Latin Common Turkic

Қарауыл Төбедегі Оттар - 08

Total number of words is 3940
Total number of unique words is 2204
33.4 of words are in the 2000 most common words
47.5 of words are in the 5000 most common words
54.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
кесірткені шынжырлап жетектеп келеді.
— Оған шыбын-шіркей беріңдер,— деді Рокшанек.
Зəңгі қыз себет кəрзеңкеден жасыл шегірткені суырып алып кілемнің
үстіне қоя берді.
Шегіртке секең етті, кесіртке де секіріп барып оны ұшып бара жатқанда
ұстай алды.
— Сыйлығын үшін саған рақмет айтамын!—деп гүр ете түсті Будакен.
— Қайдағы сыйлық?— деп таң қалған Рокшанек сызыла сөйледі.
Сосын:—Мен оған сый жіберіп пе едім?— деп Фейзавлға бұрылды.
— Мен батыр князьдың келгендігін естігенде, бағыңыздан алып сіздің
атыңыздан оған ең əсем роза гүлі мен піскен анар жемісін жібергенмін.
— Жəне қауын да бергізген,— деп қосарланды Будакен.
— Бір қауын ғана ма?—деп жадырай үн қатты Рокшанек.— Осындай
алып адамға жалғыз қауын жіберуге бола ма? Фейзавл, сен оған анарлар
мен қауынды түйеге артып жібермедің бе?
Барлық əйелдер ду күлісті, ал Будакенге саусағын шошайтқан бала
Фейзавлға қарап:
— Ол сенен əлдеқайда күшті!—деді.
Рокшанек жайбарақаттана:
— Сендерде еркектердің бие сауатыны рас па?— деп сұрады.
— Жылқының етін жейсіңдер ме?— деп қабаттасты шешесі.
— Сəйгүліктерімізбен кен далада жұлдыздай ағамыз, олар біздерге
ішсек тағам, жұтсақ сусын, не қаласақ соны жейміз.
— Жерлеріңізде мынадай кесірткелер бар ма? Оларды өлтіресіңдер ме?
— Мұндайлар бізде көп. Бірақ оларға тимейміз, себебі бұл кесірткелер
улы жыландарды құртатын достарымыз,— деп жауап берді Будакен.
— Ал сенің осындай үйің бар ма?—деп Рокшанек селсоқ сұрақпен үнтүнсіз отырған Спитаменге бұрылды.
— Біз көшпенділерміз, сондықтан баеқа жерге қоныс аударғанға
ыңғайлы жеңіл ғана үйіміз бар.
— Неге?—деп сұрағанымен ұрттарын томпайтып, ысылдаған кесірткені
түйеқұстың қауырсынымен түрткілеген Рокшанектің ойы басқа жақта
болатын.
— Біздің жылқымыз бен қойымыз жаңа жерлерді жақсы көреді,— деп
жауап қатты Спитамен.— Қыс бойы бір шатқалда отырып, көктем шығып
күн жерді қыздырып, сарғалдақтар, қызғалдақтар, көкнəрлар гүлдеген
кезде, терістікке қарай ауған құстар аспанда сап түзеген шақта,
көшпенділердің де жүректері алаулап, шатыларын асығыс жығып, көп күн
жол жүріп, өзеннің жағасына, тас - тастың арасынан мөлдір бұлақтар
атқылап жатқан таудың етегіне, алыс жаққа кетеміз. Сол араға жетіп
шатырларымызды тезірек тігіп, тапталмаған жасыл шалғынға малымызды
жаюға асығамыз. Сонда өгізіміз бен атымыздың түгі жылтырап,
домаланып-ақ қалады.
Рокшанек алақандарын шапаттады:
— Маған ұнайтыны осы. Мына қапас қабырғаның іші маған өте
көңілсіз. Бүкіл əлемді шарлап, ұзақ сапарларға шығып; дүниені түгел
көргім келеді. Ал мыналар,— деп басқа əйелдерді нұсқады,— бақтың
ішінде бақырып жүрген балалардың біреуіне күйеуге шық деп зорлайды,
сосын ол мені өзінің үйіне тығып қойып, өмір бойы шымылдық тоқытсын
дейді.
— Ендеше неге дүниені шарлап кетпейсің?—деп сұрады Спитамен.
— Мен бе? Жападан-жалғыз ба? Сонда бұрымымды кім өреді? Денемді
иіс маймен кім сылайды? Жоқ, ұлы Агурамазда менің дұғамды есітіп, алыс
елдерге апаратын, көк пен жердің түйіскен тұсын көрсететін құдіретті
адамды қашан жібергенше күтемін.
— Мен ешқандай құдіретті адамның көмегінсіз-ақ құлдыққа сатылған
күйеуін іздеп, баласын арқалап, бүкіл Персияны жаяу аралаған, сөйтіп
Маракандадан Вавилионға жеткен бір əйелді білемін,— деді Спитамен.
— Демек ол қаңғыбастар сияқты жаяу жүрген ғой,— деді Рокшанек
кекете бет-ауызын тыржитып.
— Иə, ол жол бойында ешкім əурелемесін деп қызған шегемен
күлдіретіп бетін күйдіріп, алапес сияқты алба-жұлба шоқпыт жамылып,
қолын жайып сұраған қайырымен баласын тамақтандырып, өзін де
асырады.
— Сосын не болды, Вавилионда күйеуіне кездесті ме?—деп сұрады
əйелдің біреуі.
— Ақыры күйеуін тапты, оның қашуына көмектесіп, Маракандаға бірге
оралды. Сол əйел менің анам болатын.
