Latin Common Turkic

Жұлдыз Көпір - 01

Total number of words is 3970
Total number of unique words is 2302
31.6 of words are in the 2000 most common words
45.1 of words are in the 5000 most common words
53.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
роман
«Азаптардан – жұлдызға жол».
Латын сөзі
I
Шеңгел бұтағына ілініп қалған зер қабық қаудырайды. Осыншама қуаңшылыққа қарамай, жылан биыл да түлеген. Несіне жетісіп түлейтіні белгісіз?
– Тұрар, міне әкең...– деді қырық құрақ қаудыр тонды Дәуіт шал. Басындағы түлкі тымақ ескіргені сонша, қотыр мысықтың терісіндей өлі жүні ұйпалақ екен.
Тұрар төмпешікке тесіле қарап, қалт тоқтады. Қасындағы Қабылбек Сармолдаев бір адым кейін қалды.
Шеңгел бұтағына ілініп қалған зер қабық діріл қағып, қаудырайды. Күн қақтап, жел жұлмалаған жылан-жейде әр жерінен жыртылып, өрім-өрім болған екен.
Төмпешік тым жүдеу. Үстіне көктемде шыққан раң шөп алдақашан қурап, ұшып кеткен. Ескірген топырақтың тандыры кеуіп жатыр. Мүрденің бір қапталы ойылып, топырағы ішіне түсіпті. Талай тас қапастың бүйірін жанталаса опырып қашып шыққан қайран Рысқұл бұл ақырет түрмені де тесіп шықпақ болған сияқты.
Жамау тонды Дәуіт пен оның қасындағы ойық-ыстылар Тұрардың мына жыртық мүрдеге соншалықты қадала қарағанынан қысылып, өздерінше ақталмақ:
– Аласапыран заман болды. Зиратты күте алмадық...
Тұрар оларға түнере қарап:
– Шыннан көкемдікі ме? Басқа біреудікімен шатыстырып алған жоқсыздар ма? Белгі қойылмапты ғой, – деді.
– О не дегенің жиеншар, – деп Дәуіт қалбалақтап қалды. – Рысқұл жиеннің жатқан жерін ұмытып не көрініпті бізге? Батырды өзіміз ақ жауып, арулап, осы араға жайғастырғанбыз. Сүйегіне мен өзім түстім. Апырай, Тұрар, саған өтірік, маған шын, денесінде cay жері жоқ жарықтықтың, бәрі жарақаттың тыртығы. Ең соңғы оқ қара санынан тиіп, қағынып кетіпті. Ақыры сол Мерке маңында тиген оқ түбіне жетті есіл ердің.
Осыны айтып, Тұрардың түп нағашысы мүрденің, арғы басына барып, қатқан топырақты саусақтарымен тырмалап жатып, тот басқан бір темірді ырғап-ырғап суырып алды.
– Miнe, белгісі! Апыр-ай, мұным қандай ақыл болған! Бұл болмаса, маған сенбейтін түрің бар ғой, Тұрар. Міне, қанжары. Басына әдейі қойғам. Бұл қанжарды өзі көз жұмғанша қолынан шығармай жатты. «Кісеннен соқтырғам. Сібірден қашқанда кісенімді сындырып, содан соққан қанжарым», – деп жатушы еді жарықтық. «Әкел, мына жаққа іліп қояйын», – десем, «Жоқ, жау келіп қалады», – деп бермейтін.
Тұрар топырақ тұтқан тот қанжарды Дәуіт шалдың қолынан абайлап алып, ақырын ғана ернін тигізді. Бүлдіргендей қызыл ерін мен бармақтай қара мұртқа бірер түйір сұр топырақ жабысып қалды.
Бұл көкесімен көріскені еді. Көкесінің көзін көрген, тірісінде серігі болған қанжарды қасиет тұтып, пәруана мұсылманның құран сүйгеніндей, құрмет көрсеткені еді. Қанжарды енді Тұрардың қолынан Қабылбек алып, сағағынан салмақтап тұрып:
– Ойпыр-ой, ауыр ғой, – деді.
– Ауыр-ауыр, Қабылбек шырағым, – деп Дәуіт шал сөз тамызығын тұтатты. – Біздің, Рысқұл жиен осы зілмауыр темірді oн жыл аяғына салып жүрген. Он жыл! Және одан қанжар соқтырған. Қалай?!
«Қалай?!» дегені қатқыл шықты. Қабылбек:
– Рас, рас, – дей берді. – Мына Тұрар екеуміз бала кезден Меркеде бірге оқыдық, ақсақал. Сонда Тұрар мұғалімнен ұдайы Сахалин, Сібір туралы сұраушы еді. Біз онысын түсінбейтінбіз. Сөйтсек, осындай сыр бар екен ғой.
– Ә, сыр бар, сыр бар. Қалай?! – деп Дәуіт тағы шаңқ ете қалды. Онан соң алысқа, Алатау жаққа көзін сығырайта қарады, – Марқұм, үзілердің алдында жанталасып: «Мылтығым қайда? Қанжарым қайда? Келіп қалды! Келіп қалды!» – деп жан-жағын жасқап, жалын-өрттің ішінде қалғандай арпалысты. Бір сәт талмаусырап кетіп сыбырлады: «Нағашы, Ақсу-Жабағылы, Ақсу-Жабағылы», – дей берді. Сәлден соң: «Мені Ақсу-Жабағылыға апарып жерле», – деп жаутаңдады. Көзіндегі жалыныштан жаным шыр-шыр еткендей болды. Ол тілегін орындай алмадым. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей, шамамның келгені осы болды, Тұрар.
