Апиын Мен Таяқ - 10

алып шығып, үстелге тастай салды. Башир үлкен қызыл əріптермен
"Репюбликэн" деп жазылған газет атауын оқыды.
– Бұл менің қаламда шығады, - деді Юбер, - маған үнемі жіберіп
тұрады, бірақ оқи алмаймын, өйткені жүрегімді айнытады. Мə, оқи ғой, кез
келген жерінен оқуыңа болады... сабақ болар нəрселер баршылық!
Башир "Репюбликэннің" бетін ашуға асықпады.
– Мінеки, көріңіз, - деді Юбер газетті ала беріп, - үш беті спорт, бір
парағы комикстер, тəбет ашуға қажетті таблетка тəрізді асқазанға тез
қорытылып кететін "Муссон" да сонда, жəне "Данышпан Косинус",
атауының өзі зəре-құтыңды алатын "Кешірім жоқ" романы жалғасымен.
Қалғандары - қылмыстар, өсек-аяңдар, хабарландырулар, негізгі мақала
түріндегісі - "Үшінші дүниенің оянуы" тақырыбына терең мəнді мəтін.
Мұны мен оқып шыққам: африкандық үш лидердің жеке өмірінен
қыртымбай үш анекдот, француз қауымдастығы істері жөніндегі
министрдің мəлімдемесі жəне Котонудағы базардың сипаттамасы.
Юбердің жіңішке саусақтары сыбдырлаған газет парақтарын умаждай
бастады.
– Асырып айтып отырсың дегің келе ме? Онда өзің қарасаңшы:
жарымес біреу полиция комиссарын өлтірген, украин есепшісін өлім
жазасына кесіпті, СПА құрметіне ұланғайыр салтанат (СПА дегеннің не
екенін сайтан білсін), ұлттық чех балеті, казинодағы жаңалықтар,
автомобиль жарыстары.
Осыларды тізбелеп айтқан сайын оның азап шегуші ғұламалық көздері
бұрынғыдан бетер жана түскен.
– Panem et circenses - міне халыққа керегі не, қалғанына оның басы
ауырмайды. Ал саясатқа келсек, халық депутаттар сайлап алған, саясатпен
солар айналыссын, ал басқалардың басын қатырмасын. Халықты
формалинге салып, ұйықтатып тастағылары келеді. Ал ол есірткіні
ешқандай жамандықты естіп-білмей, шала мас мəңгіріп жүру үшін
қажетсінеді. Жазғы демалыс кездерінде ең көп қыдыратындар да кімдер?
Сол жаңағы айтқан қарапайым халық. Неге? Күнге қыздырыну үшін бе? Əй
қайдам! Күнге қыздырыну өз алдына, демалысқа кеткен кезде барлық қам қарекеттеріңді ұмытып, өмірдің мəні жайындағы азапты ойлардан арылуға
болады.
Бұлардың үстінен ұйқыдан азап шеккен сақшы өтіп кетті. Оны жаңа
ғана тұрып, əлі ұйқысын аша алмай жүрген басқа жауынгер ауыстырды.
Алыс бір жерден автоматтың сатырлаған даусы шықты.
– Бізде де жұрт арман - қиял, ертегі, өткен замандардың əсем əдіптелген
хикаяларына үйір келеді, - деді Башир.
Юбер мұның сөзін елемеген сияқты.
– Адам ақыры өз тағдырын жасаудан бас тартқан екен, оған шынайы
өмір құбылыстарынан жалтарып, ойдан шығарған қияли дүниеде өмір
сүрген артық көрінеді.
Кенет газеттен əлденені көзі шалып қалған ол жынды адамша
қарқылдап күлді:
– Əне, саған айттым емес пе! Міне, мынаны оқышы өзің, оқышы!
Башир селт етпеген соң Юбер оны өзі оқыды:
– "Француз терістігінің көне ескерткіштерін қорғау қауымдастығы..."
Естіп отырмысың? "... Қарбалас қызметінен аз-кем тынығу үшін Пьер де
Клезантен мырза Б-ден В-ға тұрақты барып тұрады. Жуырда ол жарна
төлеуге қабілетті бес мың мүше кіретін француз терістігі көне ескерткіштер
қауымдастығының мəжілісіне қайтадан төрағалық етті..." Жарна төлеуге
қабілетті - міне, мəселе қайда! "Қауымдастық тарихи құндылықты
жəдігерлердің бəрін: фермалар, күтіміне өз қожайындарының шамасы
келмейтін ескі қорғандарды қамқорлығына алуды өзіне мақсат тұтады.
Мысалы, Қайта өрлеу дəуірінің əлдебір терезе жақтауы - тіпті ғимарат
қайта салынған жағдайда да - сақталып қалуға тиіс".
– Мен ескі үйлерді ұнатамын, - деді Башир.
– Яғни, Францияны жақсы көретін болдың ғой. Франция - сол айтып
отырған ескі үй, ескі-құсқының мұражайы, еркін тыныс ала алмайсың.
Əне, Франция деген не...
– Мен өйтпеймін, - деді Башир, - меніңше, сонда еркін тыныс алуға
болатын сияқты.
