Latin Common Turkic

Жабайы алма - 08

Total number of words is 4099
Total number of unique words is 2135
33.3 of words are in the 2000 most common words
47.0 of words are in the 5000 most common words
54.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
− Қайран жеңешелерім, еңіреген ер ағаларымның асыл жарлары, тәубеме бір келтірдіңдер-ау! Ризамын…- деді тағы да.- Отырыңдар!.. Сіздер жұмсаған жаққа бармай мен қайда кетеді дейсіңдер. Арба айда десеңдер арба айдайын, астық таста десеңдер оны да істейін. Жігіттік сөзім, ант етіп айтайын, қосқан жұмыстарыңды істеймін. Туған ел, туған жерді сағынғанда, осы өздеріңдей жеңгелерімнің ұлтаны боп жүрсем деп армандап ем. Ауылға келген соң соның бәрін ұмытып ит боп барады екем, кешіріңдер. Мен қайттым райымнан… Ал енді менің де аз тілегім, отырыңдар, дәм татыңдар, онан соң бірге шығайық. Зибаш, тездет, тамағыңды!.. Отырыңдар, жеңгелер. Дастарқанымызды теппеңдер…
Апам бастаған әйелдер бір-біріне қарап қойды да аң-таң боп, отыра-отыра кетті. Зибаш отты үстемелей жағып, көжесін сақыр-сұқыр қайнатып тездете бастады.
− Тездет, Зибаш!.. Көп кешікпейік,- деп қойды да Ырысбек домбырасына қол созды.-Сенің көжең піскенше мен жеңгелеріме бір-екі ән салып берейін,- деді.
− Сөйтсең сөйтші,- деді аяғын көсіліп жайғасыңқырай отырған Нұрсұлу.
Ырысбек домбырасын күйлеп, тамағын бір кенеп алды да мұңайған үнмен:
− Кеудеме жау оғы тиіп, ұрыс даласында қансырап жатқанымда туған жер, ел-жұрт, мына отырған өздерің көз алдыма елестеп, «дүние-ай, соларды бір көре алмай кетемін бе»,- деп тарығып жатып шығарған әнім еді. Қазір сендерге соны айтып берейін,- деді.
Әйелдердің бір-екеуі еріксіз бір еріксіз күрсініп қалды. Ырысбек зарлы әуенді аңырата жөнелді. Өзінің туған ел, туған жермен қош айтысып, аждаһа жауға қарсы аттанғаны, жауған оқ пен жанған оттың ортасына тап болғаны, әккі жаумен арыстанша алысқаны, қапыда жараланғаны, содан қансырап ұрыс даласында қалғаны, бір жұтым суға зар болғаны, сол сәтте туған ел, туған жер, күліп-ойнаған құрбы-құрдас бәрі-бәрі тізбектеліп өте бастайды көз алдынан; әрқайсысының көңіл қимас мінез-қылықтары, құрбылық наздары бар, итшілеген тірлікте бір-бірінің қадірін білмеген, көкіректі қарс айырған өкініш бар… Ырысбектің көзінен тарам-тарам жас кетті. Зарлаған даусы, онан да зарлы сөздері жүйке-жүйкені босатып, мүлде егілтіп жіберді.
− Сорлы-ай… қайтсін-ай!..- деген әйелдердің бірі жылай сөйлеп аһ ұрып. Сол-ақ екен бәрі бірдей мырс-мырс жылап берді.
Қош-есен бол, жеңгелер,
Су бер десем, бал берер.
Қапыда кеттім, дүние-ай…
Зарымды менің кім көрер?..
Өзі де жылап, әйелдерді де жылатып біраз шер тарқатқаннан кейін Ырысбек:
− Өстіп зар еңіреп жатқанымда орыстың бір қаршадай қызы, дәл осы өзімнің Нәзира қарындасымдай балғын жасы кеп, өлімнен арашалап алып қалды,- деп, домбырасын шетке тастай салды. Онан соң: — Қой, жылап отыратын уақыт па. Жұмысқа аттанайық! — деді көзінің жасын сүртіп.- Көңіл шіркінді еркіне жіберсең езіле береді. Бір ауық өзіңді-өзің тежемесең. Бекем болайық, жеңгелер!
− Рақмет, қайным!
− Бақытты бол!
− Зибаш екеуің қосағыңмен қоса ағарыңдар! — десті әйелдер шын көңілден риза болып.
Әлгіндегі ашулы келістерінен, бұрқ-сарқ еткен сөздерінен із де қалған жоқ еді. Бәрінің де көңілдері елжірей қалған жұмсақ күйде.
− Зибаш, көжеңді әкел! — деседі.
Ортаға келген жарты тегеш кеспе көжені қолдарына тиген шұңғыл ыдысқа құйып, екеу-үшеуден кезектесіп бір қасықпен ішуге кірісті. Ырысбекке үлкен тостақан мен жеке қасық беріп:
− Сен еркексің ғой бізге қарама. Тойып ал! — дейді. Сырттан есік алдынан біреулер тасыр-тұсыр жүгіріп өтті. Сөйткенше болған жоқ, есіктен сұңқиып жынды Бүбітай кіріп келді. Үйдегілерге тегіс бажырайып қарап өтті де:
− Тойлап отырсыңдар, ә,- деді.- Мені ғой тойға шақырмайсыңдар. Ал шақырмасаңдар да мен өзім келдім,- деп босағаға отыра кетті. Үсті-басы жұлым-жұлым, кір-кір еді, өзі жүдеу.
