Апиын Мен Таяқ - 05

табылмағаны ма? Бүгін түнде соңғы шолғын деревня шетінен Таланың
кендір арқанына асулы тұрған Амер мен Тайебтің өлекселерін тауып алмас
па екен?
– Сен əлі бұдан да сорақысын көресің, - деді жігіт.
Башир тым құрығанда мына адамдардың көздерінен жаралы
жолбарыстың ашу-ызасын көрермін деп жан-жағына қараған. Бірақ бəрі
жерге қарап, тұқырып қалыпты. Бəрі Делеклюзді күтіп тұр. Олар
қасындағы кісінің көзінен ұят белгісін көрмеу үшін бір-бірлеріне қараудан
тайсақтайды.
Баширдің ызасы басылып қалды. Оның қажеті де жоқ екен. Мына мəнмағынасыз соғыс бəрін ынжық қып жіберіпті.
Тала мұндай жиынды бұрын-соңды көрген емес. Тіпті каррикатура да
емес, барып тұрған сайқымазақтық! Баширдің санасында əлі күнге сайрап
тұрған бұрынғы жиындарда Тайеб секілді малғұн немесе Амер секілді
сілімтіктер аузын ашуға да батылы бармайтын. Енді солар би болып, тіпті
өздері ғана сөйлейтін дəрежеге жетіпті. Бұрындары мұндай жиындарда
ұлағатты мысалдар, ізгі əңгімелер айтылатын, сөзді байқап қана
қолданатын, өйткені, жұрт бірін-бірі сыйлайтын. Қазір Амер мен Тайеб
алқа топтың көз алдында қысылып-қымтырылмастан бербер тілін қорлап
тұр, бұл адамның жан-жүрегін тілімдегенмен бірдей нəрсе емес пе.
Жоқ! Тек сыртқы көрініс қана сол күйі қалыпты. Ал Тала жиынының
жаны өлген. Тек Смайылдың даусы ғана əншейін көз алдау, ал мына
көріністің бəрі сағым сияқты елестейді. "Адал адамдар... жақсы хабар..."
Иə, Тайебтің намысы мен Делеклюздің игілігі! Қандай көлгірсу!
Қазір Таладағы жиын - мылқауларға Амердің даусымен хабарланатын
Делеклюздің бұйрықтары ғана екен. Жансыз, пікірсіз, үнсіз топқа берілген
əмір. Егер басқасы да осыған сəйкес болса ше? Егер мына көрініс, үйлер,
алаңдар, бұлақтардың шынайылығы да құр алдау болса? Астрономдар
кейбір жұлдыздардың жарқыраған сəулесін мыңдаған жылдар бұрын
сөнген жұлдыз жарығы деп жатпай ма. Бəлкім, Тала да сөнген жұлдыз
шығар?
Ұзамай лейтенант та келді. Ол əдеттегідей алаңға бірден джиппен
жеткен, мына жол да соның əмірімен салынған көрінеді. Қасында тек
жүргізушісі ғана бар. Лейтенанттың бір қолында қалың қызыл дəптер,
екінші қолында қамшы.
Ол көрінген бойда жұрттың бəрі орындарынан тұрып, қолдарын
маңдайларына тигізді, сырттан қарағанда бұлары əскери сəлемдесу
жоралғысына ұқсайтын. Бұл Тайебтің соңғы ойлап тапқаны екен. Өзінше
мардымсып, жерден көтерілуді қажет ден таппаған Тайебтен басқаның бəрі
орындарынан тұрды.
Лейтенант Амердің əлгінде айтқандарын толықтырып тағы қайталап
шықты, да аяғында:
– Бұлай істейтініміз, сіздер қорқасыздар, - деп сөзін түйіндеді.
Жұрт бойын тіктеді. Олардың тура қышыған жерлеріне доп тиген
лейтенант жымиып күліп қойған. Расында да, күн сайын өз тəжірибесінде
көзі жетіп жүрген психологиялық кызметке арналған оқу құралы дұрыс
жазылған екен. Мысалы, 43-бетінде: "Адамды қолдан шығармау үшін оның
бойынан кемшілік табу керек. Пайдакүнемдік пе, құштарлық па,
өшпенділік пе, əйелжандылық па, мансапқорлық па, атаққұмарлық па (егер
онысы негізді болса, онысын пайдалану анағұрлым оңай), ақшақұмарлық
па, əлсіздік немесе ақымақтық сияқты кемшілік кісінің бойынан əрқашанда
табылады; адамда қайткенде де бір олқылық болмай қоймайды". (Тобырды
қалай басқару керектігін осы "Тобыр психологиясы" оқу құралының 3тарауынан қараңыз".)
Лейтенант өз артықшылығын бір көрсетіп қалуды жөн көрді. Əрине,
қорқасыздар! Араларыңызда қорықпайтын біреу бар ма? Ол
жиналғандарды көзбен шолып өтті. - Ешкім де жоқ қой. Айттым емес пе.
Бір баланың əлсіздеу даусы шықты:
– Біз қорықпаймыз, лейтенант мырза.
– Солай ма!