Жамау тонды Дәуіт шал бүк түсіп жатқан бүйірі тесік төмпешікке мұңая қарады.
Ақсу-Жабағылыда Рысқұлдың несі қалды? Неге сонша бір жетуге зар болды? Ақырет мекеніне неге сонша Ақсу-Жабағылыны қалады? Ақырғы арманы екен, о да орындалмаған-ау сонда. Соноу Итжеккенде он жыл жүріп, жалаң аяқ жар кешіп, Қызыл аяқ қар кешіп, тілерсегін кісен қиып, ақбақай болған бұғаулы бозым, онда он алтыншы жылдың Меркедегі ойранынан кейін Төменгі Таласқа тартқанша, жаралы тәнін Ақсу-Жабағылысына қарай неге сүйретпеген?
Зират басында тұрғандардың көкейінде осы сұрақ қалды. Бірақ жауап болмады. Бүк түсіп жатқан жербесік тіл қатпады. Тек айнала тұрған қу шеңгелдің қоңыраушалары былдыр-былдыр, шылдыр-шылдыр ызың қағып, теріскей желдің лебінен баяу ғана тербеледі. Шеңгел бұтағына ілінген жұп-жұқа қабық Жылан жылының жалмауыз жалауындай желбірейді. Бәлкім, Рысқұл да мына Ойық жеріне қабығын ғана қалдырып, өзі сол арман тауы – Ақсу-Жабағылысына кеткен шығар.
Тұрар төмпешік жербесікке телміріп тұрып, әкесінің бет-кейпін, түр-тұлғасын көз алдына келтірмек болды. Бейне көмескілене бастаған екен. Бұлдырай береді. Соңғы рет Сібірге кетерде екі қолы артына қайырылулы, жантайып жатып, мойнын соза, үздіге қарағаны көз алдында анық қалыпты.
Әсіресе Тұрардың есінен кетпес елес – Рысқұлдың Қызыл Жебеге мініп, көкпар тартқаны ғой. Сол сәтті көргені қандай оңды болған. Әкесінің бүкіл қиқар өмірі жиналып, сол бір жұлдызды сәтке татымайтын сияқты. Бүкіл ғұмырының шарықтаған шыңы – сол Қызыл Жебеге тақымы тиген кез. Адамның найзағайды ерттеп мінген бір сәті. Әттең, сол сурет өнер тіліне көшер ме еді! Тұрар суретші болмағанына өкінді. Уақыт мейірімсіз. Көңілдегі көне суретін бірте-бірте көмескілендіре беретін сияқты.
Енді, міне, найзағайды жалынан ұстап мінген адам мына төмпешік дегенге нанғысы да келмейтін сияқты.
Тұрар өз ойын өзі бөліп:
– Қабылбек, сен Ақсу-Жабағылыда болған жоқсың, ә? – деді жолдасына бұрылып.
– Жоқ, бірақ естуім бар.
– Осыдан Ташкентке барған соң, Түркістан үкіметінің алдына мәселе қоймақшымын. Оны мемлекеттік қорыққа айналдырып, қамқорлыққа алу керек.
Дәуіт шалдың кішкентай көзі ақшаң ете қалды.
– Әй, жиеншар, шырағым Тұрар, қамқорлыққа алар болсаң, Таластың халқын ал. Бұ да бір елің. Түп нағашың.
Зираттың шетіне қараң-құраң жиналып, әлдекімді қабірге қойып жатты.
– Ойбай, сорлаған екен ғой, сорлы Сәрсембі өлген екен, – деп Дәуіт кепкен бетін сипады. Жылап тұр, бірақ көзінен жас шықпады. Көзінің айналасы айғыз-айғыз әжім, ылғал біткен сол сызаттардан алдақашан ағып таусылғанға ұқсайды. – Бұ да алғы ішіп, аштан өлді.
Осыны айтып, Дәуіт шал тез өзгерді. Тұрар мен Қабылбекке бұрынғыдай жалбақтамай, қабағы кіртиді. Содан соң Тұрарға қыжырына тік қарап:
– Өткен жылы оязды құлатып, Әулиеата жұртының алдында сайрағаның әлі менің есімде. «Таңың атты, күнің шықты, халқым!» – деп едің сонда. «Енді арқаңды аяз қарымайды, бит теспейді», – деп едің сонда. «Байлардың күні батты, кедейдің таңы атты», – деп едің сонда. Сонда мына сақалымнан саулап аққан жасқа омырауым жуылып еді. Жүйке-жүйке босап, ет жүрегім уылжып, қуаныштан елжіреп едім. Қайда сол уәде еткен жұмағың, Тұрар? Патша құрыды, Керенский кетті, ендігі не? Қарадан туып, төре болып, үстіңе қылау жуытпай тұрысың мынау. Сен, сірә, ашықпассың. Мына Қабылбек мырза да аштан тарықпас. Жаз бойы жан сақтағанымыз жаужұмыр мен алғы еді. Ондайды сен жеп көрмеген шығарсың, Тұрар. Борсық қазып жейтін шөптің тамыры. Алғы ішіп, жаужұмыр жұтып, жаз бойы уланған жұрт енді баудай түсе бастады. Әулиеатада Кеңес өкіметін жариялап жар салғаныңды өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көріп едім. Басқа айтса, сенбес едім. Ал енді не болдық? Халқың қырылып қалса, Кеңес өкіметі кімге керек?