— Қандай бақытты жан!— деп таңдай қағысты əйелдер.
Иықтарын қайқаң еткізіп, Спитаменнен теріс айналған Рокшанек
Будакенге бұрылды:
— Неге көңілсізсің?
— Патшалардың падишасының шақыруымен соғысқа кеткен ұлым
тұтқынға түсіп құл болыпты.
— Қайғыңа ортақпын, ол бишараға обал болған екен...
— Егер ұлым бостандықта болса,— деді Будакен,— саған жарты əлемді
көрсете алар еді.
— Бірақ, мен оны ұзақ күте алмаймын ғой! Мынау үйде ішім əбден
пысты.
Əңгіме жеткілікті айтылды деп шешкен Фейзавл Будакенге:
— Ханымға əкелген тартуың жоқ па?—деп сыбырлады.
Будакен киімінің ішіне қолын салып іздеді де, қызыл жəне қара теріден
қиюластырып əдемі өрілген былғары қалтаны суырып алып, Фейзавлға
берді. Ал ол белбеуінен көк жібек орамалды жұлып алып, оған əлгі қалтаны
орап, орнынан тұрып, аса ізетпен иіліп, тыпырлай басып Рокшанектің
жанына барды. Сосын тізерлеп отыра қалды да, қолын созып сыйды
ұсынды. Рокшанек ернін сенімсіз жымқырып, тырнақтары боялған аппақ
сүйріктей саусақтарының ұшымен қалтаны алды да, ашып ішіне үңіліп,
аузын жауып, қолында ұстап айналдырды. Содан кейін қайта ашып, скиф
шеберлерінің қолымен жіңішке сымдардан өріліп, шығыршықтар мен
салпыншақтар тағылған алтын алқаны суырып алды.
Ол алқаны көзінің алдында көлбеңдетіп, шыдамсыздана айқайлады,
— Не күтіп тұрсыңдар? Айна əкеліңдер маған!
Шымылдықтың ар жағына жүгіріп кеткен зəңгі қыз ұзын сапты күміс
айна мен су құйылған оюлы қыш тостағанды алып келді. Рокшанек айнаны
суға батырды да алдында ұстап түру үшін күңге беріп, өзі алқаны өлшей
бастады.
— Өте жақсы,— деп шуылдасты əйелдер.— Сондай сұлусың! Скиф
патшасының жары болуға лайықсың!
— Əрине бола аламын,— деп ол немқұрайлы жауап қатты.— Барлығы
да мені жақсы көреді. Бірақ скифтердің патшалары өлсе, олардың
əйелдерін де өлікпен бірге өртеп жібереді, сондықтан да скиф ханшасы
болғым келмейді...— Сосын күңкілдеп, Будакенге бұрылды:—Мен тағы да
жарты жыл күтемін, егер ұлың осы уақытта қайтып оралса, маған келсін.
Мен оны көремін де кім жақсы; сен бе, əлде ол ма, сосын айтамын.
Ол білезіктерін сылдырлатып, нəзік қолын көтеріп, орнынан тұрды да
сылаңдай басып шымылдықтың ар жағына кіріп көрінбей кетті. Кесіртке
жетектеген зəңгі қыз да ізінен жоғалды. Барлықтары да соңынан аңтарыла
қарап қалған, ал бақ ішінен ғашықтардың əні естіледі.
Фейзавл орнынан ақырын көтерілді. Оған қараған Будакен де ыңырана
түрекеліп, аяқтарын алшақ қойып тұрды.
Үрпиіскен əйелдер шулап қоя берді.
— Сендерге құдайдың өзі жар болсын!
— Гүлдей жайнай беріңдер!—десті шығып бара жатқандар.
Олар қалампыр жəне басқа да хош иіс сіңген кішкентай бөлмелерден
өтіп, аулаға шықты. Күннің жарығы көзді қарықтырады. Дарбазаның
сыртында көлеңкеде отырған скифтер орындарынан ұшып - ұшып тұрып
Будакеннің алдына атын əкелді. Олар орындарынан қозғалып, тар көшемен
тізіліп кетіп бара жатты.
Хош Спитаменді мазалап келеді:
— Рокшанек ханымның бүкіл Соғдианадағы ең сұлу, əрі ақылды қыз
екені рас па?
Спитамен сəл ойланды да жауап қатты:
— Барлық ертегілерде патшалардың əйелдері мен қыздары ең сұлу əрі
ақылды деп айтылады. Рокшанектің сұлулығы туралы Оксиарт князьдың
күйеу баласы болып бірден ұжмаққа тап болғысы келетін барлық
бозбалалар əн салады. Бірақ Рокшанектің үш бидайдан үн тартып шығара
алатынына, ешкіні сауа алатындығына өз басым сенбеймін!
Хош күрсінді:
— Мұны біздің əйелдеріміз, жарлы-жақыбайлардың əйелдері білуге
тиіс емес пе, ол болса ханым ғой? Ханымдар жұмыс істеуге тиіс пе?
Хошқа жалт қараған Спитамен:
— Мешкей неме, князьіннің құлағына үнемі сыбырлайсың да жүресің,
онан да тыным таппайтын тілімді кес деп неге айтпайсың...—деп
сыздықтады.
— Анау жуан скиф өзін тіпті князь сияқты ұстай алмайды, қолын
ербеңдетіп, құлағын қасиды екен.
— Жылқысының саны біздің шаһардың тұрғындарынан көп көрінеді!
