Latin Common Turkic

Жабайы алма - 18

Total number of words is 4057
Total number of unique words is 2060
36.7 of words are in the 2000 most common words
51.1 of words are in the 5000 most common words
58.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
− Апыр-ай, Көбеген қарағым-ай, неше күн болды тыңдап келем, әр кеш сайын мен естімеген бір жаңа қисса айтасың. Осының бәрін кімнен және қашан үйренгенсің? — деді таңырқап.
− Бала кезімде, осы ауылда үйрендім ғой,- деді Көбеген маңдайының терін сүрте отырып.-Қанапия, Сәдіғұл марқұмдардан үйренгем, біразын кітаптан өзім жаттап алдым.
− Иә-ә, Қанапия, Сәдіғұлдар жез таңдай жыршылар еді ғой!
− Баяғыда Күреңбелде күзекте отырғанымызда,- деп әжем киіп кетті сөзге,- біздің үйге Сәдіғұл келіп екі күн, екі түн өлең айтқаны есімде. Сонда даусы бір қарлықпады-ау, шіркіннің!
− Қанапия да сондай дүлдүлім еді ғой! — деп іліп әкетті тағы да Нүсіп шал.- Мына осы үйде отырып ол шырқағанда, даусы сонау Мытыстағыларға естілер еді ғой…
− Әй, шал, ертең де күн бар, қайталық енді,- деді осы кез кемпірі.
− Иә, кел демек бар, кет демек жоқ, рақмет, ақ жеңеше! — деп, Нүсіп шал әжеме қарап бата жасап, бетін сипады.
− Мен осында Нәзираның қасына қонам,- деген Шынар.
− Мейлің,- деді шешесі.
Балдағына сүйеніп Көбеген де тұрды.
− Рақмет, әже! — деді.
− Саған да рақмет, қарағым. Көңілімізді бір көтеріп тастадың. Үй осы, келіп тұр.
Көбеген шоқалақтап есік алдына барды да, кілт қайта бұрылып Нәзира әпкеме:
− Нәзира, аяғыңды өлшеп алайын,- деді.
Маған қағаз-қарындаш алғызып, еңкейе тұрып Нәзира әпкемнің аяғын жалаң аяқтандырып қағаз бетіне сызып алды.
− Қонышы Шынардікіндей болса жарай ма? — деп сұраған. Нәзира әпкем қызарақтап басын изеді.
− Нәзираның аяғы менің аяғымнан сәл-сәл ғана үлкен екен,- деді осы тұста Шынар.
Әжем кішкене балалармен кән пештің үстіне жатты да, біздің төсектеріміз төрге қатарластыра салынды. Мен жалғызбын да, Нәзира әпкем мен Шынар екеуі бірге жатты. Әжем де, кішкене балалар да, бастары жастыққа тиісімен, тез ұйықтап қалды. Ал Нәзира әпкем мен Шынар екеуінің қыбыр-жыбыр сөздері таусылар емес. Біріне-бірі «быды-быды» деп ауыздары-ауыздарына жұқпай күбірлейді-күбірлейді де, бір кезде қиқылдаса күліп тұншығып қала жаздайды, әйтеу, әңгімелері керемет қызық, үш-қиыры жоқ ұзақ. Бұл екеуі қиқылдасып-шиқылдасып жатқанда, мен қалай ұйықтайын, көзім бажырайып, бірде айтқандарын естіп қап, бірде естімей, бірде түсініп, бірде түсінбей дөңбекшідім де жаттым. Біраздан кейін әжемнің ояна қоймасына көздері жеткен екеуі, мені де ұйықтап қалды деп ойлады-ау деймін, жыртақтап дауыстары шығып, еркіндеу сөйлесе бастады. Көбіне сөйлеп жатқан Шынар.
− Өзі сондай ұялшақ, мен бажырайып бетіне тура қарасам, қызарақтап төмен қарап кетеді. «Аға, сіз неге маған тура қарамайсыз?» — деймін қасақана. «О не, қалқам!» — дейді түк ұқпағандай. «Неге менің көзіме тура қарамайсыз?» деймін. «Иә, ал қарадым, не айтасың?» — дейді ақырын сөйлеп. «Түк те демеймін, маған тура қарасаңыз болды» деймін. «Әй, Шынар қалқам-ай, тым ерке боп есіпсің ғой»,- дейді. «Е, ерке болмай-шы,- деймін мен,-Әкем мен; апам барда, енді мына сіз барда, мен ерке болмай, кім ерке болады?» Ол: «Дұрыс, дұрыс!» — деп күле береді.
− Әй, қу қыз-ай, сен оны өйтіп жүріп бездіріп аларсың.
− Безсе кете берсін. Хи-Хи… ха-ха-ха….
Қатып ұйықтап қаппын. Таңертеңгісін оянсам, Нәзира әпкем де, Шынар да жоқ, төсектері жинаулы тұр екен.
Он шақты күннен кейін МТС-қа бара жатқан Бектайдың шанасына отырып, Нәзира әпкеме барып қайтпақ болдым. Әнеугүнгі келіп кеткенінен кейін өзінен еш хабар болмай, әжем де мазасызданып жүрген, енді шана кездескеніне қуанып қалды. Халін біліп кел деп, екі кеседей талқан, қарны ашқанда қажақтасын деп бес-алты құрт салып берді. Сөйтіп, ес білгелі алғаш рет өз бетіммен ауылдан он шақырымдай жердегі МТС-қа жол шектім.