– Онда неге оған қарсы күресіп жүрсің?
– Оған қарсы күресіп жүрген жоқпын.
– Сөзің қисынсыз... Ал қисын деген, Декарт, тура сызықты байламдар Францияны жақсы көретінің рас болса, соның бəрі де саған ұнауға тиіс!
Тамаша! Шынымен тамаша шарапты, тəтті тағамды, ПМЮ, "Тур де Франс"
велосипед жарысын, ескі үйлерді, Құрметті легион иегерлерін, "Шанель"
əтірін, түкке тұрғысыз борсыған əдебиетті, біздің сайқал қыздарды,
"Марсельезаны" жəне "Канар аншене" газетін ұнатады екенсің, ұната бер,
жақсы көре бер Францияңды!
Сөйлеген сайын өз-өзінен қызынып, дəлел, айыптауларды үсті-үстіне
төпелеп жатқан əңгімелесушісін Башир қызыға бақылап отыр. "Рамдан
екеуі тамаша тіл табысып кетер еді", - деп ойлады іштей.
Юбер бөлмеден атып шықты, Башир оның капитанмен бір-екі ауыз тіл
қатысқанын құлағы шалды.
– Иə, емшімен сөйлестің бе? Қалай екен?
– Буржуй. Іріп-шіріген буржуй - космополит. Парасатты да ақылды
үкімет құрып алған бойда оны бірден атып тастауларыңыз керек.
Капитан күліп, кабинетке кірді.
– Шаруаң бітті, доктор! Юбер сені өлім жазасына кесті.
– Естідім.
– Рас, соғыстан кейін. Оған дейін тірі жүре бер... Сеніңше, бұл . қандай
адам?
– Жазылмайды деп айттым ғой саған.
– Жұқпалы емес пе? Солдаттарға дегенім ғой.
– Жоға!.. Бұл қағидатпен ауырғандар тобынан. Бұларға басқа жұрт
олардың қағидаттарына тəнті болу үшін жаралған секілді көрінеді. Егер
адам белгілі бір шектеуден шығып кетсе - бірақ адам баласы өздерін қамап
қойғысы келетін шектеуге сыймайтыны белгілі - онда мұндай фанатиктер
қауіпті, олар өз ілімін құтқарып қалу үшін бəрін атып-асып, өртеп, қиратып
жіберуден тайынбайды.
Демалыс уақытында Башир Айн-Лехтан сəл жоғарырақ, таудан шағын
үй жалдап алды. Елу метрдей биіктіктегі үйдің қасынан емен тоғайы, одан
əрі самырсын орманы жалғасып жататын. Төмендегі сəмбі тал мен райхан
бұталарының арасында жарқырып жатқан тоған суы сағат он бірге дейін
жыли қоймайтын. Тау беткейіндегі топырақ кертпешіне орналасқан АйнЛех деревнясы сол шабылған жермен бірігіп жатқандай əсер қалдыратын.
Мұнда жазда демалуға келген марокколықтардың кейбіреулері
төңірегіндегілерге титтей де назар аудармастан, өздерімен - өзі болып,
серуендеп жүретін; ал аяқтарының басына түскен джеллаба киген осы
жердің тұрғындары қайта бұлардың көздеріне түспеуге тырысатын. Башир
осылайша қиыр шетте, жұрттан жырақта тұрып . жатты. Бірде түн ішінде
өзін біреудің: "доктор Башир", - деп атын атап шақырғанда таңғалғаны да
сондықтан.
Ол қара шашты ұзын бойлы жігіт болып шықты.
– Оятып жібергеніме ғапу етіңіз, доктор. Үйде біреудің ауырып
қалғаны. Алыс емес, мына тоғанның тұсында...
Башир жалма-жан киінді.
– Менің атым Бушаиб, - деді жігіт жолда келе жатқанда.
Баширді үлкен бөлмеге кіргізді. Бөлмені бұл келер алдында ғана
жанталаса тəртіпке келтіруге тырысқан түрі байқалады. Бұрышта шарап
шөлмектеріне толы себетті қызыл орамалмен қымтап жауып қойыпты.
Оның қасында өткен қыстан қалған шаңғы тұр. Темекі тұқылына толы үштөрт күлсалғыш жанындағы музыка аспабынан шығыс əуендері төгіледі.
Күнге əбден күйген екі жігіт бет-жүздерінен қиналған кейіп танытуға
тырысып, орындарынан көтерілді. Қабырғада бір-біріне тақап қойылған
аласа дивандар тұр.
Солардың бірінің алдына төселген кілемде күйіп-жанған бетін
алақандарымен басып, жап-жас қыз жайымен ыңырсып жатыр.
– Бұған не болған?- деп сұрады Башир.
– Іші ауырып жатыр, құса береді. Меніңше, безгек сияқты.
– Тым көп ішкен ғой, - деді Башир.
– Жоға, доктор, бір тамшы да ішкен жоқ.
Башир себеттегі шөлмектерді нұсқады.
– Жоқ, оны ішкен біз, - деді Бушаиб.
Башир қызды қарай бастады. Қыз: "Əуре болмаңыз, мен сап - саумын", деп əлсін-əлсін айта береді.
