Latin Common Turkic

Алаң Көңіл Ақпаны - 17

Total number of words is 4044
Total number of unique words is 2332
31.1 of words are in the 2000 most common words
44.9 of words are in the 5000 most common words
52.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Жоқ, мырза. Əйтсе де маған оның ақшасы бар сияқты болып
көрінді.
— Егер əлдеқалай оның қайда жүргенін біле қалсаңыз, Тəңір
тілеуіңізді берсін, маған да құлаққағыс етіңізші!
— Мақұл əрине, Бейкер мырза, мен қуана-куана хабарлаған да болар
едім. Бəлкім, сондай емдеу орындарының телефонын біліп алып,
сұрастырып анықтауға болар?
— Ол сізден қарызды нақты ақшалай алып па еді?
— Иə.
— Онда анықтаудан бəрібір қайран жоқ. Ол сөзсіз аты-жөнін
өзгертіп алған болар.
— О, неге?
— Текті əулеттен шыққан адамдардың солай ететін əдеті ғой. Итен,
сіз қарыз ақшаны Мэриден алдыңыз ба?
— Əрине.
— Ол ренжімеді ме?
— Ол біледі.
— Байқаймын, сіздің ақылыңыз кіре бастаған тəрізді.
— Сізден тəлім алып, сізден үйренемін де, мырза.
— Үйреніңіз, үйреніңіз.
— Мен осылай өзіме қажет көп нəрсені анықтап аламын. Ең бастысы
— менің білетінім де шамалы.
— Несі бар, бүл да пайдалы. Мэри сау-саламат па?
— Ол қашанда қаз-қалпынан əсте айнымайды. Шіркін-ай, онымен
бірге бой жазып, бір жаққа сапар шегіп қайтар ма еді деп ынтығам. Біз
қаладан аттап шықпағалы талай жылдың жүзі болды, білем.
— Сіздер үшін бəрі əлі алда ғой, Итен. Ал мен алдағы төртінші
шілдеде Мэнге барып қайтсам ба деймін. Мерекенің дырду, дүрбелеңі
əбден мезі етіп бітті.
— Мына сіздерге, банкирлерге бүл жағынан əлдеқайда кеңшілік қой.
Өйткені сіз таяуда ғана Олбаниге сапарлап қайттыңыз, білем?
— Оны қайдан шығардың?
— Өзім де білмеймін, əйтеуір, біреуден естісем керек. Бəлкім,
Мэриге Бейкер бəйбіше айтқан болар.
— Оның айтуы екіталай. Ол білмейді де. Кімнен естігеніңізді есіңізге
түсіріп көріңізші.
— Əлде, бəлкім, маған солай боп көрінген шығар.
— Итен, бұл мені қатты алаңдатады. Жадыңызды қаузап қайдан
естігеніңізді қалай да есіңізге түсіріңізші.
— Оллаһи мырза, есіме түсіре алмай тұрмын. Асылы, жалған болған
соң соның бəрібір емес пе?
— Бұған менің неге соншалықты абыржып, алаң болғанымды енді
құпия түрде өзіңізге ғана айтайын. Гəп — соның шындық, рас
болғанында. Мені губернатор шақырды. Мəселе айрықша маңызды.
Мұның қалай жұрт құлақтанып, жария болып кеткенін түсінсем
бұйырмасын.
— Сол жақта сізді біреу-міреу көріп қалған жоқ па еді?
— Жоқ. Көрмеген сияқты. Мен ұшып барып, қайтарда да ұшып
келдім. Бұл аса маңызды мəселе. Мен қазір сізге қайсыбір жəйттерді
айтып берейін Егер бұл да жарияға жар болса, мен оны сіздің кімнен
естігеніңізді білгім келеді.
— Онда айтпай-ақ қойғаныңыз жөн.
— Жоқ. Сіз Олбани жайлы біледі екенсіз, мен енді мұны да айтып
беруге тиіспін. Штаттың өкімет орындары біздің округтің, оның
ішінде, əсіресе біздің кенттің жай-жағдайына, шаруасына ілкі ден
қойып отырған түрі бар.
— Неліктен?
— Олбани əлде бірдеңелердің сыбысын сезген сыңайлы.
— Саясат па?
— Губернатор жасағанның бəрі қашан да саясат қой.
— Бейкер мырза, бұл туралы неге ашық айтуға болмайды?
— Оның себебі мынада. Бір жерден əлдеқалай бір сыбыс шығады да,
тексеру барысында тексерушілер айтар ауызға мəнді ештеңе таба
алмайды.
— Түсінікті. Сіздің маған айтқандарыңыз, əрине, өкінішті-ақ. Мен
миғұла мылжың емеспін, əйтсе де соны менің білмегенімнің өзі оңды
болар еді.
— Егер, əділін айтсам, соны менің өзім де білмегенді ар-намысыма
ақау салар айуандық санамас едім.
— Сайлау өткізу үшін шілденің жетісі белгіленіпті. Сонда сіз бəрі
одан бері де əйгілі болып қалуы ықтимал деп ойлайсыз ба?
— Білмеймін. Бəрі Олбаниге байланысты болмақ.
— Мүмкін, əлде бұл араға Маруллоның да қатысы бар шығар? Мен
жұмысымнан айрылып қаламын ба деп қорқамын.
— Жоқ-ə. Екіталай. Əлгі шенеунік Нью-Йорктен келген болатын.
Əділет министрлігінен. Сіз оның өкілдігі бар ма екен, тексеріп көрген
жоқсыз ба?
