Latin Common Turkic

Хан Кене - 13

Total number of words is 4005
Total number of unique words is 2122
36.8 of words are in the 2000 most common words
52.2 of words are in the 5000 most common words
60.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Мұндай ақымақ халықты көрсемші, — деді Горчаков мысқылдай күліп, — Россия патшалығы қазір қазақ жерінде мықтап тұрып орын теуіп алған жоқ па? Маңызды деген аудандардың бәрінде де біз өзіміздің бекіністерімізді, форпостарымызды салып болдық. Енді патша солдаттарын бұл арадан бір Кенесары түгіл, мың Кенесары да қуа алмайды. Абылай кезіндегідей емес, қазір қазақ еліне деген Россия патшалығының саясаты өзгерген. Осыны ақымақ қазақ білмей ме? Ал сенің Кенесарыңда ақыл болса, қазақ халқына емес, Россия патшалығына қолайлы жол іздеп, бізге бас ұрмас па! «Россия патшалығына протекторат ретінде бағынуға қарсылығымыз жоқ, бірақ біздің елдігімізді сақтап, саяси бостандығымызға, жерімізге тимейтін болсаңдар екен» деп ол маған бірнеше мәрте хат жазды. Бұндай есалаңды көрсем бұйырмасын! Патша ағзамға бағыну деген сөз — саяси бостандығымды жоғалттым деген сөз емес пе?! Сондықтан да мен біздің тыныштығымызды бұзған адаммен келісім сөз жүргізуді өзіме ұят көріп және патша ағзамға үн-түнсіз бағынудан бөтен басқа шарт қоюына ешбір үміті қалмасын деп әдейі хаттарына жауап бермей қойдым.
— Дұрыс еткенсіз, губернатор мырза.
Горчаков алдында тұрған Қоңырқұлжаны адамға санар емес. Сүзетін бұқадай басын төмен тұқыртып, өз ойын ашық айтып жатыр.
— Біз қазақ елін тек отарымыз деп қана санаймыз. Кімде-кім бұған көнгісі келмесе, оны қарудың күшімен көндіреміз. «Азаматтармен келісімге келудің ең дұрыс әдісі — оларды қорқытып ұстау». Бұл пікірді соғыс министрі Чернышев мырза да мақұлдайды.
— Біздің де тілегіміз сол емес пе? Тек қарулы күшті тезірек шығарсаңыз дейміз.
— Кенесары көтерілісін түп-тамырымен құрту жөнінде қазір арнаулы соғыс жоспары жасалып жатыр, — деді Горчаков, — көп ұзамай қарулы күш те шығарылады. Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады. — Кенет генерал-губернатордың есіне ауру қаншығы түсіп кетті, ол енді асыға бастады. — Өзге шаруаңызды облыс бастығы Талызин мырзамен сөйлесіңіз. Қош болыңыз.
Қоңырқұлжа салы суға кетіп үйден шықты. Ауырып жатқан Талызинның пәтеріне барып жолығып, үш күннен кейін еліне қайтты.
Аға сұлтан бұ жолы Талызиннен көмекке небары жүз солдат алғанымен, келесі жаз Кенесарыны біржолата құртатын қалың әскер шығатынын естіп, көңілі сәл орнығайын деді. «Қыс болса келіп қалды, ал Кенесары қыста шабуылға шықпайды. Бірен-саран жасаққа мына жүз солдат пен өз күшім де төтеп бере алады». Бірақ ол ел шетіне жетер-жетпестен-ақ әнеукүнгі Ағыбай мен Байтабынның ауылды шауып, түбектегі бар малын айдап әкеткенін естіді.
Оқиға былай болған еді.