– Рас айтады, - деді Башир, - шынында да, сап - cay.
Содан соң еңкейіп, қыздың құлағына:
– Көп ішпеу керек, - деп сыбырлады.
Қыз жылып жіберді. Есік ашылды. Бұдан гөрі үлкендеу тағы бір қыз
кірді. Өзі əдемі жəне мерекедегідей жасанып киінген. Өзі ешкімді
көрмегендей көзін алыс бір түкпірге қадаған күйі бөлмені кесіп өтті. Сөйтті
де құрбысын кілем үстіне қатар отырғызып, шашынан сипап, жас балаша
жұбата бастаған:
– Махсен, жаным, жыламашы. Енді бір аптадан кейін бəрін де
ұмытасың. Ұмытып үйрену керек.
Махсен көз жасына булығып:
– Олар кетеді, бəрі де кетеді... жəне сен де кетесің, Итто, мені тастап
кетесіңдер, - дейді.
Музыка аспабы үнсіз қалды.
– Мысыр музыкасын ұнатасыз ба, доктор? - деп сұрады Бушиаб, басқа
күйтабақты ала беріп.
– Əзірге жоқ.
Бушаиб күліп жіберді.
– Ал науқас жөнінде не дейсіз? Оған бірдеңе керек пе?
– Жақсылап тынықсын... жəне бір тамшы сыра ішпесін.
– Ал өзіңіз ше? Сыра ішемісіз? Жоқ па? Виски ше?
Башир қожайындардың көңілін қалдырғысы келмеді. Вискиді бірақ
тартқан күйі сыртқа беттеген.
Есікті аша бергенде арт жағынан əйел даусы шықты. Ол Итто болатын.
– Доктор, Махсенге дəріңіз жоқ па?
– Оның қажеті жоқ, - деді Башир.
– Бұған не болғанын білдіңіз бе?
– Тым көп ішкен.
– Неге көп ішкенін білемісіз?
– Сенен қалмау үшін шығар.
– Жоқ, мен татып алмаймын. Махсен жаңа ғана түсік тастады.
– Қашан? - деп сұрады Башир.
– Бүгін кешке. Жəне бірінші рет, түсінесіз ғой.
– Сонда анаусы кім?
Башир мұның аузын жапты.
– Сондай сұрақ қоя ма екен? Бейшара Махсен! Үш ай болып қалып еді.
– Тым кеш екен, - деді Башир, - ақыры жаманға соғып жүрмесе
болыпты.
– Басында баланы сақтап қалғысы келіп: "Соған тартатын шығар", - деп
жүретін.
– Ал содан кейін ше?
– Анау тастап кетті. Сондықтан түсік тастауына тура келді...
– Ал өзің ше, - деді Башир, - өзің қалай амалын тауып жүрсің?
– Ой! Мен бе... Жарайды, доктор, қайырлы түн. Дəрі жөнінде
ұмытпаңыз.
Келесі күні Бушаиб тағы келген.
– Халі жақсарды ма? - деп сұрады Башир.
– Білмеймін, доктор, ол қашып кетіпті. Таңсəріде Итто екеуі кетіп
қалыпты. Итто есіңізде ме? Үлкенін айтам. Қайтып келеміз деген. Бірақ
содан қайтып көрмедік.
Содан кейін Бушаиб революция, Мекнестегі қыздар, виски, лицейдегі
емтихандар, балық аулау жайында бірдеңелерді айтты.
– Сіз Кенифрде болдыңыз ба? Қалайша, Қызыл Кенифрді білмеймісіз?
Келесі күні таңертең Башир машинамен Кенифрге жүріп кетті. АйнЛехтен он шақырым бойы төмен құлдаған жол Азра аңғарына . дейін алып
баратын. Сол жерде Башир Айт-Мгилдің соңғы жоталарына бұрылды.
Жота үстінде желбіреген қызғылт бөкебайды көрген Башир машинасын
тоқтатты. Белдемшесі желп-желп еткен қыз машинаға қарай келе жатыр.
Сұлбасы бұрын да естіген бір əуен сияқты көзіне бірдеңені елестеткендей
болған. Бір жерден көрген, бірақ қайдан екен? Міне, қасына келіп те қалды.
Мөлдір желектің ар жағынан Башир қыздың ернін, қыр мұрнын көрді. Қыз
бұған қолын ұсынған:
– Мэ-таанит
Башир есікті ашты. Шаршаған кейіппен қасына немқұрайды түрде
отыра кеткен қыз сыпайыгершілік салтымен аман-саулық сұрау сияқты бірекі ауыз тіл қатқан. Содан соң Башир сұрамаса да:
– Мен Мриртқа бара жатырмын. Жолыңда ма еді? - деді.
Башир лəм-мим деген жоқ, қыз Мриртқа бара жатыр екен, яғни, мұның
да барар жері сол болғаны да. Ол қызға қарады.
– Мынау саған кедергі жасай ма? - деді ол желегін көрсетіп.
– Мұндайға үйренбегем. Əрі саған қарап отырғаным да жақсы емес пе.
Қыз желегін сыпырып, бетін ашып тастады.
