға жылы киім жинау науқаны басталды. Жұрт
аямайды, иықтарынан сыпырып беріп жатыр. Киім жинайтын пункттерде
төбе-төбе болып үйілген: тон, пима, ішік, малақай, биялай, байпақ,
бөкебай...
Халықтан алынатын алым-салықтың түрі де көбейді.
Соғыс аждаһада тойым жоқ, Бергеннің бəрін жалмап жұтып жатыр. Əлі
қанша жұтары белгісіз.
Майданға алынған жігіттердің орнын əйелдер мен қарттар, жас балалар
басуда, Калхоздың ендігі арқа сүйенері осылар.
Соғысты мен мұншалық ұзаққа созылар, халықтың қабырғасына аяздай
бататын қиыншылыққа айналар деп еш ойлаған жоқ едім, Жау жеңіліп, біз
жеңіп ура, урамен біте қалар деп ойлағам. Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл
Армиядан күшті армия жоқ деп білетінмін. Олай болса, жаудың біздің
жерімізді басып алып келе жатуы, біздің шегініп келе жатуымыз қалай?
Түсіну киын.
Өзім құралпы балалар жиналып, соғысты əңгіме етеміз, Əскерге
алынуға жастарымыз толмауына өкінеміз. Соғыстары сəтсіздік біз
бармағандықтан болып жатқан тəрізді. Əрқайсымыз мен барсам, өйтер
едім, мен барсам бүйтер едім деп, жұдырық түйіп, тісімізді қайраймыз.
Шетімізден Наполеонбыз.
Шетімізден Суворовпыз.
Шетімізден Александр Македонскийміз.
Қазіргі ел басына қауіп төнген қиын кезде фашистерді талқандап
майданда жүрмей, Қарасаздың көшесін таптап жүруіміз бір түрлі қылмыс
тəрізді.
Ноябрь айы. Қар түскен. Бір күні Қарасазға Тұйықтан қашаба шанамен
Сəрсебек ағайым, Қаныша жеңгем келіп тұр. Жүрістері біртүрлі суыт.
Сөйтсем, ағайымды əскерге шақырған повестка шығыпты. Дəрігерлік
комиссиядан өтуге келген екен.
Мен шынымды айтсам, қуандым.
Аға, əкелері армияға алынған балаларға бір түрлі қызғанышпен
қарайтын едім. Олардан өзімді кем қалғандай сезінетінмін. Ағайым
соғыста, отан қорғап жүр деп айтудың өзі де біртүрлі мақтаныш тəрізді,
Ал егер ерлік істер істеп, аты шықса, орден, медальдар алса ше? Онда
менен бақытты адам бола ма?
Ағайымның жаман солдат болмайтынына сенімім кəміл, Төрт мүшесі
сау, тепсе темір үзетін ағайыма комиссия иə деуі мүмкін? Арқасынан бір
қағып «бар, жарайсың дегеннен өзге ештеңе айтпас» деп ойлаймын.
Дəл солай болды — ағайымды армияға жаратты. Ертесінде оларды
жүргізетін күн. Военкомат кеңсесінің алды мұндайда хан базарға ұқсап
кететін əдеті, Атты - жаяу сапырылысқан жұрт.
Əскерге шақырылған əр біреудің соңында төрт-бес туыстары еріп жүр.
Қайтсін, енді қайтып тірі көреміз бе, көрмейміз бе дейді. Қимайды.
Менің Сəрсебек ағайымда қамығу жоқ, Көппен көрген ұлы той деп,
қарайды. Ерте ме, кеш пе осылай болуы — армияға алынуы заңды екенін
ол күні бұрын іштей құптап, өзін өзі соған дайындап жүрген.
Əйел заты еркектей емес, сезімтал ғой. Қанышаның жүзі күндегісінен
жабырқаулы, терең бір ойға батқандай тұнжыраулы. Сəрсебек екеуінің
қосылғанына жыл жарымдай ғана уақыт етті. Дос сүйініп, дұшпан
күйінгендей тату-тəтті семья құрып еді. Дүлей соғыс оны есепке ала ма?