Мен зәрем ұшып апама тығыла түстім.
− Ей, қор болған сорлы-ай!..- деді Нұрсұлу, аяныш білдіріп күрсіне. Үй ішіндегілер көжені сораптатқандарын тоқтатып, тым-тырыс тына қалды.
− Ал әкесеңдерші, қант-кәмпиттеріңнен, шай ішелік,- деді Бүбітай.
Ауыз үйден тықыр естілді де, ақырын ғана есікті ашып Тоштан кірді. Бүбітай: «Ойбай-ай, ойбай-ай!.. Мынау тағы жетті-ау!» — деп зар қағып ыршып, әйелдерді баса-көктеп төрдегі Ырысбектің қасына бір-ақ жетті. Зәресі ұшқан Ырысбек атып қазан жақтағы Зибаштың қасына барды.
− Тәтем маған бой бермей қашып келді,- деді Тоштан кінәлі адамдай өзінің қолында ұшына сым темір байланған кішкентай қамшысы бар.
− Тәтеңді сен өзің қарап жүрсің бе? — деп сұрады Нұрсұлу.
− Иә, өзім қараймын.
− Немене, сонда бір үйде екеуің ғана жатасың ба?
− Иә, екеуміз ғана.
− Әй, мына тамақты маған қойдыңдар ма? — деді Бүбітай Ырысбектен қалған көжеге қарап.
− Иә, саған қойдық. Іш.
Бүбітай ашқарақтанып көжені алды-артына қарамай апыл-ғұпыл іше бастады.
− И-и, сорлы-ай…
− И-и, байқұс-ай, аш екен-ау! — десіп әйелдер егіліп кетті.
− Тоштан, келе ғой, қарағым, көже іш,- деп апам алдымыздағы тостағанға тегеште қалған көжеден толтыра құйды.
Тоштанның да қарны аш екен, көжені қомағайлана ұрттады. Әйелдердің әрқайсысы одан әр нәрсені сұрап жатыр, ол көжені ұрттай отырып жауап қатады.
− Тәтеңмен екеуің жалғыз жатқанда қорықпайсың ба?
− Алғашқыда қорқатынмын, қазір қорықпаймын.
− Әйтеуір айтқаныңды істей ме, тіліңді ала ма?
− Тілімді алмаса мына қамшымен ұрам. Байдалы атам солай үйреткен. Ал оған да көнбесе онда, міне, бізім бар, мұны да со Байдалы атам жасап берген, осыны сұғып алам.
− Өзіңді ұрып тастамай ма?
− Жоқ. Бізден қорқады.
− Ал жатқанда қалай жатасыңдар.
− Жатарда мен тәтемнің қолын артына қайырып байлап қоям.
− Неге?
− Әйтпесе, түнде тұрып мені тұншықтырады. Қолының жібі шешіліп кетіп екі рет тұншықтырды да.
Көжені ішіп болған соң Бүбітай жан-жағына түкірініп, күбір-күбір сөйледі де, ешкімге қарамастан, жолында отырғандарды баса-жанша сыртқа беттеді.
Тоштан да тұрып соңынан ерді. Есіктен шығып бара жатып менің апама:
− Апа, мен күніне бір уақыт барып қырманда жұмыс істесем бола ма? — деді жалынышты үнмен,- Әйтпесе, қыс түсіп келе жатыр, тәтем екеуміз аштан өліп қаламыз ғой.
− Болады, қарағым, болады. Өзің шамаңның келгенінше қырманда істе. Кейін тәтең екеуіңе әскер семьясы деп жәрдем бергіземіз,- деді апам.
− Ойпырм-ай, иманымды бір ұшырды-ау,- деді Ырысбек күле сөйлеп. Бірақ оның сөзіне ешкім үндей қойған жоқ. Түрлері тоң-торыс боп қабақтары түсіп кеткен әйелдер күрсіне береді.
− Әй, Ырысбек, темекіңнен әкеші,- деді кенет Нұрсұлу.
Онан соң Ырысбек ұсынған темекісі бар дорбаны алып, шылым орады. «Әй, қатын, бізге де берші, бері!» — деп Сәруа мен Қалипа да темекіге қол созды. Үйдің ішін ащы темекінің көк түтіні жайлады. Қою түтін. Тамақты жыбырлатып, көзді ашытып еріксіз жөтелдіреді. Үш әйел үш жақтан бұрқ-бұрқ тартып отыр. Мен жөтеле бастағам, апам:
− Түу, сонша бұрқыратқандарың-ай, мұрындарыңды құрт жеп бара жатқандай,- деді.
− Ей, қатын-ай, мұрнымды жемесе де кеудемді жеп барады ғой Осы ащы түтіннен басқа не жұбаныш қалды енді,- деді Нұрсұлу,- осыны да көп көріп отырсың ба?
− Мейлің, тарта бер.
− Ойбу, отырып қаппыз ғой, ал тұралық енді,- деді орнынан қозғалған апам даусы аяқ асты қатқылдап.- Зибаш, Ырысбек екеуің артымыздан келерсіңдер, мен қырманға барып арбаларға астық тиете берейін, ай туа жүріп кетіңдер.
− Мақұл, тәте,- деді Зибаш.
Былайырақ шыққан соң әйелдердің бірі:
− Құдай-ау, не боп біттік өзі, түйіліп кеп сұйылып қалдық па,- деген.