Есіркеген жас та болса санасы ерте оянған жігіт еді. Қалада орысша оқып, хат танып, көзі әжептәуір ашылып қалған. Өзімен бір мектептегі кей балалардың «жайлауымызға биыл солдаттар бекініс салыпты, енді аулымыз әрі қарай құмға көшетін шығар», — деген сөздерін естіп, түбі патша отаршылық саясаты еліне қолайлы тимейтінін түсіне бастаған. Оның үстіне Кенесары мен оның батырлары жайында естіген ерлік әңгімелері де бала жігіттің көңілін еліктіретін. Әсіресе Шұбыртпалы Ағыбай батыр жайындағы аңыздар кәдімгідей қанын қыздырып, қиялына от тастайтын. Ағыбайдың сондай жау жүрек батырлығын мақтаныш ететін, өйткені Шұбыртпалы оған аталас ру. Енді сол Ағыбайдың басына қауіп төнгенін біліп, не істерін білмей, әбден күйінген-ді. Әйтсе де, нағашы апасының аулында бұдан әрі жата берудің жөнсіз екенін біліп, Қоңырқұлжа Омбыға аттанысымен бұ да серіктерін ертіп, өз еліне жүріп кеткен-ді. Бұлар ауыл шетіне шығар-шықпастан-ақ алдарынан бір қоян ойға қарай зыта жөнелді. Кілең есерсоқтау жас жігіттер әлгі қоянды қуып берді. Есіркегеннің аты өзгелерінің атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды. Ақырында қоян Есіл жағасындағы бір қалың талдың ішіне кіріп жоқ болды. Бірақ Есіркеген қояннан айырылғанмен, шоғыр талдың түбінде түні бойы Қоңырқұлжаның аулын торып, қазір тынығып ұйықтап жатқан әбдіуақиттың үстінен шықты... Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен әбдіуақит шошып оянып жанындағы шоқпарына жармасты. Кілт тоқтаған Есіркеген сәлем беріп өзінің жау емес екенін айтты. Әбдіуақит жас жігітті шырамытып, танығандай секілденді. «ә... Масан бидің ұрпағы тәріздісің... Асылдың сынығы, шұғаның қиқымы екенсің ғой, алдамассың», — деді. Бұл кісінің кім екенін білген Есіркеген өзінің таңертеңгі жылпық сарыдан естіген сөзін, Ағыбай тобын Қаражар шатқалында жатқан жерінде басыңдар деп нөкерлеріне Қоңырқұлжаның бұйырғанын жасырмай айтып берді. Сөзінің аяғында: «Жанымда жолдастарым бар. Маған бұрылуға болмайды, сіз Ағыбай батырға жетіңіз. Және Байтабын жасағында Қоңырқұлжаның адамы бар, соны да құлағына салыңыз. Өзіңіз де сақ болыңыз, ауыл торып жүргеніңізді Қоңырқұлжа жігіттері біледі», — деді. Есіркеген естігенін айтып бола берген кезінде ойпаттан жолдастары да көрінді. Бала жігіт әбдіуақит аналардың көзіне түспесін деп, серіктеріне қарай тұра шапты.
Қоңырқұлжаға барған жігіттің түсін сұрауға үлгірмегеніне өкініп, әбдіуақит, Есіркеген кетісімен-ақ көп кешікпей, қалың тал ішіндегі байлаулы атына міне сала Қаражар шатқалындағы Ағыбайға жөнелді. Ағыбай сол күні алды-артын барлауға төрт адам жібергендіктен, қайсысының Қоңырқұлжамен хабардар екенін ажырата алмай, амалсыз Қаражардан жедел көтеріліп, күн бата Байтабынның жасағына келіп қосылды.
Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға сұлтанның жылқысына тиді. Ақылағын ағызған Ағыбай мен Серкесанын секірткен Байтабынға кім шыдасын, қос батыр алғашқы айқасқанда-ақ сойылды оңды-солды сілтеп, қарсы шапқан Қоңырқұлжаның жүз нөкерінің он шақтысын бірден түсіріп кетті. Сөйткенше шұбатыла артындағы елу жігіт те жетті. Тек суыр ініне аяғын сұғып алып, астындағы аты ақсап Ожар ғана кейін қалды. Кенесарының ұрысқа әбден шыныққан жігіттеріне жеме-жемге келгенде аға сұлтандардың нөкерлері шыдап көрген емес. Бұл жолы да солай болды. Бетпе-бет кеп қарсы шапқанда Ағыбайдың мысы жеңді, Асылкерейдің бірнеше қайратты нөкерлері сойылға жығылды. «ә» дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді. Сұлтан нөкерлерінің алыспай жатып-ақ берекесі кетті. Көп кешікпей олар тым-тырақай қаша жөнелді.
Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын түбектегі көк аланың тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды. Жасынан аға сұлтан Жамантайға өшпенді Ағыбай бұ жолы Қарқаралыны шаба алмайтынын біліп, амалсыздан Байтабын жасағымен бірге кейін қайтты.
Бар малынан айырылған Қоңырқұлжа жаман қиналды. Оңашада ат жалын құшып жылап та алды. Малсыз аға сұлтан боп ұзақ отыра ала ма, әсіресе осы қауіп жүрегін удай ашытты. Тек айқаста әбдіуақит төлеңгіттің сойылға жығылып қайтыс болғанын естіп, көңілі орнықты.
ІV
Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алғаннан бері Кенесарының көңілі көтеріңкі тәрізді еді. Оның үстіне асығы алшысынан түсіп, Ағыбай мен Байтабын батырлар қас жауы Қоңырқұлжаның ең соңғы үш мың жылқысын айдап әкелді. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны. Әрине, осыдан. Кенесарыны әсіресе қуантқан Кіші жүзден келген хабар. Жақында екі айдай уақыт жүріп Елек, Ембі, Ырғыз, Жем бойын аралап Таймас қайтқан. Ұрыс десе жаны кіретін Кіші жүздің Жоламан батыры бастаған Тама, Табын, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларының көп ауылдарымен Иман, Жәуке батырлар соңынан ерткен Торғай өзенінің жағасын жайлаған қалың Қыпшақтың Кенесары көтерілісіне қосыламыз деп дайын отырғанын айтып келген. Және Орта жүз бен Кіші жүзді біріктіріп ақ патшаға қарсы шығу үшін, Кенесарының бері қарай, Торғай өзенінің бойына көшіп келуін өтінгендерін де жеткізген. «Егер Қоқан хандығына қарсы Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхамедтің Жан-қожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене», — деп ойлайтын Кенесары... Таймас жақсы хабар әкелгелі бұл ойынан өзі де үміттене бастаған. Сол себепті ол соңғы кезде тас қабағы ашылып, дүниеге сәл күлімсірей қарауды шығарған. Тек соңынан ерген рулардың кейде қонысқа, жайлауға, мал өрісіне таласқан бірен-саран реніш-жанжалдары ғана көңіл күйін аздап бұзатын. Бірақ бұ да ұзаққа бармайтын. Қысқасын айтқанда, қазіргі жағдайда Кенесары жабығардай ештеңе жоқ секілді еді. Әйткенмен олай болмай шықты. Ел басы бір үлкен қауіп-қатерге тірелгендей, соңғы кезде Кенесары түнере түсті. Оның бұлай өзгеру себебін хатшысы және ақылгөй серігінің бірі Жүсіп-Иосиф Гербурт қанша ойласа да таба алмады. «әлде жақында өткен Наурызбайдың тойында бір сыр жатыр ма?» деп ойлады ол. Осыдан бір жеті бұрын, Байтабын Қоңырқұлжаны шабуға жүріп кеткен шақта Наурызбай мен Ақбөкеннің қосылу тойы болған. Тойды Кенесарының өзі басқарған. Ақын айтысында да, балуан күресінде де адал төрелік істеп, жұрттың көңілін өзіне бір аударып тастаған. Сөйткен жағасы жайлау, төсі қыстау Кенесары күрт өзгерді. Төренің көңіл райының құбылғаны түрінен сезіліп тұр... Өйткені сұлтан бірдемеге ренжісе, қапаланса, не шешім таба алмай қиналса, еш адаммен сөйлеспей қабағын қарс жауып сыр шашпай қара судай тұна қалады, не болмаса қауіп-қатер басына төнген қорқынышпен ойнай бастайды. Мұндайда ол ажал-сыннан тек өз басын ғана емес, соңынан ерген қарашысын да, қасындағы батырларын да, ағайын-туысқанын да сақтап қалмайды, ешқайсысын аямайды. Бұл Кенесарының жүрек толқынының қобалжуының, жанына батқан ауыр сырдың шешуін таба алмай қиналуының ең анық белгісі. Кенесарыда мұндай жағдайда мәймөңкелеу, біреудің көңіліне қарау деген болмайды, тік кетеді. Ол бүгін де осы әдетіне көшті.