Біздің Рокшанектің патшазада сияқты жүрісі қандай кербез? Патшазада
болу үшін туған жан ғой!..
— Егер Рокшанек мына князьға күйеуге шықса барлық скифтердің
патшазадасы болып патшаның алтын зерлі далап киімін киер еді.
Рокшанек ыңырсыды.
— Кеу-кеулемей тоқтаңдар! Менің өліп бара жатқанымды көрмейсіңдер
ме?
Ханым - ана мен басқа əйелдер орындарынан үрейлене ұшып - ұшып
тұрысып, Рокшанекті демеді.
— Не болды, сүйіктім!— деп күбірледі анасы.— Анау жас скифтің
жанары жаман екен, көз тиіп қалған жоқ па? Мүмкін анау «біржарым» адам
сыйлаған алқа дуалы болып, ауыртып жүрмесін! Скифтер біздерді,
соғдыларды жақсы көрмейді ғой.
Бірақ Рокшанек шыдамсыздана жіңішке қолын олай-бұлай шайқағанда,
білезіктері сылдыр қақты.
— Жоқ, жоқ! Тіптен басқа!
— Енді не болды? Айтсаңшы, жаным менің!
— Ештеңені байқамайсыңдар, тіпті түсінбейсіңдер де! Сол тағы
адамдардың сұмдық иістері, жабы жылқы табының иісінен айнымайды
екен.
Бір - бірлеріне таңдана қараған əйелдер қолдарын жайды:
— Міне, нағыз ақсүйек ханым! Оның жаны күйзелген нəрсені біздер
тіпті де байқамаймыз! Бірақ олар кетіп қалды ғой, неге сонша қиналасың?
— Олардан кейін үйде адам төзгісіз ашқылтым иіс қалғанын
сезбейсіңдер ме? Əтір мен қызғылт су беріңдер! Бір нəрсе жасамасаңдар
тұншығып барамын!
Барлығы жан таппай жүгірісті. Көмір шоғы салынған табақ əкелді.
Тұтанған иісті түбірлерден көгілдір түтін шұбатылды. Дұға оқыған анасы
шоққа көктікеннің кепкен талшықтары мен запыран ұнтағын тастады.
Қызметшілер бөлмеге қызғылт су бүрікті. Барлығы Рошанекті мəпелеп
бөлмесіне апарды да, мамық төсекке жатқызды. Көзін алартып, деміккен
оны кішкентай қара күн желпуішпен желпіді. Тіпті сондай жақсы көретін
кесірткесі де ұнамаған соң оны алып кетті.
Анасы барлық əйелді қуып, Рокшанектің жанына кілемнің үстіне жүзім
толы ыдыс пен бал салып пісірген тəтті нан қойды да өзі де жаймен шығып
кетті. Оның артынан есікті ілгекпен жапқан қара күң Рокшанекке оралды.
— Барлықтары да кетті ме?—деп ыңырсыды қыз.— Күйеу іздеп, қонақ
шақырып, басыма жұмыс тауып беpiп мені қалай азаптайды. Есіктің
алдына барып отыр да бəрін тыңдап тұр. Егер біреу есік қақса ханым қатты
науқас, мазасын алмаңдар де.
Қара күң науқас адамға үрейлене көз тастады да, есікке тұтылған
кілемнің ар жағына кетті.
Сол сəтте Рокшанек орнынан мысықша үнсіз ғана тұрып бөлме ішінде
арлы-берлі жүрді. Кілемнің астынан кішкентай түйіншекті, қабырғада ілулі
тұрған кішкентай қанжарды алып, жібек белбеуінің арасына тықты да,
басқышпен төбеге дейін оп-оңай өрмелеп, көк аспан мен жұлдыз айқын
көрінген төрт бұрышты тесіктен үйдің төбесіне шықты.
Балбыраған түннің жылы құшағындағы қаланың гуілі əлі басылмаған.
Асыранды тотықұстардың дауыстары əр жерден естіледі. Алыстан құлаққа
шалынған созылыңқы əннің иірімі ішектердің майда сыңғырымен
алмасады. Дала жақтан үйлерге жақындаған шиебөрілердің ырылы естілді
де, кілт үзілді.
Үлкен қызғылт жұлдыздардың жарығымен шағылысып қараңғыдан
Рокшанектің көйлегі көрінеді. Ол шатырдың шетіне келді де, оттары
біртіндеп сөне бастаған кең жазықта шашылған үйлерге қарады. Олардың
ар жағында өркеш-өркеш тау жоталарының бедері айқын көрінеді.
Қыз төменге, анар бұталары мен жас өрік ағаштары қатарласа өсіп
тұрған бақ жаққа көз тастады.
Бұталардың арасынан шегіртке шырылдады. Рокшанек қолындағы
түйінді жазып бір басын қабырғаның ағаш кенересіне бекітті де, жібек
баспалдақты ақырын ғана төмен түсірді. Төбеде түсініксіз көлеңке көрінді,
ол ескен самалдай Рокшанекке жақындай түсті.
— Бұл мен, жанарыңнын жебесінен жаралған, Фиракпын! Қабырғадан
қызыл жамылғыңды көрмей үш күн, үш түн бойы азап шектім! Енді міне
жанында тұрмын, сүйіктім! Сен шақырған соң жеттім, сен үшін жанымды
пида етуге де əзірмін.
Дірілдеген қолдар Рокшанектің иығына тигенде мойнындағы алқасы
сылдырлады.
