Latin Common Turkic

Жабайы алма - 25

Total number of words is 4131
Total number of unique words is 2063
35.4 of words are in the 2000 most common words
49.5 of words are in the 5000 most common words
56.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Оттолардың үйі — ауылдағы көп үйлер сияқты шағын-шағын екі бөлме. Қыста отын үнемдеу үшін үй-іштері тегіс: мамасы, екі әпкесі Ирма мен Берта, Оттодан үш-төрт жас үлкен ағасы Лио — барлықтары осы төргі бөлмеде жатып-тұрады да, ауыз бөлмеге отын-су қойылады. Ал төр бөлме айтарлықтай кең де емес, жалғыз терезесі бар, оның алдында тамақ ішетін биік стол мен қолдан жасалған (Лио жасаған) үш-төрт орындық қойылған. Төрде жалғыз темір төсек, оның үстіне қампиған сабан матрацтар жиналған, қозғап қалсаң сыбдыр-сыбдыр етеді. Көрпе деген атымен жоқ, бәрі осы сабан матрацтардың арасына кіріп жатып ұйықтайтын болуы керек. Өйткені кейде ертеңгісін кіріп қалсаң, Отто әлі матрацтың арасынан басы ғана қылқиып сары бас шымшықтың балапаны құсап жататыны бар. Үйдің бір жақ қабырғасын ала салынған кән пеш бар, ылғи жып-жылы боп тұрады. Оттоның мамасы қашан келсең де көзі сығырайып, терезеден қашық болса да, әлгі кәннің үстінде тоқыма тоқып отырады. Бұдан өзге үйлерінде ешқандай дүние де, мүлік те жоқ. «Еділ бойынан көшкен кезімізде, дүние-мүліктеріміз тегіс сонда қалыпты»,- дейді Отто.
Оттоның үйінен ымырт үйіріліп, қараңғылық түсе бастаған кезде шықтық. Әуелі біздің үйге соғып, әжеме білдірмей ауыз үйде тұрған екі ала қаптың біреуін бүктеп алдық. Басқа балалардың көзіне түспеуге тырысып, өзімізше ойнаған боп Мақым шалдың үйін айналшықтап жүрміз. Перде ұсталмаған терезесінен үйдің іші қараң-құраң ғана көрінеді. Мақым шал МТС-тан бүгінгі почтаны бесін кезінде әкелген болатын. Шағыр көз жиренді содан бері мама ағашқа қаңтарып, қазан суытып қойып, өзі күнделікті әдетінше шайға бас қойған. Күніне бір ішетін шайы болғандықтан, асықпай, терлеп-тепшіп отырып ұзақ ішеді. Ауылда осы Мақым шалдың шайды көп ішетініне байланысты тараған күлкілі әңгіме де бар, кемпірімен сөйлесіп отырып бір самаурынды тегіс тауысатын көрінеді, сондайда шалының көңіл-күйін бұзғысы келмеген кемпірі ыстық су болмай қалса, самаурынды жылы сумен-ақ үстемелеп қойып, шалы ұсынған шыны-аяққа жай судан құйып береді екен де, ал Мақым шалға шұрылдап самаурынның шүмегінен құйылса болғаны, басқа ештеңеге көңіл аудармастан тершіген маңдайын орамалымен сүртіп қойып, әлгі жылы суды да рақаттана отырып сораптай түседі екен.
Бүгін де Мақым шал әдетінше шайды ұзақ ішті. Орнынан іңір шақта бір-ақ көтерілді. Тысқа шығып, есік алдында жүрген ұсақ малдарын қоралап, онан соң бір уыс шөпті бүктеп ап, сонымен Шағыркөз жиреннің үсті-басын сүрткіштеп, терін үгіп, сылап-сипады да, қора іргесіндегі ақырға мол етіп үйіп шөп салып, атты соған апарып байлады. Онан соң үйінің алды-артына шығып, қараңғыда ананы-мынаны қарап шұқылаған болып біраз жүрді де, бар шаруасын тындырғандай үйіне кірді. Мұнан кейін тысқа кемпірі шығып, әлгіндегі шалының шұқылаған тұстарын байқастап қарап, қалай жабылып, қалай қойғандарын тексеріп өтті.
Сәлден кейін ұйқыға жатқан болу керек, май шамдары да сөнді. Біз әр тұстан ашылып-жабылған ауыл үйлерінің сықырына, әрбір тықыр еткен дыбысқа елеңдеп құлақ түре тұрып, Мақым шалдың үйінің біраз ұйқыға кеткенін күттік. Ауыл-үй арасындағы жүріс-тұрыстар, кіріп-шығулар басылғандай болған кезде, Шағыркөз жиреннің шөпті күтір-күтір шайнағанына дейін анық сөтілді. Ауық-ауық пысқырып қойып құрғақ шөпті тары жегендей күтірлетеді. Сірә, жоңышқалы, шұрайлы шөп болу керек, күтірлетіп шайнағанына адам қызыққандай.