Іргеде ағып жатқан өзен қысыр жыландай, тым жіңішке. Асау Талас деп айтуға келмейді. Жағадағы селдір қамыс тозған тақияның ұйпалақ үкісіндей реңсіз. Әуесінде қарлығаш қалықтамаған, қамысында қырғауыл пырылдамаған, жыңғылынан қоян қашпай қалған сұңқиған дала. Бедеу аспан шаңытады. Шеңгел бұтағында жыланның кебенек терісі қаудырайды.
«Қала басында аштарға арнап асханалар аштырдық. Айбар сияқты азуы алты қарыс тарпаң байлардың қос құлағын басып, шыңғыртып тұрып, артық астығын қазынаға құйып, кембағалға үлестірдік.
Әулиеата аштарды асырайды екен дегенді естіп жоқ-жұтаң ел-елден қалаға қарай ағылды. Соны аңғарып, комиссар-болыстарға тапсырма айттық. Байлардың мал-мүлкінен кедейлерге қарайласу туралы пәрмен берілді.
Бірақ кеңестің жауы астыртын қастандыққа көшіп, байдың малын алудың орнына, кедейдің жалғыз тұяғын тартып әкеткені мәлім болды. Әулиеата уезінің ендігі басшысы мына Қабылбек Сармолдаев. Мен асығыс Ташкент аттанып бара жатырмын. Бүкіл Түркістанға аштықпен күрестің төтенше комиссары болып тағайындалдым. Жалғыз Талас емес, бүкіл байтақ Түркістанның михнаткер комиссары болып тұрмын. Мына көкемнің қабірінің басында ант етемін: халықты аштық апаттан алып қалу үшін жан аямаймын. Артель құрып, күш біріктіріп, егін салып, мал бағып, ортақтасып, қоғамдасып ел болу жағын қарастырамын. Нала болмаңыз, түп нағашы».
Тұрар Дәуіт шалдың шарт-шұрт еткен сұрағына осылай жауап бермек еді, бірақ айтпады. Ашты құр сөзбен асыраудан асқан қорлық жоқ. Тек іс керек, әрекет керек. Ауқат керек. Ендеше, тездетіп Ташкентке тарт.
– Мына қанжарды мен аламын. Көкемнің көзі болсын. Бұдан басқа қалған заттары бар ма, түп нағашы?
– Мылтығы бар еді. Бір қадақ ұнға айырбастап жібердім. Киім-басы жүдеу болатын әкеңнің. Қалтасынан мына бір сақина табылған. Мә, бұ да бір белгі шығар. Рысқұл жиен Сібірде алтын қаздық дегенге, алтын сақина ма деп әркім-әркімге көрсетсем, алтын емес дейді.
– Мұны да маған беріңіз.
Тұрар көзілдірігін нығарлап қойып, сақинада сиқырлы жазу бардай, сонда әкесінің сыры сақтаулы жатқандай, әрі-бері айналдыра қарады. Кәдімгі қара темір, егеуі көшіп, көмескіленіп қалыпты. Тұрар сақинаны аппақ бәтес орамалға орап, қалтасына сала берді.
– Көкем маған мұраға қора-қора қой, үйір-үйір жылқы қалдырмады, түп нағашы. Көкем маған мұраға тек есімін ғана қалдырды. Оның өзінен де айырылып қалып, «Қырғызбаев» болып жүріп, Рысқұлов деген фамилияға әрең жеттім. Сондықтан мына қанжар мен сақина менде болсын. Қанжар – қаталдық. Көкем маған: «Жауыңа қатал бол!» – деген шығар. Сақина – татулық. Көкем маған: «Досыңа адал, тату бол!» – деген шығар. Менде жау да, дос та бар, түп нағашы. Шамаң келсе, көкемнің қабіріне қарайлай жүр. Кейінірек келіп, басына белгі қоярмын. Күмбез тұрғызбаймын, керегі жоқ, бәрібір мәңгілік емес. Сыпатайдың күмбезі де құлап жатыр. Қош, көке! Қош, түп нағашы!
– Оу, жиеншар, бірдеңе десеңші! – деп ышқынып қалды Дәуіт шал күйме соңынан.
– Көп кешікпей жауап болады, – деген дауыс естілді күйме ішінен.
Қос ат жеккен қара күйме қоңырауы бебеулеп жолға шықты. Шеңгел қоңыраулары күйме қоңырауына қош-қош айтысты. Сояу бұтада зер қабық желбірейді.
Ұлы Жылан жылы еді.
II
Рысқұлов Түркістан картасының алдында тұр. Карта ескі болатын. Кауфман заманынан бері ілулі тұрған. Бір өзгермесе – осы карта өзгерместей еді. Біреу өлмесе, генерал-губернатор фон Кауфман өлместей еді. Бірақ «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», – деп Абай айтқан.
Заманы заңғарланған шақта Кауфман да бұл картаның алдында талай тұрған.
Енді – Рысқұлов...
Екеуінің қарасы екі басқа.
Ресей империясының орасан отарлық бөлігі сары бояумен боялған. Неге сары? Күні ыстық, ауасы құрғақ, жері қуаң болғандықтан ба? Бірақ мұнда да жер көгеріп, жасыл желек жамылатын мезгіл болады. Каспийден бастап, шығыстағы Тарбағатай, Қытай шекарасына дейін керіліп жатқан кең дүниеде сары реңді шөлден басқа толып жатқан шұраттар бар. Бірақ карта бояуы сары. Халықтың сары уайым мен ащы запыраны шығар.
1867 жылы тұңғыш рет фон Кауфман билік құра бастаған бұл өлкеге Арал төңірегі, Каспийден бергі Түрікменстан, Үстірт адайлары, Қарақалпақстан, Өзбек елі, Тәжікстан, таулы Қырғыз, байтақ Сырдария губерниясы, Жетісу губерниясы кірер еді.