− Е, қайдан көздеріңді сығымдап, еркек көрмегендей Ырысбектің аузына телмірдіңдер де қалдыңдар,- деді Нұрсұлу.
− Әй қатын, өйтіп бұлтақтама. Айтсаң айтшы деп, жалп етіп бірінші отыра кеткен сенің өзің емессің бе?
− Мен оның әнін тыңдайын дедім.
− Бәріміз де со әнін тыңдайық дедік қой.
− Әй, меніңше сол Ырысбек, бізді бала ғұсатып аузымызды аңқитып алдап жіберген сияқты.
− Қой әрі, ер-азамат басымен ант етті ғой. Сөзінде тұрар,- деді Нұрсұлу.- Әдіре қалғыр, осыдан алдап көрсін, немістің оғынан қалған жарты өкпесінен бір қойып, көкірегін қаздай шулатайын.
− Сенен ол да шығар,- деді апам күліп.
− Е, шықпай ше? Қатын басыммен сіңірім созылып мен жүрсем, еркек басымен шалқасынан түсіп ол жатса…
− Әй қатындар! — деді апам бәрін тоқтатып. Иіріле аялдаған әйелдер бір сәтке үнсіз тұрып қалды. Ал тағы не айтасың дегендей қараңғыда апамның аузына қарайды. Тау жақтан ақырын ғана үріп қоңыр жел соғып тұр. Күздің салқын желі.
− Түу, мына бір желдің рақаты-ай, таң атқанша талай астық ұшырып тастауға болады екен,- деді апам самбырлай сөйлеп.
− Әй қатын, айтатыныңды тура айтсаңшы, өйтіп тұспалдамай,- деп Нұрсұлу оның сөзін бөліп кеткен.
− Не айтар дейсің… барыңдар, дем алыңдар… Әй, Нәзира, жүр біз қырманға кетелік.
− Міне, бұл мысыңды өстіп құртады ғой. Жә, балалар ұйықтап қалды, қазір барып төсекте төңбекшігенше, мен де қырман жаққа барайын. Сол жерде бірдеңе ғып көз шырымын алармын. Бәтиқа, мен таңертең келе алмай қалғандай болсам біздің сиырды да сауа саларсың…
− Жүр, Қанат, мен сені үйге апарып тастайын,- деп Нәзира әпкем қолымнан ұстап сүйрете жөнелді. Екеуіміздің тапыр-тұпыр жүгіргенімізге көшедегі иттер шуылдап кетті. Бізге қарай шабалана үреді. Бірақ Нәзира әпкем қорықпайды, жақындағандарын ұзын бишігін сілтеп қап қаңқ еткізеді.
Мен күнде сабақтан шығысымен қырманға барып малатастың басына мініп жүрдім. Ала көз торы аттың дүңк-дүңк желісіне әбден үйреніп алғам, үзеңгіге аяғымды шіреп қопаң-қопаң етем де отырам, ішім де ауырмайды, басым да алғашқы күнгідей онша айналмайды. Мені көріп басқа балалар да қырманға үйірсектей бастады. Қайрат пен Бәтен келген, ол екеуі де бір-бір малатастың басына мінді. Ешкім шақырмай-ақ өз еркімен Әжібек те келген, бізге қарағанда ересек санап оны молотилканың басына мінгізді. Алғашқы күні ол еш қиқалақсыз жақсы істеді, бірде-бір рет тоқтаған жоқ, кешкісін үйге қайтарда аяғы шалынысып жығылып қала жаздады.
− Брр…- деді басын сілкілей күліп.- Мынау бір пәле жұмыс екен. Қап, қарап жүрмей тұзаққа өзім кеп түстім-ау, ә, ақымақ боп. Осы қырманда істеген дегенді шығарған сенсің ғой, ә, жетпегір,- деп әзілдеп, зілсіз ғана мені желкемнен бір түйіп қалды.- Но, нешауа, мұның да бір амалын табармын.
Айтқанындай ертеңіне Әжібектің молотилкасының жүруінен тұруы, тоқтауы көп болды. Анық он бау астық бастырмайды.
− Ойбай, мынау пәле бұзылды! Бұзылды! — деп аттан сап тұрғаны. Онан соң өзі сабанның үстіне барып гүрс жата кетеді де сыпылдатып нан жеуге кіріседі.
Байдалы шал мен Көлбай керең екі жақтап жөндеп әлек, бірақ бәрібір, он айналмайды, молотилка қайта тоқтайды.
Бір қалт етіп басымыз қосылғанда Әжібек бізге өз ақылын айтты.
− Ақымақтар, ертеден қара кешке дейін шыр айналып селкілдеп желе бергенше, бір ауық дем алудың әдісін таппайсыңдар ма,- деген табалай ұрсып.- Бәлек бекітілген тұстағы, әнеу бір болтты көрдіңдер ме? Мыналардың көзін ала бере соны босатып қойсаңдар болды. Он шақты айналғаннан кейін өзі-ақ босап түседі де қалады. Онан соң жерге секіріп түс те сол болтты іздескен боп жүріп, сабанның астына көме сал. Бітті, қашан болтты тауып бекіткенше рақаттанып дем аласың да жүресің. Байдалы шал мен Көлбай керең мықшыңдасын да жатсын, танаулары пысылдап. Әйтпесе, бұ не, ертеңнен қара кешке ат үстінде селк-селк етіп айнала-айнала кейін тентек болған қой сияқты миғұла боп қаларсың. Тентек болған қойдың қайтетінін білесіңдер ме? Бір орында тұрып шыр көбелек айнала береді, айнала береді, өйткені миы айналып кеткен. Мына сендер де сөйтесіңдер, әлі.