— Маған ол бір қағаздарын көрсетті, бірақ мен соған жөнді назар
аударғаным жоқ.
— Оныңыз бекер болған екен. Əрқашан мұқият қараған жөн.
— Жарайды, оны қойшы, сіз қалай тағы бір жаққа жүрмексіз бе?
— Əрине, мұның бəрі түкке тұрмайды. Төртінші шілде сынды
айтулы күнде ойда жоқ оқыс бірдеңе болуы əсте мүмкін емес. Прил-
Харборға шабуыл жасау үшін жапондықтардың мереке күнді таңдап
алуы, сірə да, тегін болмаса керек. Қала қаңырап бос қалатынын олар
алдын ала білген ғой.
— Мэримен бірге мен де, шіркін-ай, бір жаққа сапарға шығып кетер
ме едім?!
— Кезеңі келгенде сіздер де барарсыздар. Ал маған дəл қазір
жатпай-тұрмай жадыңыздың жақпар-жапсарын ақтарып, қалай да
Тейлорды тауып беруіңізді айрықша өтінемін.
— Оның қажеті не? Бұл соншалықты маңызды шаруа болып тұр ма?
— Айтары жоқ, маңызда шаруа. Неге екенін мен сізге əзір айтпай-ақ
қояйын.
— Олай болса, амал қанша, өкінішті-ақ, оның қайда қаңғып жүргенін
мен де білмеймін.
— Егер оны тауып берсеңіз, бəлкім, онда сізге мына жұмысыңызға
жатып жармасудың да қажеті болмас.
— Е, олай десеңіз, мен бар жан-тəніммен оны іздеп табуға тырысып
көрейін, мырза.
— Міне, мұныңыз дұрыс, Итен Мен сізге үміт артам, ол табылған
бойда, күн демей, түн демей сол заматында маған хабар беріңіз.
XIII тарау
Ойлануға да уақыт таппаймын деген адамға менің қайраным бар.
Мəселен, мені алайық, мен қажетінде қалауымша ойлана аламын.
Тауар өлшеп тұрасың ба, сатып алушымен амандасып жатасың ба
немесе Мэримен текетірес, қағысып, əлде төсекте табысып қаласың ба,
тіпті балалардың бассыздығын тыйып, тезге салуға əлектенесің бе —
соның бəрі бір əйтеуір менің одан тыста əлде бірдеңелер жайлы
ойланып-толғануыма,
түсініп-түйсінуіме,
зерделеуіме
иненің
жасуындай бөгеті жоқ, ол ол ма, мен жұрттың бəрі де солай ғой деп
топшылаймын. Егер адамның ойлануға мұршасы болмаса, демек, оның
ойлауға деген бойкүйез енжарлығы, бар мəселе, міне, осында ғана.
Бұрын сырын біліп, сынын түймеген өзіме беймəлім, бөтен де бөгде
дүниеге тап болып, табан басқан соң да менің ойламауға, ойланбауға
əддім болмай қалды. Тұңғиық тереңнен толассыз қайнап шығып
жатқан қат-қабат сұрақтар қасарысып қия бастырмай, жауабын талап
етті. Байырғы тұрғындар баяғыда буыны бекіп, бұғанасы қатпаған
бала шағында-ақ əбден түбегейлі алаңсыз шешкен жəйттер тап болған
кездің өзінде, бұл дүниенің жабығынан енді ғана сығалаған мен байғұс
томаға-тұйыққа тіреліп жаттым.
Мен тегершік тетігін қосып, дөңгелекті шыр айналдырсам, тіпті
оның əр айналымын қалт жібермей қадағалай аламын — керек десе,
қалаған сəтінде тоқтата аламын деп қисынсыз қиялға ұрындым. Бірақ
барған сайын менің бойымда осының өзі бастапқыда кім іске қосып,
серпін бергеніне қарамастан белгілі бір мақсат-мүддесі мен жобажоспары бар жанды мақұлықтай өзгеге тəуелсіз өзінше оқшаулануы да
ықтимал-ау деген апатты ағаттықтың қалыптасып, бірте-бірте мендей
бастағанын айтпай аңғардым. Мені айрықша алаң-жарлы еткен бөтен
де белгілі бір жəйттер табылды. Расында, сол дөңгелекті шыр
айналдырған шынымен-ақ осы менмін бе, əйтпесе, менің өзімді
ұршықтай үйіріп, иіріміне тартып кеткен əлде соның өзі ме? Мақұл,
алғашқы қадамды мен-ақ жасаған болайын, лəкін, содан былайғы
жерде мен өз еркіммен алаңсыз еркін басып жүрмін бе? Бейнебір мен
бет түзеген ұлы көштей ұзын сонар жолда кес-кестеген қиылыста
адастырар алдамшы айырықтар да жоқтай ... тек алға, алға тартар
сайраған сара жол жатқандай...
Əуел баста жүрер жолыңды, барар бағытыңды ойланып-толғанып
алуға болатын еді. Өнегелілік-көргенділік, адалдық-əділдік дегеннің
өзі не? Бəтуасыз бос сөз бе, əлде сол сөздің ар жағында мəнді бірдеңе
тұр ма? Менің əкемнің мінез-құлқындағы əлсіз тұсы — жан біткенге
жақсылық қана ойлайтын момындығы болса, жұрттың бəрін өзіндей
ақкөңіл адал ниетті деп білетін оның қулығы жоқ, табиғи ынжықтау
болмысын, жаны жайлау, жүрегі жомарттығын өшпендідей
өзімшілдікпен пайдалану адалдыққа, адамдыққа жатар ма еді? Жо-жоқ,
бар болғаны, кəсіпкерлік мүлдесіне бола, тек соған бола ғана, омақаса
құлайтын оған ор қажет болды. Олай деу себебім, орға оның өзі барып
құлады. Оны ешкім итерген жоқ. Ол өзі барып құлаған ордың түбінде
жатқанда оны тырдай жалаңаштап шешіндіргендері қалай — бұл не,
қасиеті жоқ көргенсіздік пе? Əй, қайдам, меніңше олай бола қоймаса
керек.
