Latin Common Turkic

Дарабоз - 24

Total number of words is 4086
Total number of unique words is 2194
33.4 of words are in the 2000 most common words
49.8 of words are in the 5000 most common words
56.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Абылай мұндағы жеңістерге шын қуаныш білдіріп, құтты болсын айтыпты
да, Қабанбайды қарауындағы əскердің қақ жарымын алып, Іленің оң
қапталына өтуге бұйырыпты. «Кеген-Шелек бағытында дəл қазір жаудың
тұрақты əскері жоқ көрінеді. Шонжы, Шалкөде, Қарқара жайлауларын
қазір қырғыздар жайлап отыр... Қонтайжының негізгі түмендері Жаркент
пен Алакөлден аттанып, бізге қарсы шабуылдап келеді. Кідірмей Іледен
өтіп, қазір жау шабуылының өтінде, қауіп астында қалған Малайсары
жасатын өзіңе қосып аларсың» депті үшбу хатта.
Қабанбай бұдан ары бөгелген жоқ. Нарынқол — Кегенді бетке алып,
шығысқа қарай жылжи беруді Ханкелді мен Наурызбайға тапсырды да, өзі
қарауына Еспембеттің, сіргелі Тілеуке мен жалайыр Тəттібайдың
мыңдықтарын алып, солтүстікке қарай бет түзеді.
Келесі күні түс əлетінде Іленің жағасына келген. Айнала мидай жазық.
Өзеннің арғы бетінен Арқарлы биіктері қылаң береді. Кешелер жоғарғы
жаққа нөсер жауған ба, қалай, дарияның түсі бұзылып, лайланып жатыр.
Артынып-тартынған көп қолға өткел берер түрі жоқ. Бірер күн амалсыз
аялдауға тура келді.
Сарбаздар ежелгі қазақы тəсілмен сал жасауға кіріскен. Ол үшін
кешеден бергі қоналқыға жығылған қырық-отыздай жылқы мен сиырдың
терісін бітеу сойып, ашық қалған пұшпақтарын, мойны мен таңын
тарамыспен тігіп, дым шықпайтындай тұлып жасап, ішіне көрікпен жел
толтыру керек еді. Сонан соң берене-сырғауылдан қиған салдың жақтауына
жанағы тұлыптарды таңып, үстіне қамыс төсеп, киіз жайып тастаса
болғаны. Осыдан кейін дарияның қылылау тұсын таңдап алып, екі жағына
арқан тағылған салды ілгері-кейін жылжыту арқылы арғы бетке мыңдаған
қол өткізуге болады... Осы əдіспен айналасы бір тəулік ішінде бұлар да
өзеннен өтіп болды. Аттарының қос қапталына ұсақ малдың тұлыбын
байлап, жеке жалдап өткен жанкештілер де аз емес.
Арғы жағаға шыққан соң ілгері озып кеткен шолғыншылар жаңа хабар
жеткізді. Із кесушілердің айтуынша, осыдан бірер күн бұрын өзеннің оң
қапталымен батысқа қарай жау əскері өткен көрінеді. Олай болғанда
қалмақ қолы Балқаштың бергі жағасында жүрген Малайсары жасағымен
ұшырасып, бұл күндері сол маңда қырғын соғыс болып жатуы да ғажап
емес. Ал із кесушілерге шүбə келтіру қиын еді. Жусанды далада жосылып
жатқан ізге түсіп, ары-бері жүріп өткен Тоқпақ Қасабай батыр:
— Мынау — тастақты, таулы жерде өскен қалмақ жылқысының тұяғы
ғой... Соның алдында ғана аздап жаңбыр жауған екен, мөрдей боп анық
түскенін көрдің бе?! Өздері жəне аз да емес, кемінде төрт-бес мың қолдың
сорабы, — деген тап бір көріп тұрған адамдай.
— Өзі анық қарулы қол ма? Қуғынға түскен жылқының ізі емес пе? —
деп Қабанбай жігіттердің болжамын пысықтамақ болып еді.
— Пəлі, сардар аға! Өрістегі жылқы мен жортуылдағы жаудың ізін
айырмай, мені құдай атып па?! — деп Қасабай кəдімгідей ренжіп қалды. —
Өрістегі жылқы болса мына жусанның басын ілуде бір шалмас па еді.
Көрдіңіз бе, бірде-бір шөпке тіс тигізбеген. Оның бер жағында, үстіңде
зілмауырдай қалмақ отырмаса, аттың тұяғы бүйтіп жетесіне дейін жерге
тие ме?
— Жарайсың, сөзінде балша жоқ екен! Ендеше осы ізден жаңылмай,
тезірек ілгері жылжиық, — деді қолбасы.
Қалың қол тегіс атқа қонып, шолғыншыларды алға оздырып жіберді де,
кешкі салқынмен Балқашты бетке алып, өздері де сау желіп жүріп кетті...
Ал бұл кезде Іленің оң қапталында, Арқарлы жотасымен ұштасып
жатқан қатпарлы қыраттардың бірінде қырғын шайқас болып жатқаны да
рас еді. Ол былай басталды.
Жалпы тамыздың екінші жартысы мен қыркүйектің басында Балқаш
бойында тыныштық болған жоқ. Қонтайжының Сайын-Бөлек, НамехуЖырғал, Байыр-Мөңке бастаған түмендері батысқа қарай өлермендене қол
созып, ал Абылай қарауындағы Малайсары, көкжал Барақ, ер Жəнібек
қосындары оларды ілгері аттатпай, жаудың бетін үнемі қайтарумен болды.
