🕥 31-minute read

Апиын Мен Таяқ - 14

Total number of words is 3981
Total number of unique words is 2096
37.2 of words are in the 2000 most common words
50.5 of words are in the 5000 most common words
57.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  жөні жоқ. Егер командование мұның бұл бастамасын білсе, құптай қоймас,
  бірақ жасырып қалатыны анық, ең бастысы да осы емес пе.
  Башир үшін ең қиыны шекарадан өту болды. Қоршау бойлары қосымша
  күштермен нығайтылған, əрі-бері шолғыншылар тынымсыз кезіп жүреді.
  Ал қоршау əлі орнатылмаған оңтүстікке қарай тақыр жер еді де, оның
  үстінен ұшып өтіп жатқан ұшақтар мен тікұшақтардың көзіне түсіп қалу
  оп-оңай болатын
  Түн ішінде Башир келіп жеткен бекет Ужданың түстік жағына
  орналасқан. Мұнда жараланған соң жуырда ғана ауысып келген жас
  лейтенант басшылық ететін. Тегінде, Марокко əскерінің бекеті болып
  саналатын бұған мейрам сайын Марокко королдігінің бес бұрыш жұлдызды
  қызыл-жасыл туы ілінгенмен, іс жүзінде бұл бекетте Алжир азаттық
  армиясының бір бөлімшесі тұратын. Əйткенмен, мұны француздар да
  білетін. Сондықтан да түндерде қандай да болмасын көрнекті жерлерге,
  шекараның осы бетіне алжирліктердің мəйіттерін əкеліп тастайтын.
  Шамасы, мұндай ермек өздеріне ұнаған болуы керек, өйткені, соңғы айда
  үш бірдей мəйітті лақтырып кетіпті.
  Бөлме бұрышында отырған қудай арық аласа бойлы джундий Баширге
  күле қарады.
  – Танысып қой, мынау Маса, - деді лейтенант Баширге. - Арғы бетке
  осыған ілесіп барасың.
  Башир Масаның қолын қысты.
  – Иə. Мұны бізге жазда шегіртке жəне напалм бомбаларымен бірге
  əкелген
  Осыны есту тым күлкілі болғандықтан шығар, Маса бүктеліп қалған.
  – Шілде айында болған оқиға. Күн аяусыз күйдіріп тұрған. Қазір тап
  сен жайғасқан жерде қалғып отырып, кенет көзімді ашсам, құртша
  ирелеңдеп бірдеңе жүр, қарасам адам. Қалай кіргенін тіпті білмей
  қалыппын.
  – Маса кез келген жерден кіріп кетеді ғой, - деді Башир.
  – Қалай кіріп кеттің деп сұраймын. Ол арт жағын нұсқайды, ағаш
  көлеңкесінде тұрған сақшыны сонда бірақ көрдім. Маса қалай болса солай
  емес... нөкерімен келіпті! "Саған не керек?" - деймін. "Мен харкимін", дейді бұл. "Мақтанатын нəрсені тапқан екенсің!" "Иə, мен сондықтан да..."
  "Қашып кеттің бе?" - деп сұрадым. "Сол жағын білмедім," - деп қояды.
  Мұнысына не дерсің енді! Маса қашқын ба, жоқ па, онысын өзі де білмейді
  екен. Содан соң хикаясын бастады. Қанеки, Маса, соныңды өзің айтып
  берші!
  Маса отырғышта қозғалақтап, жымиып күлді, бірақ лəм-мим деген жоқ.
  – Ерліктерің туралы айтқың келмей ме?.. Көрдің бе, Масамыз оның
  үстіне тым ұялшақ... Қысқасы, мəселе былай болған. Ол шекарадан таң
  сəріде, біздің екі бекетіміздің арасынан, соңғы түнгі шолғын кеткен бойда,
  өтіп кеткен. Көпірді жарып жіберуге тапсырма алған... иə, иə, соның өзін!
  Маған келген бойда: "Менде бомба бар" - дейді. "Қайда?" - "Анда, кіре
  берісте". Мен оның күртесіне көз тіктім. "Қалтамда ештеңе жоқ, - дейді
  бұл, - тек мына гранаттар болмаса". Сөйтіп, гранаттарды үстелге тастай
  салды. Бұған қарасам, "бəрі де сақтандырғыш тиегінде тұр", - дейді. "Ал
  көпірді неге жармадың?" - деп сұраймын. -"Білмеймін, жара алмадым". "Сені көріп қойды ма?" - "Жоқ". - "Қорықтың ба?" - "Жоқ". -"Онда мəселе
  неде?" - "Менің тағы бір тапсырмам сақшылар тұрған орындарын... сенің
  бөліміңнің жалпы санын, қару-жарақтарын, оқдəрілерін - жалпы барлығын
  білу еді. Мен ұзақ уақыт бақыладым. Мен, - деп тіпті мақтана бастады, осы жерде таңертеңнен бері не болып, не қойғанын тіпті сенен артық білем
  деуіме болады". Сөйтті де, айта бастады. Шынында да, кинотаспаға жазып
  алғандай. Ештеңені назардан тыс қалдырмапты. Мен оған: "Тоқта.