Міне, енді Нью-Бэйтаунға тұзақ салып отыр, ол оны аспай-саспай,
аса сақтықпен абайлап тартып, ақырын қысушылар, əрине, арам ойы
жоқ адал жандар. Егер сол тұзақты ақыр-аяғына дейін тартудың сəті
түссе, оларды алаяқтар демей, қайта ақылды, іскер жандар деп
дəріптейтін болады.
Егер ойламаған жерден күтпеген тосын жағдай тап бола қалса, бұл
көргенсіздікке əлде арамдыққа жата ма? Менің пайымдауымша, мұның
бəрі істің нəтижесіне байланысты болады ғой деймін. Өйткені
адамдардың көпшілігі асығы алшысынан түсіп, айтқаны болып
тұрғанды қашанда ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деп біледі.
Айталық, қақтығыс-қарсылықсыз Еуропаны жаулап алып, Гитлер
салтанатты шеру тартты. Ал Муссолинидің кезінде пойыздар
белгіленген кесте бойынша кідіріссіз жүріп тұрды, фашистермен ауыз
жаласқан Виши Коллиборадионизм Францияның игілігіне қызмет етті,
ал Сталин кім не десе, о десін, бəрібір ірі тұлға болатын. Күш пен
жетістік сыннан тыс, моралдан биік. Демек, істегенің мəнді емес, қайта
қалай жасағаның, соны қандай айдар тағып, қалай атауың мəнді.
Адамның бойында бір нəрсені істеуге қаймықпай қарсы тұратын,
болмаса, бірдеңені күмілжімей, күлтектемей ашық айыптайтын,
кінəсін кесіп, үкім шығаратын құдіретті күш бар ма? Əй, қайдам, соның
нышаны байқалмайды.
Əдетте, жолы болмай, сəтсіздікке душар болғанды ғана айыптайды,
қылмыс, шын мəнінде, қылмыскер қолға түскенде барып қылмыс
болып саналады. Нью-Бэйтаунның мына қозғалған ісінің барысында
тіпті біреудің зардап шегуі, біреудің қазаға ұшырауы əбден ықтимал
бірақ бүл істің бəрібір аяқталары күмəнсіз.
Менің өз ар-намысыммен арпалысуыма тура келді десем, əрине,
мұным артық та болар. Істің мəн-жайын айқын түсініп, оны талайыма
тиген үлес осы деп мойынсұнғаннан бастап, бұл сүрлеу маған айдай
айқын, ал оның қатерлі қалтарыстары да атойлап тұрғандай болды.
Бір ғажабы — бəрі өз-өзінен құралып, біріне-бірі ұласып, тоқайласып,
орын-орнына кетігін тауып, өздігінен қаланып жатты. Менің бар
бітіргенім, əйтеуір осы орайласып жатқан оқиғаларды қадағалап,
соларды қол көмегі болмаса, тіл жəрдемі арқылы ілік-шатыссыз дұрыс
жолға сілтеп отырдым.
— Ойға алғандарымды егжей-тегжейлі ойластырып, олардың
бірсыпырасын жүзеге асырып та үлгердім. Мұның бəрі менің
табиғатыма жат нəрсе екенін, əйтсе де шоқтығы биік арғымаққа
қарғып міну үшін аяқ асар үзеңгі қажет екенін түсінгеніме кəдік
болмауға тиіс. Ал ерге қонжиып қонған соң маған таралғының да,
үзеңгінің де қажеті болмай қалары хақ. Бəлкім, шыр көбелек айналған
дөңгелекті шалт тоқтатуға менің шамам жетпес, бірақ енді бұдан
басқасын айналдырып əлек болудан аулақпын Мен жаңа түскен
ымырттай бұлыңғыр ылаңды қатерге толы мына дүниеде қалуды
қаламаймын, тіпті мұнда қалудың қажеті де жоқ. Шілденің жетінші
жұлдызына белгіленген қайғылы оқиғаға менің қатысым жоқ. Бұл
тегершік менсіз айналуда, алайда оның айналысын пайдаланып қалуға
маған бұл жалғанда дəнеңе бөгет бола алмайды.
Адамның көкейінде көлегейленген ой-пікірі оның жүзінен көрініп
тұрады, яки адамның көзі — оның жан дүниесінің айнасы деген,
қателігі сан-сан мəрте тайға таңба басқандай дəлелденгені, есте жоқ
ертеден келе жатқан ескі ұғым бар. Мұның бəрі жалған. Адамның
жүзінен оның бойындағы тек дерті — ауруы ғана немесе сəтсіздігі,
əйтпесе ауыр дерттен аумайтын шарасыздығы ғана көзге шалынады.