Мақым шалдың үйі ұйықтады-ау деген мезетте, күні бұрын белгілеп қойған тұсымыз -қораның сырт жағынан тасаланып, біріміздің соңымыздан біріміз ептеп басып ақырға қарай жүрдік. Алда — Петька. Алдыңғы күні шөп алғанда, ақырдың қандай екенін көрген адам. Ақырдың шетіне жете беріп:
− Қап қайда? Аузын керіп ұстап, әзірлеңдер! — деп, ол сыбырлай сөйлеп бұйрық беріп шөптен құшақтап ала бергенінде, бірдеңе сақ ете қалды. Петька кейін қарай шалқалай барып құлап түсті. Сөйткенше болған жоқ, қатар тұрған Отто екеуміздің бетімізге бірдеңе сарт етті. Сол бір қас қағым сәтте аттың бізге қарай құлағың жымырып, аузын арандай ашып тістемек болып ұмтыла бергенін көріп қалдым. Үшеуміз бірімізді-біріміз баса-жанша кейін қаштық. Бір көрімі байлаулы ат жете алмады. Орнынан тұрған Петька:
− Мынау керемет тістейді ғой-ей! — деді есі шыға. Енді білдік, әлгіндегі Отто екеуміздің бетімізге тиген Петьканың құлақшыны екен. Шағыркөз жирен тістеймін деген кезде, аузына сол Петьканың құлақшыны ілігіп, соны тістеп лақтырып жіберсе керек.
Үшеуміздің де есіміз шығып қалды.
− Арам қатқырды қара-ей!
− О, шағыр көзіңді… қыршаңқы ит! — десіп, біраз сыбап боқтап алдық та, енді ақырға аттың басы жетпейді-ау деген тұстан келмек болдық. Бірақ қай тұсынан жақындамақ болсақ та, ІІІағыркөз жирен құлағын жымырып, тісін сақ-сақ еткізіп, тіпті маңайлатпады. Ойпыр-ай, малдың да мұндай тістеуігі болады екен-ау! Тура қабаған ит дерсің. Қораның арт жағынан сипалап жүріп, бір ағаш таяқ тауып алып, сонымен жасқамақ болып көргенбіз, енді Шағыркөз жирен тістегенді қойып, қос аяқтап тебіне бастады… Ақыры Шағыркөз жиреннің алдындағы ақырдан бізге шөп алдырмайтынына көзіміз анық жетті. Мұнан гөрі Мақым шалдың қолынан жұлқа қашып тартып әкету оңай шығар.
Үшеуміз де шарамыз таусылып, не істерімізді білмей ыза боп тұрмыз.
− Аша әкеп қарнына қорс дегізіп сұғып алар ма еді,- дейміз.
Бірақ сол ашаңды әкелсең де, мына Шағыркөздің маңайлатпайтынын, қарнына сұқтырмайтынын сезіп тұрмыз.
Салымыз суға кетіп, шөптен күдер үзіп, қабымызды сүйретіп үйге қарай қайттық. Мұндай мазақ, мұндай қор болмаспыз. Әлдеқандай болған үшеумізге бір жаман қыршаңқы алдындағы шөптен алдырмады-ау. Мұнымызды басқа балалар естісе, мазақтап қалай күлер еді. Балаларды қойып, бүкіл ауылға күлкі болар едік. Тіпті мазақ пен күлкіні де қойып, бәрінен де бататыны — ертең қоңыр сиырға не берем? Жесең де осы, жемесең де осы деп құр сабанға қаратам ба? Шөп жоқ болса екен-ау!.. Бар ғой. Қоғалы бұлақта жарты шошақ шөбіміз қалды, жарты шана шөбімізді колхоздың малы жеп қойды…
− Кеттік! — дедім кенет мен Петька мен Оттоны тоқтата тұрып.- Жүріңдер, колхоздың шөбінен ұрлаймыз. Біздің жарты шана шөбімізді колхоздың малы жеп қойды ғой, соның есесіне ұрлаймыз,- дедім кеткен есемді қайтарғым кеп. Сыртқа білдірмегенмен, көптен ішімде жүрген қыжылым еді. Тіпті анау екеуі бас тартса, жалғыз кетуге бекіндім.
− Шынында да, мал қорадан алайық та,- деді Петька мені іле қостап.- Әнеугүні ғой Тұржан біздің қанша азаппен сонау Қоғалы бұлақтан сүйретіп әкелген шөбімізді өртеп жіберді. Сол итке ерегіскенде колхоздың шөбінен алайықшы. Немене, колхоздың малы мал да, қоңыр сиыр мал емес пе?!
− Колхоз үшін ата-аналарымыз қан төкті дейміз. Ал сол колхоздың пайдасын Байдалы шал мен Тұржаннан басқа ешкім көріп жүрген жоқ. Шөптің жақсысын солардың малы жейді, майға пісірген бауырсақты өздері жейді. Сонда осындай колхоз бола ма?
− Шынында да, олар бұрынғының байлары да, біз кедейлері сияқтымыз,- деді Отто да көңіліндегі наразылығын білдіріп.
Сөйтіп, үшеуміз ойдағы колхоздың мал қорасына қарай тарттық. Қораға баратын жолмен тура жүрмей, талай жерді айналып сырт жағынан келгенбіз.
Сиыршының үйі жатып қалған екен, қораның төңірегі тым-тырыс, қыбыр еткен жан жоқ. Тек іштегі малдың жөтеліп-пысқырғандары, қасынғандары, күтір-күтір шөп жегендері, күйіс қайырғандары естіледі.