  Жарайсың, əрине. Енді қайтпексің?" - деймін. - "Не болсын. Сендерге
  опасыздық жасай алмадым". Мен бұған: "Сен жай қорыққансың ғой... бірақ
  оныңа түкіргенім бар, бəрібір сені атқызып тастаймын", - дедім. -
  "Қорықтың деймісің? Жоқ... бірақ..." - "Не бірақ?" - "Бұлардың да өзім
  секілді алжирліктер екенін көрдім". "Тыңдашы мені", - дейді. - Иə, харки
  екенім рас, бірақ қайткенмен де алжирлікпін ғой". - "Атың кім?" - деп
  сұрадым. Бұл тағы ойланып қалды. "Иə, тағы не болды? Енді атыңды
  ұмытып қалдың ба?" "Ана жақта мені Маса деп атайтын еді". (Өзіне көз
  тоқтатып қарасам, шынында да, қудай арық, жаңа гимнастеркасы олпысолпы боп зорға ілініп тұр). - Аналар: "Маса саңылау тауып, ұшып кіріп,
  шағады да, қайта ұшып кетеді", - дейді.
  Лейтенант оған бұрылды.
  – Маса, сигарет алып келші...
  Сөйтті де əңгімесін жалғастырды:
  – Ол орнынан тұрып, кете бергенде жас толған көзіне қарадым. Содан
  соң неге жылайсың деп сұраймын. "Ана жақта қалғандарды ойлап көңілім
  босап тұр", - дейді. - "Егер олардан ажырағаныңа қиналатын болсаң, бүгін
  түнде кері қайтарып жіберейін. Тек ол жақтан ашықхат жіберіп тұруды
  ұмытпа", - дедім. Ал бұл маған: "Оларды айтпаймын. Əйелім мен
  балаларымды уайымдап тұрмын", - дегені. Бұл не оттағаны деймін ғой
  баяғы. Менің де отбасымды көрмегеніме төрт жыл болған жоқ па. Бірақ
  Маса: "Кетер алдында француздар маған: "Бар. Саған сенеміз, бірақ былай
  шыға бере құйтырқыға бассаң, бала-шағаңды ойла. Қайтып келмесең,
  солардың жазасын береміз", - деген.
  Лейтенант қолындағы кілттерін сылдырлатып, үнсіз қалды.
  – Сөйтіп кеткен жоқ па?- деп сұрады Башир.
  – Көріп тұрсың ғой.
  – Ал əйелі не болды?
  – Жақын маңға əкеліп лақтырып кеткен алғашқы мəйіт осының əйелі
  болып шықты.
  Маса жартылай ашық есіктен сып етіп кірді де, сигаретті үстелге
  тастады.
  – "Голуаз бле", сіздің жақсы көретініңіз, лейтенант. Ал өзім жеңілдеу
  темекіні ұнатамын.
  Ол əлденеге тағы күлді де, теңселе басып, өз орнына келді.
  – Масамен жүрсең, қауіп-қатерден аман боласың, доктор, - деді
  лейтенант. - Ол үшін қоршаудан өтіп кету бұйым емес... Əйтеуір, өзінің
  жолы болғыш жігіт.
  Екі күн бұрын Талаға жіберген байланысшы əйел қайтып оралмады.
  – Егер оны ұстап алса, - деген Əли, - бəрін айтып қояды. Дереу бұл
  жерден тайып тұру керек.
  – Ол осы маңның ең таңдаулы байланысшысы. Өлсе де ештеңе
  айтпайды! - деп қарсылық білдірді Акли.
  – Бірақ кемпір келмей жатқан жоқ па. Қалғандарына ескерту керек.
  Жарты сағаттан кейін шығамыз.
  – Қайда?
  – Талаға.
  – Есің дұрыс па?! Байланысшы сол жақтан келмей жатқан жоқ па?
  – Басқа жол жоқ.
  – Тоқташы, сержант, ақылға салып көрші! Ойланып алсаңшы алдымен!
  Деревняңның қасынан өтіп бара жатасың. Онда бармағаныңа көп болған.
  Кəрі шешеңді, қарындасың Фарруджаны көрместен, көшелеріңнің,
  алаңның жанынан қалай өтіп кетпексің? Саған осыны несіне айтып
  тұрмын? Өзің де білесің ғой. Алдыңда тор құрулы тұрғанын біле тұра,
  бəрібір соған барып түсетін ақылсыз құс сияқты мұның қалай?
  – Басқа қалған жолдардың бəрін француздар бақылап отыр. Қайта басқа
  жерлерден гөрі Талада қауіпсізірек болуы мүмкін.
  – Жарайды, өзің білесің, маған бəрібір, бұл менің соңғы жорығым.
  Орманнан
  да,
  шибөрілерден
  де,
  жиырма
  жасар
  шөпжелке
  байланысшылардан да, асқазан түйнемесінен де, арпа нанынан да өткен
  жылы шыққан інжірден де əбден жалықтым. Осыдан кейін Туниске кетем
  де, қалған өмірімді сонда өткізем.
  – Тунисте сені казармаға тығып қояды, көрген күнің бұдан да . сорақы
  болады. Ал Тəуелсіздік мейрамында қасымда қатар жүрсең, аяғыңды баса
  алмай қалсаң да, өзім сүйреп жүретін болам əлі. Рас айтам...