Тұс-тұстан жөткірінген дауыстар естілді: мұның не сенің? Бəрімізді
құртасың ғой!
– Біз оны қазір тексереміз, - деді Делеклюз.
Ол қалың қызыл дəптерді жоғары көтерді. Күн сайын мына журналға
кезекшілік тізімін жазып отыру керек. Мен осы дəптерге күнін,
сақшылардың рет санын, бекет атауларын жазып қойдым. Тек соған атыжөндеріңізді түсіріп отырсаңыздар болғаны. Кім журнал жүргізеді?
Бастар иықтарға бұрынғыдан да гөрі кіре түсті.
– Иə, не айтып едім?.. Жаңа ғана дауыс көтерген əлгі ержүрек қайда?
– Мұндамын, лейтенант мырза.
– Сөйтіп?
– Көрдіңіз бе...
– Қорқатыныңды көріп тұрмын...
– Лейтенант мырза...
Бұл бір шалдың даусы болатын. Ақыры біреу сөйледі - ау.
– Менің айтайын дегенім: ақыры деревня бойынша уəкіл бар екен,
бəлкім, жаңадан тағайындап қажеті де жоқ шығар.
– Əйткенмен, өзгенің есебінен болса да, батыл біреу табылды, деді
Делеклюз. - Бірақ, қарт адам.
Шал түкке түсінбеген əлпет танытқан. Егер уақыты болса, ісіне
маттақам, берілген кісі ғой, əрі сауатты...
– Жақсы! Жақсы!.. Сонда кімді айтып тұрсың?
– Бəлкім, Тайеб...
– Өзім де біліп едім, - лейтенанттың даусы шығып кетті. - Тайеб! Ылғи
да Тайеб!.. Сайтан алғыр, егер Тайеб болмаса, осы қуыстағылардың бəрі
қырылып қалар ма еді... Амал жоқ! Ылғи да Тайеб...
Ол көшенің барып тұрған азғыны еді, əлгі Тайеб. Жұрт оны көшедегі
тозаң секілді таптап кететін, көздеріне де ілмейтін. Сонда да ілмиіп тірлік
ете жүріп, ақыр аяғында мынадай айналымға енген соң не түрлі өнер
шығарды. Ол момын, сыпайы, жүрек айнытарлықтай жағымпаз болатын:
Рас. Онысына басқалардың жүрегі айнығанмен, оны өзі сезбейтін. Ол
ағаштың сынығы, жіптің үзігі, нанның қалдығы, дүниедегі қалдық
атаулының бəрін бір қажеті болар деп жинастырып жүретін. Өзі аштықтан
өлердей қорқатын, бірақ аштық та өкшелеп соңынан қалмады, сөйтіп,
өзгелердің жеккөрінішінен бойына қорек даритындай ілмиіп күн кешетін.
Ол сізге алдымен амандасады, егер сəлемін ала қоймасаңыз, алыстан
онысын қайталап келе жатады, төңірегіндегі бақытты жандардың аяғына
оралғы болып немесе көздері түсіп кеткені үшін көрінгеннен кешірім сұрап
бəйек болатын. Егер немқұрайлы кейіппен немесе ашуланып келе
жатқаныңызды көрсе, ол əлгісінің бəрін қайтадан бастап, жаңа айла-əдіс,
жаңа сөздер іздейтін, бетегеден биік, жусаннан аласа күйге түсіп, тіпті
жақтырмай жымисаңыз да, бір езу тартқызбай қоймайтын. Осындай
дəрежеге дейін жалбақтаудың арқасында ақыр аяғында жұрт бұған төзуге
мəжбүр болды.
Талаға келген лейтенант Делеклюз деревня бойынша үш уəкіл
тағайындауды талап еткен кезде жұрттың бəрі кімді атарын білмей, қатты
қиналған. Бұрындары жұрт мұндай құрметке таласатын болса, қазір оны
ешкім де қажет етпеді. Адамдық қасиетінен тегіс жұрдай болғанды
біздегілер ол келе жатқанда масқарашылық басына нөсер сияқты жауады
деседі. Ешкімнің де ондай жаңбырдың астында қалғылары келмеді. Үш
күнде ақыры ешкім табылмаған. Төртінші күні деревняның еркек
кіндіктерін жинап алған лейтенант: "Қазір сағат сегіз, тағы екі сағат уақыт
берем. Егер сағат онда уəкілдеріңмен келмесеңдер, онда өздеріңнен
көріңдер" деп кесіп айтқан.
Əрине, Түлкі (Тайебті солай атайтын) жайында ешкім ойлаған жоқ-ты.
Бірақ біреу соның атын атауы мұң екен, бəрі бір ауыздан: "Табылған ақыл!"
дескен. Оны қашандағыдай ұмытып кетіпті. Тауып алып, əлгі ұсыныстарын
айтты. Жəне іштей бəрі егер ол келіспесе, күштеп көндірерміз деп шешкен.