Күн батып бара жатқан кез еді. Малдың у-шуымен ауыл үсті күндегісіндей азан-қазан. Ауыл сыртында тартқан қурай күйі, белестен аса күрсіне салған жылқышы әні, батып бара жатқан алтын күнге жоқтау айтқандай біртүрлі мұңлы, қасіретті еді.
Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты. Үстінде түйе жүн жеңіл шекпен, кішкентай кездікті былғары қыналы белінде күміс белбеу. Сыздық тұрымтайдай шапшаң, Кенесарының аузынан түскендей ақ сары бала. Әкесі бұны өзге ұлдарынан жақсы көреді. Тентек, кішкентайынан жау жүрек, пышақ, таяққа үйір-ақ.
Есік алдында анандай жерде тұрған Жүсіпті көрді де:
— Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық, — деді Кенесары қой мініп ойнағысы келіп тұрған Сыздықтың білегінен ұстап жібермей.
— Мақұл.
Жауға аттанғанда болмаса, Батырмұрат ауыл арасында Кенесарыны күзетпейтін, мұндайда сұлтанды бақылаушы, күзетуші Қараүлек. Ол ауыл сыртына қарай кетіп бара жатқан ана үшеуді көрді де, үн-түнсіз соңдарынан ерді.
Кенесарының баласының білегінен ұстап жібермей келе жатқанын аңғарған Жүсіп арт жақтарындағы бас жендетті көріп кенет абыржи қалды, жүрегі аттай тулай жөнелді. «Япырмай, мына жас баланың бір жазығы болмаса нетті?.. Қараүлек бостан-бос ермесе керек еді...»
Бұл үшеуі қара шұғадай майлы топырақты сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кеп тоқтады. Кенесары кейінірек қалған Қараүлекті қолын бұлғап шақырып алды да беліндегі күміс кездігін суырып:
— Ұшын жоғары қаратып мынаны ана жерге көм, — деді.
Құл айтқанындай етіп алмас кездіктің ұшын ғана қылқитып тегіс топыраққа көмді.
Кенесары енді баласына бұрылып:
— Батыр болғың келе ме, Сыздық? — деді.
Баланың жүзі жайнап кетті.
— Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.
— Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың.
Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.
— Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?
— Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?
Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен-ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?... Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»
Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен...»
— Жетеді, Сыздық, — деді дауыстап Кенесары. — Кәне жүгір!
Бала дереу бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тоқтар емес, жайшылықта серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған томпиған жерді мөлшерлеп қараған кезде ғана көзінде сескенгендік бір сезім пайда болып сәл жұмылып кетті де өзінің осы бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, жанына барды. Бірақ сүйген жоқ, тек ұзын саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:
— Апаңа бара ғой, — деді.
Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:
— Нағыз көкжал болады! — деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап.
Кенесары мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлдіңіз?
— Өзім де Сыздықтан көп үміттімін. Өзге балаларым бір төбе де, Сыздығым бір төбе. Ал күлген себебім: Абылай атамның түсін жорыған Бұқар жыраудың сөзі есіме түсіп кетті. Сенің Сыздықты көкжал бөрі болады дегенің сол кісінің айтқанына дәл келіп тұр...
Жүсіп-Иосиф Гербурт қазақ арасындағы сан алуан ертегі, ұлағатты сөздің көп екенін бұрыннан білетін. Және оларды құмарта тыңдайтын. Реті келсе жазып та алатын. Бұ жолы да сондай бір жәйттің шеті көрініп қалғанына қуанып кетті. Төре тұқымы өздерінің құпиясын басқа жұртқа көп айта қоймайтынын білсе де:
— Қандай түсті айтасыз? Бұқар жырау не деген екен? — деді сұлтанды сөйлеткісі келіп.
Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.
— Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты...
«Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, — депті хан Абылай, — алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті... Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжнай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», — депті Абылай хан.
Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен:
«Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», — депті.
Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзің де соны аңғарып қалған жоқсың ба?
Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді... Өзіңіз соған сенесіз бе?» — деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс. Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып жіберді.
— Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп, — сен де отыр, Жүсіп, — деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті. — Сен бөтен жұрттың баласысың, Жүсіп... Жасың кіші болғанмен көпті көрдің... Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден гөрі білгірсіңдер... Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді.
— Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын...
— Иә, ол солай ғой... Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң ойыңдағыны жасырмай айт.
— Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін.
— Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім... Өзің көріп жүрсің, Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар... Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін...
— Дұрыс айтасыз.
— Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз қосылса... Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де... — Кенесары ойын айта алмай тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала, — осынымыздың бәрі түбі босқа қан төгу болмай ма? — деді, — жарайды бар қазақ бірлестік делік, сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба?
«Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары... Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да батырлық, айлақорлық жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы... Ал жері көп... Сол көп жерді осынау аз ғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емеc пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз халық... Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып салайын».
— Ақ патшаға, — деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп, — бәрібір айтқандарыңды істете алмайсыңдар.
— Неге?
— Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.
— Өзім де солай ойлаймын...
— Онда неге ұрыс аштың?
Кенесарының көзі кенет жарқ етті.
— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме? — Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды, — қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді.
Жүсіп мырс-мырс күлді.
— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?
— Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба?
Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді.
— Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді.
— Жоқ, — деді Кенесары кенет түнере түсіп, — Абылай атам Үш жүздің басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де осы халық тұрғысынан қарау керек.
— Иә, сонда?
— Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян... Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды... Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды... Одан кейінгі елім «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек!
Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап қайырды.
— Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады... Ал бүкіл қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ болса...
Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды.
Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі. Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп:
— «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын», батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін... Тікенек шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі.
— Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек?
— Онда... отау керек.
— Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың ба? Оның да бір жауабы бар емес пе?
— әрине.
Кенесары күрсінді.
— Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді.
— әйтседе, — деді Жүсіп. — Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі, әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген Кенесарыны мақтай ала ма? әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады. Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді.
Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы.
— Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың? Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма?
— әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — Жүсіп ақырын күрсінді, — тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның басынан өткен қайғылы хал... Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім... Бірақ оным болар емес.
— Неге? әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па?
— Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ. Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді. Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз.
Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау шоқша сақал, шегір көз, ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса, тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін... Ол Кенесарыға өзінің ойын ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса тек тыңдауда.
— Жоқ, — деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған кезде, — болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем!
Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті. «Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де, өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол бар?»
— Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан жарылқасын, — деді Жүсіп, бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?.. Соңғы кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен жиі алысып, қалжырап қалғандай.. Бұ да еске алатын жағдай.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Хан Кене - 14
  • Parts
  • Хан Кене - 01
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2371
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 02
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2369
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 03
    Total number of words is 4095
    Total number of unique words is 2336
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 04
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2293
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    54.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 05
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2179
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    61.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 06
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2332
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 07
    Total number of words is 4095
    Total number of unique words is 2393
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    45.5 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 08
    Total number of words is 4050
    Total number of unique words is 2221
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 09
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2315
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 10
    Total number of words is 3953
    Total number of unique words is 2128
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 11
    Total number of words is 3968
    Total number of unique words is 2279
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 12
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2180
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 13
    Total number of words is 4005
    Total number of unique words is 2122
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    52.2 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 14
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2195
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 15
    Total number of words is 3968
    Total number of unique words is 2036
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 16
    Total number of words is 3888
    Total number of unique words is 2049
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 17
    Total number of words is 4084
    Total number of unique words is 2158
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 18
    Total number of words is 4091
    Total number of unique words is 2192
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 19
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2089
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 20
    Total number of words is 4121
    Total number of unique words is 2118
    33.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 21
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2092
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 22
    Total number of words is 4078
    Total number of unique words is 2222
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Хан Кене - 23
    Total number of words is 2826
    Total number of unique words is 1659
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.