— Кел, келе ғой, Фирак. Біз мына алмас жұлдыздардың астында оңаша
отырмыз, сен маған көп əңгіме айтасың. Бүгін сені тыңдағым келді... Маған
алыс елдер туралы айтшы. Шулы қалаларды, қызыл қанат кемелер жүзген
көк теңізді көргім келеді...
— Мен князь емеспін,— деп күбірледі бозбала,— дəулетім де жоқ,
кедей əншімін, бар болғаны тамылжытып əн сала аламын, жұрт салған
əнімді ұйып тыңдайды. Осы əн екеумізге де азық болады. Бұл арадан алыс
жатқан бір елге қашайық. Ол жерде мен от шашқан жанарыңды, сүйкімді
көлеңкеңді, ілбісіндей ақырып басқанда сылдыр қағатын шолпыңның
дыбысы жайлы əн саламын. Бұл үшін тыңдаушылар маған салмақты күміс
ақшалар мен алтын дариктер 1 береді.
— Мен сенімен бірге қаша алмаймын. Шаңды, жолмен, қаңғыбастарша
киініп жүре алмаймын. Бірақ сенің əніңсіз өмір сүре алар емеспін. Əкем
Маракандаға, жар іздеп жүрген жаңа патшаға апарамын, егер ақылды,
айлакер болсаң Персияның патшазадасы бола аласың дейді. Əкемнің
қандай қатал екенін білесің бе, егер оның айтқанын орындамасам «үнсіздік
мұнарасына» қамап қояды. Енді бұлайша өмір сүре алар емеспін... Бұл не?
Саусақтарымның ұшы көзіңнен аққан жасқа тиді ғой. Сен қапаланба, сені
ешқашан ұмытпаймын, өзіммен бірге ала кетемін; мен шақырған кезде
талай керуендер барғысы келгенмен жете алмайтын ұжмақтың бағы жайлы
патшаның сарайында əн саласың...
— Бірге өлеміз, содан кейін мəңгілік ұйқының қанатына мініп тамаша
бақтарға бірге ұшып кетеміз.
Қақпаны соққан| қатты дыбыс пен айқайдан Рокшанек селк етті.
Бозбаланың құшағынан шығып, шатырдың шетіне жүгіріп барды. Жол
үстіне қол шамның қызыл сəулесін түсірген адамдар бақтың ішімен келе
жатыр екен.
— Бұл əкем! Дауысынан таныдым! Күтпеген жерден қайтып келді. Енді
не істеу керек? Бері қарай келе жатыр. Бізді көріп қалса күллі базарда
даңғыра қағылып, масқара боламын.
— Қазір бірге өлеміз!...
— О. менің қымбаттым, Фирак! Иə, бірге өлеміз, мə қанжар!
Бозбала қанжардың ұшын көкірегіне тақады да, қызға қарай құлады.
— Мен сені сүйемін, сүйіктім!—деп жаны кете бастаған жігіт күбірледі.
Бозбалаға еңкейген Рокшанек сасқалақтап тын тыңдады.
— Енді не істеймін? Қалай құтыламын? Өлім деген қандай
қорқынышты! Ол неге бүйтті?
Бақтағы дауыстар үйді айнала, соңынан 1 томеннея, артынша ішкі
бөлмелерден естілді.
Не істерін білмеген Рокшанек дымы құрып тұрды... Бөлмесіндегі
баспалдақ сықырлап, төбедегі төртбұрышты тесіктен қол шамның жарығы
түскен князь Оксираттың жүзі, етсіз қыр мұрыны, бұйра сақалы, киіз
қалпақтың астынан жалбыраған ұзын бұйра шашы көрінді. Ыржиып
көңілдене күледі. Ізінен ере үйдің төбесіне түнерген əтек шал Фанфал
көтерілді.
— Осындасың ба, Рокшанек? Демек науқас емессің ғой? Даланың
қарақшылары — сақтарды қабылдаған бəріне өзің кінəлісің. Мен болсам
оларды кескілеп аш бөрілерге тастар едім. Мына князь Будакеннің мені жай
тұтқындарша ұстағанын ойлап көрші? Күйеу баласы князь Гелон ғана
маған ат беріп, қасыма жолбасшы ертіп босатып жіберді. Ақысына мен
оған коп жыл ұсталған күшті шарап, алтын мен күң жіберуге уəде бердім...
Саған не болған?.. Жүзің неге құп-қу... Киімің мен қолыңдағы қан не?..
Көзін жерден көтермеген күйі Рокшанек əрең-əрең тіл қатты:
— Мұнда, төбеге белгісіз бір қарақшы шықты да, маған бас салды. Мен
жауынгердің қызы емеспін бе, қанжарды салып алдым. Ол құлап түсті.
Теңселіп кеткен Рокшанек əлі құрып кілемге сылқ түсті. Сасқалақтаған
Оксиарт əуелі қызына, сонан соң əтек шалға қарады. Ол міз бақпай сұқ
саусағын жоғары көтерді.
— Тыныштал!
— Фанфал, нағыз маубас екенсің ғой! Мен басыңды шабамын!
— Не үшін?
— Неге қарамайсың? Не істедің?
— Мен Рокшанек ханымнын бұйрығын орындап, оның кемеңгер басын
ауыртпасын деп үй ішінде əйелдердің жүрмеуін, сыпсыңдап сөйлеспеуін,
əн салмауын қадағаладым.
— Ал үйді күзет деген менің бұйрығымды ұмыттың ба?
— Ұмытқан жоқпын, бақта болып шегірткенің шырылын да тыңдадым.
— Не көрдің?
