Апиын Мен Таяқ - 17

Боссюэ соңғының алдындағы сатыдағы лагерь болатын. Ал соңғы
сатылы лагерь оңтүстікке таманғы Поль Казель еді. Оған енді тəрбиеге
көнбейді деген, белсенділіктерін күш қолданып қана бейтараптандыруға
болатын тұтқындарды жіберетін. Ал Боссюэдегі қайта тəрбиеге көнетін
қамаудағылар Сиди-Шамиге жіберіліп, сол жерде қайтадан ақыл-саналарын
түзулеп, үгіттеп жататын. Неғұрлым ыңғайға көнетіндері немесе өзін жорта
солай көрсетуге тырысқандар бұдан кейін Тефешун лагеріне баруға
үміттенуіне болатын еді; ол жер бостандыққа шығар ауыз боп саналатын
да, бұл жерде милары соңғы рет жуып - шайылған кейбіреулер қалыпты
тіршілікке қайтып оралатын.
Рамданды Поль Казельге осы күнге дейін тек денсаулығына бола
жібермей жүрген: ол лагерьдегі тəртіп аса қатаң, ауа райы да қиын еді:
жазда ми қайнатқан ыстық, қыста аяз, қар жауып тұрады жəне Сахараның
барлық ұйтқыған желдері осы жерде кездесуге уағда байласқандай тұс еді.
Рамдан іштей: "Лагерь емханасына немесе госпитальға жатуым керек,
əйтпесе барлық жолдастарыма ауру жұқтырып жүрермін", - деп ойлайтын.
Тұтқындар құрған ұйымның жұмысы ойдағыдай реттелген. Олар:
жаңаларды қабылдау, гигиена, саяси жұмыстар, тамақтану, лагерь
басшылығымен өзара қарым - қатынас сияқты міндеттерді өзара бөлісіп
алған... Рамданға Магриб елдері тарихы жөнінде сабақ жүргізу жүктелген.
Оған мұндағы жолдастарынан жəне жалпы лагерь өмірінен сырттауға
ешқандай мүмкіндік болмады. Жəне бұл өз сөздеріне қарағанда көпшілігі
"бүліктен революцияға алып баруына мұқтаж" тұтқындарды үгіттеуге
толық мүмкіндік барына ғана байланысты емес-ті. Ең бастысы мұны
қоршаған ауа тап өзіне арнап жасалған секілді көрінген: Бұл бойына қайрат
дарытып, егер ауруым болмаса, лагерьде тəп-тəуір өмір сүрер едім деп
ойлайтын.
Əрбір екі апта сайын мұны да басқалар сияқты "тəубаға келуге"
шақыратын. Сол жерде психологиялық қызмет офицерімен оңаша қалғанда
анау барлық құпия атаулыны сақтауға уəде беріп, сонан соң айтқың
келгеннің бəрін айт, сұрағың келгеннің бəрін сұра деп қоятын. Осылайша əрбір.екі апта сайын барлық тұтқын атаулының "оң бағытқа" ыңғайын біліп
алған соң, кейбіреуін енді қайтып шыға алмайтын тығырыққа тірейтіні
соншалықты, олардың енді кері шегінер жері қалмайтын да, күн өткен
сайын оларға деген талапты күшейте түсетін еді. Ал түзелмейтіндер
санатына жатқызылғандарды мұндай əңгімеге шақыруды да қоятын.
Лагерь комитеті Рамданға "тəубаға келу" орнына неғұрлым жиі барып,
сондағы тəубаға келтіруші капитанның өзінің басын айналдырып жіберуді,
сөйтіп, оның залалын барынша азайтуды тапсырған. Осындай əрбір
кездесуден кейін Рамдан комитет алдында есеп беруге тиіс еді.
Сөйтіп, "тəубаға келтірушімен" бір сағаттан артық əңгіме жүргізген
Рамдан бейкүнə кейіппен таусылмайтын дəлелдерінің арқасында
психологиялық қызмет офицерін əбден тығырыққа тіреп, сілікпесін
шығаратын. Ақыры анау шыдай алмай бақырып қоя берді:
– Бұл жер ажал лагері! Ұқтың ба? Егер бұл жерден шыққың келсе,
айтқанымды істе.
Əдеттегі салқынқандылығынан айырылған капитан бұрынғы.
дағдысынан жазып, мұнымен "сенге" көшкенін Рамдан ішінен "бір" деп
қойды.
Рамдан бірдеңе деп жауап беруге оқтала бергенде радиотабақша
қырылдап қоя берген. Бұл қырылдау ылғи да əлдебір хабар айтылар
алдында болатын нəрсе.
– Тағы не болып қалды? - деп күңкілдеді капитан.
Ол Рамданмен бірге кабинеттен шықты.
– Тыңдаңыздар... тыңдаңыздар...
Бірақ бей-жай серуендеп жүрген тұтқындар ештеңе естімеген əлпет
танытқан.
– Жаңалық... Жұрттың бəрін қуантатын... үлкен жаңалық...