Ауыл орталығын қақ жарып жүретін үлкен жолменен желдіртіп келе жатқанбыз, Нүсіп шалдың үйінің тұсынан кемпірі қол бұлғап шыға келді, басында кимешегі ғана, қамзолшаң жеңіл қалпы, бізді кере сап жүгіре шыққан болу керек. Бектай атының басын тартқан.
− Мысыға бара жатырсыңдар ма?
− Иә.
− Онда әлгі Көбегенді біле келіңдерші, қарақтарым. Үш күн болды сол жаққа кеткеніне, хабар жоқ. Бірдеңеге ұшырап қалды ма деп мазамыз кетіп отырғаны.
− Жарайды, кездессе ала келеміз,- деді Бектай.
Мұнан әрі еш тоқтаусыз жүріп кеттік. Бектай ырғай сапты бишікті ысқырта үйіріп-үйіріп қойған, почта тартатын шағыр көз жирен жұлқа жөнелді. Бектай маған қарай бір қырындай аяғын соза жантая отырды да:
− Ал, Қанат, жол қысқарту үшін әңгіме айт,- деді.
− Мен не әңгіме айтам,- дедім күмілжіп.
− Қыздар туралы, оларға қалай ғашық болып жүргеніңді айт.
− Мен әлі ғашық боп көргем жоқ.
− Қой, оныңа кім сенеді. Әжібек бәрің бас қоса қалсаңдар, қыздарды сөз етесіңдер ғой,-деп Бектай қарқылдап күлді.
Мен екі бетім дуылдап қызарып кетсем керек, өйткені есіме анау кездегі Әжібектің күйіп-жанған ғашықтығы туралы әңгімесі, Мәриді шақыртып алмақ болғаны түскен. Бектай соған мегзеп келеді-ау, деп қысылдым.
− Өзің ұялып кеттің ғой, жә, қалжыңым ғой,- деді Бектай иығымнан қағып.
Бектай жайшылықта ауыл арасында көк құнанымен едіреңдетіп жүргенде жан адамды менсінбейтіндей боп көрінетін. Тобылғы сапты қызыл қамшысын сәнімен сілтеп қойып жұрттың бәрінің төбесінен қарайтын, әсіресе балаларға кезіккенде ернін шүйіре тұрып немқұрайлы ғана көз тастап:
− Әй, шаңдатпасаңдаршы! — деп одыраңдап ете шығатын. Өзі Әжібектен бірер жастай ғана үлкен, бірақ соған қарамастан жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі одан әлдеқайда ересек адам сияқты еді.
Қазір екеуміз шанада қатарласа жантайып отырмыз. Шағыр көз жирен желе шоқырақтап тұяқтарымен қатқақ қарды шанаға кесек-кесегімен бората лақтырып келеді.
− Ой, мына қалыпта біз МТС-қа жеткенше көшкіннің астында қалармыз,- деді Бектай аттың басын іркіп. Онан соң астымыздағы шөптен көтеріп шананың алдыңғы жақтауының саңылау тесіктерін бітедік.- Сен мына тонды жамылып отыр,- деп, өзімен ала шыққан үлкен қара тонын менің иығыма жауып, омырауымды, аяқ жақтарымды қымтап қойды.
− Мен тоңбаймын, өзің жамылсаңшы,- деп едім.
− Жо-жо, мен ат айдап қимылдап отырам, қозғалыссыз отырған адам тоңып қалады,- деді.
Енді байқадым, көк құнанның үстінде қоқиып жүргенде үп-үлкен, ересек боп көрінетін Бектай жақыннан қарағанда өзіміз сияқты бала екен, тіпті әлі мұрты да жоқ, тебіндеп қана ізі білінеді. Бұған қарағанда Әжібекке мұрт бұрын өсетін сияқты.
− Неге күлесің? — деді.
− Жай. Мен сені есепші болғанға үлкен адам екен десем…- дедім.
− Иә, немене, үлкен адам емес пе екем?
− Өзіміз сияқты бала екенсің.
− Ә, күліп отырғаның сол ма? Әрине, баламын, бірақ сендерге қарағанда ересек баламын. Маған ойнауға болмайды сендер құсап, шәлкестік жасауға да болмайды…
− Неге?