— Шегірткенің төбеге секіріп шыққанын көрдім.
— Оны ұстап алу үшін ешбір əрекет жасамадың ба?
— Ат тұяғының дүрсілін естіп, сізді қарсы алуға шықтым да, осында,
төбеге ертіп əкелдім. Қарақшы міне жатыр... Бұл біздің уайым - қамсыз
əншіміз Фирак қой! Тыныш, мырза!
— Сен қалайша «тыныш» дей аласың? Қызметшілерді шақырып:
сұмырайдың денесін алаңға апарып, басқалардың үрейін ұшыру үшін
кесіп-кесіп тастау керек!
— Жоқ, мырза! Олай етуге болмайды. Əзəзіл тілдер ақты қаралауға
дайын тұрады. Сондықтан сенімді серік алып мына шегірткенің мүрдесін
«үнсіздік мұнарасына» апарып тастау керек. Онда үшеу болып барып, бір
адамның қайтқаны жөн.
— Маған адалдығыңды ешқашан ұмытпаймын, Фанфал! Ел түгел
ұйықтағанда осыны орындайтын да өзің боласың. Ал қазір барлық
берекеміздің ұйытқысы ханым - ананы шақыр! Сорлы қызға көмектесу
керек. Науқас қой. Біздер оны күзетуге тиіспіз!
«Үнсіздік мұнарасында»
Керуен сарайының дарбазасына келген соң Будакен атынын басын
тартып, жанына Хошты шақырды.
— Саған қой үйткізіп берейін бе? Əлде жас қозыны сүтке пісіртейін бе?
— деп кəрі қызметші Будакенге жарамсақтана қарады.
— Қалай ойлайсың, қайсысы жақсы?— деп сұрады князь Спитаменнен.
— Ең жақсысы аттарды теңдеп тез кету!— деді аңшы сыбырлап.—
Басымызға қауіп төніп келеді, мына қабырғалардың ар жағында сатқындық
бар сияқты.
— Онда жиналайық!— деп жауап қатты Будакен.
— Бəрібір енді кешіктік,— деп əңгімеге Хош араласты.— Шлюз
көтеріліп, арықтармен су егістікке жіберілді. Аттарымыз өткел таппай,
батпаққа белшесінен батады.
— Қазір жүреміз, жігіттерді асықтыр!—деп бұрқылдады Будакен.
— Сенің əмірің — садақтың адырнасы!— деп Хош еңкейіп басын
Будакеннің етігіне тигізді. Осы кезде көз қиығын Спитамен жаққа тастады
да:
— Анаған сенбе,— деп күбір етті.
— Өз жұмысыңды біл!—деп ашуланды Будакен.
— Білемін, білемін!— деп күңкілдеген Хош дарбазаға кіріп кетті.
Батқан күннің семіп бара жатқан қызыл жалқынымен күзет
мұнарасының ұшар басы алаулап, қуыс - қуыста көгілдір көлеңкелер
ұзарған шақта қаздай тізілген скифтер құлаған дуалдардың арасынан
сыртқа беттеді. Олар Сұрбел тауларына апаратын жол арқылы шаһардың
артқы қақпасынан шықты. Аттық сауырына өңгерілген Асуктың мастығы
сонша, бишара бар болғаны:
— Асук ақылды адам, ол Будакеннің өзінен де ақылды!—деп
сандырақтай береді.
Атты жетекке алған күзетші Күкей Фейзавлдың қызметшілері танып
қояды деп қорыққаннан бетін көк орамалмен танып, скиф шекпеніне
оранып алған.
Қақпаға жақын отырған екі күзетші өзгеше киініп, барақ жүнді ат мініп
шығып бара жатқан скифтерге ауыздарын ашып, таңдана қарайды. Олар
күзет бастығына барып шығып бара жатқан жатжерліктер туралы айту
керек пе, жоқ па деп ұзақ керілдесті. Ең аяғында екеуі кеш түсіп, қақпа
жабылған соң, базарға, шарап дүкеніне барып, қала ішімен өткен мына
таңғажайып меймандардың кімдер екендігін шарап ішуге тұрақты
келушілерден сұрайтын болып келісті.
Скифтер даланың елсіз жолымен тауға өрлеп келе жатты. Түнерген
аспанды жартасты шыңдар көлегейлеген кезде Спитамен тоқтауға белгі
берді. Алдарында мақтанын жасыл бұталары өскен, су жайылған жазық
дала жатты. Күн мен кірден əбден қарайған, алба-жұлба киімді ұзын сырық
ұстаған бірнеше шаруа арықтардың жанында суды егістіктерге жіберіп
жүр. Кешкі тұнық ауада олардың дауыстары əудем жерге дейін анық
естілді.
Осы жерде скифтер теңдерін түсіріп, аттарың шідерледі. Олар тоқтаған
алаңға ошаған мен қалың шөп өскен екен.
Анадайдан бір қапталда төбесі жоқ аласа, жалпақ мұнара көрінеді.
Жанында жалғыз соқпа там тұр.
Скифтер үш жерге от жақты да, найзаларын жандарына шаншып, отты
айнала жайғасты.
-— Анау неғылған мұнара?—деп сұрады Будакен.
Спитамен бет-ауызын тыржитты:
— «Үнсіздік мұнарасы». Онда иттер мүрделермен қоректенеді. Батыр,
бұл жерде өлу тиімсіз, өлсең қашығыраққа бар.
— Ол иттердің көздерін неге құртпайды?