Башир сұлу қыз екенсің деген. Қыз иығын қомдап қойды:
– Оны өзім де білем.
Екеуі де үнсіз қалған, содан соң Итто:
– Асығыспысың? - деп сұрады.
Мүлдем басқа бірдеңені ойлап келе жатқан Башир машинаны түйсікпен
ғана жүргізіп келеді. Аяғы акселяторды түбіне дейін басқанын да аңғарар
емес. Матор үні де естілмейді, доңғалақтар тегіс кілем бетімен тынымсыз
зырқырайды... Қарсы жолыққан машиналар қастарынан зу етіп өте шыққан
бойда тағы жым-жырт тыныштық орнайды.
– Мен бе? Жоқ, - деді ол. - Ал өзің ше?
– О! Мен... бүгін бе, ертең бе, заманақырға дейін бе... онда не тұр!..
– Сен Мриртеде тұрамысың?
– Жоқ.
– Онда жұмысың бар ма?
– Жұмысым да жоқ.
– Мриртке бармасаң болмай ма?
– Жоқ. Жаңа ғана Мриртке барғым келген. Енді маған бəрібір. Қайда
жүргің келсе, сонда апар.
– Қорықпаймысың?
– О! Əрине, - деді де ол басын Баширдің иығына сүйеді.
Қызғылт бөкебайы жігіттің ерніне, ал шашы көзіне тиіп келеді.
– Сенің мыналарыңнан ештеңе көрмей келемін, - деді ол. - Мынадай
жылдамдықпен бұрылысты байқамай қалсам, машина да, сенің шашың да,
бөкебайың да, мен де о дүниеге аттанып кете барамыз.
– Жақсы болар еді! - деді қыз.
Ол көзін жұмып, Баширдің иығына бұрынғыдан да жабыса түсті.
– Жанармайың толық па?
– Толық.
– Мұнымен қанша жерге жете аласың?
– Бес жүз шақырымға.
– Ол көп пе?
– Марракештен əрі баруға да жетеді. Жай ма?
– Менің ешқайда жеткім келмейді.
Доңғалақ асфальт үстінде сыр-сыр етеді. Жылдамдықты көрсететін
қызыл тіл жүз қырықтың маңайында еді, одан əрі кете бастады, кенет кері
серпіліп, тежегіштің төбе құйқаны шымырлатқан шиқылы естілді. Отыз
қадамдай жерде тасжолдың екі жағынан шыға келген ағаштар
жапырақтарымен машина əйнегін сипап екі жақта көз ілеспес
жылдамдықпен қалып жатыр... Итто көзін жұмып алған.
– Жапырақтарға тырсылдап тамған жаңбыр ғой, - деді ол Мрирттан өтіп
кеткендерін қыз байқамай да қалыпты. Деревнядан шыға берістегі жол
бағыттарын нұсқайтын көрсеткішті қалқаншаның жанында біреу күн
сəулесінен қалқанша көлеңкесінде қарайып тұр. Үстінде балақсыз көгілдір
шалбар, көкшіл жейде, жүндес аяғы, қызыл қолдары, күн сəулесіне
жарқыраған мылтық дүмі көрінеді.
"Жүрек жұтқан біреу ме, жоқ ақымақ неме ме?" - деп ойлады Башир.
Елу шақырымнан тақау маңда бір де бір еуропалық жоқ қой. Шұғыл
тежелген машина аласа бойлы домалақ кісінің қасына келіп тоқтады. Ол
жүгіріп келеді.
– Кенифрға барамысыз?
– Иə, отырыңыз.
Ол барлық асай-мүсейлерімен артқы отырғышқа жайғасты. Алғыс
айтқан бойда дереу сөзге кіріскен:
– Муфлон аулауға барамын. Ех, қандай аң десеңші, ондайды қазір
жасамайды ғой. Мароккоға тек муфлонға бола келемін... Мсье де, əрине,
аңшы болар?
Башир түсініксіз бірдеңені міңгірледі.
– Өзім де солай ойлап едім. - Ол Итто жаққа көзін қысып қойды.
– Сіз ірі аңды ұнататын сияқтысыз... - Сөйтті де қарқ-қарқ күлді:
– Əдемі аң... Иə, өте əдемі!.. Бұлай дегеніме ашуланбайсыз ба?
– О не дегеніңіз, - деді Башир.
– Мұны қашан лақтырып тастайсың?- деді Итто.
– Саған кедергі жасап отыр ма?
– Бұл мені əдемі дейді...
– Сіз арабша білесіз бе, мсье?
– Берберше.
– Айырмасы қанша. Жақсы сөйлейді екенсіз.
– Ана тілім ғой.
Муфлон аулаушының кебежедей қарны
қысқаннан тіпті дем ала алмай қалыпты. селкілдеп кетті. Күлкі – О! Міне керемет, міне ғажап! - Күлкісі басталғандағыдай сап
тыйылды. - Өзім, тегінде, аңдарды жақсы көрем. Олар мылжыңдамайды,
қыңырлық та жасамайды, айна алдында бес сағат тұрып та алмайды,
боянбайды. Олармен істес болсаң, анау-мынауға əуре боп та жатпайсың.