− Болмайды, сол… Мына соғыс бітсін, амандық боп. Біздің әскер қазір жауды қуып, өз жеріне қарай тықсырып апара жатыр ғой. Көп ұзамай тас-талқанын шығарамыз әлі… Әй, сонан кейін ойынның түбін түсіріп тұрып ойнармын-ау! Мен сендердің ойындарыңа кейде сырттай қарап қоям, қызық ойындарды білмейсіңдер. Соғыстың алдында біздер ойнаушы ек!… Шіркін, ойын деп соларды айт!.. Мен асықты жақсы ойнайтынмын. Анадай жерден өрістен атқанда дәл тигізіп, сақамды дүп қатыратынмын. Бір жазда бес жүз асық ұтқаным бар… Асық ойынында қолыңа жағатын жақсы сақаң болуы керек, ауыр да емес, жеңіл де емес болсын. Асыққа тигенде дүпте қатсын…
Мұнан әрі Бектай қолыңа жағатын сақаны қалай жасау керек екенін, оны бізбен қалай үңгіп тесіп, қорғасынды қалай құю керек, табанын қай мөлшерде, қалай қайрау керек екенін тәптіштеп әңгімелеп кетті. Бір ауық мен де асық ойнауда қара жаяу емес екенімді, сақаны мен де бір адамдай тәуір жасайтынымды айтып өзара қызу әңгімеге кірісіп кеткенбіз. Кенет желіп келе жатқан атымыз оқыс ішін тартып осқырынып кілт тоқтай қалды. Алдымыздан анадай жерде жолдың дәл ортасымен бізге қарсы Көбеген келе жатыр екен. Атымыз содан үркіп тоқтапты. Аттың өзінен үркектеп тұрғанын көріп Көбеген бір шетке қарай шығып бізге жол берді. Қасынан өте бере, біз шананы тоқтатып қосарлана сәлем бердік. Көбеген ернін ғана қыбырлатты. Өзі әбден қара терге түсіп, өңі түтіге қарайып кетіпті. Бізге шаршаған жабырқау кейіпте самарқау ғана бір қарады да жол ортасына түсіп жүріп кетті, жүріп кеткен жоқ, балдағына сүйеніп жалғыз аяғымен шоқырақтай жөнелді.
− Аға, шанаға отырыңыз. Қазір біз МТС-қа барамыз да шаруамызды бітіре сап кейін қайтамыз,- деген Бектай. Көбеген қайрылған жоқ, естімеген адамша жүре берді. Балдағы қарға қатты батып, әр аттаған адымы ауыр тиіп бара жатқанын біз сезіп те, көріп те тұрмыз.
Бектай шыдай алмай шамадан қарғып түсіп соңынан жүгіре ұмтылды.
− Аға, тоқтаңызшы! — деп ышқына дауыстап қуып жеткен. Көбеген сәл кідіріп бұған бұрыла қарады да, бірдеңе деп ақырып жіберді. Бектай оған тағы да бірдеңе деп жақындай берген, Көбеген бір балдағын көтеріп ап салып жіберуге шақ қалды. Бектай кейін қарай секіріп түсті. Көбеген тағы бірдеңе деп кіжінді де, жол ортасына түсіп, бұрылып қайтадан жүріп кетті…
Жүні жығылып абдыраған Бектай қайтып кеп шанаға отырған:
− Жынды ма-ей, өзі, біз оған жанымыз ашып жүрсе, боқтайды,- деді ыза болып.
Шағыр көз жиренді бишікпен шықпырта салып жіберген, ол жануар ыршып түсіп шаба жөнелді. Кейін жаққа қарай береміз, шоқақ-шоқақ еткен Көбеген біртіндеп алыстап, сәлден соң мүлде ұзап кеттік, мидай жазық қарлы далада қара ноқатқа айналды, кішірек бір белеңді асқанымызда, көзден де таса болды.
− Әй, осы соғыстан қайтқандар қиын,- деді Бектай әлі де ұмыта алмай,- Шетінен контужный.
Биік дөңнің үстіне шыға келгенімізде, дәл иегіміздің астында, ойда, үлкен ауыл MTС жатты. Мұндай үлкен ауылды бірінші көруім, о шеті мен бұ шеті ат шаптырымдай шығар, үйлері сонша көп болар ма, жыпырлата салынған, төбесінен қарағанда құмырсқаның илеуі сияқты. Және көшелері де көп екен. Көше бойлары селдіреген ағаштар.
− Ойпыр-ой, үйлерінің кебін-ай! — деппін ішегімді тартып таңырқап.- Мына құжынаған көп үйдің арасынан әркім өз үйін адаспай қалай табады екен?
МТС-қа бұрын да талай кеп жүрген Бектай күле қарады.
− Әй, надандық-ай,- деді кекетіп.- Қалай тапқаны несі? Мұнда әр көшенің аты, үйлерінің саны бар. Сол бойынша еш адаспай оп-оңай табады. Мысалы, мынау сол жақ қапталдағы сырты қоршаулы жатқан МТС-тың ауласы,- деп көп комбайндар мен тракторлар қатар-қатар тізіліп тұрған тұсты нұсқады.- Оның бергі жағындағы екі қабат үйлер МТС-тың кеңсесі және бастықтары тұратын үйлер. Ал мына оң жақтағы созылып жатқан көп терезелі ұзын үй — жатақхана. Сенің Нәзира әпкең сонда тұрады.
− Ал анау көп үйлерде кімдер тұрады?
− Осы МТС-тың жұмысшылары.
Көшеге де кірдік. Міне, үй деп осыларды айт, зәулім биік, шатырлары тура кітаптағы суреттердей, төбелеріне қарасаң, басыңнан қалпағың түседі. Есіктерінің алдында тақтайдан жасалған: баспалдақтар, ақ боран ай бойы соқса, қар баса қоймас. Шіркін осындай үйлерде де адам тұрады-ау! Ал анау, екі қабатты үйде тұратындар тіпті ерекше адамдар шығар!
Шана әлгінде төбеден Бектай жатақхана деп көрсеткен ұзыннан-ұзақ салынған көп терезелі үлкен үйдің алдына кеп тоқтаған. Бектай мені түсірді де, екі сағаттан кейін алып кететінін айтып шаруасына жөнелді.
