Latin Common Turkic

Дарабоз - 21

Total number of words is 4077
Total number of unique words is 2296
34.9 of words are in the 2000 most common words
50.1 of words are in the 5000 most common words
57.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Бір өзің бар қазаққа азық едің.
Төлені жанған отқа тастап қойып,
Самалдап сары Арқада қазы жедің.
Туған жерде мен де бір қазық едім,
Сен аспанда қаңқылдар қазым едің.
Ағаңның халін білмей сен жатырсың,
Ағайынға мен неден жазып едім?! —
деп тоқтағанда, сегіз қанат ақ орданың ішіндегі лық толы жұрт, жанған
отқа май құйғандай дуылдасып кетті. Əр тұстан:
— Əй, сөзім-ақ емес пе?!
— Өкпе-назын тең-тұрғысы Қазекеңе айтпағанда, кімге айтсын?!
— Қайтсін-ай, оған да оңай дейсің бе?! Ағайынға деген сағынышы мен
көкірекке жиналған мұң-шерін бір төккен екен ғой! — дескен сөздер
естілді.
Енді біраз адамдар əлгі өлеңге Қазыбек не жауап айтар екен дегендей,
тор жаққа қарап қалысқан. Ұлы би шамданған да, шамырғанған да жоқ, бір
сəт əжімді жүзі жадырап, жасарғандай шырайлана түсіп, бойын тіктеп алды
да:
— Айтқан сөзінің артық-кемі болсашы! Бəрі рас. Ол осылай демесе,
Төле би болар ма еді?! — деді, ол да іштегі сағынышын сыртқа
шығарғандай баяу күрсініп. — Соңғы жиырма-отыз жылда Төленің
арқалаған жүгін піл ғана көтерер. Өзі айтпақшы, үнемі жанған оттың
ортасында жүрді ғой қайран сабаз. Біреуге жалтаң көз, бодан болу,
ойраттың оқпанын толтырып, Қоқанды қолға қондыру оңай дейсің бе?! Біз
бір қазақтың тілін таппай жүргенде, ойдағы өзбекпен ұғысып, қырдағы
қырғызбен қиысып, таразы басын тең ұстап отырды-ау майталманым!
Сондағы ойлағаны — осы халықтың қамы, ағайынды аман сақтаудың
амалы да... Ағаның алдынан өтіп, сəлем беру қарызы бізде еді, амал не,
оған жер шалғай боп, денсаулығы түскір де жар бермеді ғой! — деп
қайтадан жүдеу тартып, бір кəрілік уайыммен үнсіз отырып қалды.
Түскі қонақасыдан кейін өзге жұрт жан-жаққа тарап, Абылай
айналасында Қабанбай, Бөгенбай, Қазыбек пен Шақшақ Жəнібек, Бұқар
сияқты санаулы ғана адамдар қалған. Осы оңашалықта жоңғар хандығынан
бас сауғалап келген нояндар жайы сөз болды. Қалай дегенмен, ойрат
Ордасының іштей ыдырап, ала ауыздыққа тап болуын мұндағылар
жақсылыққа жорып отыр екен. Əзірше қонтайжыдан қуғыншы келе
қоймаған. Сірə, олар бастапқы кезде Дабашы мен Əмірсана қазақ ордасына
келді ме, əлде Ертіс бойындағы орыс бекіністерінің біріне барып тығылды
ма, анығын біле алмай, аңысын бақса керек. Əрине, қашқындардың қазақ
арасында екені анықталған соң кешікпей қонтайжыдан елші келері сөзсіз.
Сол кезде Қазақ ордасы қандай бағыт ұстанады? Нояндарды қайтарып бере
ме, жоқ, əлде қанаттарының астына алып қорғап қала ма? Осыған əзір
болуы керек.
Бұдан бұрынғы мəслихатта Абылай да, Қазыбек пен Бөгенбай да
нояндарды қайтармай, пана болайық деген түйінге келіпті. Тек Шақшақ
Жəнібек қана басқа пікірде. Айтуынша, оны бұл сапарға Орынбор əкімдері
əдейі жұмсаған көрінеді. Жандарал Неплюев: «Ойрат тəйжілерін қазақтар
өз қолында ұстамай, Ресей қарауына өткізіп берсін. Қашқындарды
қолдарына ұстап отырса, қазақ-жоңғар арасы одан арман ушығып кетуі
мүмкін», — деп Абылайға сəлем жолдапты.
Қабанбай да мəселенің жай-жапсарына қаныққан соң, нояндарды
қайтарып бермеу керек деген пікірді жақтады. Бұтаға қорғалаған торғай да
аман қалады. Қара ормандай қазақ елі сол бұта құрлы болмағаны ма? Оның
үстіне, құдайы қонақты қуу, не біреуге ұстап беру — қазақтың ата салтында
жоқ нəрсе. Нояндарды орыс əкімдеріне де беруге болмайды. Орыстар ол
бишараларды кімге, қалай бұлдап өткізерін бір құдайдың өзі білсін...
«Қазақ-жоңғар арасы ушығып кетеді» деген сөз бе екен? Онсыз да ойратпен
арамыз ушығып болды емес пе? Биылғы соғыс мынау, келер жылы тағы да
аттанысқа шығайық деп отырмыз. Түркістан, Ташкент маңындағы, Талас
пен Шу бойындағы елдің тілегі де — биылғы жеңістің ізін суытпай,
шабуылды жалғастыра беру.