Пам! Оқ аттың - бітті үлкен аңды жалманынан түсірдің, түу, құдайым-ай,
қандай ғажап еді!.. Басыңызды ауыртып жібердім бе?
– Ім! Жоқ, жоқ... Муфлон өте сұлу жануар ғой...
– Айтпаңыз!
Ол есікті ашып, түкіріп тастады.
– Қуып жіберші, - деді Итто.
– Ал енді міне əйеліме қайтып барамын. Менің əйелім... Ол қандай əйел
десеңізші!
– Үйлі-баранды болдыңыз ғой?- деп сұрады Башир.
– Енді қалай! - Некеге кеңірдектен тойғанын саусағымен көрсетіп
қойып, көзін сығырайтып сөзін жалғады: - Менің кім екенімді білесіз бе?
Ақынмын. Табиғатты, тауды, орманды, аңдарды жақсы көремін. Жұрттан,
əсіресе əйеліңнен қашқанда соларға барып тынығасың.
– Əйеліңіз Францияда ма?
– Қайда екенін ит біліп пе! Əйтеуір, Касабланкада қалдырғам. Бірақ...
дəу де болса қазіргі көңілдесінің жанында жүрген шығар. Сізге кедергі
жасағам жоқ па?
– Керісінше, - деді Башир, - қолым боста, өзім де ақын болып кетем.
– Онда бір-бірімізді түсінуге тиіспіз. Көз алдыңызға келтіріңізші,
кешкілік шатырда жатып, ашықтан қарасаңыз, өзіңізді Версалдағыдай
сезінесіз: ай самырсын ағаштарын жап-жарық қылып тұрады, титтей
құстар шиқылдайды, сондай əсем əндетеді найсаптар. Дуадақ, үйрек
аулайсың, сізге айта кетейін, олар көлге үйір - үйірімен қонады. Мысалы,
бар ғой Тизлитте, сіз Тизлитте болып па едіңіз?
Башир онда болған жоқ еді.
– О! Тизлит - қоңыр жамылтқылы қыздар өлкесі ғой.
– Сіз жалпы бəрін аулай беретін сияқтысыз?- деп сұрады Башир.
– Бəрін де! Мысалы, сұр көкқұтанды! Ал аққұтанның еті дəмсіз.
Есіңізде болсын, көгершінді ұшқан бойында ату керек, өйткені, ол алдымен
жебе секілді тік ұшады. Ал енді бірнеше минөттен кейін мергенді алдау
үшін айналшықтап ұшады, ол кезде тигізу қиын.
Итто қалғып кетті.
– Қоянның соңынан қуған кезде небəрі үш-ақ із көресің, екеуі алдыңғы,
біреуі артқы аяғыныкі. Ал шибөрінікі екеу ғана: бірі алдыңғы, бірі артқы
аяғы. Құр ұшқанда шошынып қаласың, бірақ бұл енді қызық нəрсе, құрдың
ұшқанын айтам: олардың бəрі бір мезгілде көтеріледі, өздері көп, дауыл
тəрізді ұшады. Имузер маңында - ол Мармуш аймағында -олар үйірімен
ұшырасады, əр бұта сайын бір үйірден. Тіпті қай жаққа атарыңды білмей,
аңырып қаласың. Ал кейде солай үйірімен қырылып қалады: құстың обасы
оларды жүздеп баудай түсіреді. Қауырсындары кемпірқосақша түрленіп,
денелері қозғалмай, бір сызықтың бойында жататынын қайтерсің. Майдан
даласындағы сияқты! Қатар жатады, сенесіз бе осыған? Бірде біз, ха-ха-ха,
досымыз екеуміз оларды етікпен. Жүндерінің бұрқырап ұшқанын
айтсаңыз! Ұшқын тəрізді.
Ол басын отырғышқа сүйеген Итто жаққа иегін қағып қойды.
– Ұйықтап отыр ма?
– Шаршаған ғой, - деді Башир.
– Менің əйелім еш уақытта ұйықтамайды.
– Бұл менің əйелім емес.
– Көрініп тұр. Күйеуге тигенше бəрі періште. Содан кейін бұзылады,
көгерген май сияқты иістеніп кетеді... Иə! Талай аңшылық хикаяны білем!
Бірақ не десеңіз де, муфлоннан артығы жоқ. Муфлонды Миделта жəне
Риштің қасынан атуға болады. Жас муфлонның еті тəтті, ал кəрісінікі
дəмсіз келеді. Өздері табын-табын болып, кейде үш немесе төрт жүздеп
жүреді, бірақ қауіп-қатер сезінді ме, бітті, көз жазып қаласыз. Оңай аулай
алмайсыз, тым көреген, пəтшағарлар. Шыны бір шақырым жерден жылт
етсе болды, қаша жөнеледі. Сондықтан да дүрбінің қажеті жоқ, муфлон
дүрбі шынысының жарқылын алыстан көзі шалады. Ең бастысы иіс сезіну
қабілеті. О жағы керемет! Берберлердің не дейтінін білемісіз? Бірде муфлон
былай депті: "Көзімді алдауға болар, бірақ иіс сезгіштігімді алдау еш
мүмкін емес". Міне, сондықтан да оған тек ық жақтан келу керек. Иə,
тыңдап алыңыз. Бірде... сол күні құдай жолымды бергені... Қанша
шақырым жүргенімді білмеймін... Түк жоқ... Кенет тау басынан маған
кішкентай муфлонның көз айырмай қарап тұрғанын көрдім. Қарайды, бірақ
қашпайды. Жатады, тұрады, сонан соң қайта жатады. Жақын маңда енесі
жүргені бірден басыма сарт ете түсті. Жылжып келем... білесіз бе? Асқан
сақтықпен жылжимын.