Есік алдында жүрген бір кемпірден сұрап ап, әпкемнің бөлмесіне мен кіргенде, ол ортадағы биік столдың басында қағаз қарап жалғыз отыр екен.- Мені көріп қуанғаны сонша, ұшып кеп бас салды, құшағына қатты қысып:
− Келгенің қандай жақсы болды, Қанатай! Үйді ойлап жабырқап отыр едім,- деді. Құшағынан босағаннан кейін байқадым, екі көзі қып-қызыл, әбден жылағаны көрініп тұр. Өңі әнеугүнгі үйге келгендегісінен де гөрі бозарып, жүдей түскен.
− Жылапсың ғой? — дедім.
− Иә, аздап жыладым,- деді әпкем теріс айнала беріп,- Өз теріме өзім сыймай, тіпті қысталанып кеттім.
− Біреу ренжітіп пе еді?
− И-и…- деді қынжыла қолын сілтеп.- Неге ғана қыз болып жаралдым екен.
− Немене, қыз болған жаман ба?
− Несін сұрайсың, Қанатай, жаман болғанда жаман… Кім көрінгенге көз түрткісің. Сауды қойып ақсақ-тоқсаққа дейін сөз салады.
− Сен ондайлардың сөзін тыңдама, қағып жібер.
Әпкем күліп жіберді.
− Енді өзім де сөйтем,- деді жасаураған көзін сүрте тұрып.
Әпкем «ақсақ-тоқсаққа дейін» деген кезде, есіме әлгінде жолда бізге қарсы жолыққан Көбеген түсті. Балдағы қарға батып, жалғыз аяқпен қиналып бара жатқан аянышты кейпін ұмыту мүмкін емес қой. Мен әпкеме соны айтқам.
− Ауылға жаяу қайтып бара ма екен? — деді әпкем көзі шарасынан шыға.
− Иә. Біз қазір біраздан кейін кері қайтамыз, шанаға отырыңыз,- деп ек, өзімізді боқтап жіберді.
− Сонда ол неғылғаны? — деді әпкем үрейленген үнмен.- Кімге жасаған қиястығы?.. Сорлы жан екен ғой өзі. Сұмдық-ай, егер осыдан бірдеңеге ұшырар болса ғой, бүкіл елге мен қарабет болам… Қанатай, оны тездетіп қуып жету керек. Әйтпесе ол бір пәлеге ұшырап жүрер,- деп дегбірсіздене бастаған.
Мен қазір екі сағаттан кейін Бектай екеуміздің ауылға кері қайтатынымызды, сонда Көбегенді қуып жетіп, шанаға отырғызып әкететінімізді айтып, әпкемнің үрейін басқандай болдым.
− Сөйтіңдер, Қанатай, сөйтіңдер. Пәлесінен аулақ,- деді әпкем көңілі орнына түскендей.
Мен әпкемнің мына мінезіне таң қалдым. Бірақ өзі айтпаса, қазбалап сұрауға және батпадым.
− Сен енді үлкенсің ғой,- деді әлден уақытта күрсініп.- Сол Көбеген үш күн бойы осында менің жүйкемді тоздырды.
− Немене, бірдеңе дей ме?
− Ашық айтып ештеңе демейді. Құр жатақхананың алдына кеп, балдағына сүйеніп сүмірейіп тұрады да қояды. Алғашқы күні МТС-қа бір шаруасымен келіп, содан маған соққаны шығар деп, жаным қалмай ағалап, бөлмеме шақырып шай бердім. Екінші күні сабақтан шықсам, тағы келіп тұр. «Иә, қайтуға көлік табылмады ма, аға?» — десем, «Жоқ, мен қайтқалы жүргем жоқ, саған келіп едім, Нәзираш. Сенде сөзім бар еді»,- дейді. Тағы да бөлмеме шақырып шай бердім. «Ал, аға, маған не айтпақ едіңіз?» — дедім. «Жай, өзіңді көргім келеді де тұрады, қалқам»,- деп міңгірлейді. «Мені көре беріп қайтесіз, аға, маған алаңдап, алданбаңыз»,- деп шығарып салғам. Сонымен кеткен шығар десем, бүгін ертеңгісін тағы келіп тұр. Ыза болдым да ұрсып-ұрсып жібердім. Бұрылып алып кеткен. Ауылға жаяу тартқаны маған ренжігендегісі ғой. Онысы несі? Өзі жарымжан адам, егер жолда жазатайым бірдеңе болса ғой, бәріне кінәлі мен болам. Сонда жазығым -ұнатпайтынымды айтқаным ба?
Көбегеннің мына қылығына әпкеме қосылып мен де ренжідім, шынында да, үп-үлкен адамның онысы несі?
Апалы-інілі екеуміз өстіп сырласып отырғанымызда, есік жұлқа ашылып, бөлмеге орта бойлы, қара торы біреу алқын-жұлқын кіріп келген. Біреу дейтінім, а дегенде қыз ба, ұл ма айыра алмадым. Мені көріп өзі де қысылып қалды.