Динамик тым жоғарыда тұрғандықтан екі-үш тұтқын бастарын
кекжитіп көтеріп алыпты. Қалғандары бұған пəлендей елп еткен жоқ.
– Амируш, полковник Амируш...
Дауыс əр буынды анықтап айтуға тырысып бақты... Жаңа ғана
салғырттық танытқан адамдар тым-тырыс əліптің артын бағып тұр,
өрепкіген көңілін ешкім де жасыра алмаған.
Дауыс тына қалды... Ұзаққа созылған тыныштық орнады... Тым ұзаққа
созылды.
– Тəртіп күштерімен қақтығыс кезінде... Амируш қаза тапты.
Сөз... тағы да сөздер... Рамданның санасына мəн-мағынасыз жекелеген
сөздер ғана жеткен:
– Кабиль тауларында жасырынып жүрген ұстатпайтын Амируш... сатып
кетті... Бүлікшілердің қанды қол басшысы... Темір... Мəн-мағынасыз
күрес... Кездесу... Дюнкерктен Таманрасетке дейін... құшақ жайып... Ол
өлді... өлді... өлді... Амируш...
Дауыс тына қалды. Өлі тыныштықты ешкім бұза алмайтындай көрінді.
Рамдан психологиялық қызметтің капитанын мүлдем есінен шығарған.
Оның кабинеті бүкіл лагерьдің үстінде ең жоғарыда болатын. Соның
табалдырығынан Рамдан өз жолдастарын көре алатын еді. Бəрінің жүздері
тастай қатып, көздері соқыр кісіше ештеңені көрмей қалған тəрізді.
Состиып тұрып қалған кейіптері дүкен жаймаларының ар жағындағы гипс
манекендер секілді. Қимылсыз қалған кейіптері мен бет-жүздеріне қарап
бұларды əлдебір ойын қою үшін əдейі жинап алғандай əсер қалдырады.
Кенет төңіректен ондаған, ондаған қоңыраулар күмбірлеп қоя берген.
Капитан тұтқындар тобына жақындады.
– Иə, бұған не дейсіңдер, жігіттер? Жаңалық деп осыны айт!
Амируштың шаруасы бітіпті! Соғыс та бітті! Ұзамай бəрің де үйлеріңе
қайтасыңдар, бəрің... жəне мен де... Мен де үйіме қайтам...
Ол жарқыратып тазалаған етігімен жер тепкілеп, билеп кетті.
Рамданның күртесінің жоғарғы түймесінен ұстаған капитан тіпті өзімсінген
сыңайда сөйлеп қояды:
– Иə, қартым, мен де əйелім мен қызымды көретін болдым... Қызымның
жасы төртте... əдемі қыз! Көргің келе ме? - ол қолын гимнастеркасының
қалтасына апара беріп, тез есін жиып алды: - Жарайды, бараққа барыңдар...
Рамдан да тұтқындардың соңынан ілби беріп еді, капитан оны
тоқтатып:
– Əйткенмен, шал, не айтасың? - деді.
– Не жайында?
– Оқиға жайында айтам!
– Қандай оқиға?
– Сен немене естімедің бе? Сендердің құрыш, ұлы адамдарың...
Сендердің батырларың... а? Бұған не дейсің?
Бəрі аңтарылып қалыпты.
– Психологиялық қызметтеріңіз жақсы жолға қойылған, - деді Рамдан.
Бəрі жапа-тармағай сөйлеп кеткен. Əрине, ешқандай күдігі жоқ, жалған,
психологиялық қызметтің ойдан шығарып жүрген сандырағы...
Рамданның барағында бəрі транзисторға ұмтылған. Би музыкасы... Су
астындағы аңшылық... "Сөйлеп тұрған Радио-Андорра"... "Джибс" тіс
пастасы... Би музыкасы... Би музыкасы... Бейтаныс тілдер... Би музыкасы...
Күндізгі соңғы жаңалықтарды күтуге тура келді. Сағат бір кезінде
ұстамды қоңыр дауыс:
– Ханымдар мен мырзалар! Францияның Алжирдегі өкілетті өкілі
Делуврие мырза Алжир халқына маңызды хабар айтады...
Диктордың даусынан кейін хабарлағыштан біреудің алдымен маңғаз,
сонсын бірте-бірте қатайған үні шықты:
– Кеше солтүстікте тəртіп күштерінің əскері Туниске бет алған
бүлікшілердің ірі құрамасымен шайқасты. Кескілескен ұрыс кезінде
айуандығымен көпке мəлім бүлікшілердің басшысы Амируш қаза тапты...
Сөздер. Тағы да сөздер... "Марсельеза"... Диктордың шаттанған даусы...
Тұтқындар барақтан шығып, аула ішін бейберекет кезіп жүр. Сөздері мен
қимылдарынан торығу нышаны байқалады. Бұдан кейін олар лагерьге
беттеген тікұшақты көрді. Ол лагерь ауласының үстінен шұғыл бұрылғанда
одан мыңдаған ақ қағаздар шашылды. Үнпарақтар үлкен де қолапайсыз
көбелектер тəрізді ауамен қалықтап келіп, жайымен жерге қонып жатты.