Башир айнадан артқы отырғыштағы кісінің əр дыбысқа құлағын тігіп,
олжасына жақындап келе жатқанын көріп отыр.
– Жел де мен жаққа соғып тұрған... Көрдіңіз бе! Енесі жебедей
атылды... Содан соң тоқтай қалды, қозысын күтіп түр, оған енесіне ілесу
қиын ғой... Содан кейін тағы зымырай жөнелген... сонсын тағы тоқтады...
Пам! Атып жібердім.
Итто оянып кетті:
– Тоқта, бұдан əрі бармаймын.
Башир күліп жіберді. Олжасына қуанып отырған аңшы басқадай онымұныны елер емес.
– Үлкен ақ жануар екен, иə! Жүз елу келі ет. Мүйізінің өзі он бес
келідей.
Итто тағы қалғып кеткен.
– Аңшылық хикаяларыммен басыңызды ауырттым ғой деймін, мсье.
– О не дегеніңіз, қайта қызық емес пе.
– Яғни, менің əйелім сияқты емес екенсіз. Ол ылғи да: "Лeo, осы
аңшылық хикаяларыңнан - ақ тойдым", - деп бұрқылдайды да жүреді.
– Ал құралай ше? - деп сұрады Башир. - Құралай аулап көрген
жоқпысыз?
– Ой, мсье! Маған құралай жайында айтпаңыз! Ол жайында айта
бастасам, дегбірім қалмайды.
– Оны жақсы көрмеймісіз?
– Оны ма? Құралайды жақсы көрмеймін бе? Бір құралай атып алғаныма
тіпті не берерімді де білмеймін. Ол нағыз ұрғашы ғой, ондайды, айтып
жүргендегідей, қазір жасамайды. Мен ылғи да құралайды қолға үйретуді
армандадым, əлбетте, ұрғашысын, бірақ олар өліп қала береді. Оған кең
дала мен еркіндік керек.
– Шамасы, оны аулау қиын болар?
– Оны джиппен қуу керек. Кейде ол сағатына жүз шақырым
жылдамдықпен қашады. Содан кейін шаршайды. Бұдан соң джиптен
иттерді түсіресіз, олар аңды сағатына шамамен жетпіс шақырым
жылдамдықпен қуады. Ал анау əбден титықтап қалған кезде иттер оны
қамап алады, айналшықтап қанша қашқанмен ізінен айырылмай,
өкшелейді. Ақыры аң жығылады. Сіз машинадан шығасыз, ал анау болса
тұп-тура құшағыңызға құлайды, сізге шошынған құралай көзімен тесіле
қарап, аяушылық жасауыңызды өтінеді, сізді жақсы көруге ант-су ішеді. О
иə, бұл аңдар сүюді де біледі, тек сіз оны көз алдыңызға келтіре алмайсыз!
Ал арада тағы ширек сағат өткен соң осыншама қуғыннан əбден өкпесі
өшкен құралай бейшара өліп қалады. Оның аяқтары жіп-жіңішке,
əйткенмен сан жағы үш келідей тартады. Сіз, сірə, білмейтін де шығарсыз,
Будениба маңындағы аңшылар бірден оның асқазанын кесіп алып, істікке
шаншып, қуырады. Менің əйелім: "Қан дəмі сендердің кеңірдектеріңде
тарихқа дейінгі адам кездеріңнен қалған, тілдерің де сондай. "Ішегіңді
суырып аламын" немесе "Бауырыңды қақтаймын" деген не сөз? Оның
орнына: "Көзіңнен сүйейін жəне бұрымыңды өріп берейін" демейсің бе деп
кінəлайды.
Кенифра алдында жол қызыл топырақпен жыланша ирелеңдеді. Бұлар
Ум-эр-Ребия өзеніне салынған екінші көпірдің қасына келіп тоқтады.
– Мінеки, сіз келдіңіз, - деді Башир.
– Қашан да болмасын Касабланкаға келерсіз деп үміттенем... Сізге əлгі
муфлонның мүйізін көрсетер едім.
Бүкіл асай-мүсейлерімен машинадан домалап түскен соң қалаға
баратын жолға қарай беттеді.
– Анау мынасын ұмытып кетіпті, - деді оянып кеткен Итто.
Бұл жалпақ жүзді аңшы пышағы екен. Башир:
– Мсье... Мсье... - деп шақырды да ақыры айқай салған: - Немврод
Артына бұрылған аңшы Башир бұлғап тұрған пышақты көріп, қайта
кері жүрді. Өзін күлкі қысып келеді.