  Акли қолынан айырылғаннан бері ішкі əскер қызметіне жарамсыз деген
  куəлік алған. Оған таяу уақыттарда бөлімшелердің бірімен Туниске өтіп
  кетуге бұйырылған еді. Сондықтан Акфадаға жорығы Аклидің өзі
  айтқандай соңғысы болатын.
  Бірнеше минөттен кейін бүкіл жасақ аласа шошақ төбелері деревняға
  кірер жерден көрініп тұрған сабан лашықтардың маңына жиналған.
  Жергілікті бір бала бұларды деревнядан бастап алып шықты, жасақ сұпсуық түн қойынында келе жатыр.
  Балақай кетісімен, Əли Аклидің қасында келе жатқан екі джунудқа:
  – Талаға жолымыз солай болған соң бара жатырмыз дейді, бірақ
  шындығында Тасидитке бола емес пе! - деген сөзін құлағы шалып қалған.
  "Шал бізден кететін болған соң уайымдап жүргені ғой. Кез келген
  нəрсеге қитығады", -деп ойлады бұл.
  Түні бойы үнсіз жүріп келеді. Талаға жақындаған сайын дала, бұлақтар
  мен жолдар Əлидің көзіне жылы ұшырайды.
  Қасында қатар адымдаған Акли де үнсіз. Өзі қатты шаршағанда
  сөйтетін.
  – Ұзамай жетіп те қалармыз, - деді Əли.
  – Сөйтсек қой!
  – Автоматыңды əкелші.
  Егер қолыңды ауыстырып отырмасаң, автоматтың зіл қара тастай
  басатынын Əли білетін.
  Акли автоматын бұған ұстатты.
  – Ал қалай? - деп сұрады Əли.
  – Əй, шолақ қолмен қиын екен, - деді Акли. - Қолымды кактуске
  лақтырып кеттім емес пе, сонда да ауырып қоймайды... Бұған не дерсің!
  – Кезінде ешкі баққан шалғынды көру қандай ғажап.
  – Айттым емес пе, сөйтесің деп!.. Тек төңіректің бəрі қырылып
  қалғандай болғаны несі? Солдаттар да, жай адамдар да көрінбейді. Саған
  оғаш көрінбей ме?
  – О! Естимсің?
  Екеуі де тұра қалып, тың тыңдаған. Ай Тамгут қырқасының үстінде
  ғана тұрғандықтан, оның бас жағы ғана жарықтанып, ал дала қараңғылығы
  қоюлана түскендей.
  – Күн күркіреген шығар, - деді Əли.
  – Аспан ап-ашық тұрып па?
  Сан мыңдаған жұлдыздар жымың-жымың қағады.
  – Тасжолмен əскер машиналар легі келе жатқан сияқты.
  – Бізбен жолыққалы шыққан тəрізді, - деді Əли. - Осы жерде күтейік.
  Егер алты немесе жеті машина болса, лайықты қарсы алармыз. Егер
  көбірек болса, өткізіп жіберу керек.
  – Қой! - деді Акли. - Бірақ менің соңғы жорығым болғандықтан...
  Машиналар легі жақындаған сайын темір-терсектің салдыр - күлдірі
  анығырақ естілген. Олар жолдың ай жарығы түсіп тұрған тұсына таяғанда
  сұлбасын алыстан көруге болатын еді. Өздері жарықтарын өшіріп, ақырын
  жүріп келеді. Əли санап тұр. Сегіз машина екен.
  – Меніңше, алдыңғы екі жүк машинасындағылар əскерилер емес, - деді
  Əли. - Олар басқаларына ұқсамайды... Ал жүк машиналарын басып озып
  бара жатқан жеңіл машинадағы, сірə, офицер болар.
  – Содан бастау керек, - деді Əли.
  – Солай деп ойлаймысың?
  – Иə!
  Əли жасағын жолды көмкеріп ұйысып өскен қысқа бұталардың арасына
  жасырды. Мотор даусы енді анық естілген. Олардың ар жағындағы
  Таланың үйлерінің қарауытқан сұлбалары ағара бастаған аспан аясында
  айқындала бастаған еді.
  Күдіктілерді алаңға тез жинады, бірақ оларды шығарып салуға бүкіл
  деревня тұрғындары шыққандықтан, ұзамай олар екі топқа бөлінді: ортада
  бір шоғыр адам тұр да, ал төңірегінде саны бұлардан əлдеқайда көп, бейберекет тобыр. Қалып бара жатқандар аналарға ұрлана қарайды, ал кетіп
  бара жатқандар қалатындарға ешбір назар аударар емес. Тап осы сəтте олар
  тек бір ғана нəрсені: өздерін алдан не күтіп тұрғанын ғана ойлаған. Бұлар
  өздерінен не сұрауы мүмкін соны табуға тырысып, қорғанысқа даярлана
  бастады. Бірақ бəрінен бұрын олар солдаттардан емес, Тайеб пен харкиден
  қорқатын.
  Топ жиналған кезде Тайеб сержанттан ұмытып кеткен біреуге барып
  келуге рұқсат сұрады. Гамлет: "бір... екі... жиырма тоғыз, отыз... бəрі де
  осында емес пе" дей беріп еді, Тайеб сол екі ортада көзден ғайып болыпты.
