🕙 29-minute read

Əйел – Əлем - 09

Total number of words is 3770
Total number of unique words is 2295
27.7 of words are in the 2000 most common words
38.9 of words are in the 5000 most common words
45.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  қамқорлық жасап, аға буын əншілерге өзімізге ішінара көмек көрсетіп, бір
  жағынан сауапты іс жасап, қажетін өтеп отырсақ болмас па? Біздің елімізде
  тек спортшыларға ғана аса көңіл бөлінеді де, жүлделі орын алып келсе тіпті,
  бір-екі бөлмелі пəтер беріп жатады да, өнер адамдары үнемі сырт қалып
  қояды. Қаламыздың түкпіртүкпірінде пəтер жалдап жүрген жас əншілеріміз
  қаншама? Егер əншілер қоғамы болса, солардың жоғын жоқтап, барын
  қадағалап отырар едік. Тағы бір жаныңды ауыртатын мəселе, «Ұлытаудай»
  əлемге əйгілі топты өмірге əкелген, қазақтың термесін алғаш эстрадамен
  орындаған Қыдырəлі Болмановтың ешқандай атағы жоқ. Талайдан елді
  тамсандырып келе жатқан Сəуле Жанпейісованың өзі осы таяуда ғана алды.
  Ал осылардан кейін, қаншама жыл кейін сахнаға шыққандар атақ алып,
  еңбек сіңірген əншілер атануда. Егер əншілер қоғамы болса, өз рет-ретімен
  ұсынылып, бағаларына қарай сый-сияпатын, атағын алып жатар еді ғой.
  Біздің алдымыздағы толқын, кейінгі буын, одан жас буынның басын
  біріктіріп ақылдастар алқасын құрып, тиянақты жұмыс жасауға болады,
  əрине.
  Ал қазірше шашырап жүргеніміз рас. Қазақ эстрадасы мен Қазақстан
  эстрадасы болып жүргеніміз де рас. Одан да « шала» қазақ эстрадасы мен
  «таза» қазақ эстрадасы деген жөн болар еді. Қазақша таза əн айта алмайтын,
  шала қазақтар өздеріне Қазақстан эстрадасы деп айдар тағып алған тəрізді.
  Оның ішінде аты-жөні белгілі, танымал бірен-саран əншілеріміз де бар, сол
  «шалалықты» мəдениеттің асқан түрі санап, өздеріне риза. «Сағындырған
  əндер-айда» осындай бөліну болмасын деп, «Перцы», «Кеш–Ю», «Мечта»,
  «Орда», «Ринго», «ВиаНегри» топтары шақырылды. Сондықтан одақ құру
  туралы ойды жүзеге асыру керек, бір бастасақ біраз шаруа тындыруға болар
  еді.
  – Майра, сіздің бос уақтыңыздың жоқ екенін жақсы білеміз. Дегенмен,
  босай қалсаңыз немен шұғылданасыз?
  – Бір жасқа толып қалған Сұлтан-Əлі атты немерем бар. Аптаның
  жексенбісі қандай кезек күттірмес тірлік болса да тоқтайды. Балапаныммен
  қала аралаймын, қызым мен күйеу баламды ертіп тауға серуендеймін. Бүкіл
  шаршағанымды сол ғана ұмыттыра алады. Сосын кітапқұмармын.
  – Сізді əнші ретінде, продюсер ретінде жақсы танылдыңыз. Ұстаздығыңыз
  тағы бар. «Жан анам» атты қоғамдық-қайырымдылық қор да құрыпсыз.
  Дегенмен, неге жалғыз бала тудыңыз?
  – Жанды ауыртатын сұрақ. Осы сұрақ алдымнан жиі шығады. Бірақ мен
  сұраққа ашық жауап беремін. Өмірімдегі үлкен бір қателігім де осы болды.
  Ол кезде пəтер мəселесі қиын, өзім студентпін, жолдасымның жалақысы аз.
  Балалар бақшасына орналастыру қиямет. Жетектеп жүріп сабаққа
  апаратынмын. Осының бəрі жүрекке тиіп қалды ма, пəтер алған соң деп
  жүргенде, менің атағым да біраз жерге барып қалды. Ел біле бастаған кезде
  шетелден-шетел асқан өнерсапарлары басталып кетті. Танымал бола
  бастаған соң, шақыру да көбейеді. Қойшы əйтеуір, қартаймайтындай жүре
  беріппіз ғой. Араға он үш жыл салып көтерген сəбиім шетінеп кетті.
  Қазір өзімнің əнші қыздарыма жиі айтатын болдым. Қыз баланың өмірге
  келгеннен кейінгі ең негізгі мақсат-мүддесі, ол – асыл жар, ардақты ана
  болу, дүниеге ұрпақ əкелу. Ол мейлі кім болса да, əнші бола ма, қандай
  мамандық иесі болса да, алдында осы бір мақсатты жүзеге асыру міндеті
  тұру керек.
  Қызым бойжетіп, бойтүзей бастағаннан осындай бір қағидаларды құлағына
  құйып келемін. Тұрмысқа шыққаннан соң жұмыстан да шықты. Құдай
  бергенінше, нəрестелі болғанын қалаймын. Менің қателігімді қайталамаса
  екен деп тілеймін. Барым-байлығым Тоғжаным аман болсын!
  Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатымен «Жан анам» деген қор
  аштым. Қордың тірлігі жақсы жүріп, жолға қойылса, көздері мөлдіреп
  жетімханада өсіп жатқан 15 баланы үкіметтің рұқсатымен алып, асырап,
  соларға мейірімді ана болғым келеді. Оны балалар үйі немесе жетімдер үйі
  деп атағым келмейді. Ол мүмкін «Қуаныш» үйі не болмаса «Əнші Майра
  ауылы» бола ма, қалай атайтынымды білмеймін, бірақ балалардың
  жүрегіне, көңіліне кірбің ұялатпайтын əдемі бір отау құрмақпын. Жазда
  гастрольдік жоспарланған жолсапарларым бар, күзге салым осы бір шараны
  қолға алсам деген үлкен ниет үстіндемін. Менің ол балаларым əрі өнерлі,
  білімді, шымыр да мықты болып шығатындай салауатты өмір сүретін
  болады. Саны бар, сапасы жоқ балалар үйі емес, төрт құбыласы түгел, бар
  отбасында өсіп жатқан сəбилермен бірдей өмір сүретін балалар үйін құрып,
  кəмелеттік жасқа жеткізгім келеді.
  ҒАЗИЗА ƏБДIНƏБИЕВА:
  ӨНЕРГЕ КЕЛСЕҢ, ЖАРҚ ЕТIП ЖАНА БIЛ
  Кейде дидарласқың келген кейбiр кiсiмен əңгiмелесудiң сəтi түспей,
  ұзағырақ жүрiп алатының бар. Ғазиза апай да бiраздан берi ойда жүрген.
  Əсiресе, тоқсаныншы жылдары өнер əлемiне жақсы жол сала келген
  телесериалдарда Əбдiнəбиеваның ерекше қолтаңбасы бар екенiн өнер сүйер
  қауым ешқашан ұмытпас. Актрисаны жақсы бiлетiндер əлi күнге «тетя
  Роза» деп атайтынын да талай құлағымыз шалып қалғаны бар.
  Ол кiсiнiң бiзге ұнаған айрықша бiр қасиетi – өзiнен гөрi өзгелер:
  əрiптестерi, қатарлас-сахналастары жайлы көбiрек айтқанды жақсы
  көретiнi ерiксiз тəнтi еттi. Жаны жақсы адамдар əрқашан осындай ғой.
  Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi, «Құрмет» орденiнiң иегерi Ғазиза
  Əбдiнəбиеваны сырттай жақсы бiлгенiмiзбен, бұрын-соңды шүйiркелесiп
  көрмеген актрисамыз едi. Кабинетiне кiргенiмiзде диванның үстiнде жатқан
  юбканы қолына алып иiскелеп қойды да:
  – Бiлесiң бе, мына юбка Сəбира апамның юбкасы, қасиетiңнен айналайын,
  өзiне ұқсап мол пiшiлгенiнің де пайдасын тигiзiп жатыр, – деп риясыз күлiп
  алды да əңгiмесiн жалғастырып кеттi. – Академиялық театрға ауысып
  келгендегi менiң бiр ұтқаным да осы болды-ау деп ойлаймын. Сəбира апам
  ойнаған спектакльдерде ойнай бастағаным, сол шығармаларда ол кiсi киген
  мына киiмдерiнiң менiң қолыма түскенi, бəрi де тегiн емес. Сəбира
  апамның юбкасы театрда менен басқа ешкiмге шақ келмейдi. Əлi күнге
  құлағымыздан даусы кетпейтiн ерекше дарын иесi. Сəбира Майқанованы
  еске алуға арналған биылғы «Театр көктемiнде» сол кiсi ойнаған
  спектакльдер арасынан бас жүлденi жеңiп алып, жазда Анталияда дем алып
  келдiм. Бұл да болса «Жақсының шарапаты» болар.
  Ал, қазiр ұлттық бояуы қанық «Айналайын, немерем» атты телесериалға
  түсiп жүр едiм. Көрермен жақсы қабылдаған «Ағайындылардан» есiмi
  жақсы таныс Ақан Сатаевтың басшылығымен түсiрiлiп жатыр. Иманжүздi,
  бiлiмдi əрi өте қарапайым жiгiт. Олай дейтiнiм, рөлде ойнап жүрген кез
  келген артистiң жағдайына қарай жұмыс жоспарлайды екен. Сосын,
  шығармадағы кейiпкердiң қысқа да нұсқа характерiн бiр жапырақ қағазға
  жазып қолыңа бередi, сол талаптан шығуың керек. Бұл жұмысты
  ұйымдастыра бiлудегi жақсы үлгi ғой, өзiме ұнады.
  Жалпы, өз басым қаншама киноға түсiп жүрсем де, театрдағы жұмысыма
  кедергi келген, не болмаса сұранып көрген жан емеспiн. «Перекресток» не
  «Саранчада» да бiрде-бiр рет театрдағы репетициядан қалып көрмеппiн.
  Киноға шақырған топқа осындай мiндеттеме қоямын. Келiседi. Қашанда
  театр сахнасы мен үшiн бəрiнен биiк.Осы жолы да жұмыс солай жүрiп
  жатыр. Түсiрiлiм таңғы сегiзден басталады.
  Жастар театрында жиырма бес жылдай еңбек еттiм. Содан кейiн төрiнде
  талай марқасқалардың iзi қалған, киелi шаңырақ – Əуезов театрына келдiм.
  «Жыртық үйдiң құдайы бар» дегендей, əсiресе, Майқановадай ерекше
  дарын иесiнiң мол пiшiлген киiмдерi менiң алдымнан құт болып шықты.