Әжібектің сөзі бізге қатты әсер етті, дереу сол айтқан әдіспен біз де бәлектің бекітілген болтын босатпақ боп әрекет етіп көргенбіз, онымыздан дәнеме шықпады. Тастай боп бұралған болтты босата алмадық. Сондықтан үш малатас бұрынғымызша кешке дейін астық бастырамыз.
Ақыры, Әжібектің істеп жүрген қитұрқысын Байдалы шал сезіп қойды білем, енді одан екі елі көз жазбай қадағалай бастады. Әжібек аттан түссе-ақ болды:
− Әй, шақша бас, былай тұр, былай тұр бәлектен! Тура мына күрекпен бір салып ұзыныңнан түсірем! — деп қуа бастайды.
− Кәне, ұрып көріңізші күрекпен, әне, өкіл жүр, дереу жауапқа тартқызайын,- дейді Әжібек те беріспей тіресіп.
Мен бір тоқтағанымда қасыма жүгіріп Мәри келді. Олар үш-төрт қыз тазаланған қызылды қаптауға шешелеріне көмектесіп жүрген болатым.
− Мә, саған жинадым,- деп сыбырлап бармақтың басындай жер сағызды алақаныма бүге қойды. Екі жақ беті қанталап көгерген сияқты боп көрінді.- Апам ұрды,- деді ол менің өзіне қадала қарағанымды сезіп.- Менің әнеугүнгі бидай ұрлап апарғанымды інім айтып қойыпты. Сол үшін ұрды. Арқам тіпті көк ала қойдай, шыбықпен ұрған. Қозғалсам ауырады.
Менің оған бір түрлі жаным ашып кетті.
− Әй, Қанат, мін атыңа! — деді осы кезде бастыруға жаңа бау төсеген Байдалы шал.
− Қанат, сенің орныңа бір жол мен мінейінші,- деді Мәри қиылып.
− Мін,- дедім мен оған тізгінді ұсынып.
− Әй, балалар, кәне, ойынды қойыңдар! — деді Байдалы шал зекіп.- Әй, қарағым, Мәри, бұл әртістің ойыны емес, аулақ жүр, бар анау өз жұмысыңа.
Мәри Байдалы шалға ренжи бір қарады да тайып, өз жайына кетті.
− Боқмұрын, қыз дегенде құрақ ұша қалуын,- деді Байдалы шал мені аяғымнан көтеріп атқа мінгізіп тұрып.
− Сіз өзіңіз емес пе едіңіз сендердей күнімде үйленгем, қатын алғам, деп бізді желіктіріп жүрген,- деді Әжібек қағыта күліп.
− Менімен сендер тең деген-ау. Онан да мұрындарыңды сүртіп алсаңдаршы, жаман немелер.
− Әне, кит етсек өстіп кемсітесіз. Бопты сіз нағыз ескіліктің сарқыншағысыз. Ылғи осы заманды кемсітіп сөйлейсіз. Қазіргі жастарды қорлайсыз. Егер анау шолақ қол өкілге айтсам ғой…
− Осы, шақша бас ит кімге тартып туған-ей,- деді Әжібектің сөзі шымбайына батқан Байдалы шал, оның «өкілге айтам» дегенінен шынымен-ақ именгендей күле сөйлеп.-Әкесі марқұм бүкіл бір өлкені аузына қаратқан аяулы-ақ жігіт еді, шешесі қой аузынан шөп алмайтынның өзі. Ал мұның басынан бір сөз асыра алмайсың.
− Мен Сталин атама тартып туғам.
− Не дейді! Тек, әрі! Өй, күшік, о кісінің атынан садаға кеткір. Немене, мазағың ба еді, сеніңі?
− Так, так, ақсақал! Кәне, айтқандарыңызды қайтып алыңыз, әйтпесе өкінесіз. Мен ғана емес, бүкіл совет жастары со кісінің ұрпағы. Емес деп көріңізші кәне, қазір анау өкілге айтып екі көзіңізді төрт қылайын. Еще күшік дейсіз ғой!.. Шақырайын ба өкілді, а?! Әй, өк…
− Жә, оттама әрі,- деп Байдалы шал енді жеңілгендей күле сөйлейді.
− Солай ма екен! Ха-ха-ха… Зәреңізді бір алдым-ау, әй, өзім-ай!..
Мұнан әрі мысы құрып сөзден жеңілген Байдалы шал қолын бір сілтеп бидай тастауға бұрылып кетті. Әжібектен аулақ болғысы келген. Аз өтті ме, көп өтті ме, Әжібек өзінің әуеніне басып ойбайлап, тағы да тоқтады.
− Бұзылды мынау, бұзылды тағы, ойбай!
Молотилканың тоқтап қалғанын көріп өкіл келді.
− Неге тоқтатасыздар?! Неге дұрыстап жөндемейсіздер! — деді көзін алартып.
− Тастай қып-ақ бұрап тастап ем…- деді Байдалы шал күңкілдеп. Өзі өкілден өлердей қорқады.