Бірақ осыған дейін жұрттың бəріне жалбақтаумен келген, қорлықты
пешенесіне жазылған нəрседей қабылдайтын оны көп үгіттеп əуре болған
жоқ. Бірден келісім берген ол, қашандағыдай алғысын да білдірді:
"Кенттердің ішіндегі ең тамаша осы қонысқа титтей болса да көмегім тисе,
өзімді шексіз бақытты санаған болар едім". Сөйтті де, ыржиып қойды.
Бірақ алаңнан кетер алдында бұрынғы ақсақалдардың əдетіне басып
мойнына орап алмас бұрын шекпенінің ішіндегі бөкебайын байыппен
жөндеп, жиналғандарға сынай бір қарап қойды. Тұрғандардың ең
жасқаншақтары бірден көздерін төмен салған.
Осы күннен бастап ол əр кеш сайын нұсқау алуға САС - ка баратын.
Сонан соң келесі күні деревняны аралап жүретін: "Капитан айтты..."
Делеклюздің лейтенант екенін Тайеб жақсы білетін, бірақ жағымпаздықпен
оны "капитан мырза" деп атады.
Алғашында оны бұрынғысынша келемеждеп, баяғы бейшара қалпына
түсіріп, өздері алып берген биліктің қатерін біршама азайтуға тырысқан.
Бірақ ұзамай ондай ойыннан бас тартуға тура келді. "Капитан айтты..." Осы
сөзді көлденең тартып, арқасын тауға тірегендей, жарымес біреу болмаса,
қарсы шығуға ешкімнің жүрегі дауламайтын билікке қол артқан Тайебтің
күннен күнге мерейі үстем болып бара жатты. Бұрын қабырғаға жабысып
қана жүретін ол енді жұрттың көз алдында алшаң басып, шекпенінің етегі
делеңдеп, айбаттанып келе жататын. Күлу дегенді мүлдем қойған. Тіпті
Тайебтің даусы да өзгеріп, бербер тілі ирумьендердің арсыз, ащы
дыбыстарына алмасты. Ең көмейі бостар оған тарту-таралғы əкеле
бастаған. Ол күн сайын алаңда сол сый-сыяпаттарды мақтап, басқаларға да
не істеу керектігінің ишарасын білдіріп жүрді. Соны білген жұрт та шұбыра
бастады. Айдың аяғына қарай азық-түлік салған себет көтерген əйелдердің
Тайебтің үйіне кірмегені кем де кем шығар. Еркектер жағы анау қоғамдық
жұмыс атқарып жүргендіктен, жалақы алмайды (онысы, əрине, бекер еді)
деген сылтаумен ақша беріп жүрді. Арада біраз уақыт өткен соң Тайеб енді
САС - қа да барып əуреленбестен, ұзақ жылдар бойы өзіне қорлық
көрсеткен жұртқа жүріс-тұрыс ережелерін өзі-ақ жариялап тұратын болды.
– Тайеб! Тайеб! - деп сөзін жалғады лейтенант. - Жалпы бəрібір ғой...
əйткенмен бəрі де түсінікті... - басқалар түсінбей тұрғандай - ақ. - Несі бар,
егер сол ғана лайық десеңдер, мен...
Бейшара Тайеб! Кез келген кісі маңына жоламауға тырысатын лас қоқыс, жуынды -шайынды, нəжіс, - бəрі де, əйтеуір, соның үлесіне тиіп
жатады.
Тайеб жиынға бұрылды:
– Таланың жамағаты, қорқыныштан түстерің бұзылып кетіпті, зəрелерің
бек кеткенін көздеріңнен көріп тұрмын. Дəптерлеріңнің маған керегі жоқ,
тізім де жүргізбеймін, онымен өздеріңнің біреуің айналысыңдар. Егер
кəпірлермен жұмыс істесек, сендердің діндеріңнің жақтаушыларының бірі
келіп, бауыздап тастар дейсіңдер ғой... Солардан қорқасыңдар... өлердей
қорқасыңдар! Сендер мендей емессіңдер... Мен, Тайеб, олардан
қорықпаймын жəне мұны бəріңе ашық айтамын. Айтып барыңдар. Ал
тізімдеріңді мен жасамаймын.
Бір шал Тайебке жалына бастады. Қобалжығаннан даусы дір-дір етеді.
Оған тағы біреулер, ақыр аяғы бүкіл жиын қосылды. Көзін жұмып алған
Тайеб лəм-мим демеді. Тайеб өзін жер-көкке сыйғызбай мақтап, аяғына
жығылуға шақ қалған тобырдың жалынып-жалпаюын, жалынышын үнсіз
тыңдап тұра берген. Келісім бермес бұрын əлгілерді ұзақ тыңдады.
Оны құттықтау үшін бəрі орындарынан тұрды. Жұрттың жапатармағай
алғыстарын айтып, жалған мақтауға басқанын Башир алыстан көріп тұр.
Ол французша естірте тіл қатқан:
– Оңбағандарды өлтіру керек!
– Кəртішкең міне, доктор!
Белаид айқай салды. Мұның қолына жармасып, алаңнан күштеп алып
кетті. Тек былай шыға бергенде:
– Есің дұрыс па? - деген
– Менің бе? Мүмкін, бірақ сендердің бəрің өлексе екендерің анық. Бəрің
де! Талада Тайебтің аузын оттаубайымен қоса тығындайтын ешкімнің
қалмағаны ма?