  Сəбира апайды киiндiрген Əсия деген қыз бар. Жылына бiр рет апайдың
  киiмдерiн маған берiп қояды. Тозыңқырап қалған бiр етiгiн жөндетiп
  қойдым. Бiр етiгiн киiп жүрмiн. Мына юбканы да тазалатып, жыртылған
  жерлерiн өңдетiп, арасында маңдайыма басып тəбəрiктей тəу етiп қоямын.
  Толғанай-Сəбираның киiмдерi маған ғана шақ етiп тiгiлгендей. Соған
  бақыттымын. Жазушы Дулат Исабеков Сəбира апама арнап пьеса жазған.
  Сол «Мұрагерi» 1978 жылдары жазылған дүние ғой, ол кiсi өмiрден өткен
  соң тоқтап қалған екен, мен келгеннен кейiн сахнаға қайта шықты. Оразхан
  Кенебаев қайта қойды. Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi Бақыт
  Жанғалиева екеумiз ойнадық. Сəбира апайға ұқсамасақ та кейбiр тұстарда
  дауыс мəнерiне, сахнадағы жүрiс-тұрысына елiктеп қоямыз.
  Содан кейiн спектакльде режиссердiң, қатар ойнайтын актерлердiң
  көзқарастары, жылы қарым-қатынастарына көп нəрсе байланысты.
  – Жастар театрында ұзақ жыл еңбек еттiм дедiңiз. Өнердегi сол алғашқы
  қадамыңыз жайлы əңгiме өрбiтсек...
  – Ол ендi тарихы тереңде жатқан, екiншi курста оқып жүргеннен-ақ
  табанымның ыстығы қалған сахна – жастар театры ғой. Өнер деген өзi
  адамға күш беретiн, желпiндiретiн, көңiлiңдi көтеретiн қасиеттi сала емес
  пе? Студенттердiң бəрi массовкаға қатысамыз. Əрi мамандығымызға
  бейiмделемiз, əрi бiр сомнан ақша төлейдi, соған мəзбiз. Сахнада əрi-берi
  жүгiремiз де жүремiз. Бiр күнi «неге мен жүгiре беруiм керек» деп, жүгiрiп
  өткен топтан бөлiнiп, сахнада жан-жағыма жалтақтап қарап қалып қойдым
  да, сəлден кейiн соңдарынан тұра жүгiрдiм. Залда қарап отырған режиссер:
  «мына қыз кiм, маған шақырыңдаршы»,– дедi орысша. Өзiм бiрауыз
  орысша бiлмеймiн, түсiнбеймiн де. Қасымдағылар да аң-таң. Сөйтсем, əлгi
  қимылым ұнаса керек, «репетициядан қалмай, келiп жүрсiн» дептi. Содан
  театрдан шықпайтын болдым. Сөйтiп жүрiп спектакльдегi жанама
  рөлдермен қатар, жеке бейнелерге қол жеттi. Үшiншi курста жүргенде
  «Махаббат неге оянбады?» деген спектакльде ойнадым. Бұл менiң алғашқы
  жасаған жеке образым.
  80-шi жылдары Арал жаққа гастрольде жүрiп, қиырдағы бiр ауылда бiр
  үйге тоқтадық. Мұғалiмдер отбасы екен. Сонда əлгi үй иелерi сол
  спектакльде танысқанын айтып, мыжылып қалған ескi билеттерiн көрсетiп,
  мəре-сəре болып қалдық. Менiң де жастау кезiм, əлгi билеттi, спектакльдiң
  программасын не болмаса əлгi жас жұбайлардың аты-жөндерiн жазып
  алмағаныма қазiр қатты өкiнемiн.
  Жастар театры болғаннан кейiн жас қыз-келiншектердiң рөлiн ойнап жүрiп,
  алғаш Əкiм Таразидiң «Жақсы кiсi» спектаклiнде Балзия деген ананың
  рөлiн ойнадым. Жанат Хаджиев қойды. «Алдымызда апаларымыз бар ғой»
  десем, «қашанғы қыз болып жүре бересiң, саған бетбұрыс жасау керек»
  дедi.
  Талай режиссерлармен қызметтес болдым. Болат Атабаевтың қаталдығы,
  Əубəкiр Рахимовтың iскерлiгi риза етсе, ондағы қызметтес, сахналас болған
  актер-актрисалардың өнерiне қалай сүйсiнбессiң!? Күлəй Мұратəлиева
  деген актрисамыз болды, қос жанары шарасынан шығып кете жаздап
  сахнаның төрiнде отырғанда бiр керемет! Бибiза Құланбаева ше, аңыраған
  үнiн сол бойы қолдана алмадық та. Мəкiл Құланбаевтардың отбасы ғой,
  сондықтан да сахналастарымның əрқайсысының шығармашылық
  ғұмырымдағы əсерi мейлiнше мол. Мариям Жақсымбетова деген күн
  дидарлы актриса болды. Оның қайталанбайтын сұлулығы əлi күнге оны
  бiлетiндердiң жүрегiнде. Ақмаңдайлының өзi, сахнаға шыға келгенде
  төңiрегiне сəуле шашып, зал нұрланып кетер едi. Кейде ойлаймын, солар
  жайлы қағазға түсiрейiншi деп, бiрақ қол тимейдi. Солардың жалғыз көзi
  Қасым аға қалды, бүгiнде ол да елеусiз. Сексен жылдығын атап өте ме,
  өтпей ме, белгiсiз...