Олардың əрқайсысында: "Амируш қаза тапты, енді Кабилияның еркін
тыныстауына болады", - деп жазылыпты.
Ұзамай тізбек бойынша лагерь комитетінің: "Бəрің үшінші барақтың
қасына жиналыңдар", - деген нұсқауы да жеткен.
Бəрі жиналған кезде комитет мүшелерінің бірі бір минөт үнсіздік
жариялады... Кімге екенінің атын атамады.
Бұдан кейін Рамдан сөз алды. Ол қажетті сөздерді қинала сұрыптап,
тұтыға сөйлеген. Үні көмейіне кептеліп қалғандай. Кенет оның ойына:
"Егер Амируш қаза тапса, оған біреу опасыздық жасаған", - деген ой сап
ете түскен. Көзінде ашу-ызасы бұрқ етті. Рамдан ұзақ сөйледі, даусында
бағы замандардан жалғыз қаруына айналған даусының кекшіл сарыны
білініп тұрды. Қазір ешқандай оқыс оқиға тіпті ғаламат апатқа айналып
кеткеннің өзінде жорыққа шыққандарға бөгет бола алмайды деген ой
келген.
– Бауырлар, - деді ол, - адамдар кетеді, бірақ революция қала береді!
Амируш қаза тапты, бірақ біздің тауларда, жапан даламызда, сай-салалар
мен қалаларда, көз жасымыз бен тастүйін батыл шешімімізде
миллиондаған Амируштер жүр... Оның рухы біздің мыңдаған ерлеріміздің
рухтарымен бірге көз жүзінен əрдайым бізге қарап тұрады...
Рамдан жөтелге булығып, əрі қарай сөйлей алмады. Бараққа қайтып
келіп, жатып қалды. Жігіттер жылап тұрды.
Таң атпастан деревня көшелеріне толып кеткен харки үйді-үйге басакөктеп кіріп, əйелдер мен еркектерді мылтықтың дүмімен ұрып көшеге
шығара бастады. Жұрт мұны көз ілместен, түні бойы күткен еді.
Ересектердің соңынан ұйқыларын аша алмаған балалар да еріп барады.
Қараңғы көшелерде асқан əбігершілік орнады. Солдаттардың ақырыпжекіргені, əйелдердің ойбайлаған дауыстары, балалардың жылағаны осының бəрі сиырдың мөңіреген, ешкінің бақылдаған, есектің ақырған
үндеріне қосылып, азан-қазан болды. Бақырып-шақырып, алдына
келгендерді ұрып-соққан харкилерден қашқан адамдар мен малдар сеңдей
соғысты.
Бақташыларға малды САС ғимаратына айдап баруға əмір еткен.
Тұрғындарды Ду-Целнин алаңына жинады, сонда келуге тиіс капитан
Марсийак бұларға өз шешімін айтпақ көрінеді. Марсийак Тайебке: "Бəрін
айдап əкеліңдер! Ауруларды да, жүкті қатындарды да, өлгелі жатқандарды
да жеткізіңдер!" - деп бұйырыпты. Мезианның қызының толғағы басталып
кетіп еді. Харки оны да алаңға айдап апармақ болғанда, амин үйде қала бер
деген. "Ең қиын қылса, бұлар сені өлтірер".
Ду-Целнинге еш уақытта осынша халық жиналып көрген емес.
Олар бірнеше қатар болып, бір-біріне сүйкенісіп күтіп тұр. Шалдар мен
жасөспірімдердің арт жағында ала құла көйлек киген, бала көтерген
əйелдер. Бəрінің көздері алаңның шетіндегі таңғы желмен ақырын
желбіреп тұрған жалау жақта. Марсийак сол жақтан келуге тиіс.
Ешкім тырс еткен дыбыс шығармайды. Əйелдер балаларын жұбатып,
қолдарында тербетіп қояды. Бір шеттен толық ояна қоймаған кəрі қораздың
қиқылдаған үні естілді... Басқалары да оған əлсін-əлсін қосылып еді,
əтештер қаңыраған үйлерде шақырған соң ба, үндері тым зарлы шыққандай
болған.
САС жақтан əлдебір оғаш дыбыстар құлаққа келеді. Айқын емес
дыбыстар арасынан анда-санда есектің ақырғаны, егіздің өкіргені,
бақташылардың айқайы естіліп қалады: малды бір-біріне тиіскізбей, қашып
кетуіне де жол бермеу оларға да оңай соғып жатпаған тəрізді.
– Ақыры көптен күткен мерекелерің де келді-ау! Мейрамдарың құтты
болсын, Таланың жамағаты!
Əдейі киіп алған ақ шекпенінің етегін желбіретіп, əскерінің алдында
жүрген генералдай шаруалар тобының алдына шыққан Тайеб оларға
қоқилана қарайды.
– Ақыры бəрің де жиналдыңдар!.. Бəрің де мереке құрметіне... Таланың
ұлы мейрамының құрметіне бас қосып қалыпсыңдар!