– Жоқ, əлгі факультетіңде не оқытқан саған, бауырым?.. Əлгі масқара
кезінде... ауадан ешқандай иіс сезінбегенің бе? Жоқ па? Сен доктор
емеспісің, мұны жақсы білуің керек. Бұдан көксіңнің... əлдебір қышқылтым
иіс шыққанын аңғармадың ба?.. Бер жақтары бүп-бүтін көрінгенімен, ар
жағындағы еттері шіріп кеткен ғой... Байқаймысың? Өлексе иісі мүңкиді.
Шибөрілердің үйір болатыны да сондықтан... Жарайды, доктор, cay бол
жəне... бұл жердің ауа райы саған қолайсыз деген кешегі сезімді ұмытпа...
Ол кете бермек еді, Башир шекпенінің етегіне жармасты:
– Тоқтай тұршы!
– Иə, не айтасың?
Анау ештеңе демеді.
– Отпен ойнауға тым жассың, бауырым... Таланы дертінен айықтыру
үшін қандай дəрі керек екенін білемісің.. ең алдымен диагнозын дұрыс қою
қажет... Сенің медициналық ғылымың бұл жерде дəрменсіз.
– Білесің бе сен?..
Башир екіұшты күйде қалды.
– Бəрін де білем, - деп күлді Белаид.
– Деревнядағы ФНО өкілін айтам?
Белаид жымия түсті.
– Сен мұны менен, ирумьендердің досынан сұрап тұрмысың? Сен,
шынында да, тым жас екенсің, бауырым... онымен қоймай... ашуланасың.
Неге? Тайебтің жиында айтқан сөзіне бола ма?.. Саған керегі не... Оның
үстіне, отбасындағы барлық рөлдер бөліп алынған... Əли - батыр; жұмыс
істеп ақша табатын жəне басқаларға да септігі тиіп жүрген қайырымды
жігіт - Уəли... Шешем - қатаң дəстүрдің кісісі... Фарруджа - жесір, тағдыр
құрбаны... өзімен-өзі жүрген адам! - Ол даусын қатайтты: - Ал мен
сатқынмын... көріп тұрсың. Саған мүлдем орын жоқ... Одан да кітаптарыңа,
науқастарың мен астанадағы ермек қып жүргендеріңе қайтқаның жөн...
– Мен онда бара алмаймын, - деді Башир.
– Неге?
– Полицияға бола.
– Əбден лайықты себеп, - деді Белаид.
Ол күліп кете барды. Кең адымдап, көшенің аяғына барып та қалғанын
Башир көріп тұр. Өзі: "Аздап ішкен рақат қой, шынында!" - деп əндетіп
барады. Содан соң артына бұрылып айқайлады:
– Моханд Саид ұлы Рамдан жайында ештеңе білмейсің бе деп сұрап еді.
Мұнда келгелі онымен сөйлеспеген де шығарсың. Соған кіріп шықшы. Кете берігі, тағы бұрылды: -Мен жіберді де... ал енді үйіңе бар, ұзамай
коменданттық сағат басталады... Макиавелли!
Башир жоғарыдағы бөлмеге көтеріліп, жатқанмен ұйқысы келмеді. Көзі
бақырайып, екі қолын басына айқастырып шалқасынан жатқан оның
құлағына көшедегі шолғынның жайлап басқан аяқ дыбыстары жəне бір
жақтан үкінің мұңлы үні естілді.
"Таланы дертінен айықтыру үшін қандай дəрі керек екенін білемісің.. ең
алдымен диагнозын дұрыс қою қажет..."
Бірақ мұны ондай диагноз қоюға еш уақытта үйретпеген. Мұнда ондай
нəрселер тым көп, ешқандай ереже деген жоқ, ең бастысы - басыр немесе
желшешек ауруы кезіндегідей негіз болатын да ештеңе жоқ.
Əйткенмен, басқа да таулы деревнялардағыдай Тала-Узруда да баяғы
замандардан осылай еді. Бір қарағанда, өмір жылжып бара жатқан, бір
орнында тұрмаған секілді. Ал шындығында ше? Өз əкелеріміздің ата балаларынан еншілегені секілді біз де əкелерімізден мұраға қалғандарды
қайталадық. Бұл кездейсоқтықтан жəне басқа да зұлым күштерден
сақтайтын кепіл еді, əйтпесе баяғыда тұқымымыз тұздай құрыған болар ма
еді. Біз дүниені барынша танып, оған бойлай еніп кеттік, тіпті қуаныштан
болмағанмен де, əйтеуір қорықпай оның ықпыл-жықпылын кезуді
үйрендік. Əйткенмен, күн сайын оның бұрыш-бұрышына тұмсығымыз
тиген сайын, ақыр аяғында оның біз үшін немесе біздің ол үшін
жаралмағанымызға айқын кезіміз жете түсті. Дүниенің барлық
қайыршылығы, ауру-сырқауы, надандығы, аштығы, суығы, зұлымдығы,
шарасыздығы, жеккөрініштілігі мен аласапыранынан өзімізді қорғап
қалатын дəрменіміз жоқ: біздің оған күш-қайратымыз да, біліміміз де,
дəулетіміз де тапшы. Бізді жаңалықтарға талпындырды, бірақ кейде бізге
ол күнделікті күйбең түкке тұрғысыз қам-қарекеттерден жырақтағы қол
жетпес шың бастарында жылтылдап тұрғандай болып, біздің басымызды
көзге көрінбестен қаншама аспан шамшырақтары жарқырап тұрған көкке
қарай емес, қайта жерге тұқырта түсетін сияқты.