  Содан көп ұзамай қайтып оралған. Алдымен оның қырылдаған даусы
  естіліп, сонсын өзі де пайда болды. "Қаншық, қаншықтың қызы! Тайеб
  еркек пе, жоқ па, көрсетермін саған! Тайебтің соққысынан еркектердің
  қалай өкіріп жылайтынын көріп ал сен!" Оның бақырып-шақырған
  боқтығының арасынан анда-санда əйелдің шыңғырған үні естіліп қалады.
  Тайеб қараторы кішкентай ғана əйелді жалбыраған шашынан сүйретіп
  топқа алып келіпті. Содан кейін оны ортаға итеріп жібергенде, анау денесі
  ауырып кеткендіктен тағы шыңғырып жіберген. Еркектер теріс бұрылып,
  əйелдер жаңа келгенге зəрелері ұша қарап қалыпты: бұл Тайебтің əйелі
  болатын.
  Лек САС - қа қарай түсе бастаған. Ең алдында Тайеб пен Амер, оның
  соңынан отыз адамдық топ, бұдан кейін солдаттар мен харкилер. Қызын
  ерткен Фарруджа ең соңында келеді. Бұлардың кəртішкесінен капитан
  Марсийак: "Қосалқы ойынмен айналысып жүрулері мүмкін", - деген
  ескертпе тапқан. Əйелдер Тайеб тықсыра қуып келе жатқан шалдарды
  сүйемелдейді. Ұзын ақ шекпенге оранып алған Моханд Саидтың жүзінде
  бəріне немқұрайды бірдеңе бар, шыны осы ма, əлде əдейі істей ме,
  Мохандтың алыс туысқаны болып келетін Тайебтің əсіресе жынына тиетіні
  осы қылығы еді.
  Бұлар деревнядан шыға бере зират қасынан Фарруджа өздеріне қарсы
  келе жатқан арқасына бала көтерген жас əйел мен оның соңынан ерген
  бүкірейген кемпірді көрген. Ол Тасадит мен Титти кейуананы бірден
  таныды. Өңі қуарып кеткен Фарруджа көзін жұма қойды да, əлгі əйелдер
  қатарласа бергенде ғана ашты. Тасидит төмен қарады, ал Фаруджаның
  жүрегі атқалақтап қоя берген. Əлгі екеуі лектің қасынан өтіп кеткен кезде
  ғана Фарруджа жеңілдене күрсініп еді, кенет Тайеб есіне бірдеңе
  түскендей, аналарға айқай салған:
  – Ей, сен екеуің!
  Əйелдер тоқтай қалысты.
  – Рұқсатнамаларың бар ма?
  – Не дейсің, ұлым?- деп сұрады кемпір.
  – Ирумьендерден алған қағаздарың бар ма деймін?
  Ол жас əйелдің қолынан шап берген. Анау қызарып кетіп, тоқтай қалды.
  – Қандай қағаз? - деп сұрады əйел.
  Бір жаққа бара жатыр екенсің, қағазың болуға тиіс.
  – Ə, құжаттар ма? Мінеки.
  Қойнына қолын жүгірткен ол бір бума қағаз шығарып, Тайебке көрсетті.
  Тайеб оларды бір-бірлеп қарап шықты.
  – Бəрі де ойдағыдай екен!
  Сөйтті де бума қағазды жиренішпен лақтырып тастады. Желге ұша
  бастаған қағаздарды жинап алуға Тасадит еңкейе берген.
  – Таста оларды, - деді Тайеб. - Олардың енді саған қажеті жоқ. Бізбен
  жүресің.
  – Мен Авизарға бара жатырмын, - деді келіншек, - Авизарға, əпкемнің
  үйіне.
  – Мен əкеңдей адаммын... ал сен мені бала деп ойлаймысың! - деді
  Тайеб. - Əпкеңе емес, бауырларыңа бара жатырсың ғой, - ол ырсиып күлді,
  - партизан бауырларыңа! Сен солардың байланысшысысың, оларға мəлімет
  жеткізесің, қойындарына жатасың, жезөкше қаншық... Өзі əп-əдемі, жапжас, мына кəрі мыстанмен бірге жолда қаңғырып жүргенін қарашы...
  Балаңның əкесі кім? А? Ол қайда? Неге басыңды салбыратып жібердің?
  Ұялған түрін мұның, бала жасағанда ғой ұялған жоқ шығарсың... оны тіпті
  кім жасағанын да білмейсің!
  Əйелдер Тасадит пен Тайебке қарамауға тырысты. Бұл аймақта əйелмен
  бұлай сөйлесуге болмайды ғой. Тайеб жұдырықпен бір періп, кемпірді
  шұңқырға ұшырып түсірді, баланы келіншектің қолынан жұлып алып, жол
  ортасына отырғызды: "Осы жерде күт, феллаганың күшігі!" - деп зекіп, ал
  шешесін шашынан сүйрей жөнелген. Мұның қолынан босанып шыққан
  бойда Тасадит баласына қарай тұра жүгірді. Тайеб мылтық дүмімен бір
  ұрып, əйелді қайтадан топқа қарай тықсырды. Бір жағынан Фарруджа келіп
  қолтығынан сүйемелдеген. Шекесінен қан ағып, қолаң шашы жалбырап
  кеткен.
  Тайеб Титиге бұрылды:
  – Жоқ, сен де бізбен бірге жүресің, қозғал жылдам!