Ол қарқ-қарқ күлді, күлкісі жым-жырт тыныштықта анық естіліп тұр.
– Бүгін сазайларыңды тартасыңдар... сайтан алғырлар! Таланың
мейрамында! Сен де құр қалмайсың!.. Тығылатын ештеңе жоқ.
Тайеб жұрттың арқасына көлегейлеп, басқалар тəрізді жерден көзін
алмай тұрған əйеліне шүйлікті.
Кенет ол бақырып жіберді:
– Таяқ жеген ит сияқты жерден көз.алмай тұрғандарың не?
Содан соң зымияндана жымиып қойды:
– Əйткенмен, бір есептен осыларың дұрыс.
Соқпақ жолмен гүжілдеп келе жатқан капитан джипінің үні мұның
даусын басып жіберді. Бір əйел есінен танып, құлап түсті. Бала жылады.
Тайеб үнсіз қалды. Джиптің гүрілі жақындап келеді. Мінеки ол алаңның
шетіне де жеткен, бірден тыныштық орнады, бірақ машина көрінбеді.
Жалау желбіреп тұрған жерден капитан көрінді, өзі жалғыз екен. Ол
бұларға қолындағы қамшысымен ойнап, үнсіз қарап тұр. Ұзамай взвод
командирлері де жетті, тұс-тұстан қаптап келген қарулы солдаттар алаңды
қоршап алды. Шамасы, бұған дейін елеусіз жасырынып тұрса керек.
Тайеб:
– Тік тұрыңдар! - деп жарлық берді. .
Шалдар аздап бойларын тіктеуге тырысты. Балалар əскерилерге еліктеп,
сымдай тартылған. Əйелдер не істеу керектігін түсінбестен, капитанға,
Тайебке, солдаттарға қарайды.
– Жарайды! - деді капитан. - Осы көлгірсігендерің де жетер!
Ол топқа жақындады. Автоматты солдат қасынан екі елі қалар емес.
– Мырзалар, сендер біздің сенімді ақтамадыңдар. Біз мұнда сендерді
қорғау үшін келіп едік. Сендер бізге көмектесу үшін шырпы басын да
сындырмағандарыңмен қоймай, - аз-кем істегендерің, қазір анықталып
отырғандай, біздің қырағылығымызды кеміту үшін жасаған əскери
айлаларың болып шықты. Жəне бізге қарсы соғысқандарға саналы түрде
қол ұшын беріп отырыпсыңдар. Ақыры бұлай істеген екенсіңдер, мұның
неге апарып соқтырарын да білуге тиіссіңдер, қазірден бастап сендер
қорғауды қажет ететін жай азаматтар емес, бүлікші топ болып
есептелесіңдер, ал бүлікшілерді құрту керек. Мұндай таңдау жасаған да
өздерің! Тегінде, бұл жағдай мені де қанағаттандырады: ақыры бəрі де
орын-орнына келді! Сендер жаусыңдар, сондықтан сендерге дұшпан
ретінде қарайтын боламыз!
Капитанға Тайебтің мұның сөзін аударғаны, қалай болғанда да дауыс
ырғағы ұнамады. Бұл сөздерінің қатал, бірақ нақты ешқандай бүкпесіз
сияқты естілуін қалап еді. Бұған Тайеб тым лағып кеткендей көрінген.
Дауыстағы осыншама менмендік жəне өшпенділікпен мұның сөзіндегі
қайсар, əрі əділ де қатал ойды жеткізуге бола ма екен?
Алдына қараған Марсийак Тайеб сөздің зəрін төгіп жатқандардың
салбырап кеткен бастарын көрді. Олар оңбай ұтылды. Ал бұл аяушылықты
да, өшпенділікті де білмейді. Ол тек əділеттің жақтаушысы ғана. Бұған
дұшпанның қарсылығын тойтар деген екен, бұл соған не қажет болса, соны
істейді. Қалғандары қолбасшылықтың немесе айлакер əрі зұлымдық
коммунистік насихатқа ыңғай беріп үлгерген Гамлет сияқты адамдардың
жұмысы.
Капитан кінəлі жəне кінəсіз деп ешкімді алаламайтынын, өйткені,
бəрінің ым - жымы бір екенін айтты. "Тіпті қылмыстық кодексте де
қылмыскерді жасырудың қылмыс болып табылатыны туралы" бап бар, ал
сендердің үнсіздіктерің, əлбетте, соған қатыстарыңның барын дəлелдейді.
Бұдан кейін ол Тайебке Тала тұрғындарын түгендеп шығуды бұйырды.
Балалар үшін ересектер жауап беруге міндетті. Аттары аталған бойда
шаруалар жалпы топтан шығып, бір жаққа сап түзеп тұруға тиіс болды.
Тайеб Моханд Саидтың атын атағанда, ұзақ бөгеліп қалды.