— Менің де ойым осы, — деді Абылай арқасы кеңіп қалғандай. —
Дабашы мен Əмірсана қатардағы қашқын емес, өз елінде тамыр-тірегі бар
адамдар. Соғыста жеңіліп, амалсыз шегінгені болмаса, Жоңғарияда оларды
жақтайтын топтар баршылық. Ойраттардың бірталайы-ақ некесіз туған
Лама Доржидың таққа отырғанына наразы көрінеді. Ал Дабашы болса —
баяғы Батыр қонтайжыдан тараған атақты Церен Дондобаның немересі,
ойрат тағынын заңды мұрагері... Болашақты кім болжап білген? Бүгін ұстап
берген адамымыз ертең аяқ астынан жоңғар тағына отырып жүрсе, біз
мүлде ыңғайсыз жағдайда қаламыз ғой.
— Осы ойларың менің де көкейіме қонады, — деді ұлы би Қазыбек те
сөзге араласып. — Дабашы мен Əмірсана айтқандарына жетіп, билікке қол
арта қалса, оларды мəңгі қарыздар етіп, мойнына арқан сүйретіп жібересің.
Ал билікке жете алмаған жағдайда, баяғы Халдан Церенді шошытқан
Қарасақал сияқты, қонтайжыны үнемі қауіп астында ұстап, қыпылдатасың
да отырасың.
Ақыры осы сөзге бəрі де тоқтаған. Қыс болса келіп қалды. Ақ қар, көк
мұзда қашқындарды іздеп, жоңғар да жорыққа шыға қоймас. Биылша
қалмақ нояндарын қамқорлыққа алып, қолға ұстай тұрған жөн. Ал жаз
шыққан соң, ойраттар қалай жауласам десе де өзі білсін. Іздегенге сұраған,
қазақ хандығына да керегі осы.
— Ал нояндардың өздері қайда? Оларға кім ие болып жүр? — деді
Қабанбай, Орда маңынан ондай бөтен ешкімді көрмегені есіне түсіп.
— Қашқындар тобы қазір Шыңғыстау өңірінде. Олар о баста Ертісті
құлдап келіп, Уақ ауылдарына тоқтаған екен, сол маңнан ұзатқанымыз жоқ.
Бастарына үй, бауырларына қазан асып беріп, сырттай бас-көз болуды
Қайып пен Өтеген батырларға тапсырып қойдық, — деді Абылай. —
Айтпақшы, Əмірсананың ағасы Банжыр тəйжі өзіңді қатты іздеп отырған.
Қайтар жолда Шыңғыстауға соғып, жағдайларын біле кетуіңе болады.
Хан ордасында бірнеше күн аялдап, келер жылғы аттаныс жайын
ақылдасқан соң, Қабанбай елге қайтуға қам жасады. Басқа батыр, билер де
тұс-тұсқа тарайтын ыңғай танытқан. Абылайдың жорықтан қайтқан бастыбасты батырларға арнаған сый-сыяпаты бар екен, дəл аттанарда соларын
тарту етті. Иықтарына алтын зерлі тон жауып, астарына сəйгүлік ат
мінгізді. Мұның сыртында бас қолбасы Қабанбайға алтын құндақты алмас
қылыш сыйлады.
— Бұл — алғашқы жеңістеріңе деген өз басымның ықласы. Ал
халқымыздың сый-құрметін жеріміз жаудан толық тазарғанда көре
жатарсыңдар! — деді ол батырлармен қоштасып тұрып.
Осыдан кейін Қабанбай тобы көп бөгелмей аттанып кеткен. Бұлар
қайтар жолда сəл бұрыстау болса да Шыңғыс өңірін баса жүрді. Осында
иін тіресіп отырған Бура, Матай, Мұрын ауылдарына бірнеше күн қонақ
болып, ақыры Арқат тауының бір қуысын жайлаған Уақ руына ат басын
тіреді.
Қабанбайлар жүз шамалы кісі еді, Қайып би мен Өтеген батырдың
ауылына бөлініп түсті. Бұл — ана жылдары Абылаймен бірге екі жылдай
Халдан Цереннің тұтқынында болатын Өтеген. Сол кезде монғол тілін
үйреніп, Дабашы, Əмірсаналармен жақсы байланыста болса керек. Ойрат
тəйжілерінің бірден Өтеген ауылына келуінде, Абылайдың оларды басқаға
емес, Өтегенге сеніп тапсыруында жіпселесіп жатқан осындай себептер бар
еді... Мұнда да үлкен той жасалып, жорықтан қайтқан батырларға сый-
құрмет көрсетілді. Қабанбай осындай қонақасыларда қашқын нояндармен
жақын танысып, бірнеше рет дастарқандас болды.
Дабашы ноян қырыққа жасы енді ілінген, кең иықты, салқам денелі,
шомбал жігіт екен. Арғы бабасы — Жоңғар хандығының іргесін қалаған
Батыр қонтайжы. Бергі жағын айтсақ, ұзақ жыл ойрат əскерінің
қолбасшысы болған Церен Дондобаның немересі. Жеті атасынан қаракөк
үзілмеген хан тұқымы, ақсүйек екені өзін ұстауынан, сөйлеу мəнерінен де
көрініп тұр. Оның нор Зайсан, Алтай-Сауырдағы торғауыт пен ұранхайдың
ұлыс бегі деген атақты місе тұтпай, қонтайжы Лама Доржимен таққа
таласуы өзінің осындай ата даңқына, мінсіз тегіне сенгендігінен болса
керек.