Бойы бізден биіктеу болғандықтан, Оттоны Петька екеуміз екі жақтан аяғынан көтеріп қораның төбесіне шығардық та, өзіміз қабымыздың аузын ашып, жоғарыдан түсірілген шөпті салып тұруға оңтайландық. Отто шыға сала шөпті жұлқылап суыра бастаған, бірақ бір уыс, жарым уыс шашылғаны болмаса ештеңе түсе қоймады.
− Әй, түсірсеңші енді, неғып жүрсің? — дегенбіз төменнен шыдамсызданып.
− Басылып қалған шөп екен, алу қиын,- деді Отто.- Қазір үстіне қарай шығайыншы…
Осы кезде қораның екінші жақ басынан арс-арс етіп шыға келген сиыршының тайыншадай көк төбеті бізге қарай шабалана ұмтылған. Жайшылықта, күндіз келгенімізде, бізді адам екен деп көзіне де ілмей маңқиып тұратын көк төбеттің бүйтетінін кім білген?! Петька екеуміз жан ұшыра далаға қарай безіп жөнелдік. Бірақ адуынды төбет бізді аттатсын ба, әудем жер қашып үлгермей-ақ артта келе жатқан мені бүйірлете жамбасымнан жұлқып қалып, бір-ақ бүктеді. Сол сәттегі жан дауысымның шырқырап шыққаны өзімдікі емес, өлім алдындағы басқа біреудікіндей, өз құлағымды жарып жіберердей болып естілді. «Ар-р-ар-р» еткен ашулы төбеттің тістерінің сақылдағаны, тамағының гүріл-сырылына дейін төбемнен құлағыма дейін анық білініп тұрды. Осымен өлген шығармын деген ғана ой келді. Онан әрі не болғанын білмеймін… Есімді жиғанымда, әлі тірі екенімді ұқтым, тәбет мені со бір бүктеп алып соққаннан кейін, қайтып тиместен, кейін қора жаққа қарай үріп кетіп барады екен. Сол арсылдап үрген бойында алыстай берді де, бір кез қараның арғы жағына кетті. Өйткені арпылдай үргені тасадан талып қана жетіп тұрды. Мен ұшып тұрып жан дәрмен бетім ауған жаққа қарай жүгіре жөнелдім. Біраз жүгіргеннен кейін алдымнан Петьканың:
− Қанат! — деп шақырған даусы естілді.
Екеуміз қосылып ап тағы біраз жүгірдік. Едәуір ұзадық-ау деген кезде барып тоқтап, есімізді жиып, артымызға қайырылғанбыз. Төбеттің үргені тіпті алыстан әзер естіледі.
− Сені қапты ма? Сонша қатты шыңғырдың ғой? — деді Петька.
− Қапты,- дедім мен өзіме-өзім келе алмай дір-дір етіп.
− Қай жеріңді?
− Жамбасымды болу керек, ауырып тұр.
− Кәне? — деп, Петька қараңғыда еңкейіп кеп шалбарымның ит жыртқан жерінен сипалап көрді де,- Бір тісі аздап қана батқан болу керек, кішкентай ғана қарайып, қанап тұр,- деді жұбатып.- Бірақ тоныңның етегін дал-дұл ғып тастапты. Сені сақтап қалған да осы тоныңның етегі болар.
− Енді үйге қайтамыз ба?
− Әлгі Отто қайда, ол не болды екен?
Демімізді ішімізге тартып, тың тыңдадық.
− Кәне, ысқырайыншы,- деп, Петька қос саусағын аузына салып қатты бір ысқырған, іле-шала жауап ысқырық шықты. Оттоның ысқырығы. Петька қайыра ысқырды, жауап ысқырық тағы шықты. Бізге қарай жақындап келе жатқаны байқалады.
− Біз мұндамыз? — деген Петька дауыс беріп.
− Келе жатырмын,- деді Отто.
Алқына жүгіріп қасымызға келді де:
− Біреуіңді қапты-ау деймін? — деді үрейленіп.
− Иә, мені қауып алды.
− Қалай?
− Қорқатын ештеңе жоқ, тек тонын далалап жыртып тастапты,- деді Петька.
Отто өзі дін аман екен. Қораның төбесінде тығылып отырыпты да, төбет үріп әрі қарай басқа жаққа кеткен кезде, секіріп түсіп зытыпты.
Осылайша колхоздың мал қорасынан шөп ұрлау жорығымыз да сәтсіз аяқталып, үшеуміз сүмірейіп үйге қайттық. Ала қабымыз сол қораның артында қала берді.
Тастай қараңғы түн тұмшалап тастағандай, не жұлдыз көрінбейді, не жылт еткен жарық жоқ. Сүйектен өткен өкпек жел өне бойды қалтыратып жіберді. Ауыл үйлердің арасында да иттердің үргенінен өзге дыбыс та, жүріс-тұрыс та жоқ, тым-тырыс. Мынау түнде бәрі де тұншығып жатқан сияқты.
Төбеттің тісі батқан жер енді ғана сыздап ауыра бастады. Әлде сол жаныма батты ма, әлде шарасыз хал қинады ма, еңіреп жылағым келді. Даусымды шығарып өксіп-өксіп жыласам деймін. Бірақ жолдастарымнан Петька мен Оттодан ұялдым. Бұлар да небір қиындықтарды көріп жүр ғой. Тек ешқайсысы еш уақытта жылаған емес. Сондықтан мен де жыламауым керек. Үйлеріміздің тұсына жеткен үшеуміз үш айрылдық.