Ата-бабалар заңы! Ғасырлар бойы соны қолданып келгеніне қарағанда,
ол да жаман болмаған тəрізді. Тек соған ілесе білу керек. Жаңалықтар түкке тұрғысыз баланың ермегі ғана емес, барып тұрған нақұрыстық,
əйтпесе өзіңді-өзің құрту. Жұрт таптауырын еткен сара жолмен жүргісі
келмейтіндер немесе одан басқа жаққа ауытқығандар өз ажалына
асыққандар, тіпті басқалардың да обалына қалатындар. Біздің
данышпандардың сөздерінде жиі кездесетін мынадай нақыл бар: "Атабабаларымыз бəрін де айтып кеткен, біздің оған қосар ештеңеміз де жоқ".
Біздің жаңадан ойлап табар ештеңеміз жоқ. Кімде кім ата-бабасы қалдырып
кеткен ізден шықпай келе жатса - адал адам деген сол
Дегенмен, осыларды бала кезімізден санамызға құйып, ата-бабаның
салт-дəстүр, əдет-ғұрыптарына, олардың іс-əрекеттеріне, қажыр-қайратына,
тыйымдары мен наным-сенімдеріне ерте бастан қанығамыз. Асау
жүректерін қатаң тізгіндеген барлық тəубалық шектеулері біздікіне
айналады. Ақыры іс-қимыл заңдарын, олардың шектеулерін, қателік
мүмкіндіктерін де нақты танып білместен соның тұтқынына айналамыз. Ал
бұлардан құтылу үшін батылдық немесе жетесіздік жеткіліксіз, ол үшін
данышпан болуың керек.
Тала-Узру, жартастағы бұлақ! Бірақ шынын айтқанда, біздің
деревнямызда бұлақ та, жартас та жоқ, бірақ ата-бабаларымызды жазық
даладан қуып шыққан кезде тау жоталарының арасына қоныстану үшін
осында келген олар жаңа мекендерін бұрын өздері тұрған деревняның
атымен атаған көрінеді. Сол замандарда алғашқы Талада бітік өскен астық
самал желмен тербеліп, сай арналарымен табын-табын малдар жосып
жүреді екен.
Ол жақтан ар-намысымызды қорғап қалу үшін қоныс аударыппыз.
Теңіздей толқыған бітік егінін, өріс толған малын тастап, ата-бабалар
масқарашылық игіліктен гөрі еркін қайыршылық өміріміз артық деп
жосыла көшіпті. Жазира алқапты тастап кеткеннен бері біздің ел емен
жаңғағының ұнын азық қылып, қысы-жазы қой жүнінен тоқылған киім
киген, ашыққан, суыққа тоңған, жалаңаяқ жар кешкен, бірақ
қайыршылықпен күн көрсе де, адамдық қадыр - қасиеттерін берік ұстап,
оны дүниенің байлығына айырбастау ойларына кіріп те шықпаған...
Тала-Узруда бұл əлмисақтан қалыптасқан нəрсе еді.
Енді міне, басқа заман келді, енді қаншама ұрпақтар ақыл-ойы мен күшқайраттарын сарп етіп, асқан төзімділікпен ғасырлар бойы қалаған мына
қабырғалар, мына имандылықтар, мына заңдар Тайебтің жарыместігі мен
Амердің ашкөздігінің билігіне бұйырып отыр...
Қалың жүн көрпенің астында ары-бері аунақшыған Баширдің кірпігі
айқасар емес. Соңғы шолғынның аяқ дыбысы жаңа ғана сап болған. Енді
келесісі келгенше бір сағаттай уақыт бар. Башир орнынан тұрды. Шығайын
деп есікті аша бергенде Сминаның ұйқылы-ояу даусы естілді:
– Есің дұрыс болса, үйде отыр.
Ол есікті жайымен жауып кете берген. Үйден Фарруджидің шошынған
даусы шықты: "Аға, қайда барасың?"
Аяғының дыбысы əдеттен тыс дүңкілдеп естілген өлі көшелерде əрібері жүрді. Осы бір меңіреу үнсіздікті быт-шыт қылу үшін айқай салғысы
да келген. Жарқанаттар бір қабырғадан екіншісіне бейберекет ұшып жүр.
Бір жерде шешесі баласын жұбатып жатты.
Мешіт алдындағы шағын алаңда Моханд Сайд француз шылымын
шегіп тұр. Башир қасына үнсіз отыра кеткенде ол тіпті бұрылған да жоқ.
– Бір сағаттан кейін шолғын келеді, - деді Моханд.