– Мені кім деп атадыңыз? Немврод деймісіз? Ха-ха! Маған ұнайды.
Əйтпесе əйелім мені Тартарен, Бен-Мсикалық Тартарен деп атайды. БенМсик - тұрған жеріміздің атауы.
Ол пышақты қоржынға тыққан, сабы піл сүйегінен жасалған пышақ
жарқ етіп, жоқ болды.
– Мұны мен еш уақытта ұмытып керген жоқ едім!
Сөйтті де пышақты қайта алып шықты.
– Жоқ! Алыңыздар, тартуым болсын. Менен бір естілік болсын,
алыңыз...
Күннің ыстық бөлігін бұлар Кенифрде өткізді. Көпір үстінде Моха-уХамудың қабырғалары асқақтайды, олардың кетілген тістерінің сұлбасы
суға түсіп тұр. Баяғы замандарда осы жерден көсем басып алатын елдеріне
атты əскерін жіберген болатын. Қазір қамал атқораға айналған: базар
күндері жұрт малдарын осында қамайды. Бір замандарда зеңбіректер
күркірі естілген жерде мал айдаған дауыстар шығып, қидың иісі аңқиды.
Кешке қарай бұлар Азигза көліне аттанған.
– Ол алыс па? - деп сұрады Башир.
– Иə. Бірақ онда тірі жан жоқ. Тек самырсын ағаштары ғана бар.
Олар арт жақтарына тас үйінділерін қалдырып, жотаның қырқасына
шықты, орман да едəуір алыста қалған. Кенет көлеңкелі ойпат түбінен
Азигзаның айдыны жарқырап, оның жағалауынан тағы орман көрінді.
Шынында да, тірі жан жоқ, тек самырсындар ғана. Анда-санда алыстан
бір көрініп қалатын бақташылар табындарын орман алқабына қарай айдап
барады. Күні бойы бұлар толқынның құмдауыт жағалауға соққанын,
құстардың сайраған үндерін жəне мына жағадан ана жағаға жаңғырыққан
өз дауыстарын ғана естіп келеді.
Бұлар кері қайтқан кезде күн де еңкейе бастаған. Əбден шаршаған олар
жол бойы үнсіз отырды. Тек Мриртке жеткен кезде ғана Башир:
– Енді не істегің келеді? - деп сұраған.
– Енді менің өлгім келеді.
Жігіт күлген кейіп танытты. Қыз ұзақ уақыт үнсіз отырды да сонан соң:
– Дəрі таптың ба? - деп сұрады.
– Қандай дəрі?
– Махсенге.
– Оның халі қалай? - деп сұрады Башир.
– Жалғыз оған ғана емес. Маған да қажет болуы мүмкін.
– Не дейсің?
– Махсеннің не дегенің білемісің?- деді Итто. - Ол: "Бұлар əлгілерін
естелікке қалдырады да, кетіп қалады, тіпті өздеріне ұқсайтын ұқсамайтынын да көргілері келмейді", - дейді.
Түн келді.
– Сені Айн-Лехке жеткізіп салуыма болады, - деді Башир.
– Айн-Лехте не бітірмекпін? Өйтсем, ертең барар жеріме де
үлгермеймін.
– Ертең қайда бармақшы едің? Апарып салайын.
– Шешеме... мерекеге... ол жоғарыда... тауда... Ум-эр-Ребия басталатын
тұста.
Қыз оңтүстік жаққа қарай қолын сілтеді.
– Ол қандай мереке? - деп сұрады Башир.
– Ертең... Ум-эр-Ребияда менің атастырылуымды атап өтеді.
– Есің дұрыс па?
– Рас. Ақылды қыздардың бəрі де тұрмысқа шықпай ма. Ертең Рехоның
қалыңдығы атанам... ал бір айдан кейін үйленеміз.
– Атастырылар алдында серуендеп жүргенің бе мұның?
– Рехомен ертең атастырады, ал бүгін... бүгін сенімен болам.
Жігіт оң қолымен қыздың шашынан сипап, жүзін өзіне бұрып алды.
Машинаны сол қолымен жүргізіп келеді. Иттоның басын рульге қойып,
ернінен ұзақ-ұзақ сүйді.
– Менімен болғың келе ме? - деп сұрады қыз.
– Қазір емес, ал сенің ше?
– Сені қатты ұнатып қалдым емес пе.
Ол жолдағы бағанға соқтығысып қала жаздады. Машина шұғыл
бұрылып, жолдан шығып кетті. Башир оны абайлап қайтадан жолға салды.
Доңғалақтар өздерінше бірдеңені сыбырлағандай болады. Башир Иттоға
қарады. Қыз қыбыр етер емес.
– Керемет болар еді! - деді қыз.
– Сені қазір үйіңе, шешеңе жеткізіп салайын.
– Иə, бірақ жолда апайыма кіріп шығуым керек, оның аты Туда, ал
ұлының есімі Моха. Солардан қонақасы ішерміз.
Туда апайға апаратын сүрлеу жол тəп-тəуір екен, бірақ біраздан кейін
тас үйінділері, ойықтар мен шұңқырлар жиі ұшыраса бастады. Апай
Танефниттің үстінде тұрады екен.