— Не дегеніңіз! Бұлар қасиетті иттер! Кімде-кім оларға тиіссе өлім
жазасына кесіледі. Мұнараның іргесіндегі ана тамда əулие қариялар
тұрады, олар алдымен өліктерге дұға оқиды да, содан кейін итке тастайды.
— О, ұлы Папай!— деп саңқ еткен Будакен сол иығынан асыра артына
қарай түкірді.— Мен майдан даласында, ұрыста, көктегі Темір Қазықты
соңғы рет көріп, желдің уілін, жылқы қосағының иісін сезіп жатып, жан
тапсырғым келеді. Ал бұл жерде қайыршыға ұқсап қаңғып, əйтеуір тірі
жүрудің өзі жақсы. Дегенмен елге барған соң сарттардың иттерінің
мүрделерді қалай жейтінін айту керек - ау! Князь Тамир мұндайды
көрмеген шығар. Анда, мұнараға барып қарауға болмас па екен?
Ай туды. Отқа қыздырынған скифтер қалғуға көшті. Будакен мен Хош
«үнсіздік мұнарасына» қарай беттеп келеді; алдарында шаршыланып
бөлініп, суғарылған егістіктің арасынан жол іздеген Спитамен. Олар
кішкентай тосқауылдардан секіріп өтіп, сылдырлай аққан сулы арықтардың
жиегімен жүріп келеді. Айдын көгілдір сəулесі тып-тыныш тегістікті
ақсүттендіріп, ашық далада қасқырлар мен шиебөрілердің көлеңкелері
үнсіз жылжиды. Алдарында жалпақ мұнара ғана жалғыз қарауытады. Там
ішінде от жылтырайды. Скифтер жақындаған кезде сай ішінен көзге
көрінбеген жүздеген шиебөрінің ырылы мен ұлығанын естіді. Бір қапталда
мұнараның төбесіне қарай тас басқыш өрілген. Тұтас тастардан қаланған
баспалдақтармен Спитамен дыбыссыз көтеріліп келеді. Мұнараның
басынан сыбдыр естіліп, үлкен қара көлеңкелер жалпақ қанаттарын қағып,
скифтердің төбесінде айналып ұша бастады.
Будакен семсерін суырды; Хош баспалдаққа отыра кетіп əрі қарай
бармайық деп жалбарына бастады. Бұл өліктерді қорқыту үшін түн сайын
осында ұшып келетін диюлар мен перілер ғой. Олар біздің қанымызды
ішіп, парша - паршамызды шығарады.
— Бұлар жалаңаш мойын күшігендер!—деді Спитимен.— Байқа, Хош,
олар сені таудың басына көтеріп əкетпесін. Күшіген сен сияқты
тығыншықтайға əуес.
Баспалдақтың жоғарғы басынан төменге, мұнараның ішіне қарауға
болатын еді. Айдың көгілдір сəулесі ішкі алаңның бір бөлігін анық
көрсетіп тұрды. Адамдардың үйілген сүйектері ағараңдайды. Үлкен барақ
қоңыр иттер бір-бірінен сүйекті жұла тартқылап, төбелесіп, кезіп жүр.
Жат адамдардың келгенін сезген иттер арпалысуларын тоқтатты да, бір
жерге жиналып, үре бастады.
— Иттер жейтін тамақ сұрап тұр!—деді Спитамен.— Осында келген
марқұмдардың туыстары иттерге жоғарыдан қарап, тамақ, лақтырады.
— Қандай шу, нағыз иттің базары!—деп түкірінді Будакен.— Жүріңдер
бұл жерден тезірек кетейік!
Кенет иттер тына қалды да, əлдеқайда жүгіріп кетті. Төмендегі есік
ашылып, ақ қалпақты, ақ киімді шал көрінді. Бір қолына шырақ, екінші
қолына ұшында үш тісті шанышқысы бар ұзын таяқ ұстаған.
— Тығыл,— деді Спитамен.— Қазір көп адамның көруіне мүмкіншілік
туа бермейтін жайға куə боласың
Үшеуі де қабырғаға жабыса қалып қадағалай қарады.
Шалдың соңынан иықтарына аспа артқан екі адам көрінді. Олардың
бірі ірі, денесі ісіңкі, көсе кісі болатын. Екіншісі жартылай жалаңаш құл.
Аспада шандып байланған дене жатыр. Ай сəулесінің жарығында жүзі
қардай аппақ, көзі жұмулы бозбаланың беті анық көрінеді. Аспаның бір
шетін жерге, екіншісін қабырғаға тірегенде бозбала жарға сүйеніп тіп-тік
тұра қалғандай болды.
Қалпақты шал бұйыра сөйлеп түсіндіріп жатыр:
— Шыққан күнді қарсы алу үшін марқұмның беті шығысқа қарауға
тиіс. Қасиетті иттер барлық етін жеп бітіргенше оның жаны осы жерде
болады. Сосын жаны тамұқтың қыл көпірі Шынбатқа ұшып кетіп, онда
қылыштың жүзіндей көпірден өтуге рұқсат күтіп жатады. Егер бұл дүниеде
таза, адал өмір сүрген болса арғы жаққа аман-есен өтеді, егер тіршілікте
көп зұлымдық жасаған болса қыл көпірден тамұқтың батпағына құлап,
онда жын-перілер азаптап, мəңгілік отта шыжғырылады.
Шал əлденені сандырақтап, əндетіп дұға оқып, айға қарай қолын
жайды.
Домаланған көсе адам кейін шегінді де, қолына жіп алып құлға ту
сыртынан жақындады. Мойнына тұзақ түскен құл шалқалай берді де,
жанталасып қорғана бастады, сосын алысқан екеуі де жерге құлап түсті.