Ал Əмірсана жасы отызға еркін іліне қоймаған, тұла бойында қырым ет
жоқ, ұзын бойлы, сылыңғыр қара екен. Бұл да осал кісі емес. Тарбағатай
өлкесіндегі хойт, дүрбіт тайпаларының ұлыс бегі, Халдан Цереннің
қарындасынан туған жиені... Бірақ уақытша болса да бақталас жауыңнан
жеңіліп, жат жұртқа кіріптар болу оңай ма, ақсүйек нояндар сыртқа сыр
бермей, өздерін тым маңғаз ұстауға тырысқанымен, көрер көзге
төменшіктеп, жасып-ақ қалыпты. Екеуі де Қабанбай алдында қалбақ қағып,
қошемет көрсетті. Қазақ-қалмақ өмір бойы соғыспағандай, Қабанбайдың
қайқы қылышы қас жауының қанына малынбағандай:
— Сіздің есіміңіз ойрат жұртына ежелден қанық. Сəті түсіп, бет
көріскеніме өте қуаныштымын, — деді Дабашы. — Естіп жатырмыз, Сыр
бойындағы соғыстардан зор жеңіспен оралыпсыз. Арамнан туған Лама
Доржи — қазақ-қалмақтың ортақ жауы. Қонтайжының қарғылы төбеттері
— Сайын-Бөлек пен Намеху-Жырғалдың сазайын мықтап тұрып берген
екенсіздер.
— Тек сол екеуінің қолға түспей, құтылым кеткені өкінішті! — деді
Əмірсана қанын ішіне тартып. — Сайын- Бөлекті қойшы, ол кəрі
қақпастың шама-шарқы белгілі. Бəрінен де Жырғал сұмның сытылып
кеткеніне ішім қазандай қайнайды.
Намеху-Жырғал — əрі жас, əрі Батыр қонтайжыдан тараған хан тұқымы
ретінде ойраттағынан үміткерлердің бірі. Əмірсана мен Дабашының əсіресе
тісін басқан адамы сол көрінеді.
— Оларды қоя берейік деген ойымыз жоқ еді. Бұл соғыста ол екеуі де
намəрттік көрсетті, — деді Қабанбай. — Сайын-Бөлекті, қанша дегенмен,
бір елдің əскербасы ғой деп, қоршауда қалса да басын кемітпей жекпежекке шақырып едім. Бірақ ол бір түмен əскерін өз жолына қара лақ қып
шалды да, алды-артына қарамай зытып отырды... Осыдан кейін қалай жер
басып жүргеніне таңым бар.
Əмірсананың ағасы Банжыр да осы топтың ішінде екен. Бұрын бір рет
дəмдес болған көз таныс ретінде Қабанбаймен шұрқырасып көріскен
адамның бірі сол болды. Осыдан үш жыл бұрынғы сəн-салтанат,
бұлықсыған бұлалықтан ештеңе қалмай, ол да қатты жүдеп кетіпті. Сырт
жаудан жеңілсең бір сəрі ғой, оз қандас бауырларыннан теперіш көріп, елжұртыңа сыймай, босқындық халге түсуді құдай басқа бермей-ақ қойсын.
Сөз лəмдеріне қарағанда, Дабашы да, ағайынды Əмірсана мен Банжыр
да бұта түбі, көген жат Лама Доржидың тақ мұрагері болуын заңсыз деп
есептейді екен. Тарбағатай мен Алтай-Сауырдағы ұлыстарды билейтін бұл
нояндар жаңа қонтайжы таққа отырысымен, хан кеңесіне де қатыспай, өз
аймақтарында жатып алған көрінеді. Ақыры көрінеу жасалған қысасқа
шыдамай, амалсыз атқа қонған қонтайжы жас нояндарды иліктіре алмаған
соң, енді бұлардың Орда маңындағы туыстарының соңына шам алып
түседі. Соның ішінде, əсіресе, Дабашының немере ағасы, Əмірсананың
қайын атасы, бүкіл ойрат əулетіне қадірлі Дашы Доба ноянды қолға алып,
адам айтқысыз айуандықпен екі көзін ойып, Ақсуға жер аударуы онсыз да
шиеленісіп тұрған жағдайды мүлде асқындырып жіберген.
Нояндар енді ашық қыр көрсетіп, Ордаға бағынудан бас тартады. Лама
Доржи қаһарына мініп, солтүстік аймақтарға қарсы жорық жасайды.
Басында екі жақтың күштері тепе-тең түсіп, Дабашы мен Əмірсана
бірталайға дейін алдырмайды. Сөйтіп жүргенде, бұлардың өз ішінен іріткі
шығады. Əмірсананың ағасы Шабдар мен Дабашының інісі Еменқұла
азғырынды тілге еріп, қонтайжы жағына шығып кетеді. Осыдан кейін-ақ
бүлікші нояндар əлсірей бастаған. Лама Доржи бұлардың өкше ізіне түсіп,
Зайсан көлге дейін тықсырады. Нояндар шығысқа қарай ойысқанда
алдарынан ұранхайларды айдап салады. Сол арада Əмірсана мен Дабашы
əскері күйрей жеңіліп, өздері аз адаммен Ертісті құлдай қашып, қазақ
жеріне өтуге мəжбүр болады.
— Ертіс бойына келгенде алдымызда екі тарау жол тұрды, — деді
Дабашы ағынан жарылып. — Қол созым жердегі орыс бекінісіне тартамыз
ба, əлде Қазақ ордасына барып паналағанымыз жөн бе? Шынымды айтсам,
əдет-салты басқа, қашанда көшпенділерді менсінбей, жоғарыдан қарайтын
Ақ патшаға сенбедік. Сонан соң, қанша жаулассақ та киіз туырлықты
ағайын едік қой деп, аттың басын қазақ хандығына қарай бұрдық...