Бірақ негізгі ұрыстар Алакөл, Лепсі, Ақсу алқабында өріс алып, Іле бойы
біраз уақыт қағаберіс қалып еді. Тек осыдан он шақты күн бұрын Абылайға
Жаркенттен қозғалған ойрат əскерінің тағы бір легі Ілені бойлап, Балқашқа
қарай бет алғаны туралы хабар жеткен. Сөйтіп ойраттар қазақ əскерінің ту
сыртынан орап, қоршап алу қаупі туған... Оның үстіне: Сыр бойындағы
былтырғы жеңістен кейін оңтүстіктен ірге көтерген Ескелді, Балпық билер
бастап Жалайырдың мың түтіні өткен жылы Балқаш төңірегіне келіп,
Бақанас алқабын қыстап шыққан-ды. Егер Ілені құлдаған ойраттар
Балқашқа жетер болса, алдымен осы ауылдарды шабарында күмəн жоқ.
Абылай алыстан орағытқан жау əскерінің жолын кесу, əрі осындағы қазақ
ауылдарын қорғау үшін, осыдан бір апта бұрын Малайсары бастаған бес
мың қолды Бақанасқа аттандырған. Ханның Алатау бөктерінде жүрген
Қабанбайға қос атпен жаушы жіберіп, көмекке шақыруы осындай қысылтаяң жағдайдан туып еді.
Айтса айтқандай, Малайсары жасағы келгенде, ойрат əскерінің алдыңғы
ертауыл тобы Бақанас өңіріне жетіп, осындағы аз ауыл Жалайырды шауып
жатыр екен. Малдарын айдап, адамдарын тұтқындап, былайғы жұртты
құмға қарай ығыстыра бастапты. Бірақ күтпеген жерден үстеріне қазақ
қолы сау ете түскенде, ойрат мыңдығы олжаларын тастай қашуға мəжбүр
болды. Біразы жер жастанып, бір бөлегі келген ізімен қашып құтылған.
Алайда қолға түскен тұтқындардың айтуынша, бұл келген — Жоңғар
əскерінің алдыңғы легі ғана. Батыр-Убашы бастатқан бес мыңдай қол екі
күншілік жерде, артта келе жатқан көрінеді. Малайсары Бақанаста бірер
күн ат шалдырып алды да, не де болса нар тəуекел деп, жау жасағы келедіау деген жаққа қарсы жүрді. Ондағы бір ойлағаны мұндағы ауылдарды ат
тұяғының астында қалдырмау болса, екінші бір ойы жау əскерін ұрысқа
қолайлы, ұрымтал жерден тосып алу еді. Бір жерде сарыла күткеннен гөрі
жорық үстіндегі жасақ өзін əлдеқайда сергек сезінетіні тағы бар.
Осындай себептермен Батпақтыдан бері өтіп, Іленің оң қапталындағы
биік асуға келіп бекінген. Осы арадан көш жерде келе жатқан жау қарасын
анық айыруға болады. Оның үстіне өзің тасада тұрасың да, қашан қасыңа
келгенше сені ешкім байқамайды. Ал тұтқиыл соққы — қашанда жеңіс
кепілі. Осы тұста тау қыраты қатпарланып, қара жол бірінен-бірі биіктеу
əлденеше асудан өтеді екен. Малайсары жер жадысын пайдаланып, өзінен
күші басым жауды қалайда қақпанға түсіруге бел байлады... Ол үшін
бірінші асуды ашық қалдырып, ойрат қолының алдыңғы легін өткізіп
жібереді де, екінші асудан өте бергенде қос бүйірден соғып, жаудың күшін
екіге бөліп тастайды. Мұндайда ұрыс тағдырын қимылдың жітілігі шешеді,
əрине. Артқы жағы ес жинап, күш топтап үлгіргенше қоршауда қалған
алдыңғы лекті қолма-қол ұйпап жіберу керек.
Алдағы шайқастың амал-айласын ойластырғанда, Малайсарының
көңіліне бір тоқ санағаны, өз жасағында мұндай ұрыстың талайын бастан
өткерген сары тісті, сақа сарбаздар мен Оразымбет, Байғозы, Сырымбет,
Олжабай, Шоңқай, Бөрібай тəрізді соғыс өнеріне жетік əйгілі батырлар
баршылық еді. Жаудың күші мүлде бастан асып, екі орап кетпесе, сайдың
тасындай өз жігіттерінің бірме-бірге келгенде ешкімге алдырмасына сенімі
кəміл. Ол серіктерімен ақылдаса келіп, Оразымбет пен Байғозы
мыңдықтарын ойрат қолын белден соғып бөліп тастайтын екінші асудағы
қос қанатқа жасырды да, қалған жасақты келесі асуда тағы да үшке бөліп,
Олжабай бастаған мергендер тобын маңдайға, Сырымбет пен Бөрібай
жігіттерін қос босағада қалдырды.
Бірақ көңілдегі көркем ой бар да, өмірде оның іске асуы бар ғой. Іс
жүзіне келгенде, алдын-ала ескерілмеген біраз қиындықтар туды. Ең ауыр
тигені: бұлар алақанға түкіріп, асыға күткен алғашқы күні, қас қылғандай,
жау қарасы көрінбей қойды. Келесі күні бесін ауа ойрат əскері алыстан
шаңдатып көрінді де, бейне алдағы асуда бір пəле жатқанын сезгендей, бері
бір қадам баспай, бес-алты шақырым жердегі бұлақ басына келіп жатып
алды. Сірə, арт жақтарынан қосымша күш күтетін тəрізді... Осы екі ортада
қазақ қолы ауыз судан тарықты. Бұлар бекінген жер ұрысқа оңтайлы
болғанымен, не бұлағы, не құдығы жоқ шөлейт қыр болатын. Ауыз суды
түйемен тасып, мініс аттарын алма-кезек айдап барып, суарып қайтуға тура
келген.