  Жастар театры – менiң жастық шағым, өмiрiмдегi ең бiр қимас кезеңдерiм
  өткен жер. Ұлылардың iзi – Жəкiбаев Қасым ағамнан басқа ешкiм қалмады,
  жүректi ауыртпайын деп көп бас сұға бермеймiн. «Гамлеттi» Алтынбектей
  ойнаған ешкiм жоқ шығар. Əмина апам қандай керемет! Осылар жайлы
  тiптi кейде ауызға да алынбай жатады, iшiң ашиды-ақ. Өмiрiмнiң ең бiр
  қимас шақтары, бақытты кезеңдерi сол театрда өттi. Гүлжамал
  Қазақбаеваның бiр жақсы қасиетi бар, ол үнемi қойын дəптерiне жазып
  жүредi.
  – Сiзден бiр байқағаным, өзiңiзден гөрi өзгелер жайында айтқанды ұнатады
  екенсiз. Бұл жақсы қасиет-ау...
  – Қазақ айтады ғой, «Илегенiң бiр терiнiң пұшпағы» деп. Өнер деген үлкен
  бiр қасиеттi шаңырақтың астында, көрермендердiң қуанышына бөленiп
  жүргеннен кейiн, сол талғамы терең көпшiлiкке ұсынатын ортақ дүниелер
  үшiн тер төккен қайран аға-апаларымыздың жүрiп өткен бүкiл ғұмырлары
  үлгi-өнеге ғой. Ал өзiмнен кейiнгiлердiң бəрi сыйлап тұрса, өнерiңдi
  бағалап тұрса, бiлмегенiн сұрап тұрса, əрине, ақыл-кеңесiң жетiп жатса,
  бiрлесе жұмыс iстегенге не жетсiн. Театрда бiр бөлмеде «тұратын» Данагүл,
  Гүлшаттар маған дейiн де көрерменi қалыптасқан актрисалар. Бiздiң
  алдымыздағы толқын, тiптi керемет. Марқұм Шолпан апай Жандарбекова,
  Хадиша Бөкеева, Елебекова Хабиба апайлар ше? Шəрiпова Фарида апамның
  өнерi түгiлi, сахнадағы жүрiстұрыстарына əлi күнге ғашық болып келемiз.
  Сөйлеу мəнерi, дауысы, құлаққа жағымды үнi, кербез жүрiсiнен əлi күнге
  таймаған сұлу! Кейiпкерлерiмен бiрiгiп, тұтасып кететiн рөлдерi қандай!
  Əлгi кейiпкерлерiнiң образына кiрiгiп кеткендерi сонша, сөздерiн жаттап
  алғандары сонша, өз сөздерiмен толығыптолысып əдемi бiр иiрiмге түсiп
  алған. Өнердегi қара шалдарды айтпағанның өзiнде Сəбира, Бикен, Əмина
  апайлар, шын мəнiнде қайталанбайтын тұлғалар ғой.
  «Бiржан салдың» түсiрiлiмi кезiнде Хабиба апаймен Бурабайда он екi күндi
  бiрге өткiздiм. Əңгiмешiл-ақ. Таңды таңға ұрып əңгiме-дүкен құрамыз.
  Жiгiттерге əн салғызады. Сонда бiз кəдiмгiдей шаршап қаламыз, ал ол кiсi
  өзiн соншалықты сергек ұстайды. Тiптi қай жылы, қай күнi қандай
  спектакльдiң премьерасы қалай жүрдi, бəрiн жатқа айтады.
  Есте сақтау қабiлетiне таңғалдық.
  Сонау, тоқсаныншы жылдардың басында, тоқырауға ұшыраған заманда
  бiраз талантты азаматтарымыз театрмен қоштасып, күнкөрiс қамымен
  қызмет ауыстырып жатты. Бертiнде де бiраз қыз-жiгiттер, əсiресе, жiгiттер
  кетiп қалды. Дегенмен де, бүгiнде театрда əр толқынның өзiнше жас
  шамаларына қарай қалыптасқан шығармашылық топтары бар. Қазақ өнерiн
  қалыптастырған, iргесiн қалаған небiр дарынды актерлер жайлы күн-түн
  əңгiмелеуге болар едi, əрине...
  Бiз актрисаның əлденеге алаңдап, «Қазақфильмге» түсiрiлiмге асығып
  отырғанын сездiк те, сұрағымызды телесериалдарға бұрдық.
  – Өзiңiз тоқырау деп қалдыңыз, ал сол жылдары елiмiздiң төл туындылар
  қатары ұзын-сонар телесериалдармен толықты. Бұл таза өнерге жата ма,
  əлде өмiрiмiзге күнкөрiс қамымен енген жаңалық па?
  – Əрине, өнер! Бұл тоқырау жылдарындағы халықтың əлауқатының
  төмендеп, елiмiздiң экономикасы ақсап тұрған өлiара кезеңде, халықтың
  көңiл күйiн басқа бiр жақсы нышандарға бөлу мақсатында
  ұйымдастырылған шаралар. «Перекресток» орыс тiлiнде болғанымен,
  менталитетi таза қазақша жоба. Қазақи тəрбие, ата-əже, немере, келiн, күйеу
  бала орыс тiлдерiнде «сайрағанымен» тiрлiктерi, тек қалада өтiп жатқан
  оқиғалар дегенiңiз болмаса, таза қазақи тiршiлiк. «Ағайындыларды» қалай
  төл туындымыз демеске, өйткенi, қазақтың ұлттық тəлiм-тəрбиесi, үрдiсi
  аңқып жатқан жоқ па?! Қазақтың қаны тасып жатыр, ағайындылардың бiрбiрiне мейiрiмi, бауырмалдығы былай тұрсын, көршiлерiне дейiн қазақи
  ауылдың ғана емес, қалалықтардың да тiрлiгiне жақын əрi таза төл
  туындыларымыздан бiрде кем емес. Əңгiмелерi былай тұрсын, үй-жай,
  қора-қопсықтарына дейiн қазақтың тiрлiгi емес деп көрiңiзшi? Экранға көз
  салғаннан жүрегiң жылып сала бередi. Теледидардың да мүмкiндiгi мол.