Бірақ айрықша артық жаратылған, сирек ұшырайтын сезімтал
қасиетке ие дарынды жандар да баршылық қой. Олар бəрін алғаусыз
пайымдайды. Көзге ілінетін өзгерістер мен құбылыстарды аңғарады,
өзгелер ұға-ұғына бермейтін шарттарды байқайды. Менің Мэриім де
менің ішкі жан дүниемде болып жатқан өзгерістерді айтқызбай-ақ
сезді, бірақ соның мəнін ағат түсінді, керісінше жорыды, ал Марджи
Янг-Хант бəрін түсінді, əйтсе де Марджи сиқыршы ғой, əрине, бүл іске
өзіндік салқынын тигізері сөзсіз, ол сондай-ақ ақыл-парасатты əйел ал
мұның істі бұрынғыдан бетер ширықтыра түсері шүбəсіз.
Бейкер мырза төртінші шілдеден соң іле-шала, яғни сейсенбіде
қалайда қайтып оралу үшін біраздан кейін жеделдетіп қаладан сапар
шегіп кетуге жанталасатынын мен өзімше пайымдаған болдым.
Салдарлы салқыны сайлауға дейін-ақ сезілуі үшін жұмада ма, əлде
сенбіде ме, əйтеуір көкті бұлт шалып, күн күркіреуге тиіс. Ал Бейкер
мырза мұндай сындарлы сəтте бұл маңнан, сірə да, аулағырақта
болғанды жөн көрері күмəнсіз. Мұның маған тиер кесірі де, мен үшін
мəн-мəнісі де шамалы. Егер ол қаладан кештетіп аттанғандай жағдай
болса, əлбетте, онда маған бейсенбіде бірдеңелерді ойластырып,
қарастырып қойған теріс болмайды ғой. Бұл шараға байланысты
істелер əрекеттерді мен сенбіде-ақ өңім түгілі түсімде жүзеге асыра
алатындай етіп егжей-тегжейлі талдап жасап қойғанмын. Бəлкім, мен
аздап толқып алаңдаған да болармын, бірақ бүл бар болғаны, сахнаға
шығар шақтағы актердің қоңыр көңілінің серпілісіндей ғана, ақиқаты
да сол одан бір мысқал артық болған емес.
Дүйсенбіде, мамырдың жиырма жетінші жұлдызында да таң
ертеңмен, дүкенді ашар-ашпастан қалбалақтап Марулло жетіп келді.
Келіп алған соң дүкеннің бұрыш-бұрышын кезіп, ұзақ жүрді,
терезелерге қарады, кассаға, тоңазытқышқа бір түрлі тосын көзбен
телміре қарады, бір сəт қоймаға кіріп, оны да түгел шолып шықты.
Мұнысына қарағанда ол соның бəрін түңғыш рет көріп тұрған адамға
жоруға əбден болар еді.
— Төртінші шілдеде əлдебір жаққа барасыз ба?
— Сен оны тағы қайдан шығардың?
— Қалтасы қалың ақшалылардың бəрі кетіп жатыр ғой.
— Е-е! Ал сонда мен қайда барған болар едім?
— Баратын жер аз ба? Айталық, Кэтскилзге, əйтпесе тақа болмаған
күнде Монтокке барып балық аулауға болады. Қазір тунец жүріп
жатқан кез.
Салмағы анау-мынау емес, отыз қадақ тартатын бұлқынған асау
балықпен арпалысты ойлаудың өзінен-ақ оның қолы құрысқан иығына
дейін қақсап кеткен болса керек, байғұстың бет-аузы адам
шошырлықтай тыржиып сала берді. Мен одан сіз Италияға қашан
жүргелі жатырсыз деп сұрауға аз-ақ қалдым, бірақ соның есесіне мен
жаймен жанына бар дым да, ептеп шынтағынан ұстадым.
— Альфио, — дедім мен, — əйтсе де сіз бар ғой, дуанасыз. Сізге НьюЙоркке барып, білікті маманмен ақылдасқан жөн, бүл дертке қандай да
бір дəрі-дəрмек бар шығар!
— Сол дəрі-дəрмегіңе мен сенбеймін.
— Одан сіз дəнеңе де ұтылмайсыз, байқап көріңіз, мүмкін, шипасы
тиер.
— Соның қайғысы саған түсті ме?
— Жоқ-ə. Алайда мен осында, ақылынан адасқан тоңмойын, доғал
ойлы италиялықтың қарауында талай жылдан бері істеп келемін ғой.
Егер өзге тұрмақ, сұмырайдың сұрқиясы көз алдыңда дəл осындай
адам төзгісіз азап шегіп жатса, оған да жаның ашыған болар еді. Сіз
осында келесіз де, келген бетте-ақ қолыңызды құшақтап жүріп, оны
олай бұрайсыз, бұлай бұрайсыз, соны көргенде сіз шығып кеткен соң
да жарты сағат менің тұла бойымда сырқырамайтын да, сыздамайтын
да жер қалмайды.
— Сенің маған жаның ашығаны ма?
— Тапқан екенсіз, ауырмаса, атамнан əрмен! Артық ақы төлер ме
екен деген кəдімгі жəдігөй жарамсақтығым ғой.
Ол қатулы қабағының астындағы айналасы қарашығына дейін
əбден талаурап кеткен сұқты ит көздерімен сес білдіргендей сестене
қарады. Бірдеңе айтқысы келгендей алаң көңілмен оқталып тұрды да,
кенет ойына əлдене түскендей одан айнып қалды да:
— Сен тамаша балақайсың, — дей салды.
— Бекер олай деп ойлайсыз!
— Тамаша балақайсың! — əлгі сөзін аптыға қайталады да, өзінің осы
бір қисынсыз қылығынан қысылғандай дүкеннен асығыс шығып кетті.