– Менің қымбатты жиенім қайда жүр? - деп кекетті ол. Оны топтан
іздестірді. Біреу оның қолында капитан қол қойған рұқсатнамасы
болғанын, өзінің бір жаққа жолаушы кетем деп жүргенін айтқан. Бірақ ол
үшін қақпадан шығып кетуге тиіс қой. Əйткенмен, өткен түнде жай
азаматтардың орнында қарауылда тұрған солдаттардың ешбірі оның
қақпадан шыққанын көрмепті. Өзі əдетінше мешіт баспалдағының алдында
отырған жоқ па екен? Біреуді жіберіп еді, онда да жоқ болып шықты.
Капитан түгендеуді жалғастыра беруге бұйырған. Белаид да жоқ екен, оның
лейтенант Делеклюздің уақытынан бері тұрақты рұқсатнамасы болыпты.
Түгендеу аяқталған соң Тайеб капитан Марсийакқа:
– Моханд Саид пен Белаид жоқ жəне екі əйел артық, - деп баяндады.
Саусағын иегіне тіреп алған кəрі Тити алдынан көз алмай қозғалыссыз
қатып қалған. Оның қасында арқасында қалғып отырған баласын жайымен
тербеткен Тасадит тұр.
– Бұлар да басқалармен бірге жүрсін! - деді Марсийак.
Тайеб оларға жақындады. Капитан Гамлетке бұрылды:
– Бүлікшілерді осында əкел!
Қасында тұрған солдат сымдай тартылып, орнаған тыныштықта
өкшесінің сарт ете қалғаны анық естілді.
Гамлет Ду-Целниннен төмендеу тұрған джипке беттеді.
Ол екі имжухэданы алдына салып қайтып оралды. Алдында самайын
қырау шалған еңкіш ұзын бойлы кісі жайымен келе жатыр. Өзінің бір-ақ
қолы бар. Оның артынан орта бойлы бір жігіт ілесіп келеді. Өзі жанжағына қарап, жымиып қояды. Алаңдағылардың тұла бойлары түршікті.
Бəрі бастарын көтеріп алған.
Тасадит та баласын шайқалақтатқанын қойды. Капитан да ыржиды.
– Мынау... мынау Акли. Мұны жасырып жүрген кейбіреуің тануға
тиіссіңдер.
Акли басын бір сілкіп қойды. Əбден қажыған кейпі бар.
Капитан екінші жігітке қарады:
– Ал мынау...
Ол жұртқа қарады. Арада ұзақ уақыт өткендей болған.
– ... Мұнымен сендерді таныстырудың да қажеті болмас.
Сөйтті де бақырып жіберді:
– Бұл сендердің батырларың!
Көзі топты шарлап кеткен.
– Иə, не айтасың, Фарруджа? - деді ақыры оны көзімен іздеп тауып
алып. - Сен мұны танитын шығарсың?
Фарруджа оған көзі бақырая қараған.
– Сенен сұрап тұр! - деп баж ете қалды Тайеб.
Фарруджа естілер-естілмес үнмен:
– Бұл менің бауырым Əли, - деген.
Əли бұларды жаңа танып тұрғандай шаруалардың беттеріне тесіле
қарайды.
– Сенің бауырың Əли кеше бізге шабуыл жасаған жасақтың командирі,
- деді де капитан біраз үнсіз қалды. Сол сəтте деревняның ана басынан
соңғы қораздың шақырған даусы естілді.
– Талаға ашық түрде келе жатқан бір рота солдат... Аудар, - деді ол
Тайебке, - тұтқиылдан шабуылға ұшырады... Айт бұларға: Əлидің
адамдары опасыздықпен тап берді де. Бұл соғыс емес, бұл қарақшылық...
Дəл етіп аудар: қарақшылық деп.
Акли бірдеңе дегісі келгендей, оқыс қозғала беріп еді, мұны
байқағандардың бəрі шошып кетті. Бұл үшін де, өздері үшін де қорықты.
Бірақ үндемей-ақ қой дегенге ешқандай мүмкіндік болмады, жұрттың бəрі
соған тесіле қарап қалған. Тек Əли оған бұрылып:
– - деген.
Бұдан кейін Акли қайтадан бей-жай кейпіне түсті.
– Сендердің батырларыңның қолынан жетпіс бір солдат қаза тапты.
Мұны сендерден жасырмай-ақ қояйын.
Акли қыстыға жымиды. Шаруалар: "Мына ұзынтыра өзін не күтіп
тұрғанын білмейді -ау", - деп ойлаған. Гамлет басын салбыратып, қолдарын
кеудесіне айқастырып тұр.
Капитан сөзін жалғады:
– Адам өзін қоғамнан тыс қойғанда, бізде...
Тайеб қажетті сөзді қапелімде таба алмай, қанша бастағанмен, аудара
алмаған.
Капитан Марсийак онысын байқап қалды.
– Не қарап тұрсың? "Қарақшыны өлтірер болар" дегенді аударсаң бітті
емес пе!
– Ұлым, жарығым! - деп жарықшақтанған даусы естілді Сминаның.
Капитан оған бір қарап алып, сөзін жалғастырды:
– Адам өзін қоғамның тыс қойған кезде... қоғам өзін-өзі қорғауы тиіс.