  Қазiр «Айналайын, немерем» түсiрiлiп жатыр. Гүлжамал Қазақбаева,
  Бекжан Тұрыс, Кəдiрбек Елеусiзов жəне мен.
  – Бүгiнде актер-əншiлер тойшыл деген пiкiрге қалай қарайсыз?
  – Қай заманда да əншi-актерлер сал-серi болған. Оның үстiне, тойхана ма,
  театр ма, халықтың алдының бəрi сахна ғой. Той иелерiнiң өзi соны мəртебе
  санайтын жағдайға жеттi, «пəленшенiң тойында анау əншi болыпты»
  дегеннiң өзiне марқаятын қазақтар баршылық. Сондықтан мен үшiн əбестiгi
  жоқ.
  – Сiздi комедияда да, трагедияда көрiп жүрмiз. Жаныңызға қай жанр
  жақын?
  – Мен негiзi трагикомедияны жақын көремiн. Жылап отырып күлiп, күлiп
  отырып ағыл-тегiл жылау дегенiңiз, жан дүниеңiздiң жаңаруы ғой. Бiрақ,
  өкiнiшке қарай, бұл жанр көп жазыла бермейдi, шығармалар жоқ болған соң
  қойылмайды. Өте сирек. Əрине, «Ана-Жер-Ана», «Қаракөздiң» орны бөлек.
  Əркiм өзiнiң жанына жақын шығарма жазады ғой, өмiрге əкелген əр
  перзентiңнiң тағдыры да əрқилы болатыны сияқты, шығармашылық ғұмыр
  да дəл солай. Өз басым Сұлтанəлiнiң көркем дүниелерiн, əсiресе, арнау
  шығармаларын жақсы көремiн, жаныммен қабылдаймын. Таза сезiмге
  құрылған шығарма қай заманда да шынайы болмақ. Балғабаев сияқты
  драматургтер театрмен байланысын үзбесе, театр репертуарына жаны
  ашып, атсалысып тұрса, артистердiң де шабытына шабыт қосылар едi.
  Қазақ əдебиетiнде құнды дүниелер жеткiлiктi-ақ. Дегенмен, тiршiлiктен
  алыстап кетпейтiн сезiм, шынайы бауырмалдық, махаббат, өмiр жайлы
  туындылардың халыққа көптеп ұсынылуы қажет-ақ. Жалпы, өнер адамдары
  қос тағдырлы ғой, өз ғұмырың, сахнадағы ғұмырың. Тiптi, кейде екi жүрек
  бар сияқты деп ойлаймын.
  – Əңгiмеңiзге қарағанда, театрда да, өмiрде де бақытты сияқтысыз. Өнер
  адамының бақыты неде?
  – Əрине, қыз баланың өмiрге келгеннен кейiнгi негiзгi мiндетi – тұрмыс
  құрып, сəби сүю ғой. Тiршiлiктегi сəттiлiктердiң бəрi отбасынан бастау
  алатыны белгiлi. Өз ошағында бақытты адам қызметте де жолы болғыш,
  айы оңынан туып тұрады. Бұл жағынан менiң маңдайымның бағы бар
  актрисамын. Жолдасым да, ата-енем де өнерге жандары ауырып тұратын,
  түсiнетiн жандар болып кездестi. Ал балаларымды өзiмнiң кəсiбiме баулуға
  жүрексiндiм. Тiптi, сенсеңiз, бiрде-бiр рет театрға алып келмеппiн. Кейде
  бұл қылығыма өкiнемiн де, өйткенi, бойында өнерге деген ынта-ықыласы
  бар адам өте əсершiл, адам жанын тез ұғатын, мейiрiмдi болып өседi. Ер
  балалар болған соң солай ұстанған болуым керек, кəсiптерi жаман емес.
  Дегенмен, кейде бойларынан жылт ете қалған жасудай əсерлi қылық
  көрсем, «əй, осыдан актер шығар ма едi» деп қалатыным бар. Өнердiң жолы
  өте ауыр екенiн сезiнгендiктен де, өнерге келдiң екен жарқ етiп, жарық
  жұлдыздай жануың керек деп ойлаймын. Ал жолың болмады екен, басқа
  кəсiп iзде. Ер-азаматтың отбасының тiрегi, асыраушысы екенiн ескерiп
  кейде ұлдарымның басқа мамандықты қалағандарына тəубе деймiн. Актер
  танымал болуы керек, барған, жүрген жерлерiнде бiреулердiң танып-бiлiп
  жатқанын жаның қалап тұрады...
  Өнер адамдарын ел бiлiп, халық танып жатқанымен де, еңбектiң еленiп
  жатқаны да жаныңа жылылық сыйлайтыны ақиқат екенiне көз жеткiзгендей
  болдық. Өнердiң үш тармағында да өзiндiк қолтаңбасы қалыптасқан
  актрисаны Алматының жоғары жағында орналасқан «Қазақфильм»
  ғимаратына дейiн шығарып салып тұрып, өнердегi өмiрiнiң ұзақ болуын
  тiледiк...