Шолақ қол өкілдің ала жаздай біздің ауылда жүріп, ауданға қайтып кеткеніне он шақты күн болған, кеше Нұғыманмен бірге тағы қайтып келді. Тағы да ұзаққа келген болу керек, шинелін бөктерініп, күзгі суыққа лайық жылы киініп апты. Нұғыман мен апам екеуін қолды-аяққа тұрғызбай біресе орақшыларға, біресе тас қоймаға жұмсап қойып, өзі ұзақты күнге қырманнан шықпайды. Қабағын шытынып ешкіммен сөйлеспестен қызылдың үстінде сау қолымен жағын таянып, томсырайып отырады да қояды. Кімнің жұмысты қалай істеп, қалай жүріп, қалай тұрғанын қалт жібермейді. Өкілдің мұнысы әйелдерге ұнамайды-ақ.
− Өкіл деген бастықтың үйіне барып, жылы-жұмсақты жеп, ұйқысын қандырып жатушы еді, мынау бір қарақшыдай қақиған біреу болды ғой,- деседі күңкілдеп.
− Осының бәрі әлгі, құдай атқыр Зибаштың кесірінен. Ала жаздай артынан түсті ғой… Жаман қардың осы өкілді менсінбегендегі тапқаны жынды Ырысбек болыпты.
− Е бәсе, аяғымызды қия бастырмайды әйтеуір, сондай бір ызасы бар екен ғой.
− Жә, қойшы әрі. Зибашқа өкпелеп, өшін бізден алса мұнын да өкілдігіне болайын.
− Өзі де құр сырты күмпигенімен әйелге қыры жоқ бірдеңе болу керек.
− Әй, ақырын сөйлеңдер, естіп қоймасын…
Түсте әйелдер шай-су ішіп келуге ауылға қарай бет алған. Қырманнан едәуір ұзап шыққан кездерінде, шолақ қол өкіл атына міне сап, шауып барып, бәрін қырманға қайта қайырып айдап әкелді.
− Кәне, төгіңіздер, бойларыңыздағы астықты, әйтпесе мен өзім тінтем! — деді ақырып.
Әйелдер бір-біріне жалтақтай қарап, қызараңдасып, ішкі қалталарындағы, жүн шөлкилеріндегі бір уыс, жарым уыс бидайды қаққыштап төге бастады. Артынан өкілдің өзі барлығының қалталарын, өн бойларын жалғыз қолымен сипалап тінтіп қарап шықты. Сонан соң қырмандағыларды тегіс жинап (балаларды да қосып) жиналыс өткізді. Қалың қабағы түксиіп, айқайлап жібере жаздап түтігіп, өзін-өзі әрең деп іркіп дірілдей тұрып сөйледі.
− Жолдастар! Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бір-ақ мақсатқа жұмылуда — басқыншы жаудың түп-тамырына дейін балта шауып, тас-талқан ету. Партияның басшылығымен біздің қаһарман қызыл әскеріміз жауды күннен-күнге тұқыртып, соққы үстіне соққы беріп ойсырата түсуде. Қанды шайқас жүріп жатыр. Жолдастар, мен өзім Батыс Украин майданына қатысқам, төрт рет жараланғам, қанды шайқастың қандай болатынын жақсы білем, көзіммен керіп, басымнан кешірдім… Қанды шайқас деген мына сіздердің еңкейіп бір-екі қап астық қаптап: «Уһ, белім-ай!» — дейтін қырмандарыңыз емес. Төбеңнен оқ зулап бұршақша жауып тұрады, сонда белуарыңнан сазға батып, мұз жастанып окоптың ішінде отырасың. Бір күн, екі күн емес, кейде апталап отырасың. Белдің сырқыраған көкесі сонда, әне!..
− Обал-ай, десеңші.
− И-и… байғұстарым-ай!..
− Небір боздақтар қазір де отыр ғой сөйтіп,- десіп әйелдер тұс-тұстан аһ ұрып, жарыса күрсіністі.
− Міне, сол қаһарман қызыл әскеріміздің күш-қуаты мына отырған сіздерсіздер, тылдағы еңбек адамдары! Бүкіл еліміздің еңбекшілері сияқты сіздер де еңбектегі бар табыстарыңызды соларға бағыштайсыздар. Солай ма?
− Солай ғой.
− Әлбетте солай,- деп Байдалы шал да қостап қойды.
− Ал солай болса мына ұрлықтарыңыз не? Мәселен анау отырған жеңгей,- деп Қалипаны нұсқады.- Майданда сіздің кіміңіз бар?
− Күйеуім, бауырым.
− Әне, күйеуіңіз де, бауырыңыз да майданда екен, ал ендеше сіз соларға деген астықты неге ұрлайсыз?
− Бір уыстай ғана алып ем,- деді Қалипа кірерге жер таппай қатты ыңғайсызданып.- Үйде үш кішкене балам бар еді…
− Бала дейді… Соғыста ғой күйеуіңіз бен бауырыңыз қан кешіп жүр.
− Рас-ау,- деді әйелдердің бірі.
− Түу, өлім-ай, бүйткенше аштан қатсақшы… Масқара-ай…- деді Қалипа да өзін-өзі жерлей сыбырлап.
− Бір уыс қана дейсіз, ә? — деді өкіл онан әрмен оның жер-жебіріне жете түскісі келгендей.- Ал жарайды, сіз бір уыс, анау кісі бір уыс, мына кісі бір уыс, мен бір уыс, мына балалар бір-бір уыстан ала берейік, сонда мына қырманда не қалады?