Жар қызығы, жастық өмір қызығы дегенді ұға ма! Өмірдің сəнін
келтіріп, жарастықпен ұғысып табысқан екі аққу тəрізді біріне бірі жан
қияр жұбайларды біреуінен біреуін зорлықпен ажыратып əкеткелі отыр.
Ағайым кете барды.
Шешем шешелігін істеді — дəл қоштасарда, жылап, азан - қазан қылды.
Жыламаймын, неге жылаймын деп, пысық жүрген тəрізді еді. Сəрсебектің
мойнынан құшақтап ап, дауыс сап, қойсашы. Жұрт əрең дегенде қойғызды.
Денсаулығы нашар адам емес пе, жылаймын деп, əлсіреп қалды.
Бұл ағайым Тұйықтан — үйден аттанарда болған іс.
Аудан орталығы Қарасазда ағайымды Қаныша екеуміз шығарып салып
тұрмыз.
Күйеулерін қимай, жылап та жүрген əйелдер бар. Қаныша бірақ
жыламайды. Тістеніп, қайғы - қапасының барлығын ішінің терең түкпіріне
тығындап, тығып алған.
Жігіттерді армияға əйелдерімен қоса алмайтыны өкінішті. Қоса алса,
құдай біледі, бір де бір əйел күйеуінен жырылып қалмас еді. Бірге кетер еді.
Амал қанша, бұндай заң жоқ.
Ағайым масаң. Өйткені, армияға кетіп бара жатқан азаматтарды елжұрт боп сыйлап аттандырады. Жолдас-жоралары шетінен қонақ етіп,
ішкізіп - жегізеді. Арақ сасыған аузымен мені сілемейлей сүйіп, құшақтап,
ағайым ақыл айтып тұр:
— Ерка, біздің үйдегі ендігі еркек кіндікті сенсің. Үй ішінің бар
ауыртпалығы сенің мойнында. Ұқтың ба? Енді сен бала емессің, үй
қожасы, дардай жігітсің. Ертең армиядан келгенде, барлығының жауабын
сенен алам.
Арада бір жетідей уақыт өткенде, Қарасаздағы мен жүрген үйдің иесі
Есіркепті де армияға алып кетті.
Есіркептің əйелі оқуы аз адам, еш жерде қызмет істемейді. Əрі жас
баласы бар. Бар жан баққызып отырғаны күйеуі еді. Енді халдері
мүшкілденіп қалды. Бірден-бір асыраушысын əкеткен соң, құрсақтары
қабысып, күйлері нашарлай бастады.
Сəрсебек ағайым бар кездегідей емес, Тұйықтағы біздің үйдің халі де
қоңыр төбел. Ақшада күш қалмай барады. Бұл күнде ақшаға ештеңе сатып
ала алмайсың. Ал колхоздың беpiп отырғаны шамалы.
Үйдегілердің аузынан жырып, маған азық-түлік алып келу де қиындап
кетті.
Дегенмен, демалыс сайын Тұйыққа үйге барсам, құр қайтпаймын. Бір
таба нан, бір жілік ет болса да алып келуге тырысам. Бұл не болсын.
Жанбағыстың қамы адамға не істеткізбейді. Есіркептің үлбіреген əдемі
жас келіншегі бір кеңсеге үй сыпырушы боп жұмысқа тұрды. Алатын
жалақысы үшін емес. Ай сайын қызметкер, жұмысшыларға беріліп тұратын
нормалы астық үшін, дəн үшін.
Жағдай ауыр болғанмен, тырмысып оқып жүрмін.
Бірақ оқуда да маза қалмай барады. Еркек мұғалімдерді шетінен əскерге
əкетіп жатыр. Олардың орындарына кім болса сол тағайындалады. Өздері
сегізінші – тоғызыншы бітіріп, сегізінші, тоғызыншыға сабақ беріп
жүргендер бар.
Жағдайлары келмей, оқуды тастап кетіп жатқан балалар аз емес.
Тұйыққа үйге келген сайын еркек қолын тілен, істелмей жатқан бір қора
жұмыс алдымнан шығады: жалғыз сиырдың жем-шөбі таусыла бастаған,
отын азайған, қора тазаланбаған, үн біткен, үйдің үстінің қары күрелмеген,
т. т.