— Келгендерің дұрыс болған. Таңдауларында қапы жоқ, — деді
Қабанбай. — Тас түскен жеріне ауыр. Біздің елдің салтында құдайы
қонақты ешкімге жəбірлетпейді.
— Байқайсыз ба, Қабанбай батыр, сіз Сыр бойында, біз Ертісте, ортақ
жауға қарсы бір майданда соғысыппыз ғой! — деп Дабашы көңілденіп
қалды. — Біз некесіз Лама Доржиды бəрібір хан тағында қалдырмаймыз.
Ойраттағы ерте ме, кеш пе, өзінің заңды иесін табады.
— Ол үшін қазақ ағайындар бізге қол ұшын беріп, ата мұрасын
қайтарып алуымызға көмектесуі керек! — деді Əмірсана. Бір қызығы, ол
үнемі Дабашымен өзін тең ұстап, серігі сөйлеген сайын, қалайда сөз
қыстырып отырады екен.
— Несі бар, біз онсыз да келесі жылы ойрат ордасы басып алған
жерлерді азат ету үшін шығысқа қарай жойқын жорық жасаймыз ба деп
отырмыз. Қонтайжы əскерінің күлін көкке ұшырсақ, көмек деген сол емес
пе? — деді Қабанбай. — Бірақ басын ашып алатын бір нəрсе бар...
— Ол не? — деді Дабашы ширығып.
— Сіздер көп ұзамай қарымта қайтарып, ойрат тағына отырды дейік...
Одан ары не болады? Осыдан қазақ хандығының ұтары бар ма?
— Онда қазақ-қалмақ соғысты тоқтатып, мəңгі достасады, — деді
шапшаң мінезді Əмірсана алдымен жауап беріп. — Біз қазақ жерін
соғыссыз-ақ қайтарып береміз. Екі ел өзара одақ құрып, сыртқы жауларға
қарсы бірлікте күресетін болады.
— Ілəйім солай болсын! Құдай-тағала осы тілектеріңе жеткізсін! — деді
Қабанбай, түбі неғайбыл əңгімені бұдан ары соза бергісі келмей.
Былайша, нояндардың жағдайы жаман көрінбейді. Абылайдың, өзі
жақында арнайы келіп, тұрмыстарын түзеп кетіпті. Бастарына үй тігіп,
алдарына төрт түлік мал салып, өздерін жеке ауыл етіп қондырған.
Маңайдағы елдің де ықыласы жаман емес, жұрт «жылу» жинап, сойыс мал,
төсек-орын, киім-кешек жағынан да көмектескен. Үйге кірген жыланның
да басына ақ құйып шығаратын кең қолтық қазекең баспана сұрай келген
нояндарға, ата жауымыз едің демей, қонақжайлық көрсетіпті... Тек артта
қалған жақын туыс, бала-шағаларын уайымдайтын көрінеді. Нояндар
кеткен соң қонтайжы бұлардың қарауындағы жұртты əдейі əр ұлысқа
таратып, енді біразына Шабдар мен Еменқұла ие болған деседі.
Қабанбай ертең аттанамыз деген күні Банжыр ноян оны оңашалап, өзін
көптен мазалап жүрген бір өтініш-тілегін айтты.
— Қазақ хандығы қанша ықылас білдіріп, құшақ жая қарсы алғанымен,
ұзын арқау, кең тұсау, мырза тұтқынға айналған жайымыз бар, — деді шын
сырын жасырмай. —
Өздігімізден алысқа ұзап шыға алмаймыз. Басқалардың ғой отбасылары
қастарында. Ал мен қоныс шалғайлығынан үй-ішімді өзіммен бірге əкеле
алмадым. Соңғы күндері жалғыз қызым Мүней түсіме кіретін болып жүр.
Байғұс бала біреулерден жəбір көріп, қапаланып жүр ме, кім білсін...
Жақында арт жақтан адамдар келіп еді. Біздің ауылдарды Қатынсудан ары
көшіріп, Емілдің бойындағы қалың қопаға апарып иіріпті. Сіздің қоныстан
онша қашық емес, ұзаса үш күншілік жер... Соған түнделете шағын қол
аттандырып, менің бала-шағамды алдырып беруге қалайсыз? Жасақты
біздің ауылға дəл бастап баратын сенімді адам қосайын. Егер осы бір
тілегімді орындасаңыз, өмір бойы жақсылығыңызды ұмытпас едім...
Қабанбай күтпеген өтінішке не деп жауап қайырарын білмей тосылып
қалды. Өзінің əлі ел бетін көрмей, алыс жолдан келе жатқан түрі мынау.
Жігіттермен ақылдаспай тұрып не айтады? Бірақ батырдың бөгелісін
Банжыр басқаша жорыса керек, жауап бергенше шыдамай, əңгімені ары
қарай тағы да өзі жалғап əкетті.
— Айтпақшы, əлгі Əлі деген ұл қайда? Ол қазір кəдімгідей жігіт болған
шығар, ə? — деді есіне əлдене түскендей.
— Иə. Ол қазір қатардағы сарбаз. Биыл менімен бірге алғаш рет
жорықта болып еді. Аягөз маңында ауылға қарай бұрылып кетті.
— Ендеше, сол Əліге менен сəлем айтыңыз, — деді Банжыр, қолына
əлдебір сенімді қару түскендей, керемет қуанып. — Əлі жігіт болса,
Мүнейді құтқарсын! Ана жылы біздің ауылға барғанда, əзіл үстінде бір
сөзді аңдамай айтып қалып едім. Аузыма сонда құдай салған шығар, сол
айтқаным — айтқан. Мүнейді аман-есен құтқарса, жастарға оң батамды
беремін!