  Бірақ кəрі Тити қозғалмай жатқандықтан, ол қайтып барып, кемпірді
  жағасынан алған күйі кері сүйреп əкелді. Тититің қол-аяқтары тірі
  адамдыкі емес, ағаш қуыршақтыкі сияқты ербең-ербең еткеніне солдаттар
  мəз болып күліп жатыр.
  Лектің соңында еңірегенде етегі толып Тасидит сүйретіліп келеді. Ол
  қайта-қайта артына қарағыштайды, ал Тайеб автоматымен нұқып орнына
  қуып əкеледі.
  – Сен де анадан туған шығарсың, Тайеб, баламды ала кетейінші.
  – Солай ма! Өзің осы аранікі болмасаң, мені қайдан танисың? - деді
  Тайеб.
  – Баламды өзіме қайтаршы, оның саған қылған жазығы не?
  – Иə, оның жазығы жоқ, ал сенің ше?
  – Мен Авизарға, əпкеме бара жатырмын... Егер сен де анадан тусаң...
  Бет-аузын дамылсыз жас жуып келеді. Бір қырындап келе жатқан бойы
  баланы көру үшін əлсін-əлсін артына қарағыштайды. Бала жол ортасында
  əлі жылап жатыр. Бұлар САС - қа жақындаған сайын оның даусы да біртебірте азайып, титтей сұлбасы кішірейе - кішірейе енді бір бұрылыста
  мүлдем көзден ғайып болды, əйткенмен сəбидің бақырған даусы талайға
  дейін естіліп тұрды.
  САС мектеп үйіне орналасқан болатын. Шаруалар тобы осында жеткен
  соң капитан он екі адамды бөліп алып, оларды жеркепедегі қабырға
  шкаптарына қамауға бұйырды. Қалғандарын бос жатқан тоғанға итере
  салған.
  Жеркепеге бастайтын тастай қараңғыдағы сатының бір жеріндегі
  тепкіші болмағандықтан, талайлар құлап түсіп жатты. Қараңғыдан бірбірінің үстіне құлап жатқандарға қарап, солдаттар шек-сілелері қатып күліп
  тұр.
  Тұтқынға алынғандар қамалған шкаптарға аспалы құлыптар
  салыныпты. Өйткені, солдаттар оларға ішкілік жасырады деп тиектерінің
  бəрін сындырып тастапты. Енді ішке қамалғандар аздаған ауа кіруі үшін
  есікті итеріп, аздаған саңылау қалдыруға болатын еді. Түстен кейінгі
  уақытын Тайеб жеркепе мен тоған арасын əрлі - бері кезімен өткізген. Сəл
  ашылған шкапты ол аяғымен теуіп қалып, жауып тастайтын. Тар
  саңылаудан Фарруджа жабық шкаптардың бірінен соң біріне барып,
  тіміскіленіп жүрген Тайебтің алпамсадай денесін көріп отыр. Қай шкапта
  кімнің қамаулы отырғанын жақсы білетін ол тұтқындардың аттарын атап,
  жайлы отырсыңдар ма деп кекетіп қояды.
  Тергеуді түн ортасында еркектерден бастаған. Фарруджа түні бойы
  олардың айқайлаған -ойбайлаған дауыстарын естіп отырды. Ол тіпті
  əлгілердің дауыстарын ажырата бастап еді. Құлағын тығындап көріп еді,
  одан ештеңе шықпады. Аш шибөрілердің тап мектеп қабырғасының қасына
  келіп ұлығаны адамдардың айқай - ойбайларымен араласып кеткен. Ұзамай
  қарадай ой-санасы шатысып, мұның өңі мен түсі ме, ұлып жатқан
  шибөрілер ме, жоқ адамдар ма, соның бəрін ажыратудан қалды. Жүрегі
  айнып, бірнеше рет құсып та тастады. Шыдай алмаған кейбіреулер
  шкаптың ішіне дүзге отырып қойғандықтан, қолқаны қапқан иіс өлтіріп
  барады.
  Еркектерден кейін жауапқа алу кезегі əйелдерге келген. Фарруджаны
  таңға қарай бірақ шақырды. Бұған өзі қуанып та қалған. Шкап ішінде ауа
  жоқ, аяқтары, бүйірі мен тізелері қан қақсап ауырады. Тек түрегеп қана
  тұратын орын бар, ал мұның ұйқы басып, əкетіп барады.
  Тайеб мұны баспалдаққа қарай итеріп жіберді. Үшінші тепкішке жете
  бере оның жоқ екенін білетін Фарруджа аттап өтіп кетпек болған. Тайеб
  көйлегінің етегінен тартып қалды.
  – Аяғыңды тепкішке сал, - деді ол, - қазір тепкіш бар.
  Фарруджа құлап кетпес үшін Тайебтің қолынан ұстай алған: аяғының
  асты былқ-былқ етеді. Фарруджа мұның не екенін ұқпады. Қараңғыдан
  жарыққа шыға келгенде, көзі ештеңе көрмей қалды. Тайеб қарқылдап
  күлді:
  – Көрдің бе, Фарруджа, басым істейді ғой, əрі сендердің қамдарыңды
  жеймін! Əлгі жердің тепкіші жоқ болатын. Сонсын оның орнына өзімнің
  жақыным Мохандты жатқызып қойдым. Ол жатқалы бір сағаттан асты,
  əйтпесе төмен құлап, желкелеріңді үзіп алар едіңдер! Енді соны бас та,
  жоғары көтеріле бер. Мендей қамқоршыларың бар, бақыттысыңдар ғой!