  СЕН МЕНІҢ ӨМІР ГҮЛІМСІҢ...
  «...Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап əнін
  тəрк етті. Өз ғұмырын арнады. Жанұяма алтын босаға болып бекіді.
  Бақыттың, барлықтың қазынасы болды. Ырыздығымның молдығын,
  байлығын тасытты.
  Мақтан тұтар – ұл, көзге көрік – қыз əкелді дүниеге. Балдай тəтті немерелер
  өрбітті маңайыма. Бағымды, сағымды көтерді. Мерей-беделімді өсірді.
  Асқақ етті. Шамама лайық аспандатты. Адамдық адал қасиетімді
  тəрбиелеуге тырысты. Парасатымды биіктетуге күш салды. Жамандығымды
  жасырды. Жақсылығымды асырды...»
  Бұл, қазақ сөз өнері, қазақ журналистика саласында жүрген кез келген
  əріптестер ұлағатты ұстаз деп қабылдайтын, сүрген ғұмыры, жасаған игі
  тірліктеріне көз тоятын асыл ағамыз Əбілфайыз Ыдырысовтың
  «Таңшолпан» романының алғысөзінен алынған тіркестер.
  Ер-азаматтың бақыты да сол əйелге, тағдыры жұптасқан қосағына
  байланысты екені көп ретте айтыла бермейтіні тағы бар. Дегенмен, сол еразаматымыздың тасының өрге өрлеуі, өмірде де, қызметте де жолының
  болуы осы отбасындағы, ошақ қасындағы жарына байланысты екені айдан
  анық. Əбілфайыз аға мен ол кісінің жұбайы Заря тəтейді білетіндер «Бүгінгі
  күннің қыз Жібек пен Төлегені» деседі. Бір-бірінің қадір-қасиетін білетін,
  білген үстіне сүйе түсетін, сыйлай түсетін бақытты жұптар, міне, соңынан
  ерген жас ұрпаққа осындай тəлім-тəрбиеге ұмсындыратын əдемі сөздер
  қалдырса керек. Өз əулетіне ғана емес, осындай ойлы, ұстамды
  махаббаттары арқылы төңірегіне де шуақ шашып келе жатқан осы бір
  келісті көркем жұппен əңгіме-сұхбат құру, əрине, əсерлі болары сөзсіз.
  Алматының əсем кештерінің бірінде, Əбілфайыз ағаның жарты ғасырдан
  артық қосағы болған сұлу да кербез Заря тəтеміздің құрт қосқан ыстық
  сорпасын ішіп отырып əңгіме, тіпті, қыза түсті.
  – 1993 жылдың сəуір айы менің бақытты ғұмырымдағы көлеңкесі қалың,
  көлегей жағы басымдау күндер болып енді. Əбекең төсек тартып жатып
  қалды. Мен: «Ей, тағдыр, өте бақытты ғұмыр сыйлап едің, енді жарты жолда
  не болғаным, азаматымнан айыра көрме» ,– деп егілдім күндіз-түні...
  Заря апайдың əдемі жүзіне лезде мұң ұялап шыға келді. Жанарына келіп
  қалған мөлдір тамшыларды көрген Əбілфайыз аға əңгіме арнасын лезде
  бұрып жіберді.
  – Шынымды айтсам, таңылып жатқан төсектен осы тəтелеріңнің сызылта
  салған əні тұрғызды. Оны естіп-біліп жүрген де шығарсыңдар, бұл кісі
  керемет əнші ғой... Əн сұрасақ қайтеді, – деп бізге жымия қараған ол кісінің
  жүзінен жарын сол бір жанына батқан ауыр күндердің елесінен арылтқысы
  келіп отырғанын аңғару қиын емес еді.
  Мейірімді, жүрегі де жаны да нəзік Заря тəтей де тез жинала қойды да:
  – Мен онда үнтаспаға жазылған, Ерланым жаздырып берген əндерді
  жаймен қосып қояйын, – деп орнынан сырбаз көтерілді.
  Əн! Қазақтың махаббат, қиссаларындағы аңызға бергісіз ессіз ғашықтық!
  Тұла бойыңды елжіретіп, алпыс екі тамырыңа қан жүгірткен осындай
  құдіретті сезімге толы қазақтың халық əндері-ай, шіркін! Əн бар да оны
  орындаушы бар, əрине. Бұл ретте, үнтаспаға əлсіз ғана ыңылдап қосылып
  отырған осы бір сүйікті жардың аппақ жүзіне қарап, əлі де əлгі бір əңгімеестелік əсерінен арыла алмай отырғанын сезіндік. «Еңліктің қоштасу əні»
  бізді əдемі бір күйге бөледі. Халық əні «Жалғыз арша» ше? Тыңдайтын
  құлақ қана емес, үлкен жүрек керек əндер ғой бұлар. Ақан серінің
  «Қараторғайы» ше! Ойпырмай дейсің, сөзі қандай, əуені қандай! Жаныңды
  рахат бір сезімге бөлейді...