Келген бетте, бұрынғыдай демалып, аунап-қунаудың орнына, əлгідей
көп жұмысқа басыммен күмп беріп, енем де кетем. Жалғыз күн демалыста
үлгере алмай, сабақтан екі-үш күн қалып қоятын да кездерім болады.
Көктемге салым жағдай тіптен ауырлады. Мектепті тастағандардың
қатарына менің де қинала - қинала қосылуыма тура келді.
Тастағым келмейді, бірақ амалым жоқ. Біріне тартсаң, біріне жетпейтін
қиын кез.
Балалардың оқуды тастағанына ең алдымен колхоз қуанады. Бір бала
оқу тастаса, колхозға бір жұмыскер қосылғаны. Екі бала оқу тастаса, екі
жұмыскер қосылғаны.
Бригадир маған екі ат, бір арбаны қуана-қуана беріп қойды.
Бұл кезде Тұйықта колхоз председателі Омар дейтін жастау адам. Аз
күнде оны да əскерге əкетті. Орнына Нұрəлі басқарма болды.
Біздің Нұрəлі.
Сəрсебек пен Нұрəлі «бажа» болып шыққалы екі үйіміз жақсымыз,
тонның ішкі бауындаймыз. Жиі араласып, бірімізде жоғымызды бірімізден
алып, ауыс-түйіс жасап тұрамыз. Талай рет Нұрəлінің үйінде қонақ
болғанбыз. Талай рет қонаққа шақырғанбыз.
Қаныша болса, Сəулені өзінің туған əпкесіндей көреді.Нұрəліні жезде
деп тұрады.
Сəрсебек армияға аттанарда Нұрəлі бізді үй ішімізбен шақырып қонақ
еткен. Өзінің туған інісі кетіп бара жатқандай қамығып, қиналумен болған.
Сəрсебекке:
— Мұндағы үй ішіңді ойлап, алаңдама. Бір дəн болса бөліп жеп күн
көреміз,— деген.
Басқа біреу председатель болмай Нұрəлі болғанына біз шын қуанышты
едік. Заман қиындап барады. Тураушыда туғаның болсын дегендей Нұрəлі
тізгін ұстап тұрса бізге жаман болмайтыны белгілі.
Нұрəлінің жасы елуді алқымдаған. Ақ түскен кезі нашар көреді, Оны
армияға алмайды.
Біз енді Нұрəлінің үйіне бұрынғыдан да жиі қатынаймыз. Сəуленің
денсаулығы онша мықты емес. Үйлеріне қонақ жиі келеді. (Ауданнан
келгеннің бəрі колхоз председателінің үйіне түсетін əдеті.)
Қонақ күтіп алуға мұршасы болмай жатса, Сəуле жəрдем тілеп біздікіне
жүгіреді.
Мейлі апам болсын, мейлі Қаныша болсын, Сəулеге қолғабыс етуден
бас тартпайды.
Нұрəлі үйінің отын-суына болысуды мен - дағы өзіме ар санамаймын.
Қолым боста тапсырған жұмысын тындырып істеп берем. Одан еш зиян
таппаймын. Ең болмағанда тамаққа тойып қайтам.
Дəрежелі қонақтар келгенде Нұрəлі үйінде қой сойылады. Оз қойы
емес, əрине. Колхоз қойы. Қонақ келген сайын өз қойын сойса несі қалады.
Нұрəлі үйінде қой сойылған күні біз үй ішімізбен дерлік сондамыз.
Апам шек - қарын тазалайды, бас. үйітеді. Мен отын жарып, сирақ үйітем.
Жеңгем тамақ істеуге болысады.
Қойдың көтен - мойын, өкпе-бауыр сияқты біраз жылы - жұмсағы біздің
үйге кіреді.