Бір сәтке әйелдер «рас-ау» дегендей шеттерінен қызара ұялып, жер шұқыласып үндемей қалды. Қызынып алған өкіл езінің пысы әйелдерді әбден басқанын сезіп, енді тіпті еліре сөйлеп, тепсінген айқайға басты. «Сізді» қойып, бәріне «сен» деп ұрсып сөйлеуге көшті.
− Бұларың қылмыс! Күйеулеріңнің, бауырларыңның алдында қылмыс! Отан алдында қылмыс! Бәріңе ескертерім: ендігі жерде кімде-кім осы менің айтқанымды түсінгісі келмей, тағы да ұрлық жасар болса, жақсылық күтпесін! Ол адам біздің жеңісімізге қарсы болғаны онда. Ол адамды қас дұшпанымыз, жауымыз деп білеміз. Бүкіл совет халқының жауы дейміз. Ондайға қатаң шара қолданылады. Жауапқа тартылып, сотталады! Ұқтыңдар ма?
− Ұқтық.
− Ұқпайтын несі бар.
− Өкіл жолдас, бірдеңе сұрауға бола ма?
− Иә, сұра.
− Бала-шағаны қайтеміз сонда. Оларды да өлтірмеуіміз керек қой.
− Сіз ондай кері кетіретін сөзіңізді қойыңыз. Бала-шаға ауылда жүріп аштан өлмейді.
− Не жейді сонда олар?
− Не жесе о жесін… Ал жиналыс осымен бітті. Енді жұмысқа кірісіңдер. Бүгін ұрлық жасағандарың үшін ешқайсың түскі шайға үйге қайтпайсыңдар. Жұмыс істеп жаза тартасыңдар бәрің де!
Әйелдер қабақтары салбырап тым-тырыс орындарынан көтерілді, кезерген еріндерін жалап қойып, әркім өз жұмысына кірісті. Ләм деп ешқайсысы қарсылық білдірген жоқ.
− Әй, осы біз үзіліс жасап түскі тамақ ішпеуші ме ек,- деді бидай шарлап жүрген Көлбай керең белін жазып. Бағанадан бергі өкілдің сөзін ол шала-шарпы естіп онша түсінбеген сияқты.
− Қатындардың кінәсінен үзіліс жасамайтын боп жаза тарттық емес пе,- деді Байдалы шал күңкілдеп.
− Не?
− Қатындардың кінәсінен тамақ ішпейсіз! — деді Әжібек оның құлағына айқайлап.
− Оны кім айтады?
− Өкіл айтты.
− Немене, өкіл бітеу ме екен? Ол бітеу болса да біз бітеу емеспіз.
− Оны өзіне айтыңыз.
− Айтсам немене, менің басымды ала ма? Жә, сөйлемесін. Балалар, түсіңдер аттан, бидай көже ішелік. Әй Дүрия! Әй қатын, көже бер маған!
Әйелдермен бірге астық ұшырып жүрген Дүрия жалтақтап өкілге қарағыштап келе қоймаған.
− Мынау әкеңнің аузы… келе ме-ей, жоқ па! — деді Көлбай керең ақырып.
− Анау арада тұр ғой, өзің құйып ішсеңші,- деген Дүрия.
Көлбай керең естіген жоқ.
− Өзіңіз құйып іш, анау арада тұр дейді,- деді Әжібек айқайлап түсіндіріп.
− Әй, маған қатын не үшін керек сонда, көже құйып бермегенде. Жүр тез! Саған өкіл бай емес, мына мен бай ғой. О несі-ей! Ол анау байы жоқ қатындарға қожаңдасын.
Дүрия тағы да жалтақтап өкілге қарай берген. Өкіл ештеңе естімеген адамша теріс айналып кетті. Дүрия жұмысын тастап бері қарай жүрді. Киім-кешектің арасына орап қойған торсықтағы кежені алды. Біз балалар да аттан секіріп-секіріп түсе қап, Көлбай кереңді қоршай отырдық. Байдалы шал ғана бүгжеңдеп жұмысын істей берді. Көже ішкісі келіп-ақ тұр, бірақ өкілден батып келе алмайды.
− Қанша дегенмен баяғы заманда байдың құйыршығы боп қорқақтап қалған адам емес пе, өкіл десе зәр-иманы қалмайды,- деді Әжібек.- Міне, тақыр кедей Көлекең ғой, жан алғыш әзірейілің келсе де қорықпайды, тек Ырысбектен болмаса,- деді соңғы сөздерін оған естіртпей сөйлеп. Не дейсің дегендей Көлбай керең бетіне қараған.
− Көлекең мықты ғой деймін, шындаса сапы қанжармен өкілдің қарнын аяғына бір-ақ түсірер деймін! — деді Әжібек айқайлап сөйлеп. Көлбай керең мәз боп күлді де, оның құлағынан тартып қойды.
− Жәйрағыр, қағытпай отыр,- деді Дүрия да. Көже бермей қоя ма деп зәресі ұшқан Әжібек безек қақты.
− Қағытып отырғам жоқ, әпкетай-ай, құдай ақы шын сөзім. Олла-билла, көгермейін, көктемейін, жалшымайын, оңбайын, қызығымды көрмейін, опа таппайын, несібемді ит жесін, иманымнан жұрдай болайын…- деп ант-су ішіп шұбырта жөнелді. Дүрия еріксіз күліп жіберген.
− Жә, сонша қарғанып-сіленіп не болды. Мә, ішші,- деді, Көлбайдан босаған тостағанға көже құйып.