− Үйде қонақ бар екен ғой,- деді күліп. Қыз екенін күлкісінен білдім. Нәзира әпкем ол екеумізді қысқаша таныстырып өтті. Бұл — әпкемнің қасында жататын курстас жолдас қызы Гүлсара екен. Мұның да басында әпкемдікіндей құлақшын, қолындағы дорбасы мен күпәйкесін төсегінің үстіне қарай лақтырып тастаған, мұның да кигені сол әпкемдікіндей комбинезон, бұл .да шашын төбесіне түйіп апты. Мына қалпында қыздан гөрі талдырмаш жасөспірім бозбалаға көбірек ұқсайды.
Бос тұрған орындыққа кеп гүрс етіп отыра кетті.
− Екі нанды да жақсы бағаға саттым,- деді ол Нәзира әпкеме есеп бере сөйлеп.- Онан соң базардан шығып келе жатсам, әнеугүнгі сары кемпірдің кездесе кеткені, тағы бір ширек шай ұстап келеді екен, соны сатып алдым, анау дорбаның ішінде ал қалған ақша, міне, қалтамда.
− Жақсы болды. Шайды қазір әжеме беріп жіберейін,- деді әпкем де қуанып.
Мен келгенде отқа қойған шәугімдегі су қайнап, әжем беріп жіберген талқан мен құрттарды ортаға қойып, үшеуміз шайға отырдық.
Гүлсара сөйлегіш те, күлегеш, көңілді қыз екен. Ауыз жаппай сөйлейді де, өзі мәз боп күледі. Күлген кезде, екі беті шұқырайып, сүйкімді боп кетеді.
Жаңа базарда бір әйел сыбырлап қана: «Әй бала, менде самогон бар»,- дейді, мен де сыбырлап қана: «Осы жерде тұрыңыз, қазір кеп ұстап әкетеміз»,- дедім. Әлгі әйел: «Жә, бір стақанды өзіңе тегін берем»,- дейді сыбырлап. Мен: «Жо, бір стақан аз»,- дедім. «Екі стақан», «Екеу де аз». Әйел долданып: «Жап-жас болып құлқының кең екен өзіңнің!» -деді. Мен шыдай алмай күліп жібердім де, ары қарай жүріп кеттім. «Қаршадай болып шешесіндей адаммен қалжақтасады»,- деді әйел соңымнан ашулы үнмен…
Гүлсараның әңгімесіне мәз боп күліп отырғанымызда, сырттан Бектайдың: «Қанат!» — деп айқайлай шақырған даусы естілді. Шағыр көз жиреннің біз отырған бөлменің терезесінің тұсына кеп, басын кегжитіп тоқтай қалғаны көрінді. Тез жиналып далаға шықтық. Нәзира әпкем әлгінде Гүлсара әкелген ширек шайды және қайдан алып шыққанын білмеймін, үш тілім қара бөлке нанды орап берді.
− Шайды апарсам да жетеді ғой, нанды алып қал, өзіңнің қарның ашады,- деп едім.
− Балалар жесінші,- деп бой бермеді. Мен оның бозарып жүдеу тартқан жүзіне қарадым, бір түрлі сырқаттанып тұрған сияқты боп көрінді. «Қанша дегенмен, үйден алыста жүргендікі-ау»,- деп, жаным ашыды. Өзін жекелеп шығардым да:
− Өзің жүдеп барады екенсің, нан сатқаныңды қой,- дедім өзімше ұрса сөйлеп.
− Жалғыз мен емес, басқалар да сөйтеді. Бір күндік нормамыздың жартысын сатып, ақша жинап киім-кешек алсақ дейміз.
− Киім кимесең өлмессің, денсаулығыңды ойласаңшы,- дедім дәл осы арада әжемше ақыл айтып.- Жақын арада тағы да келем, егер нан сатқаныңды білсем әжеме айтам.
− Жарайды, Қанатай, енді сатпаймын,- деді әпкем мені күле құшақтап. Қоштасып жүріп кеттік. Шағыр көз жирен ауылға қарай заулап жөнелді. Биік дөңге көтерілгенде кейін бұрылып МТС-қа көз салғам, дүрілдеген, тарсылдаған-дүрсілдеген, бірі МТС ауласының ішінде, бірі ауланың сыртын айналып қым-қиғаш бірінің жолын бірі кес-кестеген тракторлар жерді солқылдатып сабылып жүр екен.
− Бұлары несі, босқадан-босқа жүргендері? — деп сұрағам Бектайдан.
− Двигательдерін қыздырып жүргендері ғой,- деді Бектай.
− Ә.
Биік дөңнен де астық, МТС кейіндеп тасада қалды. Бірақ тракторлардың тарыл-тұрылдары көпке дейін естіліп тұрды.
МТС-тан шығарда заулай жөнелгенімен, биік дөңді асып, ауылға баратын даланың сүрлеу жолына түскеннен кейін Шағыр көз жиреннің әлгіндегі екпіні бәсеңсіп, бүлкіл желіске ауысты. Түс ауа жылымықтанып, жентектеліп жатқан қар да жүрісін ауырлатса керек. Екі бүйірі солқылдап терлейін деді. Жайма-шуақ күннің сәулесіне шағылысып иі босап жатқан қарлы даладан ұялшақтағандай Бектай екеуміздің көзіміз қарығып, сырғыған шананың үстінде маужыраған рақат күйде келеміз.
Екеуміз де үнсізбіз. Сөйлесуге ерінетін сияқтымыз. Мынау белес-белес боп созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ аппақ дала, бір шөкім бұлт жоқ шыныдай мөлдір көк аспан, май тоңғысыз жылым ауа — барлығы да шана үстіндегі бізді тербетіп келе жатқандай болады.