Рысқұловтың қабағы түйіле қалды. Картада Қазақстанның жартысынан көбі жоқ. «Бөліп ал да, билей бер» деген патша саясатының залымдығын жаңа сезіп тұрғандай, кенет тісі ауырған адамдай бет-әлпеті өзгерді. Жер бетінде қазақ деген халық бар. Оның ғасырлар бойы жаумен жағаласып жүріп мекендеген жері бар. Ал патша келеді де сол қазақтың жерін бөліп-бөліп Арқа мен Алтай жағын «Степной край» деп Омбы генерал-губернаторына бағындырады. Батыс бөлігін Орынбор әкімшілігіне қаратады. Ал Сыр бойы мен Оңтүстік, Жетісу қазақтарын Түркістан генерал-губернаторлығына қосады. «Бөліп ал да, билей бер».
Рысқұлов картадан бармақтай ғана жерді алып жатқан қырғыз еліне қарап, ызалана мырс етті. Патша Қырғыз Алатауының теріскейінде жатқан қырғыздарды Жетісу оязы мен Әулиеата оязына бағындырады да, күнгей қырғыздарды Ферғанаға жыға салады. Ал Түркістанның қақ ортасынан Бұхара мен Хиуа хандықтарын «тәуелсіз» мемлекеттер етіп қояды. Сөйтіп, біртұтас өзбек те жоқ. Бәрі бөлек-бөлек. «Бөліп ал да, билей бер». Бұл залым сөйлемнің төркіні ағылшындардан шыққан: «Рул энд дивайд». Отаршылдықтың жілік майын жұтқан ағылшындардан осы сөзді орыс патшасы қағып алып: «Разделяй и властвуй» деген қағидаға айналдырады. «Бөліп ал да, билей бер».
Рысқұлов алақанымен Әулиеата тұсын сипалап қойды. Құлағына Дәуіт шалдың айқайы келді. «Талас бойына қол ұшыңды бер!» – деп еді. Күні кеше Әулиеатаға Кеңес өкіметін орнатысқан. Бір жылға жетер-жетпес сол Әулиатаны басқарады. Бір жылға жетпесе де, жүз жылға бергісіз. Қуанышы, қасіреті аралас. Қасіреті басым шығар. Аштықпен арпалыс. Солшыл эсерлермен арпалыс. Меньшевиктермен, жергілікті бай, саудагерлермен дамылсыз айқас. Кулактар көтерілісі. Кулактармен арпалыс.
Қасиетті Әулиеата. Күні кеше оның бір түкпірінде топырақ болып томпайып жатқан Рысқұлмен қоштасты. «Көке, сен өмір бойы әділет үшін жағаласып өтіп едің. Әділетті болуға ант етемін», – деді әкесінің қабірі басында.
Ал енді әділетті болып көр. Түркістанның астанасы – Ташкенттің қақ төрі. Алдында – карта. Жаңа өкімет бұған ауыр міндет жүктеді. «Бүкіл Түркістанды аштықтан сақта», – деді. Аштық жайлаған, азап жайлаған Түркістанның қай пұшпағына жедел жету керек? Талас десе, Ферғана қалып барады. Үкімет басшыларымен таласып-тармасып жүріп, жырып алған аз қаржыны Ферғанаға берсең, Сыр бойы ыңырсып тұр. Кулактардың қорлығынан әлі құтыла алмаған Жетісуды қайда қоясың?
Түркістан үкіметінің басшылары бастапқы пәрмен бойынша мұны денсаулық сақтау комиссары етіп тағайындады. Кешегі тар заманда бұл жетім жүрегін сүрелеп, жанталасып жүріп алған білімі әуелі орман-тоғай мамандығы; одан кейін мұғалімдік еді. Әсте дәрігер емес. Ағаштың, тал-дарақтың, бау-бақшаның ауруын емдей алар, ал адамды емдеуді оқымаған. Бірақ денсаулық сақтау комиссары. Егер Түркістан өкіметі Денсаулық сақтау комиссарлығының өзіне тікелей мамандығы жоқ адамды қойса, есіл Түркістанда дәрігерлер қайдан болсын?! Бар болса, мыңға біpey табылар ма екен?
Аз күннен кейін Рысқұлов ТүркЦИК-тің мәжілісінде сөз сөйлеп:
– Қазіргі таңдағы басты апат – аштық, – деді. – Оны жоймай, ешқандай денсаулық сақталмақ емес. Мені денсаулық сақтау комиссары міндетінен босатыңдар. Аштықпен күрес комиссариатын құрыңыздар. Оның комиссары етіп мені тағайындаңыздар, – деді.
Басшылар ойланып қалды. Денсаулық сақтау комиссариаты қай заманда да бола бермек. Аштықпен күрес комиссариаты тоқшылық келген күні керек болмай қалады. Мына жігіт әріден ойламай ма, қалай, – дегендер де болды. Бірақ ұсынысын қабылдады.
Қомақты қара үстелдің бір шетінде күркетауықтай қорбиған телефон шар-шар ете қалды. Рысқұлов карта алдынан бұрылып, тұтқаға қол созды.
– Тыңдап тұрған Рысқұлов.
Ар жақтан ентіккен дауыс орысшалап:
– Жолдас Рысқұлов! Сізді Осипов шұғыл мәжіліске шақырады! – деді.
Рысқұлов қасын кере таңданып, сәл кідіріп барып:
– Қайда? Қайда? – деді.