Әжібек дем алмастан тостағанды басына бір-ақ көтерді де:
− Уһ! — деді рақаттанып. Қампиып кеткен өз қарнын өзі шертіп қойды.- Осы Дүрия әпкемнің көжесі бал, тура.
Дүрия жымия күлді. Ырысбектен ажырасқалы жақыннан кергеніміз осы еді, жүдеп, қартайып кеткен тәрізді. Көзінің төңірегінен, ұртының үстінен ұсақ әжімдер түсіпті. Өзін Көлбай керең ұрады екен дегенді де естігеміз. Әрқайсымыздың көже жұтқанымызға қарап, шыт-шыт жарылған еріндерін жалап қояды.
Қасымызға өкіл келді.
− Жеңгей, көжеңізден қалды ма? — деді.
Дүрия үн-түнсіз торсықты шайқай түсіп, бидайын қоюырақ қып оған да құйды.
− Бәсе, өкілің де бітеу емес екен ғой,- деді Көлбай керең.- Әй, Байеке, жүр енді, сен де!
Байдалы шал да кеп шеттен тізе бүкті.
− Ата, сізге көже ішуге болмайды,- деді Әжібек Байдалы шалмен ойнайтын белгілі қалжағына басып.
− Е, неге?
− Өткені, осы қырманның ұрлық бидайынан жасалынған көже. Ұрлық көжені ішсеңіз өлгенде күнәға батасыз.
− Әй, шақша бас-ай, осы сенен көргенім бе!..- деп Байдалы шал ұмтыла берген. Әжібек зытып қашып былай шықты. Өзі сықылықтап күліп жүр. Біз де күлдік. Дүрия жымыңдап жүзін көлегейлей берді. Өкіл ғана күлген жоқ, көзін алартып Әжібекке қарады.
Сөйтіп, біз Көлбай кереңнің арқасында түскі демалыс жасап, көже ішіп рақаттанып қалдық. Ал әйелдер бел жазған жоқ.
Кешкісін апам үйге бір сәтке ғана ыстық шай — тұз салған ақ су ішіп шығу үшін ғана келген. Бел орағышын шешіп жылы пешке арқасын сүйеп отырғаны сол еді, бет-аузы қатпар-қатпар боп әжімденіп, көзі шүңірейіп жұмылып кетті. Со отырған күйінде басы бір жағына қисайып қор ете түскен.
− Сорлы-ай, соры қайнаған сорлы…- деп әжем аяныш білдіріп, дастарқан әзірлеуге кірісті.
Апам со басы қисайған күйінде тәтті қорылдап отыр. Тіпті менің өзіме де осы сәтте апам кіп-кішкентай бір аянышты жан боп көрінді. Әжем ғұсап мен де оны: «Әй, соры қайнаған сорлы…» — дей жаздап барып қалдым. Аянышты-ақ еді, апамның кейпі.
Әжем дастарқанды әзірлеп қойып, кішкене мызғып алсыншы деп мазаламады, бізге де дымдарыңды шығармаңдар дегендей қабағын түйіп қойды. Өстіп бір тәтті тыныштықта ұйып отырғанымызда, дүсірлете желіп келген ат терезенің түбіне тоқтай қалды. Қамшының сабы терезені тық-тық еткізді де:
− Бригадир қайда? Шықсын тез! — деді айқайлап. Шолақ қол өкілдің даусы.
Селк етіп оянған апам, үсті-басын жүре түзеп сыртқа шықты. Мен қалам ба, ілесе тұрдым соңынан.
Елең-алаңда адамды басып кетердей боп ат үстінде ойқастатып кеп тұрған өкілдің түсін анықтап көре алмадым, бірақ суық екені даусынан білінеді.
− Жүріңіз, мен ұры ұстадым! — деді. Өзі атының басын Нұрсұлудың үйіне қарай бұрды, апам екеуміз ілесе жүрдік.
Нұрсұлу есігінің алдында тұр екен. Жаңа ғана көтеріп келген қурайы ақтарылып, шашылып жатыр.
− Әне! — деді өкіл қамшысымен қурайды нұсқап.- Кемінде он келі астық.
Енді байқадым, қурайдың арасы толы бидайдың қырқылған масағы екен.
− Қолыңызға алып ұстап қараңыз, үгіп қараңыз,- деді өкіл.
− Көріп тұрмын ғой,- деді апам. Онан соң Нұрсұлуға бұрылып: — Әй, саған не қара көрінді? — деді зілді үнмен.
− Түнеугүнгі шөп машинамен шабылған күздіктің тұсынан өтіп бара жатып, шашылып жатқан масақты көрген соң шыдай алмай теріп ала қойып ем.
− Қазір масақты теруге де, алуға да болмайтынын білмейсің бе? — деді апам тары да бастырмалап.
Нұрсұлу жерге қарады.
− Босқа далада қалғанша деп…- дей берді міңгірлеп.
− Далада қалса да теруге болмайды дедік қой. Қашан астықты тегіс жинап бітіп, ал енді болдық дейміз, сонда ғана масақ теруге рұқсат демедік пе.
− Білем… балаларға ертеңге үйде ныспы түк жоқ еді, жұмысқа кетерде соларға қуырып беріп кетсем деп ем…
− Жә, Нұрсұлу, мұның жарамайды.
Апам соңғы сөзін жұмсақ айтса да, қатты кінәлай айтты. Нұрсұлу қипақтап:
− Қайтем енді?.. Қырманға апарайын ба? — деген лажы таусылғандай.