Алда байғұс-ай! Бала үшін кісі не істемейді? Мына сөзге
жаратылысынан балажан Қабанбай да толқып кетіп еді. Бала деген басында
бар ғой. Егер сол Мүнейдің орнында өз қызы Назым жүрсе қайтер еді?!
Банжырды аяп кеткені сонша, əке көңілін орнықтырғанша асықты:
— Ойынды ұқтым, құрметті тəйжі. Құдай сəтін салса, бала-шағаң жақын
уақытта қолыңа тиіп қалар. Ал сен екеуіміз түбі жегжат боламыз ба, жоқ
па, ол жағын балалардың еркі білсін, — деді Банжырды жұбата сөйлеп.
— Мен қызыма хат жазып берем. Ол бəрін де түсінеді, — деді қалмақ
нояны.
Арқаттан аттанған батырлар жолдағы Найман ауылдарына қона-түстене
отырып, бір жеті мөлшерінде өз қыстауларына келіп жетті. Ел аман, жұрт
тыныш. Ақши мен Мыңбұлақтың сай-саласын қыстаған қалың ел
соғымдарын сойып, мəре-сəре боп жатыр екен. Енді, міне, бас сардардың
аман оралуына байланысты той-томалақ, сый-сыбаға басталып кетті.
Алайда Қабанбай қайда жүрсе де, Банжыр ноянға берген уəдесі есінен
шықпай, ойына орала берген. Бір қалт еткенде арадағы əңгімені əйелі
Майсараға жеткізді.
— Ана жылы барғанда Мүнейді көріп пе едіңдер? Былай... өзі өңді бала
ма? — деді Майсара əйелге тəн əуестікпен.
— Онда ол ұзаса он төрт-он бестегі жас өспірім қыз болатын. Бірақ
бойжете келе хаса сұлудың өзі боларлық, алманың сабағындай ажарлы бала
еді.
— Уəде — құдай сөзі. Ноянға сөз ұстатқан екенсің, қайтсең де
орындауың керек қой, — деді ер көңілді Майсара дем бере сөйлеп. —
Алдымен Банжырдың бала-шағасын құтқарайық, сонан кейінгісін көре
жатармыз.
Əңгіменің шет-жағасын Əліге айтып көріп еді, ол бірден құлшынып
шыға келді. Жас жігіт Мүнейді əлі ұмытпаған екен. Ұмыту былай тұрсын,
ол соңғы жылдары қалмақтың сол бір жас сұлуын жиі-жиі еске алатын-ды.
Осы маңайдан бір қыз көрсе, ылғи да сол Мүнеймен салыстырады.
Салыстырса болғаны, қыз атаулының сұрқы қашып, өңсіз, нəрсіз тартып
кетеді... Əлінің ойынша, қалыңмал төлеп, ел ішінен қатын алу — ер жігітке
қорлық. Шын батыр болашақ жарымен жаугершілікте, не жорықта
жүргенде табысуы керек. Қобыланды мен Құртқа да, Ертарғын мен
Ақжүніс, Алпамыс пен Қаракөзайым да сөйткен. Өз əке-шешесі Қабанбай
мен Майсара да қан майдан, қырғын соғыс кезінде қосылған... Ал сүйген
жарың жау қолында, қол жетпес жеті қат қамалдың арғы жағында тұрса
тіпті жақсы. Хан қызы болса тіпті керемет. Ендеше дəл қазір Əліге лайық
сондай жар — қалмақ қызы Мүней. Ханша болмағанмен, тəйжілер əулеті,
ханның жиеншары... Бала күннен ертегі мен жырды көп тыңдаған
даңққұмар жас жігіт кейде осылай қиялдайтын.
Оның үстіне Əлі биылғы жорықтан мүлде өзгеріп қайтты. Салт басты
бойдақтықтан зардап шеккені сонша, ол енді үйленуге бел байлаған. Қол
жетсе — Мүнейге, қол жетпесе — басқа біреуіне... Кім ойлап тапқаны
белгісіз, əйтеуір, қазақ салтында əлі үйленбеген, үйленсе де артына тұяқ
қалдырмаған жас жігітті, тақа бір қиын-қыстау кезен болмаса, қырғын
шайқасқа қатыстырмайды. Осы жолы жай жорықта жүрді деген аты
болмаса, Əліні бірде-бір ұрысқа жіберген жоқ. Жаз бойы қолбасыны
қоршаған ұландар қатарында тізесін кеміріп жүрді де қойды. Қайратын
сынап, ер атанар кезеңнің талайын босқа жіберді-ау. «Жетер! — деген ол
сонда іштей кіжініп. — Қатын алып, ұрпақ қалдыру міндет болса, ол жағы
қолдан келеді».
Енді, міне, құдай ондап, Мүнейдің əңгімесі шыққанда, Əлінің көктен
тілегенін жерден бергендей болды. Қалмаққа қашан аттанғанша жарғақ
құлағы жастыққа тимей, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. Көз
алдында — сол баяғы Мүней. Басқасын былай қойғанда, қыз үшін жорыққа
аттанып, қаптаған жаудың ортасынан тартып əкетудің, өзі неге тұрады?!
Ақыры үлкендер ақылдаса келіп, Еміл бойына шағын қол аттандыруға
бел байлаған. Жер жадысын жақсы білетін, барымта-ұрлыққа, түнгі
жортуылға көп қатысқан екі жүздей жырынды жігіттерді жинады да, оған
жас кезінде жолбасар ұры атанған Тоқпақ Қасабай батырды басшы етіп,
Тума Шынқожа батырды қосшы етіп, Əліні бір түнде аттандырып жіберді.