  Біздің де əнге тербеліп, əлдебір сағыныш-сезімге алданып қалғанымызды
  байқаған Заря тəтей əңгімесін қайта жалғастырып əкетті:
  – Емханада жатқанда аяқ жағына қосымша төсек қойдырып, қасында
  жаттым. Дəрігерлер: «Өзіңіздің де қан қысымыңыз көтеріліп тұр, үйіңізге
  барып, дем алыңыз» дейді, бармаймын. Сол жатқаннан екі ай жатып, аманесен үйге де келдік-ау. Отбасына келген соң тіпті көңілденіп, балашағасының ортасына қайта түсіп, өмірге қайта келгендей көңіл орнына
  түсті-ау!
  Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін ғұмырға не өкпе айтарсың?! Құдайға
  шүкір, бұл күнде бəрі де артта қалды. Сабағын беріп, əлі күнге
  университетте қызметін жалғастырып отыр. Қолынан қаламы түскен жоқ.
  1997 жылы ұлы Мұхтар Əуезовтің 100 жылдығы қарсаңында ауырып
  жатып, түсінде ғұлама жазушыны көріпті. «Елдің бəрі мен жайлы жазып
  жатыр, сен неге үнсізсің. Жанымда жүрген шəкіртім едің, жаныңдағы
  жолдастарың да жақсы еді» депті.
  Түсін айтқан сəтте ішімнен тəубе жасап, қатты қуандым.
  Қазақтың Мұхтары «тұр орныңнан, қаламыңды ал қолыңа» деп тұр ғой,
  жазылып кетеді екен, қолына қаламын қайта ұстайды екен деп қуанып,
  білдірмей егіліп жылап жүрмін. Есікке алаңдап, менің көңіл күйімді
  бақылап қана жататын Əбекеңе білдіргім-ақ келмейді. Ыңылдап əн
  айтамын. Ағаларыңның жаңа айтып жатқаны сол ғой...
  Əлгі түстен кейін-ақ Əбекең ширай түсті. Қолынан қаламы түспеді. Жүзіне
  де шырай кіріп, сырқатын ұмыта бастады. Оған, əрине, мен де шексіз
  қуандым. Сол шабытпен «Таңшолпан» шықты. «Сыр мен шындық»
  жазылды. «Мұхтар Əуезовке іңкəрлік» деп аталатын 9 новелладан тұратын
  кітабы шықты. Əбекеңнің шəкірттерінің бəрі жақсы, дегенмен айналайын
  Мұхтар балам (Құл-Мұхамед)ағаларың ауырып жатқан жылдары көп демеу
  жасады. Дүниеде жаның қиналған кездегі жылы лебіздер, қарымқатынастан асқан ештеңе жоқ. Мұхтардың сол тұстағы əрбір шалған
  қоңырауы, амандық сұрап елпілдеген бала көңілі мерейімізді өсірді.
  – Ағамыздың сізді қалай жақсы көретінін, сыйлайтынын білеміз. Ал, Ерлан
  балаңыз анасын қалай еркелетеді екен?
  – Балам сұлулықты жаны жақсы көреді. Сондықтан болар, менің үнемі
  жақсы киініп, əдемі, жинақы жүргеніме көзі үйренеген.
  – Анасы дегенде Ерланның құрметі шексіз. Көңілінен де, көзінен де таса
  еткісі келмейді, – деп əңгімеге Əбілфайыз ағаның өзі араласты.
  – Сізді ұстаз ретінде жақсы көреміз, сыйлаймыз. Бүгінгі əңгіме тізгінін
  махаббат, отбасы жайына ауыстырсақ...
  Біздің сұрағымызды Заря тəтей:
  – О, маған ағаларың бір көргеннен ғашық болған, – деп бөліп жіберді. –
  Маған алғашқы жазған открыткасында «мынау дала гүлі, сен менің өмір
  гүлімсің» деген сөздері мені де бейжай қалдыра алмады. Ол кезде жастар
  бір-біріне открытка сыйлаушы еді ғой. Сол ғұмыр бойы бойтұмарым болды.
  – Иə, онысы рас! Бұл 1953-54 жылдар болатын. Таяуда сол бойтұмарын
  жоғалтып алып, үйде кішігірім « азамат соғысы» басталып кете жаздады, –
  деп күлді Əбекең жарқылдай. – Абырой болғанда, тез табылды. Біздің осы
  уақытқа дейінгі жұптасқан ғұмырымыз талай айтылып та, жазылып та жүр.
  «Таңшолпанда» да бүге-шігесіне дейін айтылған. Төрт томдық жинақтың
  бірінші томы қалай танысқанымызға, қалай қосылған жылдарымыз, екінші
  томда жас жұбайлық ғұмырымыз айтылған..
  Университетті бітірген жылымыз, пəтерде тұрамыз. Ізтай Мəмбетов деген
  ақынмен бірге тұрдым. Жігітпіз, жар сүйгіміз келеді. Ахметбек Дəуренбеков
  деген кластас, өзі журналист жолдасым болды. Топтасып жүреміз. Ол кезде
  жастар театрға көп баратын. Газет-журналға бұрқыратып мақала жазамыз,
  қаламақы қалтада. Балалар үйінің тəрбиесін көрген, аштық пен тоқтықтың,
  барлық пен жоқтықтың қадірін біліп өскендіктен, қаражат үнемдеуді де
  білемін. Қызға аса жоламай, қашқақтай жүрген кезіміз. Сондықтан, өз
  басым алғаш ұнатқан, алғаш сүйген қызым да осы тəтелерің деп сендіре
  аламын.
  «Қыз Жібек» операсы жүріп жатқан. Қанша көрсең де көргің келе береді.