Ар жақтағы дауыс бұл жолы өктемірек естілді:
– Соғыс комиссары Осипов гарнизонға шақырады. Тез! Басқа комиссарлар күтіп отыр. Шұғыл жағдай!
– Қазір. – Рысқұлов ірі ісектің жілігіндей тұтқаны салмақтап тұрды да, ұясына қондырып, одан қолын айырмаған қалпы қалшиып тұрып қалды. «Мұнысы несі? ТүркЦИК-тің төрағасы Вотинцев шақырса бір сәрі, Түрксовнарком төрағасы Фигельский шақырса бір сәрі, ал комиссарды комиссар өзіне бұйырып шақыра ма екен?».
Көңіліне күдік кірді. Сан-сапалақ ойлар жан-жағынан қамалап келіп тұрып қалды. «Әлде Каспий майданында қатты өзгеріс болып, жау Ташкентке таяп қалды ма? Орынбор майданының шебі бұзылып, Ташкентке төніп келетіндей реті жоқ. Жетісу майданы да жер түбінде. Әлде Ферғана басмашылары басып кірді ме?»
Ташкентке түнде тұңғыш рет жалаңқат жұқалаң қар жауып, арты қалың тұманға айналған. Кабинет іші күңгірт тартқан соң шамдалдар жағылған. Рысқұлов жез қоңырауды сылдырлатқан заматта қара қайыспен қапталған ауыр есік салмақпен ашылып, ар жақтан ашаң жүзді, ақсары жігіт гимнастеркасының етегін тартқылай, белдігін түзей түсіп кіріп келіп, Рысқұловтың тапсырмасын үнсіз тосып, тұрып қалды.
– Маған Вотинцевті жалғастыр.
– Құп болады, Тұрар ака.
Жігіт жалт бұрылып шығып кетті. Қаптама қара есік сабыр сақтап, салмақпен қайта жабылды. Опыр-топыр ойлар қайта оралды. «Осы Осипов дегенді суқаны сүймейтіні несі? Соғыс комиссары. Мен күдіктенетіндей ол сатқын болатын болса, бүкіл қарулы күш соның қолында, лезде талқанымыз шығады-ау. Қой, олай болмас. Вотинцев оны комиссарлыққа танымай тағайындаған жоқ қой».
Осиповтың ұдайы лепіре сөйлейтіні құлағына келді:
– Жауларды аяусыз жою керек! Революция менің пірім, оның жолында қасық қанымды аямаймын!– Ешкім одан ант талап етпесе де ТүркЦИК мәжілісі сайын сөз сарыны осылай келетін. Кім біледі, мінез шығар.
Жуан қайыс белдігін тағы да қыналай түзете-түзете көмекші жігіт қайта кірді. Рысқұлов оның белдікпен алыса бергенін бұрын байқаса да, бұл жолы: «Шалақұрсақ-ау байғұс», – деп ойлады.
– Вотинцев жауaп бермейді, Тұрар ака.
«Бұл қалай болды?» – дегендей, Рысқұлов енді өз телефонына қол созды. Түйетауық телефонның құлағын бұрап-бұрап, Фигельскийді сұрады. Фигельский орнында жоқ болып шықты.
Республиканың екі бірдей басшысы екеуі де орнында жоқ болғаны іштегі бір әлсіз күдікті күшейте түсті де, телефонмен Тұрсынходжаевты сұрағанын өзі де аңғармай қалды.
– А, Тұрар, сенбісің, даусың біртүрлі ғой, тыныштық па? – деді Тұрсынходжаев жарқын-жарқын сөйлеп.
Рысқұлов жағдайды түсіндірді.
Тұрсынходжаев ойланып қалды.
– Осиповке бармай қоя тұр, – деді ол сәлден кейін. – Мен Низаммен хабарласайын. Мүмкін, сол бірдеңе білер. Өзім телефон шылдырлатайын, мақұл ма?
– Мақұл, Сағдулла ака, мен тоса тұрайын, – деп Рысқұлов әуелі ершікті басып, тұтқаны жайлап қана ұясына қондырды. Көз алдына Сағдуллаходжа Тұрсынходжаевтың мұрты елестеп, жымиып қойды. Сағдулланың қап-қара мойыл мұртының екі ұшы ширатылып, өрге шаншылып тұрушы еді: Өмірі сәнді киінетін Сағдулланың ыждаһаттап күткен бір қазынасы осы мұрты болар. Мәжілістерде басынан дөңгелек құндыз бөркін алмайтын. Басқа өзбектер сияқты ала топы кимес еді.
Кушекин алғашқы кезде Тұрсынходжаевтың мәжілісте бөрік киіп отырғанын жақтырмай, бірде қағытып қалғаны бар.
– Жолдас Тұрсынходжаев, мәжілісті сыйласаңыз, бас киіміңізді алып отырыңыз. Ал бас киім шеше алмайтындай кінәрат бар болса, амал жоқ, – деп езуі қат-қабат болып, ыржия күлген.
Сонда Тұрсынходжаев мұрты құлағына жеткенше шаншыла түсіп, басынан құндыз бөркін жұлып алып:
– Жолдас Кушекин, менің басым, сіз ойлағандай таз емес. Шаш деген жетеді. Тіпті әлдекімдерге қарайласуыма да болады, – деп бөркін қолына кигізіп, дөңгелетіп дөңгелетіп қойып еді.
Кушекин өзінің жап-жалтыр басын сипалап, қызғылтым жүзі қанқызыл болып қысылып қалған.