Ойраттар ертеңінде күн көтеріле бере атқа қонды. Таяу маңда жау бар
деп қауіптенбейтін секілді, қос табан көш жолымен үздік-создық шұбырып
келеді. Түнде арт жақтарынан қосымша əскер келген бе, қалай, кешегіден
гөрі қаралдысы молайып қалған тəрізді. Асуда тосқауыл барын анық
білмесе де, сақтық шараларын ұмытқан жоқ. Кезеңге таянғанда негізгі қол
жүрісін баяулатып, үш жүзге жуық шолғыншылар жасағын алға оздырды.
Бірінші асуға жарысқандай болып жылдам шауып шыққан олар, бет
алдарынан секем алар қара-құра байқалмаған соң, кезеңнің үстінде тұрып,
арттағыларға басына қыл құйрық байланған əлем-жəлем туларын бұлғап,
атойлап белгі берді. Мұнысы: «алда қауіп жоқ, жүре беріңдер» дегені еді.
Осыдан кейін өздері де алға қарай сау желіп жүріп кеткен. Əскердің алды
бірінші асуға көтерілгенде, шолғыншы топ екінші асудағы Оразымбет,
Байғозылар тұсынан өтіп бара жатты.
Малайсарының өзі жаудың əр қимылын бақылап; осы екінші асудың оң
жақ қапталында, Балталы Оразымбет батырдың қасында тұрған. Алғашқы
шабуылды қарсы беттегі Байғозымен бір мезгілде осылар бастауы керек
еді. Көш жолымен шұбырған жау əскері бейне толқын тудырып, ирелендей
жылжыған алып айдаһарды еске салады. Жолында не тұрса да жұта
салудан тайынбайтын тажал тəрізді. «Əттең, осыны ортасынан қақ бөліп
қиып түссек, басы мен құйрығын бір-біріне қоспай жеке-жеке жəукемдеуге
жеңіл болар еді!» деп толғанды Малайсары.
Шолғыншы топ суыт жүріспен үшінші кезеңді асып кеткенде, арттағы
қалың қол екінші асуға иек артқан. Шынында да, жау əскері бұлардың
мөлшерінен көп болып шықты. Алдыңғы бір мыңдайы сайға таман
құлағанда, құйрық жағы шұбалып, өлі бірінші кезеңде жатыр. Сірə, БатырУбашы дегені осы болар: қосынның орта тұсында, қасында сəн-салтанатты
бір топ нөкері бар, күміс ер-тұрманды сүліктей қара жорғаның үстінде, екі
бүктелген қамшысын бүйіріне таянған бір дəу өтіп бара жатты. Манадан
Малайсарының күткені де осы еді. Кенет əр жотадан түтін будақтап, өзара
белгі берісті де, қырқаның астында бұғынып тұрған жігіттер қос қанаттан
лап қойды.
— Я, аруақ!
— Ақжол-Қаптағай!
— Абылай-Абылай!
— Қабанбай-Қабанбай!
— Ұрып таста!
— Қан құстыр атаңа нəлеттерге! — дескен айғай-ұраннан тау-тас
жаңғырығып, аспан асты зіл-залаға айналғандай.
Малайсарының биікте тұрып байқағаны: манағы шолғыншы топты
жігіттер ə дегенде-ақ тілге келтірмей ұйпап жіберген. Ендігі қырғын
шайқас екінші жəне үшінші асудың арасындағы ойпатта жүріп жатыр.
Мана кезеңге қарай өрмелеген ойрат қолының алдыңғы легіне Олжабай
бастаған садақшылар жебе жаудырған шамада, екі қанаттан құйылған
Сырымбетпен Бөрібай жасағы жау əскерін лезде қоршап қалып еді. Ал
Байғозы мен Оразымбет жасағы бұл кезде басында түкке түсінбей иіріліп
тұрып қалған əскердің артқы легін бірден жапырып, етекке таман ысырып
тастаған.
Қоршауда қалған алдыңғы ойраттар бастабында төбелерінен жай
түскендей ұйлығып біраз тұрды да, тез ес жинап, қорғанысқа көшті. Олар
да қылыш суырып, найза сілтеп, өліспей беріспеудің қамына кіріскен.
Біраздан соң Малайсарының өзі де осы қоршаудағы ұрысқа қызу араласып
кетті. Өлермендене ұмтылған қолбасшының алдымен іздегені — жоңғар
нояны Батыр-Убашы болатын. Соны қолға түсірсе жау жатының əлсіреп
сала берерінде күмəн жоқ. Астындағы торы төбел иесінің ырқын тақым
қысуынан-ақ сезіп, қалың қолдың арасынан қоянша бұлтарады. Оңтайына
келген ойраттың бірнешеуін найзамен түйреп, біразының басын қылышпен
қатып түсірді. Бес қарудың сыртында, Малайсары айтулы қамшыгер де
болатын. Сауытсыз, жалаң шапан киген қалмақтың талайын өзегіне
қорғасын салып өрген бұзау тіс қамшымен бір тартқанда-ақ қалпақтай
ұшырды.