− Ендігәрі терме масақты. Балаларыңа осы біразға жетер,- деді апам, оның сөзіне тікелей жауап бермей, онан соң ат үстінде тұрған өкілге бұрылып: — Өкіл жолдас, екеуміздің алдымызда ендігәрі мұндайды қайталамаймын деп уәде етсін. Солай ма?
− Сіз неғыл деп мәймеңкөлетіп тұрсыз?! — деді өкіл шарт кетіп.- Өйтіп жуып-шаятын түк те жоқ. Қазір дереу акт жасаңыз!
− Қателескен шығар, жас балалары үшін бір жолға кешірейік,- деді апам.
− Сіз немене, акт жасағыңыз келмей тұр ма?! Астықты жұрт өстіп ұрлай берсін демексіз ғой.
− Ұрлай берсін демеймін.
− Ендеше, неге акт жасағыңыз келмейді? Қазір қағаз, қарындаш алыңыз да жазыңыз.
− Әй, Нұрсұлу-ай, сені ме…- дей берген, ренжи сөйлеген апам.- Сен бүйткенде басқа не істемейді.
− Сіз неғыл деп мыңқылдап тұрсыз. Мә, ұстаңыз, жазыңыз! — деді өкіл ат үстінен қағаз, қарындаш ұсынып.- Қиқаңдасып тұратын уақытым жоқ. Кәне, жазыңыз!
Енді апам да даусын көтере сөйледі.
− Шырағым, қызметің үлкен болса да өзің жас адамсың. Неге мұнша қадала сөйлейсің. Бүйтіп қит еткенге акт жасай берсек, әйелдердің бәрін қаматып тастап жұмысты кімге істетеміз. Бәрінің бала-шағасы бар, күн демей, түн демей жұмыста жүреді, алып жатқан бір түйір еңбектері және жоқ. Сонда бұлар өстімегенде қайтіп күн көреді. Немене, аштан қатсын демекпіз бе?
− Ә-ә. Сіздің де көмейіңіз белгілі екен. Коммунист бола тұра айтып тұрған сөзіңіз осы болғаны ғой. Өстіп колхоздың астығын талан-таражға салып, шетінен ұрлай берсін дейсіз ғой.
− Иә, мен коммунист болып айтып тұрмын бұ сөзді. Бала-шағаны аштан қырыңдар деген нұсқау және жоқ. Бәрімізде де бала бар. Мына менің де балаларым бар, өстіп уыстап, жырмыштап әкеліп асырап отырмын, өйтпесем ертең бәрі ашығады.
− Сізбен басқа жерде сөйлеседі екеміз әлі,- деді өкіл тістеніп.
− Қай жерде сөйлессек те айтатыным осы.
Осы тұста Нұрсұлу:
− Қойшы, Бағила, сөзге кеп қайтесің,- деді.
Апам өкілдің сөздеріне күйініп кеткен болу керек, енді әуелгісінен мүлде керісінше, Нұрсұлуды жазғырып емес, ақтап сөйлей бастады.
− Жоға деймін-ау, енді біз өзіміздің маңдай терімізбен өсірген астықтың жерде шашылып қалған масағын өстіп жырмыштап теріп алмасақ, немен күн көреміз.
− Мен сізге айттым ғой, басқа жерде сөйлесеміз деп, болды енді. Аулақ тұрыңыз! — деді өкіл апама жекіріп, онан соң атын бастырмалатып кеп Нұрсұлуға: — Қурайыңызды көтеріп алып жүріңіз,- деп бұйырды.
Нұрсұлу барып қурайын қайта орап, байлап, иығына салды.
− Қайда апарасың? Таста! — деген апам оған ұрса сөйлеп.
− Қойшы, Бағила, мына өкіл жігіттің қыбы бір қансын,- деді енді Нұрсұлу да қитыға қайсарланып.- Неміске берген қолының өтеуін, мына жесір қатын біздерден алайын деген шығар. Ал қайда апар дейсіз, тақсыр?
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жабайы алма - 09
  • Parts
  • Жабайы алма - 01
    Total number of words is 4097
    Total number of unique words is 2135
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 02
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2120
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 03
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2099
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    46.3 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 04
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2172
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 05
    Total number of words is 3966
    Total number of unique words is 2110
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 06
    Total number of words is 4026
    Total number of unique words is 2200
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 07
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2082
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 08
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2135
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.0 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 09
    Total number of words is 4059
    Total number of unique words is 2144
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 10
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2161
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 11
    Total number of words is 4114
    Total number of unique words is 2117
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 12
    Total number of words is 3982
    Total number of unique words is 2149
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 13
    Total number of words is 4123
    Total number of unique words is 2048
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 14
    Total number of words is 4083
    Total number of unique words is 2136
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 15
    Total number of words is 3990
    Total number of unique words is 2084
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 16
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2134
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 17
    Total number of words is 4134
    Total number of unique words is 2179
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 18
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2060
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 19
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2131
    33.7 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 20
    Total number of words is 4093
    Total number of unique words is 1972
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 21
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2009
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 22
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2035
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 23
    Total number of words is 4082
    Total number of unique words is 2068
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 24
    Total number of words is 4039
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 25
    Total number of words is 4131
    Total number of unique words is 2063
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жабайы алма - 26
    Total number of words is 3115
    Total number of unique words is 1635
    39.3 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.