Иттер үріп, шал қолындағы шанышқымен құлды ұруға ұмтылды.
— Ақымақ не істемексің?—деп қалды үні ақырын шыққан Будакен.
Спитамен секіріп барып қабырғаның шетіне жармасты да, төменге
секіріп түсті:
— Мен осы жердің перісімін!— деп ол қарлығыңқы дауыспен ысылдап.
— Марқұмдардың алаңсыз қасиетті тыныштығын бұзуға батылы барған
кімдер?
Қолына ортан жілікті көтерген Спитамен шал мен жуан адамды аямай
ұра бастады. Ышқына шыңғырған олар мұнарадан алды-артына қарамай
қашты. Есік ашық қалды.
Үрейленіп аласұрған қасиетті иттер бірінің үстінен бір секіріп, бұған
қарай ұмтылды да мұнарадан қыңсылай шығып жоқ болды.
Спитамен жерде жатқан құлға еңкейіп, буындырған жіпті мойнынан
босатты. Есеңгіреген анау орнынан үрпие тұрып, Спитаменге үрейлене
қарады:
— Егер осы жердің перісі екендігің рас болса, бейшара құлды өлтіре
көрме, мен ешкімге қиянат жасаған жоқпын.
— Мен де сен сияқты перімін,— деп жауап берді Спитамен.— Қожаң
кім еді?
— Менің қожам — князь Оксиарт, осы шаһардың əміршісі. Ол бүгін
кешкілік кенеттен оралды да мына мүрдені осында «үнсіздік мұнарасына»
апар деп бұйырды.
— Жанындағы кім?
— Бас əтек Фанфал. Оның неліктен мені қылқындыра бастағанын
түсінбеймін. Өз иемнің адал құлымын.
— Бар жазығың сол, қожаңның құпиясын білесің.
Спитамен марқұмға бұрылды. Үлбіреген нəзік тіршілік нышаны бар еді.
Көзі жұмулы. Спитамен оның жүрек тұсына құлағын тосып ұзақ тыңдады.
Сосын белдігінен кішкентай асқабақ қауызды шешіп алды да, бозбаланың
аузына бірнеше тамшы тамызды. Өліктің қасы дір етіп, ерні жыбырлады:
— Қалқам, сені жəдігөйлігің үшін де сүйемін!..
— Бұл жерге де ана жіңішке кесіртке араласқан. Ол мұны тозақтың қыл
көпірі шынбатқа жіберді, бұл байғұс болса оны əлі ұмыта алмайды. Мен
сені мына ауруыңнан жазамын əлі!
Пышағын суырған Спитамен шандып байланған жіптерді кесті.
Сылдыр етіп аяғының астына түскен кішкентай қанжарды Спитамен
жерден көтеріп алып көрді де, қонышына тыға салды.
— Мені тыңда өз иесінің ессіз құлы!.. Егер жолбарыс бір секіріп
жемтігіне дəл түспесе, саудасын бір жола бітіру үшін тағы қайта атылады.
Сорлаған неме енді князь Оксиартта күн көре алмайсың; ол сені бəрібір
өлтірмей тынбайды. Қазір менімен бірге жүр жəне мына байғұсты
арқалауыма көмектес.
Спитамен бозбаланы арқалап кішкентай есік арқылы мұнарадан
шықты. Будакен мен Хош оны төменде күтіп тұр екен.
— Түсінсем бұйырмасын, не болды өзі?
— Далалыққа аттанған сапарынан күтпеген жерден оралған князь
Оксиарт мына екеуін Шынбат қыл көпіріне жібермек болыпты. Бұл жерден
шығып кетуіміз үшін тездетіп атқа отыруымыз керек. Міне, мынау князь
Будакен сізге адал қызметші болады, аттарыңызға қарайды. Менің
арқамдағы бозбала жыланкөз ханымның улы ерініне тигені үшін өлмек
болған. Рұқсат етсең мен оны атыма салып, өзім жаяу жетектеймін. Бақ
ішінде Рокшанек ханымның құрметіне əн салып отырған есірік
ғашықтардың бірі осы...
— Жүре берсін!— деді Будакен.— Бидай да, нан да жетеді. Жазылған
соң қасыма алып далалыққа ертіп апарамын да қонақтарымның алдында
қыздарымның көркін мадақтатып əн салдырамын. Оттың басына оралған
соң Спитамен бозбаланы жатқызып онымен біраз əуреленді. Кеудесін
қарап, жуып, жараға хош иісті ұнтақ қарамай дəрі жағып, шүберекпен
танды.
Сандырақтап əлсін-əлсін айқайлағанмен бозбала есін жинай алмады.
Спитамен ол əбден тынышталғанша жанында отырды. Барлық скифтер
қалың ұйқыда. Будакен алақанын бетіне төсеп, жабудың үстінде жатыр.
Анда-санда көзін ашып отқа қарап қояды да, қайтадан жұмады. Спитамен
орнынан тұрып тізесін қолымен құшақтап, скифтерге үрейлене қарап
отырған құлдың жанына келді. Иығынан түртті де, ізімнен ер дегендей
белгі берді. Тынымсыз ыңырсып жатқан біреудің жанына келіп, еңкейіп
басын көтерді де, бір нəрсе деп сыбырлады. Үшеуі алаңға шығып, ошаған
бұтасының тасасынан от көрінбеген кезде барып, иіндерін тірестіре
отырысып, саусақтарын айқастырып, алақандарын беттестірді. Осы
қалыптарын бұзбастан бастарын түйістірді.