Қыраттың түстік жағы ыратөмен еңіс еді. Шамасы, ойраттар қоршауды
сол тұстан бұзып өтпек секілді. Батыр- Убашының өзі бір топ нөкерімен
қылышын оңды-солды сермеп, соңыдағы əскерге жол ашып барады.
Малайсары да атына қамшы басып, жан дəрмен солай қарай ұмтылған.
Бірақ жете алмады. Батырдың түпкі ойын сезген он шақты қалмақ алдынан
кес-кестей берді. Егер екінші бір жақтан Бағаналы Баянбай батыр келіп
қалмағанда, əлгілер мұны ортаға алатын ойлары бар еді. Малайсары
жігіттерге ақыра айғайлап:
— Ноянды жібермеңдер! Ұстаңдар Батыр-Убашыны! — дегенше
болмады, жоңғар нояны қоршауды бұзып өтті де, соңынан ілескен жүз
қаралы шерікпен түстікке қарай тартып отырды. Астындағы қара жорғаның
ақпалығын айтпа: сол жорғасының өзімен-ақ ешкімге жеткізбей, оқ бойы
алда кетіп барады. Көкейі белгілі — орағытып барып, арт жақтағы өз
тобына қосылмақ.
Қашқан қалмақты қуатын жағдай жоқ еді. Дəл осы сəтте екінші асудағы
Оразымбеттен хабаршы келген.
— Жау əскері екі еселеніп барады. Егер жедел көмек əкелмесе, ту
сыртымыздан орап кететін түрі бар, — депті Балталы батыры.
Анау-мынауға былқ етпейтін Оразымбет осылай десе, онда жағдайдың
мəз болмағаны. Малайсары қоршаудағы қалмаққа ие болуды Олжабай мен
Сырымбетке тапсырды да, өзі Бағаналы Баянбай мен Матай Бөрібай
батырдың жүздіктерін алып, дереу келесі асуға қарай шапты.
Мұнда да кескілескен шайқас жүріп жатыр. Оразымбет пен Байғозының
жігіттері əзірше жауды бері бастырмай, асуды ұстап тұр екен. Бірақ көптің
аты — көп. Тосқауылдағы қазақ қолының мөлшерін байқап қалған ойраттар
қос қанатқа да əскер шығарып, қоршап алу қаупін төндіре бастапты. Бұлар
арт жақтан келген жүздіктердің көмегімен, өрге қарай өңмендеген жаудың
бетін тағы бір рет қайтарған болды.
— Қырып жатсаң таусылмайтын бұл не деген көп қалмақ? Осылардың
саны бізден екі-үш есе артық-ау деймін! — деді Оразымбет бір əредікте
Малайсарыға ат басын бұрып. Батырдың өңі өрт өшіргендей. Қолындағы
жалаң қылышынан қан тамшылап тұр.
— Жігіттер, сəл шыдаңдар! — деді Малайсары алқына тіл қатып. — Көп
ұзамай арттағы мыңдықтар көмекке келеді. Ондағы жау əскері түгел
қоршауда...
— Жер астынан шыққандай, мына біреулер тағы қайдан сап ете қалды?
— деді нардай қаракөк аттың үстінде, жаудың əр қимылын бағып тұрған
Оразымбет кенет он жағына жалт қарап.
Малайсары да сол жаққа көз тіккен. Қараса, манағы қара атты ноян
бастаған топ алыстан орағытып, осылай қарай беттеп келеді екен.
— Мəссаған!.. Бұл — Батыр-Убашының өзі! — деді Малайсары қабағын
кіржитіп. — Іріктелген шағын топпен қоршауды күшпен бұзып шықты
иттің баласы!
Орталарына қолбасыларының аман оралуы ойраттардың еңсесін көтеріп
тастағандай болды. Шамасы, Батыр- Убашы қоршауда қалған алдыңғы
əскерді құтқаруға бел байлаған болар, қалмақ қолы қайтадан сап түзеп,
жандана бастады. Оз күштерінің екі еседей көп екенін біле ме, жоқ па,
əйтеуір, осы жолы шешуші шайқасқа шығары анық. Алдағы айқастың тым
ауыр боларын сезген Малайсары арттағы Олжабайға «оз мыңдығымен тез
жетсін!» деп кісі шаптырды.
Бұл кезде күн кіші бесінге таяп қалған-ды. Бас-аяғын жинап алған
қалмақтар қайтадан шабуылға өтті. Малайсары мергендер тобын алға
шығарып, межелі жерге келгенде садақтан оқ жаудырған. Алдыңғы лектен
біраз шерік оққа ұшты. Бірақ тоқтайтын түрлері жоқ. Қанына қарайған
Батыр-Убашы өз əскерін өлімге айдағандай тықсырып келеді. Бұл жолы қос
бүйірден қыспаққа алатын ойлары бар секілді. Байғозы мен Оразымбет
жауды ту сыртына өткізбеу үшін екі қанатта арпалысып жүр.
Малайсарының бір қолын екі ете алмай қатты қысылғаны сонша,
маңдайынан сұп-суық тер шықты. Шынымен-ақ, ойлаған жоспары іске
аспағаны ма? Сонда қай жерден мүлт кетті? Əзірше білетіні, жаудың күшін
кем санапты. Əскер саны туралы анық мəліметі болмаған.
Асу үстінде қоян-қолтық ұрыс басталып, жан алқымға таянғанда өз
мыңдығымен арт жақтан Олжабай жетті. Мың емес, небəрі сегіз жүз
шамалы жігіт. Сарбаз қатары сиреген, аттары болдырып, жігіттер
қалжыраған. Əйтсе де, ауған түйені басқандай, олар да əжептəуір сеп
болды. Жігіттер бейне тыңнан қосылғандай, атой сала ұрандап келіп
тиіскенде, бір жақтан қосымша қол келді деп ойлады ма, жау əскері еріксіз
кейін серпілді.