  Ех! Менің көзім жоғалса, Таланың жамағаты қалай күн көрер екенсіңдер!
  Əйел Тайеб өзін алып келген бөлмені көзбен шолып шықты. Жоқ,
  мұнда жалаңаш электр сымдары да, азаптайтын астау да көрінбейді, тек
  үлкен екі кəрлен ыдыс түр: бірінде тұз, енді бірінде көбікті сұйық бар,
  шамасы, сабынды су сияқты. Жарқырап шам жанған ұзын үстел басында
  капитан отыр. Есік алдында қасқыр иттің қарғыбауын ұстаған тапал солдат
  тұр.
  Тайеб Фарруджаны бөлме ортасына итеріп апарды.
  – Бұл Белаидтың қарындасы ғой, сен байқа, - деді капитан.
  – Бұл Əлидің əпкесі, капитан мырза.
  Капитан бұдан жауап алумен ғана шектелді. Ал бетінен аяусыз ұрған
  Тайеб еді. Əйел капитанның шақырайған шамының жарығынан көзі
  қарығып, төңірегіндегілерді дұрыс көре де алмаған.
  Алғашында аузынан шыққан сөздеріне мұқият болуға тырысып бақты.
  Тайеб аударып, ақсары хатшы қағазға жазғанша, ойланып, сөзін жұптап
  алатын уақыты да болған. Партизан, Таладағы ОПА офицері, құпия
  орындар, байланыс, жарна жинау дегеннің бəрін теріске шығарды. "Əйел
  адаммын, мектеп есігін ашып та көрген емеспін, соғыс менің не теңім!" деген.
  Аяқтары, бүйірі мен іші қатты ауыра бастады. Шақырайған шам көзінен
  жас ағызды. Өзін қазір құлап қалардай сезінген.
  – Отыруға бола ма? - деп сұрады.
  Тайеб бетінен салып жіберді. Капитан немқұрайды ғана:
  – Жоқ, - деген. Өзі əлсін-əлсін аузын Фарруджаға қаратып, үлкен
  тапаншасымен ойнап отыр.
  Тергеу созылып кетті. Фарруджа енді не айтып жатқанын анық түсініп
  те тұрған жоқ; өз сөзіне өзі қайшы келіп жатқан жоқ па, оны да білмеді.
  Осы азаптың бəрінен құтылу үшін: "Иə, иə! Мен байланысшымын!
  Партизандарға мəлімет, ақша мен қару-жарақ жеткізіп жүрген де менмін.
  Талада орманнан шыққан біздің сарбаздар бой тасалайтын бес құпия орын
  бар, оларда қару-жарақтар мен оқ-дəрілер жеткілікті. Құпия орынның бірі
  менің үйімдегі шкаптың арт жағында!" - деп айқайлап жіберуге шақ қалған.
  Ақыры мұның көзі түк көрмей, капитанның даусы бұл жерден сандаған
  шақырым алыстан естілгендей болған.
  – Амируш... Шамға қара... Амируш қайда?.. Шамға қара... Амируш
  қашан өтеді? Амируш... Амируш... Амируш... Шамға қара... Амируш
  қайдан өтеді?..
  Тергеу біткен кезде Тайеб мұны есікке қарай итеріп жіберіп,
  шалқасынан түсіре жаздады.
  Далада жарық түсті. Əтештер шақырғанын қойды.
  – Уиза қайда?- деп сұрады ол Тайебтен.
  – Тоғанда. Сонда мүрдем қататын шығар. Қызың құсам деп, ішекқарнын ақтарып алды -ау деймін.
  Бұлар жеркепеге қарай келе жатыр. Енді Фарруджа бəрін де көріп
  келеді. Əйел сатымен түскенде үшінші тепкіштен аттап өтіп кетпек еді,
  Тайеб қолынан ауырта жұлқып қалған.
  – Тепкішті ұмытып кеттің бе, немене?
  Мохандтың ақшыл шекпені əбден ластанып, түрі баспалдақтан
  айырғысыз болып қалыпты.
  – Өте ыңғайлы. Қалай өткенімді қарасаңшы!
  Тайеб "тепкішекке" тұрып алды. Моханд Саид кірпігін де қақпастан
  бұдан көзін айырар емес.
  – О! Осы өшпенділікке толы көзің - ай! - деді Тайеб. - Сенің көзіңнен
  өшпенділік отын көруді ұнатамын, жиен... Енді не істерсің! Бұл саған
  Панама емес, бұл жер Алжир, соғыстағы Алжир. Мұнда жатқаныңа қанша
  болды? Бір сағаттан асты ма? Ал көзіңе өшпенділік тонналап жиналып
  қалыпты... Əйткенмен, ештеңең кетпес... Мені өмір бойы аяқтарыңмен
  таптағансыңдар, есіңде ме?.. Сонда да рахмет айтқам!.. А?.. Бұған не
  дейсің?
  Моханд мұның бетіне тесіліп қараумен жатыр.
  – Бұлай қарағаның жарамайды, Моханд жиен, жарамайды... Сенің
  орныңда болсам, теріс қарар едім...