Біз өркениетті адамдармыз. Аударшы, - деді ол Тайебке, - жыртқыш емес,
өркениетті адамдармыз... Сондықтан, біреу өлім жазасына кесілсе, одан
соңғы тілегің қандай деп сұраймыз...
Ол қалтасынан сигареттің көгілдір қорабын шығарып, жалаудың түбіне
қарай лақтырып тастады.
– Қане, - деді сонан соң Əлиге қарап, - ал мынаны!
Алаңда жартылай шеңбер жасап тұрған адамдар сұлбасы сиқырлы
таяқтың əмірімен болғандай əлденені күтіп, қимылсыз қатып қалған.
Ақырына дейін тартылған серппенің ширығып, босап кетер уақыты жеткен
сияқты. Олар тіпті тыныс алуды да қойғандай көрінген.
Бəрі тым-тырыс. Марсийак бір сөз айтса бітті, құрып кететін адамның
болар-болмас кекесін жымиысынан өзге ештеңені көрер емес.
– Менің бұйрығымды естідің бе?
Анау айылын жияр түрі көрінбейді.
– Мен темекі тартпаймын.
– Өзің біл. Бірақ егер атылар алдында қорапты көтермейтін болсаң,
онда мына тобырға оқ жаудыруға бұйрық берем.
Əли бір-бірлерімен иық тірестіріп отырған шаруалар тобына көз
жүгіртті. Көз қарастарында сұмдық жалыныш таңбасы бар, қорқыныштан
еріндері дір-дір етеді. Қорқыныш ұялаған қара тобыр!
Ол езуін жиып алып, капитанның көзіне тік қарады да, жалау бағанына
қарай бұрылды.
– Егер қорапты алуға еңкейер болсаң, түрегеп тұрып өле алмайсың, деп мырс етті Акли.
Марсийак солдатқа қарады:
– Дайынбысың?
Ол сұқ саусағын жоғары көтерді. Əли капитан үшке... онға... дейін
санай ма немесе қолын шұғыл сермеп қала ма, соны білмей тұр.
Солдат өкшелерін тарс еткізіп, автоматының ұңғысын жерге қаратып,
қолын шүріппеден алмаған күйі капитанның бұйрығын күтті.
Əли жалау бағанына қарай бір қадам аттады. Ол иықтары салбырап
кеткен тобырды көзімен шолып өтіп, капитанға, Гамлетке, автоматты
солдатқа жымиып бір қарады да, алаңнан шығар жердегі жалау желбіреп
тұрған баған түбіндегі қарайып жатқан көгілдір қорапқа қарай аяңдаған.
Қолын шұғыл төмен түсірген капитан қасында қимылсыз тұрған
солдатына қарады.
– Не қарап тұрсың, Бутен, тұтқынның қашуға ыңғайланғанын көрмей
тұрмысың!..
Əли қолдарын жайған күйі жол үстіне етпетінен құлап түсті. Басы бір
жағына қарай қисайып, жартылай ашулы еріндері жерді өбіп жатқандай.
Автомат кезегі аса қысқа шыққан.
Бей-жай кейпінен заматта айырылған Акли өзіне де бағытталған
автомат кезегін күткендей алдымен Марсийакқа, содан кейін солдатқа
қараған. Бірақ бұған ешкім де назар аудармады: бəрінің көздер! Əлидің
мəйітіне ауған.
Акли сонда əскери саптағыдай жерде сұлап жатқа Əли жаққа кілт
бұрылып, шарасыз көздерін соған қадап, тік тұра қалды да басын
көкжиткен күйі жалғыз қолын шекесіне апарып құрмет білгісін білдірді.
Құлаққа ұрғандай тыныштықта анда-санда САС жақтан табынның
өкірген үні мен малға зорға ие болып тұрған бақташылардың ақырыпзекірген дауыстары құлаққа шалынып қалады. Фарруджа естілер-естілмес
үнмен:
– Əли, бауырым! - деп бебеулей бастаған.
Кенет құлақты жарған бір ойбай естілді. Жұрт үн қатуға жасқанып
тұрған тыныштықты Тасадиттің ессіз бақырған ащы даусы жарып
жіберген.
Бұған тағы бір əйелдер қосылып, Ду-Целнин алаңы Таланың барлық
қатындарының ауыздарынан шыққан ойбайлаған зарлы үнге, жоқтап,
шыңғырып жылауға ұласып кетті.
Қас қағым сəтте Марсийактың есіне Саллюстияны аударған латын
мұғалімінің даусы түсіп, сонау көкжиектен көз алдына жүген-құрық
тимеген асау аттардың қаһарлы құдайы елестегендей, Югурт тағылары салт
аттыларының дүбірі құлағына шалынғандай күй кешкен. Ол көзін қайта
ашып еді: қарсы алдындағы жерді құша құлаған Əлидің мəйіті көзіне
тосылды.
Алғашында капитанға Айн-Тайа жағажайындағы ауа райының тып тымық кездерінде суға жетер-жетпес құм үстінде көсіліп жатқанда теңіз
толқыны жайымен сипалай аяғына тигені тəрізді мына дауыстар да көп
əсер ете қоймаған. Бірақ ұзамай дауыл қатайып, мына ұлыған, зарлаған
дауыстар төбе құйқаны шымырлата күшейіп кеткен кезде арқасына
қорғасын оқтар сатырлап тиіп жатқандай көрінді.