Дэвидсон бəйбішеге екі қадақ асбұршақ өлшеп бергелі жатқанымда,
Маруллоның қайта жүгіріп келе жатқанын көзім шалды. Есікті ашқан
бойда ол маған:
— Менің машинамды ал — деп дауыстады.
— Не дейсіз?
— Ал да, жексенбі мен дүйсенбі күндері бір жаққа барып қайт, —
деді ол.
— Оны менің қалтам көтермейді.
— Балаларды да бірге ала бар, менің "понтиагімді" сені келіп алады
деп гаражға ескертіп қойдым. Багында бензин толып тұр.
— Сəл сабыр етіңіз...
— Сабырыңды маған тықпаламай-ақ қой, балаларыңды да бірге ала
бар, — шайналған темекі жентегіндей бірдеңе ұшып келіп,
асбұршақтың үстіне жалп ете қалды. Іле көшеге атып шығып, дедектей
жөнелген Маруллоның ізінен абыржыған Дэвидсон бəйбіше аң-таң боп
аңырып біраз тұрды. Мен асбұршақтың арасына түскен оралған
сағыздай бүктелген жасыл түйіншекті — қайта-қайта қатталып
оралған үш жиырма долларлықты тауып алдым.
— Бұған не болған?
— Италиялықтардың бəрі осындай ұшқалақ, ұрыншақ келеді ғой!
— Онысы көрініп тұр. Ақшаны лақтыруын қара өзінің!
Содан кейін апта бойы мұнда жоламай қойды, онысы бір реттен
оңды да болды. Бұған дейін ол маған ескертпей, ешқайда аттап
шыққан емес-ті. Соның бəрі не боларын күні бұрын білсең де, кежегең
тартып, кеткің келмей, көшедегі мерекелік салтанатты шеруді дəп бір
қаққан қазықтай қалшиып тұрып, жібермей қарайтынымыз сияқты
болды да шықты. Десе де, мен одан "понтиакті" күтпеген едім.
Марулло өз машинасын ешуақытта біреуге бермек түгіл оның
сауырынан сипатпайды. Соған қарағанда ұғып болмас оқыс бірдеңе
болса керек. Қат-қабат осы оқиғаларды əлдебір беймəлім бөгде күш,
əйтпесе құдіретті құзыр-ерік бажайлап басқарып отырғандай, оның
өзінде де жай ғана басқарып қоймай, оларды көлікке тиейтін албарға
қамаған малдай үйіріп үсті-үстіне дүмеп, үдете түсуде. Мен мұндайдың
кей-кейде керісінше болатынын да білем. Рабайда болса да ондай жат,
бөгде күштің, құдіретті құзырдың тұтқиылдан тосын араласуы алдын
ала
мұқият
ойластырылған,
кінəратсыз
қиюластырылған
жоспарлардың өзін де бүлдіретін, быт-шыт қып бұзатын кездері де
ұшырасады. Асылы, біздер "сəтті" əйтпесе "сəтсіз" дегенде əдетте
осыны айтатын болармыз.
Мамырдың отызыншы жұлдызында, бейсенбі күні мен əдеттегідей
жарқыраған інжу-маржандай бозала таңмен таласа ояндым. Қазір
жаздың жайсаң күндерінде көкжиек құланиектеніп таң ерте атады.
Үстел мен отырғыштар алагеуімде бұлдырап əлі жөнді көрінбейді, ал
қабырғада ілулі тұрған суреттер болса, одан сəл анықтау, əйтсе де
алабұртып қана көзге шалынады. Терезелердегі шырыштай аппақ
перделер тыныстағандай желпіне желбірейді, өйткені таң саз берген
сəттен бастап, əдетте теңізден сабатты саумал самал соғады.
Оянған бойда мен бір пəс ақыл-ойдың тіршілікке тəн айқын
сергектігі көрген түстің күмілжіген көмескі кіреукесін бірден серпіп,
сейілтіп жібере алмай, екі дүниеге телінгендей керенау кейіпте
тапжылмай біраз отырдым. Мен соған рақаттанып тұрып керілдім. Бұл
өзі — жалғанда ештеңе тең келмейтін керемет сезім. Құдды түні бойы
бүкіл денең құрысып, тұла бойың тырысып қалғандай, енді соны
буылтық-буылтық, жұп-жұмыр бұлшық еттердің доғал басына кептеп,
қыртыс-тыртысын жайып, қалпына келтіру қажет болған тəрізді, ал
бұдан кейін денең де шымырлап, жаның жайылып жадырап сала
береді.
Көз тартып, көңіл аударарлық бірдеңе бар ма екен, байқайын деп
мен газетті жүгіртіп шолып шыққандай əуелі бір мезет түсімде
көргендерімді түгел тізіп жадыма түсірдім. Содан соң əлі болмаса əліақ болады-ау дегендерді қайта сараладым. Ақырында барып өзімнің
қанды көйлек майдандас досым, ғажап жауынгер командирімнің
өміршең өнегесін мен де өзімше іс жүзіне асыруды қолға алдым. Оның
аты-жөні — Чарли Эдвардс. Жасы егде тартқан, шені майор, əділін
айтсақ, саптағы солдаттарды басқаратын қызмет атқаруға жасы
əлдеқашан асып кеткен, бірақ тəжірибесі жөнінен де өзінің сардарлық
қабілеті, қасиеті жөнінде де таптырмайтын тамаша сардар. Оның
отбасы көп жанды: жұбайы, үйелмелі-сүйелмелі төрт перзенті бар-ды,
солар жайлы ойлауға мұршасы келген сəттерде оның сүйініш пен
сағыныштан жан жүрегі елжіреп, шоқтай өртенетін. Бірақ соғыстың
жан беріп, жан алған, қан кешіп, қайғы жұтып, қасірет тартқан қарбалас
арпалысында жүргенде отбасының жай-күйі, тіршілік-тынысы жайлы
ойлауға оның мүмкіндігі де, қақысы да жоқ болатын. Міне, сол бір
шешуіне, күрмеуі күрделі тұйықтан шығудың жай-жапсарын жатпайтұрмай ойлай келіп, оның оңтайлы жолын қалай тапқанын ол
тəптіштеп тұрып маған əңгімелеп бергендей. Ол былай: таңертең, егер
тұтқиыл дабыл қағылып, əңкі-тəңкісін шығарып, шырт ұйқының
шырқы бұзылмаса, онда ол өзінің ой-пікірін, бүкіл ынта-ықыласын,
сағыныш-құлқын тастай түйіп, шыңдай ширықтырып туғантуысқандарына,
жақын-жанашырларына
арнайды.