Бірақ ойсырай жеңілген ойрат жоқ. Қатарларын түзеп, босаған арқауын
қайтадан ширатып алып, алға қарай тағы да лап қойды. Малайсары торы
төбелдің ақ көбігін ағызып, өз жігіттерін жігерлендіріп жүр.
— Бір адым кейін шегінбеңдер! — деді ол қарлыққан үнмен қырылдай
дауыстап. — Өлсек, ортақ моламыз осы асуда қалады!
Соны айтып, ұрыстың жуан ортасына өзі де араласып кеткен.
Алдаспаның басынан асыра бұлғап қойып, қарсы жолыққан қалмақты
бауырдай турап келеді. Көзіне қан толып, өне бойынан ашы тер саулап, өзге
дүниені ұмытқандай бір күйге жетіп еді... Арада қанша уақыт өткенін
білмейді, бір мезгілде құлағына алыстан бір сарын жеткендей болған. Оған
да мəн беріп жатпады. Əлден уақытта біреулер келіп, тізгініне оралғанда
ғана есін жинады. Оразымбет екен:
— Сабыр-сабыр, батыр-еке! Тіпті мені де қоса шауып тастай жаздадың
ғой! — дейді қарқылдай күліп. — Əне, құдай тілеуімізді берді... Біздің
əскер келе жатыр!
Мынау не дейді, жаным-ау?! Ойыны ма, шыны ма? Өз құлағына сенбей,
Оразымбет нұсқаған жаққа қараған... Расында жаудың желке тұсынан
осылай қарай бір қалың қол құйғытып келе жатыр екен... Таныс үн, таныс
ұрандар:
— Абылай-Абылай!
— Қаптағай-Қаптағай!
— Қабанбай-Қабанбай! — деген айғай-сүреңнен жер жаңғырығып,
аспан аударылғандай.
— Мынау — Қабанбай жасағы ғой... Алда келе жатқан — Дарабоздың
өзі емес пе?! Есіл ерім-ай, жеткен екен ғой! — деді Малайсары сақалынан
тер аралас алты тарам жас ағып тұрып.
Күтпеген жерден қазақ қолының екі жақты қыспағында қалған ойраттар
лезде ұйқы-тұйқы болып, сең соққан балықтай ұйлығып біраз тұрды да,
шығыс солтүстікке қарай жоси жөнелді. Бірақ ертерек қимылдаған оң
қанаттағылары болмаса, арттағы сол қанатын тыңнан қосылған қазақ қолы
басып қалып еді.
— Аналар құтылып кетпесін! Аты жарамды жігіттер қашқан қалмақтың
алдын ораңдар! — деді Малайсары қасында тұрған Оразымбет пен
Олжабайға бұрылып.
Бұдан ары ұрыс ұзаққа созылған жоқ. Тыңнан қосылған күш бар, сол
күшті көріп қайта жігерленген осындағы жігіттер бар, бас-аяғы бір шай
қайнатымнан асырмай жау əскерін жамсатып салды. Көпшілігі жер
жастанып, тірі қалғаны ақ жалау көтеріп, қолға түсті. Бұл жолы БатырУбашы да құтыла алмапты. Бірнеше жерінен жараланып, аттан ауып түскен
ноянды Еспембеттің жігіттері қаумалап алып келді.
Бұл кезде бас қолбасы Қабанбай мен мұндағы Малайсары, Оразымбет,
Олжабай, Байғозылар шұрқыраса табысып, əлі де қуаныштарын айтып
жеткізе алмай жатқан-ды. Аятын əрең басып тұрған Батыр-Убашы топ
ішінен Қабанбайды танып, ақтық тілегін айтты:
— Сенімен қан майданда қару айқастырсам деуші едім, ол арманыма
жете алмадым! Мен жаралымын... Жанымды қинамай шауып таста! — деді
жарасы жанына қанша батса да, сыр бермей тістеніп тұрып.
Ал ноянның жарасы шынында ауыр еді. Оң иықтан да, кіндік тұсынан да
найза қадалған екен, шыпылдап шыққан қан торғай көз сауыттың
сыртынан білініп тұр.
— Шыдау керек, ноян! Еркек деген атың бар ғой... Жаралы адамға қол
жұмсау сіздерде болмаса, біздің салтымызда жоқ, — деді Қабанбай оның
бас-аяғына көз жіберіп.
— Егер өлтірмейтін болсаңдар, осында менің Мөңке деген емшім бар.
Соны тауып беріңдер!
— Мұның Мөңкесі қайда жүр екен? Тұтқындардың арасында болса
тауып əкеліңдер! — деді Қабанбай. — Бізге ноянның тірі қалғаны керек.
Мына Малайсарының бас олжасы ретінде ханға тарту етеміз.
— Емшісін ала жүргеніне қарағанда, істің осылай тынарын ноянның өзі
де сезген-ау деймін, — деп тарақты Байғозы батыр көпшілікті ду күлдірді.
Бұл кезде бес жүздей жаяу қалмақты алдарына салып, арт жақтағы
асудан Сырымбет пен Шоңқай батырлардың жасағы да келіп жеткен.
Ондағы ойрат қолы да ақырына дейін беріспей, əбден қара тұяқтан хал
кеткенде ғана қару тастауға мəжбүр болыпты.