− Әлгі Көбеген байғұс көрінбейді,- деп қойды бір кез орнынан көтеріліп алға қараған Бектай. Менің есіме әпкемнің бағанағы айтқандары түсті. Бір ауық ойша екеуін салыстырып көргем, сүмірейген балдақты ақсақ, әрі кексе Көбеген мен тепсе темір үзетін, оттай жайнап тұрған әпкем екеуінің арасы жер мен көктей екен. Ақсақ бұл түгілі қол-аяғы бүп-бүтін, түр десең түрі бар, өнер десең өнерлі, жігіттің сұлтаны боп көрінетін Ырысбекті де әпкем менсінбей қойды ғой. Әпкемнің теңі Тоқтар еді ғой. Шіркін, қандай әдемі жігіт еді! Шалдар айтқандай, қынынан суырған қылыштай боп тұрушы еді. Ер жігіт сондай-ақ болар! Оның қасында Ырысбек кім, Көбеген кім? Қайран әпкем, түсінем мен сенің жайыңды… Қалғып кетіппін.
− Аға, отырыңыз! — деген дауыстан көзімді ашып алдым. Шана тоқтапты. Жол шетінде тұрған Көбеген қарға сағағына дейін батқан қос балдағын әзер деп суырып алды да, шана үстіне лақтырып тастай берді, өзі бір аяғымен секіріп кеп, бар салмағымен менің қатарыма гүрс етіп отыра кетті, отыра кеткен жоқ-ау, құлап түсті. Жақыннан анық көрдім, түрі адам шошырлық еді, өрт сөндіргендей қап-қара, бет-аузынан айғыз-айғыз аққан тердің іздері ақ таңдақтанып, жолақ-жолақ боп қапты. Шанаға жамбасы тиген бойда талмаусырағандай көзін жұмды. Танауы қусырылып, тынысын солықтай алып, тым-тырыс сұлық жатты да қойды. Өне бойы тегіс әбден тоңған адамдай діріл қағады.
Екі белесті асқан соң ауылға да жеттік. Нүсіп шалдың үйінің тұсында Бектай шананы тоқтатып, Көбеген түсіп қалды. Қалт-құлт етіп бір аттады да, босап жатқан қарға айыршағына дейін кеткен балдағын суырамын деп алға қарай ұмтыла тартқанда, жалп етіп ұшып түсті. Бектай екеуміз шанадан секіре-секіре түсіп ұмтылғанбыз, осы кезде үйлерінен Нүсіп шал мен қызы екеуі де жүгіре шыққан. Екеуі бізден бұрынырақ жетіп Көбегенді қолтығынан демеп, көтеріп әкетті.

ҚЫДЫРМАН ТОЙТЫҚ

Арада екі күн өтті ме, жоқ па, сәске кезінде күтпеген жерден Нәзира әпкем жетіп келді. Қасында сол әнеугүнгі мен көрген Гүлсара деген дос қызы. Екеуінің де үстінде сол еркекшора киімдері — комбинезондары, іштерінен жылы жемпірлерін киіп, белдерін мықтап буынып алған, бастарында құлақшын, білмеген адам екеуін де қыз деп ойламайды, ауыл арасының бозбалалары сияқты, жүрістері суыт, сонау МТС-тан жаяу келгендері көрініп тұр. Әжем әуелде қуанып қалса да, артынша көңілі әлденеден секем алғандай:
− Әйтеу, бұл жүрістерің жайшылық па? — деп сұраған.
− Жайшылық. Сендерді сағынып кеттім,- деді Нәзира әпкем жайма-шуақ күлген болып. Бірақ үнінде де, күлкісінде де абыржу бар еді. Құлақшынын шешіп, желкесіне түйген тоқпақтай ұзын бұрымын босатып әуелі өңіріне түсіріп, үш жағын сәл тарқатыңқырап барып өрді де, сәнімен арқасына қарай сілкіп тастап, әжемнен бастап барлығымызға тегіс күлімсірей қарап шықты. Күлкісі маған жасанды боп көрінді.
− Сонша неғып үрпиісе қалдыңдар? — деді тағы да көңілдене сөйлеген боп.
− Әй, сенің осы келісің тегін емес. Менен бірдеңені бүгіп тұрсың? — деді әжем.
− Айтып ем ғой,- деді Нәзира әпкем Гүлсараға қарап күле сөйлеп,- Менің әжемнің көріп келі бар деп. Әне, бәрін біліп отыр.
− Әй, нені біліп отыр дейсің? Нені жұмбақтап тұрсың?! — деді әжем шыдамсыздана.
− Ештеңе емес. Сонан кейін айтам ғой.
− Жоқ, қазір айт.
− Айтсам айтайын,- деді әпкем сол көңілді үнін бұзбастан.- МТС мына Гүлсара екеумізді және бес-алты қызды соғыстан азат етілген қалаларды қалпына келтіруге жіберіп отыр.
− Ойбай, не дейд?! Соғыс деймісің, ой-ба-ай!..- деп әжем баж етіп, ойбайлап жөнелген.
− Жә… Ойбайлағаны несі, жаманшылық шақырып,-деп Нәзира әпкем қатулана дауыс көтерген.