  Фарруджа тамағына бірдеңенің кептеліп тұрып алғанын сезді, бірақ
  лоқситын да ішінде ештеңе қалмапты. Көзі қайтадан қарауытып кеткен.
  Кенет Тайеб Мохандқа тұра ұмтылып, оны жұлып алды. Жұдырығымен
  соққылап, балағаттап жүр:
  – Жетер енді, жоғал! Жоғал деймін! Көзіңдегі өшпенділігіңді көрдім...
  Жоғал! Екеуің де қараларыңды батырыңдар!
  Сөйтіп, екеуін жеркепеге итеріп жіберген.
  Əйелдерді бес күннен кейін босатты. Бір омартаның аралары сияқты
  бұлар топтанып алып, үйлеріне қарай аяңдаған. Үн-түнсіз, осындай
  кіріптар халде жолда əлдебір еркектер кездесіп қала ма деп қорқады.
  Қарадай қысылып, бір - бірлерінің беттеріне қарамауға тырысады.
  Бастарын салбыратып, ілбіп келе жатыр. Кейбіреулері дал - дұлы шыққан
  көйлектерімен əр-əр жерін қымтаған болады.
  Фарруджа Тайебтен шапалақ жеп, бірде шкаптың ішінен есігін
  тарсылдата қаққаны үшін мылтық дүмімен де ұрып жіберген.
  Əйелдердің ортасында келе жатқан Тайебтің зайыбы күйеуін дамылсыз
  қарғап-сілеумен келеді:
  – Ой, қарғыс атқыр оңбаған - ай! Сол оңбаған күйіңде бір күні сілең
  қатар!.. Көрге түскенше сол сілімтік күйіңде кетерсің!.. Мұндай
  мұсылманның жауымен бірге тұрғаннан гөрі өлгенім артық еді!..
  Басқалар оның сөзін естіп келе жатқанмен, ештеңе демеді.
  Тайеб баланы тастап кеткен жерге келгенде, Тасадит тоқтай қалған
  Əйел кішкентайы бір жерінде жатқандай жолдың үстін, ар жақ, бер жағын
  қарап шықты, содан кейін тұрған орнында зырылдауық секілді алдымен
  баяу, сонсын шыр айналып барып, қолдарын салбыратып жіберіп,
  қарқылдап күліп қоя берген.
  – Сөйтіп, бəрі де бітті! Енді менің соңымнан жүгіріп, шыбынша
  ызыңдап келіп, мойныма асылмайсың, қандалаша қадалмайсың! Ақыры
  сенен құтылдым ба?! Ой, керемет - ай! Сен менің қанымды, емшегімді,
  жілігімнің майын сорып болып едің! Енді ұйықтайын десем, бақырып қоя
  беретін едің! Уа! Уа! - Ол балаша бақырды.
  – Бір жаққа шығайын десем, етегіме оратылып, ойбайлайтынсың!
  – Ол тағы баланың жылағанын келтірді. - Қарның ашқанда
  омырауымның көк шандырын жұлып ала жаздайтынсың. - Əйел өз
  кеудесіне еңкейіп, көйлегінің астындағы омырауын жындана тістелеп
  жатқандай кейіп танытты. Осы қылығын сансыз рет қайталап, сонан соң
  кеудесін ашып тастап, қасындағы əйелдерге кезекпен көрсетіп жүр. Қараңдаршы, қараңдаршы, əпке - сіңлілерім - ау, əбден қанын шығарып
  тістеп тастаған жоқ па! Түу, оңбаған - ай! Ол емшекте сүт болуы үшін
  қарным тоқ болуы керек екенін білмей ме? Сонда мені кім ішкізіп - жегізеді
  дейді екен? Əкесі қаза тапқан... менің басқа ешкімім де жоқ!.. Ал ол... ол
  өліп қалған.
  Əйел саусағымен жолды көрсетті.
  – Ол осы жерде болған, қашандағыдай азынап жылап отырған! Қасында
  шешесі бар деп ойлаған шығар... Ал енді бітті, бəрі де бітті, бітті!..
  Ол жындана сақылдап күле бастады, содан тынысы тарылып, ақыры
  көзінен жасы ағып, ықылықтай бастады. Бұдан кейін кенет өксігі
  басылмай, еңіреп жылап қоя берді. Əйелдер оны қоршап алып, жас баланы
  алдандырғандай жұбатып жатты. Фарруджа оны иығынан құшақтады.
  – Жүр, жүр, Тасадит, сіңлім, жүр деревняға барайық.
  III вилаийға барар жолда Башир тағы да астанаға соғуға тиіс еді.
  Сондағы гараждардың бірінде жасырын баспана болатын. Бұл мініп келе
  жатқан көкөніс тасымалдайтын шағын жүк машинасының темір-терсектері
  тынымсыз салдыр-күлдір етеді. Кабинада отырған Башир қалғып отырған
  адамның кейпін аңғартады. Жасанды сақал-мұрты өңін əжептəуір мосқал
  көрсетіп тұр. Тартып алған сəлдесі милығына түсе берген соң жұлып алып,
  лақтырып жібергісі келді. Сан алуан оттарға бөккен қала да жақындап
  қалған. Шаһар тым құлпырып кетпегенмен, қазіргі заманға сай деуге əбден
  боларлықтай: мұнда Константин сəйкес үлкен ғимараттар көптеп салына
  бастапты.