Дəреже дейтін кімді де азды-көпті мас қылатын нəрсе ғой. Колхозға
председатель болғаннан кейін Нұрəлі өзгере бастады. Мінезінде паңдық,
тəкаппарлық пайда болды. Жуантық қарны алты айлық баласы бар əйелдің
қарнындай бұлтиып алға шығып барады. Нұрəлі бұны мақтаныш көріп,
қуанатын тəрізді. Қарнын əзер көтеріп жүрген адам боп, кеудесін артқа
жіберіп, алшаң басып жүреді. Бет алдынан келмесе, қапталындағы жұртты
онша байқамауға тырысады. Тани тұрып, танымай қалады, сен кімсің, ей,
дейді.
Соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс. Нұрəлі үшін ырыс. Басына
беймезгіл келіп қонған көзі соқыр бақ.
Əйтпесе, кешегі ел аман, жұрт тыныш кез болса, оның қолы бұл
қызметке жетер ме еді? Жетпес пе еді? Тұйықтың көшесінде менен мықты
кімің бар деп, қоразсынып жүрер ме еді, жүрмес пе еді?
Бірақ, обалы нешік, Нұрəлі бізге сол бұрынғысынша. Басқаларға
көрсеткен тəкаппарлық мінезін бізге көрсетпейді Күнара келіп, ат үстінен
болса да хал - күйімізді сұрап, біліп тұрады. Не сұрасақ береді.
Нұрəлінің бізді көрген жерде бірінші айтар сөзі,
— Сəрсебектен хат бар ма? Не жазады!
Сəрсебек армияға алынған бетте Өскеменге барды. Атты əскерде болды.
Одан соң майданға жөнелтілді. Марттың бас кезінде Харьков маңынан
соғысқа енгелі тұрмыз деп жазған хаты келді. Содан бері хат жоқ.
Ағайымнан хат келуі тоқтағалы бізде үрей қалмады. Почташының
төбесі көрінсе, елеңдеп тұрамыз. Тек əйтеуір жаманатын естімесек екен
дейміз, жақсылық хабар күтеміз.
Күткен нəрсенің бəлсініп, кешіге түсетін əдеті.
Міне, бірнеше ай болды, хат та, хабар да жоқ.
Дымкес шешем сылынып, жүдеп барады.
Бір кезде ертегідей бұлдыр, алыс көрінген соғыстың ащы шындықтары
жай түскендей ойрандап, мұнда да көріне бастап, майданнан қара қағаз
келуі жиілеп, барады. Қайғының қара шоқпарына мертігіп, шұрқан болып
жатқан үйлер.
Соғыстан жаралылар келе бастаған. Бірі қолын, бірі аяғын беріп келіп
жатыр.
Нұрəлі құтырғанда жаман құтырды. Жұрт мезгілсіз жүдеп, мезгілсіз
қартайып бара жатса, ол қайта жасарып барады. Киімді сəндеп киетінді
шығарды. Қара - қоқыр ши барқыттан делдиген галифе шалбар, сырт жейде
тіккізген. Аяғында сықыр - сықыр еткен жаңа хром етік. Баста шляпа.
Шляпаға тер сіңген қара тақияны қабаттап киюі жараспайды - ақ. Қара
тақияның жарым бөлегі желке тұсынан баттиып көрініп тұрады.
Үйде отырғанда, шляпасын алып, тақиямен отырады. Тақияның
қажеттігі осы үшін болса керек.
Қамыт аяқ Қыбырай шалды күнде таңертең Нұрəлі үйінен көресіз.
Ұстарасын дізесіне сырт-сырт жанып, басқарманың мұртын басып,
сақалын алып отырғаны. Нұрəлі бұрын төрт - бес күнде бір қырынса, енді
күн құрғатпай қырынатын болған.
Қыбырайдың міндеті басқарманың сақал-мұртын қыру ғана емес. Ол
жəне өрімші адам. Нұрəлінің қыбын тауып, жаңадан жүген, ноқта, қамшы
тəрізді əбзел - саймандар еріп береді.
Нұрəлінің мініс атын күтімдейді. Таңертең ерттеп дайын етіп тұрады.
Бұл үшін Қыбырайға төленетін ақы жоқ. Басқарманың үнінде онымен
дастарқандас отырып ас ішеді, колхоздан оны - мұны сұрап алады.
Төленетін ақы сол.