Əскердің бас-аяғын түгендегенде қазақ жағынан да едəуір шығын бары
анықталды. Жеңіл-желпі жаралыларды қоспағанда, шейіт кеткендердің өзі
бес жүзден асады. Матай Бөрібай, Жалайыр Тəттібай, Семізнайман Бөдес
батырлар қаза болған... Бөрібай батыр — исі Найманға ұран болған ежелгі
Ер Қаптағайдың тікелей ұрпағы еді. Бір өзі он шақты қалмақтың
қоршауында қалып, ерлікпен мерт болыпты... Артынан əскер санын
есептегенде екі жақтың күші мүлде тең болмай шықты. Малайсарының бес
мыңдай ғана жасағы Батыр-Убашының сегіз мың əскерімен шайқасқаны
мəлім болды. Əйтеуір, түбі қайыр. Егер Қабанбай қолы дер кезінде келіп
жетпегенде, айқастың ақыры немен тынары неғайбіл еді.
— Бұл асуды не деп атайды екен? Бұл да бір есте қалатын орын болдыау! — деген Қабанбай жан-жағына енді ғана назар аударып.
Қолбасының сұрағына ешкім де жарытып жауап айта алмады. Өзінің
жеке аты жоқ, Арқарлы жотасының бір сілемі көрінеді.
— Ендеше бұл асуды бүгіннен бастап «Малайсары асуы» деп атайық!
Ұрпаққа жетер ұлы шежіреге де сол атпен кіретін болсын, — деді
Қабанбай. Сонан соң қасында тұрған Малайсарыдан бастап, бүгінгі ұрысқа
қатысқан батырлардың бəрін бір шеттен бауырына басып, құшақтап
шықты. — Рақмет, жігіттер! Сендерге қазақ елі разы. Сендердің бұл
ерліктеріңді кейінгі ұрпақ əлі-ақ аңыз қып айтатын болады.
Сол күні бұлар Малайсары асуындағы жеңіс хабарын жеткізу үшін
Абылайға жаушы шаптырды да, өздері шейіт кеткендерді ақ арулап қоймақ
болып, осында бірер күн аялдап қалды.
XI
Іле бойындағы бұл жеңіс Жетісу жерін азат етуде ерекше мəнге ие
болды. Батыр-Убашы басқарған бір түмен қолдың қатардан шығуы ойрат
ордасына оңай тиген жоқ. Артымнан қосымша күш келеді жəне ол күш
қазақ əскерінің ту сыртынан шығып, екі жақтан қыспаққа аламыз деп
күткен Сайын-Бөлек ноянның бар жоспары бұзылды да, бұдан кейінгі
ұрыстарда пəрменді қарсылық көрсете алмады.
Қыркүйектің бас кезінде Қабанбай жасағы Ақсудың төменгі ағысына ту
тіккен хан қарауындағы негізгі қосынмен түйілісті. Абылайдың
қуанышында шек жоқ. Алатау бөктері мен Іле алқабындағы жорықтарды
ойдағыдай аяқтаған Қабанбай мен Малайсары тобын құшақ жая қарсы
алды. Жеңіс құрметіне Ұлан-асыр той жасап, əр рудың басты батырларын
өз шатырында арнайы қонақ етті. Алатау өңіріндегі Шамалған,
Қаскелеңдермен өткен жекпе-жек ұрыстар, Іле бойындағы Малайсары
шайқасы бұл жақтағы елге де дүпілдеп жетіп жатыр екен, дастарқан
басында соның бəрі қайта жаңғырып, ұзын-сонар əңгіме болды.
Абылайдың айтуына қарағанда, бұл жақта да жан алып, жан беріскен
шайқастар өтіпті. Əсіресе: Алакөл, Лепсі, Ақсу бағытындағы Сайын-Бөлек,
Намеху-Жырғал түмендеріне қарсы ұрыстар есте қаларлықтай. Көкжал
Барақ, Батыр Баян, Ер Жəнібектер жекпе-жекке шығып, ерліктің небір
үлгісін көрсеткен көрінеді... Нəтижеде жаңағы өзендердің бойымен
өлермендене ұмтылған ойраттар қатты тойтарысқа ұшырап, Балқаш
өңірінен кейін серпілген. Əрине, құрбандық та жоқ емес. Əйтеуір, ел іргесі
таяу болғандықтан, кейін келіп қосылған жігіттер ол шығынның орнын тезақ толтырса керек...
Қабанбай əншейінде жайраңдап алдынан шығатын көкжал Барақ,
Баймұрат, Шынқожа, Дəулетбай секілді батыр інілерін орда маңынан
кезіктіре алмай, алаңдап отырған. Бір сөздің кезегінде, Абылайдан соның
мəнісін сұрады.
— А-а, Найман жігіттерін айтасың ба? Көкжал Барақ, Баймұрат
батырлар бастаған бес мың қол қазір Ақшəулі маңында тұр, — деді
Абылай. — Өзің білесің, біз бұрын жаудың негізгі күштерін Жоңғар
қақпасы мен Жаркент тұсынан күттік қой. Айтты-айтпады, ойрат əскерінің
осы екі бағыттан құйылғаны рас. Бірақ біз өкпе тұстан шабуылдайтын
үшінші бір күшті ескермеппіз. Ол — Қалбаның қалың қатпары мен
Барқытбелдің терістігіндегі торғауыттар. Осыдан бір ай шамасы бұрын
жаны қысылған қонтайжы соларды ұрысқа қосуға тырысты. Барқытбелдің
сырт жағымен торғауыттардың бері қарай жылжығаны мəлім болды.