− Ал жақсы, ертең тағы бірдеңе ойластырармыз,- деді Отто.
− Әрине, қол қусырып отыра алмаймыз,- деді Петька оны іле қостап.
Құдай-ау, бұл не деген созылмалы ауыр қыс?! Күн неге жылымайды?! Көктем айы болды емес пе? Қашанғы өстіп қыса бермек. Тақа діңкелетіп барады ғой. Құдай-ау, бар болсаң, естісеңші! Көктеміңді келтіріп, күніңді жылытсаңшы. Сонда саған сенейін: Сенің бар екеніңе сенейін! Еш уақытта сені жоқ деп айтпайын… Құдай-ау…
* * *
Ертеңгісін боз ала таңнан оянғам. Әжем болса менен де бұрын тұрып, күнделікті әдетінше далаға шығып, қорадағы қоңыр сиыр мен екі ешкіні қарап, одан от жағып, шай қойып, балалардың түнде жатарларында қалай болса солай шашып тастаған киімдерін жинастырып жүр екен. Бір сәт көзі түнде кеп босаға жақтағы шегеге іле салған менің тоныма түсіп кетіп, сығырайып барып соны ұстап көрді.
− Қарағым-ау, мына тоныңа не болған, ит талаған ба? — деді тонымның албыр-жалбыр шалғайын жарыққа тоса тұрып.
− Түнде ойнап боп үйге келе жатқанымда, арт жағымнан кеп бір бұралқы ит арс етіп ала түсіп жыртып кеткені,- дедім әжемді қалай да сендірмек боп қисындыра сөйлеп.
− Әй, осы түнде ойнаған дегенді қоймадыңдар-ау,- деді әжем кейіп,- Әйтеуір, еш жеріңе, денеңе тісі тиген жоқ па?
− Тиген жоқ,- дедім түнде иттің қапқанын жасырып. Өйткені оны айтып, әжемді құр несіне үрейлендірем… Тек шалбарымның мына жерін жыртып жіберіпті, тігіп берші,- деп, төсегімде көрпеге оранып отырған күйде шалбарымды алдына қарай лақтырып тастағам.
Әжем тебендей жуан инесі мен шуда жіп әкеп өзіме сабақтатып алды да терезенің алдына жарыққа барып отырып әуелі шалбарымның жыртығын, онан кейін тонымның жалбыраған шалғайын жамап берді. Жамап отырып өзі біраз кейіп, ұрсып алды, көп ойнайтынымды, әсіресе түнге қарай көп жүретініме ренжіді. Мен бүгіннен бастап түнге қарай үйден шықпаймын деп уәде бердім.
Сыртқа шығып, қоңыр сиыр мен екі ешкіні қорадан шығарып, алдарына біраз сабан шашып, сол сабанға араластырып беру үшін қораның үстіндегі шөптің ең соңғы қоқым-соқымдарын сыпырыстырып тұрғам.
− Қой деймін, қойсаңшы! — деген дауысқа жалт қарасам, көшенің ортасымен біздің үйге қарай Отто бір бау шөпті арқалап келеді екен. Бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап алған. Соңынан ере жүрген Бәтен тырқылдай күліп, оның шалбарын төмен түсіріп жібермек боп тартқылап келеді. Бір ауық Отто қайырылып, оны теуіп жібермек болады, ондайда Бәтен кейін қашып барып тоқтайды да, Отто қайтадан кете берген кезде, жүгіріп кеп шалбарының артынан төмен тартып қап мәз болады.
− Қой деймін-ей, әйтпесе, мына шөпті тастай сап көресіңді көрсетем ғой,- дейді ыза болған Отто қызараңдап. Бірақ өзі шөбін тастамайды. Әрине, шөбін тастай салып, бас салып ұстаған күнде де Бәтенге ол ешқандай көресінің көрсете алмайды. Әлі де жетеді. Бәтенге қарағанда күші де басым, бірақ үстемдік жасап ұра алмайды. Оны Бәтен де жақсы біледі. Сондықтан ол Оттоның соңынан қылжақтай еріп, біздің үйдің қасына дейін келді де, қораның төбесінен түсіп, өздеріне қарсы жүрген мені көрген соң ғана, кейін қайтты.
Бір бау шөпті Отто жаңа Мақым шалдан кәдімгі Шағыркөз жирен атын тұмаға апарып, суғарып кеп, со кісіден сұрап апты. Жібі болмаған соң, қайыс белбеуімен буып, арқалап алған ғой, бір қолымен шалбарының ышқырынан ұстап жүргені содан екен.
− Бәрінен де Шағыркөз жиренді тұмаға апарып суғарып қайтқанша, қос өкпеге тепкілеп, түндегі кегімізді бір қайтардым,- дейді Отто мәз бола күліп.
Сонымен қоңыр сиырға бүгіндікке де біраз шөп табылған еді.