– Аузында әзілі жоқтың, қолында шоқпары жүреді. Сіздікі де, менікі де әзіл болсын, жолдас Кушекин. Кешіріңіз, – деген Тұрсынходжаев ыңғайсыздықты сейілткісі келіп, – Бала жастан бас киіммен отыру әдетке айналған. Мен Крайком, Түркатком сияқты киелі мекемеге бас киімімді емес, аяқ киімімді шешіп кіремін. Калошым босағада қалды. Кір-қоқыс басқа емес, аяққа ілеседі.
– Кім біледі, кейбір жолдастардың басында да кір-қоқыс болуы мүмкін, – деп Кушекин кегін кешіре алмай, зілденіп, күрең-қызыл, жып-жылтыр бетінің алауы қайтып, боп-боз, сөнік көзі мөлие бастаған. Тұрсынходжаев есесін жібергісі келмей, мұртын ширата беріп еді, Рысқұлов:
– Іліксіз, қағытпасыз сөйлесейік, жолдастар, – деп басу айтқан.
Телефонның шар-шар ете қалғаны сонша, түйетауықтай қара қорап селкілдеп кетті. Рысқұлов тұтқаны жұлып алды.
– Тұрар, – деді ар жақтан Тұрсынходжаевтың қатқыл даусы. – Низамиддинді таппадым. Осы тегін емес. Сақ бол. Осиповтен қаупім бар. Мен тағы барлау салып көрейін. Телефон күт.
«Сақ бол, – дейді. – Осиповтен қаупім бар, – дейді. Сонда қалай? Түркаткомның мәжілісі сайын құлшына сөйлеп, Кеңес өкіметі жолында жанын қиып жіберуге дайын тұратын сабаз осы Осипов емес пе еді?».
Рысқұлов телефонға телміріп, мына түйін сұрақтың шешуін содан күткендей, сілейіп тұр. Терезеге көзі түсіп еді, шыңылтыр аяз шыныларына кәдімгідей шілтер тоқып үлгеріпті.
Талғар таудың бауырындағы жеркепе үйдің қырық құрақ жалғыз терезесіне де осындай ақпан аязында нешебір ғажайып суреттер түсіп қалар еді. Таңертең таудан асып, терезеге күн сығалар еді. Күн жарықтықтың бір жақсылығы, тұлдыр кедейсің демейді. Сәулесін әмме жанға: байға да кедейге де бірдей шашыратады. Сонда әлгі аяз салған суреттер алтын жалатқандай құлпырып кетеді. Құрақ терезенің сызықтары қырғауылдың қауырсынындай сан құбылып, таңғажайып әдемі әлем пайда болар еді. Тұрар аласа ағаш төсектен тұрмай, сол суретке қарап көп жататын. Кішкентай Рысқұловтың алғаш көрген сурет галереясы – қырық құрақ жамаулы терезенің қырау суреттері еді. Өгей шешесі Ізбайша баланың әйнектен көз алмай қалшиып жатқанына қарап, таңданып, ернін сылп еткізер еді.
Қазір де шыныдағы шілтер суретке қадалып, әр түрлі ойдың шырмауында тұрғанда, көмекші жігіт кіріп келді. Ақсары жүзі алаулап, бетіне қан жүгіріпті. Артық ауыз сөзі жоқ, әскери адамша тақ-тақ жүрісі біртоға жігіттің бұл жолы орынсыз күлімдегені несі екен?
– Тұрар ака, сіздің қабылдауыңызға бір бикеш келіп отыр.
Мына аязбен бірге аштық қысқан қаһарлы күндерде Рысқұловтың қабылдауым сұраған адамдар көп. Оған таңданатын дәнеңе жоқ. Әлде көмекші Ләзиздің жымыңдауы әсер етті ме, әлде өзінің жүрегі бірдеңе сезді ме, Рысқұловқа бұл хабар ерекше мәнді болып естілді де, абыржып қалды.
– Кім екен? Нe мәселе?
– Өзім айтам дейді. Тікелей өзіңізге.
Ләзиздің көзі тағы күлімдеді.
– Кірсін, – деді Рысқұлов көмекші жігіттің қутыңдағанына түсінбей.
Мойнына көкшіл түлкі салған, басындағы жасыл кәмшат бөріктен төмен қарата бетін бүркеп, қара шілтер түсірген қыпша бел қыз кіріп келгенде, Рысқұлов:
«Бұл аш емес. Мұның арызы басқа болар, – деп ойлады. – Дәу де болса, экспроприацияға ұшыраған бай тұқымы шығар. Мүлкімді қайтар деп арыз айта келген ғой. Мұндайларға қайырымсыз бол, Тұрар!».
– Келіңіз. Мен сізді тыңдап тұрмын, – деді Рысқұлов әйел затын сыйлағандықтан ғана креслоға отырмай, тікесінен тік тұрып.
Жүріс-тұрысы бек жұмсақ, тым биязы, әдемі, сәнді киінген қыз:
– Сәлеметсіз бе, жолдас Рысқұлов, – деп үн қатты. Рысқұлов сәл кідіріп:
– Сәлеметсіз... – деп селқос қостады. «Конфискациядан бәрібір құтылмайсың», – деп қойды ішінен.
– Мені танымадыңыз ә, жолдас Рысқұлов.
– Біздің үлкен Ташкентте кім көп, паранжа жамылған әйел көп. Ал сіз, қателеспесем, еуропалыққа ұқсайсыз. Еуропа әйелінің паранжа жамылғаны жараспайды екен. Кәне, келген шаруаңызды айтыңыз.