– Ұйқым да келмейді, үйде де отыра алмаймын.
– Егер сені осы жерден ұстап алса, бүкіл деревняға кесірің тиеді.
– Ал сен ше?
– Мен қашан қаласам, сонда қайтам... ағаң Белаид тəрізді.
Башир кенет қарадай мазасызданып:
– Да-Моханд, сезесің бе? - деген.
– Нені? - деді Моханд.
– Өлексенің иісін.
– Үйге қайтқаның дұрыс.
– Де-Моханд, сенің заманыңда бəрі басқаша болмап па еді, ə? Олар
қабырғаның ар жағында бұйығып, қараңғыға тесіліп, əр сыбдырға құлақ
түріп, балаларының аузын басып, зəре-құттары қалмай, таңға дейінгі əр
сағатты санап отырып па еді? А? Де-Моханд, сенің заманыңда аянбай
айқасып, қажет болса, қаһармандықпен жан беретін еді ғой.
Мохандтың қатпарлы қабығы ақыры ашылды.
– Кейде, - деді ол, - сабырлы бола да білген абзал.
– Сабырлы бол деймісің! Бүкіл деревня жұрты тас пен малға айналып
кеткен дерсің! Бұл өлкенің халқы əбден азған екен.
– Егер деревняда тағы біраз болсаң, бұлай демес едің.
Кенет бұлар мешіт жақтан асығыс басқан аяқ дыбысын естіді.
Башир қаша жөнелуге орнынан тұра берген.
–Тым кеш, - деді Моханд, - енді қала бер... əйтпесе олар атудан да
тайынбайды.
Тап осы мезетте алаңға Белаид жүгіріп жеткен.
– Моханд... А? Сен де осындамысың?.. Екеуің де маған керексіңдер...
екеуің де... Моханд, ұлың Рамданды Алжирде тұтқынға алыпты... Ал сені, деді ол інісіне қарап сөзін жалғастырды, - егер ол айтып қойса, жеделхат
түнде жеткен бойда таң атқанша қамауға алады... Енді тайып тұрмасаң
болмайды... Оңтүстік қақпаға бар, сондағы кісі сені.. Амируштың бақылау
бекетіне апарады... Қане, болсаңшы енді...
Ол Баширді еркі - алдына қоймай итермеледі.
– Кемпірге де... Тайебке де уайымдама... Екеуінің де қамын жейтін
кісілер бар, доктор.
Арт жақтарынан Мохандтың күлкісі, дауыстар естілді.
– Шолғынмен сөйлесіп тұрған Моханд қой... Қорықпа... Сен тікенек
сымның ар жағына шығып кеткенше, оларды бөгей тұрамыз... Одан əрі
ешкім де қумайды.
Моханд шолғындағы жігіттермен оны-мұныны əңгіме ғып тұрған
алаңға Белаид та барған. Қараңғыда мас адам секілді теңселе басқан
Белаид кенет əнге басқан:
Аздап ішкен рақат қой қашанда...
Башир оңтүстік бекеттен қарала күрте қымтанған орта бойлы кісіні
көрді. Есіне Алжирдегі кішкентай қызметші түскен. Аты Месауд екен.
Месауд Баширге қалың резеңке табанды жаңа берзент бəтеңке, өзі киіп
тұрғандай күрте мен Ламбретта автоматын ұстатты.
– Мұның тілін білуші ме едің?
– Əзірге жоқ, - деді Башир.
– Онда үйретем.
Күзетшілердің бірі тікенек сымнан өтіп кетуге көмектесті. Біреуі
шолғын келіп қала ма деген қауіппен жол қарап түр.
Ауадан дымқыл хош иіс аңқиды. Башир еңкіш тартқан Месаудтың
сұлбасының соңында жиырма адамдай жерде келе жатыр. Автомат басында
жеңіл көрінген, бірақ бəтеңкесі аяғын қажайтын сияқты. Месауд артына
бұрылып қарар емес. Тынығуға да аялдаған жоқ. Ол ай астындағы бұта қарағанға да, көк жүзіндегі жыпырлаған жұлдыздарға да көз салмайды.
Осылайша бес сағаттан астам уақыт жол жүрді...
Башир автомат иығын жаншып келе жатқанын сезді. Өкшесі мен
башпайларының терісі от болып жанып барады. Жолда тастар
жатқандықтан бұл бəтеңкесін шеше алмады, оның үстіне Месауд даламен
тіке тартып барады. Башир ұйқымен де, иығын жаншыған автомат
ауырлығымен де алысып келеді. Түн мұның көзіне күңгірт көрінді, ұзамай
ол əлдебір тетіктің біркелкі жұмыс істеп бара жатқаны тəрізді
жолбасшысының алма-кезек алған аяғының қозғалысынан басқа ештеңені
көруді қойған. Башир тоқтай қалды. Месауд та тоқтады.
– Ештеңе естіген жоқпысың?
– Жоқ, - деді Месауд. - Алғашында ылғи да солай. Бірдеңені еститін
сияқтысың, бірақ ештеңе жоқ.
– Мен шаршадым, - деді Башир.