Мектепке келген соң да сабақ арасы Петька, Отто үшеуміздің қыбыр-жыбырымыз, сөзіміз онан әрі жалғасқан. Шыдай алмай кетті-ау деймін, бір сәт қасымызға келген Санат:
− Соңғы кезде үшеуің ерекше бөлініп, сыбырласып кеттіңдер, жайшылық па, айтсаңдаршы? — деген. Сырымызды басқа балалардан жасырсақ та, Санаттан жасырғымыз келмеді. Бар шөбімізді Тұржан атқарушының қырсығынан жеткізіп ала алмағанымызды, енді, міне, бұзаулайтын шағында қоңыр сиырдың ашыққалы тұрғанын, соған шөпті қайдан аларымызды білмей, басымыздың дал болып қатып жүргенін айттық. Санат та ойланып қалды. Келесі үзілісте ол үшеуміздің қасымызға қайта кеп, көңілге қонар бір ақыл берді. Мынау ауылдың іргесінде, Жарбұлақтың бергі тұсында, жолға жақын жерге қара күзде тасып алынған екі маяның орны бар ғой, талай шөп ысырап боп шашылып қалған, сол араның үстінің қарын аршып көрсе қалай болар еді?
− Иә, ол жерді мен білем ғой, талай шөптің шашылып қалғанын өз көзіммен көргем,- деді Отто жұлып алғандай.
− Мен де білем,- деді Петька да.
Ол екі маяның орны менің де көз алдымда еді. Күзде талай рет Нәзира әпкем арба айдап келе жатып «шашылып қалған шөптен жинап ала келсем бе дедім де, колхоздікі болған соң алуға қорықтым»,- дейтін.
Иттің тісі батқан жер қанша сыр бермеймін десем де сыздап ауырып, аяғымды аттатпайды. Сабақтан шыққан соң үйге қайтарда сүйретіліп әзер жүрдім. Бұл күйде Жарбұлаққа қалай шөпке барам? Бір үйдің тасасына келгенде Петька бой бермей шалбарымды түсіріп, жамбасымды сипап қарады да:
− Tic батқан жердің төңірегі қызарып ісіп тұр екен,- деді жаны аши сөйлеп.- Сен бүгін үйіңде бол, Жарбұлаққа Отто екеуміз барып қайтамыз ғой.
− Жо, мен өзім бармасам, сендер де бармайсыңдар.
− Немене, бізге сенбейсің бе?
− Сенем, бірақ өзімнің де барғым келеді.
− Вот қиқар,- деді Петька мырс етіп күліп.- Жарайды, біз Отто екеуміз сені шанаға отырғызып ап сүйретіп апарамыз.
− Шанаға сүйретпей-ақ мен өзім барам…
Сөйтіп, үшеуміз бір-бір күрек алып, үш кішкентай қол шанамызды сүйретіп, Жарбұлаққа қарай тарттық. Бұл жолы қайда баратынымызды, не әрекет жасайтынымызды үйден жасырғамыз жоқ. Қоңыр сиырға шөп табу үшін маялардың орнын аршимыз дегенімізге Петьканың мамасы да, Оттоның мамасы да қарсы болмады. Әжем болса:
− Қарағым, абай болыңдар, әйтеуір. Қар басып қалған шөпті аршып алу да оңай болмас, мұз боп қатып жатқан шығар,- деген.
Егер аршып алғандай болсақ, шөбімізді Тұржан көрмеуі үшін қапқа, мөшекке салып әкелеміз деп үйлерімізден бір-бір ыдыс алғанбыз. Мен жалғыз қалған ала қапты алдым. «Біреуі ғана қалыпты, біреуі қайда кеткенін білмеймін»,- деп, әжем ауыз үйдің қуыс-қалтарыстарын тінткілеп қалды. «Іздемей-ақ қой, ол қап табылмайды»,- деп айтуға дәтім бармады. «Іздер-іздер, табылмаған соң қояр»,- деп ойладым.
Жарбұлаққа барар жолдағы қар қыстағыдай емес, жұқарып, қатқақтанып, мұздаққа айналыпты. Ауылдан шыққан соң оймауыт тұстарда үшеуміз үш шанаға отырып, жарыса сырғанаймыз да, өрге келгенде Петька мен Отто мені қосақталып сүйрелей жөнеледі. Мұздақ қардың үстінде шана да лыпып сырғанайды.
Маялардың орнын оп-оңай таптық. Жолдан жүз метрдей жерде кедір-бұдыр төмпешік-төмпешік болып жатыр екен. Кей жерлерде еріп, мүжілген, қар астынан селдіреп шығып қалған шөп те көрінеді. Қуанғанымыз сондай, шаналарымызды тастай бере әлгі шөбі көрінген тұстардан кеп үшеуміз үш жерден тұра қап, оюға кірісіп те кеттік. Күректерімізді тіктеп шаншып, шөпті бүркеп жатқан көрпе сияқты жұқа қаңылтақ қарды лездің арасында қопарып-қопарып тастамақ болғанбыз. Бірақ жұқа көрінгенмен, қар деген аты болмаса, сіресіп қатқан мұздан бір кем емес екен. Күректеріміз тасқа тигендей шақ-шұқ ете қалды. Сонда да бой бермей ұрғылай бердік. Әлі-ақ мына төмпешіктеніп жатқан мұздақ қарлардың тас-талқанын шығарып ойып-ойып, астындағы шөпке қарық боламыз да қоямыз. Алайда күзгі жауында әбден шылқып су болып, жерге басылып, одан үстінен қар жауып, алты ай қыс қатып жатқан шөпті аршып алу деген оңай емес екен. Біраздан кейін-ақ алғашқы аптығымыз басылып, меселіміз қайтайын деді. Өйткені тас уатқандай шақылдатып ұрғылап жүріп ойып алғандағы бір уыс, жарым уыс шөбіміздің жартысы мұз боп шығады. Тастайын десең, онан кейінгі ойып алған шөбің де сондай. Жалпы көзіміздің бір жеткені маяның орнында қалған шөптің бәрі осындай жартылай мұз боп жерге жабысып қатып қалған екен.