Солардың жолын кесу үшін, амал жоқ, біз жарты түмен əскерді қарсы
аттандырғанбыз. Онымыз өте дұрыс болған екен. Көкжал Барақ пен
Баймұрат дер кезінде жетіп, Өкпетідегі ұрыста торғауытқа тойтарыс берді...
Қазір олар Ақшəуліде ту тігіп, шығыс шебімізді күзетіп тұр.
— Апыр-ай, жау бетінде тұрған біздің ауылдар тіпті ат тұяғының
астында қала жаздаған екен-ау! — деді Қабанбай өңінен қобалжу табы
білініп. — Бұл тағдырдың тəлкегін қойсайшы, Ілені олай-бұлай кешіп өтіп
мен жүрмін... Ал өзіңнің ағайын жұртың қан жұтып, қауіп астында жатыр!
Абылай оның не айтпағын бірден түсінді. Бірақ сөз салмағын дарытпай,
қарқылдап күліп жіберді:
— Оған амал бар ма?! Жаудың күші қай тұста басым болса, қазақтың
Дарабозы сол жерде жүреді де! — деді қолбасыны жұбатқандай арқасынан
қағып. — Ел-жұрт, ауыл-аймағыңа алаң болма. Ақшəуліде бес мың қолды
сол үшін ұстап отырған жоқпыз ба?!
Əскердің бас-аяғы жиналып болған соң, көп өтпей қазақ түмендері Ақсу,
Лепсі, Қаратал бойымен шығысқа қарай ең соңғы жойқын жорыққа
аттанды. Ішінара кейбір мыңдықтар қатысқан орташа ұрыстарды есепке
алмағанда, жоңғар əскері үш жерде: Ақсудың жоғарғы аңғарында, Қаратал
бойында жəне Жаркентте үлкен майдан ашып, тұрыстық берді. Бірақ
үшеуінде де күйрей жеңілді. Өйткені қазақ əскері бұл кезде ойрат қолынан
сан жағынан ғана емес, кек алуға құлшынған рухының беріктігі жөнінен де
əлдеқайда үстем еді. Қонтайжы қанша тырбынса да, өз ішіндегі ала
ауыздықтың салдарынан, бірнеше майданда қатар жүріп жатқан соғысты
қарулы қолмен жеткілікті түрде қамдай алмады... Оның үстіне, биыл күзге
қарай Дабашы мен Əмірсана нояндардың төңірегіне де бірер мың ойрат
құралып, Абылай əскерімен бірге тізе қоса соғысып жүрген. Қазақ
қолының құрамында қонтайжыға қас атақты нояндардың болуы ойрат
ұлыстарының арасында ірткі туғызып, кейбір əскербасыларын екіұдай
күйге түсірген.
Бұл жағдай алғаш рет Ақсудағы шайқаста анық белгі берді. Тау
бөктеріне таяу, Ақсудың сол жақ қапталындағы кен жазықта қазақ əскерінің
бір бөлігі ойраттың Байыр-Мөңке бастаған түменімен бетпе-бет келіп,
алдағы ұрысқа əзірленіп жатты. Екі жақтың əскер саны тепе-тең, түменгетүмен қарсы келіп тұрған. Бұл жолы да соғыстың жекпе-жексіз өтпейтіні
белгілі болды. Дегенмен, қалмақ батырларында ұрыс алаңына күні бұрын
шығып алып, қазақты келемеждеп, айбат шегетін баяғы арын жоқ,
айдарынан жел ескен атақты нояндар да қазір қоқилануын қойып, бой
бағып, қалтарыста тұратын болған.
Қазақ түменінің тізгінін Қабанбай ұстағанымен, бүгін Абылай да осы
топта болатын. Екеуі жаудың əр қимылын бағып, түзем алдында қатар тұр
еді. Қалмақ жағы бөгеліңкіреп қалған соң, батыр Баян бұл жолы
қарсыласын сайысқа өзі шақырмақ болып, қару-жарағын сайлап,
дайындалып жатқан-ды. Бірақ дəл осы кезде одан бұрынырақ қимылдаған
қарсы жақтың батыры астындағы құла қасқа атын ойнақтатып, ортаға шыға
берді.
Дабашы мен Əмірсана да осы топта, ханның дəл қасында тұрған-ды.
Қалмақ батыры шығысымен, əлгі екеуі оз тілінде балдырласып кетті де,
сонан соң жаңағы ортаға шыққан адамды нұсқап, Абылайға бірдеңе айтты.
Хан олармен қалмақ тілінде жауаптасып қалды:
— Мыналар не деп тұр, хан ием? Өздері жын көргендей түстері
бұзылып кетті ғой? — деді түкке түсінбеген Қабанбай.
— Мына шығып тұрған Əмірсананың атасы Шабдар ноян екен. Былтыр
күзде Дабашы екеуінің өкше ізіне түсіп, елден қуып тастаған — осы
Шабдар... Əмірсана қазір жекпе-жекке шығып, опасыз туысынан кек
алғысы келеді. Буңан не дейміз, Дарабоз?
— Мейлі... Қалмақтың өз басын өзінен аяймыз ба, нояндардың да
əуселесін бір көрелік! — деді Қабанбай езу тартып.
Əмірсана қазақ сөзін қалт жібермей ұғып тұр екен:
— Олай деме, Қабанбай батыр. Шабдар екеуіміздің өз есебіміз бар... Ол
— қайда жүрсе де менікі! Оның қанын ұрттамай кегім қайтпайды! — деді
тап-таза қазақ тілінде.