Жортуылшы жігіттер арада жеті күн өтіп, сегізінші күн дегенде қайтып
оралды. Олжалы. Тапсырылған шаруаны мінсіз орындап, Банжыр ноянға
қарасты бір ауылды мал-жанымен көшіріп əкеліпті. Орталарында бұл күнде
он жетіге келіп, толған айдай толықсыған Мүней сұлу бар. Ауылдың
үлкендері «танымайтын жортуылшы қазақтарға бет албаты қалай ілесе
көшеміз» деп тартынған екен. Жол бастаушы қалмақтың ауызша сəлемін
естіп, əкесінің өз қолымен жазған хатын оқыған соң, көші-қонға Мүнейдің
өзі мұрындық боп, туыстарын бастап əкеліпті.
Айтып отырса — əңгімелері қызық. Қысқа қарай қалмақтардың да мал
қамымен сай-сайға бытырап кеткен кезі ғой. Қыс көзі қырауда мұндай суыт
жорықты күтпеген де болар, бұлардың жолына кесе-көлденең тұрып, ашық
қарсылық көрсеткен ешкім болмапты. Оның үстіне барар жолда
Қасабайдың ақылымен жігіттер бірнеше топқа бөлініп, былайша бүркіт
салған, тазы жүгірткен аңшылар кейпіне кіріп алған-ды. Ал аңшылар,
саудагерлер сияқты, сезік тудырмай шекара бойында аралас-құралас жүре
беретін-ді. Қалмақтар бұларды Барлықтан түлкі аулауға бара жатқан
біреулер деп ойласа керек. Ал қайтарда əлденеден секем алып, соңдарына
түскен бірді-жарым қуғыншы топтар болған екен, жігіттер ондайларды
тосқауылдап тұрып, тез ортаға алып, түсіріп кеткен көрінеді.
Сонымен, ойда-жоқта Қожағұл əулетінде тағы бір отау көтерілді. Қыз
бен жігіт жол сапары кезінде-ақ табысып үлгірген секілді. Əлінің екі езуі
екі құлағында. Қыз өңінде де бақыт нұры шалқиды. Жас келін босағаны оң
аяғымен аттап, бəйбішелер шашу шашып, басына желек жапқан кезде де,
Мүней қыз соның бəрін қуана, қызықтай қарсы алды. Мүнейдің ақылпарасатына, айдай сұлу көркіне мұндағы елдіңде көзі тойды.
Көңілге алған шаруаның ойдағыдай сəтті аяқталғанына Қабанбай да
қуанышты еді. Мəре-сəре той үстінде, бала-шағасының аман-есен келгенін
хабарлап, Банжыр құдасына кісі шаптырды. Əлі сүт кенжесі болғандықтан
ба, Қабанбайдың да, Майсараның да Мүней келінге ықылас-пейілдері
қатты ауып еді. Бəлкім, құдай-тағаланың көзі түзу болып, көңілдерін
ерекше иітіп тұрған шығар. Əйтпесе, қара шаңырақтың құты түбінде осы
бір отауға қонатынын, Қабанбайдың өз ұрпағы «жеті Қабанбай» делініп бір
тармақталса, кейін кенжесі Əлінің екі əйелінен болашақта үш Қарқара, бес
Мүней аталатын сегіз ұл туып, олар «сегіз Əлі» деген бір тайпа елге
айналарын дəл қазір ешкім де болжаған жоқ еді.
VIII
Биылғы мешін жылының қысы қатаң болғанмен, көшпелі қазақ қауымын
əлденеге асықтырғандай, көктемі ерте шықты. Қыс бойы сіресіп жатқан
қалың қар наурыз туа майлық орамалдай кірленіп біраз жатты да, көп
ұзамай астынан қызылсу жүріп, айналасы бір аптаның ішінде еріп кетті.
«Өлмеген жанға тағы бір жаздың шеті көрінді-ау» десті жұрт. Сай-саладан
сарқырап су ағып, дүркіреп көк шықты.
Ежелгі салт бойынша мамыр айының басында Қара-кеңгірдің Сарысуға
құятын сағасында өткен хан кеңесі де сол жадыраңқы көңілдің куəсындай
болып еді. Бұл ара үш жүзге бірдей ұрымтал, қазақ жерінің кіндігі іспетті,
кеңес өткізуге ең қолайлы қоныс болатын. Ең бастысы, сəуір туа
Түркістаннан ірге көтеріп, Арқаға қарай бет алатын Ұлы орда ханы
Əбілмəмбеттің көші жаңа төлдеген малдың баяу жүрісімен жыла қонып,
мамырдың басында осы тұсқа келеді. Ал үш жүзге арналған ел кеңесі,
міндетті түрде, ұлы хан Əбілмəмбет ордасында өтуі керек. Егер хан кеңесін
Абылай шақырса, бақталас хан-сұлтандар əр түрлі сылтау айтып, өзінше
терезе теңестірген жұрт түгел жиналмауы мүмкін. Оның үстіне биылғыдай
ұлы аттаныс жайындағы үлкен сөз ешкімге дабырасы жетпейтін, қазақ
даласының осындай терең түкпірінде шешімін тауып, жан-жаққа сонан
кейін ғана тарауы керек еді.