− Мейлі, осы мұзымен болса да үйге алып барайық,- дейді қара терге түсіп түтіккен Петька әлгілерді бір жерге жинастырып.- Мұзын ерітсек, шөбі қалады ғой.
Онысы да ақыл Әйтеуір, шөп аты бар ғой. Жоқтан гөрі бар.
Ит қапқан саным күректі қолыма ұстап, қар оюға кіріскенімде-ақ сыздап ауыра бастаған, бірақ оған бой бермеуге тырысып қимылдай бердім. Күректі құлаштап көтеріп зірк-зірк ете бергеннен соң ба, біраздан кейін жанға батып ауырайын деді. Енді қаттырақ қозғалған сайын, саныма ине сұғып алғандай болады. Бүкіл аяғым тұтасып, зіл батпан боп ауырлай түседі. Тағы біраздан кейін ауырғаны сондай, шыдай алмай шанама барып қисайып отыра кеттім. Жамбасым тегіс өртеніп бара жатқандай сыздап, ес таптырар емес. Өне бойым тегіс ауыр тартып, көзім қарауытып кетті. Жатқым келеді. Бірақ жатсам қайтіп тұра алмайтын сияқты көрінем, сондықтан өзімді-өзім: «Түу, осы да сөз бе екен, иттің бір тісі батқанға ауырып»,- деп, жігерлендіріп, бір ауық Петька мен Оттоға қараймын. Ол екеуі менің мына хәлімді де, отырғанымды да байқар емес. Еттері қызып алған, қара терге түсіп, күректерімен мұздақ қарды гүсілдете ұрғылайды. Мұз боп қатқан бір кесек шөпті ойып алса, мәз болады.
− Міне, мынаның шөбі көп екен! — дейді қуана дауыстап. Одан әрі күректі қайта құлаштайды. «У-ух, У-ух» дейді бірінен-бірі қалыспай. Енді бір сәт көзімді жұмып, талықсығандай боп отырған маған екеуі мұздақ қар емес, тау ойып жатқандай естіледі… Қанша отырғанымды білмеймін, бір кездері Петька мен Оттоның:
− Әй, анау Қанат неғып отыр? Ауырғаннан сау ма?
− Өзінің отырысы бір түрлі ғой?!
− Әй, Қанат! — деген дауыстары алыстан талып естілді. Оларға жауап қайырмақ болып едім, шамам келмеді.
Қасыма жүгіріп келіп, біреуі маңдайымды ұстап көрді де:
− Ой, ой, ой!.. Күйіп тұр ғой! — деді.
− Қап, ауырып қалатын болды-ау!
− Бүгінше осы ойғанымыз жетер, енді қайтайық.
− Қайтайық. Ертең екеуміз кеп тағы оямыз ғой.
− Әрине…
− Давай, Қанатты өз шанасына жатқызып сүйретейік. Ал екеуміздің шаналарымызды бір-біріне тіркеп, үстеріне мешоктар мен қапқа салып мына шөптерді тиейік.
− Жарайды…
Екеуінің ақылдаса сөйлесіп жүріп, мені шанама жатқызып, одан ойған мұз шөптерін ыдыстарға салып шаналарына тиегендерінше қанша уақыт өткенін білмеймін, бір ұйқыдан оянғандай болған кезімде, өзімді сүйретіп келе жатқандарын аңғардым.
− Ыңқылдайды, жанына батып келеді-ау деймін.
− Аяғы тегіс күп боп ісіп кетіпті.
− Әне, тағы да ыңқылдады.
− Шыда, Қанатай, шыдашы, бауырым, қазір ауылға жетеміз.
Мұнан әрі тағы да ұйықтап кеткем… Біреу көтергендей болды. Әлуетті күшті қолды сездім, үлкен адам сияқты.
− Түу, жеп-жеңілі-ай! — деген ер адамның бейтаныс даусы құлағыма жетті.
− Мына араға жатқыз,- деген екінші үлкен адамның даусы. Мұны айнытпай таныдым, Мақым шал ғой. Мені әлгі күшті қол жайлап әкеліп жұмсақ шөптің үстіне жатқызды.
− Бұл әлгі Ықсанның баласы ғой,- деген Мақым шал.
− Қанат па? Бойы сыриып дырдай жігіт бопты ғой,- деді әлгі бейтаныс адам мені танып, еңкейіп кеп мені бетімнен сүйді.- Тү-у, ыстығы қатты көтеріліп жатыр екен.
− Мыналар ит қапқан деп тұр ғой, үйге барған соң ұшықтап жіберсе, бір-екі күнде жазылып кетеді,- дейді Мақым шал жайбарақат үнмен.
«Мынау мені бетімнен сүйген ер адам кім болды екен?» — деп ойлаймын. Көзімді ашқам, айдалада тоқтап тұр екенбіз. Почташы Мақым шал соңымыздан қуып жетіп, мені өз шанасына жатқызыпты. Бас жағымда бір жақ шекесі тегіс ойдым-ойдым, бір көзінің үстін бастыра қара былғарымен байлап алған түсі суық біреу екен. Киімдеріне қарағанда әскерден қайтып келе жатқан адам сияқты.