— Күкей, сенің кеңсірігің түйенің сүйегінен жасалған шегемен тесілген.
қаладан қашқандығың үшін күнің қараң, ал сен, сорлы құл, князь
Оксиарттың құрығына тағы да түсуің мүмкін. Енді құтылудың жалғыз
жолы тауға қашу. Мынау шатқалда, өзеннің жағасында менің қарындасым
Айкүлкі тұрады. Қашан ханымның қанжарына ұрынғанша əн салудан
танбаған мына жас көкекті сонда жеткізіңдер. Қарындасым оны тау
шөптерімен емдеп жазады, егер үнім мəңгілікке өшпесін десе бұл да əрмен
қарай азат тау тұрғындарына кетер. Қарындасым сендерге таудағы
ұсталарға апаратын соқпақты көрсетеді, темір балқытып, болат семсерлер
құйып жатқан оларға жұмысшы қолы керек, əрі аш та бола қоймассыңдар.
Егер онда да жағдайларың қиындап бара жатса, ары қарай, ұлы өзен
Окстың жағасына кетулеріңе жол ашық.
Үшеуі құшақтасты, енді қашан, қай жерде кездесетіндіктері туралы
келісті де, қолдарын көкке жайып, дұға оқып, білдіртпей оттың басына
оралды. Жаралы бозбаланы атқа ақырын салып, қыл арқанмен байлап, үнтүнсіз қараңғылыққа сүңгіп кетті.
Шығыс алакеугімденгенде, Будакен орнынан атып тұрып:
— Аттарды дайындаңдар!—деп ақырып берді.
Ошағанның бұтасын отқа тастап, Спитамен алаудың жанында отыр.
Қатты ұйқыдағы скифтерді түрткілеп қояды.
— Жаралы қайда? Құл ше, кеңсірігі тесілген күзетші қайда?— деп таң
қалды Будакен.
— Олар қашып кетіпті,— деп жауап берді Спитамен.— Жанында
болмаған соң, олардан пайда қайсы?
Жолаушылар аттарын теңдеп, таудың баурайындағы ирелендеген
жоғарғы жолмен бозала таңнан Мараканданы бетке ұстап жүріп кетті.
«Бақытты жұрт»
Негізгі керуен
соқпақтармен үш
жолдарынан
күн жүрді.
қашқақтап, жолаушылар шөлдегі
Буалдыр сағым арасында, дала
көшпенділерінен қорғану үшін əр кезде салынған жеті қаланың кейде
бірінің, кейде екіншісінің биік дуалдары алыстан көзге шалынып қалады.
Жолдың ұзына бойы екі қапталда да тəтті ақ жемістері салбыраған кəрі
тұт ағаштары. Жолдың үстін ағаштың көлеңкесі жуып тұр. Төмен иілген
бұтақтарды жай ғана шайқап қалсаң, шаң басқан жол үстіне тұт жемістері
бұршақтай төгіледі.
Жазықтықтың өн бойында дəулетті соғды княздарының сəулетті
сарайлары шашырай салынған. Олар үшкір дуалды биік қабырғалармен
қоршалған. Қабырғалардың іргесінде тіп-тік, көкке бойлаған теректер.
Сарайлардың, ашық дарбазаларынан айналдыра роза гүлін отырғызған төрт
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қарауыл Төбедегі Оттар - 09
  • Parts
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 01
    Total number of words is 3792
    Total number of unique words is 2503
    29.0 of words are in the 2000 most common words
    43.6 of words are in the 5000 most common words
    50.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 02
    Total number of words is 3833
    Total number of unique words is 2397
    30.2 of words are in the 2000 most common words
    43.3 of words are in the 5000 most common words
    51.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 03
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2388
    29.7 of words are in the 2000 most common words
    44.5 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 04
    Total number of words is 3904
    Total number of unique words is 2350
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    44.5 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 05
    Total number of words is 3976
    Total number of unique words is 2564
    29.5 of words are in the 2000 most common words
    42.9 of words are in the 5000 most common words
    51.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 06
    Total number of words is 3854
    Total number of unique words is 2284
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 07
    Total number of words is 3949
    Total number of unique words is 2293
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 08
    Total number of words is 3940
    Total number of unique words is 2204
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 09
    Total number of words is 3972
    Total number of unique words is 2433
    30.5 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 10
    Total number of words is 3910
    Total number of unique words is 2314
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    47.0 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 11
    Total number of words is 3939
    Total number of unique words is 2364
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 12
    Total number of words is 3906
    Total number of unique words is 2353
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 13
    Total number of words is 3811
    Total number of unique words is 2338
    30.4 of words are in the 2000 most common words
    44.5 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 14
    Total number of words is 3873
    Total number of unique words is 2429
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 15
    Total number of words is 3950
    Total number of unique words is 2338
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    45.4 of words are in the 5000 most common words
    53.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 16
    Total number of words is 3938
    Total number of unique words is 2281
    31.4 of words are in the 2000 most common words
    45.9 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 17
    Total number of words is 3846
    Total number of unique words is 2412
    29.5 of words are in the 2000 most common words
    42.9 of words are in the 5000 most common words
    51.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 18
    Total number of words is 3834
    Total number of unique words is 2363
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    51.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 19
    Total number of words is 3846
    Total number of unique words is 2288
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    46.0 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қарауыл Төбедегі Оттар - 20
    Total number of words is 735
    Total number of unique words is 605
    39.6 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.