Моха қонақтарға арнап қой сойды.
Басында ештеңе жемей отырған Итто біраздан кейін Баширдің тəбетіне
қызықты ма, шафранмен қосқан дəмдеуішті алды, семіз тауықты да
ықыластана жеді. Қой етін өздеріне аңшы сыйлаған кысқа, бірақ жалпақ
жүзді пышақпен кесті.
– Қой союға жақсы екен. Бұл етті сүйегіне дейін қырқып түсетін шығар,
- деді Моха аппақ тістерін жарқырата жымиып.
Башир пышақты жаңа ғана қайрап еді, біліктен бір жүргізіп өткенде
түктерін қырқып түсірген.
– Қылпып тұр екен, - деді Моха. - Мұндай пышақпен бауыздаған қой
етінің ауырғанын да білмей қалады.
ЬІстық та тым тəтті жақсы шыққан шайға хош иісті жалбыз қосылыпты.
Башир көзін жұмып, ыстық стақанды аузына апарған. Моха да оны əлсінəлсін толтыра береді. Баширдің сол жағына жайғасқан Итто да шай ішіп
отыр. Өзі қайта-қайта:
– Шешеме кетуім керек, - деп қояды.
– Оған сəлем айт, - деді Туда, - шешең бір жақсы адам.
Көзін ашқан Башир Туда кемпірдің ыдыс-аяқ жуып жатқанын көрді:
өмір бақи тек осы іспен ғана шұғылданған адам сияқты біркелкі қимылмен
тарелка, аяқ, қасық, сонан соң піл сүйекті пышақты жуып шықты.
Пышақты мұқият тазалап, құрғақтап сүртті.
– Пышағымды беріңізші, - деді ол
Пышақты қызыл түсті барқыт жастықтың астына тығып жіберіп, соған
өзі қисайған.
Моха одан көзін алмайды, пышақты қатты ұнатып қалған түрі бар.
– Мұны саған берем, - деді Башир, - өзіме қажеті болмаған кезде... ертең
немесе бүрсігүні...
– Шешеме кетуім керек, - деді Итто.
– Оған сəлем айт, - деді Туда, - анаң жақсы адам ғой.
Иттоның жігітінің туыстары келесі күні бұлардың шатырына келіп,
дəстүр бойынша тарту-таралғыларын əкеліп, қызды керіп, той туралы
ақылдасып алуы керек екен,
Жуырда шешесі Рехоға тұрмысқа шығуға келісемісің дегенде, бұл "иə"
дей салған. Сонда бəрі де таңғалып еді. Рехо жас болғанмен, кеспірсіз,
бойы тапал, бірақ дəулетті болатын. Қыз жас əдемі, бірақ жарлы еді. Бұған
дейін талай сұлу жігіттерге, тіпті Реходан да дəулеттілерге көнбей жүрген.
Бірақ "иə" деуін дегенмен, қайтып Рехо жайында айтып көрген емес. Бірде
қыз оны Мрирт көсемінің туған күні құрметіне жасалған мерекеде
кезіктірді, өзімен жылы тіл қатысқан.
– Шешеме баруым керек.
– Оған міндетті түрде сəлем айт, - деді Туда.
Итто үнсіз қалды да сонан соң:
– Мен қандай бақыттымын, Башир! - деген.
Дауысы мен көзі мұңға толы еді. Кемпір шығып кетті. Моха да оның
соңынан кеткен.
– Ет пен шайдан кейін аздап тынығып алу керек, - деген ол - Ұйықтап
алыңдар.
Ол шатырдың түрілген жерінен шығып кету үшін еңкейген.
– Моха, өзіме қажеті болмаған кезде пышақты саған берем, - деді
Башир.
Моха аппақ болып қаз-қатар жарқыраған тістерін көрсетіп күлді.
Екеуі оңаша қалған соң Итто:
– Менің ұйқым келмейді, соңынан ұйықтап алам ғой, - деген.
– Мен де.
Содан соң кепке белгілі бір əнді баяулата бастаған: "Жүрегім, неге
үнсізсің." Əр сөзін айтқан сайын Итто күрсініп қояды, еңкілдеп жылып
отырған сияқты. Көзі шала жұмулы, алақандарымен тізесін жауып тұрған
көпшікті соққылап қояды.
Достарым, қайда жүрсеңдер,
Ойымда əркез кіл сендер.
Жүрегім, неге үнсізсің?
Шала жұмулы көздері Баширдің көзінің түбінен əлгі достарын сағынып
іздейтіндей, солармен бірге кеткісі келгендей. Бірақ таппаған сияқты.
Суықта тоңып, бүрсеңдеп,
Өлермін, өлсем бір сен деп.
Жүрегім, неге үнсізсің?
Аяғын байлаған жіпті тартқылап, бұзау мөңіреді. Бір жерде Моха күлді.
Туда кемпір үрген иттерге тас лақтырып жатыр.
– Жұртқа ұйқы берсеңдерші!
Иттоның саусақтары əн ырғағына орай тізесін соққылайды. Башир
жастық астына қолын жүгіртті. Пышақ жүзі шатыр ішінде жарқ етті. Сүйек