Рысқұлов тым қатқылдау, бәлкім, дөрекілеу кетіп қалғанын өзі де сезді. Бірақ әрі-сәрі күдік-күмән көбейіп кеткен сияқты. Әлгі Осиповтың оспадарсыз бұйрығы. Тұрсынходжаевтың кеңесі. Телефонға жалтақтау. Енді мына жұмбақ жан.
– Мен сені бұлай деп ойламап едім, Тұрар. – Қыз даусы дірілдеп кеткендей болды. – Қалай өзгергенсің. Әлде уақыт өзгерткен бе? Сен кішіпейіл едің ғой. Әлде революция қатыгездендіріп жіберген бе?
Осыны айтып, қыз бетіндегі жібек шілтерді басындағы кәмшат бөріктен асыра серпіп ашып тастады. Жарқ етіп аппақ дидарлы, нұрлы жүз сұлу қыздың жәудіреген көкжасыл көздері көрінді. Бір тамшы жас сынаптай ойнақтап, үзіліп түсе жаздап, сабаудай сары кірпігіне әрең ілініп қалыпты. «Мені танымадың-ау» деген наланың нышаны болар, сірә.
Рысқұлов үлкен қара үстелді айналып, үн-түнсіз бері жылжыды. Алыстан толықсып, үздігіп-үздігіп «Полонез» естілді.
– Сен менің көңілімде әлі кішкентай Наташа қалпыңда қалыпсың, – Рысқұлов өз даусының жұмсарып бара жатқанын аңғарды.
– Өзгеріп кетіпсің. Сені де көретін күн болады екен-ау.
Рысқұлов бір-бір басып, қыздың жанына жақындады.
Соноу-соноу бала кезінде, Талғар таудың қапталындағы жеркепе үйіне, әйтеуір бір жазда теңбіл торғай ұшып кіргені бар. Сірә, кепенің есігі ашық қалған болар. Сірә, жабайы құс жеркепеде адамдар тұратынын байқамаған-ау. Бала сонда демін ішінен алып, теңбіл торғайға мысықша жылжып жетіп, қолын соза бергенде, жабайы құс шошып кетіп, ұша жөнелген.
Рысқұлов қыздың нәп-нәзік сүйрік саусақтарын қос қолдап ұстап, ақырын ғана ерніне басты.
– Көп жыл өтті, құдайым-ау, біз көріспегелі қай заман, – деп, әлгі Тұрардың жұмсақ ерні тиген саусақтарымен жігіттің қайратты қара шашын сипағанда, сол қату шаш пен нәзік саусақтардан от шашырағандай, екеуінің бойы да лап-лап ете қалды.
– Сен сонда зым-зия жоқ болдың, Тұрар. Сені іздемеген жеріміз қалмады. Папам полицияны аяғынан тік тұрғызды. Верныйды түгел тінтіп шыққан шығар. Саймасайлар ұрлап әкетті ме деп, Талғар жақты да дүрліктірді. Біраздан кейін сені бәрі де ұмытты. Ал мен ұмыта алмадым, Тұрар...
– Мен де, Наташенька, мен де. Бір кезде сені іздеп бармақшы да болдым, әкеңнен қорықтым.
– Ол кісі опат болған, – деді Наташа көзіне жас үйіріп.
Көкірегіне жұлдыз болып басылған жасыл көзден өппек болып, Рысқұлов емірене ұмсынғанда, телефон шар ете қалды.
Қолына ғайыптан келіп қонған бақыт құсынан айырылып қалатындай, Рысқұлов қызды бір қолынан ұстап тұрып, телефонғa бос қолын созды.
– Рысқұлов тыңдап тұр! Иә, Сағдулла ака, мен тыңдап тұрмын. Не дейді?! Көтеріліс?! Қандай бунт, Осипов?!
Қызды тұтып тұрған қолы еріксіз тұтқаның екінші басына жармасты. Өзінің қолын босатып салғанын қыз да жаманға жорыды. Рысқұловтың түрі лезде өзгеріп, сұрапыл түстеніп кеткенін аңғарып, жап-жаңа ғана мінезі майдай, толықсыған айдай биязы адамның кенет шиыршық ата қалғанынан секем алды.
– Алда, атаңа нәлет сатқын-ай! Мен қазір жетемін, жолдас Тұрсынходжаев! Низамеддинді тап! Станцияға жиналайық. Темір жол жұмысшыларын, Ескі Ташкент тұрғындарын көтеруге кісілер жібер! Мен қазір...
Рысқұлов дәу қара үстелдің тартпасын сілке тартып, сұп-сұр суық маузерді суырып алып, жан қалтасына сала салды. Босағаның оң жақ бұрышында темір бақанға ілулі тұрған қара қайыс пальтосын асығыс киемін деп екінші жеңіне қолын сұға алмай, қайта шешіп, қайта киді.
– Кешір, Наташа. Көріп тұрсың ғой. Жағдай қиын.
– Құдайым-ау, не деген қатыбас уақыт! Жылдар бойы зарығып көргенде, бір ауыз сөзге келтірмеген не деген сұмдық! Соғысқа бара жатсаң, енді қайтып көрісуіміз де екіталай ғой. Тым болмаса, қайдан келдің, халің қалай деп те сұрамадың-ау, Тұрар.
Қыз дәл есіктің көзіне тұрып алып, Рысқұловтың жолын кесті. Әлгі алау сезім, заңғар дүние, бір сәттік керемет кеңшілік кенет тарылып, су сепкендей, айнала қарауыта бастады.
Рысқұлов қызды ренжітпеуге тырысып, иығынан құшып, абайлап қана жолдан ысырып, есіктің жез тұтқасына қол созды.