  Тəтелеріңді де алғаш театрда көрдім. Қап-қара шашы төгілген, көзі
  мойылдай əдемі қыз жүректі дір еткізді. Ылғи бұрымды қыздар. Сол
  көргеннен бір жылға дейін жоғалтып алып, бір тойда қайта тауып алдым.
  Сондағы қуанғаным-ай, міне, содан бері біргеміз. Сол кеште сызылтып əн
  салды, мен де құралақан емеспін.
  – Жалпы, əйел махаббаты, əйел сезімінен асқан құдіретті сезім жоқ шығар...
  – Жастық шақта болмады емес, сөз айтқан жігіттер болды. Дегенмен,
  Əбекең өте салмақты, сабырлылығымен мені өзіне ғашық етті. Бізді
  танитындардың Қыз Жібек пен Төлеген дейтіні рас. Немерелеріміз де Қыз
  Жібек деп, Төлеген деп келемеждеп еркелетеді, – деп күлді Заря тəтей.
  Жаратқан сезімнің суығанынан сақтасын! Ерлі-зайыптылардың арасында
  сезім шынайы болғанда, сыйластық таза болғанда, адалдық болғанда ғана
  ғұмырлы, тұрмысы сəнді болмақ. Ер-азаматтың мойнында отбасының
  салмағынан басқа, қызметтегі жауапкершілік жүгі ауырлау болады. Ол
  жүкті жеңілдетуге, табысты болуына үйдегі отанасының да үлес-салмағы
  бірдей болуы керек. Бала тəрбиесі сияқты ер-азаматыңыз да үнемі
  қамқорлықты, мейірімді тілеп отырады. Азаматын перзентіндей мəпелеген
  асыл аналарымыз аз болмаған ғой. Бір-бірін қолдап-қолпаштап өмір
  кешкеннен артық қандай бақыт керек. Бұл жағынан, Құдайға шүкір,
  ағаларыңыз екеуміз бақыттымыз! Отбасының берекесі де, мерекесі де –
  əйелде!
  Əйел махаббатынан, əйел сүйіспеншілігінен, оның ессіз ғашықтығынан
  асқан сезім де, сыр да жоқ. Ал, ол сырды, сол бір жұмбақ та құпия сезіміңді,
  өзіңді сүйгенге арнауың, ол енді бақыттың бақыты дер едім. Ерлізайыптылардың арасындағы тазалық,сүйіспеншілік, ол енді, тəлімтəрбиенің бастауы. Ұрпағың ата-ананың арасындағы қарым-қатынасқа
  қарап бой түзейді, ой түзейді. Сондықтан үлкен махаббаттан алар үлгіөнеге
  де мықты, күшті болмақ!
  Иə, əйелдің жанын əйел ғана түсінеді, оның жан дүниесіндегі буырқанған
  тəтті сезімді сезіну, ғашықтығын сезіну, оның сағынышын, мұңын түсіну,
  бірге қуанып, бірге мұңаю үшін де парасатты азаматқа жолығу кез келген
  пендеңізге бұйыра бермейтін тағдыр екенін де мойындауымыз керек. Қолда
  барда қадірін білмей, бір сəттік сезім шарапатына бөленіп, жарының жанын
  жаралап, əрі-сəрі күй кешіп адасып жүрген жандарға үлгі боларлық əңгіме
  нүктесін қойғымыз келмей, біз де əдемі бір сезіммен сыртқа шықтық..
  ТАЛАНТ ПЕН ТАҒЫЛЫМ
  Қазақтың алғашқы кəсiби режиссерлерiнiң бiрi Зəуреш Есбергенқызы
  жайлы эссе
  Шынымды айтсам, мен Сiз туралы тiптi бiлмейдi екем. Керiсiнше, Сiздi
  сыйлайтын, өнерiңiздi бағалайтын осы бiр жазушыны керемет жақсы
  бiлемiн жəне риясыз жақсы көремiн. Осынау заманды қаншалықты қатыгез,
  мейiрiмсiз деп қабылдасақ та, қалың топтың арасынан дəл осы кiсiдей
  бiреуге шын жаны ашитын, қолынан келсе жақсылығын аямайтын, тiптi
  тағдырдың қандай соқпағына түсiп кеткен пендеңiз болса да iздеп жүретiн,
  ол жайлы дұрыс пiкiрлер қалыптастыруға ұмтылатын осындай, дəл Мағира
  апайдай адамды осы уақытқа дейiнгi ғұмырымда кездестiрмеппiн. Иə, мен
  бiлетiн жазушы Мағира Қожахметова үнемi адамзатқа iзгiлiк ойлап
  жүретiн, əсiресе, қазақ қыздарының қоғамдағы орны мен қызметiне аса
  жаны ауырып, солардың жоғын жоқтап, барын асыра көрсеткiсi келiп
  тұратын жан.
  Жан апа, мен де Сiздi сол кiсi арқылы бұрыннан бiлетiн, танитын сияқты
  əсерде жүрмiн. Өзiңiздiң өнерге, қазақ өнерiне, оның iшiнде театр өнерiне
  қосып келе жатқан қыруар еңбегiңiздi сол кiсi арқылы саралап,
  қабылдағандай болдым.
  Сахна деген киелi де қасиеттi өнер төрiнiң əдемi ханшайымы
  болғаныңызды да жазушы аузынан естiп, елiмiздiң екi қиырында тiрлiк
  кешiп келе жатқан қос құрбының бiр-бiрiне деген сыйластығы,
  
You have read 1 text from Kazakh literature.