− Мынау кімнің баласы? — деп сұрады әлгі адам.
− Бұл кәдімгі соғыстан бұрын колхоздың шошқасын баққан Крешке деген орыстың баласы ғой,- деді Мақым шал.
− Бәрекелде, Крешкенің баласы ма-ей? Әй, бері келші. Атың кім?
− Петька.
− Ой, үлкен жігіт боп қапсың ғой, Петька,- деп әлгі адам Петьканы құшағына алып, бетінен сүйді.
− Әй, сенің әкеңмен бірге талай арақ ішіп, ел тыржыңдап қашып жүргенде, шошқаның етін жеп ем,- деді мәз бола күліп. Онан соң Оттоны нұсқап:
− Ал мынау кімнің баласы? — деген.
− Бұл соғыс басталғанда көшіп келген немістің баласы, Ота деген жігіт. Қазір өзіміздің ауылдың баласы боп кетті ғой.
− Кел бері, біздің ауылдың баласы екенсің, сенің де бетіңнен сүйейін,- деп, әлгі адам Оттоны да шақырып ап бетінен сүйді.
− Әй, Бетке, Ота! Шаналарыңды мына менің шанама тіркей салыңдар да, ауылға жүгіріңдер сүйінші сұрап. Соғыстан Көпеннің әкесі Әбен аман-есен келе жатыр деңдер.
«Көпеннің әкесі екен ғой! Байғұс Көпен, кіп-кішкентай, ап-арық боп үйден үй аралап, соқыр боп қалған атасы екеуіне қайыр-садақа сұрап жүруші еді. Маңдайының бағы бар екен де. Енді аштан өлмейтін болды. Ол енді әкесі бар бала. Ауылдағы ең бақытты бала сол болды ғой!..» деп ойлаймын.
Содан мен бір аптадай ауырып жаттым. Бүкіл бір жамбасым, аяғым тегіс күп боп ісіп, алғашқы күндері мүлде қозғалтпай қалды. Мақым шал сиыршының мені қапқан көк төбетінің қылшығын жұлып әкеп, сонымен үшкірген. Екі-үш күннен кейін кезек алып, біртіндеп жараның уыты қайтайын деді.
Мен жатып қалған кезде, қоңыр сиырдың бар тауқыметі Петька мен Оттоға түскен. Екеуі сабақтан шыққан соң, күнде түстен кейін Жарбұлақ жақтағы маяның орнынан ойып шөп әкеледі, оның мұзын ерітіп, желге жайып кептіріп, сабанға араластырып, қоңыр сиырдың алдына тастайды.
− Жақсы жейді,- деп екеуі де мәз болады.
Мен жатқан күндері екеуі сырттағы жаңалықтарды түгел күнделікті жеткізіп тұрды. Біртіндеп күннің жылынып, қардың кете бастағанын солардан естідім. Ауа райы осылай боп тұрса, енді біраз күнде жайма-шуақ көктемнің келетінін, сонда малды тау бөктерлетіп, жайылымға шығаруға болатынын сөз етеді. Келесі келгендерінде қардың астынан қалың көктің қылтиып қаулап келе жатқанын жарыса айтады. Осыларды естігенде тезірек аяғымның ісігі қайтса екен деп шыдамсызданам. Күнде ертеңгісін әжем тұрған кезде, мен де басымды көтеріп, мойнымды созып, терезеден сыртқа қараймын. Күн ашық болса қатты қуанам, көктемнің жақындай түсуі осы күннің ашықтығына байланысты ғой.
− Қалайсың? — дейді әжем.
Мен аяғымды қозғап қойып:
− Жақсымын,- деймін. Әжем кеп көрпемді ысырып, аяғымды сипап ұстап көреді де:
− Ісігі әлі қайтпапты, қозғалмай жат,- дейді.
Одан соң ұзақты күнге терезеден бозара қарап жатып кешті батырам. Түстен кейін бір ауық Петька мен Отто кеп отырып кетеді, сонда біраз серпіліп қалам. Қалған уақытта сарылып жата берген адамға таңның атуы да, күннің батуы да қиын екен.
Бір күні ертеңгісін сыртқа шыққан әжем сәлден кейін абыржып кірді үйге.
− Қанат-ай, балам-ай, қоңыр сиыр жоқ,- деді есі шыға.
− Қайда. кетіпті?
− Білмеймін. Түнде мықтап байлап қойған сияқты едім. Қораның аузын да мықтап бастырып жауып ем. Әлде жібі шешіліп, бошалап шығып кетті ме?..
Осыны айтты да әжем қоңыр сиырды іздеуге бел буған түрмен қайта шығып кетті. Ұшып тұрып киініп, бір аяғына ағаш байланғандай сүйретіліп мен де іздеуге шықтым. Қоңыр сиырдың жоғалғанын ести сала Петька мен Отто да безек қағып, ауылдың төңірегін айналып зыр жүгірді. Бүкіл көрші-көлем тегіс тік тұрып, аяқ жетер жерді аралап, бірге іздесті. Бірақ қоңыр сиырдың ізі де білінер емес, ұшты-күйді жоқ. Сол күні кешке дейін аяғымның ауырғанына қарамастан талай жерді шарлап, сілем қатып кешкісін үйге келсем, кішкене балалар ұлардай шулап жылап отыр екен. Көп жүргеннен бе, әлде суық тиді ме, менің аяғым тағы да күп боп ісіп кетті. Төсегіме сылқ етіп құлап түстім. Біраздан кейін шаршап-шалдығып әжем де келген. Көзі шүңірейіп, екі жағы мүлде суалып, бір уыс қана боп шүпиіп қапты. Алдынан шуылдаса шығып, жылап қарсы алған балаларға қабағын түйіп:
− Жә, түге, олары несі кісі өлгендей күңіреніп! — деп қатты ашумен басып тастады.-Жыламаңдар әрі, жаман ырым бастап. Басымыз аман болсын деп тілеңдер!