– Білем.
– Аз-кем тынықсақ қайтеді?
– Егер тоқтасаң, онда əрі қарай жүре алмай қаласың... Оның үстіне,
жете алмай қалармыз...
– Бəтеңкемді шешейін. Аяғымды əбден қажап тастады.
– Онсыз бір шақырым да жүре алмайсың.
– Жəне ішіне су кіріп кеткен сияқты, ылғал Тым құрығанда шұлығымды
шешейін.
– Ол су емес, - деді Месауд, - қан. Үйренбегендікі ғой. Былай болсын.
Осыдан бір шақырым жерде орманшының үйі бар. Біз келіп алып кеткенше,
сонда бол... Мен əрі кетейін, тапсырманы мерзімінде орындауға тиіспін
Жолда орманшыға ескерте кетермін Оған тек: "Мұнда қабан көп пе?" десең
болғаны.
Месауд Баширге дəке салған сөмкені қалдырды да кете барды...
Орманшы даусы зор, қою мұртты кісі екен. Ол қалшиып қатып
қалыпты.
– Капрал Брахим бен Брахим, жеті мың төрт жүз екінші нөмірлі, Алжир
атқыштарының бірінші полкі...
– Қайырлы кеш, - деді Башир, - əбден шаршадым.
– Айтып тұрмын ғой: тамақ ішкің келсе - іш, шөлдесең, сусын іш,
ұйқың келсе - ұйықта, шаршасаң, демал...
– Мұнда қабан көп пе? - деді Башир.
Брахимнің даусы өзгеріп сала берді.
– Кір, бауырым, кір. Үйімнің есігі саған ашық. Мұнан бəрі де табылады.
Баширдің аяғы қан-жоса болыпты. Қап-қара болып қанталап кеткен.
Дəкені аяғына тигізген кезде шоқ басып алғандай жаны көзіне көрінген.
– Жаңадан келдің бе? - деп сұрады Брахим.
– Көрініп тұр ма?
– Аяғыңды сақта... əлі өзіңе қажет болады.
Біреу бұталарды қозғап кетті... Ит ырылдады... Ұйқысы бұзылған
құстар быр-быр ұшты...
- Мынаның бəрін жина, - деді Брахим, - сөйт те маған ілес. Ештеңеңді
ұмытып кетпе.
Есік алдында текшелеп отын үйіліпті. Орманшы жарылған ағаштың
біразын алып тастап:
– Мұнда кір, - деген, - іші қуыс.
Башир тесікке сүңгіп кетті де орманшы қуысты отынмен жауып
тастады.
– Автомат ұңғысын мұнда тық... мұнда... əй, байқа! Байқаусызда атып
қалушы болма.
Башир оның кетіп бара жатқан дыбысын естіді.
– Атушы болма, ұқтың ба.
Біреуді сүйретіп келе жатқан неміс қасқыр иті көрінді, артынан ырс-ырс
еткен бірнеше пайда болды. Башир олардың арабша сөйлегендерін естіп
жатыр. Əлгілер үйілген отын қасынан əрі-бері жүрді. Бастығы есіктің
маңында орманшымен сөйлесіп тұр.
– Феллага қашан өтті?
– Сендердің алдарыңда ғана, - деді орманшы.
– Қашан болмасын, - деді харки, - ойының осылады əлі. Аналар
бауыздап кетеді, немесе біз атып тастаймыз. Саған мұның қайсысы дұрыс?
Күлген кезде харкидің қоңыр жүзінен аппақ тістері жарқырап көрінеді.
Сатқынның жымиған жүзі Баширдің қарауылында тұр.
– Егер олар, феллагалар осында болып шықса ше?
– Əрине, - деді орманшы, - феллага шатырда да, пеште де, орманда да,
мына отынның арасында да, есік сыртында да, үйде де өріп жүрген жоқ
па...
Ол есік тұтқасын тартты.
– Ал кір де, ізде...
Қасқыр ит қарғыбауын тартып, тұмсығын отын үйілген жаққа бұрды.
– Мына неме қолымды жұлып кетер ме екен. Вольф... тоқта, найсап!
– Маған бүгін бір шөлмек əкеліп еді, - деді Брахим, - бірақ сендей
немеге емес... сен оның қадірін білемісің, үш стақаннан кейін мүрдем
кетерсің!
– Бəстесейік, - деді харки.
Барлығы үйге кіріп кеткен.
Келесі күні түн ортасында орманшының үйіне қашыр мінген, белі
бүкірейген қарт шаруа келген.
– Иə, шаруаңды айт, - деді орманшы.
– Жай. Есегім жоғалып, соны іздеп жүрмін. Көрген жоқпысың?
– Ешқандай есек көргем жоқ.
– Мұнда қабан бар ма?
– Жоғары шық, - деді орманшы.
Ішке енген шаруаның бойы тіктелді. Ол бірден Баширге қарап:
– Сізге қашыр əкелдім, доктор. Таңға дейін діттеген жерге жетуіміз
керек, - деген.
Орманшының көзі бақырайып кетіпті. Ол Баширдің заттарын жинауға
көмектесті.