Алдын ала мөлшерленгеніндей, кеңеске үш жүздің батыр, билері түгелге
жуық жиналды. Абылай қарауындағы Орта жүз кісілері кеңестің негізгі
ұйтқысы болды десек, биылғы бір жаңалық бұл жолы Кіші жүзден де біраз
адамдар келді. Нұралы ханның өзі емес, əрине. Қасына Шақшақ Жəнібектің
баласы Дəуіт тарханды ертіп, Ералы сұлтан келіпті. Ұлы жүзден бұл күнде
жүріс-тұрысы ауырлаған Төле би кеңеске қатыса алмады. Бірақ оның
есесіне: Наурызбай, Ханкелді, Бердіқожа, Тілеуке, Елшібек секілді
батырлар қауымдасқан күйі тұтас келіп түсті. Жартылай болса да,
бодандық бұғауынан құтылып, ойрат ордасына қарсы ашық айқасқа
шыққалы Ұлы жүз жігіттерінің еңсесі биік, көңілдері көтеріңкі. Қазір олар
да мұрттары көкке шаншылып, топ алдында еркін сөйлейтін болған.
Биылғы хан кеңесінде талқыға түсетін басты мəселе екеу. Оның бірі —
алдағы аттаныстың бағыт-бағдарын, əр ұлыстан жиналатын жасақ
мөлшерін анықтау болса, екіншісі — қазақ жеріне бас сауғалап келген
қалмақ нояндары жөнінде. Оларды не істеу керек? Əлі де болса қолға
ұстап, қорғап қалу керек пе? Əлде үсті-үстіне келіп жатқан ойрат
елшілерінің талабын орындап, қонтайжыға қайтарып берген жон бе? Бұл
екі мəселе бір-біріне тығыз байланысты. Алдағы аттаныс жайын сөз ету
үшін алдымен қазақ-жоңғар қатынастарын айқындап, қашқын тəйжілер
тағдырын біржайлы етпесе болмайды. Өйткені, бұл ойрат Ордасын ғана
емес, батыстағы орыс патшалығын да қатты алаңдатып тұрған жағдай.
Өткен жарты жыл ішінде Жоңғар қонтайжысы Лама Доржидан үш
дүркін елші келді. Алғашқысы — елші емес, қуғыншы. Дабашы мен
Əмірсанаға келіпті. «Нояндар жақсылықпен елге қайтсын. Бітімге келейік.
Олар оз еркімен келіп, менің билігімді мойындаса, қарауындағы бұрынғы
ұлыстары мен мал-мүлкін түгел қайтарып беремін» депті қонтайжы.
Мұнысы жай құрулы қақпан екенін, Жоңғарияға барса өздерін өлімнен
басқа ештеңе күтпейтінін жақсы білетін нояндар елге қайтудан үзілдікесілді бас тартты. Осыдан кейін Жоңғар қонтайжысы Əбілмəмбет пен
Абылайға қысым жасай бастаған. «Қазақтар қашқын нояндарды ұстап
берсін. Қарымтасына жер ала ма, мал ала ма, қолдарын қақпаймыз» деп бір
келді. «Егер қазақ хандығы біздің талабымызды орындамай, қарақшыларды
қанатынын астына алып қорғайтын болса, онда біз, амал жоқ, əскер
аттандырып, соғысуға мəжбүр боламыз!» деп екі келді.
Ентелеп келген елшінің алғашқысына, Абылай: «Біз ойрат тəйжілерін
шақырғанымыз жоқ. Олар қазақ елінен пана сұрап, өздері келді. Ал сауға
сұрап келген қонақты паналатпай ұстап беру біздің ата салтымызға
жатпайды», деп жауап берген. Араға ай салмай ентігіп екінші елші
келгенде, Абылай уақыттан ұту үшін: «мұндай ел тағдырына қатысты
маңызды мəселеге менің жеке билігім жүрмейді, ондайды алдағы хан
кеңесі шешеді» деп əдейі сөз бұйдаға салды. Қалай дегенмен, қазақ-қалмақ
арасын шиеленістіріп тұрған бұл тартысты бұдан ары соза беруге
болмайтын еді.
Ойрат нояндары қазақ ортасына келгелі, бір жағынан, Орынбордағы
орыс əкімдері де мазаны алып болған. Биыл қыс бойы генерал-губернатор
Неплюев, не үшін екен, қазақ ордасына біресе Шақшақ Жəнібекті салып,
біресе Андрей Яковлев пен Матвей Араповты кезек жұмсап, қашқын
нояндарды өз қарауларына алуға жанталасты. Сондағы ұсынатын
дəлелдері: қазақ-жоңғар арасы асқынып, артық қақтығыстар болмау үшін
ойрат Ордасының назарын өздеріне аударып əкетпек. Бірақ патша
əкімдерінің іштерін жегідей жеген басты себеп бұл емес, одан гөрі тереңде
жатқанын Абылай көп ұзамай-ақ аңғарып қалды. Сірə, орыс жандаралы
Дабашы мен Əмірсананы қазақ хандығы қолдап, бұл нояндар түбі жоңғар
тағына отыратын болса, екі ел өзара одақ құрып, бірігіп кете ме деп
қауіптенетін секілді.
Ал қазақтың өз ішіне келсек, нояндарды қолдау-қолдамау жөнінде хансұлтан, би-батырлардың да пікірі əрқилы. Мұндайда қазақтың сөзі қашан
бір жерден шыға қалып еді?! Сол ала ауыздық хан кеңесі кезінде де бой
көрсетті.
