🕙 2-minute read

Алмастың ағашы

Total number of words is 312
Total number of unique words is 244
55.2 of words are in the 2000 most common words
68.2 of words are in the 5000 most common words
72.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  Биыл қалада шілде өте ыстық болды. Балалардың жаңбырды аңсағаны сонша, қайта-қайта аспанға қарағыштай береді. Көктен тек шаңытқан күнді ғана көреді. Көздері жыпылықтап, танаулары желбіреп, көлеңке іздейді.
  Әрине, мұндайда жапырағы қою ағашқа не жетуші еді. Жел жоқ болса да, ағаштар жапырағын қимылдатып, желпігендей болады. Ал Алмастар тұратын жаңа ықшамауданда ағаш әлі аласа. Көкесі кеше кешкі тамақ үстінде:
  - Таңертең күн салқын, ауа таза. Ерте тұрған адам күні бойы онша ыстықтамайды. Жұмысты да өнімді істейді, - деді. Алмас оны құлағына құйып ала қойды.
  Алмас ертеңіне ерте тұрып, киініп далаға шықты. Аулада бірде-бір бала жоқ. Маңай тып-тыныш. Күн салқын. Ауа тап-таза екен. Мәдениет сарайын бір айналып келді.
  Салқын ауаның әсерінен қайнаған ыстықты онша елемеген секілденді. Ол осы күннен бастап ерте тұруды әдетке айналдырды. Көкесі мен апасы:
  - Үшінші кезекте тау ішіндегі лагерьге жібереміз, әзірше осылай дағдылана бер, - десті.
  Алмас күнде таңертең тұрып, Мәдениет сарайының маңында серуендейтін болды. Бір-екі бала ілесіп еді, уәделерінде тұрмады. Ұйықтап қала берді. Бір күні Алмас жол жағасындағы шөптің сытырлап жанып жатқанын көрді.
  Жалын сумаңдап, көктемде отырғызылған ағаштың түбін орай бастапты. Алмас енді шыдай алмады, жетіп барып, табанымен отты таптай бастады. От оған бой берер емес. Жас ағаштың қабығын жалап үлгерді. Алмас футболкасын шешіп алып, сонымен ұрды. Әзер дегенде өшірді. Ақ футболкасы қап-қара күйе болды. Бір-екі жері тесіліп те қалды. Оған өкінген жоқ. Әйтеуір іс тындырды ғой.
  - Жарайсың, балам! - деген дауысқа жалт қараса, таяғына сүйенген қарт кісі екен. Ерте тұратындардың бірі - осы кісі.
  - Мына ағаш енді сенікі болсын, балам! - деді қарт.
  - Өзің қарап, сақтап жүр енді. Атың кім?
  - Алмас.
  - Енді мұны «Алмастың ағашы» дейміз. Қай сыныпта оқисың?
  - Күзде екіншіге барамын.
  - Ой, айналайын. Мен сені үшінші не төртінші оқитын шығар десем... Таудай болып өсе бер, қарағым...
  Ақ футболка ештеңеге жарамай қалды. Көкесі мен апасы бұл ісі үшін ұрысқан жоқ, қайта құптады. Алмас әлі күнге дейін ерте тұрады. Мәдениет сарайын айнала жүгіріп шынығады.
You have read 1 text from Kazakh literature.