— Мен ше? Кезек менікі еді ғой? Мен де аруағымды шақырып қойып
едім, — деді мына жақтан батыр Баян жақындап.
— Сұрап тұр ғой, қонаққа бір кезегіңді қи! Осының қарымтасына мен
саған екі кезек берейін! — деді Абылай, Баянды қашанда еркелетіп
ұстайтын əдетімен.
Қабанбай Банжырдың қызы Мүнейді келін қып түсіргелі, Əмірсана да
мұны жан тартып, «Сарысүйек» деп үйіріліп тұратын. Жаңағы сөзім
көңіліне келіп қалды-ау деп ойлады да:
— Жолың болсын, ноян! Қас жауыңнан кегіңді алып, жеңіспен орал! —
деді Қабанбай да ықлас білдіріп.
Осы сөзден кейін, астындағы қаракерге қамшыны басып жіберіп,
Əмірсана да ортаға шауып шыққан. Қарсыластың кім екенін қалмақтар енді
таныса керек, қарсы жақ өзара ұйлығысып, шу-шұрқан сөздер естіліп
қалды. Ал қазақтар, не үшін екен, бұл жолы ұран да шақырмай, демдерін
ішіне алып үнсіз тұр. Ұран шақырғанда не демек? Əмірсана — не Арғын,
не Найман, не Үйсін емес, ойрат əулеті. Керек десең, ұрыс алаңына
шыққандар — жатыры бөлек демесең, бір əкенің балалары... Бірақ
бұлардың қуып жүргені — ел азаттығы, не халық кегі емес, тақ таласы,
билік бəсекесі.
Екі жақ бірте-бірте жылжып, сөз естілетін жерге тақау келіп тұрған-ды.
Шабдар ноян інісіне төніп келді де, қатты ашумен өз тілінде бірдеңе айтты.
Оған шаңқылдаған ащы дауыспен Əмірсана да жауап қайтарып жатыр.
Қалмақша жақсы білетін Абылай олардың не айтқанын қасындағы
кісілерге аударып тұр:
— Қазақтың өз батырлары аздай, мына жерге не бетіңмен келіп тұрсың?
Кеше ғана таяқ тиген бұралқы иттей қыңсылап, елден безіп кетіп едің,
Абылайдың жуындысына семіріп, құтырайын деген екенсің! — депті
Шабдар.
— Сенің де жайын белгілі. Бүкіл ұлысты, елді сатып, некесіз туған шата
— Лама Доржидың табанын жалағансың. Сол опасыздығың үшін, осы
қазір сазайынды тартасың! — депті Əмірсана.
Ағайынды екі ноян біраз салғыласып алған соң, Əмірсана ендігі сөзін
арты жақтағы қандастарына арнады.
— Тыңдаңдар, төрт ойраттың тұқымы! Мен сендерге жау емеспін,
жоңғар тағына заңсыз отырып алған, некесіз шата Лама Доржиға
қарсымын. Сол таққа отырғалы, басымыздан бақ тайып, бұрқын бізден
бұрылып кетті. Мінеки, көріп тұрсыңдар, ойрат ордасы құрып кетуге тақау.
Жоңғар тағына таза хан тұқымы — Дабашы ноян, не мен отыруым керек.
Біз билік басына жетсек, қырғын соғыс тоқтап, қой үстіне бозторғай
жұмыртқалайтын заман орнайды. Егер ойрат ордасының шаңырағы мүлде
ортасына түспесін десеңдер, Лама Доржимен ат кекілін кесісіп, біз тарапқа
шығыңдар!..
Əмірсана əлі де бірдеңелер айтпақ еді, бірақ дəл осы сəтте Шабдар ноян
шыдамай кетіп, қас жауына алдаспанын ала ұмтылды. Əмірсана да жан
дəрмен қорғанысқа көшкен. Ендігі жерде кек пен нала, өштік пен қастық
жарқ-жұрқ еткен ақ алмастың жүзінде сөйлесіп жатты.
Міне, нағыз сайыс деп осыны айт! Не қыласың, екеуі де қимылына көз
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Дарабоз - 25
  • Parts
  • Дарабоз - 01
    Total number of words is 4114
    Total number of unique words is 2346
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 02
    Total number of words is 4101
    Total number of unique words is 2361
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 03
    Total number of words is 4071
    Total number of unique words is 2398
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    52.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 04
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2300
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 05
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2481
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 06
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2492
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 07
    Total number of words is 4113
    Total number of unique words is 2311
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 08
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2298
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 09
    Total number of words is 4015
    Total number of unique words is 2284
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 10
    Total number of words is 4131
    Total number of unique words is 2380
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 11
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2314
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 12
    Total number of words is 4135
    Total number of unique words is 2385
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 13
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2287
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 14
    Total number of words is 4154
    Total number of unique words is 2318
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 15
    Total number of words is 4136
    Total number of unique words is 2426
    31.9 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 16
    Total number of words is 4123
    Total number of unique words is 2466
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 17
    Total number of words is 4055
    Total number of unique words is 2318
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 18
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2312
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 19
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2215
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 20
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2334
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 21
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2296
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 22
    Total number of words is 4085
    Total number of unique words is 2211
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    46.3 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 23
    Total number of words is 3991
    Total number of unique words is 2265
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2194
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 25
    Total number of words is 4079
    Total number of unique words is 2431
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 26
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2320
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 27
    Total number of words is 4046
    Total number of unique words is 2316
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 28
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2358
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 29
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2327
    33.7 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 30
    Total number of words is 4039
    Total number of unique words is 2336
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 31
    Total number of words is 1989
    Total number of unique words is 1292
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.