Ол жалт бұрылып, солдаттарына қысқа ғана бұйрық берді. Солдаттар
мылтық затворларын сарт-сұрт еткізіп, ауаға оқ ата бастаған. Улап-шулап,
жоқтау салған жұрттың үстінен автоматтың қысқа кезектері дар-дар етеді.
Бұдан кейін солдаттар тутұғыр түбіне сап құрып, мылтықтарын топқа
кезенген. Акли қолын əйелдер жаққа сермеп қалды.
– Дайен, - деді ол, - жетер енді.
Дауыстар заматта сап болды.
– Өте жақсы! - деді капитан Марсийак.
Ол Тайебке бұрылған:
– Аудар мыналарға. Біріншіден, мəйітті жерлеуге тиым саламын.
Тайеб аударып тұр, бірақ капитан бұрынғы өзіне деген нық сенімін
жоғалта бастағандай.
– Сендердің иттерің аш жүрген болар, солай ма?
Əрине, бұл жай айтыла салған сөз еді. Талада үрерге ит те қалмаған,
өйткені имжухэдтер келген кезде түнде үрмесін деп оларды екі жыл бұрын
тегіс қырып тастаған болатын:
– Екіншіден, Таладан кету үшін бір сағат уақыт берем. Бір сағаттан
кейін деревняларыңды зеңбірекпен атып, жойып жібереміз!
Ол үстіңгі ернін ашып, тісін ақситты. Оның айтқанын аударған бойда
Тайеб капитанға:
– Ал менің үйім не болмақ, капитан мырза? - деп сұрақ қойды.
– Сенің үйің бе? Сен Таланың тұрғыны емессің бе немене?
Жұрт деревняға қарай лап қойды. Солдаттар басқа жолмен
САС - қа бет алған. Ұзамай Ду-Целнинде таңғы күн сəулесінің астында
тек Əлидің мəйіті ғана жатты. Алаң үстін айналып жүрген қарғалар əлсінəлсін қарқ-қарқ етеді.
Жұрт қалай жиналу керектігін, нені алып, нені тастау керектігін де
білмеді. Алдымен олар қолына түскеннің бəрін жинастыра бастаған,
өйткені, осы заттардың бəріне көздері үйренген, бəрі де қымбат секілді
көрінген. Бірақ ұзамай буыншақ-түйіншектері шексіз қампиып, көтеріп
жүре алмайтындай халге жетті. Капитан САС ауласында қамаулы тұрған
қашарлар мен есектерді де алуға рұқсат етпеді. Бұдан соң олар жиған
заттарын қайта қопарыстырып, қолдарына алғаш түскен заттарын қайтадан
алып тастап, əлек-шəлектері шыққан. Көпшілігінде сағат та жоқ еді, ақыры
адамдар сеңдей соқтығысып, енді қанша уақыттары қалғандарын да
білмей, сергелдең күйге түсіп, апшылары қуырылды.
Таланың көшелері қаңырап бос қалды. Тек Моханд Саид қана үйінің
маңындағы кішкене алаңда ылғи да отыратын орнында қыбыр етпестен
отыр. Деревняның жоғарғы жағында тұратын Ду-Целнин алаңынан қайтып
оралған шаруалар оның сол жерде түк болмағандай баяғы қалпында
отырғанын көрген. Одан неге кетпегенін сұрауға ешкімнің мұршасы
болмады. Бірақ бəрі де оған жамырай айқайлап, үйіне барып заттарын
жинастыруы керектігін, өйткені, деревняны талқандағалы жатқанын
айтқанмен, анау ежелгі əдетінше түк естімеген кісіше меңіреу қалпында
қала берді.
Алғашқы снаряд келіп жарылған сəтте əлі ешкім үйінен шығып
үлгерген жоқ-ты: бəрі де əлі бір сағат өткен жоқ жəне Тайеб немесе тағы
біреу келіп ескертер деп ойлаған. Шындығында, қырық бес минөттей ғана
уақыт өтіп еді, бірақ іс-қимылды жеделдеткісі келген капитан əзірге
деревняға емес, одан сыртқары жерге оқ ата беруге əмір еткен-ді. Бірақ
снарядтың қайда барып жарылғанын ешкім де білген жоқ.
Бəрінің де естері шығып кетті. Жиын-терінді реттеуге тырысқан
еркектердің дауыстарын əйелдердің шыңғырған, ойбайлаған дауыстары
көміп кетті.Тұс-тұстан зəрелері зəр түбіне кетіп атып шыққан адамдар
көшелерде ұйлығып, үлкен буыншақ-түйіншектерімен бірін-бірі қаға-маға
бастары ауған жаққа безіп барады. Балалар тынымсыз қыт-қыттаған
тауықтарға қарауға тиіс еді. Ұзамай барлығы Ду-Целнин алаңына жəне
оған жапсарлас көшелерге жиналып, САС - тың маңына жоламас үшін
Оңтүстік қақпаға қарай жосылды.