– Біз жолығамыз, Наташа. Кең-мол отырып, армансыз әңгімелесеміз. Мына оңбаған Осиповтың ойранын көрмейсің бе? Ал қош, көріскенше...
Рысқұловпен бірге ауыз үйге Наташа да шықты. Көмекші Ләзиздің миығындағы қу күлкі лезде лып етіп өшіп, комиссардың әмірін күтіп қалшиды да қалды.
– Қаруың қайда? Жүр соңымнан!
Рысқұлов сыртқы есіктен атырыла шығып бара жатып, артына бұрылып үлгірді. Наташа қара шілтерді бетіне қайтадан түсіріп, көгілдір түлкіні мойнына қымтай орап алған екен.
Түнек бұлт бүркеніп қалған ай сияқты, жаңа ғана жарқырап тұрып, лезде шілтер тұтқаны Рысқұловтың жүрегін жырымдап жібергендей болды. Бірақ аялдауға мұрша жоқ еді. Бұл сағынышты адамның сүйкімді сүйрік саусақтарын сипалап тұрғанда, ту сыртында алай-түлей айқас басталып кетіпті.
Рысқұлов мәрмәр баспалдақтан секіре түсіп бара жатып: «Адресін де сұрап алмадым-ау, – деп қынжылды. – Осы Ташкентте тұра ма, әлде Алматыдан келді ме? Мені неге іздеген? Шыннан ұмытпағаны ма?». Іле-шала тағы бір ой: «Станция басына қалай жетеміз? Қалай топтасамыз? Қару қайда? Атаңа нәлет Осипов! Қарудың бәрі сонда!» – деп келіп килікті. Ілезде: «Қап, Наташаға бір ауыз жылы сөз айта алмадым-ау. Ол кіріп келгенде тым сіресіп, сыздана қалғаным нем? Ұят-ай», – деді. Іле-шала: «Сағдулла мен Низамеддин Ескі Ташкент қауымын көтерсе, станциядан жұмысшыларды көтерсек, «атаңа нәлет Осипов, ойқастарсың әлі!» – деп кіжінді. Ілезде: Жаңағы Наташа қаңғыған оққа кезікпесе неғылсын? Маған қатты ренжіп қалды-ау, сірә? Жөндеп қоштаса да алмай шықтым-ау!». Іле-шала: «ТүркЦИК қоршауда қалса, қалай бұзып шығарамыз? Қоршамай тұрғанда үлгірсек? Тұрсынходжаев Ескі шаһарға жетті ме екен? Низамеддин Ходжаевты тапты ма екен? Әй, сондағы Кушекиннің Низамеддинге шұқшиғаны-ай. Сенбеді-ау, сенбеді. Ал сенген Осипов не істеді? Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында. Ай, данышпан халқым-ай! Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайымнан шөңге суырылар күн қайда? Атаңа нәлет Осипов! Қазақ-қырғыз ашықса ашыға берсін, бір тиын қаржы бөлінбесін, қару-жараққа жұмсалсын деп еді-ау».
Рысқұлов қып-қызыл оттың ішінде кетіп бара жатты.
III
Казарма биік дуалмен қоршалған. Жалғыз казарма ғана емес, жалпы Ташкенттің көп үйлерін дуал қамап тұрады. Тұтас көшелер, толайым махаллалар биік дуалдан паранжа жамылып алған. Өзге дүниеден өзін қорғалап, жан-жағын тұйықтап, қорасын бекітіп отыруға қадим замандардан бергі талай-талай талайлар үйреткен болар, Түркістанның қалалары түгел дерлік дуалмен қымтаулы келер еді.
Тіпті жеке-жарым үйлер, көшелер тұрмақ, қала түгел биік қорғанның ішінде тұрған заман болған. Соның бірі – Ташкент қой. Бірақ Ташкент тас қамалмен қанша қымталғанмен, Шыр-шайпаша генерал Черняевтің зеңбіректеріне түк те төтеп бере алмай, қақпалары шалқалай түсіп, ашылып-ашылып жүре берген.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жұлдыз Көпір - 02
  • Parts
  • Жұлдыз Көпір - 01
    Total number of words is 3970
    Total number of unique words is 2302
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 02
    Total number of words is 3876
    Total number of unique words is 2183
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.0 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 03
    Total number of words is 3963
    Total number of unique words is 2206
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 04
    Total number of words is 3974
    Total number of unique words is 2297
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    54.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 05
    Total number of words is 3982
    Total number of unique words is 2276
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    42.5 of words are in the 5000 most common words
    49.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 06
    Total number of words is 3966
    Total number of unique words is 2261
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 07
    Total number of words is 3899
    Total number of unique words is 2269
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 08
    Total number of words is 4106
    Total number of unique words is 2264
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    46.0 of words are in the 5000 most common words
    53.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 09
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2392
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    44.4 of words are in the 5000 most common words
    51.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 10
    Total number of words is 3965
    Total number of unique words is 2321
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    53.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 11
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2316
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 12
    Total number of words is 3594
    Total number of unique words is 2001
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    53.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 13
    Total number of words is 3883
    Total number of unique words is 2193
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    52.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 14
    Total number of words is 3996
    Total number of unique words is 2297
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 15
    Total number of words is 3852
    Total number of unique words is 2249
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.3 of words are in the 5000 most common words
    51.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 16
    Total number of words is 3901
    Total number of unique words is 2265
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 17
    Total number of words is 3915
    Total number of unique words is 2174
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    45.9 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұлдыз Көпір - 18
    Total number of words is 3227
    Total number of unique words is 1909
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.