Нұрəлінің кесір мінездері кеңседе, түзде ғана емес, өзінің үйінде де көп
байқалады. Бір жақтан келсе болды, əй қатын, тарт деп, киімінің жеңін
ұсынып тұрғаны. Дəл өзі киініп, шешіне алмайтын қолы жоқ адам тəрізді.
Аяқ киімін де Сəуле тартып шешеді.
Төр алдына төрт қабат етіліп көрпе төселеді. Қос жастық тасталады.
Нұрəлі соған отырады. Қол жуу қажет болса, леген мен құман Нұрəлінің
алдына əкелінеді.
Дуылдық советке председатель болып жүрген Нұрəліде мұншалық
тəкаппар мінез жоқ тəрізді еді.
Кешкі тамақты жасап қояды да, Сəуле күйеуін күтумен болады. Ол
келмей, ас ішілмейді. Мейлі Нұрəлі таңға жуық келсін, Сəуле төсегіне
жатпайды. Киімшең күйі тер алдына қисайып, ұйқылы-ояу тосумен
болады. Сыртта ат дүбірі естілгенде, шошығандай қарғып тұрады.
Нұрəлінің бастауыш кластарда оқитын үйелмелі-сүйелмелі екі жас
қызы бар. Құдды шешелері тəрізді, екеуі де қой аузынан шөп алмас момын.
Əкелері барда үй ішінде бала боп үндері шығып ойнамайды.
Сексеннен асып кеткен қарт əкесі бар Нұрəлінің. Қаусаған шал. Ac
үйдегі ағаш төсектің үстінде жатқанды ғана біледі. Жаздыгүні күн жылыда
кейде есік алдына шығып, күн шуақтап отырады. Құлағы мүкіс, сəлем
берсең естімейді. Осы мені боқтап тұр ма дегендей бетіңе сезіктеніп
бажырайып қарайды.
Соңғы уақытта Нұрəлі əкесін дастарқан басына келтірмейтін болған,
шалдың сүйретіліп келе жатқанын көрсе:
— Саған мұнда не бар? Со бір үй жетпей ме? Бұ алжыған адамды
қойсаңшы,— деп, жаратпай, тыжырынумен болады.
Нұрəліде білім дейтін білім жоқ, əйтеуір газет оқиды, жазады. Алу,
қосудың төңірегінде ептеп есеп шығара біледі.
Өзімшілдігі басынан асып төгіліп жатқанымен Нұрəлі терең қулықтың
адамы емес. Алыстан орағытар айладан гөрі шолақ есеп, дүмшелігі басым.
Онысы кейде жадағай топастық боп. бадырайып көрініп тұрады,
Алдарқатқаннан ақыруы, өкім зорлығы мол. Қолындағы билікті жұртқа
қамшы етіп, шоқпар етіп жұмсайды.
Оның үйде отырып еріккенде қолға алатын, əр жер, ор жеріне көз
жүгіртіп оқитын бір ғана кітабы бар. Ол Абай өлеңдерінің жинағы. Біраз
өлеңдерді Нұрəлі оқи - оқи жаттап та алған. Кейде орынды-орынсыз
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Өлгендер қайтып келмейді - 03
  • Parts
  • Өлгендер қайтып келмейді - 01
    Total number of words is 4172
    Total number of unique words is 2294
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 02
    Total number of words is 4182
    Total number of unique words is 2363
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 03
    Total number of words is 4196
    Total number of unique words is 2306
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2373
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 05
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2424
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 06
    Total number of words is 4284
    Total number of unique words is 2376
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 07
    Total number of words is 4305
    Total number of unique words is 2349
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 08
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2343
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 09
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2374
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 10
    Total number of words is 4256
    Total number of unique words is 2350
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 11
    Total number of words is 4294
    Total number of unique words is 2313
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 12
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2276
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 13
    Total number of words is 4230
    Total number of unique words is 2243
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 14
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2331
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 15
    Total number of words is 4185
    Total number of unique words is 2370
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 16
    Total number of words is 4145
    Total number of unique words is 2253
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 17
    Total number of words is 4279
    Total number of unique words is 2393
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 18
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2359
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 19
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2345
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Өлгендер қайтып келмейді - 20
    Total number of words is 3089
    Total number of unique words is 1872
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.