− Ойбайламағанда маған қуан деп отырсың ба?! Ой-ба-ай-й!..
− Қуан деп отырғам жоқ, бірақ ойбайлама деймін. Мен тірімін ғой.
− А! — деген сасып қалған әжем не дерін білмей.
− Мен тірімін ғой, жаманшылық шақырып ойбайлама деймін.
Тосылыңқыраған әжем сәл бәсеңдеп:
− Өзің соғысты айтып отырсың ғой, қарағым-ау,- деген енді жыламсыраған үнмен.
− Мен соғыс деп отырған жоқпын, соғыстан босаған, біздің әскерлер азат еткен қалаларды қалпына келтіруге барамыз деп отырмын.
− Ойбу-у, енді қайтейін-ай, ол да бәрібір соғыс қой. Әй, қу құдай, шұнақ құдай…- деп, әжем әлгіндегідей емес бәсең үнмен зарлай бастады.- Әкесі мең шешесінен өлідей айрылып, енді бұдан тірідей айырайын дедің бе?! Бұл сұмдықты көрсеткенше мені неге алмайсың. Мен өліп, бұлар менің соңымда жылап неге қалмайды. Қу құдай, көзі жоқ соқыр құдай, тас керең құдай…
Осылайша әжем басқаны емес, дүниені тегіс уысында ұстап тұрған құдайдың өзін көктен алып, жерге салып қарғап-сілей бастады. Әншейінде екі сөзінің бірінде «аллалап» сиынып отыратын діншіл әжем ашынған кезінде құдайыңның да бас-көзіне қарамайды екен. Қу да, шұнақ та, тас керең де, көр соқыр да — әйтеу, адамды қорлайтын кем-кетіктің бәрін соның басына үйіп-төкті-ай келіп. Әжемнің мына қарғап-сілегеніне қарап құдайды Байдалы шалдың ар жақ, бер жағындағы біреу ме деуге болатын. Өйткені дәл қазіргі сәтте құдай бар болатын болса, әжемнің мына сөздерінен кейін: «Әй, осы кемпірден аулақ Жүрейінші» деп, біздің үйдің төңірегінен безіп кеткен шығар. Қашанғы қарғанып-сілене берсін, біраздан кейін құдайдың жер-жебіріне жеткендей болған әжем басылайын деді. Ойбайын токта тып, көз жасын тыйды да:
− У-уһ… О, жаратқан, кеше гөр,- деді ауыр күрсініп. Онан соң үнсіз отырған Нәзира әпкеме қарап: — Қашан жүресіңдер? — деп сұрады.
− Ертең таңертеңгі сағат тоғызда МТС-та болуыңыз керек.
− Баратын жақтарың, әлгі бұзылған қалаларың алыс па?
− Поезбен барамыз ғой,- деді әпкем алыс, жақынын ашып айтпастан жұбата сөйлеп.
− Алыс десеңші.- Әжемнің көңілін аударғысы келген әпкем:
− Мына Гүлсара үйімен қоштаса да алмай кетіп барады,- деген.
− Ойбуй, қарағым-ай, әй,- деді жаны ашып кеткен әжем.- Үйің алыста ма еді?
− Ақсу жақта, алыста.
− Ата-анаң бар ма еді?
− Бар, әкем де, шешем де бар, колхоздың малын бағады, қазір олар төменгі құмда Балқаштың бойында ғой. Бір-екі күнде үлгеріп барып келе алмаймын.
− Ой, әттегене-ай, а… Естігендерінде қандай аңырар екен, сорлылар! Ең болмаса, маңдайыңнан бір иіскеп қалмағандарына өкінеді-ау, ә… О, қараң өшкір, пәшіс-ай!.. Ойдағыны ойда, қырдағыны қырда зарлаттың-ау. Өстіп зарлап қалғыр-ай…
Мұнан әрі әжем белін бекем буып, қайратына қайта мінгендей орнынан тұрды.
− Әй, Қанат! — деді қатқыл үнмен маған,- анау көк тушаны ұста да, Нүсіп бола ма, Мақым бола ма, біреуін ертіп кел, мына әпкеңді айналдырып айтып сойып, құдайы тамақ берейін.
− Әже-ау, көк тушаны қайтесің, буаз шығар.
− Буаз емес.
− Өздеріңе қажет болады ғой, кейін көктемге қарай мына балалар ашығып жатса, сойып, көже қатық жасарсыздар,- деген әпкем бәйек болып.
− Жә, біз ел ішіндеміз ғой, өлмейміз,- деді әжем кесімді үнмен.
Мен әуелі жүгіріп барып үйі жақындау почташы Мақым шалды шақырдым да, одан қайтып кеп қораның іргесіндегі сабанды қажақтап жүрген көк тушаны ұстап есіктің көзіне жетектеп әкелгенімде, әжем Нәзира әпкемді ертіп шығып тұр еді. Әпкем мен Гүлсара бір-біріне қарап жымыңдасып қояды, бірақ ескіліктің қалдығы деп қарсылық етуге әжеме және батпайды, бәрін күлкімен жуып-шайған түрлері. Мақым шал көк тушаны Нәзира әпкемнен үш рет айналдырып бата жасады, «біссімілдә» деп союға кірісті.