Солардың
əрқайсысы туралы кезек-кезегімен жан-жүрегін жайып салып, емірене
еске алады, ойша тілдеседі, ол өзі қандай еді, бет-əлпетін есіне түсіреді,
дидарласқанда не айтушы еді, əйтпесе кейде соларды айналыптолғанады, ыстық ықыласын білдіреді, аялайды, асыл бұйымдар
салынған ашық қобдиша алдында тұрып, оның ішіндегілерді ақтарып
қарағандай: бір затты алып асықпай аударып-төңкереді, алақанымен
ақырын сипайды, ерніне тигізеді, сүйеді, қайтадан жаймен орнына
қояды, содан соң екіншісін қолына алады. Сөйтіп, ақырында, қоштасар
сəттің алдында бəрін қимас көңілмен тағы бір шолып шығады да,
қобдишаның қақпағын жауып кілттейді. Кейде қарбаластан
қағыстырып аз-кем уақыт ұтқанда соның бəрін жарты сағат ішінде
жайғастыратын да, содан соң күні бойы өзінің бауырластары жайлы
ойламай, ширақ-шақан жүріп басыбайлы міндетін, жұмысын,
адамдарды қырып-жоюды көздеген қанқұйлы қызметін алаңсыз
атқара беруіне əбден болатын. Ол өзгелерден оқшау, оқ бойы озық
тұрған сардар еді, одан басқа мен бүл өмірім ішінде ондай адамды
жолықтырған емеспін. Мен одан өз тəсілін пайдалануға рұқсат етуін
өтіндім. Ол рұқсат етті. Кейін соғыста қаза болды. Мен оны ақылпарасаты биік, өмірде өшпес өнегелі іс қалдырған адам ретінде үнемі
асқан ілтипатпен еске алып жүремін. Ол өзінше мəнді де мағыналы,
қызықты да қызғанышты ғұмыр кешті, сүйе де білді, адами борышын
өтей де білді, өзінің жасағанын жарияға жар салып, дəл осылай
мақтана, масаттана алатындар бұл жалғанда көп бола қояр ма екен?
Майор Чарлидің бұл өнегесіне онша əуес бола қойған да емеспін,
бірақ сол бейсенбіде өзімнің бүкіл ой-түйсігімді шашау шығармай
шоғырландыру қабілетімнің қажет болар үркін бір сəті туарын
білгендіктен, мен түнгі аспанның көкжиегінде сəріліктің сараң
саңылауы білінер-білінбестен оянып, көзімді тырнап ашқан бойда
майор Чарлидің тəсілі бойынша өзімнің отбасым жайлы ой толғауға
кірістім.
Мен ретімен əуелі Дебора апайдан бастадым, оны Израиль
халқының қалаулы қазысының (сот) құрметіне Дебора деп атаса керек,
ал сол бағзы замандарда қазылардың сап түзеген сарбаздардың
қолбасшысы болып та сайланатынын менің бір жерден оқығаным да
бар. Əйтсе де бұл сəтті тауып қойылған есім еді. Дебора апайдың қалың
қолды басқаруға шүбəсіз қабілеті жететін. Ол өзінің өктем ақылпарасатының құдіретті құзырын ойдағыдай жұмылдыра білді. Мен
өзімнің оқып-білуге, ілім-білімге алғаусыз құштарлығым үшін сол
апайыма өлшеусіз қарыздармын. Мінезінің қатыгез, қатал да айрықша
тақуа болғанына қарамастан, ол білуге, білімге жаны құмар жан
болатын жəне мұндай қасиеттен құр қалған қуыс кеуде керенауларды
жақтырмайтын. Мен өз ойымның бісміллəсін бастағанда алғашқы
ықылас-ілтипатымды соған арнадым. Содан соң Қарт шкиперді есіме
алдым, оз əкемнің аруағына ойша басымды иіп, тағзым еттім. Мен шын
мəнінде анама лайық бола тұрса да, өткен өмірімнің қаңырап бос
қалған бір орнын да ұмытқаным жоқ. Өзімнің туған шешем менің
есімде жоқ. Ол ерте, мен есімді білер-білместе қайтыс болса керек, сол
себепті де менің жадымдағы оның орны өмір бойы қаңырап бос қалды.