– Бұл жігіт емші ме? - деп сұрады ол шаруадан.
– Кешеден бері танысып алмадыңдар ма? Башир Лазрак, медицина
докторы! Брахим бен Брахим, Алжир атқыштары бірінші полкінің
капралы...
– Жарайды! - деді Брахим. - Тез келгенің жақсы болды!
– Бұл сені жалықтырып та жіберді ме?
– Күні бойы осыны мына таяқпен, əлде өз автоматымен жайратсам ба
екен деп ойлаумен болдым. Түсінемісің? Ақ түсті жəне тырнағы алынған...
жəне мына жейдесі... Жейдесін көрдің бе? Кабиль тілін əдейі үйреніп алған
француз шығар деп ұйғардым... Жансыз... Олай болса көзін құрту керек
емес пе?..
– Бұл вилайидың санитарлық қызметімен айналысатын болады. Егер
мұның бір тал шашын түсірсең, сені бағанға асып қойған болар еді...
Брахим Баширдің қоржынын жинап болған.
– Сау болыңыз, доктор, ренжімеңіз...
Бұлар түні бойы жүрді. Жүрген сайын Джурджураның ай нұры өпкен
көгілдір жоталары жақындап əрі биіктеп бара жатқандай.Таң сібірлей бере
олар жартасқа қоңыр бөрік секілді жабысып алған шағын қонысқа келіп
жеткен. Иттер үрді, қараңғыда жүгірген су сылдыры құлаққа шалынды.
Маңай салқын еді. Баширдің қарны ашты. Өзі əбден титықтаған. Бір
сағаттан бері аяғы қайта ауырып, башпайлары қан жоса болып, жанын
көзіне көрсетіп келеді.
– Осы жерде, - деді шаруа.
– Бұл жерді білем, - деді Башир, - Айт-Ваабан, соңғы деревня, бұдан
кейін таулар.
– Шаршадың ба?
– Жоқ. Қарным ашты.
– Мүмкін тамақ та ішерміз.
Бекет деревняның үстіңгі жағындағы үңгірде екен. Онда бəрі жақсы
жайғасқан сияқты. Баширдің қайдан келгенін сұрағысы да келмеді, бірақ
бұл жер бақылау бекетіне де, санитарлық бекетке де ұқсайды екен.
Сəлемдесу жоралғысы ретінде бұл бəрінің қолдарын қысты, бірақ бұған
ешкімді таныстырған жоқ. Баб əл - акцентімен сөйлейтін диктор радиодан
соңғы жаңалықтарды хабарлап жатты. Қоныстың кеңірек бөлігіне
орналасқан жаралылар Месаудпен əзілдесіп отыр. Ұзын бойлы қара шашты
кісі бұрышта кофе қайнатып жүр. Қалғандары күлісіп "Франция-5"
радиостансасының өтірігін сан-саққа жүгіртіп жатты.
Қара шашты кісі кофені жайына қалдырып, Баширді бұрышқа ертіп
əкелді де ешқандай кіріспеге уақыт шығындамастан, вилайидың
санитарлық қызметіндегі жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіруге кірісті.
Маңызды жүріс-тұрысына қарағанда өзі офицер сияқты. Бұдан кейін ол
Баширге не істеу керектігін, қандай қаржылары барын айтып кетті.
– Шамалы екен, - деді Башир.
– 1954 жылдың бірінші , - деді офицер, - революцияның ешқандай
қаржысы болмады. Өзіңіз де көрерсіз, жұмысты қолға алған бойда əр
нəрсенің қиюын табуыңызға тура келеді. Мұнда онсыз болмайды.
Башир мынау əзілдеп тұр ма дегендей бетіне тесіле қараған. Жоқ,
байсалды адамның кейіпі.
– Бұл əлі малтуды үйренбеген кездегі сияқты кеп қой. Алдымен суға
секіріп түсесің, сонан соң жағаға шығуға тырысасың.
Ол бұған кофе шынаяғын ұсынды.
– Батып кететін де жағдайлар болады... Екі кесек қант па əлде біреу ме?
– Екеу, - деді Башир.
– Əйткенмен көп ретте аман шығады. - Ол Баширге қасық ұсынды. Көпшілігі жүзуді осылай үйренеді... Менің айтқанымның бəрін, доктор, сіз,
əрине, менен жақсы білесіз, бұл жөнінде кітаптардан оқыдыңыз. Ал, біз,
шаруалар, өмірде бірдеңені біле қалсақ, соны мақтан тұтамыз жəне бұл
туралы жұртқа, тіпті оқымыстыларға да айтып жатамыз.
Ол сөйлеп жатқан кезде транзисторды өшіріп тастаған. Енді кайта
қосып қойды.
– Мына кісі Си Мохаммед, - деді офицер,
істейсіз. Қажет дегеннің бəрін де содан сұраңыз,
Рапорт даярлап оны осыған бересіз, маған
тынығыңыз. Шаршаған шығарсыз. Мұндайға
болыңыз!.. - сонымен бірге жұмыс
ол сіздің қарамағыңызда.
өзі жеткізеді. Ал енді