  – Əл-Биар арқылы өтейікші, - деді Башир жүргізушіге.
  – Қайда барам десең де еркің, көңілің соқса, орталық полиция
  комиссариатына тартып кетуге де болады.
  – Əл-Биарда жұмысым бар еді... Бес-ақ минөттік.
  – Түні бойы сонда қалам десең де еркің. Менің шаруам қанша.
  Башир осыншама машинаның шоғырланғанын бұрын көрмепті.
  Жəне автомабильдердің тең жартысы əскерилердікі екен.
  – Мынадай аласапыранда бізді біреулер байқап қалар ма екен?
  – Жансыздар толып жүр емес пе, - деді жүргізуші.
  Башир үйінен алыстау жерге тоқтауын өтінді. Бұл уақытқа дейін Клод
  əдетте үйге келіп те қалатын...
  Көше мүлдем өзгермепті. Маңдайшалар да сол күйінде. Қабырғаларда
  қан қызыл немесе қара бояулармен жазылған: "Дюнкерктен Таманрасетке
  дейін Франция қалғып отырған жоқ", "Жерорта теңізі Францияны кесіп
  өтеді", "Франция жасампаз - феллага бүлдіруші", "Франция мəңгі осында
  қалады" деген жазулар самсап тұр.
  Пəтерінің терезелері жабық тұр екен. Ол жан-жағына қарады, ешкім
  байқамаған сияқты. Содан соң кіреберістен өтіп, екінші қабатқа шықты да,
  есіктің қоңырауын басты. Ешкім жоқ. Ол есіктес көршісі сақтандыру агенті
  шыға ма деп біраз күтті, бірақ оның есігінің саңылауынан да жарық
  көрінбейді, ешкімнің аяқ дыбысы да естілмеді.
  Башир қайтадан төмен түсті. Кіреберістегі пошта жəшігінде мұның атыжөні, қасында Клодтікі жазылған. Ол жəшікті ашты. Судың, электрдің
  шоттары, француз армиясы тарататын медициналық проспектілер,
  үнпарақтар, жəне екі хат жатыр екен.
  Біріншісі Клодтан келіпті.
  "Бұл пəтерге қашан келесің, жалпы келесің бе, оны да білмеймін. Қалай
  болғанда да, мұнда тұрмағаныма бір аптадан асты, əйтпесе жынданып
  кететін түрім бар. Мына үй елеске толы, əсіресе ет пен сүйектен
  жаратылған елестер зəремді ұшырып бітті. Əйткенмен, зəремді
  ұшырғаннан гөрі... Саған қалай айтсам екен? Жүрегімді айнытады. Егер
  солар осы хатты ашып оқыса, оған да түкіргенім бар. Саған "қош" деп
  айтсам ба екен, бірақ тым екпінді сөздерді жаратпайтыныңды да білем
  ғой. Мен, əрине, Парижге кетем. Тəуелсіздік алған кездеріңде теңіздің ар
  жағынан бізге келетін тым құрығанда бір кеме, не ұшақтарың қалса,
  менің əдірісімді анықтамалықтан табарсың (былайша ұмытып
  қалатыныңды білем), ол сонда бар..."
  Екінші хат Рамданнан келіпті.
  "Сенің əлі іздеп жүргеніңе жəне əлі таппағаныңа бəстесуге бармын...
  жеті жылға созылған көз жасы, өлім-жітімдер, эпикалық стильдегі
  батырлық, азаптаулар, шегіне жеткен азап шегу, қиналу, адам күші
  мүмкіндігінің ақырына жеткен жеті жылдық мехнат саған сабақ
  болмапты. Сен бұрынғысынша жұлдыздар мен періштелер арасынан
  жұмақ іздейсің. Соны іздеуді доғар: сен жоғалған жұмақтан өзге ештеңе
  де таппайсың. Жəне басқалардың шолақ қолының тұқылы немесе құрт
  ауруы секілді өз ағзаңның жазылмайтын кемшілігі дегенді де айтпа. Қазір
  егер өзің қаласаң жазылмайтын ауру жоқ (мұны саған мен айтып
  тұрмын...), ал уыстап жеген дəрі сені бұл дертіңе дауа бола алмаған екен,
  онда ол біз үшін у болғанмен, саған тамақ болғаны. Осыған көн, тіпті осы
  айтқаным саған қорлау боп көрінсе де, өзіңе-өзің сауал қой. Сен ескі
  тəртіпте тынысың тарылған, əйткенмен қанша қиналсаң да, сол ауамен
  тыныстадың, əр жұтымы көрге бір табан жақындатып бара жатқанын
  білгенмен, ішкіліктен айырса, ақылынан қоса айырылатын маскүнем
  тəрізді, сен де бұрынғы уланған ауаңсыз өмір сүре алмайсың. Саған
  бұйырған кеңістік тарылған сайын жүйкелерің мен тамырларың, күшқуатың мен тəкаппарлығың қасаң тарта берген. Арман - тілегің де
  сүйреткен шынжырыңмен шектелген, тұтқындаулы жүрегіңмен сүйесің,
  аспаның - алабажақ сұрқай көкжиек, бірақ, сынған қанатың сені оған
  
You have read 1 text from Kazakh literature.