Мені бір жəйт қана алаңдатты. Дебора апайдың, Қарт шкипер мен
əкемнің бейнелері көз алдымда əдеттегідей айқын көрінбеді. Тайға
таңба басқандай бадырайған мүсіндер орнына бұлдыраған бұлыңғыр
сағымдай елес қана тұрды. Бəлкім, естелікте уақыт ықпалымен өзінің
əуелгі өңінен, ұсқынынан айрылған көне суреттей (дагерротип) кемкемдеп сыры да, сыны да тайып, айнала көрінісімен ұласып, астаса
бастайтын болар. Оларды қаз-қалпында мəңгі сақтау əсте мүмкін емес.
Ендігі кезекте тұрған Мэри, бірақ мен оны əңгіменің соңына қарай
əдейі ығыстырып қойдым.
Мен жадымда Алленнің бейнесін жаңғырттым. Алайда, менің
көкірегімде күні ертең ержетіп, есейгенде кəміл кемелденуге
талпынады-ау деген жарқын үміт ұялататын көңілі хош, жаны
жайдары балауса балдырған шағын қанша ойланып-толғансам да,
жадыма түсірер санамнан саңылау таба алмай əлек-шəлегім шықты.
Мен оны көзге үйреншікті қазіргі кейпінде көз алдыма келтірдім —
тұнжыраған, тəкаппар, орынсыз өкпешіл, мысын құртып, мұңын
арқалатқан томаға-тұйық, қақпанға түскен қабаған төбеттей азуын
ақситып, бəріне, тіпті өзге тұрмақ өзіне де тарпа бас салуға əзір жігіттік
желігінің жаңа басталар қиын-қысталаң шағының қиясты құпиясының
құрсауы құрсаған секемшіл доң-добалдық. Тіпті ойын да, бойын да
риясыз ырқына ықтырып алған ылаңды абыржу-алаңның əлегімен
арпалысқа түскен оның өзіндік өктем бейнесін мен ең болмаса ойша
болса да көз алдыма елестетуге шамам келмеді. Бар болғаны: мен сені
түсінемін дедім де, ол жайында мұңайып ойлауды қойдым. Осы
сыннан менің өзім де өткенмін, менің саған жасар қайраным жоқ.
Көмектесе де алмайсың. Менің саған бар айтарым — мұның бəрі əлі-ақ
өтеді де кетеді. Амал нешік, сен менің айтқаныма құлақ аспадың. Енді
алдыңнан жарылқасын, алған бетіңмен жүре бер, біз бір-бірімізге
сыйыспастай болған шақта менің саған деген сүйіспеншілігім сенің
сүйенер серігің, айнымас адал досың болсын!
Эллен жайлы ой менің жаныма шексіз қуаныш құяды. Ол шешесінен
де асқан сымбатты болады, өйткені оның балауса балғындыққа тəн
албыраған бет-əлпетінен түлеп əбден кемеліне келген кəмелетті
шағында Дебора апайдың айбарлы ажарының əлдебір айдынды
нышандары айшықталары күмəнсіз. Оның еркетотай шолжаң қасиеті,
оның адуын ашулы айбары, оның кілт етіп, күйіп-пісіп қалатын
күйгелектігі — осының бəрі жымдаса шоғырлана келе үйлесімді үркін
салиқалы мінезге айналғалы тұрғаны айқын аңғарылады. Мен бұған
шүбəсіз сенем, өйткені оның ұйықтап жатып бойтұмарды емекси
еміреніп, періштедей пəк кеудесіне құшырлана қысқаның, сол бір
мезетте оның албыртқан ақ жүзінде мейірі қанып, мерейі тасқан кəнігі
əйелдің сезімі алаулап ойнап шыға келгеніне өз көзім куə болған Сол
бойтұмар менің көргенімнің куəлігіне қандай айғақ болса, оған да оның
соншалықты мəнді болғанын паш ете алады. Менің бойымдағы
табиғат дарытқан мəңгілік ұрығындай қасиетті саф күйінде сақтайтын
да, оны осы өмірде ұластыратын да, бəлкім, міне, осы Эллен болар: ол
жайлы ойыммен оны ойша құшырлана құшақтадым, ал ол болса,
кəдімгі тірі жандай менің құлағымның сырғалығынан төменірек
саусағымен қытықтады да, жаймен жымиып күліп қойды. Элленім
менің, қызым менің!
Мен ерніндегі жымиған күлкісі тарамаған күйі оң жағымда ұйықтап
жатқан Мэриге бетімді бұрдым. Ол ылғи да оң жақта жатқанды
ұнатады, бəрі жақсы, бəрі ойдағыдай онды болса, басын оң иығымның
үстіне салады да, өзін сипасын деп менің сол қолымды бос қалдырады.
Осыдан бірнеше күн бұрын мен сұқ саусағымды банан шабатын
қисық пышақпен кесіп алған едім, енді сол кесілген саусағымның
ұшында түрпідей қатты тыртық пайда болыпты. Сондықтан
сүйіктімнің тəтті ұйқысын бұзбау үшін мен қытығын келтірместей етіп
ортаңғы саусағымды сəл-пəл батырып, оның ақ тамағының астымен
ақырын ғана сипай иығына қарай жүргіздім. Ол маужыраған тəтті
ұйқысын қимай, əдеттегідей кеудесін кере рақаттана терең бір
күрсінді. Қайсы біреулер ұйқыдан оңай ояна алмайды. Мэри ондайлар
сапына қосылмайды. Ол жаңа күнді əманда жақсылығын ала келер
деген игі үмітпен қарсы алады. Соны білгендіктен де мен күткен
үмітінен күдер үзіп, көңілі жасып қалмасын деп оған əрқашан елеусіз
ғана сыйлық əзірлеп қоюға ұмтыламын. Мен əрқашан осы қазір оның
алдында өзім жайып салуға ұйғарғанымдай бір тосын жаңалықты
қоржын түбінде қалайда сəрпездеп сақтап жүремін.