Екінші снаряд бұлардың бастарынан асып өтті. Деревнядан əлі шығып
үлгермегендер мешіт мұнарасының күл-талқаны шыққанын көрген. Бұлар
жүрістерін жылдамдата түсті. Əлсіздері мен əбден зəресі кеткендері
қолдарындағы заттарын түсіріп алды, олары жотадан төмен құлдилаған
жұрттың аяқтарына оралғы болып, əлекке түсірді. Балалар алға түсіп
жүгіріп кеткен. Шалдармен қатарласып, оларды жалғыз тастап кетпей,
əйелдер келеді.
Деревняны атқыламас бұрын капитан ешкім қалып қоймады ма деп
Тайебті Таланы қарап келуге жіберген. Тайеб өз үйі тұрған жақтағы
терістік қақпадан кірді. Үйіне кіріп барса, заттарының бəрі сол
орындарында қалыпты, əйелі ештеңе алмаған, ит неме! Ол жанталасып
заттарын жинастыра бастаған. Бірақ сол екі арада кешігуге болмайтыны:
капитан Тайебті үйімен, бүкіл деревнямен қоса жарып жіберуден жүзі
жанбайтыны есіне түсті. Ол жинағандарын аулаға лақтырып тастап, далаға
шықты.
Қаңырап қалған көшелерде аяғының дыбысы жаңғырығып естіледі. Ол
бос қалған үйлерге бас сұғып кіріп көрген. Бар жерде де енді ешкімге
қажеті жоқ ескі-құсқылар, киім-кешектер жайрап жатыр. Тайеб заманақыр
алдындағы жым-жырт тыныштықта қалған жалғыз тіршілік иесі сияқты,
тіпті снаряд даусынан шошынған шекшектер де үнсіз қалған. Кенет жүрек
жағы шаншып кеткен Тайеб соңғы үйден атып шықты. Ол жан-жағына
қарады: тірі жан жоқ. Балалар бар тауықтарды алып кетіпті. Тіпті құстар да
бір жаққа ұшып кеткен. Ол біреу-міреу: "Ей! Шаабан, Мальха, Мезиан,
мұнда келіңдер!" - деп айқай салам, болмаса бір жерден бала жылар деп
тың тыңдаған. Тырс еткен дыбыс жоқ!
Сонымен не болды? Яғни, ешкімнің қалмағаны ғой! Шынында, тірі жан
қалмай кетіп қалған ба? Енді мына қабырғаларда, мына алаңдарда,
көшелерде мұнымен тəжікелесетін ешкім қалмапты. Бұған жауап қататын
ешкімнің болмағаны ма? Яғни, мына қаңыраған қоныста қалған соңғы
тіршілік иесі өзі болғаны ғой. Оның бет алды безе жөнелгісі келді.
Дегенмен тым құрығанда өз даусын есту үшін есік - есікке барып, алаңда,
көшеде:
– Ей, қайсысың барсыңдар? Бар болсаңдар, далаға шығыңдар! Деревня
қазір талқандалады! - деп дамылсыз айқайлаумен болған.
Басында мұнысы өзіне ұнап та қалды. Бірақ ешкім жауап
қатпағандықтан, үні де салғырт тартып, бəсеңдей берді. Ақыры айқайы
көмекейіне кептеліп, қаңыраған бос үйлердің ортасында жалғыз безектеп
келеді. Таланың көшелері осыншама ұзын деп бұл еш уақытта ойламапты.
Деревняның жоғарғы жағындағы кірер ауызда ол тоқтай қалды. Шағын
алаң үстінде көкжиек пен Джурджура қырқасын көлегейлеп тұратын мешіт
мұнарасына əбден көзі үйреніп кеткен еді. Енді сол жерден аспан аясы
анық көрініп тұр. Ал мешіт алдындағы үйіліп қалған тастар, арқалық
ағаштар, көне шатыр қалдықтарының қасындағы қабырға басқыштарының
жоғарғы тепкішінде ақ шекпенге оранып, жымқырып алған еріндеріне
саусағын тигізген күйі бұдан оқты көзін алмастан Моханд Саид отыр...
Тайеб алдымен шегініп кеткен, сонан соң есін жиып, оған жақын келіп,
баспалдақтан көзін алмастан:
– Да Моханд, Аллаһ жар болсын! - деген.
Моханд Саид тырс етпеді.
– Да Моханд, - деп сөзін жалғастырды Тайеб, - қазір деревняның күлі
көкке ұшады.
Моханд кірпігін де қақпады.
– Не ғып отырсың, Да Моханд. Қарасаңшы, - ол мұнара үйіндісін
көрсетті, - аналар атысты бастап та кетті.
Тайеб жан-жағынан қарағыштап, əрі-бері жүріп кетті.
– Ирумьендер ештеңені де аямайды! Көрерсің, бірде-бір үй қалдырмай
бəрін жермен жексен етеді! Олар бəрін де жойып жібереді! Ирумьендердің