Кішкене балалар әжемнің мына қату түрін керіп жылағандарын пышақ кескендей қойып, тыйыла қалды.
− Әй, Болат, от жағып, шай қойып жіберші, балам! — деді бұйырып. Сөйдеді де төсегімде сұлқ жатқан менің қасыма кеп еңкейіп, аяғымды сипалап ұстап көрді.- Балам-ай, әттеген-ай, аяғыңды тағы ісіріп апсың ғой,- деді жабырқай кейіп.- Бекер көп жүргенсің. Тәуір болғаныңда тағы жатып қалатын болдың-ау.
Пысылдап жүріп ошаққа от жағып, Болат қайнатқан шайға отырдық. Әжем қара суға шыланған талқаннан бір-екі рет қана таңдайына салып, қайнаған суды тұз салып терлеп-тепшіп ұзақ ішті. Шай үстіндегі әңгімелеріміз ұсақ-түйек үй тірлігі төңірегінде: «Су әкеліп қойдың ба?», «Отын жардың ба?» тәріздес болды да, қоңыр сиыр туралы ешқайсымыз жарып аузымызға алмадық. Ащы жараны тырнаудан қашқандай маңайлағымыз келмейді. Онан бір ауық әжем осындай жадап-жүдеп тарыққан кезімізде, көңілімізді жұбататын дағдысына бағып, ертегі тәріздес әңгімелердің бірін бастап кетті.
− Баяғыда, осы сендердей кезім, бір қатты жұт болып, мал тегіс қырылып қалды. Әй, сол жылғы қыс та ерекше қатты болып еді. Жауған қардың қалыңдығы сондай, мына Қоғалы бұлақтай жерде отырғандарға алты ай қыс бір қатынаса алмадық қой. Ол заманда бүгінгідей колхоз деген жоқ, пішен шабу, қысқа шөп дайындау дегенді білмейді жұрт. Содан қалың жауған қарда мал тебіндей алмай аштан қырылды дейсің. Көктемге қарай қалың елде тігерге тұяқ қалмады ғой…
Терезе қағылды да сырттан:
− Қанат, Қанат! Тез далаға шықшы! — деді біреу дауыстап.
Әрине, аяғым ауырып отырған мен тұра қоймадым да, менің орныма сыртқа Болат жүгіріп шықты, лезде тапырақтай жүгіріп қайта кірді де:
− Әже, Бәкке біздің қоңыр сиырды әкеп тұр! — деді жан даусы шыға айқайлап.
Үй ішімізбен ауырған-сырқағанымызға қарамастан дүрліге көтеріліп, сыртқа ұмтылдық. Шынында да, есік алдында Бәкке қоңыр сиырды жетектеп кеп тұр екен. Қуаныштан есіміз шығып кетті.
− Қайдан таптың?
− Қайдан әкелдің? — дейміз шуылдаса жамырап.
− Мына жақтан,- деп Бәкке қараңғыда белгісіз жақты нұсқағандай болды. Есі шыққан әжем:
− Ой, өркенің өскір қарағым-ай, мың бол, мың болғыр!.. Көзің жамандық көрмесін!.. Өмірің қызыққа толы болсын!..- деп, Бәккеге алғысты батасын үсті-үстіне жаудырып, айналып-толғанып жүр. Онан қоңыр сиырды бас жібінен алып, қораға қарай жетелей жөнелген.
− Әже, қораға емес, ауыз үйге кіргізіп байлаңызшы,- деді Бәкке.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жабайы алма - 26
  • Parts
  • Жабайы алма - 01
    Total number of words is 4097
    Total number of unique words is 2135
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 02
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2120
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 03
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2099
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    46.3 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 04
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2172
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 05
    Total number of words is 3966
    Total number of unique words is 2110
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 06
    Total number of words is 4026
    Total number of unique words is 2200
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 07
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2082
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 08
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2135
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.0 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 09
    Total number of words is 4059
    Total number of unique words is 2144
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 10
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2161
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 11
    Total number of words is 4114
    Total number of unique words is 2117
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 12
    Total number of words is 3982
    Total number of unique words is 2149
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 13
    Total number of words is 4123
    Total number of unique words is 2048
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 14
    Total number of words is 4083
    Total number of unique words is 2136
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 15
    Total number of words is 3990
    Total number of unique words is 2084
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 16
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2134
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 17
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2179
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 18
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2060
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 19
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2131
    33.7 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 20
    Total number of words is 4093
    Total number of unique words is 1972
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 21
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2009
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 22
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2035
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 23
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2068
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 24
    Total number of words is 4039
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 25
    Total number of words is 4131
    Total number of unique words is 2063
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 26
    Total number of words is 3115
    Total number of unique words is 1635
    39.3 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.