Ол əлі ұйқылы-ояу, көзін ашты.
— Тұратын кез болып қалды ма? — деп сұрады да, ол таң атуға таяу
ма екен, көрейін дегендей, бұрылып терезеге қарады. Жазу үстелі
қойылған қабырғаға ілінген суретте — ағаштар мен код жағада су
кешкен сиыр көрінеді. Төсекте отырған маған сиырдың құйрығын
айыру онша қиын емес, демек, бүл таңның ағарып атқанының айғағы.
— Менің саған айтар қуанышты хабарым бар, секектеген ақтиінім
менің!
— Мылжың!
— Менің саған жалған айтқан кезім бар ма еді?
— Сені кім біліпті.
— Сен осы алда-жалда ұйқыдан ояндың ба? Қуанышты хабарға
құлақ түруге қалайсың?
— Жоқ.
— Онда айтпай-ақ қоя тұрайын.
Ол сол жағына мойнын бұрып еді, үлбіреген тамағының астынан
мойнын орай орағыта терең сызық пайда болды.
— Бəз-баяғы сенің таусылмайтын қалабай-қалжыңың да, бəлкім,
шалғынға асфальт төсеп тастайтын болдым дерсің...
— Ондайды əсте аузыңа алма!
— Əлде шырылдауық шілік өсіретін шығарсың?
— Атай көрме. Əйтсе де бəрі есіңде болар.
— Демек, айналып келгенде ақыры қалжың балып шықты ма?
— Жоқ, алайда бұл айтары жоқ тамаша болды, енді мұны ұғындыру,
бұған илану үшін саған бал ашып, бас қатырып жатудың қажеті бола да
қоймас.
Оның жаутаң жанары жасқанбай жадырай қарады, күлкі қысқан екі
езуі ептеп бүлкілдеп тұрды.
— Жə... айтсаңшы енді...
— Əкесінің аты Марулло, тегі италиялық бір джентльменді, сірə, сіз
де танитын боларсыз?
— Қойшы осы, құйқылжымай, тағы да қылжақтап кеттің ғой.
— Асықпай ақырын күт. Сонымен, əлгі айтылған Марулло аз
уақытқа біздің қаладан бір сапарға аттанып кетті.
— Қайда?
— Онысын айтқан жоқ.
— Ал қашан қайтып оралады екен?
— Жағаласа бермей сəл сабыр сақташы. Ол мұны да айтқан жоқ.
Бірақ соның есесіне, менің қасарысып қарсылық білдіргеніме құлақ
аспай, ол бізге өзінің машинасын алып, мереке күндері бір жаққа
шығып, бой жазып келуді ұсынды, жоқ, талап етті.
—Сен мені келеке етіп тұрсың-ау деймін?
— Сен мені сондай қияңқы қылжаққа барады ғой деп ойлайсың ба?
— Əйтсе де оның мұнысы несі екен?
— Оны мен айта алмаймын Бірақ күпшегі шүпілдеген бензинге
толы салтанапы əсем "понтиак" сіздің мəртебелі құзырыңызды күтіп
тұрғанына адал боискауттар антынан бастап, шапағаты мол папаның
қасиетті мінəжатына дейін — бəрін кепілдікке тарта отырып, мен бүл
сөзімнің алғаусыз шындығына əбден сендіре аламын.
— Ал сонда біз қайда бармақпыз?
— Мұны менің бəйбішемнің қалауы білсін Ал мəселені түбегейлі
шешуге бүгін, ертең жəне бүрсігүні сенің құрметті құзырыңда.
— Ал дүйсенбі — төртінші шілде. Демек, екі күн мереке ғой.
— Айтқаның айдай ақиқат.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Алаң Көңіл Ақпаны - 18
  • Parts
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 01
    Total number of words is 4039
    Total number of unique words is 2293
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    51.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 02
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2241
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 03
    Total number of words is 4072
    Total number of unique words is 2172
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 04
    Total number of words is 4154
    Total number of unique words is 2424
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    52.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 05
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2311
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 06
    Total number of words is 4007
    Total number of unique words is 2225
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 07
    Total number of words is 4053
    Total number of unique words is 2286
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 08
    Total number of words is 4057
    Total number of unique words is 2309
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 09
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2266
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 10
    Total number of words is 4016
    Total number of unique words is 2207
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 11
    Total number of words is 4150
    Total number of unique words is 2203
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.5 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 12
    Total number of words is 4105
    Total number of unique words is 2308
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.0 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 13
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2262
    32.3 of words are in the 2000 most common words
    45.9 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 14
    Total number of words is 4017
    Total number of unique words is 2434
    31.4 of words are in the 2000 most common words
    45.5 of words are in the 5000 most common words
    52.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 15
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2473
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 16
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2362
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    44.3 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 17
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2332
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.9 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 18
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2366
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 19
    Total number of words is 4056
    Total number of unique words is 2301
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 20
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2350
    31.4 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 21
    Total number of words is 4064
    Total number of unique words is 2417
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.9 of words are in the 5000 most common words
    52.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 22
    Total number of words is 4060
    Total number of unique words is 2315
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 23
    Total number of words is 4000
    Total number of unique words is 2191
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 24
    Total number of words is 4021
    Total number of unique words is 2343
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алаң Көңіл Ақпаны - 25
    Total number of words is 657
    Total number of unique words is 503
    40.1 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.