Сол күні түстен кейін ауылдың біраз шал-кемпірлері кеп, үйден құдайы тамақ ішіп, Нәзира әпкеме оң сапар тілеп, баталарын берді.
Кешкісін Нәзира әпкеммен мектепте бірге оқыған дос құрбы қыздары: Нұрбике, Үміт; ұлдан Қыдырман және бұлардан екі-үш жасы үлкен болса да Нәзира әпкеммен станцияға астық тартып бірге жүріп, бірге тұрып, аралас-құралас боп кеткен Зибаш жиналған. Соғыстан бұрынғы балалық шақтарын, мектепте оқыған кездерін еске алып, мәз-мейрам боп күлісіп, ән салып, біраз көңілдерін көтерді. Мен ес білгелі, Нұрбике, Үміт, Нәзира әпкем үшеуінің бастары қосылса болды, ауыздары жабылмай, жыпылдасып ұзақты күнге сөздері таусылмайтын. Үшеуі де бірінен-бірі өткен күлегеш, үшеуі де сөзшең, сауысқанша шықылықтап, шошаңдап қалған қыздар еді. Не сөйлеседі, неменеге сонша жыртақтасып мәз боп күлетіндерін адам ұғып болмайтын. Біріне-бірі мұрындарының үстінен алақандарын қырынан ұстап қарайтын да, соған көздерінен жас аққанша сықылықтасып кеп күлетін. Кейіннен білдім, ондағысы өздерімен бірге оқитын осы Қыдырманды мазақтағандары екен де. Қыдырман мұрны қоңқиған ұзын, көзі қысықтау, мінезі әңгүдіктеу бала болатын. Мектепте өзінше қыздардың қасына кеп қырындаған боп тұрады екен. Сондайда бірде қоңқақ мұрнын уқалап жиі-жиі тартқыштай берсе керек. «Немене, сенің мұрныңа бірдеңе болған ба?» — дейді қыздардың бірі кекетіп. «Ұйықтап жатқанымда шіркей кіріп кеткен бе, білмеймін»,- депті Қыдырман мұрнын уқалай түсіп. «Қой, шіркей емес, шыбын шығар»,- депті қыздар. «Шыбын болса шыбын шығар»,- дейді қыздардың мазағына түсіне қоймаған Қыдырман. «Ой, мынадай танауға шыбын емес, ара кіріп кеткен шығар»,- депті қыздардың бірі онан әрі қақпақылдап. «Жо, ара емес, ара болса ендігі шағып ап, мұрным ісіп кетер еді ғой»,- деген екен Қыдырман. Содан үш қыз ішектері түйілгенше ал кеп күлсін. Неше уақытқа дейін бір-біріне мұрындарының үстінен алақандарын қырынан ұстап қараса-ақ болғаны, сықылықтап күлкіге бататын. Енді бүгін де естеріне алып, сондағы әзілдері мен күлкілері өздеріне ерсі көрініп отыр.
− Түк ұқпайтын бала екенбіз ғой,- деседі.
Біраздан кейін Нұрбике кішкене баласының еметін мерзімі болғанын айтып рұқсат сұрап, қоштасып кетпек болды. Осыдан бес-алты ай бұрын үйде отырып босанып, ұл тапқан. Жігіті Берік өткен қыста әскерге кетті де, көп ұзамай артынан қара қағаз келді, ал Нұрбике болса не қыз емес, не күйеуге тиген әйел емес, балалы жесір боп қала берді. Ата-анасының бетіне мұнан өткен не шіркеу болсын. Нұрбикенің өзі де көпшілік жиналған жерге жоламай, көзге түспеуге тырысып, қашақтап жүреді. Әбден жүдеген, тек бажырайған мұң толы көзі ғана қалған. Бүгін бірге өскен құрбысы Нәзира әпкеммен қоштасып қалу үшін ғана келіпті.
Нұрбике кеткен соң, құрбылары сырттай оған аяныш білдіре отырып, өз бастарындағы қайғы-қасіреттерін шағынғандай болды. Әсіресе Үміт Нәзира әпкемнің қасына отырып ап, құшақтап айырылғысы келмейді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жабайы алма - 19
  • Parts
  • Жабайы алма - 01
    Total number of words is 4097
    Total number of unique words is 2135
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 02
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2120
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 03
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2099
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    46.3 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 04
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2172
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 05
    Total number of words is 3966
    Total number of unique words is 2110
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 06
    Total number of words is 4026
    Total number of unique words is 2200
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 07
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2082
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 08
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2135
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.0 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 09
    Total number of words is 4059
    Total number of unique words is 2144
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 10
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2161
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 11
    Total number of words is 4114
    Total number of unique words is 2117
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 12
    Total number of words is 3982
    Total number of unique words is 2149
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 13
    Total number of words is 4123
    Total number of unique words is 2048
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 14
    Total number of words is 4083
    Total number of unique words is 2136
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 15
    Total number of words is 3990
    Total number of unique words is 2084
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 16
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2134
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 17
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2179
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 18
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2060
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 19
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2131
    33.7 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 20
    Total number of words is 4093
    Total number of unique words is 1972
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 21
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2009
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 22
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2035
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 23
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2068
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 24
    Total number of words is 4039
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 25
    Total number of words is 4131
    Total number of unique words is 2063
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 26
    Total number of words is 3115
    Total number of unique words is 1635
    39.3 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.