Ең алдымен ұлы хан Əбілмəмбеттің өзі бұл мəселеде солқылдақтық
танытты. Əсілі, Əбілмəмбет жаугершілік заманда туып-өскенімен,
кескілескен тартыстың, ашық жаулықтың адамы емес-тұғын. Досқа да,
дұшпанға да алды кен, мінезі жұмсақ. Тар кезеңнің өзінде қазақтың баяғы
қой аузынан шөп алмас кең пейілдігіне тарта береді. Ешкімнің ала жібін
аттамау, бүлінгеннен бүлдірге алмау, басқа елдің ішкі ісіне сұғынбау, тағы
басқа толып жатқан қағидалары бар. Ойрат Ордасы байтақ қала
Түркістанды қайтарып беріп, оңтүстік өлкесі жаудан тазарғалы ұлы ханның
ұпайы түгенделіп, арқасы мүлде кеңіп қалып еді.
Əбілмəмбет хан осы жолы жиналған жұртты таң қалдыратын бір қызық
ой тастады:
— Ойрат əулеті өлкемізге өрт салып, халқымызды қан қақсатқан ата
жауымыз екені рас. Олардың мойнында қан қарызы, жер қарызы, мал
қарызы бар. Жалған ісін ақиретке жібермей, аттанысқа шығып, туған жерді
жат қолынан азат етуіміз керек, əрине! — деп келді де, кенет кілт бұрылып.
— Бірақ бұл ойраттан тұқым қалдырмай құртып жіберу деген сөз емес.
Кəне, айтыңдаршы, қалмақтар құрып кетсе, қазақтың күні не болады? —
деді қарсы сұрақ қойып. — Қазақ пен қалмақты туыстыратын — көшпелі
тірлігі, киіз туырлығы мен ағаш уығы ғана емес, арыстан мен айдаһардың
екі ортасында қалған ортақ тағдыры. Білген кісіге ойрат ордасы —
айдаһардың жолына құрған қанды қақпаның емес пе? Қазақ пен қалмақ —
кіндіктес. Олар күйресе, біз де ұзаққа бармаймыз... Сондықтан көрші елді
іштей ірітіп, берекесін алмайық. Егер олар жерімізді бейбіт бітіммен
қайтарып беруге шынымен келіссе, нояндарды ұстамай, өз хандарына
табыс етейік.
Əбілмəмбет ханның бұл ұсынысын Ұлы орда төңірегіне топтасқан Есет,
Елшібек, Киікбай секілді батыр, билермен қоса Орынбордың арнайы
тапсырмасын ала келген Ералы сұлтан қолдады. Алайда Абылай бастаған
Орта жүз басшылары түгел дерлік нояндарды қорғап қалу жағында еді.
Бұлар да бұлтартпас дəлел келтірген: жауды аяған жаралы, ойрат Ордасы
іштей іріп, бөлініп жатыр екен, ендеше, дəл қазір оны бүтіндейміз деп
əлекке түсудің қажеті жоқ. Мына бетінде Лама Доржи ойрат тағында ұзақ
отыра алмайды. Ол биліктен кетсе, тақ мұрагері Дабашы мен Əмірсананың
бірі болары сөзсіз. Демек, бізге керегі — жоңғар тағына қазақта ұзында
өші, қысқада кегі бар басқа біреуді емес, қиын кезеңде өзімізден жақсылық
көрген, қолайлы кісіні отырғызу.
Нояндарды қайтарып беруді жақтағандар, көбінесе, қонтайжының
алдағы жазалау жорығын көлденең тарта берген. Сондай сөздерге
Қабанбайдың намысы келіп, терісіне симай ашуланып отыр еді. Айтар сөзі
де қысқа болды:
— Бұл не сонда? Қазақ хандығы қашаннан бері қонтайжының
ыңғайымен жүріп еді? «Күшігінде таланған тазы төбет болғанда да түлкі
алмас» дегеннің кері ғой бұл! — деді ол түгі сыртына шыға буырқанып. —
«Шешінген судан тайынбас» деген қайда? Өзіміз биыл жаңа аттанысқа
шыққалы отырып, жоңғар жорығынан қаймыққандарыңа жол болсын!
Қалмақтың тұқымы құрып кетеді екен деп қорықпаңдар. Оларға басқа бір
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Дарабоз - 22
  • Parts
  • Дарабоз - 01
    Total number of words is 4114
    Total number of unique words is 2346
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 02
    Total number of words is 4101
    Total number of unique words is 2361
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 03
    Total number of words is 4071
    Total number of unique words is 2398
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    52.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 04
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2300
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 05
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2481
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 06
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2492
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 07
    Total number of words is 4113
    Total number of unique words is 2311
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 08
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2298
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 09
    Total number of words is 4015
    Total number of unique words is 2284
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 10
    Total number of words is 4131
    Total number of unique words is 2380
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 11
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2314
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 12
    Total number of words is 4135
    Total number of unique words is 2385
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 13
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2287
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 14
    Total number of words is 4154
    Total number of unique words is 2318
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 15
    Total number of words is 4136
    Total number of unique words is 2426
    31.9 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 16
    Total number of words is 4123
    Total number of unique words is 2466
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 17
    Total number of words is 4055
    Total number of unique words is 2318
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 18
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2312
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 19
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2215
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 20
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2334
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 21
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2296
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 22
    Total number of words is 4085
    Total number of unique words is 2211
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    46.3 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 23
    Total number of words is 3991
    Total number of unique words is 2265
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2194
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 25
    Total number of words is 4079
    Total number of unique words is 2431
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 26
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2320
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 27
    Total number of words is 4046
    Total number of unique words is 2316
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 28
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2358
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 29
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2327
    33.7 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 30
    Total number of words is 4039
    Total number of unique words is 2336
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Дарабоз - 31
    Total number of words is 1989
    Total number of unique words is 1292
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.